ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
11
«Тіл және қоғам» №4 (42) / 2015
Білімді елдің ғана тілі бай болады.
Білім мен тіл.
Білім деген не? Білім пәні – адам.
Білім деген қайсыбір санада, жадта сақталған «ақпараттық»,
«мазмұндық» бірліктер, жүйеге түскен объективті мәліметтер.
Қазақ тілін оқыту жас ұрпақты әлеуметтендіру қызметін атқарады,
сондықтан да ол халықтық педагогикаға құрылуы тиіс, себебі мұнда
өмірмен байланыс, сабақтастық бар. Білім ауысады, ырыс жұғысады.
Білекті
бірді жығады, білімді мыңды жығады.
Білім беру – қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық,
мәдени және дене дамуы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне
қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тәрбиелеу мен оқыту үдерісі.
Сонымен қатар, пайым деген түсінік бар. «Әр нәрсенің пайымына
бар» дейді халқымыз, «ақылға сал» деген сөз. Пайым (түсінік, тоқу,
сабақ алу) деген жеке адам, ұжымдық шындық өмірмен байланыс
пен қарым-қатынастың субъективті бейнеленуі, өзіндік (субъективті)
елес, ұғым және оларға байланысты баға. Мысалы, әр әлеуметтік
топтың өкілінің Махамбет пен Жәңгір хан жөніндегі пікірі сай келе
бермесі хақ.
Білім мен пайым табиғаты, құрылым, белсенділену (активтену),
сақталу формасы мен
тәсілі жағынан өзара бөлінеді, дараланады.
Кезінде Халел Досмұхамедұлы: «Мәдениеттің негізі – білім. Білім
тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады» деп еді.
Елбасы биылдан бастап педагог мамандарды даярлауға арналған
мемлекеттік білім беру тапсырысы 5 мың бірлікке артатындығын
айтты. Бұл гранттан 8 педагогикалық жоғары оқу орнына берілді.
Белгілі идеологияны өмірге енгізумен қатар балғын жасты қорғай
отырып, егемендік белгісі мемлекеттік тілді қорғап, ол тілде білімді
дамытуды қамтамасыз ету мемлекеттік билікті жүргізушілердің
бірден-бір міндеті болса керек.
Білім – тілдің дамуын белгілейтін, оның дамуында шешуші роль
атқаратын қозғаушы күш.
Қазақстанда білім саласын түбегейлі өзгерту қажеттігі дау
туғызбайды.
Қалай түбегейлі өзгеріске қол жеткіземіз – сонда біз білімді ел
боламыз. О заман да, бұ заман білімді елдің ғана тілі бай болады. Бірақ
халық білімді басқа тілде емес, ана тілінде алғаны жөн. Бұл – әлем
мойындаған заңдылық.
Қазақстанда білім саласында қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқу тілі
(мамандық игеру тілі) ретінде қолданылады, пән ретінде де оқытылады.
Неміс, корей, француз, испан, қытай тілдері, негізінен, пән ретінде
оқытылады.
Мемлекеттік тілді біріктіру факторына айналдыру, егер тіл өз
мәртебесіне лайықты қолданылса, әлеуметтік, саяси жедел жаңару
тұғырында жүзеге аспақ, себебі мемлекеттік тіл дегеннің өзі – саяси