ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
10
«Тіл және қоғам» №4 (42) / 2015
3. «Мемлекеттік тілді қалай Қазақстан халқының басын біріктіруші
факторға айналдыруға болар еді?» деген сұрақ және қойылды.
Жасыратын несі бар, бұл сұрақтарға берген студенттердің
жауабының деңгейі тиісті дәрежеде болмады. Өз сұрағыма қысқаша
жауап беруге тура келді. Студенттерге Қазақстан Республикасы
Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы № 1459 Жарлығымен
бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-
2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» (бұдан былай
- Бағдарлама) міндеттерінің бірі ретінде «мемлекеттік тілді басым
дамыту» керектігі атап көрсетілгені ескертілді. Шамасы, мұны әр дәріс
тұсында ескертуіміз керек екен.
Келесі сұрақтарым жеке тіл білімі – қазақ тіл білімі тұрғысынан
болды. Студенттер «ана тілі» деген – қазақ тілі екенін, Жолдау
бойынша, «ана тілін дамыту» керектігін айтты. Алайда, «тілді қалай
дамытуға болатынын» ешкім нақты айта алмады. «Ана тілі» алдымен
психолингвистикалық категория екенін айтқан соң, қазақ тілін
мемлекеттік тіл ретінде дамыту тетігін социолингвистикалық,
психолингвистикалық тұрғыдан жақсылап түсіндіру керек болды.
Әлбетте, қазақ тілін қазақстандықтарды біріктіруші факторға
айналдыру мәселесі – күрделі мәселе, ал қазақ тілін ұрпақ тіліне
айналдыру мәселесі күрделілігі жағынан одан бір де бір кем емес.
Өйткені, дәл қазіргі қазақтар төл тілін білу-білмеу деңгейі жағынан
біркелкі емес, бірнеше топқа бөлінеді: қазақ тілін ана тілі дәрежесінде
білетіндер, қазақ тілін екінші тіл ретінде білетіндер, сөйлеу тілінде
қиналып, орысша араластырып сөйлейтіндер және қазақ тілінен
бейхабар, мүлдем білмейтіндер, сонымен қатар қазақ тілін білсе де
ресми орындарда сөйлемейтіндер, сөйлесе де қазақ тілі тағдырына
немқұрайлы қарайтындар, Президент, Сенат пен Мәжіліс төрағалары
еркін меңгеруге тиісті мемлекеттік тілді (Қазақстан Республикасы
Конституциясының 41, 58 баптары) ұлты қазақ депутаттар білу міндетті
емес деп есептейтін қазақ халқы қалаулылары, ақын, ғалымсымақтар
баршылық. Орыстілділіктің қазақтың қайсы бір зиялылары мен
білгіштерінің тілдік санасына берік орныққаны соншалық – кеңес
дәуірінде қазақ арасында тарап кеткен орыс біртілділігі тілдік
егемендік жағдаятында да берік сақталуда. Бұларсыз да қазақ тілін
дамытамыз, дей тұрғанмен саяқ жүргендер ана тілі үйіріне қосылар
деп үміттенеміз.
Қазақ тілін ұлтты ұйыстырушы факторға айналдыру үшін бірінші
кезекте ана тілі дәрежесінде білетіндер тіл мәдениетін мейлінше
жетілдіруі керек, екінші тіл ретінде пайдаланатындар ана тілі
деңгейінде білуі тиіс, ал шала білетіндер мен мүлдем білмейтіндер
оны екінші тіл деңгейінде меңгеріп, екі тілдің бірі ретінде алма-кезек
қолдана алатындай болуы қажет. Міне, осындай жағдайда келесі
кезекте тілдің әдеби нормасын сақтау, тіл мәдениетін жетілдіру
мәселесі шешілуі тиіс.
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
11
«Тіл және қоғам» №4 (42) / 2015
Білімді елдің ғана тілі бай болады.
Білім мен тіл.
Білім деген не? Білім пәні – адам.
Білім деген қайсыбір санада, жадта сақталған «ақпараттық»,
«мазмұндық» бірліктер, жүйеге түскен объективті мәліметтер.
Қазақ тілін оқыту жас ұрпақты әлеуметтендіру қызметін атқарады,
сондықтан да ол халықтық педагогикаға құрылуы тиіс, себебі мұнда
өмірмен байланыс, сабақтастық бар. Білім ауысады, ырыс жұғысады.
Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
Білім беру – қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық,
мәдени және дене дамуы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне
қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тәрбиелеу мен оқыту үдерісі.
Сонымен қатар, пайым деген түсінік бар. «Әр нәрсенің пайымына
бар» дейді халқымыз, «ақылға сал» деген сөз. Пайым (түсінік, тоқу,
сабақ алу) деген жеке адам, ұжымдық шындық өмірмен байланыс
пен қарым-қатынастың субъективті бейнеленуі, өзіндік (субъективті)
елес, ұғым және оларға байланысты баға. Мысалы, әр әлеуметтік
топтың өкілінің Махамбет пен Жәңгір хан жөніндегі пікірі сай келе
бермесі хақ.
Білім мен пайым табиғаты, құрылым, белсенділену (активтену),
сақталу формасы мен тәсілі жағынан өзара бөлінеді, дараланады.
Кезінде Халел Досмұхамедұлы: «Мәдениеттің негізі – білім. Білім
тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады» деп еді.
Елбасы биылдан бастап педагог мамандарды даярлауға арналған
мемлекеттік білім беру тапсырысы 5 мың бірлікке артатындығын
айтты. Бұл гранттан 8 педагогикалық жоғары оқу орнына берілді.
Белгілі идеологияны өмірге енгізумен қатар балғын жасты қорғай
отырып, егемендік белгісі мемлекеттік тілді қорғап, ол тілде білімді
дамытуды қамтамасыз ету мемлекеттік билікті жүргізушілердің
бірден-бір міндеті болса керек.
Білім – тілдің дамуын белгілейтін, оның дамуында шешуші роль
атқаратын қозғаушы күш.
Қазақстанда білім саласын түбегейлі өзгерту қажеттігі дау
туғызбайды.
Қалай түбегейлі өзгеріске қол жеткіземіз – сонда біз білімді ел
боламыз. О заман да, бұ заман білімді елдің ғана тілі бай болады. Бірақ
халық білімді басқа тілде емес, ана тілінде алғаны жөн. Бұл – әлем
мойындаған заңдылық.
Қазақстанда білім саласында қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқу тілі
(мамандық игеру тілі) ретінде қолданылады, пән ретінде де оқытылады.
Неміс, корей, француз, испан, қытай тілдері, негізінен, пән ретінде
оқытылады.
Мемлекеттік тілді біріктіру факторына айналдыру, егер тіл өз
мәртебесіне лайықты қолданылса, әлеуметтік, саяси жедел жаңару
тұғырында жүзеге аспақ, себебі мемлекеттік тіл дегеннің өзі – саяси
Достарыңызбен бөлісу: |