Қарағайлы ормандар иірімдері. Қылқан жапырақты ормандарды игеру және 1997-2000 жылдардағы үлкен орман өрттері олардың пайдалану қорларын азайтты және Ертісбойындағы қарағайлы орман иірімдерінің қорғаушы және суқорғаушы қасиеттерін жоғалтты. Бұл алапаттың нақты масштабы осы күнге дейін анықталмаған.
Шырша ормандары фермерлер, жер иеленушілер, кәсіпкерлер, туристер, саябақшылар жағынан шамадан тыс пайдалануда. Орман учаскелері мен суқорғау белдеулерінде көптеген құрылыстар жүруде және қоршалуда. Елді мекендер мен қалаларға жақын жерлердегі таулы шырша ормандар (Тянь-Шань).
Орман өрттері. Қазақстан ормандарының жану деңгейі өте жоғары. Республикамызда 1989-2000 жылдары орташа есеппен жылына 647 орман өрттері болды және бір өрттің орташа жылдық көлемі 18,9 га. Осы жылдары өртпен 20,5 мың. га артық орман жамылған аумақтар жойылды.
Егер 1997 жыл 8 рет қайталанса республикамыздың қылқан жапырақты ормандары толық жойылады деуге болады, олардың көлемі 1687, 3 мың. га (1997 жылы өрт 216,5 мың. га өтті). 1989-2001 жж. орман өрттерінен сүректің шығыны 103,494 млн. долл-ға бағаланды, ал бұл сүректің құны әлемдік баға бойынша -410 млн. доллардан артық.
Ормандарды қалпына келтіру және орман өсіру шаралары. ҚР 1948 жылдан 1991 жылған дейін 1,0 млн. га артық жасанды орман ағаштары отырғызылды, жылына 140 млн. данадан артық сеппекөшеттер мен көшеттер өсірілді, 80 мың. га-ға дейін орман дақылдары жасалды. Ауданы 4,6 мың. га шамасында 252 орман тәлімбағы болды.
2001 жылға қарай орман ағаштарын себу және отырғызу көлемі 5,8 мың. га-ға дейін кеміді.
Қалалар мен елді мекендер (кем дегенде 100 мың. га) маңында жасыл санитарлы-қорғау белдемдерін құру және қалпына келтіру жұмыстарын жақсарту керек. Соңғы жылдары Астана қаласы маңында қорғау белдемдерін құру жұмыстары екпінді жүруде.
5.3 Орман ресурстарын басқару негіздерін ҚР орман заңдары мен ҚР Орман Кодексі белгілейді.
ҚР Орман Кодексі 2003 жылдың 8 шілдесінде қабылданды.
Орман Кодексі орман қорын иелену, пайдалану, оған билiк ету жөнiндегi қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ орман қорын күзетудiң, қорғаудың, молықтырудың, оның экологиялық және ресурстық әлеуетiн көтерудiң, оны ұтымды пайдаланудың құқықтық негiздерiн белгiлейдi.
Орман құқығы қатынастарын реттеу орман биосфераның ғаламдық экологиялық, әлеуметтiк және экономикалық мәнi бар аса маңызды компоненттерiнiң бiрi болып табылатыны негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының орман заңдары:
1) ормандардың климатты реттейтiн, орта түзетiн, егiс-топырақ қорғау, су сақтау және санитарлық-гигиеналық функцияларды орындайтын жалпымемлекеттiк мәнiн мойындау;
2) ормандарды тұрақты дамыту (Қазақстан Республикасының орманды аумақтарын тұрақты ұлғайту);
3) ормандардың, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң, мәдени және табиғи мұраның биологиялық әралуандығын сақтау;
4) ормандарды көп мақсатқа пайдалану;
5) орман ресурстарын ұтымды, үздiксiз, сарқылмайтындай етiп пайдалану;
6) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласындағы мемлекеттiк реттеу мен бақылау;
7) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мен алынған сүректi қайта өңдеудi жүзеге асыру функцияларынан орман пайдалануды реттеу функцияларының ара жiгiн ажырату;
8) Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзудан келтiрiлген залалдың орнын толтыру;
9) орман ресурстарын ақылы пайдалану;
10) орман қорының жай-күйi туралы ақпараттың қол жетiмдiлiгi;
11) халықтың және қоғамдық бiрлестiктердiң орман қорын күзетуге және қорғауға қатысу принциптерiне негiзделедi.
Орман қоры жерлерiн, орман ресурстары мен орманның пайдалы қасиеттерiн қамтитын Қазақстан Республикасының орман қоры орман құқығы қатынастарының объектiсi болып табылады.
Орман құқығы қатынастарының объектiлерi белгiленген тәртiппен ақылы жағдайда ормандардың көп функциялы маңызы ескерiле отырып пайдаланылады.
Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық орман, сондай-ақ орман өсiмдiктерi өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне арналған орман қоры жерлерi Қазақстан Республикасының орман қорын құрайды.
Орман қоры мемлекеттiк және жекеше орман қорларынан тұрады.
Мемлекеттiк орман қорына:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiндегi (орманды және ағаш өспеген алқаптарды қоса алғанда) табиғи және қолдан өсiрiлген ормандар;
2) табиғи және қолдан өсiрiлген ормандар, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры жерлерiндегi орман шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген, орман өсiмдiктерi өспеген жер учаскелерi;
3) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральды құбырлардың және басқа желiлiк құрылыстардың белдеулерiндегi енi он метр және одан көбiрек, алаңы 0,05 гектардан астам қорғаныштық екпелерi жатады.
Жекеше орман қорына орман өсiру үшiн нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен жасалған, енi он метр және одан көбiрек, алаңы 0,05 гектардан астам қолдан өсiрiлген ормандар, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорманмелиорациялық екпелер жатады.
Орман қорына:
1) мемлекеттiк орман қорының жерiнен тыс орналасқан жекелеген ағаштар және көлемi 0,05 гектардан кем шоқ ағаштар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегi бұта өсiмдiктер;
2) қала ормандары мен орманды саябақтарды қоспағанда, елдi мекендер шекарасы шегiндегi жасыл желектер;
3) үй маңындағы, саяжайлар мен бау-бақша учаскелерiндегi ағаштар мен бұталар кiрмейдi.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк орман қоры мемлекеттiк меншiк объектiлерiне жатады және республикалық меншiкте болады.
Жекеше орман қоры учаскелерiн иеленудi, пайдалану мен оған билiк етудi ҚР Орман Кодексіне сәйкес, жекеше орман иеленушiлер жүзеге асырады.
Орман қорының жерлерi мемлекеттiк және жекеше орман қоры жерлерiне бөлiнедi.
Мемлекеттiк орман қорының жерлерiне табиғи түрде ағаш өскен, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен қолдан ағаш өсiрiлген және ағаш өспеген (орманды және ағаш өспеген алқаптар), орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттiк ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген жерлер жатады.
Жекеше орман қорының жерiне Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес орман өсiру үшiн нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен қолдан ағаш өсiрiлген, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорманмелиорациялық екпелер өсiрiлген жерлер жатады.
Мемлекеттiк орман қоры жерлерiнiң шекарасы жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде орман орналастыру материалдарының негiзiнде белгiленедi және нақтыланады.
Мемлекеттiк орман қорының жерлерiн сатып алу-сату, кепiлге беру және басқа мәмiлелер жасасу арқылы иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
Орман қорының жерлерiн беру, алып қою және пайдалану тәртiбi осы Орман Кодексімен айқындалады.
Орман ресурстары сүрек қорынан, шайыр мен ағаш шырындарынан, қосалқы сүрек ресурстарынан, жабайы өсетiн жемiстерден, жаңғақтардан, саңырауқұлақтардан, дәрiлiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзаттан, орман қорында болатын, жинақталатын және өндiрiлетiн өзге де өсiмдiк пен мал өнiмдерi қорынан тұрады.
Орманның өсiп тұрған кезiнде өзiне тән экологиялық және әлеуметтiк мәнi бар функциялары (оттегiн бөлiп шығару, көмiр қышқыл газын бойына сiңiру, топырақты су және жел эрозиясынан сақтау, топырақтың жоғары қабатындағы ылғалды iшкi қабатына тарту, бальнеологиялық және климат реттеушiлiк қасиеттерi) оның пайдалы қасиеттерiне жатады.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiне орман иелену тұрақты жер пайдалану құқығымен туындайды.
Мемлекеттiк орман қорының учаскелерi орман иелену құқығымен:
1) мемлекеттiк орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, мемлекеттiк орман қорының кешендi пайдаланылуын ұйымдастыру үшiн орман мекемелерiне және уәкiлеттi органның өзге де мемлекеттiк ұйымдарына;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметiне байланысты мақсаттар үшiн мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтарға, мемлекеттiк табиғи резерваттарға, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи саябақтарға, мемлекеттiк ботаникалық бақтарға, мемлекеттiк дендрологиялық саябақтарға берiледi.
Осы баптың 2-тармағында аталған, мемлекеттiк орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттiк заңды тұлғалар мемлекеттiк орман иеленушiлер болып табылады.
Орман иелену құқығы жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган беретiн тұрақты жер пайдалану құқығы актiсiмен куәландырылады.
Жекеше орман иелену құқығы жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың оларға Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес жеке меншiгiне немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерiнде туындайды.
Мемлекеттiк орман иеленушiлердiң:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану;
2) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудi қоспағанда, осы Кoдекстe белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыру;
3) аумақтық органдармен келiсе отырып жобалау және техникалық құжаттамаға сәйкес мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажеттi құрылыстар мен ғимараттар салу;
4) өздерi дайындаған өнiмдi өткiзу және алынған табыстарды пайдалану;
5) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануға арналған ағаш кесу және орман билеттерiн беру құқығы бар.
Жекеше орман иеленушiлердiң:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өздерiнiң меншiгiндегi немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiн иелену, пайдалану және оларға билiк ету;
2) өздерiнiң меншiгiндегi немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыру;
3) жобалық және техникалық құжаттамаға сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша жеке орман қоры учаскелерiнде құрылыстар мен ғимараттар, оның iшiнде орман шаруашылығын жүргiзу және орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажеттi құрылыстар мен ғимараттар салу;
4) өздерi дайындаған өнiмдi және оны өткiзуден түскен табысты меншiктену құқығы бар.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану құқығы тендер нәтижелерi туралы хаттама және сол негiзге алынып жасалған шарт негiзiнде туындайды.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану құқығы орман билетiнiң негiзiнде туындайды.
Орман пайдаланушы жеке тұлға қайтыс болған жағдайда оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен басқа адамға ауысады.
Орман пайдаланушы заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры - заңды тұлғаға ауысады.
Орман пайдалану құқығы - орман пайдалану түрi сақталғанда ғана, құқық мирасқорында орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажеттi қаражат пен өндiрiстiк қуаттар және облыстық атқарушы органдар айқындайтын тиiстi бiлiктiлiкке ие мамандар болған жағдайда, ал орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылатын жағдайда лицензиясы бар болған кезде ғана ауысуы мүмкiн.
Орман пайдалану құқығының ауысуы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартына, ағаш кесу билетiне, орман билетiне өзгерiстер енгiзу арқылы ресiмделедi.
Жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекеше орман иеленушi айқындайтын тәртiппен туындайды.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға тендер хаттамасы негiзiнде және кейiн қарауында мемлекеттiк орман қоры учаскелерi бар уәкiлеттi орган немесе облыстық атқарушы орган мен орман пайдаланушы арасындағы шартпен ресiмделе отырып берiледi.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қаражаты мен өндiрiстiк қуаттары және тиiстi бiлiктiлiкке ие мамандары бар орман пайдаланушыларға 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiледi.
Орман ресурстарын сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берген жағдайда, орман пайдаланушыға мемлекеттiк орман қоры учаскесiнде сүрек ресурстары орман орналастыру материалдарына сәйкес сүрек ресурстарын ұдайы және сарқылмайтындай етiп пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн, бiрақ орманшылық алаңынан аспайтындай етiп берiледi.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру сол аумақта тұратын халықтың мүдделерi ескерiле отырып, жария жүзеге асырылуға тиiс.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген, пайдаланылмаған орман ресурстары шарт мерзiмi өткен соң орман пайдаланушының меншiгiне ауыспауға тиіс.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында мынадай талаптар:
1) орман пайдалану жүзеге асырылатын мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң шекаралары;
2) мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң алаңы және мөлшерлеу көрсеткiштерi;
3) орман пайдалану түрлерi;
4) орман пайдаланудың көлемi (мөлшерi);
5) орман пайдалану мерзiмi;
6) орман пайдалану төлемақысының мөлшерi мен оны енгiзу тәртiбi;
7) тараптардың орман ресурстарын күзету, қорғау және молықтыру жөнiндегi мiндеттерi;
8) тараптардың шарт талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылығы;
9) лицензияның нөмiрi мен берiлген күнi (орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыратын жағдайда);
10) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
11) Қазақстан Республикасының орман заңдарында көзделген және тараптардың қалауымен анықталған өзге деталаптар көрсетiледi.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты жазбаша нысанда жасалады және белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге жатады.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты ол мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап жасалған болып есептеледi.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары қысқа мерзiмдi орман пайдалануға мемлекеттiк орман иеленушiлер беретiн орман билетi негiзiнде бiр жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану кезiнде орман пайдаланудың:
1) жанама орман пайдалану;
2) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану;
3) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттары үшiн пайдалану сияқты түрлерiн ғана жүзеге асыруға болады.
Қазақстан Республикасындағы барлық орман су күзету, егiс-топырақ қорғау, гендiк, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және өзге де пайдалы функцияларды атқаратын қорғаныштық орман болып табылады.
Ормандардың атқаратын функцияларының басымдықтарына қарай мемлекеттiк орман қоры:
1) ерекше қорғалатын орман аумақтары, оның iшiнде:
мемлекеттiк табиғи қорықтар ормандары;
мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар ормандары;
мемлекеттiк табиғи резерваттар ормандары;
мемлекеттiк өңiрлiк табиғи саябақтар ормандары;
мемлекеттiк қорық аймақтары ормандары;
табиғаттың мемлекеттiк орман ескерткiштерi;
орманның гендiк резерваттарын қоса, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi;
аса құнды орман алаптары;
жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары;
орман-жемiс екпелерi;
аса биiк тау ормандары;
2) мемлекеттiк қорғаныштық орман белдеулерi;
3) қала ормандары мен орманды саябақтар;
4) елдi мекендердiң және емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жасыл аймақтары;
5) эрозияға қарсы ормандар;
6) өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi;
7) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары, каналдар, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулерiндегi қорғаныштық екпелер;
8) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулер;
9) егiс-топырақ қорғаныштық ормандар санаттарына бөлiнедi.
Халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулерге жұмыс iстеп тұрған және салынып жатқан темiр жолдарға бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, темiр жол төсемiнен екi жаққа қарай бес жүз метр шегiндегi орман және халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, жолдың ортасынан екi жаққа қарай екi жүз елу метр шегiндегi орман жатады.
Мемлекеттiк орман қоры санаттарында орман пайдалануды шектеудiң мынадай режимдерi белгiленедi:
1) қорық режимi - осы Кодексте айтылған жағдайларды қоспағанда, орман пайдаланудың барлық түрлерiне, оның iшiнде ағаштарды кесуге тыйым салынады;
2) тапсырыс режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға, шөп шабу мен мал жаюға тыйым салынады;
3) шектеулi шаруашылық қызметiнiң режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге де түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға тыйым салынады.
5. 4 Қазақстан Республикасында мемлекеттік орман кадастры Қазақстан Республикасының Орман Кодексі (ОК-нің 60 бабы) және ҚР Министрлігі бекіткен ережелері бойынша жүргізіледі.
Орман қорының мемлекеттiк есебi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуы мен орман өсiрудi, орманның пайдаланылуын, орман қорының сандық және сапалық өзгерiстерiне жүйелi бақылау жасауды ұйымдастыру және мемлекеттiк органдарды, мүдделi жеке және заңды тұлғаларды орман қоры туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн жүргiзiледi.
Мемлекеттiк орман қорының құрамындағы ерекше қорғалатын орман аумақтары жеке бөлiнедi және есепке алынады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи саябақтар мен мемлекеттiк табиғи резерваттар шекарасындағы мемлекеттiк табиғи ескерткiштер солардың құрамында есепке алынады.
Орман қорының мемлекеттiк есебiнiң деректерi мемлекеттiк орман кадастрын жүргiзген кезде пайдаланылады.
Орман қорының мемлекеттiк есебi көрсеткiштерiнiң тiзбесiн, сондай-ақ тиiстi құжаттардың нысандарын статистика жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмiмен уәкiлеттi орган айқындайды.
Мемлекеттiк орман кадастры орман қорының құқықтық режимi, оны орман иеленушiлер арасында бөлу, орман қорының сандық және сапалық жай-күйi, мемлекеттiк орман қорын санаттары бойынша бөлу туралы мәлiметтер жүйесiн және орман қорының орман шаруашылығын жүргiзу мен шаруашылық қызметтiң нәтижелерiн бағалау үшiн қажеттi басқа да экологиялық және экономикалық сипаттамалары туралы деректердi қамтиды.
Мемлекеттiк орман кадастрының деректерi орман шаруашылығын мемлекеттiк басқару, оны жүргiзудi ұйымдастыру, орман шаруашылығын жүргiзуге және мемлекеттiк орман қорын пайдалануға байланысты емес мақсаттарда орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн алып қою, орман пайдаланудың төлемақысы мөлшерiн белгiлеу, орман пайдаланушылар мен орман иеленушiлердiң шаруашылық қызметiн бағалау кезiнде пайдаланылады.
Мемлекеттiк орман кадастры көрсеткiштерiнiң тiзбесi мен ормандарды экономикалық бағалау әдiстемесiн уәкiлеттi орган айқындайды.
Мемлекеттiк орман мониторингi орман қорын күзету, қорғау және ормандарды молықтыру, орман қорын пайдалану, ормандардың биологиялық әралуандығы мен экологиялық функцияларын сақтау саласын мемлекеттiк басқару мақсатында орман қорының жай-күйi мен қарқынын қадағалау, бағалау және болжау жүйесiн бiлдiредi.
Мемлекеттiк орман қорын күзету мен қорғаудың негiзгi мiндеттерi:
1) ормандағы өрттердiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқап, жою жөнiндегi іс-шараларды жүргiзу;
2) мемлекеттiк орман қоры аумағындағы барлық жұмыс iстейтiн әрi сонда орналасқан ұйымдардың, сондай-ақ орманда болатын жеке тұлғалардың ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерi мен санитарлық ережелердiсақтауын қамтамасыз ету;
3) орманды заңсыз ағаш кесуден, зақымдаудан, ұрлаудан және Қазақстан Республикасының орман заңдарын басқадай бұзушылықтан қорғау, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры жерлерiн күзету;
4) орман пайдаланушылардың сүрiктi түбiрiмен босату ережелерiн және орман пайдаланудың басқа да түрлерi ережелерiн орындауын қамтамасыз ету;
5) орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтау, олардың өсiп-көбеюiн болжау және оларға қарсы күресу;
6) биотехникалық iс-шараларды жүргiзу;
7) мемлекеттiк орман қоры аумағында аң аулау мен балық аулау ережелерiн сақтауды қамтамасыз ету;
8) мемлекеттiк орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуын, ұтымды пайдаланылуын және орман өсiрудi қамтамасыз ететiн басқа да iс-әрекеттер;
9) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекеттiк орман кадастры орман шаруашылығы басқару органдарымен бiрыңғай жүйе бойынша орман орналастыру, тексеру, мерзімділік бір жолғы мемлекеттiк есепке алу және басқа да орман қоры жайында мәліметтер бар құжаттар негізінде жүргiзiледi.
ҚР орман шаруашылығын мемлекеттік басқару органы мына жұмыстарды жүргізеді:
- орман иеленушілерді мемлекеттік тіркеуге алу;
- ормандар туралы мәліметтерді жүйелеу, зерттеу және сақтау, сонымен қатар мемлекеттік орман кадастры материалдарын басып шығару;
- мемлекеттік орман кадастрын жүргізуге қажетті әдістемелік нұсқауларды және нұсқаулықтарды жасау және бекіту.
ҚР орман шаруашылығын мемлекеттік басқару органы келесі жұмыстарды атқарады:
- атқарушы үкімет органының қатысуымен орман орналастыру, ормандарды картографиялау, топырақтық, геоботаникалық, топографиялы-геодезиялық және басқа да тексеру, зерттеу және мемлкеттік орман кадастрын жүргізуге байлансыты жұмыстарды ұйымдастырады;
- орман ресурстарының жай-күйі және бағалау туралы сұранысы бар қажетті ақпараттарды зерттейді және жүйелейді, халық шаруашылығы қажеттілігіне сәйкесті мемлекеттік орман кадастрын жетілдендіру шараларын қолданады.
Мемлекеттік орман кадастры құжаттарын жүргізу ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы комитетіне және жергілікті уәкілетті органдарға жүктеледі.
Мемлекеттік орман кадастры құжаттар құрамына кіреді:
- орман иеленушілері, облыстық және республикалық орман шаруашылығы басқару органдары жүргізетін орман кадастры кітаптары;
- орман иеленушілері, облыстық және республикалық орман шаруашылығы басқару органдарының есептері және оған түсініктеме.
5.5 Бұл тақырыпты оқып білу барысында студент ең алдымен ормандарды және өзге де өсiмдiктердi пайдалану кезiндегi және сонымен қатар аралық пайдалану мақсатында ағаш кесудi жүзеге асырған кезiндегi экологиялық талаптарды білуі керек.
Мысалы, мемлекеттiк орман қоры санатындағы ормандарда бағалылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелердi реконструкциялаумен байланысты ағаш кесу мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты бойынша ғана жүргiзiледi.
Ал мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыру кезiндегi орман пайдаланушыларға қойылатын экологиялық талаптар мынандай:
1) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтiн, ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйiне терiс әсердi болдырмайтын немесе оны шектейтiн және жануарлар дүниесi мен олардың тiршiлiк ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзуге;
2) ағаш сүрегiн дайындаған кезде мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен жобаларда көзделген техника мен технологияны пайдалана отырып, ормандарды табиғи түрде молықтыру үшiн оңтайлы жағдайларды сақтау жөнiндегi талаптарды ұстануға;
3) ағашы кесiлетiн жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудiң белгiленген мерзiмi аяқталған соң кесiлмеген және дайындалған ағаш сүректерiн қалдырмауға;
4) ағаш сүрегiн дайындаумен бiр мезгiлде кеспеағаш аймағын кесiлген ағаштардың қалдықтарынан тазартуды жүргiзуге;
5) мемлекеттiк орман қорының орман пайдалануға бөлiнген учаскелерiнде ағаштың заңсыз кесiлуiне және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын өзгедей бұзуға жол бермеуге;
6) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кескен кезде, орман орналастыру жобасына сәйкес, орманды қайта жаңартуды қоса алғанда, ағашы кесiлген алаңның екi еселенген мөлшерiнен астам алаңға ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
7) ағашы кесiлген жерлерде және өздерiнiң қызметi нәтижесiнде өскiндерi жойылған, ағаш пен бұта өсiмдiктерi құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебiнен жүзеге асыруға;
8) ормандардың санитарлық жай-күйiн қамтамасыз ету мен жақсарту жөнiндегi ережелердi сақтауға;
9) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану кезiнде мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға;
10) мемлекеттiк орман иеленушiлердi мемлекеттiк орман қорының орман пайдалану үшiн оларға бөлiп берген учаскелерiнде орман зиянкестерi мен ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға және оның аумақтық органдарына, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына және мемлекеттiк статистика органдарына орман қорының мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк орман кадастрын, мемлекеттiк орман мониторингiн жүргiзу, орман пайдалану төлемақысының мөлшерiн анықтау үшiн қажеттi ақпаратты берiп тұруға мiндеттi.
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын ұйымдастыру кезiндегi экологиялық талаптар мынандай:
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыруды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру ағаш кесудiң ғылыми негiзделген жүйесiн iске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты ормандық тұқым базасын жасау және оны тиiмдi пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтiп-баптау үшiн ағаш кесу мен санитарлық ағаш кесудi қоса алғанда, орманды күтiп-баптау, орман шаруашылығы мақсатында жол салу, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын өткiзу нәтижесiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру жөнiндегi iс-шараларды орман мекемелерi мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргiзедi.
Студент ормандарды молықтыру мен орман өсiру кезiндегi экологиялық талаптарға ерекше көңіл бөлуі керек. Олар мыналар:
1. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттiк орман қорының ағашы кесiлген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтiру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнiмдiлiгiн арттыру, мемлекеттiк орман қоры жерлерiнiң ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орман өсiрудiң мақсаты бұрын орман өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру жөнiндегi iс-шаралар орман өсiру жағдайлары мен экономикалық мақсатқа сәйкестiгi ескерiле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзiмде өнiмдiлiгi жоғары және төзiмдi екпелер жасауды қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзiлуге тиiс.
4. Мемлекеттiк орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөнiндегі жұмыстар көлемi мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
Ал қалалық ормандар мен орман саябақтарында орманды пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар мынандай: қалалардың шекарасы шегінде орналасқан ормандар (қала ормандары мен орманды саябақтар) халықтың тынығуына, мәдени-сауықтыру және спорт шараларын өткiзуге, сондай-ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтауға арналған. Қалалық ормандарда және орманды саябақтарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге және осы ормандардың мақсатымен сыйыспайтын орман пайдаланудың өзге де түрлерiн жүзеге асыруға тыйым салынады.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға пайдалануға берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар мыналар жатады:
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға ауыл және орман шаруашылықтарын кешендi жүргiзу үшiн берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану Қазақстан Республикасының Орман кодексiнің талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Пайдалануына мемлекеттiк орман қоры учаскелерi берiлген жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Орман кодексiнде белгiленген тәртiппен оларда орман орналастыру жұмыстарын жүргiзуге және орман қорының мемлекеттiк есебiн жүргiзуге қатысуға мiндеттi.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ағаш және бұта өсiмдiктерiнiң жай-күйiн, күзетiлуiн, қорғалуын, пайдаланылуы мен молықтырылуын бақылауды орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады
Сонымен қатар студент темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптарды оқып білуі керек. Олар мынандай:
1. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулерде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға, шудың әсерiн азайтуға арналған.
2. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелерде, қорғаныштық екпелер жасау жобаларына сәйкес орманды күтiп-баптау үшiн кесуге, санитарлық кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi реконструкциялауға байланысты кесуге және өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды, Қазақстан Республикасының Орман кодексiне сәйкес жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
Студент ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптарға ерекше көңіл бөлуі керек. Мысалы: жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тіршілік ету ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жай-күйін сақтау мен жақсарту мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша осы аумақтарға арналған Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы үшін белгіленгенге қарағанда неғұрлым қатаң экологиялық нормативтер әзірлеуі және енгізуі мүмкін.
Ал мемлекеттік қорық аймақтарында пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеуге, барлауға және өндіруге қойылатын арнайы экологиялық талаптар бар.
1. Пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеудің, барлау мен өндірудің қоршаған ортаға және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілеріне ықтимал теріс әсерін болдырмау үшін табиғат пайдаланушы:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен:
технологиялық жолдарды және электр беру желілерін жөндеу кезінде қажетті алаңдардың саны мен орналасуын, сондай-ақ табиғат пайдаланушының қызметі кезінде автокөліктің жолдан шығу қажеттілігін;
келісімшарттық аумақ бойынша көмекші технологиялық жолдардың схемасын;
өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинақтауға, сондай-ақ жанар-жағар май материалдарын және басқа да ластаушы заттарды төгуге арналған алаңдарды орналастыру мен жабдықтауды;
жобада көзделген технологиялық алаңдарды әзірлеу үшін келісімшарттық аумақта ағаштар мен бұталарды кесу мен түбірімен қопаруды келісуі;
2) келісімшарттық аумақтың шекарасын анық белгілеу мақсатында аншлагтар қою жолымен шекараларды нақтылап айқындауы;
3) химиялық және радиоактивті материалдарды тасымалдауды олардың қоршаған ортаға түсуіне жол бермейтін арнайы ыдыстармен ғана жүзеге асыруы;
4) технологиялық жолдардың жабындысын жол бетінің бұзылуын, оның өте қатты шаң басуын, тасымалдау кезінде химиялық және радиоактивті заттардың төгілу қаупінің артуын болғызбайтын жағдайда ұстауы;
5) үйінділерді рекультивациялауды, технологиялық жолдарды және электр беру желілерін жөндеу кезінде пайдаланылған құрылыс материалдарының қалдықтарын тасып әкетуді немесе бөлінген орындарға көмуді жүргізуі қажет.
2. Мемлекеттік қорық аймақтары аумағында:
1) елді мекендер, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы мен мелиорацияның, энергетиканың, көлік және байланыстың тұрақты объектілерін, әскери және қорғаныс объектілерін, санаторийлер, демалыс үйлерін, тамақтану пункттерін, қонақүйлер, мемлекеттік қорық аймағының мақсаттары мен жұмыс істеуіне байланысты емес өзге де объектілер мен ғимараттар орналастыруға және салуға;
2) табиғи ландшафтың өзіне тән бейнесін өзгертуге, экологиялық жүйенің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін жұмыстар жүргізуге;
3) өндіріс және тұтыну қалдықтарын, сондай-ақ радиоактивті материалдарды көмуге;
4) жергілікті жер рельефінің ойыстарын өнеркәсіптік және өзге де ластанған суларды төгу үшін пайдалануға;
5) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды қолдануға, қоршаған ортаға зиянды физикалық ықпал етулерді жүзеге асыруға;
6) тұрақтар ұйымдастыру, шатырлар құру, алау жағу үшін көзделген орындардың шегінен тысқары жерде осындай әрекет етуге;
7) жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тысқары және сол үшін арнайы көзделген орындардан тысқары жерде механикалық көлік құралдарының жүруіне және тұруына, үй жануарларын айдауға;
8) жергілікті флора мен фаунаға жат өсімдіктерді интродукциялауға және жануарларды жерсіндіруге;
9) медицинада және басқа мақсаттарда пайдаланылатын өсімдіктерді өнеркәсіптік дайындауға;
10) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның арнаулы рұқсатынсыз жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға, ағаштар мен бұталарды кесуге, қосалқы орман материалдарын дайындауға және шөп шабуға;
11) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша, арнайы бөлінген алаңдарды қоспағанда, көлік құралдарының технологиялық жолдардан шығып кетуіне, сондай-ақ жол желісінен тыс келісімшарттық аумақпен жүруіне;
12) кеңінен таралған пайдалы қазбаларды өндіруге;
13) қалдықтардың келісімшарттық аумаққа және мемлекеттік қорық аймағына көшуін (желмен, жауын-шашынмен) болдырмайтын, осы үшін арнайы бөлінген орындардан тыс жерге өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинақтауға;
14) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану
саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша
келісімшарттық аумақта, арнайы бөлінген алаңдарды қоспағанда, жанар-жағар май материалдары мен басқа да ластаушы заттарды төгуге тыйым салынады.
3. Қоршаған ортаның жай-күйін бақылау мақсатында қоршаған орта жай-күйінің өндірістік мониторингінің бағдарламасын жыл сайын жасауды және оны ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны қорғау және жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісуді қамтамасыз ету қажет, онда:
1) келісімшарттық аумақтан жиырма километрге дейінгі шеңберде артезиан ұңғымалары мен құдықтардағы судың химиялық құрамын тоқсан сайын бақылау;
2) келісімшарттық аумақта және оның шегінен тыс он километрге дейінгі шеңберде топырақтағы радиация деңгейі мен радиоактивті заттардың болуын тоқсан сайын бақылау;
3) қоршаған ортада қызмет барысында пайда болатын ластаушы заттардың шоғырлануын тоқсан сайын бақылау;
4) іс-шаралардың нақты мерзімі және оны орындаушылар, аяқтау және есептілік нысаны көзделуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |