28-сурет. Қыйыр Шығыстың аралас орманына тән жануарлар:
1- Қыйыр Шығыс бақбақыл бақасы; 2- Қыйыр Шығыс тасбақасы; 3- жайын ауыз көкқарға; 4- айдарлы үйрек; 5- қырғауыл; 6- жұмақ шыбыншысы; 7- үкі; 8- горал ешкісі; 9- жанат тәрізді ит; 10- харза; 11- ақтас аю немесе Гималай аюы.
Жыртқыштардан бұл белдемшеде жанат тәрізді ит (Nyctereutes procyonoides), гималай аюы (Ursus thibetanus), сусар тұқымдас жыртқыштардан қара күзен (Mustela putorius) және харза (Martes flavigula) кездеседі (28-сурет). Жанаттәрізді ит өзі ін қазып мекендеумен қатар түлкі, борсықтардың ескі інін орынжай болдырып пайдаланады.
Қиыршығыстық орманда мысық тұқымдастардан (Felidaе) қиыршығыс мысығы (Felis bengalensis), ірбіс (Panthera pardus), жолбарыс (P. tigris) кездеседі. Қиыршығыс мысығы тиын, борша тышқан, тоқалтістермен және орман құстарымен қоректенеді. Ірбіс, жолбарыстар әртүрлі тұяқты аңдарды (елік, теңбілбұғы т.б.) аулайды. Олар аулайтын жануарына бұқпалап таяған соң 2-3 секіріп барып ұстап алуға жақсы әдістенген жыртқыштар.
Далалық белдем жануарларының экологиялық сипаты
Европа, Азия, Солтүстік Америка құрлықтарының ішкі байтақ өлкелерінің, Оңтүстік Американың оңтүстігін, Австралия құрлығын дерлік түгелдей далалық белдем иеленіп жатыр. Дала белдемі құрлықтың әлемдік мұхиттардан алыс жатқан, ішкі қуаң бөліктерінде қалыптасады.
Дала белдемінің жаз маусымы ыстық: шілденің орташа температурасы +21-23°С. Көктем мен жазда құрғақ желді күндер жиі болып тұрады. Евразия бөлігінде даланың қысы суық: қаңтардың орташа температурасы -18-20 °С . Қыста қар аз түсетіндіктен жердің беті терең қатады. Жылына жауатын жауын-шашынның мөлшері 200-500мм. Жер бетінен буланатын ылғалдың мөлшері жауатын жауын-шашынның мөлшерінен 2-3 есе артық. Сондықтан топырағы мен өсімдігі ылғал тапшылығына жиі ұшырап тұрады. Дала белдемінің Солтүстік бөлігінде шіріндісі мол, құнарлы қаратопырақ жамылғысы дамыған. Оңтүстікке қарай ол шіріндісі аз қарақоңыр топыраққа ауысады.
Дала белдемінің өсімдік жамылғысында көпжылдық шым қабатты астық тұқымдас ксерофиль өсімдіктер басым орын иеленеді. Астық тұқымдастардың жапырағы мен сабағы жіңішке болғандықтан және күндізгі ыстықта жапырағының лептесіктері (тыныс саңылаулары) жабылып, не кішірейіп булануды шектейтіндіктен олар далалық аймақтардың өсімдік қауымдастығында басымдық көрсетеді. Сонымен қатар астық тұқымдас өсімдіктердің шашақ тамырлары топырақта жан-жаққа таралатындықтан ылғал жинау қабілеті басқа өсімдіктерден артық. Олардың тамыры өте жақсы дамыған, жер бетіндегі жасыл тұлғасының салмағынан тамырының салмағы бірнеше есе артық болады.
Еуразиялық дала белдемінде селеу (Stipa), бетеге (Festuca), шисабақ (Koeleria) туысына жататын көп жылдық ксерофильді астық тұқымдастықтар өсімдік жабындысының келбетін айқындаушылар болып табылады. Дала белдеміне тән астық тұқымдастар қатарына арпабас (Bromus), бидайық (Agropyron) туысының тамыр сабақты астық тұқымдастары да жатады. Бірақ олар қуаңшылыққа төзімсіз. Сондықтан олар далалық белдемнің солтүстік өңірлерінде, немесе қар тоқтайтын, жаңбыр суы ағып құйылатын еңкейістерде, ойпат, жыраларда басымырақ өседі. Өсімдік жабындысын құрауға астық тұқымдастардан басқа аралас шөптер тобы деп жалпылай аталатын қосжарнақты өсімдіктер де азды-көпті мөлшерде араласады. Қысқа мерзімнің ішінде өсіп жетіліп, тұқымын таратып үлгеретін бір жылдық (эфемер) және көп жылдық (эфемероид) өсімдіктердің экологиялық тобы ылғалы мол жылдары көктемде және жаздың басында өсімдік жабындысынан елеулі үлес иеленеді. Кейбір далалық өлкеде тобылғы (Spiraea), дала шиесі (Phуsalis), арша (Juniperus) қатарлы бұталар қауымдас түзушілер дәрежесіне жетіп өседі. Монғолияда қараған (Caragana) бұталы дала өсімдік жабындысын түзеді.
Дала белдемінің климаты жылы болғандықтан әртүрлі жануарлар мекендеп тіршілік етуге қолайлы. Көбінесе қуаңшылыққа төзімді, жарық сүйгіш (гелиофиль) жануарлар көптеп кездеседі.
Жәндіктерден шегіртке, шекшек, қарақоңыздар және құмырсқалар алуан түрлілігімен және санының молдығымен көзге түседі. Шегіртке ыстыққа төзімді және жеуге жарамды кез келген затты қорек ете алатындығымен, құмырсқа да қорек талғамай және терең ін қазып ыстықтан қорғана алатындығымен шөлейт далалы аймақтарға кең, мол тараған. Қара қоңыздардың хитин жамылғысы өте қалың, денесінің ылғалын буландырмай, жақсы үнемдейді, олар құрғақ шөппен де қоректене алады. Сондықтан да олар дала мен шөлде қарқынды дамып көбейе алады. Бұл шөпқоректі жануарларды қорек етіп тіршілік ететін жыртқыш буынаяқтылардан дала кергісі (Saga pedo), ызылдаққоңыз (Carabidae) туыстастардан: алып ызылдақ (Taphoxenus gigas), қазанбас ызылдақ (Carabus glyptopterus), дала белдеміндегі өзен, көл алқаптарында бүйі (Lycosa singoriensis) жиі кездеседі.
Дала белдемінде қосмекенділерден кәдімгі тарбақа (Pelobates fusсus), сүйіртұмсық бақа (Rana arvalis), сұр құрбақа (Bufo bufo) таралған. Қосмекенділердің тіршілік ырғағы дала белдемінің табиғи ерекшелігімен жақсы үйлескен. Көктемде далалық аймақтың шалшық, көлшіктері қар суына тола бастасымен қысқы ұйқыдан оянған бақа, тарбақа, құрбақалар шағылысып көлшікке уылдырығын шашады. Көлшік, шалшықтың жылы суында уылдырық тез дамып бақашабаққа айналады. Кешікпей бақашабақтан ересек бақалар жетіліп шығады. Олардың осыншама асығыс дамып жетілуі тегін емес. Өйткені олардың мекендеген көлшігі суалып, тез кеуіп кетеді. Соған дейін олар ересейіп үлгереді де, көлшіктің түбіндегі батпаққа кіріп, 8-9 ай бойы бұйыққан күйде келесі көктемді күтеді.
Дала белдемінің жазы ыстық, жылдың жылы маусымы ұзаққа созылады. Бауырымен жорғалаушылар жылусүйгіш (термофиль) болғандықтан дала белдемінде көптеп кездеседі. Мысалы Жерорта теңізі тасбақасы (Agrionemys horsfieldi), жолақ кесіртке (Lacerta strigata), сұр кесіртке (Lacerta agilis), сарықұрсақ абжылан (Coluber jugularis), өрнекті абжылан (Elaphe dione), дала сұржыланы (Vipera ursini).
Дала белдемінде құстардың түрлік және экологиялық құрамы соншалықты көп емес. Ормансыз, тау-тасы аз, бірыңғай жазық далада құстардың желден, суықтан, жыртқыштардан қорғанатын қорғанышы аз. Ұя салып жұмыртқа басуға қауіпсіз орын да аз табылады. Мұнда тіршілік ететін құстардың көбі шөптесін өсімдікке, тікелей жер бетіне немесе кеміргіштердің ініне, кейбіреуі өзі ін қазып ұя салады. Дала белдеміне тән құстардың көбі өсімдіктің тұқымын және жәндіктерді теріп жеп қоректенетіндіктен жерде жақсы жүгіреді және олардың түсі дала өлкесіндегі топырақтың, өсімдік жабындысының өңіне ұқсас болғандықтан оларды жыртқыш жануарлардан жасырады. Бұл жебеуші рең деп аталады.
Дала белдеміне нағыз бейімделген құстарға убақ (Syrrhaptes paradoxus), бөдене (Coturnix coturnix), шіл (Perdix perdix), дуадақ (Otis tarda) жатады (29-сурет). Бұлардың барлығы жерде жақсы жүгіретін, өң түстері мен бейнесі далалы жердің өңіне ұқсас. Бұлардың барлығы жерге ұя салады. Өсімдіктің тұқымын, тамырын және жәндіктерді теріп жеп қоректенеді. Әнші құстардан бозторғайлар дала белдеміне тән: дала бозторғайы (Melanocorypha calandra), кіші бозторғай (Calandrella cinerea), түз бозторғайы (Alauda arvensis) қатарлы түрлері кең таралған. Бұлардың да өңі даланың сұрғылт қоңыр өңімен жақсы үйлескен. Жаз маусымында олар күні бойы сайрайды. Даусы ашық, әні - әуенді.
Тырнатәрізділер қатарына жататын құстардан ақбас тырна (Anthropoides vigor) бірден бір дала белдемінің өкілі деп саналады. Ақбас тырна – жыл құсы. Ол жерді аздап қана шұңқырайтып ұя жасайды. Ұясына шөп те төсемейді, 3 – 4 жұмыртқа туады, жұмыртқасын басуға және балапандарын асырауға аналық, аталық тырнаның екеуі де қатынасады.
Жыртқыш құстардан дала қыраны (Aquila rapax), күйкентай (Falco naumanni), құладын (Circus macrourus) жиі кездеседі. Бұлар ұсақ кеміргіштермен әсіресе саршұнақтармен және кесірткелермен, үлкендеу жәндіктермен (шегіртке, шекшек) қоректенеді. Құладын бақа, жыланды да ұстап жейді.
Достарыңызбен бөлісу: |