19-бап. Ашық лицензия
Патент иеленушi кез келген тұлғаға селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензия алу
құқығын беру туралы уәкiлеттi органға өтiнiш бере алады (ашық лицензия).
Аталған лицензияны алуға тiлек бiлдiрген тұлға патент иеленушiмен төлемдер туралы
шарт жасасып, оны мiндеттi түрде уәкiлеттi органда тiркетуге мiндеттi. Шарт жөнiндегi
дауларды сот қарайды.
Патент иеленушiнiң ашық лицензияға құқық беру туралы өтiнiшi бюллетеньде ашық
лицензия туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойы өз күшiн сақтайды.
Аталған мерзiм шегiнде патенттi күшiнде ұстау үшiн төленетiн ақы ашық лицензия туралы
мәлiметтер жарияланған жылдан кейiнгi жылдан бастап елу процентке кемiтiледi.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586
Заңымен.
20-бап. Мәжбүрлеу лицензиясы
1. Патент иеленушi селекциялық жетiстiктi пайдаланбаған және ол қолайлы
коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасаудан бас тартқан жағдайда, егер
селекциялық жетiстiк патент беру туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл
iшiнде селекциялық жетiстiкке патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн
селекциялық жетiстiк үздiксiз пайдаланылмаса, кез келген тұлға өзiне ерекше емес
мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа өтiнiш жасай алады. Егер патент иеленушi
селекциялық жетiстiктiң пайдаланылмауы дәлелдi себептерге байланысты болмағанын
дәлелдемесе, сот аталған лицензияны төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртiбiн
көрсете отырып бередi. Төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес
белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
Кез келген мәжбүрлеу лицензиясы ең алдымен Қазақстан Республикасының iшкi
рыногының қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн берiлуге тиiс.
Аталған селекциялық жетістікті пайдалану құқығын мәжбүрлеу лицензиясы берілген
тұлға басқа тұлғаға осы селекциялық жетiстiктiк пайдаланылатын кәсiпорынмен бiрге ғана
беруi мүмкiн.
Мәжбүрлеу лицензиясын беруге себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған
жағдайда сот оның күшiн жоюға тиiс.
2. Селекциялық жетiстiктердi бұл орайда қолайлы коммерциялық жағдайларда
лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан басқа патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiкке
құқығын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушiнiң өзiне селекциялық жетiстiктi
Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру
туралы сотқа арыз жазып жүгінуге құқығы бар.
Аталған лицензия берiлген жағдайда сот патентi басқа тұлғаға тиесiлi селекциялық
жетiстiктiң пайдаланылу шегiн, төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртiбiн белгiлеуге
тиiс. Бұл орайда төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес
белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
Селекциялық жетiстiктi пайдалануға осы тармақ негiзiнде алынған құқық осы
селекциялық жетiстiкке патенттi сол құқықтың берiлуiне байланысты берген жағдайда ғана
берiлуi мүмкiн.
20-1-бап. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент
алу құқығын өзгеге беру
1. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру тек қана
өзгеге беру шартымен ресімделеді.
Өзгеге беру шарты оған қатысты шарт жасалатын селекциялық жетістікке ерекше
құқықтың қолданылу мерзімі ішінде кез келген уақытта жасалуы мүмкін.
Өзгеге беру шарты жазбаша нысанда жасалады және уәкілетті органда міндетті түрде
тіркелуге жатады.
Өзгеге беру шартын тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін оның материалдарын
сараптау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
2. Өзгеге беру шартын тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы
өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) нысанасы біртектес өнеркәсіптік меншік объектілері болып табылатын, титулдық
парақпен жабдықталған, өзгеге беру шартының төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың
әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған
қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік
берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Өзгеге беру шарты түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері
немесе құқықты
беру фактісін көрсететін, нотариат куәландырған шарттан үзінді көшірмелер
ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берілген
жағдайда, сенімхат;
3) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты
немесе ерекше құқық иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің
жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа ұйым басшысының қолын қою өкілеттігін беру
мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады.
Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен
көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат
куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
Өтiнiш өзгеге берудің бiр шартына қатысты болуға тиiс.
3. Селекциялық жетістіктерге патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру шартын
тіркеген кезде осы Заңның 18-бабының 5-10-тармақтарында көзделген ережелер қолданылады.
Өзгеге беру шарты уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
Ескерту. 5-тарау 20-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12
№ 537-IV
(алғашқы ресми
жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
6-тарау. Патенттің қолданылуын тоқтату
21-бап. Патенттi жарамсыз деп тану
1. Патент бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде, егер:
1) оның мәлiмдеушi берген селекциялық жетiстiктiң бiртектiлiгi және тұрақтылығы
туралы расталмаған деректер негiзiнде берiлгенi;
2) патент берген күнiнде селекциялық жетiстiктiң жаңалық пен ерекшелiк өлшемдерiне
сәйкес келмегенi;
3) патентте патент иесi ретiнде аталған адамның патент алуға заңды негiздемелерi
болмағаны
анықталса, оның берiлуi дау туғызуы және оған қарсылықтар бойынша жарамсыз деп
танылуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша
патент беруге қарсы қарсылық уәкiлеттi органға берiледi. Егер қосымша сынақтар өткiзу
қажет етiлмесе, қарсылықты шағым кеңесi оның түскен күнiнен бастап алты ай мерзiмде
қарауға тиiс. Қарсылық берген тұлға патент иесiн қарсылықпен таныстыруға мiндеттi.
Шағым кеңесiнiң шешiмiне қарсылық бiлдiрушi тұлға немесе патент иесi өздерiнiң
шешiмдi алған күнiнен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым беруі мүмкін. Апелляциялық кеңес
туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09
N 586
, 2012.01.12
№ 537-IV
(алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi)
Заңдарымен.