125-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын салық төлеуші акционерлiк қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығару
Осы Кодекстiң ____ (614) бабының 3-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көзделген барлық шаралар қабылданғаннан кейін жарғылық капиталына мемлекет қатысатын салық төлеуші акционерлік қоғам салық берешегі сомаларын өтемеген жағдайда, уәкілеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы талап-арызбен сотқа жүгінеді.
Сот шешімі бойынша оларды өтеу үшін жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару жүргізілетін салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салық міндеттемелерін, сондай-ақ өсімпұлдарды, айыппұлдарды төлеу бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдері жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы сот шешімі күшіне енген күннен бастап және оларды орналастыру аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
126-бап. Салық төлеушіні банкрот деп тану
1. Осы Кодекстің ____ (614) бабында көзделген барлық шаралар қабылданғаннан кейін салық төлеуші бюджетке берешек сомасын өтемеген жағдайда, салық органы Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес оны банкрот деп тану жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.
2. Банкрот деп танылған салық төлеушiнi тарату тәртібі Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
127-бап. Бюджетке берешегі бар салық төлеушілердің тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау
1. Салық органдары салық берешегі туындаған күннен бастап төрт ай ішінде өтелмеген:
дара кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын адамдардың – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің он еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі;
заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің бір жүз елу еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі салық берешегі бар салық төлеушілердің тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Бұл ретте тізімдерде салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) не атауы, экономикалық қызмет түрі, сәйкестендіру нөмірі, салық төлеуші басшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) және салық берешегінің жалпы сомасы көрсетіледі.
2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған салық төлеушілердің тізімі осы бапта көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келетін салық төлеушілерді тізімге енгізу, сондай-ақ салық берешегін өтеген немесе салық міндеттемелері тоқтатылған салық төлеушілерді тізімнен шығарып тастау арқылы өткен тоқсаннан кейінгі айдың 20 күнінен кешіктірілмей тоқсан сайын жаңартылады.
128-бап. Дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын салық төлеуші жеке тұлғаның салық берешегін өндіріп алу
1. Дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға осы Кодекстің 115-бабы 2-тармағының
8) тармақшасында көзделген хабарлама табыс етілгеннен кейін отыз жұмыс күні өткен соң республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі салық берешегін төлемеген немесе толық төлемеген жағдайларда, салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады (бұдан әрі – салық бұйрығы) және оны шығарған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлғаға жібереді.
2. Жеке тұлға салық берешегін өтемеген кезде салық органы жеке тұлғаға салық бұйрығын табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей осындай салық бұйрығын Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп орындау үшін атқарушылық іс жүргізу органдарына жібереді.
3. Салық бұйрығын шығарған салық органы жеке тұлға салық берешегін өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық бұйрығының күшін жояды.
15-ТАРАУ. САЛЫҚ МОНИТОРИНГІ
129-бап. Жалпы ережелер
1. Салық мониторингі салық төлеушілердің нақты салық салынатын базасын анықтау, Қазақстан Республикасының салық заңнамасының сақталуын және трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыру мақсатында қолданылатын нарықтық бағаларды бақылау мақсатында олардың қаржылық-шаруашылық қызметін талдау жолымен жүзеге асырылады.
2. Салық мониторингі:
1) ірі салық төлеушілер мониторингінен;
2) деңгейлес мониторингтен тұрады.
130-бап. Ірі салық төлеушілер мониторингі
1. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзету есепке алынбағанда жылдық жиынтық кірісі неғұрлым көп, бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін коммерциялық ұйымдар болып табылатын:
1) тіркелген активтерінің құндық теңгерімінің сомасы салық кезеңінің соңына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі бекітілуге жататын жылдың соңында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 325 000 еселенген мөлшерін құрайтын;
2) жұмыскерлерінің саны кемінде 250 адамды құрайтын салық төлеушілер ірі салық төлеушілер мониторингіне жатады.
Осы баптың мақсаттары үшін:
1) осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетуді есепке алмағанда, жылдық жиынтық кіріс ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі бекітілуге жататын жылдың алдындағы салық кезеңі үшін корпоративтік табыс салығы бойынша декларация деректерінің негізінде айқындалады;
2) тіркелген активтердің құндық теңгерімінің сомасы ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі бекітілуге жататын жылдың алдындағы жыл үшін салық есептілігі негізінде айқындалады;
3) жұмыскерлердің саны ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі бекітілуге жататын жылдың бірінші тоқсанының соңғы айы үшін жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияның деректері негізінде айқындалады.
Осы тармақта белгіленген шарттардың сақталуына қарамастан:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) көрсетілген, осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетуді есепке алмағанда, неғұрлым көп жиынтық жылдық кіріске ие және (немесе) көрсетілген келісімдерге (келісімшарттарға) сәйкес мұнай-газ конденсаты кен орнында қызметін жүзеге асыратын сенім білдірілген адам (оператор) және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар);
2) ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі қолданысқа енгізілген жылдың алдындағы жылдың
1 қазанында жер қойнауын пайдаланушы мынадай шарттарға сәйкес келген жағдайда:
базалық құрылыс материалдарын және жерасты суларын барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушымен пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жасалған;
жер қойнауын пайдаланушы өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес қала құраушы заңды тұлғалар санатына жатқызылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы ірі салық төлеушілер мониторингіне жатады.
2. Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесіне:
1) осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген шарттарға сәйкес келетін ірі салық төлеушілердің ішінен, осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетуді есепке алмағанда, неғұрлым көп жиынтық жылдық кіріске ие алғашқы үш жүз ірі салық төлеуші;
2) осы баптың 2-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген салық төлеушілер кіреді.
3. Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі, көрсетілген тізбе қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ұсынылған салық есептілігі деректерінің негізінде қалыптастырылады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі көрсетілген тізбе қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
Егер ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың
1 қарашасындағы жағдай бойынша осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін салық төлеуші таратылу алдында тұрған жағдайда, мұндай салық төлеуші бұл тізбеге енгізілуге жатпайды.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің бекітілген тізбесі оны бекіткен жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізіледі және қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде қолданыста болады және осы кезең ішінде қайта қаралуға жатпайды.
4. Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеуші қайта ұйымдастырылған жағдайда, оның құқықтық мирасқоры (құқықтық мирасқорлары) ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің келесі тізбесі қолданысқа енгізілгенге дейін ірі салық төлеушілер мониторингіне жатады.
5. Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеуші таратылған жағдайда, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот шешімі күшіне енген күннен бастап аталған салық төлеуші ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесінен шығарып тасталған деп танылады.
131-бап. Деңгейлес мониторинг
1. Деңгейлес мониторинг уәкілетті орган мен салық төлеуші арасында ақпарат және құжаттар алмасуды көздейді, мынадай:
ынтымақтастық;
негізделген сенім;
заңдылық;
айқындық;
кеңейтілген ақпараттық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделеді.
Деңгейлес мониторинг туралы келісімнің нысанын және оны жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Деңгейлес мониторинг туралы келісімге қол қойылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап деңгейлес мониторинг жүргізіледі және ұзарту мүмкіндігімен үш жылдың ішінде қолданыста болады.
Бұл ретте деңгейлес мониторинг туралы келісімді жасау және бұзу тәртібін, сондай-ақ деңгейлес мониторинг туралы келісім жасалатын салық төлеушілердің санатын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Деңгейлес мониторинг туралы келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап деңгейлес мониторингке жататын салық төлеушілер ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілер болып табылмайды.
132-бап. Ірі салық төлеушілер мониторингін жүргізу тәртібі
1. Ірі салық төлеушілер мониторингін жүргізу барысында уәкілетті орган ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілерден салықтардың дұрыс есептелуiн және салықар мен бюджетке төлемдерді төлеудiң (ұстап қалудың және аударудың) уақтылығын растайтын құжаттарды және жазбаша түсіндірмелерді, сондай-ақ салық төлеушiнің (салық агентінің), оның еншiлес ұйымдарының қаржылық есептiлiгiн қоса алғанда, қаржылық есептiлiгін табыс етуін талап етуге құқылы.
Бұл ретте, талап тапсырылған күннен кейінгi күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн ішінде ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушiлер оны орындауға тиіс.
2. Міндетті мониторинг нәтижелерi бойынша бұзушылықтар мен алшақтықтар анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган ол туралы ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушiге хабарлайды.
Бұл ретте ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушi осындай хабарлама тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап күнтiзбелiк он бес күн ішінде жазбаша түсiндiрмені ұсынуға мiндеттi.
Ұсынылған түсiндiрумен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган қосымша құжаттар мен түсiндiрулерді ұсына отырып, туындаған мәселелерді талқылау үшiн ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын осындай салық төлеушiні шақыруға құқылы.
Мониторинг нәтижелерiн қарау қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган жазбаша түрде уәжделген шешім шығарады, ол шығарылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушiге жіберіледі.
Уәжделген шешіммен келiсу туралы хабарламаны ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушi оны алған күннен бастап күнтiзбелiк бес күн ішінде ұсынады.
133-бап. Деңгейлес мониторинг жүргізу тәртібі
1. Деңгейлес мониторинг салық органы мен салық төлеуші арасындағы кеңейтілген ақпараттық өзара іс-қимыл, оның ішінде салық органының лауазымды адамдарына салық төлеушінің орналасқан жері бойынша оның бухгалтерлік және салықтық есепке алу мен есепке алу құжаттамаларының ақпараттық жүйелеріне қолжетімділік ұсынуды көздейтін өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылады.
Бұл ретте деңгейлес мониторинг жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
16-ТАРАУ. Алдын ала түсіндіру
134-бап. Жалпы ережелер
1. Алдын ала түсіндіру – уәкілетті органның жоспарланып отырған мәмілелерге (операцияларға) қатысты салық міндеттемесінің туындауы жөніндегі түсіндірмесі.
Уәкілетті орган:
деңгейлес мониторингте тұрған салық төлеушінің;
инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйымның сұрау салуы бойынша алдын ала түсіндірме береді.
2. Алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуды салық төлеуші уәкілетті органға жазбаша нысанда береді және онда мынадай мәліметтер:
1) салық төлеушiнің (салық агентінің) сұрау салуға қол қойған күнi;
2) салық төлеушiнің деректемелері;
3) бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН);
4) мәміленің (операцияның) мақсаты мен шарттарының, оның ішінде жоспарланып отырған мәміле (операция) бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттерінің сипаттамасы;
5) салық төлеушінің жоспарланып отырған мәмілеге (операцияға) қатысты салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу мәселесі бойынша ұстанымы;
6) қоса берілетін құжаттардың тiзбесi қамтылуға тиіс.
3. Алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуда осындай түсіндірмені дайындау үшін маңызы бар өзге мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.
4. Алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуға заңды тұлғаның басшысы немесе осындай заңды тұлға басшысының міндеттері жүктелген адам қол қояды (растайтын құжаттарды қоса бере отырып).
5. Алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуға алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуда көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттар қоса беріледі.
6. Салық төлеуші (салық агенті) алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуды уәкілетті органға жіберген күннен бастап уәкілетті орган алдын ала түсіндірмені берген күнге дейінгі кезеңде осындай сұрау салуды кері қайтарып алуға құқылы.
7. Салық төлеушінің (салық агентінің) алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуы осы баптың 2, 4, 5-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген кезде уәкілетті орган осындай сұрау салуды қараудан бас тартуға құқылы.
135-бап. Алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуды қарау тәртібі
1. Алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуды қарау «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Алдын ала түсіндірмені дайындау барысында уәкілетті орган салық төлеушіні алдын ала түсіндірмені дайындау үшін маңызы бар қосымша мәліметтер алу үшін шақыруға құқылы.
3. Алдын ала түсіндірме салық төлеуші ұсынған мәліметтер мен құжаттардың шегінде жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |