14-БӨЛІМ. ЖЕР САЛЫҒЫ
60-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
497-бап. Жалпы ережелер
1. Салық салу мақсатында барлық жерлер олардың нысаналы мақсатына және тиісті санаттарға қарай қарастырылады.
2. Жердің қандай да болсын санатқа тиесілігі Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгiленедi. Елдi мекендер жерлерi салық салу мақсаты үшiн мынадай екi топқа бөлiнген:
1) тұрғын үй қоры, соның iшiнде олардың жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жерлердi қоспағанда, елдi мекендер жерлерi;
2) тұрғын үй қоры, соның iшiнде олардың жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жерлер.
3. Жердің мынадай санаттары:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi;
2) орман қорының жерлерi;
3) су қорының жерлерi;
4) босалқы жерлер салық салуға жатпайды.
Аталған жерлер (босалқы жерлердi қоспағанда) тұрақты жер пайдалануға немесе бастапқы өтеусiз уақытша жер пайдалануға берiлген жағдайда, олар осы Кодекстiң 385-бабында белгiленген тәртiппен салық салуға жатады.
4. Жер салығы:
1) сәйкестендіру құжаттары: меншік құқығының актісі, тұрақты жер пайдалану құқығының актісі, өтеусіз уақытша жер пайдалану құқығының актісі;
2) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган әр жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша берген жерлердiң мемлекеттiк сандық және сапалық есебiнің деректерi негiзiнде есептеледi.
498-бап. Төлеушілер
1. Мынадай:
1) жеке меншiк құқығындағы;
2) тұрақты жер пайдалану құқығындағы;
3) бастапқы өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығындағы салық салу объектiлерi бар жеке және заңды тұлғалар жер салығын төлеушiлер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін жер салығын дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғаның осындай тану немесе осындай тануды тоқтату туралы шешімі осындай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше жер салығын дербес төлеуші деп танылған жағдайда, заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімшенің құрылған күнінен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе мыналар:
1) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын осы арнаулы салық режимі таратылатын, қызметте пайдаланылатын жер учаскелерi бойынша салық төлеушілер;
2) мемлекеттік мекемелер;
3) уәкiлеттi мемлекеттік органның қылмыстық жазаларды атқару саласындағы түзеу мекемелерiнiң мемлекеттiк кәсiпорындары;
4) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектiң ата-анасының бipeуi, кәмелет жасқа толғанға дейін мүгедек-балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар:
тұрғын-үй қоры, соның iшiнде, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелерi;
үй маңындағы жер учаскелерi;
өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық үшiн берiлген және құрылыс алып жатқан жерлердi қоса алғанда, саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi;
гараждар орналасқан жер учаскелерi бойынша;
5) «Ардақты ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы аналар:
тұрғын үй қоры, соның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелерi бойынша;
үй маңындағы жер учаскелерi бойынша;
6) жеке тұратын зейнеткерлер:
тұрғын үй қоры, соның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелерi бойынша;
үй маңындағы жер учаскелерi бойынша;
7) дiни бiрлестiктер жер салығын төлеушiлер болып табылмайды.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін заңды мекенжайы (олардың тұратын мекенжайы) бойынша тек зейнеткерлер ғана тіркелген зейнеткерлер жеке тұратын зейнеткерлер теп танылады;
4. Осы баптың 3-тармағының 3)-7) тармақшаларында аталған салық төлеушілер пайдалануға, сенімгерлікпен басқаруға немесе мүлікті жалға беру (жалдау) шарты бойынша берілген жер учаскелері бойынша салық төлеушілер болып табылады.
5. Мемлекеттік мекемелер сенімгерлік басқаруға берген жер учаскелері бойынша салық төлеуші осы Кодекстің 35-1-бабына сәйкес айқындалады.
499-бап. Жекелеген жағдайларда төлеушiнi айқындау
1. Егер жер учаскелерiн иелену немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттарда немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, пайлық инвестициялық қор активтерiнiң құрамына кiретiн жер учаскесiн қоспағанда, бiрнеше тұлғаның ортақ меншiгiндегi (пайдалануындағы) жер учаскесi бойынша осы тұлғалардың әрқайсысы жер салығын төлеушi болып табылады.
Пайлық инвестициялық қор активтерiнiң құрамына кiретiн жер учаскесi бойынша осы пайлық инвестициялық қордың басқарушы компаниясы жер салығын төлеушi болып табылады.
2. Жеке тұлғалардың ортақ бірлескен меншігіндегі салық салу объектілері бойынша салық төлеуші салық салу объектісінің меншік иелерінің келісімі бойынша олардың бірі болуы мүмкін.
Бұл ретте меншік құқығын мемлекеттік тіркеу 2017 жылғы 31 желтоқсаннан кейін жүргізілген ортақ бірлескен меншіктегі салық салу объектілері бойынша салық төлеуші осындай объектіге меншік құқығын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға өтініште меншік иелері көрсеткен аталған салық салу объектісінің меншік иелерінің бірі болуы мүмкін.
3. Жер учаскесіне арналған сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда, пайдаланушының жер учаскесіне қатысты жер салығын төлеуші ретінде тану үшін:
1) жер учаскесі мемлекеттік меншіктен берілген кезде – жер учаскесін беру туралы мемлекеттік органдардың актілері;
2) қалған жағдайларда азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде осындай учаскені нақты иеленуі және пайдалануы негіз болып табылады.
4. Лизинг алушы қаржы лизингiнің шартына сәйкес жылжымайтын мүлiк объектiсiмен бiрге қаржы лизингiне берiлген (алынған) жер учаскесi бойынша жер салығын төлеушi болып табылады.
500-бап. Салық салу объектісі
1. Жер учаскесi (жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiк кезiнде – жер үлесi) салық салу объектiсi болып табылады.
2. Мыналар салық салу объектiсi болып табылмайды:
1) елдi мекендердiң ортақ пайдалануындағы жер учаскелерi.
Алаңдар, көшелер, өткелдер, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, гүлзарлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектiлер (су құбырлары, жылу құбырлары, электр беру желiлерi, тазарту құрылғылары, күл-қоқыс құбырлары, жылу трассалары және басқа да ортақ пайдаланудағы инженерлiк жүйелер) алып жатқан және соларға арналған жерлер елдi мекендердiң ортақ пайдалануындағы жерлерге жатады;
2) ортақ пайдаланудағы мемлекеттiк автомобиль жолдарының желiсi алып жатқан жер учаскелерi.
Бөлінген белдеудегi ортақ пайдаланудағы мемлекеттiк автомобиль жолдарының желiсi алып жатқан жерлерге жер алаптары, жол тарамдары, өткерме жолдар, жасанды құрылғылар, жол бойындағы резервтер мен өзге де жол қызметiн көрсету жөнiндегi құрылғылар, жол қызметiнің қызметтiк және тұрғын үй-жайлары, қардан қорғайтын және әсемдік екпелер орналасқан жерлер жатады;
3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешімi бойынша консервацияланған объектiлер орналасқан жер учаскелерi;
4) жалға берiлетiн үйлердi күтiп-ұстау үшiн сатып алынған жер учаскелерi;
5) осы Кодекстің 396-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген ғимараттар, құрылыстар орналасқан жер учаскелері.
501-бап. Жекелеген жағдайларда салық салу объектiсiн айқындау
1. Темiр жолдар, оқшаулау белдеулерi, темiр жол станциялары, вокзалдар орналасқан жер учаскелерiн қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен темiр жол көлiгi ұйымдарының объектiлерiне берiлген жер учаскелерi темiр жол көлiгiнің ұйымдары үшiн салық салу объектiсi болып табылады.
2. Электр беру желiлерiнің тiректерi мен кiшi станциялар алып жатқан жер учаскелерiн қоса алғанда, балансында электр беру желiлерi бар энергетика және электрлендiру жүйесiнің ұйымдары үшiн осы ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен берiлген жер учаскелерi салық салу объектiсi болып табылады.
3. Мұнай құбырлары, газ құбырлары алып жатқан жер учаскелерiн қоса алғанда, балансында мұнай құбырлары, газ құбырлары бар, мұнай мен газ өндiрудi, тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдар үшiн осы ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен берілген жер учаскелерi салық салу объектiсi болып табылады.
4. Байланыс желiлерiнiң тiректерi алып жатқан жер учаскелерiн қоса алғанда, балансында радиорелелiк, әуе, кабельдiк байланыс желілерi бар байланыс ұйымдары үшiн осы ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген жер учаскелерi салық салу объектiсi болып табылады.
502-бап. Салық базасы
Жер салығын айқындау үшiн жер учаскесiнiң және (немесе) жер үлесінің алаңы салық базасы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |