Жоба
САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН
БАСҚА ДА МІНДЕТТІ ТӨЛЕМДЕР ТУРАЛЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОДЕКСІ
(САЛЫҚ КОДЕКСІ)
ЖАЛПЫ БӨЛІМ
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
Осы Кодекс салық салудың жалпы қағидаттарын айқындайды, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, жою, есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ салық міндеттемесін орындауға байланысты қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Кодексте қолданылатын негізгі ұғымдар
1. Салық салу мақсаттары үшін осы Кодексте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) ақпаратты өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтер – ақпаратты жинау мен жалпылауды, ақпараттық массивтерді (деректерді) жүйеге келтіруді жүзеге асыру және осы ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының билік етуіне беру бойынша көрсетілетін қызметтер;
2) арнаулы салық режимі – салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін салықтардың жекелеген түрлерін және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу мен төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есептілігін табыс етудің ерекше тәртібі;
3) бағалы қағаздар – акциялар, борыштық бағалы қағаздар, депозитарлық қолхаттар, пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, ислам бағалы қағаздары;
4) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (бұдан әрі – бюджетке төленетін төлемдер) – осы Кодексте белгіленген мөлшерде және жағдайларда жүргізілетін кедендік төлемдерді қоспағанда, бюджетке төлемақылар, алымдар, баждар түріндегі міндетті ақша аударымдары;
5) бересі – тексеру нәтижелері туралы хабарламада Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде көрсетілген сомаларды қоспағанда, есептелген, есепке жазылған және мерзімінде төленбеген салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің сомалары;
6) борыштық бағалы қағаздар – мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, облигациялар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес борыштық бағалы қағаздар болып танылған басқа да бағалы қағаздар;
7) борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт – борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құны мен бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны арасындағы айырма;
8) борыштық бағалы қағаздар бойынша купон (бұдан әрі – купон) – шығарылым шарттарына сәйкес эмитент борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құнының үстінен төлейтін (төленуге жататын) сома;
9) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйлықақы – шығарылым шарттары бойынша купон төлеу көзделетін борыштық бағалы қағаздардың бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны мен номиналдық құнының арасындағы айырма;
10) валюта айырбастаудың нарықтық бағамы – теңгенің шетел валютасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп белгілеген тәртіппен айқындалған бағамы;
11) веб-қосымша – салық төлеушінің электрондық салық қызметтерін алуына және салық міндеттемелерін орындауына арналған, уәкілетті органның дербестендірілген және санкциясыз қолжетімділіктен қорғалған интернет-ресурсы;
12) кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамы – мынадай формула бойынша айқындалған бағам:
R = (R1 + R2 + … + Rn)/n,
мұнда:
R – кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамы;
R1, R2…, Rn – кезең ішінде кезеңнің әрбір күні алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған, тиісті валютаны айырбастаудың күн сайынғы нарықтық бағамы;
n – кезеңдегі күнтізбелік күндердің саны;
13) грант – белгілі бір мақсаттарға (міндеттерге) қол жеткізу үшін өтеусіз негізде:
мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері – Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке тұлғаларға, сондай-ақ заңды тұлғаларға;
қызметі қайырымдылық және (немесе) халықаралық сипаттағы және Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін, мемлекеттік органдардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбеге енгізілген халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар – Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке тұлғаларға, сондай-ақ заңды тұлғаларға;
шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар – Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне беретін мүлік;
14) гуманитарлық көмек – халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін, сондай-ақ соғыс, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, техника, құрал-жарақтар, жабдықтар, медициналық заттар және дәрі-дәрмектер, өзге де мүлік түрінде Қазақстан Республикасына өтеусіз берілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті ұйымдар арқылы бөлетін мүлік;
15) демеушілік көмек – осы көмекті көрсететін тұлға туралы ақпаратты тарату мақсатында өтеусіз негізде:
жеке тұлғаларға жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу үшін және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметтерін дамыту, білім және спорт шеберлігі деңгейін арттыру үшін қаржылық (әлеуметтіктен басқа) қолдау түрінде;
коммерциялық емес ұйымдарға өздерінің жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін берілетін мүлік;
16) дивидендтер – бұл:
акциялар, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын кіріс;
қордың басқарушы компаниясы пайларды сатып алған кезде олар бойынша кірісті қоспағанда, пайлық инвестициялық қордың пайлары бойынша төленуге жататын кіріс;
заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кірістің бір бөлігі түріндегі кіріс;
заңды тұлғаны тарату кезінде немесе құрылтайшылар, қатысушылар салымдарының мөлшерiн пропорционалды түрде азайту арқылы не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерiн толық немесе iшiнара өтеу арқылы жарғылық капиталды азайту кезiнде, сондай-ақ заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бөлігін құрылтайшыға, қатысушыға қайтару кезінде мүлікті бөлуден түсетін кіріс;
исламдық қатысу сертификаттары бойынша төленуге жататын кіріс;
акционер, қатысушы, құрылтайшы немесе олардың өзара байланысты тарапы заңды тұлғадан:
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық бағасы мен осындай тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің акционерге, қатысушыға, құрылтайшыға немесе олардың өзара байланысты тарапына өткізілген баға арасындағы оң айырма;
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық бағасы мен осындай тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің акционерден, қатысушыдан, құрылтайшыдан немесе олардың өзара байланысты тарапынан сатып алынған баға арасындағы теріс айырма;
заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне байланысты емес, оның акционерінде, қатысушысында, құрылтайшысында немесе олардың өзара байланысты тарапында үшінші тұлға алдында туындайтын шығыстардың немесе міндеттемелердің заңды тұлғаға акционері, құрылтайшысы, қатысушысы немесе олардың өзара байланысты тарапы өтемей, заңды тұлға өтейтін құны;
осы Кодекстің 163 - 165-баптарында көрсетілген кірістерді және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін кірістерді қоспағанда, заңды тұлға өзінің акционеріне, қатысушысына, құрылтайшысына немесе олардың өзара байланысты тарапына беретін кез келген мүлік пен материалдық пайда түрінде алатын кіріс.
Осы тармақшада көрсетілген мүлікті бөлуден түсетін кіріс мынадай тәртіппен айқындалады:
К = Қа – Қк,
мұнда:
К – мүлікті бөлуден түсетін кіріс;
Қа – мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің қайта бағалау мен құнсыздануын есепке алмағанда, беретін тұлғаның бухгалтерлік есебінде көрсетуге жататын (көрсетілген) беру күнгі баланстық құны;
Қк:
төленген жарғылық капиталдың мүлікті бөлу санына пропорционалды түрде жүзеге асырылатын акциялар санына тиесілі мөлшері;
төленген жарғылық капиталдың мүлікті бөлуге қатысу үлесіне пропорционалды түрде жүзеге асырылатын қатысу үлесіне тиесілі, бірақ оны сатып алу және (немесе) мүлікті бөлу пайдасы үшін жүзеге асырылатын қатысушы жүргізген жарғылық капиталға жарналар төлеу шығындарының сомасынан аспайтын мөлшері.
Осы тармақшада көрсетілген оң немесе теріс айырма салық салу объектілерін түзету кезінде айқындалады. Бұл ретте салық салу объектілерін түзету Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүргізіледі. Осы тармақшаның мақсаттары үшін өзара байланысты тараптар осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалады;
17) дизайнерлік қызметтер көрсету – көркемдік нысандарды, бұйымдардың сыртқы түрлерін, ғимараттардың қасбеттерін, үй-жайлар интерьерлерін жобалау бойынша көрсетілетін қызметтер; көркемдік конструкциялау;
18) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт – Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген құзыретке сәйкес құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге арналған не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға не жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған шарт.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын және (немесе) су қойнауын пайдалану құқығын берудің басқа түрлері де жатады.
Бұл ретте осы Кодексте қолданылатын «барлауға арналған келісімшарт», «өндіруге арналған келісімшарт», «бірлесіп барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» және «барлау мен өндіруге арналған лицензия» терминдері «жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт» ұғымына, «барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» термині «бірлесіп барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» ұғымына сәйкес келеді;
19) салықтар бойынша аудит қорытындысы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтар бойынша аудиттің нәтижелері жөнінде жасалған қорытынды;
20) жеке тұлғаның жеке мүлкі – жеке тұлғаның меншік құқығындағы немесе ортақ меншіктегі үлесі болып табылатын, мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
жеке тұлға кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланбайтын;
мүліктік және өзге де кірістерден жеке табыс салығын салу объектісі болып табылмайтын материалдық нысандағы заттары;
21) минералды шикізат – қатты пайдалы қазбалар;
22) жер қойнауын пайдаланушылар – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығын иеленуші жеке немесе заңды тұлғалар;
23) өндіру – жер қойнауынан үстіңгі бетіне мемлекеттік меншік болып табылатын пайдалы қазбаларды, сондай-ақ техногендік минералды түзілімдерді алып шығумен байланысты барлық жұмыстар (операциялар) кешені;
24) минералды шикізатты бастапқы өңдеу (байыту) – тау-кен өнеркәсібі қызметінің түрі, ол сол жерде жинауды, бөлшектеуді немесе ұсақтауды, жіктеуді (сұрыптауды), брикеттеуді, агломерациялауды және физикалық-химиялық әдістермен байытуды (пайдалы қазбалардың минералды нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйін, кристалл- химиялық құрылымын сапалы өзгертпей) қамтиды, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру бойынша арнайы жұмыс түрлері (жерастын газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтілену, сусымалы кен орындарын драждық және гидравликалық өңдеу) болып табылатын өңдеу технологияларын қамтуы мүмкін;
25) көмірсутегілерді дайындау – көмірсутегілерді дайындайтын технологиялық процестер кешені, оның ішінде жинау, дайындауға жеткізу, ұңғыма сұйықтығының өлшегіш қондырғыларға түсуі, газын шығару, сусыздандыру, тұзсыздандыру, тұрақтандыру, демеркаптанизация;
26) пайдалы қазба – химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері материалдық өндіріс және (немесе) тұтыну саласында және (немесе) тікелей немесе өңдеуден кейінгі өзге де мұқтаждар үшін пайдалануға мүмкіндік беретін жер қойнауындағы табиғи минералды түзілімдер, көмірсутегілері және жерасты сулары;
27) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі - филиал, өкілдік;
28) инвестициялық алтын – мынадай шарттарға сәйкес келетін алтын:
алтын монеталар үшін:
мұндай алтын монеталардың нумизматикалық құндылығы болмайды;
алтын монеталардың тазалығы жалпы массасының 1000 үлесінің 900 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 900-сынамаға, 900 промиллеге, тоғыз жүз пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес келеді).
Бұл ретте алтын монета мынадай шарттардың біріне сәйкес болған кезде:
1800 жылға дейін соғылған;
«пруф» (proof) сапасымен бетінің айнадай болып шығуын қамтамасыз ететін технология бойынша соғылған;
шығарылымының таралымы 1000 данадан аспаған;
оның нарықтық бағасы монета құрамындағы алтын құнының сексен пайызынан асқан жағдайда, оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады.
Монетаның құрамындағы алтынның құны алтын монетаны өткізу күні алтынның Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы белгілеген алтынның таңертеңгі фиксингін (баға белгіленімін) көрсетілген күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамына көбейту арқылы айқындалады.
Қалған алтын үшін:
мұндай алтын аффинирленген болып табылады (мұндай алтынның тазалығы лигатуралық массаның 1000 үлесінің 995 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 995-сынамаға, 995 промиллеге, тоқсан тоғыз бүтін оннан бес пайызға немесе 23,88 каратқа сәйкес келеді);
мұндай алтын ұлттық немесе халықаралық стандартқа сәйкес келеді, өлшеуіш немесе стандартты құйма және (немесе) тілім түрінде дайындалып, мынадай таңбалау салынады:
стандартты құйма және (немесе) тілім үшін:
сериялық нөмірі (дайындалған жылы қамтылуы мүмкін);
дайындаушының тауар белгісі;
алтынның тазалығы (массалық үлесі);
егер сериялық нөмірге енгізілмеген болса, дайындалған жылы;
өлшеуіш құйма үшін:
металдың атауы;
дайындаушының тауар белгісі;
алтынның тазалығы (массалық үлесі);
құйманың массасы;
29) инжинирингтік қызметтер көрсету – инженерлік-консультациялық қызметтер көрсету, зерттеу, жобалау-конструкторлық, есептеу-талдау сипатындағы жұмыстар, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау, өндірісті ұйымдастыру және басқару, өнімдерді өткізу саласында ұсынымдар әзірлеу;
30) ислам бағалы қағаздары – ислам жалдау сертификаттары мен ислам қатысу сертификаттары;
31) кәсіби медиатор – Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасына сәйкес қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиатор;
32) келісімшарттық қызмет – жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызметі;
33) құпиялылық туралы келісім – геологиялық ақпаратты пайдалануға беруге негіз болған, жер қойнауын пайдаланушы мен жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган арасындағы шарт (келісім). Мұндай шартқа (келісімге) ақпаратты алу туралы шарт та (келісім) жатады;
34) келісімшарттан тыс қызмет – жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерінде тікелей көзделмеген кез келген өзге қызметі;
35) консультациялық қызметтер көрсету – басқарушылық, экономикалық, қаржылық, инвестициялық мәселелерді, оның ішінде стратегиялық жоспарлау, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен жүргізу, персоналды басқару мәселелерін шешу мақсатында проблемаларды және (немесе) тұлғаның мүмкіндіктерін айқындау мен (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар, кеңестер және өзге де нысандағы консультациялар беру бойынша қызметтер көрсету;
36) қайырымдылық көмек – өтеусіз негізде:
демеушілік көмек түрінде;
жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау түрінде;
коммерциялық емес ұйымға оның жарғылық қызметін қолдау мақсатында;
әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымға, осы ұйымның осы Кодекстің 135-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында;
осы Кодекстің 135-бабының 3-тармағында көрсетілген шарттарға сай келетін, қызметін әлеуметтік салада жүзеге асыратын ұйымға берілетін мүлік;
37) жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау – салық агентінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғаға республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының басында қолданыста болатын ең төмен жалақының елу бес еселенген мөлшерi шегiнде мүлікті бiр жыл өтеусіз беруі.
Осы тармақшада көзделген тұлғалар санаттарының тізбесін уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді;
38) қатысу үлесі – акционерлік қоғамдар мен пайлық инвестициялық қорларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаның бірлескен қызметке, заңды тұлғаның жарғылық капиталына үлестік қатысуы;
39) қыздырылатын темекісі бар өнімдер – темекінің жану процесінсіз электрондық немесе өзге де тәсілмен темекіні қыздыру нәтижесінде түзілген аэрозольді ішке тартуға арналған темекісі бар өнімдер;
40) жұмыскер – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;
мемлекеттік қызметші;
мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, директорлар кеңесінің немесе жоғары басқару органы болып табылмайтын салық төлеушінің өзге де басқару органының мүшесі;
осы Кодекстің 191-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің резидентке немесе Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын өзге бейрезидентке персоналды беруіне арналған келісімшарт бойынша жұмыс істеу үшін ұсынылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
41) маркетингтік қызметтер көрсету – тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын әзірлеуді қоса алғанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысына үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты қызметтер көрсету;
42) мемлекет атынан алушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және (немесе) өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), осы Кодекстің 308-1-бабында көзделген, Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген салық міндеттемесін орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды алушы ретінде мемлекет атынан әрекет ететін заңды тұлға;
43) мемлекеттік кіріс органы – өз құзыреті шегінде салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасындағы кеден ісін іске асыруды, Қазақстан Республикасының заңдарымен осы органның қарауына жатқызылған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган;
44) өткізу – сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды не өзге де мүлікті тиеп жіберу және (немесе) беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, лизинг шарты бойынша мүлікті беру, сондай-ақ борышкер кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған жағдайда, кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беру;
45) жекеше практикамен айналысатын адам – жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор;
46) роялти – мыналар үшін:
пайдалы қазбаларды өндіру және техногендік түзілімдерді қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;
зияткерлік меншік объектісіне мүліктік (айрықша) құқықтарды толығымен немесе ішінара іске асыруды қоспағанда, авторлық құқықтарды, оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз етуге, сызбаларға немесе модельдерге авторлық құқықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; патенттерді, тауар белгілерін немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін;
өнеркәсіп жабдықтарын, оның ішінде бербоут-чартер немесе димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын теңіз кемелерін және димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын әуе кемелерін, сондай-ақ сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; «ноу-хауды» пайдаланғаны үшін; кинофильмдерді, бейнефильмдерді, дыбыс жазуды немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төленетін төлем;
47) салық агенті – осы Кодекске сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндет жүктелген дара кәсіпкер, жекеше практикамен айналысатын адам, заңды тұлға, оның ішінде бейрезидент заңды тұлға;
48) салық берешегі – бересілер, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың төленбеген сомалары. Тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұлдар сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалу бөлігінде көрсетілген айыппұлдар сомасы салық берешегіне қосылмайды;
49) салық режимі – осы Кодексте белгіленген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі барлық салық міндеттемелерін есептеу кезінде салық төлеуші қолданатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасы нормаларының жиынтығы;
50) салықтар – осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер;
51) салық төлеуші – салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуші болып табылатын тұлға және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
52) салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты – салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескерілген) сомасын, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың сомасын есепке алуға арналған құжат, оның ішінде электрондық нысандағы құжат;
53) салық төлеушінің электрондық құжаты – белгіленген электрондық форматта берілген, қабылданғаннан және бірдейлігі расталғаннан кейін салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат;
54) салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы – Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес алынған, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дәйектілігін, оның салық төлеушіге тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық нышандардың реттілігі;
55) сыйақы – мынадай:
кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) алынған (берілген) сомасын, банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға өзге де төленетін төлемдерді қоспағанда, кредитке (қарызға, микрокредитке) байланысты барлық төлемдер.
кредиттің (қарыздың) алынған (берілген) сомасын, банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін өзге де төлемдерді қоспағанда, банк талап ету құқығын Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік қоржындарының сапасын жақсартуда маманданған ұйымға берген кредитке (қарызға) байланысты барлық төлемдер;
мыналарды:
мұндай мүлік алынған (берілген) құнды;
лизинг шартының талаптарына сәйкес коэффициентті (индексті) қолдану кезінде лизингтік төлемдер мөлшерінің өзгеруіне байланысты төлемдерді;
лизинг алушы үшін лизинг беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, қаржы лизингі шарты бойынша, оның ішінде осындай төлеу шартымен қоса өзара байланысты тарапқа мүлікті беруге байланысты барлық төлемдер;
салым (депозит) сомасын, сондай-ақ салымды (депозитті) қабылдап алған тарап үшін салымшы (депозитор), өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, салымдар (депозиттер) бойынша барлық төлемдер;
сақтандыру сомасының мөлшерін, сақтанушы үшін сақтандырушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру шартымен байланысты барлық төлемдер;
дисконт не купон (дисконтты не бастапқы орналастырылу құнынан және (немесе) сатып алыну құнынан алынған сыйлықақыны есепке алумен), сыйақы төлейтін тұлға үшін оның борыштық бағалы қағаздарын ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға төленетін төлем түріндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша барлық төлемдер;
вексельде көрсетілген соманы, вексель беруші үшін оның вексельдерін ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, вексель бойынша барлық төлемдер;
репоны жабу бағасы мен ашу бағасы арасындағы айырма түріндегі репо операциялары бойынша барлық төлемдер;
исламдық жалдау сертификаттары бойынша барлық төлемдер;
Осы тармақшаның мақсатында банктік шот шарттары бойынша төленетін сыйақылар да сыйақы деп танылады;
56) туроператор көрсететін қызметтер – Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес өздері қалыптастырған туристік өнімді турагенттерге және туристерге өткізу жөніндегі туристік операторлық қызметке (туроператорлық қызметке) лицензиясы бар дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның көрсететін қызметтері;
57) тұлға – жеке тұлға және заңды тұлға; жеке тұлға – Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; заңды тұлға – Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйым (бейрезидент заңды тұлға). Осы Кодекстің мақсаттары үшін шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған компания, ұйым немесе басқа да корпоративтік құралым олар өздері құрылған шет мемлекеттің заңды тұлғасы мәртебесіне ие ме, жоқ па, қайда құрылған, - осыған қарамастан дербес заңды тұлғалар ретінде қаралады;
58) уәкілетті заңды тұлға – салық төлеушінің (салық агентінің) және (немесе) үшінші тұлғаның осы Кодекске сәйкес билік етілуі шектелген және (немесе) кепілге салынған мүлкін өткізу саласындағы уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;
59) уәкілетті мемлекеттік органдар – салық органдарын және жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыруға уәкілеттік берген, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреттері шегінде салық органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
60) уәкілетті орган – салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
61) уәкілетті тұлға – осы Кодекстің 81-тарауына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде жеке тұлғалар бойынша бар мәліметтерді уәкілетті органға ұсыну міндеті жүктелген тұлға;
62) ұтыстар — салық төлеушілердің конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар бойынша, салымдар мен борыштық бағалы қағаздарға байланысты ұтыс ойындарын қоса алғанда, ұтыс ойындары бойынша алатын заттай және ақшалай түрдегі кірістердің кез келген түрлері, сондай-ақ құмар ойында және (немесе) бәс тігуде алынған мүліктік пайда түріндегі кірістер;
63) электрондық салық төлеуші – Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеуші;
64) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі – уәкілетті органның ақпараттық жүйесі, ол арқылы электрондық нысанда жазып берілген шот-фактураларды қабылдау, өңдеу, тіркеу, беру және сақтау жүзеге асырылады;
65) электрондық сигареттер – электрондық технологиялардың көмегімен (картридждердегі, резервуарлардағы және электрондық сигареттерде пайдалануға арналған басқа да контейнерлердегі) құрамында никотин бар сұйықтықты қыздыратын және ішке тартуға арналған аэрозольді түзетін темекісіз өнімдер;
66) оператор – өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес құратын немесе айқындайтын заңды тұлға;
67) тауарларға арналған ілеспе жүкқұжат – осы Кодексте белгіленген жағдайларда, тәртіппен, нысан бойынша және мерзімде электрондық нысанда ресімделетін құжат;
68) тауарлардың импорты – Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына әкелу, сондай-ақ тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
69) әлеуметтік төлемдер – Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңына сәйкес төленетін әлеуметтік аударымдар, Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және жарналар;
70) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі – осы Кодекстің 18-бөлімінде белгіленген тәртіпті қоспағанда, осы Кодекстің ерекше бөлімінде белгіленген салықтарды және бюжетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу, олар бойынша салық есептілігін ұсыну тәртібі;
71) жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар – жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге қатысы бар, оның ішінде жерасты суларын, емдік балшықтарды барлауға және өндіруге, ағынды суларды шығару үшін жер қойнауын барлауға байланысты, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану бойынша жұмыстар;
72) мұнай операциялары – көмісутегілерін барлау, өндіру, қажетті технологиялық және өндірістік объектілерді салу және (немесе) пайдалану бойынша жұмыстар.
2. Осы Кодекстің мақсатында мынадай талаптардың біреуіне не бірнешеуіне сәйкес келетін өзара қатынасы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар өзара байланысты тараптар деп танылады:
1) бір тұлға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес басқа тұлғаның үлестес тұлғасы болып танылады;
2) бір тұлға басқа тұлғаның ірі қатысушысы болып табылады;
3) шартпен байланысты тұлғалар, оған сәйкес олардың біреуі басқасының қабылдайтын шешімін айқындауға құқылы;
4) заңды тұлға басқа заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе лауазымды тұлғасының бақылауында болады;
5) бір заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы немесе лауазымды тұлғасы басқа заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы не лауазымды тұлғасы болып табылады;
6) заңды тұлға басқа заңды тұлғамен бірлесіп, үшінші тұлғаның бақылауында болады;
7) тұлға өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп, осы тармақтың 2) - 6) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның не заңды тұлғалардың қатысу үлестерінің он және одан да көп пайызын иеленеді, пайдаланады, оған билік етеді;
8) акционерлік қоғамның тәуелсіз директорын қоспағанда, жеке тұлға осы тармақтың 2) - 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды тұлғасы болып табылады;
9) жеке тұлға заңды тұлғаның ірі қатысушысының не лауазымды тұлғасының жақын туысы не жекжаты (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, әпке-сiңлiлері (іні-қарындастары), ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып табылады.
Осы тармақтың мақсатында акционерлік қоғамдарды қоспағанда, заңды тұлғаның мүлкіндегі үлесі он және одан да көп пайызды құрайтын қатысушы ірі қатысушы деп түсініледі.
Заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігі заңды тұлғаны бақылау деп түсініледі.
3. Қазақстан Республикасының салық заңнамасының басқа арнаулы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағынасында пайдаланылады.
4. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңнамасы салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының сол салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Осы Кодексте көзделмеген салықтарды және бюджетке төленетін басқа да төлемдерді төлеу жөніндегі міндет ешкімге жүктелуге тиіс емес.
3. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің арасында қайшылықтар болған кезде салық салу мақсатында осы Кодекстің нормалары қолданылады.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, салықтық қатынастарды реттейтін нормаларды Қазақстан Республикасының салықтық емес заңнамасына қосуға тыйым салынады.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, көрсетілген шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады және барлық жеке және заңды тұлғаларға және осы Кодексте салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеушілер ретінде, сондай-ақ тиісті салықтық және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді өндіріп алу және әкімшілендіру бойынша өзге де рәсімдерге қатысушылар ретінде айқындалған олардың құрылымдық бөлімшелеріне қолданылады.
2. Осы Кодекске жаңа салықты және (немесе) бюджетке төленетін төлемді белгілеу, мөлшерлемені жоғарылату, салық салынатын объектіні және (немесе) салықтық базаны өзгерту, салық төлеушілердің (салық агненттерінің, операторлардың) санаттарын ұлғайту, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша шегерімді немесе жеңілдікті алып тастау немесе азайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей жылына бір реттен артық емес қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың
1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізілуі мүмкін.
3. Осы Кодекске салықтық әкімшілендіру, салық есептілігін белгілеу ерекшеліктері, салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын жақсарту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар жылына бір реттен артық, бірақ ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануы мүмкін.
4. Осы Кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар дербес құқықтық реттеу нысанасын қамтитын заңдардың мәтіндеріне қосылмайды (2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі).
5. Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің жаңа салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін төлемдерді белгілейтін, мөлшерлемені жоғарылататын, жаңа міндеттер белгілейтін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын нашарлататын ережелерінің кері күші болмайды.
4-бап. Салық салу принциптерінің ұғымы мен мәні
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы осы Кодексте белгіленген салық салу принциптеріне негізделеді.
Қазақстан Республикасы салық заңнамасының ережелері салық салу принциптеріне қайшы келмеуге тиіс.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы ережелерінің салық салу принциптеріне қайшы келуі анықталған жағдайда, мұндай ережелер қолдануға жатпайды, егер қайшылықтар тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қараған кезде анықталса, тексеру нәтижелері қайта қарауға жатады.
5-бап. Салық салудың міндеттілігі принципі
Салық төлеуші салық міндеттемесін, салық агенті салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндеттемені Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес толық көлемде және белгіленген мерзімде орындауға міндетті.
6-бап. Салық салудың айқындылығы принципі
1. Қазақстан Республикасының салықтары және бюджетке төленетін төлемдері айқын болуға тиіс. Салық салудың айқындылығы салық төлеушінің салық міндеттемесінің, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндетінің туындауы, орындалуы және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленуін білдіреді.
2. Салық салу шарттары, егер салық төлеуші (салық агенті) бюджетке қандай салықтарды және (немесе) төлемдерді қашан және қандай тәртіппен төлеуге, сондай-ақ олардың сомаларын есептеу үшін жеткілікті мәліметтерді беруге міндетті екендігін белгілей алатын болса, айқындалған болып есептеледі.
7-бап. Салық салудың әділдігі принципі
1. Қазақстан Республикасында салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады.
2. Жеке-дара сипаттағы салық жеңілдіктерін беруге тыйым салынады.
3. Ешкімге де бір кезеңде бір салық салынатын объект бойынша бір салық түрімен, бір бюджетке төленетін төлем түрімен қайтадан салық салынуы мүмкін емес.
8-бап. Салық төлеушілердің адалдығы принципі
1. Салық төлеуші (салық агенті) салық міндеттемесін орындау бойынша іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) жүзеге асыруда адал болады деп болжанады.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық пайда (салықтық үнемдеу) алу және салық төлемдерін азайту мақсатында өзінің заңсыз немесе адал емес іс-әрекеттерімен пайда табуына жол берілмейді.
3. Егер салық төлеушінің (салық агентінің) салық органының алдын ала алынған жазбаша жеке түсіндіруіне сәйкес орындаған салық міндеттемесі кейіннен кері қайтарып алынған, қате деп танылған немесе орнына жаңа, мағынасы жағынан өзге түсіндіру жіберілген болса, онда салық төлеушіге айыппұлдар мен өсімпұлды есебіне жазбай, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау кезінде салық міндеттемесі түзетуге (түзеуге) жатады.
4. Салық төлеуші (салық агенті) жол берген салық заңнамасын бұзушылық негізделген, салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталған болуға тиіс. Тұжырымдарды негіздеу және салық заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын жағдайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.
5. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау кезінде салық заңнамасының барлық айқынсыздықтары мен реттелмеген мәселелері салық төлеушінің (салық агентінің) пайдасына түсіндіріледі.
9-бап. Салық жүйесінің біртұтастығы принципі
Қазақстан Республикасының салық жүйесі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты бірыңғай жүйе болып табылады.
10-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы принципі
Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер ресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға жатады.
11-бап. Салық саясаты
Салық саясаты – мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделері тепе-теңдігінің сақталуы негізінде қамтамасыз ету мақсатында жаңа салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді белгілеу және қолданыстағыларының күшін жою, мөлшерлемелерді, салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салық базасын өзгерту жөніндегі шаралар жиынтығы.
Салық саясаты жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпке сәйкес салықтық жеңілдіктерді қолданудың тиімділігін талдауды жүзеге асырады. Қолданысқа енгізілу мерзімі –
2020 жылғы 1 қаңтар.
12-бап. Салық салу мәселелері жөніндегі консультациялық кеңес
1. Салық міндеттемелерін орындау барысында туындауы мүмкін түсініксіздіктерді, дәлсіздіктер мен қайшылықтарды жою, сондай-ақ салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтарудың ықтимал схемаларының жолын кесу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Консультациялық кеңес құруға құқылы.
2. Консультациялық кеңес өз қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасы салық заңнамасының нормаларын қолдану бойынша бірыңғай ұстаным әзірлейді және қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс береді.
3. Консультациялық кеңестің құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2-ТАРАУ. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ. САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ӨКІЛДІК
13-бап. Салық төлеушінің (оператордың) құқықтары мен міндеттері
1. Салық төлеуші (оператор):
1) салық органдарынан қолданылып жүрген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, салық заңнамасын қолдану бойынша түсіндірмелер алуға;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жеке өзі не өзінің заңды немесе осы Кодекстің 18-бабына сәйкес уәкілетті өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтар бойынша аудит жүргізуге шарт жасасуға;
4) осы Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;
5) салық органында салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық нысанда салық есептіліктері мен өтініш беру үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуді тегін алуға;
6) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау қорытындылары туралы хабарламаға, сондай-ақ салық органдарының лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
7) берілуі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін, авиациялық отын, биоотын және мазут өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасында тікелей көзделген ақпарат пен құжаттарды қоспағанда, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге жатпайтын ақпарат пен құжаттарды бермеуге;
2. Салық төлеуші жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша салық міндеттемелерінің бар-жоғы туралы хабардар ету мақсаттары үшін өзінің телефон нөмірлері және электрондық поштасының мекенжайлары туралы мәліметтерді салық органына ұсынуға құқылы.
3. Салық төлеуші (оператор):
1) салық міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға;
2) салық органдарының талап етуі бойынша салықтар бойынша аудит жүргізуге арналған шартты және осындай шарт жасалған жағдайда, салықтар бойынша аудит қорытындысын ұсынуға;
3) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы және акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін, авиациялық отын, биоотын және мазут өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңдарында көзделген ақпарат пен құжаттарды беруге;
4) бақылау-кассалық машиналарды қолданған кезде қойылатын талаптарды сақтауға;
5) ауыспалы есептерді, қолма-қол ақшаны есепке алу кітаптары мен тауар чектерін, сондай-ақ жою, қайтару чектерін және жою мен қайтару операциялары жүргізілген бақылау чектерін басып шығарылған немесе толығымен толтырылған күнінен бастап бес жыл бойы сақтауға міндетті.
4. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген өзге де құқықтары бар және өзге де міндеттері болады.
14-бап. Салық агентінің (оператордың) құқықтары мен міндеттері
Салық агентінің (оператордың), осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеуші сияқты құқықтары бар және сондай міндеттері болады.
15-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау
1. Салық төлеушіге (салық агентіне) оның құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріледі.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Салық органдарына және олардың лауазымды тұлғалары мен жұмыскерлеріне салық төлеушілерден салық заңнамасында көзделмеген міндеттерді орындауды талап етуіне тыйым салынады.
16-бап. Осы Кодексте реттелетін салықтық қатынастарда өкілдік ету
Достарыңызбен бөлісу: |