Дөңгелек үстел жазбаша да өтуі ықтимал. Ондай жағдайда студенттер (мәселен семинар немесе практикалық сабақтарда) парақтарына өз ойлары мен идеяларын белгіленген уақыт аумағында (2-3 минут) жазып, уақыт аяқталған соң оң жағындағы көршілеріне парағын ысырады. Көршілері алдыңғы жолдасының жазғанымен танысып, сол ойларды ары қарай жалғастырады. Белгіленген уақыт өте парақтар тағы да оңға қарай жылжытылады да жазуды толықтыру әрі қарай жалғаса береді. Жазба жұмысы парақтың жазу иесіне қайтып оралғанша жалғаса береді. Бүкіл үстелді айналып өткен парақ қолына тигенде, парақ иесі жазғандардың бәрімен де танысып шығып, қорытынды тұжырым жазады.
Жазбаша өткізілген дөңгелек үстелде барлық студенттер бір мезгілде жұмыс жасайды, олар бір-бірінің жазғанына тәуелді болады, сондықтан да бір-бірінің алдындағы жауапкершілікті сезінеді: егерде ол еш нәрсе жазбайтын болса, өз көршісіне қиындық туғызатындығын біледі. Ал оқытушының әрбір топтың қалай жұмыс істегендігін бағалап, олардың ойлары мен идеялары қалай, қандай бағытта, қандай дәрежеде дамығандығын аңғаруына болады.
Студенттердің өз идеяларын бір параққа ғана жазуына да болады, онда топта бір парақ қана айналымда болады.
Бестармақ – ойды тиянақтап, өзіндік түсінікті нақты сөздермен келтіруге мүмкіндік беретін тәсіл. Бұл тәсілде студенттер өз ойын қорытындылау үшін тек 11 сөзді қолдануы керек. Бестармақ жазбаша төменде көрсетілген схема бойынша орындалады. Ол бес жолдан тұрады, ал әрбір жол саны және сөз таптары белгіленген сөздерден құралуы керек. Бестармақты жиі Бес жолды өлең деп те атайды, бұл ағылшынның Cinquin (синквин), яғни Бес жолды өлең деген сөзінің тура аудармасы.
Бестармақтың құрамы
Бірінші тармақ (жол) 1 зат есімнен тұрады
Бұл сөз, студент пікірі бойынша, тақырыптың (проблеманың, мәтіннің, т.с.с.) негізгі мазмұнын (идеясын, ойын) айқындайды (атау, термин, т.б.).
Екінші тармақ 2 сын есімнен тұруы керек.
Бұл сөздер бірінші жолдағы негізгі сөзді анықтауы керек, соған сын-сипат береді.
Үшінші тармақта 3 етістіктің болуы шарт.
Етістіктер негізгі сөзді әрекет пен іс-қимыл тұрғысынан сипаттауы қажет.
Төртінші жол студенттің негізгі сөзді бағалайтын кез келген сөз таптарынан тұратын 4 сөздеден тұрады.
Бұл сөздер студенттердің негізгі сөзге деген көңілін, сезімін (жақтыру/ жақтырмау, қабылдау/ қабылдамау, ұнату/ ұнатпау, жақтау/жақтамау сияқты) білдіруі керек.
Бесінші жол тағы да бір сөзден тұрады.
Бұл сөз негізгі атаудың басқаша баламасы, оның синонимі болуы керек (әдетте зат есім).
Мәселен, сабақ тақырыбы «Жанартаулар» болды делік. Өз ойларын қорытындылау мақсатымен студенттер алдымен жеке-жеке берілген уақыт ауқымында (әдетте 2-4 минут) Бестармақ құрастыруы керек. Олардың Бестармағы келесідей болуы ықтимал:
Везувий
Жалынды, күркіреген,
Атқылайды, арқырайды, шашады,
Помпеяны құртқан сұмдық тау...
Тажал.
Бірінші көзге қарағанда Бестармақ кішкене балалардың ойыны іспеттес қарапайым, жұпыны, орындалуы оп-оңай тәсіл ретінде көрінуі мүмкін. Алайда тәсілді қолдану барысында студенттер аз да болса қиыншылықтарды бастан өткеріп, терең толғаныста болатындығы ақиқат.
Өйткені әдетте біз өз ойымызды жеткізуде еш шектелмейміз: қандай және қанша сөздер, қай сөз таптарын қолданатынымызды өзіміз білеміз, сол себепті де көсіліп сөйлеуімізге болады. Ал Бестармақта барлық ойды тек 11 сөз шеңберіне сидыру керек – бұл оңай шаруа емес. Бұл тәсілдің негізінде әр сөзді таңдау мен өз пікіріңді білдіру, яғни бағалау жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |