Шығу парағы – сабақ аяғында студенттер бірнеше сұраққа (2-3 сұрақ) жазбаша жауап береді. Ол сұрақтар (немесе тапсырмалар) сабақты қорытындылап, студенттің алған білімін, сабақтың қалай өткендігін бағалайды:
- Бүгін не үйрендіңіздер?
- Сабақ бойынша қандай сұрақтарыңыз бар?
- Келесі сабақта қандай мәселелерге аса назар аудару керек?
- Сабақ қызық өтті ме?
- Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?
- Бүгінгі үйренгеніңіз Сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?
- Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді?
- Осы тақырып бойынша тағы да қандай ақпарат көздерін оқисыз?
- Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз/ұсыныстарыңыз бар?
- Келесі сабақта бүгінгі сабақпен салыстырғанда, азырақ ... (ұсыныстарыңыз).
- Келесі сабақта бүгінгі сабақпен салыстырғанда, көбірек ... (ұсыныстарыңыз).
Үш қадамды сұхбат – тақырып бойынша студенттер бір-бірінен кезектесіп интервью алу тәсілі. Бұл тәсіл Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою тәсіліне ұқсас, алайда мұнда басты назарды жауапқа аудару керек.
Шағын топ ішінде (3-4 адам) студенттер тақырып бойынша бір-бірінен интервьюді келесі кезекпен алуы мүмкін:
Үш студенттен тұратын топта
А студент В-дан интервью алады, ал С олардың сұрақ-жауабын жазып отырады;
В студент С-дан интервью алады, ал А олардың сұрақ-жауабын жазып отырады;
С студент А-дан интервью алады, ал В олардың сұрақ-жауабын жазып отырады.
Төрт студенттен тұратын топта
А студент В-дан интервью алады, ал С студент Д-дан интервью алады;
В студент С-дан интервью алады, ал Д студент А-дан интервью алады;
Төртеуі де жауаптарды ортақтаса талқылайды.
Үш қадамды сұхбатты жазбаша да орындауға болады.
Әрине бұл тәсілді қолданғанда да оқытушының жұмыс ретін шығармашылық тұрғыдан өзгертіп тұруы әбден орынды.
Пікірталас – қандай да болмасын проблема бойынша қарама-қарсы пікірлерді келтіру арқылы ақиқатқа жету тәсілі.
Пікірталас өткізудің түрлері баршылық. Жалпылама олардың негізгі әрекеттері төмендегідей.
1) Екі жақты шешімі бар проблеманы келтіргеннен кейін, оқытушы студенттердің осы мәселе төңірегіндегі өз ойларын қағазға түсіріп алып, өз көзқарасын айқындауын сұрауы керек.
2) Осыдан кейін студенттер үш үлкен топтарға бөлінеді: бірінші пікірді, екінші пікірді жақтағандар және «мүмкін» деген көзқарасты ұстанғандар.
3) Студенттер бір пікірді ұстанғандар тобында өз көзқарастарын дәлелдейтін тұжырымдарды талқылап, олардың тізімін жасайды.
4) Әрбір топ бүкіл топ атынан сөйлейтін спикерді таңдайды.
5) Осыдан соң топ спикерлері кезекпен өз дәлелдерін аудиторияға белгіленген уақыт ішінде (мәселен, 2 минут) жеткізеді.
6) Спикер сөйлеп болған соң, қарсы жақтардың сұрақ қоюына болады,оларға жауапты тек спикер ғана бермей, топтың басқа да мүшелері де қайыруына болады.
7) Осылайша үш топ та өз дәлелдері мен уәждерін келтіргеннен кейін қарсыластар бір-біріне қол соғып, орындарына отырып, пікірталастан кейін бағанағы проблема жөнінде өз ойларын эссе түрінде жазбаша келтіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |