Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
Рустемова Жанар Айдарбеккызы
«Қазақ әдебиетін интерактивті оқыту әдістемесі» пәні бойынша
Дәрістер курсы
мамандығы: «5B011700-Қазақ тілі мен әдебиеті»
Қарағанды 2018
№1. Тақырыбы: Білімге деген жаңа көзқарастар мен түсініктер
Жоспары
«Білім беру» мәселесі
Оқытудың негізгі мәселелері
Білім және ақпарат
Білім игеру процесі
1.«Білім беру» мәселесі. Білім игеру процесі үйретушінің (ұстаздың) басынан білімді үйренушінің (шәкірттің) басына тасымалдау емес, ал шәкірт білімді басында жинақтаушы емес. Олай болатын болса, адамдардың бәрі де білімді болып кетер еді.
Білімді болу үшін үйренуші еңбектенуі керек, әрекет жасауы қажет. Білім өз басында пайда болу үшін адам оны есінде сақтап, түсінуі, қолдануы, талдау жасауы және бағалауы қажет. Осылай ғана білімді игеру мүмкін болар. Үйренуші өзін білім игеру процесінің басты тұлғасы ретінде сезініп қана үйренеді.
Білімге тек үйренуге болады және де үйрену ісі белсенді әрекеттерден құралуы керек: ұмтылыс пен талаптану арқылы ғана біздің білуіміз ықтимал. Білім игеру процесінің басты қағидасы «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал!» екендігін бұл жерде баса айту қажет. Білім алушының өзі үйренуге құлық, құлшыныс, ықылас пен ынта танытуы керек. Қандай керемет ұстаздар болмасын, оқуға еш ынтасы мен қызығушылығы жоқ шәкіртті үйрете алмайды.
Білімді игеру екі жақтың да (шәкірт пен ұстаздың) белсенділігін қажет етеді. Ұстаздың мұнда дәстүрлі де үйреншікті «білім көзі», «үйретуші» рөлдерінен бас тартып, оны «ұйымдастырушы», «сабақты жүргізуші», «үйренуге жағдай жасаушы», «жәрдемші», «көмекші», «бағыт-бағдар сілтеуші», «талаптандырушы», шәкірт пен білімнің арасындағы «делдал» рөлдерімен алмастыруы керек. Үйретуші (ұстаз) білім игеру ісінде басты рөлді үйренушіге (шәкіртке) ұсынады.
Сол себепті де қазақ тілінде «білім беру» термині таным процесінің ерекшеліктерін жан-жақты айқындамайды. Мұндай ойдың айғағы ретінде басқа тілдерден мысалдар келтіріп, оларда қолданыс тапқан атауларды қазақ тіліндегілермен салыстырып көрелік.
Мәселен, осы мағынадағы ағылшынның «education» және орыстың «образование» деген сөздеріне тоқтайық.
Ағылшын сөзінің түп тамыры латынның «суырып алу» деген мағынадағы «educare» сөзіне барып тіреледі. «Суырып алу» мен білімнің арасында қандай байланыс бар десеңіз, көне гректерде (ал одан кейін римдіктерде) келесідей сенім-наным болған. Олар әрбір адам жаны өмірге келместен бұрын құдайлармен бірге тұрып, олардан бар білімді үйренген деп түсінген (бұл түсінік Платонның «Күйме» атты мифінде жан-жақты келтіріледі). Алайда бұл дүниеге келгенде, білімнің бәрі ұмыт қалады да, адам тек «о жақта» көріп, білгенін өмір бойы есіне түсіреді деп сенген көне гректер. Басқаша сөзбен айтқанда, білім шәкірттің басында сонау жаратылыс кезінде орналасқан, алайда бұл дүниеге пәк күйінде келген шәкірт оны білмейді, сондықтан да адам психикасының тұңғиығында беймәлім күйде жатқан білімді сананың бетіне «суырып алу» керек.
Ал оны кім және қалай суыруға болады? Өз басындағы білімді үйренушінің өзі «суырып алуы» керек, ал ұстаз осындай «суырып алуға» жағдай жасап, шәкіртіне жәрдем беруі керек, мәселен «еске түсіруді» жеңілдететін, ынталандыратын сұрақтар қою арқылы.
Сондықтан да болар ғұлама философ Сократ өз шәкірттерін ешқашан да үйретпеген, оның орнына оларға тек сұрақтар ғана қойып отырған (атақты маевтика тәсілі). Оның сұрақтарына жауап бере отырып, шәкірттері өз бойларында әу бастан қалыптасқан, бірақ ұмыт болып қалған білімді есіне түсіріп, бастарынан «суырып» алғандай болған. Бірде тіпті Сократ сұрақ қою арқылы қол өнер шеберінің сауатсыз, хат танымайтын 12-13 жасар көмекшісінің өздігімен Фалестің теоремасын («теңбүйірлі үшбұрыштың табанының бұрыштары бірдей болады») құрастыруына себепкер болған дейді аңыз.
Сөйтіп көне гректер үшін «білім беру» ұғымы «еске түсірумен» тең болған. Шындығында да біз бір нәрсені ұғынғанда, білгенде, оны есімізге түсіргендей боламыз. «Мен мұны бұрыннан білген сияқтымын ғой!» деген ойлардың, «де жа вю» сезімінің («мен мұны бұрын көрген сияқтымын») таным процесінде жиі орын алатындығы да сол себепті болар.
Ал орыстың «образование» деген сөзінің «қалыптасу», «ұйымдастыру» деген мағыналары да бар. Бұл ұғым білім беру жүйесінің мазмұнын және оның аяққы нәтижесін «тұлғаның қалыптасуын ұйымдастыру» деп көрсетеді. Мүнда да білім игеру екі жақты процесс ретінде көрсетіліп, үйренушінің белсенділігі меңзелетін секілді. Орыстың «обучение» деген сөзі де осындай мағынада: оны «мен үйренемін/оқимын» деп те, «ол үйретеді/оқытады» деп те түсінуге болады. Қазақ тілінде «оқыту» сөзі басқа біреудің ықпалын көрсетеді: «ол оқытады» («мен оқимын» емес).
Мүмкін біздің «білім беру» деген атауды «білім алу» (немесе «білім игеру», «оқу», «үйрену») деген терминмен алмастыруымыз керек болар? Мұнымен қатар, «үйрену» мен «үйрету», «оқу» мен «оқыту» ұғымдары ылғи да қатар қолданыста болуы шарт шығар? Бұл сұрақтарға білім процесінің әр қатысушысы өздігімен жауап берер деген ойдамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |