142
ІІІ тарау
ӘДЕБИ ШЫҒАРМА
І
Мазмұн мен форма – эстетикадағы негізгі категориялардың бірі.
Бұл ұғымды әдебиетке қатысты қолданғанда, сөз мағынасын айқындап,
ашып алу шарт, әйтпесе түрлі ағымдардың арнасына, электизмге,
мөлшерден тыс кең ыңғайға кету оп-оңай.
Әдебиеттану ғылымы, бірқатар елдерде соңғы жылдары шыққан
жаңа еңбектер бұл мәселеге тарихи тұрғыдан қарайды.
Аристотель “Поэтикасында” зерттелген негізгі проблема – көркем
шығарма формасы, оның мазмұнға әсері, сюжет түзілісі, оқиға
шырғалаңдары.
Буалоның “Поэтикалық өнер”, Лессингтің “Лаокон”
зерттеулерінде пішін, тұрпат, өзек араларындағы тұтастыққа ерекше
мән берілген.
Қадым замандардан келе жатқан осы кәделі дәстүр бір тұстарда
ұмытылғандай еді. Әр түрлі бағыттар, әдеби мектептер көркем
шығарманың мазмұны мен формасын бір-бірінен бөліп қарау
тенденциясына ойысады. ХХ ғасырдың басында әдебиеттану қайтадан
түр проблемасына терең көңіл аудара бастады.
Кейбір философтар, әдебиетшілер формализмді өнердің жалпы
теориясы ретінде ұсынды. Бұл бағыттың философиялық негізі
И.Канттың формальды логикасының “Субъект объектіге байланыссыз
өмір сүреді, субъектінің дамуында, оның түрлі кейіпке ие болуында
өзіндік ішкі заңдылық бар” дейтін тұжырымында жатыр.
Академиялық
бағыттағы
оқымыстылар
библиографиялық,
историографиялық ізденістер соңына түсіп, текстологияны қуып кеткен
шақта, қалың оқырман арасында күнделікті баспасөз, газет-журнал
төңірегіндегі сыншылардың есімі әйгілі болған ХХ ғасыр басында
аренаға
шыққан
Б.Эйхенбаум,
Ю.Тынянов,
В.Шкловский,
В.Жирмунский,
Р.Якобсон
сияқты
зерттеушілер
әдебиеттану
ғылымында жаңа принциптер ұсынды.
В.Шкловский: “Көркемөнер – амал, тәсіл”; Ю.Тынянов: “Өлең –
белгілі конструкциялардың жиынтығы”; Б.Эйхенбаум: “Біз үшін мәнді
нәрсе - әдіс емес, зерттеудің пәні, объектісі”, - дейді. Кейінірек
В.Шкловский: “формализмнің бірінші теориялық қадамы өмірден іргені
бөлек салу еді”, - деп жазды (“Литературная газета”, 15 марта, 1936).
Орыс формалистері бірталай зерттеу берді. Б.Эйхенбаум “Жас
Толстой”, “Лермонтов”, “Некрасов”, “Шинель қалай жасалған” деген
143
еңбектерінде көркем шығарманы тану мен бағалаудың өзгеше
өлшемдерін ұсынған.
Бұлар көркем шығармадағы шешуші дүние деп ұсақ бөлшектердің
қиысуын, конструкциялануын, өзара тіркесуін айтады. Әдебиет
ғылымы үшін қажет шарт – түрді, форманы, дыбыстық жүйені зерттеу,
сюжеттік схемаларды қарастыру деп біледі.
Формалистер көркем шығарманың тууына әлеуметтік фактор,
ұлттық фактор ықпалды әсер етпейді деп есептейді. Олардың қисыны
бойынша шығарманың нәрін тану, оның табиғатын түсіну деген сөз –
формасын қарастыру, конструкциясын түсіну. Осы орайда жаңа термин
ұсынады: мазмұнның орнына – материал, форманың орнына –
конструкция.
Орыс формалистері поэтикалық тілді зерттеу қоғамына (ОПОЯЗ)
бірігіп, үш бағытта жұмыс істеген:
1.
Шығарма талдауда конструкция принципін орнықтыру;
2.
Форманың шағын түрлерін – клеткаларын табу;
3.
Көркемөнердің атсыз тарихын жасау.
Формалистер үшін Шекспир де бір, Иван да бір болып шықты.
Бұл сарын – формализм кейін абстракционизмге ұласты.
Абстракционизм сурет өнерінде, көркем шығармада ғана төбе көрсетіп
қойған жоқ, әдебиеттану мен көркем өнертанудың ғылымына да ықпал
жасады.
Қазіргі заман эстетикада мазмұн мен форма арасындағы
байланыс проблемасы туралы көптеген зерттеу еңбектері шықты.
Ғылымның бүгінгі өскен өресіндегі ұғым бойынша форма дегеніміз
– мазмұнды, мәнді форма. Әрқашан форманың материалдық негізі бар.
Ғылымның, идеологияның басқа салаларындағы формаға
қарағанда, әдебиеттегі форма көп жағдайда тұрақты. Әдебиеттегі түр
ұлттық тілмен, ұлттық дәстүрмен тығыз байланысты. Бір халықтың
әдебиетіне тән форманы екінші халықтың әдебиетіне қолма-қол, аяқ
астынан енгізе салу мүмкін емес.
Біз қашанда, мазмұнның ықпалды әсерін, шешуші мәнін
мойындаймыз. Екінші жағынан мазмұн белгілі бір форма арқылы өмір
сүре алады. Форма бұзылса, мазмұн да бұзылмақ. Өзіне лайық форма
тапқан мазмұн жаңа дүние, жаңа шеңбер жасайды. Шығармадағы
мазмұн мен форманы жалпы теориялық тұрғыдан қарастыру аз,
мәселені әр уақытта нақты, дәлді деректерге сүйене отырып зерттеу
керек. Бір орайда мазмұн болған компонент екінші орайда форма
ретінде қаралуы мүмкін. Мазмұн формаға, форма мазмұнға ауысады.
Шығарма мазмұнын айқындайтын құбылыстардың бірі – тақырып
тіршілік көріністерінің жадағай көшірмесі емес, ол – суреткердің қиялы,
дүние танымы арқылы авторлық идеал, биік мұрат тұрғысынан
екшелген, сұрыпталған өмір құбылыстарының шеңбері.
144
Эстетика тақырып мәселесін суреткердің қоғамдық көзқарасымен
тұтас бірлікте қарайды. Белгілі бір тақырыпқа бару арқылы суреткер өз
ықыласын танытпақ.
Тақырыпты мазмұн деп қарайтын болсақ, ол мінездер,
адамдардың қақтығысы, көркем бейнелер арқылы эстетикалық ой,
көркем ой, идеяға айналады.
Бір құбылыс, өмірдегі бір оқиға өнерпаз тәжірибесіне, талант
тегеурініне сәйкес әр жазушы туындысында өзгеше бояумен, өзгеше
сөзбен, өзгеше астармен көрініс табады.
Өнер туындыларында идея әрқашан силлогизм емес, сығып
алатын сөк емес, суырып алатын суыртпақ емес. Тақырыпқа қарағанда
идеяның аясы кең, идеяға қарағанда бейненің әсері мол. Осы орайда
бір шығарма туралы әр түрлі ой, пікір туу себебін, бір шығарманың сан
ықылым замандар, ұзақ уақыттар бойы өлмеу сырын түсінуге болады.
Тақырып пен идея санаткер психологиясына, әрбір қаламгердің
өзіндік лабораториясына тығыз байланысып жатады. Үнемі қинайтын,
өткелі қиын, жүгі ауыр асудың бірі осы. Жазушының объектіге келуі
оның өмірлік жолымен, өз пешенесіне жазылған тағдырымен сабақтас.
Бұл факторды ескермеу шығармадағы әр түрлі қоңыр
сарындарды, иірім сырларды дәл ұғып, терең бағалауға бөгет жасамақ.
Николай Гоголь Александр Пушкиннен қысқа күлдіргі естіген соң,
екі айдан кейін өлмес комедиясы “Ревизорды” жазып тастағаны, ұлы
шығарма “Өлі жандар” фактісінің қайдан алынғаны көпке аян нәрсе.
Бір қарағанда, қолға оқиға түссе, көркем шығарма жазып жіберу
қиын емес сияқты. Орыс зерттеушілері Чеховтың пешенесін
жарқыратып, күлсалғышты тықылдатып отырып, Бунинге: “Жігітім,
сюжет керек пе? Сатам” – деген әзіл-шыны аралас сөзін жиі еске
алады. Мұндай жәйттер көп. Академик Конидің суық жүрісті Розалияға
байланысты айтқан әңгімесі Лев Толстойдың “Арылу” романының
арқауы болды.
Сюжеттің шығуына байланысты мифологиялық, көшпелілік
теорияларының негізсіздігі әлдеқашан дәлелденген. Эстетика ұқсас
әлеуметтік жағдайлар ұқсас ситуациялар тудыратынын ашып берді. Бір
кезде француз Жорж Полити әлем әдебиетінде көп кездесетін,
қайталанатын оқиғаларды топтап, жинақтай келіп, оның отыз алты-ақ
түрі бар деп, ал осындай бағыт-зерттеу жасаған орыс оқымыстысы
Андреев фольклор материалдарына сүйене отырып, ертегінің бір
елден екінші елге көшіп жүретін 1021 оқиғасы бар деп көрсеткен.
Бұл системаларда жасанды схема ізімен өрбіген жалған пікір
басым.
Сюжет проблемасын терең пайымдау үшін шығармадағы
оқиғалар жүйесін, олардың мінезбен байланысын тиянақты зерттеу
керек.
145
Көркем шығармада адамдар арасындағы сан алуан, қат-қабат,
шытырман, күрделі қарым-қатынастар, тұлға мен табиғат орайындағы
сала-сала
байланыстар
жан-жақты
бейнеленеді.
Болмысты
эстетикалық тұрғыдан тануда әдеби мінездің маңызы зор. Мінез –
белгілі әлеуметтік-тарихи орта, қоғамдық жағдайлардың әсерінен
туып, қалыптасқан адам мінезінің қалпы.
Рас, өмірдегі мінез әдебиетке көшкенде жазушылық қиялдың
күшімен, суреткер идеалына, шығарма мақсатына байланысты
өзгеріске ұшырап, нақтыланып, жинақылық мәнге ие болады. Ғылым
салалары философия, этнография, психология, характерді даралап
қарастырса, әдебиеттегі характер жанды, тірі күйінде көрініп, жүрекке
ұялап, сезімді қозғайды. Эстетикалық әсер береді.
Әлем әдебиетінде мінездердің сан алуан галереясы жасалған:
Алпамыс, Манас, Қарабай, Тартюф, Гамлет, Болконский, Ақбілек, Абай,
Григория Мелехов.
Суреткер мінез жасау үшін әлеуметтік ортада туған қоғамдық
тартыстарды сюжет етіп алады. Жазушының биік мұраты, асыл идеалы
жағымды бейнелер мінезін жасаумен сабақтасып жатыр. Кейіпкер,
персонаж, қаһарман, тип деген ұғымдар әр дәрежеде көрінген әдеби
мінездерді сипаттайды.
Мінезді жанды – тірі күйінде, сан қырлы бояулармен бейнелеу –
марқайған әдебиеттегі реализмнің жемісі. Адам мен адам, адам мен
қоғам, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас әуелгі кезде
оқиғалар жүйесі, оқыс қимылы қақтығысы арқылы бейнеленген.
Біздің байқауымызша, сюжет - әрбір қаламгер жаңадан жасайтын
дүние, ол бір туған соң екінші рет әсте қайталанбаса керек. Сюжет –
шығарма ауқымындағы адамдардың қарым-қатынасы, психология
көрінісі, шарпысуы, тұтас шеңбер.
Өмірдегі факт, хабар, дерек жазушы үшін шикі материал ғана,
оқиға-фаубланың өзгерген, шығарма өзегінде жанданған түрі – сюжет.
Өнердің балаң кезінде фабула шығармада шешуші қызмет
атқарса, бүгінде олай емес. Фабула сюжеттің қаңқасы, жалпы нобайы,
схемасы. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Гетенің Эккерманмен
әңгімесінде “Тассо” поэмасының сюжетін айтып беруден бас тартуын,
Гогольдің Пушкиннен оқиға айтып комедия бергенін, роман жазып
тастағанын түсіне аламыз.
Сюжетті тек оқиға жүйесі деп қарау ескірген концепция.
Бүгінгі таңдағы суреткер үшін басты нәрсе – характер, адам
мәнезіндегі даралық сипат, оның түрлі сезім иірімі, психологияның
көзге шалынбайтын нәзік сәттері.
Жазушы құбылысты жан-жақты зерттеп, әр түрлі қырынан алып
қараудан туған сан алуан бояу, мың құбылған сәулені шашыратып,
бей-берекет бытыратып жібермес үшін композицияға сүйенеді.
146
Әлемдік әдебиеттің бүгінгі дамуында сюжет ағысы тереңдеп, бір
қарағанда көзге көрінбейтін арнаға ойысса, композиция күрделілене,
ширатыла түсті. Бір кезде Мопассан пір тұтқан ұстазы Флобердің
пікірін жалғастырып, хас шебер құбылысты атау үшін бір ғана зат
есімді, анықтау үшін бір ғана сын есімді, қимылды беру үшін бір ғана
етістікті табу қажет деген болатын. Осы бағыттағы ізденістер үзіп-
жұлып әкетіп бара жатқан оқиғалардан бас тартып, психологизмге ден
қойған сюжеттің нәзіктену процесіне алып келді.
Реалистік әдебиеттегі бұл тенденция жаңа формалық жемістерді
тудырды. Егер біз түптеп келгенде, сюжетті тартыстардың көрінісі
дейтін болсақ, Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франц Кафка, Кобэ Абе
сияқты жазушылардың шығармаларын терең түсінетін боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |