ІІІ
Басқалармен тақырып ортақ, объекті ұқсас болған күннің өзінде,
хас шебер туындысында өмір құбылыстары топырақ иісін жоғалтудан,
бояу-реңінен айрылудан ада болса керек. Өйткені өнердің даралық
сипатын көрсететін, оның табиғатын ашатын негізгі эстетикалық
категорияны – бейнені халықтық ұғымнан бөліп қарау – оны мансұқ
ету.
Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінде жануарлар тірлігін қаузаған
шығармалардың көбеюі - өнердің даму процесінен туған заңды
құбылыс. Себебі ықылым замандар бойы еркін сахара төсінде, табиғат
аясында тірлік кешкен көне халықтың бүгінгі түлеу, қанат қағу
кезеңінде өмір сүріп отырған суреткері өз елінің тұрмысындағы ашық
бояу – айқын колоритті көрмесе, бейнелей алмаса, несіне жазушы
атанбақ.
Әйгілі “Көксерек”. Ертеректе жат сарынды туынды деп кінә
тағылса бүгін шедевр, жауһар деп аузымыздың суы құриды. Керемет!
Ғажап! Неге керемет, неге ғажап? Өзі бес саусағындай білетін, екі
күннің бірінде көз алдынан өтіп жататын тірлік суретінің қыр оқырманы
үшін жаңалық болған себебі не екен? Түлкі – қу, қасқыр – қорқау,
бүркіт – қыран кейпінде, бір-ақ қырынан бейнеленетін, эпостың ескі
соқпағын бұзған Мұхтар Әуезов реалистік әдебиеттердің жақсы
сабақтарына әбден ден қойған.
Бір объектіге бару алдында оны зерттеуші көзімен тексеріп,
ыждағатпен байыптап алатын, қалт жібермес машығын ескерсек,
160
Әуезовтің мәшһүр жазушы Эрнест Сетон-Томпсон шығармашылығымен
таныстығы ешқандай шәк келтірмейді.
Зоология саласындағы үздік еңбектері үшін алтын медаль алған
сұңғыла ғалым Э.Сетон-Томпсон ұзақ тірлігінде (1860 жылы туған)
оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп, жаһан әдебиетінде қызықты бет
болып қалған “Қуғындағылар”, “Қаһармандар”, “Аюдың өмірі”, “Жорға”
атты кітаптарына қасқыр, аю, бұғы, мысық, қоян, торғай, сілеусін, ит
хикаясын арқау етті. Шығарма мәнін аша түсетін барлық суреттер
жазушының өз қолынан шыққан.
Оның туындыларында әлі шырқы бұзылып үлгірмеген өткен
ғасырдағы Канада табиғатының исі аңқып тұрады. Иен өңірі жайлаған
жан-жануар тірлігі бәз қалпында, білгірлікпен суреттеледі. Э.Сетон-
Томпсон – аңшы. Әр шығармасының өмірлік материалын қолмен ұстап,
көзбен көрген. Деталь дәлдігі, объектіні өте терең сезінуі таң
қалдырады.
Жазушы
стилінде
композициялық-сюжеттік
тап-
тұйнақтылықтан гөрі, еркіндік, ыңғайға қарай көсілу басым. Автор
көбіне өз атынан баяндайды. Оқиғаға аяқ астынан килігу, өз
байламдарын айту шеберлік талаптарына нұқсан келтіретіні де рас.
Жазушының натуралистік суреттерді қуып кетпей, мәнді идеяға
ұмтылуын “Лобо” әңгімесінен көруге болады. Лобо – қасқырды аты.
Төңіректегі малшыларды қан қақсатып, зар илеткен қандыауыз топтың
көкжал басшысы. Салған у, атқан оқ, қосқан иттің бірі дарымайды
оған. Өлексеге пысқырып та қарамайды, жарып жейтіні – мал, қулық-
сұмдыққа төселіп, жырынды боп алған көкжалға тыйым жоқ секілді.
Әбден амалы таусылып, титықтаған аңшы ең ақыры қақпанмен
Аққаншықтың сілесін қатырған. Аяғын кесіп алып, әрбір қарға адым
жерге құрылған қақпандар маңына із салады. Сыңарын, мұңдасын
иісінен сезген Лобо қауіп-қатерді естен шығарып, өлім тырнағына
ілігеді. Сәкен поэмасында бір аққу үшін бір аққу құрбан болса, мына
әңгімеде де сол сарын бар.
Қызылөзен бойындағы үңгірде адам қолына түскен сегіз күшіктің
біреуінен басқасының түгел қылтасы қиылады. Жетім жалғызды
тракторшының ерке ұлы Джим асырай бастайды. Мойнын шынжыр
кескен, босап кетсе иттердің талауына түскен ызалы күшік қасқыр боп
өсіп келе жатыр. Ұяластарын мерт қылған, өзіне де талай қорлық
көрсеткен Польдің түбіне жетеді ақыры. Бұл “Винипег қасқыры”
әңгімесінің ұзын-ырғасы.
Э.Сетон-Томпсон шығармаларында жануарлар өмірі сырт көздің
қабылдауы, бағалауы арқылы бейнеленеді. Қасқыр, аю, бұғы - өзі не
сезді, не түсінді, бұл көп ретте суреткер назарынан тысқары қалады.
Оның шығармашылығы тұтастай алғанда натуралистік өреден шідер
үзіп ұзап, алысқа кете алған жоқ.
161
Дәл бір кітапқа арқау ету үшін тағдырдың өзі әдейі шырғалаңға
салғандай, аз уақытта қат-қабат тірлік кешкен Джек Лондонның
жануарлар жайлы шығармаларында адам мен табиғат, адам мен
хайуанат дүниесі арасындағы өте күрделі байланыс жан-жақты
суреттеледі. Ұзақ көлемді, мол оқиғалы “Ақазу” романын алыңыз.
Композициялық тұрғыдан шығарманың төрт бөлімі бір-біріне жымдаса
қиысып берілмегендігін аңғару қиын емес. Қысқа қайырар, түйіп тастар
жерлердің созылып, тым шұбалаңдап кеткен реті мол. Хайуанаттар
өміріндегі күйлерді талғамай адам қоғамына тели салу да баршылық.
Басқа да олқылықтарды көрсетуге болады. Не десе де әлем
әдебиетінде “Ақазу” сынды әйгілі туынды санаулы ғана.
Қақаған аязда, қасқыр қамаған меңіреу теріскейде ит жеккен
шанамен жолға шыққан екеудің халі мүшкіл-ақ. Көнтерлі жандар бұл
екеуі. Достарының сүйегін тастамай алып келе жатыр. Сөйтіп жүріп
Билл қасқыр аузында кетті. Қанды-ауыз қоршауында, тірлік үшін
майдан салған Генридің жанкештілігі көз алдыңнан кетпейтін
трагедиялық картина болып сақталып қалады.
Нағыз сойқан, қасқырлар дүниесінің қансоқтасы екінші бөлімде
бейнеленген. Бұл тарауды жеке аяқталған шығарма ретінде қарау ерсі
емес. Жолындағыны түгел жайпап, тапа, атой салған ұялас бөрі.
Жалғызкөз бен Көкқасқыр әуелде топ басында қатар жүрген.
Дұшпанға бірге аттанып, қызылға бірге бас қойған. Оның бәрі қазір
ұмыт. Ырылдасып қап, шайнасып қап жүріп, ақыры бірін-бірі тарпа
бассалды. Не ол, не бұл! Талайдың басын жұтқан кәрі жайын бұл жолы
да олқы соқпас-ау, әлгінде ғана ойнақ салған үш қар басқан
Көкқасқырдың түте-түте жүні қалды, артында еріп жүрген көп бөрі
дал-дұлын, парша-паршасын шығарып, сүйек-саяғына дейін жеп
қойды.
Жалғызкөз ит пен қасқыр ұлығуынан туған дүрегей қаншық –
Кичиге енді емексіп, жұғыса береді. Джек Лондон қасқыр әлемін
бейнелеуде Жалғызкөз бен Кичидің күшігін шебер пайдаланған.
Күшіктің көзін ашқаннан бастап дүниені қабылдауы өз түйсігі, өз
инстинкті арқылы бейнеленеді. Асығыстық, бірді айтып, бірге кету, әр
шөптің басын шалу жоқ, сатылы жолмен, заңды түрде табиғат
перзентінің қоршаған орта сырын ашуы, кім дос, кім жау екенін
аңғаруы аян болады.
Көк бөлтіріктің жаңа өмірі үндістер қолына түскеннен кейін
басталған. Ендігі аты – Ақазу. Иттердің кергісінде қыспақ, тепкі көріп
өсіп келеді. Бір мақұлық бас иетін, бар жаһанды бағындырған ие –
адам екенін әбден түсінген Ақазу бұлардың арасындағы айырманы
танитын халге жеткен. Қанша қатал ұстаса да, өз қожасындай пенде
жоқтығын Сылқым Смит қолына түскенде ұсынған. Тағдыр тезі,
жазмыш күші айналып келгенде қоршаған орта әсеріне саяды деген
162
сарын еседі. Өз күшігін бір жылдан кейін танымай қалған Кичи қылығы
көп ойға қалдырады.
Шынжырдағы Ақазудың қайнаған кек, долы ашуы талай итке жер
жастатты. Сылқым Смит осыдан нәпәқа тауып жатыр. Ундон Скот
қолына түскен Ақазу иесіне берілген, соның жолында жанын пида
етуге дайын. Адам мейірімі жібітпес қаратас жоқ.
Джек Лондон қасқыр тірлігін суреттеу арқылы зұлмат орта
моралін айыптап, адамдар арасындағы қым-қиғаш сырларға емеуірін
жасап, мегзеу, әсірелеу арқылы ішіңе от тастайды, сезімің, ойың
тұтанып жүре береді.
Мұхтар Әуезов “Көксерегін” оқығанда есіңізге осы шығармалар
түседі. Салыстырып, біріне-бірін байланыстыра қарай бастайсыз.
Әуендес көріністер, үндес сарындар, реңдес бояуларды табу қиынға
соқпайды. Бауырда жатқанында емшектестері түгел өлтіріліп, қолға
түскен күшік; иттердің кергісінде, мойнын шынжыр кесіп өскен
бөлтірік; бөрілер ортасына қайта қашып барып топ бастаған көкжал;
кісі жеген қандыауыз; ақыры адам қолынан, ит аузынан опат тапқан
қасқыр. Бұл бір жазушы екінші жазушыдан жиендік жасап, оп-оңай
көшіріп ала салған дайын сюжет, өзгермес қалып емес, құбылыс
сипатынан, объекті ерекшелігінен туған жалпы ұқсастық.
Әуезов “Көксерегі” – реалистік әдебиет дәстүрі тудырған
мотивтерді шеберлік палитрасындағы сан алуан бояулар мүмкіндігін өз
мұратына орай өнерпаздықпен жаңғырту арқылы жазылған жаңа
тынысты шығарма. Автор шағын көлемге мол мағына сыйдырған.
Бейнелеп отырған болмыстың қыр-сырын бажайлай таныған суреткер
зады ежіктеуден, мыжыма тәптіштеуден бойын аулақ салып,
жинақылыққа, тамшы арқылы көл суретін, тас арқылы тау кеспірін
елестетуді эстетикалық мұрат тұтқан. Бұл бейне табиғатына сандық
белгіден гөрі сапалық ерекшелік хас екендігін айқындап, әсемдіктің
гармонияға, симметрияға, тұтастыққа кіндіктестігін тағы да тиянақтай
түседі.
“Көксерек” хикаяты шағын-шағын сегіз тармаққа бөлінген. Бұлар
дөңгеленіп, аяқталған сом сурет, өз алдына жеке картина іспетті,
әрқайсысында әр түрлі баяндау, суреттеу тәсілдері қолданылған.
“Қара адырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат
адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы
басқан”.
Қара қарындашпен қара ирек салғандай. Суық, ызғарлы суреттің
контуры.
“Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп,
бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып,
теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі
келеді”.
163
Иен даланың тірлік белгісін аңғартатын бояулар. Десе де, шебер
қимыл, сараң қозғалыс. Автор қабылдауында берілген жалпы көрініс,
қатқыл пейзаж оқушы ықыласын қоңыр, жадау бір психологиялық
халге дайындаған ащу күйдің алғашқы дыбыстары секілді. Шолақ,
қысқа сөйлемдер қажетті ырғақ тудырған.
Бұдан кейін пейзаж шеңбері қысыла түсіп, байқалмай кетеді де,
оның орнын психологиялық сипаттама басады.
“Ін үстінде мүйіз тұяқтар тасырлап, дүбірлетіп келді. Айқай-дабыр
молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен
тастаған ағаштар сарт-сұрт түсіп жатты. Ін аузынан екі аяқтылар
жыбырлады. Көргіш көздерін түбіне қадалды”.
Келді.
Молайды.
Көбейді.
Түсіп жатты.
Жыбырлады.
Қадалды.
Бес сөйлемнің соңғы сөздері. Бәрі етістіктен болған, қимылды
білдіретін баяндауыштар. Әр сөйлем – жеке сурет. Әр сөйлем – жеке
кадр. Біреу түсіріп жатқан секілді. Иә, түсіріп жатыр. Бөлтіріктің
көзінде қалған. Бөлтірік түйсігі арқылы берілген сурет бұл.
Адам – бөлтірік – орта. Бұл үшеуін автор диалектикалық
байланыста бейнелеу үшін, қажетіне қарай баяндау әдісін құбылтып,
өзгертіп отырады.
Кісі қолында өскен қасқыр күшігінің қалыптасуында қоршаған
орта ықпалы бірінші қатарға шығарылады. Бұл хайуанаттар туралы
шығармаларда әжептәуір тиянақталған мотивті Әуезов қазақ
топырағына, көшпелі сахара шындығына сәйкес әуенде шертеді.
Бөлтіріктің өсуін бейнелегенде, автор натуралистік, зоологиялық
өзгерістерді жіпке тізіп жатпай, мінез ерекшеліктеріне, сыртқы ықпал
әсерінен болған жәйттерге назар аударады. Көксеректің үлкен
иттерден, қатын-қалаштан көрген жәбір-жапасы ішіне шемен болып
қатып, жалғыз Құрмаш қамқорлығы жүректегі мұзды жібіте алмаған.
Қойға шапқан қасқырлар артынан еріп Көксеректің дөң асуы оның
табиғатына шәркез қылық еместі. Адасып қалып, жырылып кетіп,
тепкіден бетер еріксіздік торына түскен қырдың дүлей перзентінің
бостандыққа ұмтылуы, ата-бабалары жортқан иен далаға тартуы,
ұяластарын іздеуі жаратылыс заңы еді. Бірақ нәсілі бір болғанмен, өзге
ортада өскен Көксеректі қасқырлар оп-оңай тобына қосып алмасы
түсінікті.
Ауылға оралғандағы сұры: “Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі
суалып ашыққан. Өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан, сабалақ
164
жүдеу пішінмен келді”. Үйіріне алғаш кездесу сәтіндегі құбылыстарды
жазушы көрсетпей тастап кеткен. Қысқа штрих қана.
Төртінші тармақтың жартысы, бесінші, алтыншы тармақтар
түгелдей Көксеректің кемеліне келген шағын, қанды жортуылдарын
бейнелейді. Дауылды қара суықта ауылдан құйрық кесіп, мүлде кеткен
Көксеректің түйсігін жазушы кішкентай детальдар – табаннан өткен
аяз, езуді, тұмсық ұшын қарыған ызғар арқылы сездіреді. Көп сурет
Көксеректің көзімен берілген.
Жүйесі үзілмей отыратын әрекеттермен астарлы сырлар шертіп,
өнімді ойларға жетектейді.
Көксеректің алғашқы серігі – Аққасқыр болса, алғашқы
құрбандығы – Алатөбет. Азу салып, тізе батырған Алатөбетті әсте
кешіре алмайды. “Ауыздары басында қалың жүнге толып-толып шықса
да, артынан ыстық қанға, жұмсақ етке, сырт-сырт сынған сүйекке де
араласты”.
Бұл – бірінші қантөгіс, Көксеректің тырнақалдысы. Ыстық-суық
күндерде жанына ерген, анау күшіктерінің енесі Аққасқыр адамдар
қолынан мерт болып, соқа басы қалған Көксерек қанды ауыздар
ортасына жеткенше көзі қанталап, аштан белі бүгіліп, түнді-түнге
қосып талай жортқан.
Ұлысып табысқан қасқырлар тобында Көксерек ығатын ешкім
жоқ, бір қаймықса, Көкшолақтан ғана. Тоқ ауыздары майланып жүрген
кезде бұл екеуі жұбын жазбайды. Дұшпандарына ұмтылғанда, іле-шала
атылған сұржебедей. Қос жұдырық, қос қақпан. Бірақ бұл бейбіт
күндегі, мамырстан замандағы кең қолтық. Әйтпесе аспанда ай
жалғыз, жалғанда алла жалғыз. Ендеше, топта басшы жалғыз.
Жаныңнан
түңілгендей
сұмдық
оқиға
үстінен
түсесің:
“Көкшолақтың аузы арандай ашылып, тынысы құрып, тыпырлауға
шамасы келмей қалды. Сол уақытта артқы қасқырлар топырлап келіп
жетіп, Көкшолаққа ауыз салысты. Былбырап аққан қызыл қанның исі
аш қарындарға мас қылғандай белгі берген еді. Шаптан, қолтықтан,
жалаңаш төстен мықты, өткір тістер жұлқып-жұлқып тартқанда,
Көкшолақтың қаны жосылып ағып, ішінен бұрқырап бу да шықты. Бұл
арада бар ауыз түгелімен жабылып кетіп еді, аз уақытта Көкшолақтан
будыраған жүн мен төрт табан ғана қалды”.
Опасыз пәни дегенің осы. Кеше өздерін оттан, өрттен сақтап
жүрген, қамал бұзған көкжалды, бүгін одан мықты біреу шығып еді,
артындағы көп шуылдақ жарды да салды. Ертең тағы бір күшті көз
алартса, бүгінгі жеңімпаз да сол таз кепені кимек. Осындай қамырықты
ойлар бірін-бірі кимелейді.
Ал Көксерек енді суық жолға бел буған қарақшы қалпына түсіп
алған, жазушы сөйлем ырғақтарын осы сарынға лайық әуенге түсірген.
Түйелі адам оғынан саны жараланған Көксерек өзге бөрілерден
165
жырылып, жырақта жапа-жалғыз қалып, ашығып, жаңа бір сұмдыққа
әзір тұрған.
Психологиялық жағынан ол қандай қылыққа басса да сенімді:
қойға шаба ма, жылқы жара ма – бәрі бір. Оңдырмасы анық. Көзін
ашар-ашпастан иттерден көрген қорлығы, еріксіздік, Аққасқырдай
серігінен айрылу, суық, қатыгез даладағы кезбе тірлік, жанын көзіне
көрсеткен у қорғасын – осының бәрі жиылып кеп, бұған ата-бабалар
қанымен берілген қаныпезерлік қосылғанда, Көксеректің қойшы балаға
шаппауы – қолдан жасалған қадам болар еді.
“Үстіне гүрілдеп қасқыр төніп келгенде, көзі бір ашылып бір
жұмылды. Басына таман арандай ашылып келе жатқан ауыздың
жоғарғы жағында өзіне таныс құлақ көрінді. Сол жақтағы тілік
құлақтың жартысы салпылдап тұр. Ақырғы сезген-білгені сол. Содан
әрі баланың үні өшті. Қасқырдың аузы тиместен бұрын өліп кетті”.
Жазушы осы трагедиялық көріністі бейнелеуде үлкен шеберлік
үлгісін танытып, Көксерек портретінің соңғы бояуын жағып, шеңберді
тұйықтаған. Бұрынғы шабуылдарда қасқыр бойында қандай
құбылыстар болды, құрбандығын қалай мерт қылды – осылар
айтылатын. Аттан құлаған балаға ұмтылғанда қаны қарайған көкжал
нендей халде еді? Әрине, оқырман мұны да білгісі келеді. Жазушы
бәрін айтуға міндетті емес. Төніп келе жатқан өлімді қорғансыз, кінәсіз
балаға қалай қарсы алғанын бейнелеумен көп нәрсе ұтып тұр. Сол
Құрмаш кеше ғана мұны бауырына тартпап па еді, сырт айналғаны,
бәрін ұмытқаны, ажал болып келе жатқаны қалай Көксеректің?
Жақсылықтың, адамгершіліктің қарымтасы қайтпағаны ма? Әлсіздің
аты - әлсіз, күшті қашанда қабырғасын күйретіп жүре бергені ме?
Құрмаш – панасыз дала бейнесінде, Көксерек – көкбөрі зұлымдық
бейнесінде алынғаны ма? Адам қоғамы мен хайуанат дүниесі арасында
бітпес күрес бар ма? Есіл ұлдан айрылған ата-ана көз жасы...
Сан алуан ойлар келіп, неше түрлі сезім қамайды. Бұл – шығарма
әсерін, жазушы талантының қуатын көрсететін белгі.
Хикаят сюжеті Құрмаш өлімімен тиянақталып тұр. Шығарманы
осымен бітіруге болатын еді. Бірақ өйткен күнде, жазушы позициясы,
авторлық мұрат көмескі тартып кетері сөзсіз. Зұлымдыққа, озбырлыққа
қарсы тұрар, оны жеңер күш бар деген сарынды Әуезов әліптей түседі.
Рас, Аққасқаның әрекет, қимылы көзге елестердей жанды
кейіпте емес. Сырт пошымы да жақсы есте қалмайды. Мұның есебіне
соңғы бөлімде Көксерек ізіне түсуі әсерлі баяндалған. Талай иттің
мойнын бұрап, мал атаулыға қырғидай тиген Көксерек әлі де осал
еместігін көрсетеді. “Ауылға әкелгенде Құрмаштың әжесі боздап келіп;
- Қуарған-ай, неңді алып ем?.. Не жазып едім? Бауырына салып
өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным? – деп елді тегіс еңіретіп,
Көксеректі басқа тепті”.
166
Шығарманың соңғы сөйлемі. Ана кесігі – Көксеректі басқа тебуі.
Жазушының гуманистік идеалын да осы орайдан іздеуіміз керек. Адам
қолында өскен, бірақ адамға қиянат еткен, оның ет-бауырын езіп,
жара салған көкжал сол адам қолынан өлім тапты.
Бейнелі ой символдық ойға, әуенді сарын үлкен идеяға ұласып,
сахара топырағындағы шындықты қанық бояу, айқын колоритпен
бейнелеген “Көксерек” бір әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп,
әлемдік жауһарлар қатарына қосылған.
Мысалдағы бір жақтылық, бала санасына ғана қызық боп
көрінетін жәйттер хайуанаттар өмірін арқау ете отырып, реалистік
арнада жазылатын дүниелерде кездеспеуі шарт. Л.Толстойдың әйгілі
“Холстомер” хикаятында шарттылық тәсілдер арқылы ащы шындықтар
беті ашылған. Адамзат қоғамындағы көп әділетсіздікке, зұлымдыққа
ұлы гуманист табиғат перзентінің аузымен үкім айтады. Оқырманды
әуелде таң қалдыратын нәрсе: ат өз өмірін баяндай бастайды. “Таң
атты, Шаһаризада төсегіне жатты” деп келетін шығыс ертегісіндегіге
ұқсас композиция бар. Түнге қарай қорадағы жылқылар жиналып
келіп, Холстомер хикаясын тыңдайды. Бес күнге созылған хикая. Рахат,
шаттық күндер, азап, мазақ күндер жайлы хикая. Дұшпанның күлкісі,
достың табасы, даңқ ләззаты, тобыр тепкісі – баршасын көрген бір
кездегі көсем сұлу, желгіш ат Холстомер басынан бағы тайып, тұғыр
құрлы құны болмай өткелектен өтіп, ыңыр-шағы шығып, ақыры
итжемеде қалады. Енді оны қызықты шақтағы иесі Серпуховский де
танымайды. Мұның да жетісіп, шекесі қызғаны шамалы – заманында
дүниені сапырған сабазың телміріп, көзін сатар күйге жеткен.
“Емдейтін шығар-ау, - деп ойлады ол, - мейлі”. Л.Толстой ат
түйсігіндегі сыртқы дүние, адамдар арасындағы қарым-қатынасты ғана
емес, оның ой ағымын да береді. “Менің ғұмырымдағы бақытты күндер
тез таусылды, екі-ақ жыл солай өмір сүргем”. Бұл – Холстомер сөзі.
А.Куприннің белгілі әңгімесін Холстомерге арнауы тегін емес. Екі
шығарманың баяндау мәнерінде, көркемдік тәсілінде, авторлық
идеалында ортақ жәйттер мол.
Куприн әңгімесінің бас-аяғы балғадай, жұп-жұмыр дүние.
Реалистік колоритті қаузаған жазушы шарттылық, еркіндік амалдарына
бой ұрмай, өте дәл ықшам болуға ден қойған.
“Шөп”, - деп ойлады да, кешқұрымнан шөп салып жүрген атшы
Назарды есіне алды”.
“Таң қылаң беріп келе жатқанда көктемнің алакеуім шағы түсіне
кірді”.
“Бұлары несі екен-ау? – деп ойлады таңырқап. Мен тамаша-ақ
желдім ғой”. Бұлардың бәрі Изумруд деген аттың ойы. Жарыста шұрай
топтан талай жүлде алған Изумрудтің желісін суреттейтін көріністе
әдемі динамика, адам мен жылқының қозғалыс ырғағында үнсіз тіл
167
тауып, шабыт қанатында зулаған бір шағы бейнеленген. Кеше үстінен
құс ұшырмаған тұлпарды бүгін тобыр басқа теуіп, көзге соғып,
қаңғыртып қоя береді. Иә, даңқ жолы қатерлі, тайғанақ жол, алды –
жалын, арты – күл. Өзі де мәңгіріп кеткен Серпуховский Холстомерді
танымағаны түсінікті, ал көзілдірікті ағылшын Изумрудке неге араша
тұрмайды? Асыл нәсілді арғымақтар аз күн қызықтан кейін әркімнің
тақымында кетіп, азап-мехнатқа түсер себебі неде? Сұрақ тудырар
гәптер, ойға түсірер түйткілдер, маза кетірер жайлар аз емес-ау.
Шыңғыс Айтматов прозасындағы жаңалықтар төркінін іздегенде
алдымен классика сабақтарына үңілу заңды екенінде дау жоқ. Қырғыз
жазушысы реалистік дәстүр үлгісін ұлттық топыраққа лайықтап, сол
орайда жаңа бояулар, тың өрнектер тапқанын ғана айтсақ, бұл кіліксіз.
Үлкен олжа қызықты да қиын өмірлік материалға өзгеше бір қырынан
келуде, шеберлікпен ұштасқан суреткерлік батылдық принципінде
жатыр. Биік көркемдік өреден табылып, терең идеясымен қуантқан
шығармалардың өзінде адам өмірі һәм хайуанаттар өмірі бір-бірімен
ажырамастай, мидай араласқан қалыпта көріне алмайтын. Түптеп
келгенде, адамдар бір қиырда, жануарлар бір қиырда қалатын.
“Қош, Гүлсары” хикаятының жаңашылдық сипатын қамшы
өріміндегі таспадай қатар өрілген екі тірлік ағынының өзара
тоғысуынан, екі жүректің қатар соққан дүрсілінен іздеу керек. Танабай
– Гүлсарының символы. Гүлсары – Танабайдың символы.
Бұл өзі өнердің халықтық, адамгершілік талаптарын балқыған
шабыт, шамырқанған ой көзімен терең танып, мың толғанып, жүз
тебіренген суреткер қиялынан туған ұлттық өмірдің сом суреті,
шындықтың сұсты, келбетті туындысы.
Достарыңызбен бөлісу: |