ІҮ
Әлем әдебиетінің әр кездегі түрлі нұсқаларымен танысқан адам
үнемі қайталанатын құбылыстарға кездеседі. Сол тұрақты нәрсенің бірі
- әдеби жыр.
Рас, кейде үрдіс өсіп, биікке шыққан сала кейде баяу дамиды,
екінші қатарға көшеді. Бір ұлттың әдебиетінде айрықша өркен жайған
түр екінші ұлттық әдебиетінде бой көрсетпейді. Дегенмен, тұтастай
алғанда, өзгеріс, даму процесін көруге болады.
Жанрды - әдебиеттің тегі, әдебиеттегі түрлер, оның табиғатын
танып, даму барысын пайымдауда бүгін әр түрлі ағым, әр түрлі мектеп
өз тұжырымын ұсынады. Идеалистік ғалымдар, оның ішінде Кассирер
әдебиет жанрының символдық мәні бар, жанр мазмұн да, форма да
емес, априорлы, тәжірибеден бұрын туған, практикадан тыс тұрған
нәрсе дейді.
168
Көптеген еңбектерге мұрындық болған трактаттардың авторы
Бенедето Кроче көркем өнердің мәнін тануда жанр мәселесінің қажеті
жоқ деп көрсетеді. Кроче шығарманы ұғынып білуде жанрға назар
аудару, оны зерттеу оқымыстыға кедергі, зиян деп тапты. Оның
тұжырымында, жанр мәселесі зерттелетін, назар аударатын проблема
емес.
Алғаш 1951 жылы басылып, кейін бірнеше рет қайта жарияланған
Эмиль Штайгердің “Поэтиканың негізгі ұғымдары” кітабында жанр
терминінің орнына – “бастау” деген сөз қолданылады. Оқымысты жанр
проблемасынан бойын аулақ салады.
Егер мәселеге тарихи тұрғыдан қарасақ, эстетикада жанр
проблемасы ерте кезден бастап үнемі зерттеудің объектісі болғанын
көреміз.
Алғашқы
жинақты,
қомақты
пікір
Аристотельдің
“Поэтикасында” жатыр. Грек оқымысты былай дейді: “Гомер сияқты
өзіңнен тыс тұрған оқиға жайлы айтып беріп еліктеуге де, әйтпесе өзің
қатыса отырып еліктеуге де, әйтпесе кейіпкерді көрсетіп еліктеуге де
болады”.
Сөз жоқ, бұл жерде әдебиеттегі үш жанр – эпос, лирика, драма
айтылып отыр. Классицизм теориясында жанрлар схоластикалық
тұрғыдан түсіндірілген. Гегельдің әйгілі “Эстетика” кітабында
зерттелген үлкен проблема – жанрлардың тууы, қалыптасуы, дамуы
және бір-біріне әсері.
Көп мәселеге триада тұрғысынан, тезис, антитезис және синтез
тұрғысынан қараған Гегель жанрды зерттегенде де осы принципті
ұстаған. Гегельше эпос – тезис, лирика – антитезис, драма – осы
екеуінің синтезі.
Жанрларды анықтау үшін неміс философы объекті және субъекті
ұғымдарын негізге алады: объективті қалыпта көрінген объективті
болмыс эпостың қамтитын ауданы. Объективті болмыстың субъективті
көрініс лириканың қамтитын ауданы. Осы екеуі қосылып драма
тудырмақ.
Гегель суреткер белсенділігін, адам санасының өз тарапынан
болмысқа әсер етуін ұғына алған жоқ. Ол әдебиеттегі айрықша күрделі
мәселе – сәулеленуді ескермеді. Бірақ көркем өнердің практикасынан,
тарихынан алынған материалдарды талдау үстінде Гегель айтқан
кейбір ойлар кейінгі зерттеушілердің еңбектерінде қайта жаңғырып,
кәдеге асты.
Эпоста оқиғалар жүйесі арқылы көрінген айқын суреттермен
өмірдің кең тынысы бейнеленеді.
Драма арқауы - әрекет. Салыстыра бастасақ, әрекетке қарағанда,
оқиға ұғымының мағынасы кең екендігін түсіну қиын емес.
Гегель драма эпос пен лириканың қоспасы дейтін пікірін
шығармаларды талдау үстінде өзі де бекерге шығарады. Әдебиет
169
тарихында бір эпостық шығарма негізінде бірнеше пьесаның тууы жиі
қайталанатын құбылыс. Ендеше, драма эпостан күрделі емес, қайта
эпос драмадан күрделі.
Әдебиет теориясының негізгі проблемаларын өз дәуірінде
В.Белинский терең зерттеген. Грибоедовтың “Ақыл азабы” пьесасына
жазған рецензиясында және “Поэзияның тегі мен түріне қарай бөлу”
деген еңбегінде Гегель тезистеріне сүйене отырып, жанр мәселесін
нақты мысалдар арқылы таратып, саралап түсіндірген.
Қазіргі таңда әдебиеттің өз табиғатынан, өз болмысынан қол
үзген кейбір оқымыстылар жанрларды психологиялық категория
арқылы ұғындырмақ болады. Олар лириканы – сезім, эпосты – ерлік,
драманы – ой деп қарайды.
Екінші бір бағыт – лингвистикалық мектеп.
Бұл арнадағы зерттеушілер үшін әдеби жанрлар грамматикалық
категориялармен пара-пар. Олардың ойынша, лириканың қамтитын
объектісі, көрсететін, бейнелейтін нәрсесі – осы шақпен, эпостікі -
өткен шақпен, драманікі – келер шақпен шектелмек. Лирика –
бастауыш яки дыбыс; эпос – толықтауыш, яки сөз; драма баяндауыш,
яки сөйлем.
Қысқасы, бұл ағымдардың жанр теориясына қосқан жаңалығы
жоқ. Мұны орыс тілінде аударылып басылған М.Верлидің “Жалпы
әдебиеттану”,
Уоллек
пен
Уорреннің
“Әдебиет
теориясы”
еңбектеріндегі материалдардан да айқын түсінуге болады.
Бір топ ғалымның жанр табиғаты, оның тууы, даму тенденциясы
төңірегіндегі жүйелі, қорытынды ойлары Москвада шыққан үш томдық
академиялық әдебиет теориясы кітаптарына енгізілді.
Осы ретте халықтық эпос жайлы Е.Мелетинскийдің, роман жайлы
В.Кожиновтың, лирика жайлы В.Скозниковтың, драма жайлы
М.Кургинянның еңбектерін айта аламыз. Бұл зерттеулердің бәрін ұқсас
етіп, олардың ғылыми мәнін көтеретін – проблеманың тарихы
қойылып, теориялық биік деңгейде шешілуі.
Рас, әдебиет жанрларын жіктеуде жаңалық жоқ: эпос, лирика,
драма. Мәселе жанрлық даралық ерекшеліктерді айқындауда, даму
кезеңдеріндегі заңдылықтарды ашуда, бір ұлт әдебиетіндегі
перспективаны табуда.
Бір кезде академик А.Н.Веселовский сан алуан деректер негізінде
эпостың шығуына жан-жақты тоқталған еді. (А.Н.Веселовский,
“Историческая поэтика”, Л., 1940, стр. 260, 317). Бүгінгі теоретиктердің
бірқатары, әсіресе көне формалар, архаикалық түрлер жөнінде
А.Н.Веселовский байламдарына сүйенеді.
Эпостың туын тек қана фактімен, тарихи оқиғамен, тек қана
мифологиялық аңызбен байланыстыруға болмайтындығын ғалымдар
170
әр түрлі елдер әдебиетінен алынған материалдарды жан-жақты
зерттеу арқылы дәлелдеп берді.
Бұған қоса әсте эпостың коллективтік мәнін, жалпы халықтық,
патриоттық идеяны өзек ететін ерекшелігін жадыдан шығармау шарт.
Бұл орайда үндінің “Махабхаратасын”, моңғолдың “Гэсриадасын”,
қырғыздың “Манасын”, қазақтың “Алпамысын”, қалмақтың
“Жангарын” еске түсірсек жеткілікті. Салыстыру әдісі арқылы жазылған
тиянақты еңбектер берген академик В.Жирмунский эпостың негізінде
тарихи факт жатады деп есептесе, екінші ғалым В.Пропп қаһармандық,
жаугершілік заман шындығын бірінші қатарға қояды.
Бұл байламдарды анықтай түсетін фактілерді қазақтың көне
әдебиетінен көптеп табуға болады.
Эпостық шығармалардың әдебиеттегі жетекшілік мәнінен бірте-
бірте айрылу себебін қоғам мен өнер арасындағы күрделі байланыстан
іздеу керек. Тұлға, жеке адам өзінің қоғам алдындағы атқаратын
қызметін, қоғамға жасайтын ықпалын түсінген сайын шығармалар түр
жағынан жетіліп, мазмұн жағынан байып, марқая түспек.
Қоғам мен тұлға арасындағы қат-қабат қарым-қатынас негізінде
туған жанрлық соны форма, жаңа заманның эпосы – роман.
Бүгінгі көзқарас бойынша әдеби жанрларды жіктегенде негізге
алынатын критерийлердің бірі – характердің көрініс дәрежесі,
характердің адам өмірін қамту мөлшері.
Мінездің бір қыры кішкентай оқиға, кішкентай көрініс арқылы
бейнеленетін шығармалардың көлемі шағын, кейіпкер саны аз болмақ.
Осы орайда жазылатын әңгіме – дүние жүзілік әдебиетте айрықша
дамыған, тарихи терең, мүмкіндігі мол жанр. Оған ерекше әсер еткен,
нәр беріп байытқан өмірлік аналар өте көп. Бір сәт, бір кезеңге қарап
оқырман бұрын не болған, енді не болмақ деген сұрауларға жауап
таппақ.
А.Чеховтың “Чиновниктің өлімі”, М.Әуезовтің “Қаралы сұлу”,
Б.Майлиннің
“Даудың
басы
–
Дайрабайдың
көк
сиыры”,
М.Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі”, С.Сейфуллиннің “Бандыны қуған
Хамит”, С.Мұратбековтің “Күсен-Күсеке”, О.Генридің “Сыйлық”
туындыларын еске түсірейік.
Жауһар әңгімелердің бәріне ортақ нәрсе – тамшы арқылы теңіз
бейнесін жасау, адамның ауыр тағдырын, ерлік күресін, зор қуанышын,
қамырық қайғысын аз бояумен-ақ көзге елестету.
Қазіргі әңгімеде оқиғаның бірінші жақтан, екінші жақтан, үшінші
жақтан баяндалуы, әңгіме – хат, әңгіме диалог түрлерінің өрістеуі
жанрлардың формалық жағынан ұштала, жетіле түскендігін көрсететін
факт.
Қазақ әңгімесін әлемдік аренаға қазақ романдары сияқты
қанжығасы тоқ барды деп айта алмаймыз. Дүние жүзілік
171
новеллистиканың маржандары қатарынан қосылатын туындыларымыз
саусақпен санап айтарлықтай ғана.
Сюжетті лайықтап ала білмеу, композициялық олқылық, бойға
шақ емес, әңгіме мойны көтере алмайтын жүк арту секілді кемшіліктер
көзге ұрып тұрады.
Бұл ретте қазақ әдебиетіндегі жемісті арна, өрісті бағыт - Әуезов,
Майлин дәстүрін жалғастырушы новеллистердің жоқтығын өкінішпен
мойындауға тура келеді.
Эпостың орта көлемді түрі хикаятта характер, адам мінезі
бірнеше қырынан көрініп, тартыс ауқымы кеңейгендіктен, кейіпкерлер
саны артады. Ол өз тарапынан шығарма көлемінің ұлғаюына әкеледі.
Бұл жанрдың орасан мол мүмкіндіктерін Мерименің “Кармен”,
“Таманго”, Гогольдің “Тарас Бульба”, Толстойдың “Қажымұрат”,
Әуезовтің “Қараш-Қараш оқиғасы”, Айтматовтың “Қош, Гүлсары”
сияқты әр заманда, әр елде жазылған хикаяттарымен танысып, айқын
көруге болады.
Романның тууы әдебиет кәмелетінің, өнердің марқайғандығының
белгісі ғана емес, халықтың рухани өмірдегі есеюінің көрсеткіші. Зады,
жалпы роман жанрына тән қасиеттер мен заңдылықтар, романның ұлт
әдебиетіндегі көрінісі бажайланып, тиянақты зерттелуі ләзім. Проблема
құр термин төркінін іздеумен, ежіктегендіктен, сөздің мағынасын,
ауыспалы мәнін білумен тынбайтындығын ұғуға үлкен ғұламалықтың
қажеті жоқ.
Мәселе, ең алдымен, романның туып, қалыптасуындағы
заңдылықтарды ашуда. Европалық әдебиеттерде бұл жанр Ренессанс
заманының соңын ала өмірге келгендігін көптеген материалдар
дәлелдейді. Ол көктен түскен, жерден шыға келген, біреу ойлап
тапқан өткінші дүние емес, әлеуметтік тілектен, халық тілегінен,
қоғамдық тілектен туған жаңа жанр. Өзінің шарттары, талаптары бар,
ішкі мүмкіндіктері мол соны форма.
Роман табиғатын арнайы зерттеген ғалымдар жанрдың шығуын
халықтық әдебиеттегі үлгілермен, оның ішінде әр түрлі диалогты
материалдардың басын қосатын нұсқалармен сабақтастыра қарайды.
Тағы бір үлкен арна – орта ғасыр әдебиеттеріндегі халықтық
әңгімелер, бір адам төңірегіне топтасқан түрлі аңыздар. Соның бірі
1515 жылы Германияда “Брауншвейх Тиль Эйленшпигель туралы
күлдіргі кітап” деген атпен басылды. Бұл жинақтағы барлық оқиғалар
неміс Тильдің басынан өткен. Ол Дания, Голландия, Чехия, Италия
мемлекеттерін аралаған.
Қағазға түспеді демесек, түркі тілдес халықтардың арасында
мұндай әйгілі кісіге байланысты хикаялар, аңыздар жетіп жатыр.
Қорқыт, Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше әңгімелері ауызға бірден
172
ілінеді. Бірақ осы іспеттес дүниелердің қазақ романдарының
тағдырына әсері деген проблема әлі зерттеліп, шешілген жоқ.
Европалық романның алғашқы нұсқалары екі жүйеде де, оның
бірі – жаугершілікті, серілікті, кезбе тіршілікті паш еткен туындылар.
Бұл шығармаларды ұстап тұрған басты арқау – қызғылықты оқиғалар
жүйесі.
Екінші бағыт – бірталай жазушылардың шығармаларында ерекше
белең алған психологизм. Бұл ағымдағы романдарда адам дара
сипатымен алынып, мінез құбылыстары айрықша дәлдікпен
бейнеленеді. Европалық әдебиеттегі шын мағынасындағы ең алғашқы
реалистік роман, жанрдың кейінгі дамуына әсер еткен шығарма –
Антуан Превоның “Манон Леско” кітабы.
Бұл шығарманы Г.Мопассан, Л.Толстойлар өте жоғары бағалаған.
Айтылмыш туындының ерекшелігі деп, ең алдымен, кейіпкерлер
арасындағы қарым-қатынас объективті түрде, оқиғалық сабақтастықта,
психологиялық сенімділікпен өмірдегідей дәл суреттелуін атап айту
керек.
Романда тарихи жалғастықтық сездіру, өмірді процесс ретінде,
өзгермелі құбылыс ретінде бейнелеу, оқиға байсал тапса да, әрекеттің
тынбайтындығын көрсету талабына ұмтылу басым.
Тиянақты, күрделі еңбектер берген білікті зерттеушілер
романның даму барысында бірнеше кезеңді атайды. Бірінші кезең –
субъективті роман, мұның мысалы ретінде Бенжамен Констанның
“Адольф”, Гетенің “Жас Вертердің мұң-шері” секілді шығармалар
алынады.
Бұларда өмір күресі, тірлік тартысы бір кейіпкердің көзқарасымен
бейнеленеді. Барлық дауыл, барлық ағын бір қаһарманның жүрегі
арқылы өтеді. Шығарманы тұтастырып тұрған өзек – орталық кейіпкер,
бір қаһарман.
Жанрдың табиғи даму барысы субъективтік романның тар өрісін
кеңейтіп, қысаң шеңберді жазды.
Болмысты әр түрлі қырынан алып, әр түрлі сәуле түсіру арқылы
суреттейтін шығармаларда сюжет жалғыз кейіпкердің төңірегінде ғана
өрбімейді, тартыс сан алуан әлеуметтік топтар өкілін қамтиды.
Бұл қасиеттер объективтік романды сипаттайды.
Орыс оқымыстылары романның полифониялық түрін тұңғыш
дүниеге әкелуші деп Федор Достоевскийді атайды.
Бұрынғы романдарда қаһармандар диалог арқылы қарым-
қатынасқа түсетін, олардың бар болмысын жазушы өз тарапынан
бағалап отыратын. Әрбір образ бұлжымайтын орбитасы бар жеке әлем
еді. Ал Ф.Достоевский романдарында кейіпкерлер әрекетіне, олардың
психологиялық күйлеріне жазушы араласпайды, жасырын қалады.
Мұның есесіне бір кейіпкердің іс-әрекетін, ой-сезімін екінші кейіпкер өз
173
көкейінде бағалайды. Бірінің ойындағы, сезіміндегі түрлі сәттерді
екіншісі өз санасына көшіреді. Достоевский романдарындағы
адамдардың сезім дауылдарында, ой толғаныстарында бөлек-бөлек
шеңбер жоқ, олар бір-бірімен психологиялық жағынан қоян-қолтық
араласқан (М.Бахтин, “Проблемы поэтики Достоевского”, М., 1963, стр.
320).
“Қылмыс пен жаза” романын еске түсірейік. Раскольниковтың
қылмысы, содан кейінгі ар жазасы, заң жазасы, қат-қабат шытырман
толғаныстар оның ғана жанын жеп, жүрегін тітіркентіп қоймайды,
басқалардың да өзегін өртейді.
Полифониялық роман – жанрлық мүмкіндіктері орасан мол, адам
мен адам, адам мен қоғам арасындағы өте күрделі қарым-
қатынастарды бейнелеуде жазушы үшін ең құдіретті форманың бірі.
Қоғамдағы таптық езгі, нәсілдік езгі, отаршылдық езгі адам мен
адамды бір-біріне тас бауыр қылып, жау етеді. Әлеуметтік идеядан,
сұлулық мұраттан, гуманистік сезімнен айрылған жандар, шынында да,
қоғамдық күрестен сырт қалып, қарақан қара бастың мұң-шыңын
күйттеп кетпек.
Осындай пенделерді тұлға етіп алған шығармалардың өрге
баспауын
архитектоника
олқылықтарынан,
сюжет
құрудағы
кемшіліктерден деп білу мәселенің бетін қарпу ғана болмақ.
Әдебиеттегі романның азуы жанрдың азуы емес, қоғамның азуын
көрсетеді.
Философиялық, психологиялық үлкен мәні бар проблемалар,
таптар арасындағы келісім таппас қаһарлы шайқас, тұтас дүниелердің
күйреу трагедиясы, тұлға мен революция, халық және революция –
осы алуандас өткелі қиын, шешімі ауыр асулардан өнер қазіргі
заманның эпосы – реалистік роман арқылы аса алатындығын
М.Горький,
Э.М.Ремарк,
М.Әуезов,
Э.Хемингуэй,
М.Шолохов,
У.Фолкнер, Г.Маркес сынды суреткерлер шығармашылығы айқын
көрсетіп берді.
Субъективті, объективті, полифониялық романдар өрісін кеңейту
көркемдік дамуға қанжығасы тоқ орасан зор олжа салды.
Қазіргі дәуірдегі, желмая уақытымыздағы, космосты ауыздықтау
заманындағы роман табиғаты, оның қаһарманы деген төңіректе ұлан-
ғайыр айтыс бар. Сол дүбірлі пікір сайысында Мұхтар Әуезов айтқан
ойлар қомақты. Ол әсіресе “Қазіргі роман және оның қаһарманы” деген
мақалада жатыр. Роман төңірегінде пікір айтушылардың кейбіреуі
өткенді, дәстүрді мүлде естен шығарып, бүгінгіні бағаламақ болуы
еріксіз шалыс бастырады.
Жазушы Мехти Гусейн заман қарқыны дегенді желеу етіп, роман
көлемі бір еліден аспау керек дегенге дейін барды. Құрмалас
сөйлемнен ат-тонды ала қашу - әбестік.
174
Ол былай деп есептейді: заман үрдіс, заман желмая, баяғы
енжарлық жоқ, адамдардың әр минуты есептеулі. Ендеше, роман бітімі
де сол орайлас болуы керек. Шығарма кілең қысқа сөйлемдерден
тұрсын, телеграфтық стиль қажет. (“Литературная газета”, 1959, №
18). Бұл жерде өнердің басты шарты адамдарды көрсету талабы
ұмытылып, жалаңаш түр жайлы әңгіме ету бар. Бәтір-ау, Лев Толстой
эпопеясының бетін кім есептеп жатыр.
Екінші бір алуан сөз, эстон жазушысы Рудольф Сиргенікі. Оның
ойынша, кілт – кейіпкер санында. Көп кейіпкері шығарма жемісті
болмайды. Өйткені олардың бәрі-бәрінің ішкі сарайына үңіліп,
қазбалай суреттеу мүмкіндігі қиын. Композиция босаңдығы да мол
мақсаттылықтан туады. Оның байлауы осы (“Пути развития
современного советского романа”, М., 1961, стр. 7).
Р.Сиргенің пікіріне де қосылуға болмайды. Субъективті романнан
объективті романның артықшылығы шығармашылық тәжірибесінде
әлдеқашан дәлелденген. Қоғамды терең, жан-жақты, мінездерді толық
суреттеу талабы бірінші қатарда. Бүгінгі роман пішіні жайлы сөз
еткенде Хемингуэй, Ремарк ауызға жиі алынады.
Сөз жоқ бұлардың екеуі де ХХ ғасыр прозасына ықпал жасаған
жазушы. Оны ешкім де бекер дей алмайды. Мейлі Хемингуэй, мейлі
Ремарк кейіпкерлері болсын, олар іштей булыққан, сезімі буылған
жандар. Сыр-шынын ашық айтпайды, көбіне жарым сөз, қас-қабақ,
емеуірін. “Бәрібір ешкім ұқпайды сені” дейді олар. “Не үшін өмір сүрем?
Иә, не үшін өмір сүрем?” – деп ашына ширығады. “Біз болашағы жоқ
жандармыз”, - деп мұңая қиналады.
Хемингуэй, Ремарк туындыларының жақсы, бағалы жақтарын
айта отырып, олар барша бітімімен романның бірден-бір үлгісі еместігін
жадыдан шығармау керек.
Әдебиеттің арғы-бергі тарихын жетік біліп, нәзік түсінген Мұхтар
Әуезов роман айтысы тұсында салмақты ойын ортаға салды. “Оқиғаға
құрылған роман”, “Адам тағдырына құрылған роман” деп бөліп-жарған
К.Симонов пікірін орынды сынады, бұлай бұтарлаудың қисынсыздығын
сенімді дәлелдеп берді. Әуезов кейіпкерлер саны аз шығармаларға
қарсылық айтқан жоқ. Ол әр жанрға пышақ үстінен енші бөліп беру
әурешілігінен аулақ еді.
Шын мағынасындағы роман реализммен біте қайнасқан, сонымен
емшектес. Батыста белең алған түрлі модернистік ізденістердің
реализммен қатар өмір сүруге қақы бар. Адам мен қоғам арасындағы
байланысты мойындамайтын А.Робб – Грие, Н.Саррот, Б.Дорлардың
“ақ роман” дейтіндері формалиятік мақсатты көздейді. Бұларда тұман,
бұлдыр дүние, заттар суреттелген. Н.Сарроттың “Бір стакан судағы
дауыл, менің назарым сонда” деген сөзі – олардың ұраны. Отызыншы
жылдардың өзінде-ақ ағылшын зерттеушісі Ральф Фокк “Роман және
175
халық” кітабында әдебиеттен түрлі әлеуметтік қарым-қатынас
ауқымында айқын көрінетін күресшіл кейіпкердің жоғалып бара
жатқанын айтқан еді. Бұл қазір бұрынғыдан да тереңдеген тенденция.
Достарыңызбен бөлісу: |