Қазақстан Республикасының Ғылым және Білім министрлігі АҚ
Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: «Базар Оңдасұлының шығармашылығы»
Қабылдаған:аға оқытушы Ермаханова М.Ш
Орындаған:Әділханова Е.Ә
Оқу тобы:КяЛ-21-1
Жезқазған 2023
Жоспар:
І.Кіріспе
а) Базар Жырау Оңдасұлы туралы ақпарат
ІІ.Негізгі бөлім
ә)Жыраудың шығармашылығы
б)Базар жыраудың ата-тегі
в)Базардың өз өлеңдерінде жоғары адамгершілікті уағыздауы
г) Базардың арнау өлеңдері
ІІІ.Қорытынды
ІV.Пайдаланылған әдебиеттер
І.Кіріспе
Базар жырау Оңдасұлы – 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1911 жылы Өзбекстан Республикасы, Тамды ауданы Жалпақтау деген жерде өмірден өткен. Руы – шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан ел арасында Балқы Базар аталып кеткен. Болашақ жырау әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленген. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен ауылына сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден бір себеп, үлкен мектеп болады. Базар жырау 15–16 жасында бала жырау атанады. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұлан-асыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көроғлы», «Жүсіп – Ахмет», т.б.) қазақ тілінде жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна – тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарады. 1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан баспадан шыққан «Айман – Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап, ел арасына таратады. Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы анық. «Әр кемелге – бір зауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан», «Кермиық», т.б. іргелі толғауларында ол өмірдің мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризмге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданады. Сонымен қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырады. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әртүрлі маусымы, туып-өскен жер, т.б. жайлы шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, қиянатшыл әкімдерге, арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауызекі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғауларды орындағанда неше түрлі құбылып отырады. Бұдан жыраудың сазгерлік қабілетінің де болғанын аңдаймыз. Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз тұтқан, оның өнегесін ұстанған. Базар жыраудың өлеңдері 20 ғасырда ғана баспа бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енді. Оның шығармаларына С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, аса жоғары баға беріп, Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы деп таныған. Жырау шығармаларын жинастыруда Ә. Диваев, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Ә. Қайнарбаев үлкен еңбек сіңірді.
Базардың өлеңін жинаушылардың бірі Әлқуат Қайнарбаевтың деректеріне қарағанда, шығармашылығының мазмұны мен тақырыбы қазақ өмірінің шындығынан туған» [2; 28], – деп көрсетілген. Ғ. Іскендерұлы «Жат жұртта жерленген жампоздар» атты мақаласында былай деп жазады: «Базар Оңдасұлы (1842-1911) – жырау. Қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Базар 15-16 жасынан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойын, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған... Базар жыраудың зираты Өзбекстанның Тамды ауданының Жалпақтау деген жерінде» [3; 11]. Жастай жетім қалған Базар оқып, білім алған емес. Табиғатынан дарынды зерек бала бұрынғы ақын-жыраулардың жырларын, халық мақал-мәтелдерін есіне сақтап, көңіліне түйіп, халықтың бай ауыз әдебиетінен сусындап өскен. Өзінен бұрынғы және тұстас ақындардан да тәлім алған. Базардың жастық шағы отаршылдықтың өктемдікпен күш алып отырған тұсында өтеді. Бұл кезде Қазақстанда толық үстемдік орнатқан Патша өкіметі енді Қоқан, Хиуа, Бұхараға қарай ауыз сала бастаған еді. Орта Азия хандықтарына қарсы патшаның әскери жорығы екі бағытта: Қазалы, Ақмешіт және Әулиеата, Шымкент арқылы жүргізіледі. Отаршылдардың зорлық-зомбылығы халықтың ашу-ызасын туғызып, Базар туып-өскен Сыр бойы озбыр саясатқа қарсы шығады. Бірақ, басқыншылар халық көтерілісін күшпен, аяусыз басады. Осы оқиға Базардың есінде мәңгі қалады. Елдің есесі кеткеніне күйініп, қатты ширығады. Халық басына түскен ауыр қасірет болашақ ақиық ақынның көңіл-күйіне қатты әсер етеді. Ел қорғау, жерді келімсектерге бермеу, жыраудың ерекше ден қойған тақырыбына айналады. Ауыз әдебиетінің ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген бірқатар өкілдерінен Базар жыраудың артықшылығы – сонау Кеңес Одағының бастапқы кезеңінде-ақ еңбектерінің ғылыми айналымға енуінде. Атап айтқанда 1926 жылы Ташкент қаласында шығарылған «Терме» жинағы, 1931 жылғы «Қазақ әдебиеті нұсқалары» еңбегі арқылы жұртшылық назарына ілікті. Ақын туындыларының біршама молырақ басылып, жарық көруі кейінгі жылдар үлесіне тиді. Қазақ Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (Алматы, 1962 ж., жалпы редакциясын басқарған Ы. Т. Дүйсенбаев) атты жинаққа таңдаулы 35 өлеңінің енуі оны жұртшылыққа кеңірек таныстыру мақсатындағы елеулі қадам болды. Кейінірек «Үш ғасыр жырлайды» (Алматы, 1965 ж.) жинағында Базардың 28 толғауы жарияланса, «Бес ғасыр жырлайды» атты үш томдық кітапта отыз өлеңі басылып шықты (Алматы, 1984 ж.). Сондай-ақ «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» атты жинақта (Алматы, 1985 ж.) таңдаулы деген сегіз өлеңі жарық көрді. Бұлардан тыс жекелеген авторлар да ақын мұрасын жариялауға әр кез үлесін қосып отырды. Айталық Ә. Қоңыратбаев Базар өлеңдерінің толығырақ нұсқасы ретінде (көпшілігі бұрын мәлім емес жырлар) оның жеті толғауын «Жұлдыз» журналында жарияласа (1984 жыл, № 1), Ә. Құлахметов келесі жылы сол журналда оның «Сөйле, тілім, жалпыдан», «Ал, көңілім, қолға қаламды» атты екі өлеңін бастырды [4; 223]. Осының нәтижесінде 1986 жылы Базар шығармалары жеке жинақ болып басылды [5; 200]. Егеменді ел болған тұста «Жәмиғы қазақ бір туған», «Назбедеу» жинақтары күйінде және «Сырдария кітапханасының» құрамында бір том болып жарық көрді [6; 6]. Базар жыраудың әдеби мұрасы филолог мамандар даярлау барысында курстық, дипломдық жұмыстарға, магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертацияларға зерттеу нысаны болып келе жатқанына көп болды.
Достарыңызбен бөлісу: |