Базардың өз өлеңдерінде жоғары адамгершілікті уағыздауы
Жырау өз шығармаларында адам деген атқа тән әділ, адамгершілік іс қыла білуге үндейді. Оның пайымдауынша, адамның артықшылығы адамгершілігімен, кең пейілді қарасқыштығымен өлшенуге тиіс. «Жақсы менен жаманның» атты өлеңінде ақын бұл пікірлерін ашық баяндайды [5; 71]: «Жақсы менен жаманның, Арасы жер мен аспандай. Байқарсыз бір күн басыңа, Іс түскен кезде сасқанда-ай! Мырза менен сараңды, Өлшестіріп қарасаң, Ылди мен зәулім асқардай. Ғалым менен наданды, Салыстырсаң білерсің, Дария шіреп тасқандай». От ауызды, орақ тілді шешен жырау жасындай жырларымен имансыз молда, парақор би, шен-шекпенін ғана ойлаған болыс, атқамінерлерді мынандай өлең-толғауларымен ақ алмастай қиып түскен: 1. Ақын бала оқытып тек қана дүмше алымпаз молда атанып жүргендерге шүйліге түседі. Олардың қолы адал емес, арын сатып мал тапқан арамзалар екенін батыл әшкерелейді. Молдалардың өлімді аңдыған күшігеннен кем түспейтінін бетіне басып, өлім үстінде баю олардың негізгі кәсібі екенін айтады. «Қалжан ахунға» деген туындысында [5; 116]: «Молдалар сауап іздесең, Құранды оқы молаға. Басыңа түне демеймін, Келіңдер қайтып қонаға. Өлім барды шашады, Жоқтың артын ашады. Қосыла сендер тонама. Жылап-сықтап жатқанда, Олжадан ойың барларың Қараң құрсын жолама. Тірінің көңілін ауласаң, Дүние үшін жолдан таймасаң, Мен сендерден садаға. Құран оқып күңіреніп, Сары уайым саласың, Берсе қағып аласың, Соларың дұрыс бола ма?» – деп молдаларды ақылға шақырмақ болады. 2. Тек қана молда емес, соларға үстем қоғам иелерін тізіп, оларға да сын айтады. Жырау құлқынына құл болып тойынған би-болыстар мен ел қорғауды мүлде ойлаудан қалған батыр сымақтарды бар деуден гөрі жоқ дегенді жөн көреді [5; 52-53]: «Тұлғасын көріп көз тойған, Тумысына әркім ден қойған. Билігін бұрмай тура айтқан, Төбедей билер төрде жоқ. Жауды көрсе сайланған, Беліне садақ байланған, Бес қаруын асынып, Белсенген нағыз ерде жоқ». 3. Қазіргі бай мен хандар өз басының ғана қамын қарастырушылар деп, ақын оларға да өз өкпесін білдіреді [5; 53]: «Қасынан қоңсы кетпеген Өзінен байлық өтпеген. Қайырлы байды еш жерден – Іздегенмен таппайсың. Ол – аяқ жетер жерде жоқ. Таққа мініп таж киген, Жұртына жағып күн көрген. Ғаріп пенен қасерге Қамқоры сырттан көп тиген. «Әділетті» хан түгел Орнында оның орда жоқ». 4. Базар жырау заманын түзеп, елін жолға салар адал азаматты аңсайды. Жағдайдың бұзылуына сол заман адамдарының пейілі кетіп адамгершіліктен қол үзулері себеп болып тұр деп, түсінеді ол [5; 45]: «Түзелер еді бұл заман Пейілі бұзық пендені – Кетсе астына жер тартып!» – дейді. Үстемдер бұндай қызба, өжет жыраудың көмейіне құм құйып, елден аластамақшы болғанға ұқсайды. Ақын көп қуғынға ұшырап, Қазалы, Үргеніш қалаларында қамауда болады. Бұл туралы Базардың өзі Шөмекей Тоқаның атақты байы, биі Назардың аулына келгенде [5; 100]: «Сәлем беріп қол алған, Мен – Балқының Базары. Дәулетіңе кез болдым, Сен – Тоқаның Назары. Алты ай жатып түрмеде, Арып-ашып келемін. Назекеңді көрген соң, Базардың кірді ажары», – деп жырлаған. Осы жолдарға қарағанда ақынның тұсындағы жуандарға жақпағаны, олардан қуғын көріп қасірет шеккені анық.
Достарыңызбен бөлісу: |