Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді,
Өтірік сөзбен қостама, - деген жолдар арқылы қандай
биікке көтерілсең де адамгершілігіңді жоғалтпауға үндейді(6).
Жыраулар дәстүрін жалғастырушы дауылпаздың бірі Ақтамберді
жырау. Ақтамберді жыраудың педагогикалық ойларында ерлікке шақыру,
батырлыққа үндеу сарыны басым. Ол өзінің толғауларының бірінде:
....Батырмын деп кім айтпас,
Барарға жүрек шыдамас.
Жалтара шапсаң жау шыдамас,
Жауды аяған бет таппас,
Уа, жігіттер, жандарың
Жаудан аяй көрмеңіз,
Әзірейіл тура келмей жан алмас!- деп туған жердің
тағдыры үшін жан аямауға үндейді(4).
Бұқар жыраудың толғауларында педагогикалық ойлар
адамгершілік асыл қасиеттерді, достық қарым-қатынас, отбасылық қарым-
қатынасты сипаттау түрінде көрінеді:
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес,- деп үлкендерді
құрметтеуге шақырады.
Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз,
Бір ауызды болыңыз.
Қалған елді тастаңыз,
Бөтен елмен үйір боп,
Іргеңізді қоспаңыз, - деп келетін жыр жолдарында
Бұқар жыраудың ел бірлігін басты орынға қойғаны, ел ішіндегі
тыныштықты көздегені анық көрінеді (6).
Әдебиетімізде «зар заман» аталған кезеңнің ұлы ақыны
Дулат Бабатайұлы да педагогикалық ойлардың дамуына өлшеусіз үлес
қосты. Дулат Бабатайұлының отты жырларының негізгі өзегі – адамгершілік
парызы. Ел бірлігі ең қымбат дүние деп білген ол:
Ай, азамат, тату бол,
Әлі-ақ көзің жұмылар.
Мынау жалған дүниеңіз
Батып кеткен күнмен тең, - дей келе, өткінші
жаулыққа бола ел бірлігіне сызат түсірмеуге шақырады.
Ата-ананың ақылы,
Қазылған қара жолмен тең,
Жақсылардың ақылы
Гауһар шырақ шаммен тең, - деп бала тәрбиесінің
дұрыс қалыптасуына ата – ана мен жақсы адамдардың ықпалын баян етеді,
сол арқылы тұлғаның әлеуметтенуіне ықпал етуші әлеуметтік
институттардың маңызын баса көрсетеді(7).
Жырларының өн бойында патриотизм тұнған күрескер ақын
Махамбет Өтемісұлы да педагогикалық ойлар тарихында өзіндік із
қалдырған тұлға.
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туан кетіпті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек,
Біздің бүйткен бұл іске!... – деп Отан қорғауға, елді
сүюге шақырып, рухы биік адамдар ғана қиын кезеңде елін қорғауға, даяр
болып, ұрысқа шығатынын айтады(8).
Қазақ тарихында ағартушылық идеялардың туын көтеріп, ұлттық
педагогикаға ерекше ойларымен өзіндік үлесін қосқан Шоқан Уәлиханов
қазақтың салт – дәстүрлерін, өнегелік өлең – жырларын тұлға тәрбиелеудің
басты құралы деп есептеген. Сондықтан да ол: «Халықтың мұңы мен сырын,
арманын толғайтын жыраулардың жырлары - өнегелілік, бірден – бір құнды
құбылыс» деп жазған(9).
Ағартушы, ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин қазақ
халқының әдет-ғұрып, салт –дәстүр, ұлттық ерекшелігін терең талдап,
«Қазақ хрестоматиясы» жинағында «бақша ағаштары», «Жеміс ағаштары»,
«Әке мен бала», т.б. мысалдарын жазу арқылы балаларды
еңбексүйгіштікке, талаптылыққа тәрбиелеуге үндейді. «Мұғалім – мектептің
жүрегі» деген ол жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырып, оны
әлеуметтендірудегі мұғалімнің рөлін ерекше бағалайды(10).
Ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлы да тәрбие
мәселесіне ерекше назар аударып, педагогикалық ойларды дамытып, жаңа
сатыға көтерді. Жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру – Абай
шығармаларының негізі.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - деген жолдарда
адамға ең қажетті қасиет сенімділік сипатталады.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе,- деп ақыл береді
ақын. « Айтылған сөздің барлығына көз жеткізіп барып сен», - деген ой айту
арқылы мақтанды қуып, бос сөзге марқайған, өзін шамадан тыс, артық
бағалаған адамның тоқырауға ұшырап, мақтаудың буына балқып, әрі
қарайғы белестерді бағындыруға ынта танытпайтындығын меңзейді(2).
Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық, - деп келетін
жолдарда талаптанған, көпшілікпен қарым-қатынас құра білген, әр сөзін
салмақтап сөйлеп, әр әрекетін таразылап, жан-жақты болып, өзін сан
қырынан танытқан адамның биікке өрлейтіндігін айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |