2. А.С.Макаренко тағылымы ұжымды сатылы қалыптастырудың егжей-тегжейлі технологиясынан тұрады. Ол ұжымның өмір сүру заңын былай түсіндіреді: қозғалыс – ұжымның өмір сүру формасы; тоқтау – оның жойылу формасы. Әйгілі педагог ұжымның даму принциптерін анықтады (ашықтық, жауапкерлі тәуел-ділік, перспективалық, бірлікті әрекет).
Ұжым болу үшін, топ сапалы тіктелу жолынан өтуі қажет. Осы жолда А.С.Макаренко бірнеше сатыларды белгілейді.
Бірінші саты – ұжымның құрылуы (алғашқы бірігу сатысы). Бұл кезеңде ұжым педагог тәрбие жұмысының мақсаты ретінде көрінеді, мұның өзі ұйымдасқан, белгіленген топты (сынып, үйірме т.б.) ұжымға айналдыруға талпыну, яғни оқушылардың ұжымға қатынасы бірлескен іс-әрекет мазмұнымен, мақсат-міндеттерімен, құндылықтарымен анықталады. Ұжымның ұйымдастырушысы – педагог, барлық талаптар осы педагогтан басталады. Ұжым белсенділері анықталып, тәрбиеленушілер жалпы мақсатқа, іс-әрекетке және ұжымдық бірлікке келгенде бірінші кезең аяқталады.
Екінші сатыда белсенділердің ықпалы арта түседі. Енді белсенділер тек педагогтардың талаптарын қолдап қана қоймай, ұжым мүшелеріне ұжымға не пайдалы, не зиянды екенін байқатып, өз түсініктері бойынша басқара бастайды. Егер белсенділер ұжым қажеттілігін дұрыс түсінсе, онда олар педагогтың сенімді көмекшілеріне айналады. Бұл кезеңде белсенділер жұмысына педагог көп көңіл бөлуі керек. Екінші кезең ұжым құрылымының тұрақтауымен сипатталады. Бұл сатыда ұжым бүтінделген жүйе ретінде көрінеді, онда өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі реттеу механизмдері іске қосыла бастайды. Ұжым өз мүшелерінен белгілі-бір қылықтар нормаларын талап ете бастайды, ал талаптар біртіндеп кеңейе береді.
Бұл сатыдағы педагогтың басты мақсаты – осы ұжымның алға қойған міндеттерін шешу мүмкіндіктерін мейлінше көп пайдалану.
Тәжірибе жүзінде әр ұжым – дара оқушының жеке дамуын мақсатты бағыттайтын тәрбие субъектісі ретінде танылуы тиіс.
Ұжымның бұл сатыда дамуы кейбір қарама-қайшылықтарды жеңумен байланысты, атап айтқанда:
ұжым мен жеке оқушылар арасындағы;
жалпы және жеке перспективалар арасындағы;
әр қилы ерекшеліктері бар оқушылар топтары арасындағы т.б.
Сондықтан ұжым дамуында секірістер, тоқыраулар, өзгерістер мен ауысулар болмауы мүмкін емес.
Үшінші және одан кейінгі сатылар ұжымның кемелденуі. Алдыңғы даму сатыларында қол жеткізген қасиеттер киелі тұлғалық ерекшеліктерді топтастырады: жолдастарына қарағанда өзіне жоғары талап қоюы, көзқарастарының, әдеттерінің, әрекет-қылықтарының тұрақтануы. Егер ұжым осы сатыға жетсе, онда толыққанды, адамгершілікті тұлға қалыптастыру үстінде деген сөз. Жалпы тәжірибе, болған оқиғаны бірдей бағалай білуі – үшінші сатыдағы ұжымның ең негізі белгісі.
Барлық даму сатыларында ұжым үлкен және кіші дәстүрлерді қалыптастырады. Дәстүрлер – тәрбиеленушілерді эмоционалды қабылдайтын әдет-ғұрып, ниет арқылы жасалатын ұжым өмірінің тұрақты формалары. Дәстүр жүріп-тұру нормаларының бекуіне көмектесіп, ұжымдық мәселелерді бірлікті шешу қабілеттерін дамытады, өмірді қызықты етеді.
Ұжымда мақсатты таңдай білу маңызды рөл атқарады. Тәрбиеленушілер мұрат еткен мақсат перспектива деп аталады. Адам өмірінің негізгі стимулы (ынтасы) – ертеңгі қуаныш. Тәрбиеленушіге түсінікті перспективалы мақсат – қиыншылықтар мен кедергілерді жеңіуге көмектесетін үлкен күш.
Тәрбие жұмысы тәжірибесінде перспективаның үш түрі кездеседі, олар: жақын, орташа және алыс перспективалар.
Жақын перспектива – ертеңгі серуен, яғни ұжым мүшелерінің жеке қызығушылығынан туындайды.
Орташа перспектива – уақыт бойынша алыстау ұжымдық оқиғаның жобасы.
Алыс перспектива – ұзақ уақытқа көзделген үлкен мағыналы, маңызды талаптарға қол жеткізуге арналған мақсат.
Мұндай перспективада тұлға мен ортаның қажеттері міндетті түрде үйлеседі. Перспективалық жолдар жүйесі ұжымға етене енуі керек. Оны уақыттың кез-келген сәтін ұжымның айқын да қызықты мақсаты болатындай, сонымен өмір сүретіндей әрі сол мақсатты орындауға талпынатындай етіп құру қажет. Перспективаны таңдағанда жұмыстың нәтижелі бітуін ескеру әбден қажет.
Кейде педагогтың оқушыға әсері кейбір себептерге байланысты кем нәтижелі болып қалады. Оған жанындағы оқушылар арқылы әсер ету өте жақсы жеміс береді. Бұдан қатар әрекет (параллельное действие) принципі іске қосылады. Оның негізінде оқушыға тікелей емес, ұжым арқылы әсер ету талабы жатыр.
А.С.Макаренко ұжымаралық қатынасқа көп көңіл бөлді. Қалыптасқан ұжымның ерекше белгілері ретінде ол мыналарды ескерді: 1) үнемі сергектік, іс-әрекетке дайындық; 2) өзіндік қадірін сезіну; 3) мүшелерінің достық бірлігі; 4) әр мүшенің өз қауіпсіздігін сезінуі; 5) іс-қимыл, әрекет белсенділігі; 6) дер кезінде ұстамдылыққа әдеттенуі, көңіл шарпулары мен тілдесудегі өзіне шек қоя білуі.
3. Ұжым үнемі өзгеріп отырады, себебі оны құрайтын адамдар ауысады. Бірақ ұжымның даму үрдісі кездейсоқ емес, оған педагогтар жетекшілік етеді. Ұжымға жетекшілік етудің нәтижелігі, оның даму заңдылығын қандай мөлшерде зерттегеніне, тәрбие жағдайының қаншалықты дұрыс анықталғанына, педагогтың әсер ету тәсілдеріне байланысты.
Мұндай әсердің маңызды шарты – үздіксіз болып келетін, ұжымға әсер ететін тәрбиелік шаралардың бір жүйеге бірігуі. Ал мұндай интеграцияға келесі жолдар арқылы қол жеткізуге болады:
Ұжымға болар педагогикалық әсерлерді бірлікті (комплексті) пайдалану;
Күнделікті өмірде ұжым мүшелерінің бір-біріне үнемі және жан-жақты көмегі;
Ұжым өміріне және оның жеке мүшелеріне жағымды әсер ететін жағдайлар тудыру;
Оқушылардың өзін-өзі басқару ісін кеңейту;
Ұжыммен жұмыс істейтін барлық ұйымдардың талпыныстарын біріктіру.
Мектеп ұжымын басқарудың педагогикалық тәжірибесінде келесі маңызды ережелерді сақтау керек:
Педагогикалық жетекшілікті оқушының өз қызығушылығына, ынтасына, тәуелсіздігіне орайластыру, дербес қарапайым талпынысымен саналы байланыстыру;
Ұжым – динамикалық жүйе болғандықтан, ол үнемі өзгеріп, дамып отырады және кемелденеді. Сол үшін педагогикалық жетекшілер қарым-қатынас және әсер ету жобаларын жиі өзгертіп отыруы міндетті.
Сынып жетекшісі ұжым тәрбиесінде мұғалімдер тобына, сынып ұйымына сүйеніп, отбасыларымен үнемі байланыста бола отырып, жоғары жетістіктерді көздеуі лазым.
Формализм – тәрбиенің қас жауы;
Жетекшіліктің жақсы көрсеткіші – сынып өміріндегі маңызды мәселелерге ортақ ұжымдық пікірдің болуы;
Ұжым мүшелерінің өз міндеттерін орындауын дұрыс қадағалау негізінде тәрбиені дамыту;
Тәрбиені ұжымдағы қарым-қатынас құрылымының көп деңгейлігін ескере жүргізу:
Жекеше қарым-қатынас жасау;
Бірлескен іс-әрекет қатынастарын дамыту;
Әлеуметтік мәні бар ұжым іс-әрекетіне байланысты қатынас жасау;
Ұжым мүшелерінің атқарып жүрген рөлдері мен олардың шын мәніндегі мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану;
Ұжымдағы қатынастың өтіп жатқан жағдайына белсене араласу;
Уақытша ұжымдар құру, нашар оқушыларды жоғары мүмкіндіктерге жеткізе алатын ұжымға ауыстыру;
Ұжымдағы оқушыларды жаңаша қатынасқа кірістіретін ұжымдық іс-әрекет түрлерімен олардың қалпын өзгертуді әр кез естен шығармау.
4. Ұжым жетілген сайын өзін-өзі басқару да жетіле түседі.
Өзін-өзі басқару – ұжым үшін маңызды мақсаттарға жету үшін шешім қабылдау мен оны жүзеге асыруда балалардың өз бетінділігін дамытуға негізделген ұжымдық іс-әрекетті ерекше ұйымдастыру. Жеке тұлғаға қатысты өзін-өзі басқару төмендегідей функцияларды орындайды:
адаптациялық (ұжым ішінде жеке тұлғаның үйлесімді өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етеді);
интегративтік (ұжымдық және жеке іс-әрекет түрлерін үйлестіруге мүмкіндік береді; нәтижелі іс-әрекет үшін ата-аналар, балалар және педагогтардың қызметін ұйымдастырады);
прогностикалық (диагностика және рефлексия негізінде ршыни перспективаларды анықтауға жәрдемдеседі);
басқарушылық мәдениетті меңгеру (өзі және ұжым үшін маңызды шешімдерді қабылдауда өз бетімен таңдау жасауды жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады).
Балалар ұжымындағы өзін-өзі басқару іс-әрекетті анықтаудан басталады: басқарушылық құрылымды жасауда, міндеттерді бөлуде. Ұжымның жалпы жиналысы (оқушылар комитеті, кеңес, штаб т.б.) өзін-өзі басқару органдарын сайлайды және олардың міндеттерін анықтайды. Белгілі бір тапсырманы алғаннан кейін әрбір бала өз міндеттерін және ол жұмысты орындау жолдарын білуі тиіс. өзін-өзі басқару балалардың бостандық пен жауапкершіліктің қатынасын сезінуін талап етеді.
И.П.Иванов іс-әрекетті өз бетімен ұйымдастыру әдістемесін жасады: құрылған кеңестер көмегімен жұмыстарды дайындау, инициативалық топтың жұмысы, көсбасшылардың ауысуы, микроұжымдар арасындағы тапсырмалардың ауысып келіп отыруы. Бұл әдістерді кез-келген балалар ұжымында қолдануға болады. Педагог ұжым ішінде өзін-өзі басқаруды дамытпайынша, онда жеке тұлғаны дамыту мүмкін емес екендігін үнемі есінде сақтауы тиіс.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
Ұжым туралы түсінік.
Ұжымның өзіндік қасиеттері, ерекшеліктері.
А.С.Макаренко бойынша ұжымның даму кезеңдерін сипаттаңыз.
Ұжымға педагогикалық басышылықта нені есепке алу керек?
Мектеп ұжымын басқарудың педагогикалық тәжірибесінде қандай ережелерді есте сақтау керек?
Ұжым алдындағы мақсат – перспектива дегеніміз не?
Өзін-өзі басқару дегеніміз не?
Өзін-өзі басқару қандай функцияларды орындайды?
№16 дәріс тақырыбы: Оқушыларды тәрбиелеудегі отбасының ролі
Тірек ұғымдар: отбасы, отбасы педагогикасы,
Жоспары
Отбасы - ерекше педагогикалық жүйе ретінде.
Отбасы тәрбиесінің мүмкіншіліктері, әдіс-тәсілдері.
Мектеп пен отбасының өзара әрекетінің формалары.
1. Отбасы педагогикасы - педагогика ғылымының саласы, ол институционалдық белгісіне қарай, яғни әлеуметтік институт - жас ұрпақты оқытумен және тәрбиелеумен айналысатын отбасы бойынша бөлінген. Бұл отбасындағы тәрбие туралы ғылым. Ол отбасы тәрбиесі жағдайларының ерекшеліктерін, олардың қолынан келетін мүмкіншіліктерін зерттейді, ата-аналар үшін балаларды тәрбиелеуге байланысты ғылыми негізделген ұсыныстарды жасайды.
Отбасы тәрбиесінің объектісі - тәрбиелік институт ретіндегі отбасының дамуының жағдайы және негізгі үрдістері болып табылады. Отбасы тәрбиесінің пәні - отбасындағы тәрбиенің мәні, механизмдері, осы процестің баланың тұлғасының құрылуына әсері.
Отбасындағы тәрбиені үйдегі тәрбие деп те атайды. Қазіргі жағдайда үй тәрбиесі қоғамдық тәрбиемен толықтырылады.
Отбасы тәрбиесінің міндеттері:
- отбасы тәрбиесінің теориялық мәселелерін жасау;
- отбасы тәрбиесінің тәжірибесін зерттеу;
- отбасы тәрбиесінің практикасына ғылыми жетістіктерді енгізу;
- ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттырудың жолдарын зерттеу;
- отбасы және қоғамдық тәрбиенің, ата-аналар мен кәсіптік педагогтардың өзара әрекетінің технологиясының тиімді арақатынасын негіздеу.
Отбасы тәрбиесін зерттеу үшін бірін-бірі толықтыратын әдістер кешенін қолданады:
- әдеби көздерді зерттеу, бақылау, әңгіме, «педагогикалық консилиум», тәуелсіз мінездемелер әдісі, шығарма әдісі, тәжірибені зерттеу және жалпылау, балалардың іс-әрекетінің нәтижесін зерттеу, құжаттарды зерттеу, тәжірибелік жұмыс жүргізу т.б.
- социологиялық әдістер: социологиялық сұраулар, интервью және анкеталау, тестілеу, социометрия.
- психологиялық әдістер: балалардың суреттері арқылы отбасын зерттеудің әдістемесі, ойындарын және т.б. іс-әрекеттерін бақылау.
- математикалық әдістер: шкалалау, ранжирлеу, орташа шамасын есептеу т.б.
- отбасы дүниесі көркемдік-образдық формада көрінісін табуда: әдебиетте, музыкада, суреттерде, халық шығармашылығы еңбектерінде.
Отбасы тәрбиесінің көздері:
Халық педагогикасы. Отбасы тәрбиесінің алғашқы идеялары ғасырдан ғасырға, отбасынан отбасыға дәстүр, салт, халық ауыз әдебиеті т.б. арқылы берілді.
Дін. Отбасылық халық педагогикасы дінмен өзара әрекеттесіп, тәрбиенің мақсаты, функциясы және құралдары туралы діни көзқарастармен дамыды.
Ауыз әдебиетінің мұралары. Отбасы - ауыз әдебиетіндегі мұраның басты тақырыптарының бірі.
Бұрынғының педагогикалық көзқарастарын талдау.
Отбасы тәрбиесінің практикасы.
Арнаулы экспериментальдық зерттеулер.
Философия, психология, анатомия, физиология, генетика т.б. ғылымдарының отбасы туралы мәліметтері.
2. Отбасы - туысқандық байланыста болатын (күйеуі, әйелі, ата-анасы, әжесі т.б.), бірлесіп, әлеуметтік-тұрмыстық өмір сүретін адамдар. Мынадай функциялар жүзеге асырылады: репродуктивтік, яғни балалардың тууы; шаруашылық-экономикалық; тәрбиелеушілік; адамгершілік-психологиялық ахуалды қамтамасыз ету; отбасылық ішкі қарым-қатынасты ұйымдастыру; бос уақытты өткізуді ұйымдастыру.
Отбасындағы тәрбие - қажетті нәтижеге жету мақсатындағы ата-аналар мен отбасының басқа да мүшелерінің балаларға әсер етуінің жалпы аталуы.
Отбасы бүкіл ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан ол адам үшін ең жақын әлеуметтік орта.
Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғашқы рет өмір жолымен танысады, моральдық нормаларды игереді. Сондықтан отбасы өмірі тұлғаның азамат болып өсуінің негізі.
Отбасының әсерінің мүмкіншіліктері:
- отбасында басқа ешбір жерде қалыптаса алмайтын сапалар қалыптасады;
- отбасы тұлғаның әлеуметтенуін жүзеге асырады, отбасынан қоғам мүшелері шығады: қандай отбасы - сондай қоғам;
- отбасы дәстүрлердің сабақтастығын жүзеге асырады;
- отбасының маңызды әлеуметтік функциясы азаматты, патриотты, қоғамның заңын орындайтын мүшесін тәрбиелеу болады;
- баланың мамандық таңдауында отбасының мәнді әсері болады.
Отбасы тәрбиесінің мазмұны демократиялық қоғамның басты мақсатымен анықталады, яғни жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу. Отбасы денелік және психикалық жағынан сау, адамгершілік, интеллектуалдық, дамыған, болашақ еңбектік, қоғамдық және отбасылық өмірге даяр тұлғаны қалыптастыруға міндетті. Отбасы тәрбиесінің мазмұнының құрамдас компоненттері: денелік (салауатты өмір салты, күн тәртібін дұрыс ұйымдастыру, спортпен айналысу, организмді шынықтыру), адамгершілік (мәңгі адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеу - сүйіспеншілік, адалдық, борыш, әділеттілік т.б.), интеллектуалдық (оқушылардың біліммен сусындауына, оқуға деген сұраныс-ты тәрбиелеуге ата-аналардың қатысуы), эстетикалық (балалардың талантын және дарындылығын, өмірдегі әсемдік туралы білімдерін дамыту), еңбек /болашақ еңбекқор адамның негізін қалыптастырады/ тәрбиесі. Олар экономикалық, экологиялық, саяси, жыныстық білім берумен толықтырылады.
Отбасында балаларды тәрбиелеудің әдістері - бұл ата-аналардың балалардың санасына және мінез-құлығына мақсатты бағытталған педагогикалық әсердің тәсілдері. Олардың өздерінің ерекшеліктері бар: нақты қылықтарға негізделген және тұлғаға үйлестірілген, сәйкестендірілген балаға жекелік әсер; әдістерді таңдау ата-аналардың педагогикалық мәдениетіне байланысты (тәрбиелеу мақсатын түсінуі, ата-аналар рөліне, отбасындағы қатынастар стиліне т.б.).
Отбасы тәрбиесінің әдістері: сендіру (түсіндіру, ақыл-кеңес, иландыру); жеке өнеге; мадақтау (мақтау, сыйлық, балалар үшін қызықты перспектива); жазалау (достықтан бас тарту, рақаттылыққа рұқсат бермеу, денелік жазалау). Кейбір отбасыларында педагогтың кеңесі бойынша тәрбиелеушілік ситуациялар қолданылады.
Отбасында тәрбиелік міндеттерді шешуде әртүрлі құралдар баршылық: сөз, ата-ана беделі, оқу, табиғат, үй тұрмысы, ұлттық салт-дәстүр, қоғамдық пікір, отбасының рухани және моральдық ахуалы, күн тәртібі, әдебиет, спорт, мейрамдар, символ, атрибуттар, т.б.
Қазіргі қоғамда барған сайын отбасы дағдарысы көріне түсуде және одан шығудың жолы әлі де бұлыңғыр. Дағдарыстың бір көрінісі - отбасы өзінің басты функциясы, яғни бала тәрбиелеуді нашар жүзеге асыруда.
Дағдарыстың себептері: елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы, қоғамдық өмірде мәдениетінің төмендігі, отбасында әйелге көп жүктеменің түсуі, ажырасудың жоғары пайызы, ұрпақ арасындағы тартыстың асқынуы, отбасы мен мектептің байланысының нашарлауы т.б.
Отбасының тәрбиелік әсерін арттырудың жолдары: отбасындағы қатынасты гуманизациялау, мектеп, діни ұйымдардың және отбасының бірлескен қызметі, гуманитарлық фондылармен, қоғамдармен жұмысын үйлестіру т.б.
3. Мұғалімнің ата-аналармен жүргізетін жұмыстарының негізгі түрлері мен әдістеріне сипаттама бермес бұрын отбасымен байланыс орнатудың бірқатар психологиялық-педагогикалық ерекшеліктеріне тоқтаған орынды.
Бірінші ереже: Мектеп пен сынып жетекшісінің отбасымен және жұртшылықпен жүргізетін жұмысының негізі ата-аналардың беделін көтеру және нығайтуға бағытталуы тиіс. Сынып жетекшісінің ақыл үйретушілік, көсемдік сөз саптауы, өкпе, реніш, ыңғайсыздыққа негіз болады. ”Міндетті”, ”қажетті” деген үзілді-кесілді сөздерден соң ата-ананың кеңес сұрауға деген ынтасы жоғалады. Ата-аналардың көпшілігі өз міндеттерін жап-жақсы түсінеді, бірақ тәрбие практикасында өз білгенін көңілдегідей қолдана алмауы мүмкін. Сондықтан оларға не істеу керек екендігімен бірге қалай істеу керек екендігін білу де маңызды. Мұғалім мен ата-ананың арасындағы бірден-бір дұрыс норма –ол бірін-бірі құрметтеу. Осындай жағдайда бала тәрбиесін қадағалау, тәжірибе алмасу, ақыл кеңес, бірлесе шешім қабыладау сияқты екі жақты да қанағаттандыратын формаға ауысады. Бұндай қатынастың маңыздылығы сол - мұғалім мен ата-аналарды жеке жауапкершілік, азаматтық парыз, өзіне деген талапшылдық дамып нығаятын болады.
Ата-аналардың жұмыс орнына “Үлгерім экраны”, ”Ашық журнал” сияқты тәрбие құралдарын ілу нәтиже бермейді. ”Қара тізімге”ілінген әкелер мен аналар ондай форманың тиімсіздігін айтады. Өйткені, сол арқылы олардың балаға көңілі толмауы оны жазалауға, мектепке деген теріс көзқарастың қалыптасуына алып барады. Көп жағдайда осы негізде әке мен шешенің ара қатынасы бұзылады. Осының бәрі түптің-түбінде баланың мұғалімді, мектепті жек көруіне ұласады. Мұғалім,сынып жетекшісі осы жағдайды ескеріп, жұмыс әдістері мен түрлерін таңдағанда баланың көз алдында ата-аналардың беделін көтеру және нығайтуды басшылыққа алуы тиіс.
Екінші ереже: Ата-ананың тәрбиелік мүмкіндіктеріне сенім арту, олардың педагогикалық мәдениетінің деңгейін көтеру тәрбиелік белсенділігін арттыру. Ата-аналар психологиялық жағынан мектептің барлық бастамалары мен талаптарын қолдануға дайын. Тіпті педагогикалық дайындығы, жоғарғы білімі жоқ ата-аналардың өзі бала тәрбиесіне терең түсінікпен және жауапкершілікпен қарайды.
Үшінші ереже: Отбасының өміріне орынсыз араласуға жол бермейтін педагогикалық әдеп. Сынып жетекшісі - ресми тұлға. Ол өз қызметі аясында көп жағдайда қаласа да, қаламаса да отбасының өзгелерден “жасыратын” құпия сырларына куә болуы мүмкін. Жақсы сынып жетекшісі отбасы үшін бөтен емес, қайта ата-аналар одан көмек күтіп сенім сыр айтады, ақылдасады. Сондықтан отбасы қандей болса да, ата-аналар қандай тәрбиеші болса да мұғалім барынша әдепті болуы тиіс.Ол отбасы туралы барлық білімін ата-аналардың тәрбие ісіне көмектесуге, ізгі ниетті орнықтыруға жұмсауы керек.
Төртінші ереже: Тәрбие мәселелерін шешуге өмірге құштар, көтеріңкі көңіл күйді басшылыққа алу, жеке тұлғаның табысты дамуына бағыт ұстау, баланың жағымды қасиеттеріне, отбасы тәрбиесінің күшті жақтарына сүйену. Тәрбиеленушінің мінезін қалыптастыру қиындықсыз, қайшылықсыз және оқыс оқиғасыз іске аспайды. Егер осының бәрі даму заңдылығы түрінде қабылданса (бала мінезінің тұрақсыздығы, соқтықпалы сипаты т.б) онда қиындық, қайшылық және күтпеген нәтиже педагогты әбіржітпеуі тиіс. Қалыптасқан педагогикалық міндеттерді шешудің ондаған тәсілдері болғанымен, солардың біреуі ғана нақты жағдайға толық нәтиже беруі мүмкін. Сондықтан педагогика ғылымына дайын рецент беретін анықтама емес, тұлғаға тиімді ықпал жасайтын жалпы заңдылықтар туралы ғылым деп қарау қажет.
Ата-аналармен, оқушы отбасымен байланыс орнату мұғалімнің ең басты міндеті. Ондай байланыс орнатудың бір формасы оқушы отбасында болу. Бұл форма мұғалімдер мен ата-аналарға жақсы таныс болғандықтан оның екі кезеңіне тоқталайық.
Отбасында болу, шақыру арқылы іске асқаны жөн. Статистикалық мәліметтер бойынша балалардың 80 пайыздан астамы әкесі де, шешесі де жұмыс істейтін отбасыларында тәрбиеленеді. Демек, кез-келген уақыт мұғалім үшін қолайлы бола бермейді. Мұғалімнің кенеттен үйге ата-аналарды жұмыстан қалдыруы мүмкін. Шақыру бойынша отбасында болу ата-ананы да, мұғалімді де қолайсыздықтан құтқарады.
Отбасында болуға мұғалім дайындалуы тиіс. Ол дайындық шәкіртінің ең жағымды, қызықты құндылықтарын айқындауы тиіс. Дегенмен, ол құндылықтардың өзі мұғалім санасында қорытылып, психологиялық педагогикалықтұрғыдан сенімді шығуы керек.
Отбасымен, ата-аналармен байланыс орнату отбасы тәрбиесін насихаттауға ықпал жасайды. Бұл мәселелерде ата-аналар мен мұғалімдерге “Семья и школа”, “Воспитание школьников”, “Бастауыш мектеп”, “Ақжелкен” жураналдары мен “Ұлан” газеті сияқты басылымдарда жарияланған материалдар көмек жасайды. Дей тұрғанмен сынып жетекшісінің жанды сөзін ата-аналар құлақ қойып тыңдайды. Оның өз атына айтылған мақтау сөздерімен бірге тәрбие міндеттерін шешу туралы ақыл-кеңестерін тыңдау ата-аналарға қуаныш сыйлайды.
Ата-аналар мен сынып жетекшісінің байланыс жасауының бір түрі ата-аналардың педагогикалық тапсырмаларды орындауы болмақ. Ондай педагогикалық тапсырмалардың бірнеше түрін атауға болады.
Тапсырманың бірінші түрі – белсенді тәрбиелік позиция, балалармен тікелей жұмыс жасаудан туындайды. Олар: қызығушылықтар бойынша құрылған үйірмелерге жетекшілік жасау, дербес қамқорлыққа алу, тәлімгерлік және т.б.
Тапсырманың келесі түрі – мұғалімге, тәрбиешіге ұйымдастырушылық көмек көрсетуден туындайды. Олар: саяхат ұйымдастыруға ықпал жасау, қызықты адамдармен кездесулер ұйымдастыру, сынып кітапханасын жабдықтау, кітапқұмар клубын ұйымдастыру.
Ендігі тапсырмалар мектептің материалдық базасын дамыту және нығайтуға қатысудан туындайды. Олар – кабинетті безендіру, құралдар, приборлар дайындау, мектепті көгалдандыру, жөндеу жұмыстарын қатысу.
Бұл аталғандар қоғамдық жұмыстар мен тапсырмалардың бір бөлігі ғана. Қоғамдық жұмысқа тартуда ата-аналардың немен айналысқысы келетіндігін анықтау үшін сынып жиналысында олардың өз ұсыныстарын жазбаша беруін өтінуден бастаған дұрыс.
Мектеп шағын ауданда отбасылық және қоғамдық тәрбиені ұйымдастыруда жетекші роль атқарады. Мектептің, отбасының және жұртшылықтың балаларды тәрбиелеудегі іс-әрекетін үйлестіру мынадай ұйымдастырушылық формада жүзеге асады:
мектептің педагогикалық ұжымының, ата-аналар комитетінің, тұрғын орны бойынша қоғамдық кеңестің, клубтардың, кітапханалардың, стадиондардың, полиция және денсаулық сақтау ұйымдарының тәрбиелік жұмыстарының жоспарын үйлестіру және тәрбиелік процеске қатысушылардың әрбіреуінің функ-цияларының анық болуы.
мектептің күшімен ата-аналарды және жұртшылықты педагогикалық біліммен қаруландыру.
тәрбиелік жұмыстың барысын және нәтижесін мұқият зерттеу және бірлесіп талқылау.
Мектеп ата-аналармен әр түрлі аталатын ата-аналар бірлестігімен, яғни ата-аналар комитеті, кеңестер, конгресстер, ассоциациялар, комиссиялар, клубтар т.б.
Мектеп ата-аналармен байланысты көбіне сынып жетекшілерінің күшімен жүргізеді.
Ата-аналар бірлестіктерінің басты міндеті - ата-аналарға педагогикалық білім беруді ұйымдастыру және жүзеге асыру.
Мұғалімнің ата-аналармен жүргізетін жұмыс жүйесінде психологиялық-педагогикалық ағартудың түрлері:
педагогикалық біліктілік университеті. «Университет» бағдарламасы сынып оқушылары мен ата-аналардың құрамын ескеріп құрылады.
Дәріс. Тақырыптары: балалардың жас ерекшелік психологиясы, отбасындағы жыныстық тәрбие т.б.
Конференция. Тақырыптары: Бала өміріндегі ойын, отбасындағы адамгершілік тәрбиесі т.б.
Практикум - бұл ата-аналардың бала тәрбиесіндегі педагогикалық жағдайларды тиімді шешу жолындағы өзіндік жаттығулары.
Ашық сабақтар. Ата-аналарды оқу жылында 3-4 рет ашық сабаққа қатысуына мүмкіндік туғызу керек.
Педагогикалық пікірталас.
Ролдік ойындар.
Тақырыптық жеке кеңестер.
Оқушының үйіне бару.
Хат арқылы байланыс.
Ата-аналар жиналысы.
Достарыңызбен бөлісу: |