Дәріс 8. Кәсіптік бағдар кабинеті.
Мектептегі КБ кабинетінің негізгі бағыттары мен міндеттері.
Кәсіптік бағдар кабинетін жасақтау әдістемесі.
Мектепаралық оқу-өндіріс комбинатының кәсіптік бағдар кабинеті.
Базалық кәсіп орынның кәсіптік бағдар кабинеті
Мектептегі КБ кабинетінің негізгі бағыттары мен міндеттері.
Мектептің кәсіпке бағдарлау жұмысын күшейтуге мүмкіндік беретін кәсіптік бағдарлау кабинеттері оқушыларды мамандық таңдауға даярлау жұмысында үлкен көмекші болады.
Кәсіптік бағдар кабинеттерінің үш үлгісі: жалпы білім беретін мектептің, оқу-өндіріс комбинатының және базалық өнеркәсіп орнының кәсіптік бағдарлар кабинеттері қалыптасқан. Олардың әрқайсысының жұмысында өз ерекшеліктері, өздерінің нақты міндеттері, жұмысының мазмұны мен формалары, материалдарды дайындау және жинақтау ерекшеліктері бар. Сонымен бірге барлық кабинеттердің жұмысында бәріне бірдей ортақ, бірыңғай жәйттер де баршылық, олардың қызметі өзара тығыз әрекеттестік пен байланыста жүзеге асырылып жатады.
Кәсіптік бағдар кабинеті - бұл тек кәсіпке бағдарлау шаралары жүргізілетін орын ғана емес, ол кәсіптік бағдарлау жұмысын бағыттап, үйлестіріп отыратын орталық, сонымен қатар оқушыларды кәсіпке бағдарлау жұмысының әдістемелік орталығы. Кабинет жастарды кәсіп таңдауға даярлаумен шұғылданатындардың бәрінің осы даярлықты көрнекі құралдардың тұтас бір кешенін: кино-диафильмдерді, слайдтарды, магнитофон жазбаларын, тағы басқаларын пайдалана отырып, неғұрлым тиімді жүргізуіне мүмкіндік береді.
Жалпы білім беретін мектептің кәсіптік бағдар кабинеті - бұл мектептің кабинеттік жүйесінің табиғи бір бөлімі, ол оқушыларды кәсіптік бағдарлаудың материалдық базасы болып саналады. Мектептің кәсіптік бағдар кабинетін құрушы және ұйымдастырушы – мектептің кәсіптік бағдар кеңесі. Кәсіптік бағдар кабинеттері жанында кабинеттің белсенді тобы жұмыс істейді, балалардың өздері оған сөзсіз қатысушылар болуға тиіс.
Мектеп кабинеті жұмысының негізгі бағыттары мыналар:
1. Оқушыларды оқу үстінде және оқудан тыс кезде кәсіп таңдауға даярлау.
2.Мектеп, мектепаралық оқу-өндіріс комбинаты және өндіріс арасында берік, тұрақты байланыс орнату.
3.Сынып жетекшілерімен, мұғалімдермен, ата-аналармен және қызметкерлермен мектепте, оқу-өндіріс комбинатында және өндірісте оқушыларды еңбекке даярлайтын кәсіпке бағдарлау және әдістемелік жұмыстар ұйымдастыру.
Мектептің кәсіптік бағдар кабинеті мына міндеттерді шешуге бағытталған ұйымдастырушылық қызметін атқарады:
1. Мектептегі кәсіптік бағдар орталық арқылы көрнекі материалдардың мазмұнын кәсіпке бағдарлау сипатындағы жаңа деректермен үнемі толықтыра отырып, өндіріспен, орналастыру жөніндегі бюролармен, статистика басқармаларымен, жоспарлаушы ұйымдармен тұрақты байланыс жасау;
2. Өзіндік бағдарлауда және еңбекке, мамандық таңдауға өзіндік даярлықты ұйымдастыруда оқушыларға көмек көрсету: іріктеп алынған арнаулы әдебиеттермен таныстыру, педагогтар мен психологтардың, дәрігерлердің, таңдап алынған қызмет саласындағы мамандардың кеңестерін өткізу;
3. Мамандық таңдауда қиыншылық кездестірген немесе таңдаған кәсіби еңбекке қайшы келетін себептері бар оқушылармен жеке-дара жұмыс жүргізу, жұмысшы кәсіптерін нысаналы түрде насихаттау;
4. Сабақты және сыныптан тыс шараларда оқушылармен жүргізілетін кәсіптік бағдарлау жұмысы жөніндегі әдістемелік материалдарды шоғырландыру, мектеп оқушыларын кәсіпке бағдарлаудың озық тәжірибесі материалдарын жинақтау, озық тәжірибемен алмасуды және оны енгізуді ұйымдастыру.
Кәсіптік бағдар кабинетін жасақтау әдістемесі.
Кабинет бірте-бірте құрылады. Бірінші кезеңде - безендіруге арналған материалдар жинақталады. Бұлар: мамандық таңдау туралы еңбек және әр түрлі кәсіптер туралы аса көрнекті мемлекет, ғылым мен өнер қайраткерлері айтқан пікірлерді іріктеп алу; тақырыптық стенділер мен витриналарға арналған материалдарды, әдебиеттерді іріктеп алу, оқушылардың ізденіс қызметінің, техникалық шығармашылығының материалдарына арналған қосымша кәсіптік бағдарлау материалдарын іріктеп алу.
Кабинеттің экспозициясында, мысалы, еңбек және кәсіп таңдау туралы мынадай пікірлерді пайдалануға болады: «Егер шеберлікті мінсіз меңгерсе, кәсіптің бәрі де жақсы, бәрі де құрметті» (М.И.Калинин), «Атқарған ісіңді ұнатуың керек, міне сонда еңбек - тіпті ең қарапайым еңбек – шығармашылыққа дейін асқақ көтеріледі» (А.М.Горький), т.с.с.
Екінші кезеңде - кабинеттің экспозицияларын құрастыру және оны безендіру. Бұл міндеттің маңызы да зор, жұмыстың табысты болуы көп ретте осы міндетті шешуге байланысты болады.
Үшінші кезеңде кабинет жұмысының жүйесі белгіленеді. Бұл - кабинеттің материалдары мен жабдығын игеру, оның жұмыс жоспарын жасау.
Төртінші кезеңде кабинет оқушыларды мамандық таңдауға даярлау жөніндегі тәрбие жұмысының орталығы ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушыларын кәсіпке бағдарлаудың әдістемелік жұмысының орталығына айналдырылады.
Кабинет мектептегі кітапханамен бірге әдебиеттер тізімін жасайды; стенділер мен көрмелерге арналған әдебиетті іріктеп алады. Түрлі кәсіптер адамдары туралы кітаптар көрмесі ұдайы жаңартылып отырады.
Мектептің кәсіптік бағдарлау кабинетінде оқу орындары (адресі, артықшылығы, болашақ мамандығы) туралы хабарлайтын «Қайда оқуға түскіңіз келеді?» деген картотека жасалады. Дәрігердің ұсынысы, денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы - бағалы кәсіби материал болып табылады.
Жоғары сынып оқушылары кабинетте жұмыс істейтін тәлімгердің басшылығымен кәсіптердің сипаттамасын жазады. Кабинеттің ең басты жетістігі - тәлімгердің басшылығымен оқушылар жасаған кәсіптер туралы видеофильмдер-әңгімелер; видеофильмдер тікелей түсіріледі, белгілі бір мамандық адамының жұмыс күнінің фотохронометражы болып табылады. Видеофильмдерді оқушылардың өздері түсіріп, олардың мәтіндерін де өздері жазады. Бұл фильмдерді жоғары сынып оқушылары ерекше ынтамен көреді, өйткені олар экскурсияларда және сабақ кезінде танысқан адамдармен экранда тағы да кездеседі. Кабинетте барлық негізгі кәсіптер туралы фильмдер жасақталса тіпті жақсы. Фильмдер мен шағын слайдтар сабақтарда пайдаланылады.
Кабинеттің барлық материалдарына картотека жасалып, материалдар жүйеге келтірілген болса, сабаққа даярлық үстінде мұғалімнің қажетті материалды іріктеп алуы оңай.
Кәсіптік бағдар кабинетінде мұғалімге арналған шағын кітапхана, жекелеген сабақтар өткізу, кәсіптік бағдарлау шараларының әдістемелік кеңестері болғаны жөн.
Жалпы білім беретін мектептің мұндай кәсіптік бағдар кабинеті, кәсіптік бағдарлаудың оқу-әдістемелік орталығы болып табылады. Мектепте оқушылар арасында жүргізілетін кәсіби хабардың, кәсіби тәрбие, кәсіби диагностикалық және кәсіби кеңес беру жұмыстарының материалдық базасы болып қызмет етеді.
Жалпы білім беретін мектептегі кәсіптік бағдар кабинетінің мазмұны: «Қайда оқуға түскіңіз келеді?», «Қайда оқуға барғыңыз келеді?», «Сіздің ата-аналарыңыздың мамандықтары», «Біз таңдайтын жолдар» сияқты тақырыптық стендтерде, «Мамандық туралы не оқуға болады?» деген стенд-витриналарда бейнеленеді.
«Сұра - жауап береміз!» типіндегі стендтер, кәсіптік бағдарлау мазмұндас түрлі викториналар, оқу орындарының «сөйлейтін» карталары мектеп оқушыларының ерекше зор ынтасын туғызады.
Кабинеттің әдістемелік қызметі - мектеп оқушылары арасында жүргізілетін кәсіптік бағдарлау жұмысының жинақталған тәжірибесін көрсету, педагогтар ұжымы, ата-аналар, қамқоршылар үшін кәсіптік бағдар мазмұндас дәрістер, семинар сабақтарын, конференциялар, кеңестер, педагогикалық оқулар, басқа да шаралар ұйымдастырып, одан кейін оларға талқылау өткізу т.б.
Мектепаралық оқу-өндіріс комбинатының кәсіптік бағдар кабинеті.
Мектепаралық оқу-өндіріс комбинатының кәсіптік бағдар кабинеті аудандағы бүкіл кәсіптік бағдарлау жұмысын ұйымдастырушы және әдістемелік орталығы ретінде жұмыс істейді. Мұндай кабинет жұмысының басты бағыттары мынадай:
Оқу өндіріс комбинатындағы оқудың профильдерін және өлке, облыс экономикасының кадрларға қажеттілігін ескере отырып, оқушыларға экономиканың түрлі салалары туралы кәсіби хабар беру;
Ауданның, қаланың, базалық кәсіпорынның қажеттеріне сәйкес кәсіби насихаттау;
Оқушылардың кәсіптік ой-ниеттері мен кәсіби ынтасының бағыттарын, мамандық таңдау себептерін зерттеу;
Мамандық таңдау және мамандыққа баулу жолдарын дұрыс таңдаудың негізгі шарттарын ашып беру;
Мамандық таңдауда жастарға көмек көрсетуге арналған жеке-дара кәсіби кеңес беру;
Таңдап алынған мамандыққа баулу кезінде және одан былайғы жұмыс үстінде оқушылардың кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсету;
Мұғалімдер, сынып жетекшілері, өндірістік оқу шеберлері, кәсіптік бағдар кеңестері және басқалары арасында әдістемелік және үйлестіру жұмыстарын жүргізу.
Кәсіптік бағдар кабинеті оқу жабдағымен: оқудың техникалық құралдарының кешенімен және оларды пайдалануға арналған құралдармен (экранмен, перделермен, аппаратура орнатылатын тұғырлармен, қашықтықтан басқару пульттерімен, оқу-өндіріс комбинатының және өндірістің цехтарынан хабар беруді мүмкін ететін телевизиялық және радио қондырғылармен) жақсы жабдықталған болуы тиіс.
Оқу-өндіріс комбинатының кәсіптік бағдар кабинеттерінде қоғамдық-саяси, анықтамалық, хабарлаушы, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеттер, журналдар, газеттер, өлкетану материалдары, фотомонтаждар, диафильмдер, диапозитивтер, фототекалар, видеофильмдер болуға тиіс.
Кәсіптік бағдар кабинеті арнаулы жоспар бойынша жұмыс істейді. Кабинет озық педагогикалық тәжірибені жинастырады.
Базалық кәсіп орынның кәсіптік бағдар кабинеті.
Базалық кәсіп орынның кәсіптік бағдар кабинетінің өз ерекшеліктері бар. Онда жалпы білім беретін мектеп оқушылары және жас жұмысшылар арасында жұмыс жүргізіледі. Кабинет мектеп оқушыларына арнап анықтамалық кеңестер өткізеді, олардың арасында жетекші кәсіптерді насихаттайды, жұртшылықпен бірлесіп, ата-аналармен жұмыс жүргізеді. Кабинет кәсіпорынға жуырда қабылданған жас жұмысшыларды кәсіби бейімдеудің үйлестіру орталығы болып табылады.
Кабинетте өнеркәсіп орнының тарихы жөнінде материалдар болуға тиіс. Олар стенд түрінде безендіріліп орналастырылады. Кабинетте жабдықтың технологиялық схемалары, макеттері, құрал-саймандар, мамандыққа баулу, мамандығын көтеру бағдарламалары болған жөн. Кабинетте кәсіптердің сипаттамалары болуы маңызды. Мұндай сипаттамалар кәсіпке «етене енуді» жеңілдетеді, оқушылар мен жас жұмысшыларды кәсіптің ерекшеліктерімен таныстырады.
Дәріс 9. Сынып жетекші және психологтың кәсіби кеңес беру әдістемесі.
Кәсіби кеңес берудің әдістемесі.
Кәсіби кеңес берудің қызметі.
Қабілет пен бейімді анықтау.
1. Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға мамандық таңдау жөнінде арнайы кеңес беретін қызметтің түрі іске қосылғанша, мамандық туралы кеңесті сынып жетекшісі атқарады. Мамандық жөніндегі кеңес оқушының мамандықты таңдауы туралы мәселе шешілген кезде өткізіледі, ол кәсіптік бағдар беру жұмысының соңғы кезеңі болғандықтан, мұғалімнен және психологтан үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Егер 1) кеңес алатын оқушының жеке басы туралы психологиялық талдау жасалса, 2) оқушының жеке басының мінездемесін ұсынылған мамандықтың психологиялық сипатымен салыстырылса, болашақ мамандықтың тиімділігі жайлы болжамның дәлдігі нақтылана түседі.
Кәсіби кеңес беру кезінде сынып жетекшісі немесе психолог тек оқушының мамандық таңдау жоспарына ғана емес, сонымен қатар бейімі мен қабілетін, мінез ерекшілігін, темпераментінің дамуына жәрдемдесуге тиіс. Бұл мміндетті дұрыс шешудің алғышарты кәсіби кеңес беру мен кәсіби ақпар жұмыстарының өзара кірігуі болып табылады. Ол еңбек пен экономиканың құрылымын, мамандықты жіктеу мен еңбектің негізгі құрылымының байланысын, әр түрлі еңбек талаптарын, түрлі мамандықтар қажеттілігі мен оларды игеру жолдарын жақсы білуі тиіс. Оқушыға мамандық таңдау туралы білікті кеңес беру үшін сынып жетекшісі не психолог оның денсаулығын, отбасы жағдайын, психологиялық ерекшеліктерін ескеруі керек.
Мектептегі кәсіби кеңес беруді тәжірибелі мұғалімдер оқу-тәрбие жұмысында жиі қолданылатын әдістермен жүргізеді: бақылау, педагогикалық эксперимент, анкета жүргізу, оқушының педагогикалық-психологиялық мінездемесін жазу және т.б. Оқушының тұлғалық ерекшеліктері туралы мәліметтер жыл бойы жиналады (оқушы денесінің өсуі мен ой-өрісінің өсуі, сабақта, сабақтан тыс уақытта, үйірмелерде, тапсырылған қоғамдық жұмысты орындау кезінде және достарымен қарым-қатынас жасағанда өзін ұстауы т.б.).
Оқушыны әр түрлі жағдайда бақылап, оның моральдық сапасын, еңбекке, жолдастарына деген қатынасын ғана емес, сонымен қатар көптеген психологиялық ерекшеліктерін, ойлау, есте сақтау қабілетін, темпераментін т.б. байқауға болады.
Бақылау жұмысын дұрыс қолданып, ғылымға негізделген кәсіби кеңес үшін оқушының психикалық ерекшелігін анықтауға болады. Оқушының өзіндік ерекшеліктерін тану әдістерінің бірі - әңгімелесу. Кәсіби кеңес беру – оқушыға мамандық таңдау үшін көмек көрсетуге бағытталған ұзақ процесс, мамандық таңдау туралы мұғалімнің оқушымен бірнеше рет дұрыс әңгімесі елеулі мәселені дұрыс шешуге әсер етеді.
Әңгімелесу бірнеше қызмет атқаруы мүмкін: таныстыру, диагностикалық тексеру, сонымен қатар түзету және ақпараттық. Диагностикалық әңгіме барысында оқушының мамандық туралы жоспары, мамандық таңдау туралы мәселені талқылауға даярлығы сарапқа салынады. Мұнда жоспардың тұрақтылығы, оның пайда болу уақыты, шешімді өз бетімен қабылдау деңгейі, оқушыларды таңдаған мамандықтың мазмұнымен, талаптарымен таныстыру анықталып, оқушының өзі таңдаған мамандықта істеуге өзіндік бағалары қойылады.
Қазіргі мектеп жағдайында оқушылардың кәсіптік бағдарын, қарым-қатынас пен ұйымдастырушылық қабілетін байқау үшін анкета, сауалнама, тренингтер қолданылады.
2.Кәсіби кеңес берудің қызметі. Кәсіби кеңесші алдында тұрған міндеттің күрделілігі мамандық таңдау жоспарының негізделу деңгейіне, осы жоспарға әсер ететін факторлар мөлшеріне, кейде өзінің мамандық жайлы алға қойған мақсаттарын айтқысы келмейтін жеткіншектердің жеке ерекшелігіне байланысты.
Педагогтың тікелей араласуын қажет ететін, жиі кездесетін кәсіби кеңес беру жағдайларын келтіруге болады: оқушының мамандық алу жоспарының болуы немесе болмауы; белгілі бір мамандыққа оқушының икемінің болуы немесе болмауы; оқушының мамандық жөніндегі жоспарының оның бейімімен, қабілетімен, қоғамның маманға деген сұранысымен үйлесуі немесе үйлеспеуі.
Бұлардың көруні критерийі төмендегілерге саяды:
Егер жасөспірім барғысы келетін оқу орнын немесе бір өнеркәсіп саласын айтса, онда оның мамандық алу жөніндегі жоспары бар деп саналады. Егер жеткіншек бірнеше мамандықты атап, бірақ қай жерде білім аларын білмесе, онда оның жоспары жоқ, бірақ қалыптастыруға болады.
Егер оқушы өз бетімен бір үйірмеге ұзақ уақыт қатысса, бір іспен ұдайы айналысса, онда оның бейімі айқын. Егер белсенділік болмаса, онда оқушының бейімі жоқ болғаны.
Егер бейімді сипаттайтын әрекеттің мазмұны таңдап алған еңбек түрімен байланысты болса, онда мамандық таңдау мен бейімнің сәйкес келгені.
Аталған критерийлерге сүйеніп, кеңес беруші нақты жағдайда өзінің оқушыға мамандық таңдау жөнінде көрсететін көмегін анықтайды (жоспарын мақұлдау, қажет болса басқа нұсқалар ұсыну, мамандық жайлы жоспарын түзету, мамандыққа байланысты жоспар қалыптастыру).
Мұндай жұмысты оқушылармен жыл бойында өткізген дұрыс.
3.Қабілет пен бейімді анықтау. Бұл жұмыс оқушының түрлі әрекеттерін жан-жақты сараптауға мүмкіндік береді. Сынып жетекші оқушылардың әр түрлі пәнге деген көзқарасын, әсіресе, бейнелеу өнері, ән сабағы, дене тәрбиесі, еңбек пәндеріне деген көзқарасын сарапқа салып, олардың объективті бағаларының қорытындысын шығарады.
Дәріс 10. Оқытушының кәсіби-педагогикалық мәдениеті.
Маманның кәсіби-тұлғалық дамуы мен тәрбиесінің психологиялық негіздері.
КББ жүйесі арнайы білімді жеткізуші ғана емес, ерекше мәдениет деңгейін дамыту мен қалыптастыруды да жүзеге асырады. Бұл деңгейдің маңызды элементі – маман. Белгілі бір мәдениеттің өкілі ретінде маман арнайы білім, білік жүйесімен, белгілі бір дүниетанымымен, өмірлік ұстанымдары мен құндылықтарымен, кәсіби мінез-құлықтың ерекшелігімен сипатталады.
Оқу – кәсіби іс-әрекет – бұл оқушының өзіне бағытталған, оның маман ретіндегі тұлғалық дамуы мен қалыптасуын мақсат тұтатын іс-әрекеттің спецификалық түрі. Бұл іс-әрекетке мына компоненттер енеді:
мотивациялық-мәндік – мамандықтың мәнін түсінудегі кәсіби мотивация, кәсіби іс-әрекетті игеру, тұлғаның кәсіпті таңдау мотиві;
іс-әрекеттік – маманның кәсіби мәнді қасиеттерінің қалыптасуы барысындағы оқу міндеттерін шешу, оқу іс-әрекетін орындау;
бағалау-бақылау - өзін-өзі бағалау және өзін-өзі бақылау дағдысын қалыптастыру және жетілдіру.
Оқу-кәсіби іс-әрекеттің бұндай құрылымы оқу әрекетінің психологиялық теориясы (Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов) негізінде жасалған.
Кәсіби іс-әрекетке мотивация белгілі бағыт алумен, осы іс-әрекеттің мәнділігімен, адамның кәсіптік бағытталуымен анықталады. Кәсіби іс-әрекеттегі қарым-қатынастардың тұрақты жүйесі оның кәсіби менталитетін, кәсіби позициясын белгілейді. Мотивтердің бірнеше түрлері бар: мамандықтың мәнін түсіну; кәсіби іс-әрекеттің мәнін түсіну; кәсіби қарым-қатынастың мәнін түсіну; тұлғаның мамандық көмегімен анықталуы.
Адамның психологиялық ресурсы оның кәсіби қабілеттері болып табылады. Кәсіби қабілеттер – бұл тұлғаны басқалардан ажырататын жеке-психологиялық қасиеттер, белгілі кәсіби қызметтің талаптарына сәйкес келеді. Кәсіби өзін-өзі сезіну – адамның өзінің маман ретіндегі түсініктер жүйесі.
Адамның маман ретінде тұрақтануы оның тұлғасының дамуымен бірге жүреді. Маманның психологиялық дамуы – адам психикасында жаңа қасиеттердің пайда болуы, кәсіби іс-әрекеттің жаңа түрінің пайда болуы.
Кәсіби даму – деңгейлі үрдіс. Оның деңгейлері:
1 деңгей – оқушы нақты мамандық түрін меңгеру шешімін қабылдайды.
2 деңгей – мамандыққа белгілі бір көзқарасы бар, қызығушылықтары мен бейімділіктері тұрақтанған.
3 деңгей – тұлғаның кәсіби еңбек арқылы өзін-өзі бекітуі жүреді.
4 деңгей - өз мамандығын сүю, кәсіби шеберлікке қол жеткізу.
Кәсіби тәрбиенің мақсаты мен нәтижесі – болашақ маманның кәсіби тәрбиелілігі. Тәрбиелілік – адамның әлеуметтенуі, тәрбиесі және өзін-өзі тәрбиелеуінің жалпыланған нәтижесі. Оның екі түрі бар: сыртқы тәрбиелілік және ішкі тәрбиелілік. Ішкі тәрбиелілік – объективті түрде өзіне-өзі баға беру, өзін-өзі бекіту қабілеті, адамдарға қажетті болу. Сыртқы тәрбиелілік – тыңдай білу, көру, көңіл бөлу, такт іскерлігі. Тәрбиелілік мазмұны – ақыл-ой және адамгершілік мәдениеті, дене және эстетикалық дамуы. Тәрбиелілік сапасы – осы мәдениеттілік пен дамуды көрсету қабілеті. Тәрбиелілік мөлшері – кез-келген өмірлік ситуацияда олардың көрінуі.
Дәріс 11. Кәсіптік білім берудің (КББ) теориялық-әдіснамалық негіздері.
КББ-дің әлеуметтік, педагогикалық сипаты.
КББ жүйесінің дамуы.
1.КББ-дің әлеуметтік, педагогикалық сипаты. Мәдени-әлеуметтік мнститут ретінде КББ – қоғамның материалдық және рухани өндірісінің барлық салаларындағы кадрларды дайындау мен оларды жетілдіруді қамтамасыз ететін, қоғамның экономикалық, саяси, мәдениет жақтарын дамытуға, индивидтің тұлғалық тұрақтануына мүмкіндік беретін ұйымдар мен орындардың жүйесі.
Әлеуметтік институт ретіндегі КБ-нің объективті белгілері:
оның идеологиясының болуы, яғни КББ институтының басқа әлеуметтік құрылымдар жүйесінде алатын маңызы мен ролі, оның мәнін ұғыну;
нормалар мен ережелер жиынтығы, олар құқықтық, экономикалық, педагогикалық қарым-қатынастарды реттейді;
формальды және формальды емес ұйымдардың болуы (басқару, өзін-өзі басқару құрылымдары, жазбаша және ауызша кодекстер, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар жиынтығы).
КББ қоғамның негізгі институттарының бірі (жанұя, өндіріс, ғылым, БАҚ және т.б.). ол білім мен тәжірибені жеткізу, менталитетті қалыптастыру, ұлттық мәдениет, әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастарды жүзеге асырады.
КББ-дің қызметтері:
Жеткізу қызметі (реляционная, латын тілінен relatio – жеткізу) – белгілі бір әлеуметтік рольді, мәртебені иеленуге бағытталған. Әлеуметтену, мәдени даму үрдісінде жүреді (білім деңгейі, кәсібилену, азаматтық, адамгершілік қасиеттері және т.б.).
Реттеу қызметі – іс-әрекеттің, әлеуметтік бақылаудың белгілі бір мөлшерін жасау.
Аксиологиялық қызметі (грек сөзі axios – «құнды») - әрбір әлеуметтік институттың белгілі құндылықтар жүйесінің болуы.
Интегративті қызметі (латын сөзі integer – тұтас). КБб жүйесінің мақсаты мен нәтижесінде тұтас қоғамның қызығушылығының болуы.
Білімділік қызметі – дүние жайында білім жүйесін қалыптастыру; негізгі ғылыми ұстанымдарын ұғындыру; жалпы кәсіби және арнайы білімді қалыптастыру және дамыту.
Тәрбиелік қызметі - өмірлік ұстанымдар мен тұрғыларды, түсініктерді қалыптастыру.
Дамыту қызметі – адамды тұлға ретінде дамыту, оны дербес шығармашылық өмірге дайындау, өзін-өзі жүзеге асыруы.
Дүниетанымдық қызметі – тұтас дүниетанымы мен дүниені сезінуді қалыптастыру.
Инновациялық қызметі – жаңа идеяларды қалыптастыру, тарату және енгізу.
Экономикалық қызметі – интеллектуалды жеке меншіктің нарыққа енгізілуін қамтамасыз ету.
Мәртебелік қызмет – кәсіптік білім алуға мүмкіндік беру.
Саяси қызметі
КББ құрылымын педагогикалық жүйе ретінде әртүрлі тұрғыларды қолдана отырып, сипаттауға болады.
1 тұрғы: КББ жүйесіне мына компоненттер енеді. Олар педагогикалық жүйеасты-деңгейлер деп аталады: бастапқы кәсіби, орта кәсіби, жоғары кәсіби, ЖОО-нан кейінгі және қосымша КББ.
КББ-дің нәтижесі – индивидтің білім алу үрдісі барысында алынған қызметтік міндеттерін лорындау қабілеті, шеберлік деңгейі, яғни кәсібилігі.
2.КББ жүйесінің дамуы. КББ-дің дамуында алты кезең белгіленген.
1 кезең - XVII ғасыр – 1917 ж.
2 кезең – 1917-1940 жж.
3 кезең – 1941-1945 жж.
4 кезең – 1945-1970 жж.
5 кезең – 1970-1990 жж.
6 кезең – 1990 ж. - XXI ғ. басы.
XVII ғасыр КББ прагматикалық сипатта болған. Ол практикалық қажеттіліктерге бағытталған.
XVIII ғасырдың басында КББ-дің сынадай жүйесі қалыптасқан: орта білім – мектептерде (инженерлік, медициналық, артеллеристік және т.б.); жоғары білім (академия, университет).
Осылайша,
жұмысшылар мен мамандарды даярлау саласында оларды үздіксіз дайындау үшін әртүрлі кәсіби оқу орындары пайда бола бастайды;
ұйымдастыру, әдістемелік, мазмұндық жұмыстар жетіле бастайды;
КББ-дің екінші даму кезеңінде түрлі жаңа оқу орындары көптеп ашыла бастайды: техникумдар, кәсіби-техникалық мектептер, кәсіби-тьехникалық курстар, фабрика-зауыт мектептері.
Бұл кезеңде өндірістік оқытудың төрт жүйесін ажыратады:
1 жүйе – пәндік жүйе, немесе тұтас өнімдер жүйесі. Оқушылар нақты бұйымдар дайындаған.
2 жүйе – іс-әрекеттік жүйе. Оқушылар белгілі бір мамандыққа қажетті маңызды іс-шаралар мен тәсілдерді орындап жаттыққан.
3 жүйе - өндірістік қозғалыс пен қабілеттерді тұтас дамыту.
4 жүйе – аралас жүйе. Аталған жүйенің элементтерін біріктіреді.
КББ-дің үшінші даму кезеңінде оқу орындары қорғаныс бағытында жұмыстанған. Бұл кезеңнің ерекшелігі – жаңа мамандықтар бойынша оқу жоспарлары даярланады: радиотехника, әскери құрылыс, авиация, газ шаруашылығы, гидроэнергетика және т.б.
КББ-дің төртінші даму кезеңінде орта арнайы оқу орындары жедел дамытылады. Педагогикалық оқу орындары ашыла бастайды. Ерекшелігі: соғыстан кейін кадрлар жедел түрде қажет болғандықтан, оқу мерзімі қысқартылады; басты көңіл жалпы білім алуға емес, кәсіптік дайындыққа аударылады.
КББ-дің бесінші даму кезеңіндегі басты міндет – ғылыми-техникалық даму үрдісінде адам факторын алдыңғы орынға шығару.
КББ мына ұстанымдарға негізделген:
болашаққа бағытталуы;
тұлғаны әлеуметтік қажеттіліктер негізінде жобалау;
көпфакторлық тәрбие ықпалын есепке алу;
маманның белсенділігі.
КББ жүйесін дамытуға ең алғаш рет психологтар, философтар, экономисттер, социологтар қатыстырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |