Қазақ
мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті Хабаршы №3 (51), 2014 ж.
13
сырласы да күйі емес пе еді? Күйді ұмыту – күйді түсінбеуге, күйді түсінбеу – ата-дәстүр,
салт-санадан қол үзіп, кей ұрпақтың мәңгүрттенуіне әкелмей ме сынды ақынның
жанайқайы мақалаларынан көрініс тапты.
Қазақ музыка қорының алғашқы қарлығашындай сол жылдары жарық көрген
Затаевичтің «1000 әнін» қуана қолдаған Ілияс, барша жұртқа осы кітапты үлгі ете отырып,
тез арада қазақтың бар күйлерін жинауға, Затаевич сынды мамандарды пайдаланып қалуға
шақырады. «Қазақта күй көп» деп мамыражай жүре бермей, барды қастерлеп, сақтап
қалуға шақырды. Жаңа заман ағымымен, ойын-сауықтан гөрі елдің жан бағу жайымен
шаруадарлыққа ойысып бара жатқанын ерте түсінген Ілияс, қазақта әрбір рудың, әрбір
жер мөлшеріне сәйкес елдің өзіндік күйі, ол күйдің өзіндік мазмұны мен мәнері бар
екендігін айта отырып «бүкіл қазақ күй мұрасы атаусыз, атқарусыз жатқан мол қазына,
қалай да қазақ күйлерін жинау керек» деп бебеу қағады. Мақалада: «Елдегі ескі күйші
шалдар өлген сайын күйлеріміз көрге көмілуде. Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір
шал қырық күй тартады екен. Ол күйлердің бұл күнде біреуін де ешкім білмейді, тек күй
аттарын айтып аңыз қылысады. Сүйтіп Тойтан өлімі қырық күйді ала кетіп отыр. Жалғыз
Тойтан емес, толып жатқан домбырашылар, күйшілер күйімен бірге зым-зия жоғалып
жатыр. Елден жастан домбыра шығу, жаңадан күй шығу өте сирек» [2,319 б.] – дей
отырып, барлық газет-журналдарды, тілшілерді жер-жердегі күй аттарын жинауға,
олардың мазмұндарын, білетін күйшілердің аты-жөндерін жазып алып, жинап,
жариялауға
шақырды. Осы істің көшбасшысы ретінде Ілияс осы мақалада Жетісудың Талдықорған
уезіндегі Ақсу болысындағы домбырашылардың күйлері мен Қарқаралының арғын
Манас-Маңдар руынан Алматыға келген домбырашы бала Манарбектің білетін отыз күйі
деп, барлығы 68 күйдің атын тізіп жазған. Мақаласында автор газет бетінің күйлердің
мазмұнын да көрсете кеткенге тарлық еткенін ескерте кетеді. Бұл Ілиястың айтқан
күйлерін жақсы білгендігін көрсетсе керек.
Ілиястың өнер тақырыбындағы, мәдениеттану саласындағы құнды бір еңбегі – оның
«Ән, әншілер жайында» деген мақаласы. Мақаланың 1931 жылы жазылғанын ескерсек,
бұл уақытта қазақ арасынан қазақ әндерін жинап, зерттеген білікті музыка мамандарының
әлі шыға қоймаған кезі. Қазақ әндерін ұлт мәдениеті, ұлт өнері деген кең ұғымда түсініп,
сол кездегі қолда бар ел әндерінің қандай күйде, қалай туған, заманымызға лайық па, жоқ
па деген сияқты салалы сұрақтарына жаны ауыра жауап іздеп, оларды өз ой елегінен
өткізе отырып, ақынның қазақ әндеріне жасаған өзіндік классификациясы тілге
тартымдылығымен, ойға қонымдылығымен, ғылыми тұжырымдарының дәлдігімен, пікір
дәмділігімен толғантады. Әрбір халықтың өзінің қанымен келген, тағдырына семген,
табиғатынан туған, дәстүрлерін қуған, тек сол ұлтқа ғана тән әуені, әндері болатыны
әркімге аян. Сондықтан да болар, бұл әндер, бұл әуендер ешбір бақырма, секірмесіз-ақ
жүрек қылдарын дәл тауып, алпыс екі тамырыңды иітіп жатады. Мұның себебін сыншы
былай түсіндіреді: «...Бір елдің шаруа күйі, қоғам құрылысы өзінше күйді, әнді, ырғақты
тілейді. Ән-күй сол елдің әлеумет-шаруа (социал-эконом) тұқым (антропол) жүйесінің
жемісі болды... Осы екі жүйе әр елдің ән-күйіне өзінше таңба салады, мөр басады».
Ойымыз түсінікті болуы үшін Ілиястың мына бір сөздерін де келтіре кетейік: «...Ән туу
үшін алдымен әнші туады. Әнді шығарушыны әнді тыңдаушы тудырады. Тыңдаушы
дегеніміз – әр дәуірдегі ел, соның ішінара табы, тобы болады [2,327-328б.]. Ілияс ел
музыкасын, яғни қазақ әндерін үлкен-үлкен үш салаға топтайды, олар – ой музыкасы, сөз
музыкасы, қимыл музыкасы.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең – менше сүй...