46
- жыланды ұстаған аймақтың аты-жөнімен қоса, оның қандай табиғи
аймаққа жататынын анықтау (орманды, далалы, шөлді т.б.);
- түрі-түсін анықтап жазу;
- инені қолдана отырып, қабыршақтарының санын есептеу;
- дене көлеміне, түсіне қарап, оның қай жыландар тобына жататынын
анықтау;
- жыланды ұстаған жердің өсімдік жамылғысы мен жер бедерін жазу.
Далалық практика жағдайында студенттердің жыландар түрін ұстап,
олардың биоэкологиялық ерекшеліктерін анықтау дағдыларын қалыптастыруға
баса көңіл бөлінді. Себебі, студенттерді далалық практикаға шығару арқылы
теориялық білімді шыңдауға мүмкіндік аламыз. Сол жұмыстардың бірі ретінде
төменде біз шығыс айдаһар жыланын анықтау мақсатында студенттермен дала
практикасы кезінде жүргізілген жұмыстың барысы мен құрылымын және
мазмұнын көрсетпекпіз.
Қазақстанның оңтүстігі, Арал маңы Қарақұмдар, Мойынқұм, Іле, Шу
өзенінің оң жақ жағалауы, Көкөзек, Ақсу және Лепсі өзендерін маңайының
шөлді шөлейтті жер екені белгілі. Осы аталған шөлді-шөлейтті аймақтардың
бірі – Іле маңына студенттермен бірге дала практикасына шықтық.
Осы маңнан арнаулы құралдар арқылы өзіміз көздеген жылан ұстау
жұмысы ұйымдастырылды. Жыланды ұстап алғаннан кейін, студенттер оның
денесінің екі жағынан (басы мен құйрығынан) ұстап, оның ұзындығын сызғыш
арқылы өлшеді. Осы арқылы бұл жыланның дене ұзындығы 90 см құрайтыны
белгілі болды. Сонымен қатар, иненің және түйреуіштің көмегімен жыланның
көз аралығындағы әртүрлі пішінде орналасқан (көлденең қатарласқан 7-9)
қабыршақтарының санын анықтады және олардың орналасу ерекшелігін
байқап, оны дәптерлеріне жазды.
Жыланның түрі-түсін анықтау үшін жасалған өзіндік жұмыстар барысында
студенттер шығыс құмжыланының құйрық қабыршақтарының жылтыр
екендігін анықтады. Одан әрі ине мен түйреуішті пайдалана отырып, құйрық
қабыршақтарының әлсіз мүйізденгендігін байқады және оны жоғарыдағы
әдіспен санап, зерттей отырып, қабыршақтардың орналасу ерекшелігі мен
санын анықтады.
Жыланды шалқасынан жатқызып, қарай отырып, бауырындағы
рудименттерінің де құрылымын байқады. Жыланның бауыры мен арқа
жағының түсіндегі айырмашылықты да бақылап көрді.
Өзіндік жұмыстың екінші деңгейінде студенттерге таратып берілген
анықтағыш сызба бойынша олар жыланның қай топқа жататынын анықтады.
Сол арқылы студенттер ұсталған жыланның түр-түсіне, дене көлемі мен
құрылысына және қабыршақтарының орналасу ерекшелігіне қарап, оның
шығыс айдаһар жыландары тобына жататынын анықтады. Бұл жұмыс
барысында студенттер бір-бірімен ақылдаса отырып және көргендерін
анықтағыш
сызбамен салыстыра отырып, топтық жұмыс атқарды.
Осылайша жылан түрін анықтауда білім алушылар Қазақстанда тіршілік
ететін айдаһар жыландардың анықтамалығын пайдалануға дағдыланды.