244
орталығы» деген мағына беретіні белгілі. Бұл мағынасы осы сөздің
парсы тіліндегі «сарай, әміршінің сарайы, резиденциясы» деген
мағынасын иемденген.
В.В.Радлов көрсеткендей, астана жұрт дегенде «сарай қыз-
метіндегі адамдар (придворный штат)» деген ұғым бар, соған қара-
ғанда, қазақтың ертедегі өлең-жырларында астана сөзі жеке қол-
данылмаған, тек астана жұрт тіркесімен келіп, «сарайға (хан орда-
сына) қараған ел-жұрт», яғни «әмірші сарайының табалдырығындағы
ел-жұрт» дегенді білдірген. Астана сөзінің ең түпкі «табалдырық»
мағынасы қазіргі жергілікті сөздердің бірі ретінде Жамбыл (Тараз)
жері тұрғындарының жергілікті сөйлеу тіліндегі диалектизм бо-
лып сақталған (ҚТАС, 2005). Бұл сөз тағы бір өлкелерде (Атырау,
Түрікменстан қазақтарында) жеке тұрып та, халық сөзімен тіркесіп
те «халық, ел, жиын» мағынасында қолданылады екен (ҚТАС, 2006).
Демек, астана жұрт тіркесі бүгінгі әдеби тіл үшін ескі элемент бо-
лып табылады.
Ал ауыр жұрт-тың мағынасы алдыңғы «жұрттардан» мүлде
бөлек: әуелде «үлкен, көп, сансыз көп» деген мағынаны білдірген
сындық мәні бар қолданыс болған. Сондықтан ауыр сөзі ауыр әскер
қол, ауыр қол, ауыр дәулет сияқты тіркестермен де келеді. Бұларда да
ауыр – «көп, сансыз көп, үлкен» деген мағынадағы сөз.
«Едіге» жырында және ноғайлы цикліндегі өзге жырлар мен жы-
раулар тілінде ноғайлының ауыр жұрт(ы) немесе ауыр ноғай жұрты
тіркесі жиі қолданылған.
Тебірлерге қалғанда,
Теңселер сойды ауыр ноғай жұртыңыз (Шалкиіз, XVI ғ.).
Ноғайлының ауыр жұрт,
Баяу жатқан қайран жұрт («Едіге»).
Шоқан проф. Н.И.Березиннің Тоқтамыс хан жарлықтарындағы
кейбір сөздердің қазақ тілінде бар-жоғын сұрап жазған хатына
жауабында: қазақтар өзінің батырлар жырында Алтын Орданы
ноғайлының ауыр жұрт(ы) деп атаған дейді (Ч.Ч.Валиханов. Собра-
ние сочинений в пяти томах. - Том I. - Алма- Ата, 1961. - С.61).
Сөйтіп, ескі өлең-жырлардағы ауыр сөзінің ауыр жұрт тіркесімен
келгендегі «үлкен» деген мағынасы бұл күнде ескірген, жаңадан осы
мағынада тіркес құрамайды.
Байтақ немесе аса жұрт (өз жұрты) сөздеріне синоним сияқты
етіп жалқы есімді – өзен атын атау да орын алған. Қазтуған жырау
(XVI ғ.) атамекенін, байтағының (Ноғай ордасының) мекенін тастап
кетіп жатқанда:
Сөйткен менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың, – дейді.
245
Мұнда екі ескілік бар: бірі – Еділ – «отаным, елім» деген мағы-
нада, ал салу етістігі «қалдыру, тастау» деген өте көне мағынада
жұмсалған тұлға («сен тастап бара жатқан жоқсың, Еділім – елім,
жұртым, байтағым, мен тастап кетуге мәжбүрмін», – деп тұр). Еділ
сөзінің жұрт сөзіне синоним екендігі келесі екі жолда тіпті айқын
көрініп тұр:
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ-жұрт!
Бұл өлең тармағындағы Еділ жұрт тіркесі – жиі қолданылатын
«ел-жұрт» дегеннің бір варианты. Ноғайлы дәуіріндегі өлең-тол-
ғауларда келетін Еділ, Жайық екі су – деген сияқты қолданыстағы
Еділ-Жайық-ты Шоқан Уәлиханов «Алтын Орданың» бір атауы
дейді, екінші бір атауы Ноғайлының ауыр жұрт тіркесі екенін де ай-
тады. Әрине, өз жұртын, атамекенін бейнелеп атау да, өзгеше түрде
атау да – тарихта бола беретін құбылыс.
Еділ-Жайық «Едіге» жырынан бастап, бірқатар ноғайлы кезеңнің
жырларында және XV-XVI ғасыр ақын-жырауларының тілінде қос
сөз ретінде келтірілген. Еділ- Жайық және Еділ, Жайық түрінде
қатар жұмсалған. Үлкен өзен аттары жырлар мен толғауларда нақты
жалқы есім қызметінде келмеген. Еділ-Жайық, Еділ мен Жайық
түрінде ел, хандық атауы ретінде этнонимдік қызметте жұмсалған.
Атап айтсақ, Еділ-Жайық – «Алтын Орда», кейінірек «Ноғай орда-
сы» деген әкімшілік-территориялық тұтастықтың (бірліктің) атауы
болып тұр. Бұл танымды кезінде Шоқан айтқан болатын. Тоқтамыс
ханның елімен қоштасқан толғауында Еділ мен Жайығым деп
тәуелдік жалғауымен меншіктей айтқанда, өзендер туралы емес, «ор-
дам, хандығым, елім-жұртым» дегенді ауызға алып тұр. Туып-өскен
мекенінен, ел-жұртынан (хандығынан) айрылып, кетіп бара жатқан
Қазтуған жырау (XVI ғ.): Сөйткен менің Еділім, сен салмадың, мен
салдым дегеніндегі екі сөз – «ескі» деген маркасы бар тұлғалар:
Еділім – туған жерінің, хандығының атауы. Қазтуған бұл жерде
өзен-сумен қоштасып тұрған жоқ, ел-жұртымен – Алтын Орда ме-
кендеген ел-жұртымен – қоштасып тұр. Мұнда да Еділім – тәуелдік
жалғаулы «меншіктелген» сөз. Ал осы жолдардағы салдым, салмадың
етістіктері де – «қалдыру, тастау» деген көне мағыналарын қазіргі
қазақ тілінде әбден жоғалтқан ескі сөздер.
Сөйтіп, ноғайлы-қазақ дәуіріндегі жырларда кездесетін Еділ мен
Жайық немесе Еділ-Жайық сөздері жай ғана топонимдер – өзен ат-
тары емес, әңгіме – өзендер туралы емес, ел-жұрт мекені туралы.
Сондықтан бұл тіркесті Шоқанның Алтын Орда дегеннің екінші
атауы деп тануына ден қоямыз. Оның тәуелдік жалғауын жалғап