249
(сарбаз, жорықшы)» деген терминдік мағынадағы синонимдер болып
келеді. Бұлардың әрқайсысы – бұл күнде жеке-жеке өзге мағыналарда
жұмсалатын сөздер. Қазақ тілінде бұл күнде кедей варианты «жарлы»
мағынасында ғана жұмсалады.
Ертеректегі өлең-жырларда қазіргі жауынгер, жасақшы, солдат
сөздері жоқ. Ұрыс-соғысқа қатысушылардың жалпы атауларынан
шерік, қол, ләшкер (әскер) сөздері кездеседі. Бұлар – қазірде де осы
мағынада бар сөздер.
Ұрыс-соғысқа қатысушылардың атаулары ішінде жалпылық,
көптік мағынасында көрінетін сөздерден аламан сөзінің ескілік ста-
тусы көңіл аудартады. Бұл күнде біршама жағымды реңк алған ала-
ман сөзінің семантикалық қозғалысы оны ескіліктердің қатарында
талдауға итермелейді. Қазақ тіліндегі әр кезеңде берген мағыналарына
және өзге түркі тілдеріндегі қызметіне (семантикалық көрінісіне)
қарағанда, аламан сөзі ескіліктер қатарында тұрады, о бастағы негізгі
мағынасы – «шапқыншы қол, жортуылшы топ (отряд)», яғни жеке
бір адам емес, топтың атауы мағынасында көптік сема (мағыналық
реңк, ұрық) бар, сондықтан аламандар деп айтылмайды, әсіресе
түрікмен, түрік сияқты оғыз тілдерінде бұл сөздің «белгілі бір мақсат
көздеп, шабуылға шыққан, атқа мінген жортуылшы топ» деген көне
мағынадағы сөз екенін осы тілдердің сөздіктері көрсетеді (Түркмен
дилиниң сөзлүгү. - Ашхабат, 1962). Қырғыз тіліндегі аламан сөзінің
мағынасын К.К.Юдахин: «1) бейберекет жасалған шабуыл, соғыста
түскен олжа», – деп түсіндіреді. Бұл – өте ертеде түркі тілдерінде осы
мағынада жұмсалған сөз болар. Мұны Махмұт Қашқари сөздігі де (XI
ғасыр) «тонау үшін жасалған шапқын» деп түсіндіреді. Сірә, о баста
бұл тұлға «ұрыс, шапқын» сияқты дерексіз есімнің атауы бола келіп,
бертінде, орта ғасырларда шабуылшы, жорықшы адамдар тобына
қатысты мағынаға көшкен тәрізді. Қазіргі қазақ тілінің сөздіктерінде
де аламан сөзінің көне мағынасы «шапқыншы қол, жортуылшы топ»
деп көрсетіледі (ҚӘТС, 2006. 1-т., 359-б.).
ХХ ғасырдың басында мұндай түсіндірмені X. Досмұхамедов
те берген болатын. Оның тануынша, аламанның екі мағынасының
бірі – «бастықтан рұқсатсыз біреуді шабуға, олжауға аттанған тәр-
тіпсіз топ». Бұл сөздің қазақ тіліндегі семантикалық қозғалысы
тіпті ерекше: «шабуылшы топ», «жортуылшылар» дегеннен «жалпы
топ – қалың көпшілік, бұқара халық» деген мағынаға ауысқан. Бұл
– бүгінгі қазақ әдеби тілі қолданысындағы мағынасы. Мұны «күні
кешегі» Махамбеттің:
Аламанға жел бердік,
Аса жұртты меңгердік, –
250
деген өлең жолдарынан бастап, Мұхтар Әуезовтің, Шерхан Мұр-
тазаев, Қадыр Мырзалиевтердің қолданыстары дәлелдейді. Бұл сөз-
дің «қалың көпшілік» деген мағынасы одан әрі жылжып, «жаужүрек,
қайсар» адам(дар)» деген жағымды мағыналық реңк алған. Белгілі
ғалым, тарихшы, дәрігер, қоғам қайраткері XX ғасырдың басындағы
қазақ зиялыларының ірі өкілі, халқын сүйген патриот Халел
Досмұхамедұлының туған өңірі – Орал аймағында жинаған халық
ауыз әдебиеті үлгілерін ұсынған кітапқа «Аламан» деп ат қоюы (Ала-
ман. Қазақ ел әдебиетінен алынған сөздер. - Ташкент, 1926) бұл сөздің
қазақтар қолданысында жағымды мағынаға ие бола бастағанын
дәлелдей түседі. Демек, ертеден (XI ғасырдағы Махмұт Қашқари
сөздігін қараңыз) келе жатқан аламан сөзінің мағынасы бір түркі
тілінің өзінде сан құбылып өзгеріп отырғаны байқалады. Айталық,
қазақ тілінде сақталған бұл сөз қазақтар қоныстанған өлкелерде
әрқайсысында әртүрлі мағынадағы жергілікті сөз болып жұмсалып
келген: Аламан – Маңғыстау өңірінде «сарбаз, шапқыншы қол»,
Қарақалпақ жеріндегі, Монғолиядағы қазақтарда «тобыр, көпшілік
халық» деп көрсетеді диалектолог мамандар (Қазақ тілінің аймақтық
сөздігі. - Алматы, 2005).
Ал қазақ әдеби тілінде аламан-ның бір мағынасы «шапқыншы
қол, жортуылшы топ» болса, ол ескіліктің қатарында танылады.
Қазіргі күндерде бұл сөз «көпшілік» мағынасында жұмсалса, бұл –
бүгінгі әдеби тіл қазынасындағы бірлік.
Аламан сөзінің «көпшілік» мағынасы – жай көпшілік емес, атқа
қонған көп адам, демек, жортуылға шығуға дайын адамдар, бірақ
ертеректегідей тонау, талау үшін емес, өзге мақсаттармен топталған,
яғни жортуылшы топ. Махамбет:
Аламанға жел бердік,
Аса жұртты меңгердік, – десе, мұндағы аламан – көтеріліске
қатысу үшін атқа қонған көпшілік. Мұнда «тонау, талау» семантика-
сы жоқ. Демек, аламан сөзінің қазіргі жазушылар қолданьш отырған
бейтарап мағынасы мен ертедегі «тонаушы, талаушы, жортуылшы
топ» деген мағынаның екі ортасындағы өтпелі семантикалық этап
(кезең) сияқты.
Аламан тұлғасының түптөркінін іздесек, түбірі ала сөзі болуы ке-
рек. Ала – полисемиялық (көпмағыналы) өте көне сөз. Монғол, қалмақ
тілдерінде ала[х] (-х – қазақша бару, келу дегендердегі -у жұрнағы)
«1) өлтіру, 2) малды сою» деген мағыналарды білдіреді (Моңгольско-
русский словарь. - М., 1957). Сірә, бұл етістік – қазақ тіліне монғол
не қалмақ тілінен келген сөз емес, о бастан (алтай дәуірінен) орын
алған түркі-монғол бірлігінің көрінісі болар. Өйткені ала сөзінде
251
«өлім әкелетін, өлтіретін, қирататын» сема (мағыналық реңк) бар
екендігін осы сөзбен түбірлес алаулау – соғысу, алашы – жаналғыш
– «палач» (түрік тілінде), аласат – «жаугершілік» (қарақалпақ
тілінде), аласат салу «аласапыран, бүлік, дүрлігу» (қазақ тілінде
Сыр бойы мен Түрікменстан қазақтарында) сияқты туынды сөздер
мен қазақ тіліндегі ала сапыран, ала топалаң, ала қырғын, алағай-
бұлағай сияқты сөз тіркестеріндегі ала компоненті осы тіркестердің
мағынасында «ұрыс-соғыстың салдарынан болатын бүліншілік»
семантикасы бар екенін көрсетеді. Қазақ жырларында кездесетін,
бұл күнде ұмыт болған ала балта, ала берен, мүмкін тіпті, алату
дегендердегі ала да түсті білдірмейді, «ұрыс-соғыста ұстайтын құрал
– балта, киген сауыт – берен, ұстайтын ту» дегендерді білдіреді.
Бұлардың барлығында ала – мағынасы көне сөз. Біздің топшыла-
уымызша, аламан сөзінің түптөркінінде осы ала түбірі жатқан бо-
лар дейміз. Аламан – көптік мағыналы жинақы атау. Аламан деп бір
адамды емес, топ, отрядты атайды, сондықтан қазақ тілінің ертелі-
кеш сөздіктерінде аламан «шапқыншы топ, тонаушы тобыр, талау-
шылар» деп түсіндіріледі (Н.И.Ильминский Материалы к изучению
киргизского наречия с киргизско-русским словарем. - Казань, 1861).
Егер жеке адамға қарата айту, жеке шапқыншы деу керек болса,
соңғы кезеңдерде аламаншы сөзі жасалған. Қазақ тілінде аламан
сөзінің жиі қолданылған кезеңі – XVІІІ-ХІХ ғасырлар болар деп топ-
шылаймыз, өйткені «Едіге» жырының ең әрідегі (XV ғ.) нұсқасында,
сондай-ақ өзге нұсқаларында да кездеспейді деуге болады. «Жорту-
ылшы» мағынасындағы аламан сөзін XVIII ғасырдың ақын-жырауы
Ақтамбердіден табамыз:
Айттырып бермес сұлуын
Аламанға тегін олжа қылар ма екенбіз?
Бұл сөз Қазақстанның батыс өңірінен шыққан XIX ғасыр ақын-
дарында жиі қолданылған.
Көнерген және ескірген бірліктердің қомақты бір тобы – ескі
қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары. Олардың ішінде жақ/жай
сияқты қарапайым қарумен қатар мылтық, зеңбірек сияқты отты
қарулардың да бүгінде көпшілік оқырманға бейтаныс, қолданыста
жоқ сөздерді талдауға болады.
Жақ (оны қазақтар садақ деп те атайды), оның «детальдары»:
кіріс, адырна және оғы мен сауыттарының аталулары бүгінгі оқыр-
мандарға біршама таныс, біріншіден, батырлар жырлары сияқты
эпостарды мектептен бастап танып, оқып жүрген адамдар жай/жа,
садақ, сай кез оқ, қозыжаурын, сауытбұзар деген сөздерді біледі,
екіншіден, жай тарту – бүгінгі спорттың бір түрі екендігі де бұл
Достарыңызбен бөлісу: |