84
бірақ адамдар арасында олардың бір-біріне жай ғана сөз жеткізуші
емес, құдалық сөзді жеткізуші адам. Демек, бұл жерде сөз мағынасы
тарылып, сараланған.
ЖӘРЕУКЕЛІ.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Жәреукелі келеді жалшы деген, –
сөздер бар. Сілтемеде бұл жолдағы жәреукелі сөзіне «жағынғыш»
деп деп келетін біршама дұрыс түсінік берілген. Мұның түбірі –
«ұнау, жақсы көру» мағынасындағы жарау сөзі болуы мүмкін.
Оған адамның бір қасиетін, қызметін т.б. білдіретін парсының -кер
жұрнағы жалғанып, «ұнауға тырысатын, жағынғыш қызмет етуге
даяр тұратын адам» мағынасын беретін жараукер сөзі пайда болса
керек деуге болады. Бұл сөз қырғыз тілінде де бар: жароокер –
«жаны ашығыш, қызмет көрсетуге даяр тұратын адам» (Юдахин,
236). Қазақ тілінде өте сирек қолданылатын бұл сөз жәреуке
түрінде қалыптасқан, соңғы -кер жұрнағының жіңішкелігі түбірді
де жіңішкертіп өзгертуге себепкер болмады ма екен деп ойлаймыз.
Сөз этимологиясын ашудағы біздің бұл келтірген талдауымыз –
әзірге жорамал түріндегі ғана пікір. Әлі де іздестіруді қажет ететін
тұлғалардың бірі.
ЖЕБЕ. Бір қызық жайт – қазақ тілінде көне қарулардың бірі –
садаққа (жаққа) қатысты атаулардың көбі күні кешеге дейін бірнеше,
ең кемі екі вариантты болып келеді. Мысалы, садақтың оғы оқ деп те,
жебе деп те аталған. Екеуі де поэтикалық тілде қатар қолданылған:
қозы жауырын оқ, сай кез оқ, сары жебе, күшіген жүнді сұр жебе,
қызыл сырлы жебе т.т.
Кейбір кітаптарда, мысалы, Махамбет жинақтарында жебе сөзі
«садақ оғының қыры» деп түсіндірілсе, қазақ тілінің екі томдық
түсіндірме сөздігінде жебе – «садақ оғының масағы» деп анықталады
(ал масақ сөзінің өзін «садақ оғынық ұшы» деп түсіндіреді), сонда
жебе – «садақ оғының ұшының ұшы (!) болып шығады. Дұрысында
жебе – оқтың өзі. Мұны батырлар жырларында бірнеше рет қайта-
ланып келетін:
Көп оғының ішінде
Сұр жебе деген оқ алды, –
деген жолдар дәлелдей түседі.
Оқ пен жебе сөздері – бір мағынадағы синонимдер. Егер жебе
сөзі контекске қарай оқтың ұшын білдіретін болса, ол – ауыспалы
85
мағынасы. Осыдан барып садақтың оғы сияқты үшкір, ұшы сүйір
нәрсені де, мысалы, найзаның өзін немесе ұшын жебе деп атау пайда
болған:
Жебелі найза қолға алсын...
Алты қырлы ақ жебе
Шаныша алмасам маған серт! –
дегендердегі жебе – найза немесе найзаның ұшы.
Қазақстанның батыс өлкесінде істік сым темірді жебе істік дейді
(Досқараев, II, 55). Аңға немесе жауға қарсы, олардың жолына істік
ағаштан я болмаса темірден құратын тосқауылды да жебе деп атаған.
Мысалы, Махамбет ақындағы:
Құрулы жатқан жебеге
Құрсағынан шалдырған, –
деген жолдар осыны танытады. Немесе эпостардағы:
Жеті қатар қазған оры бар,
Ор ішінде жиған торы бар,
Жеті қатар жебе бар,
Болаттан қаққан шеге бар, –
деген жолдар да жебе сөзінің бір мағынасы «істік тосқауыл» екен-
дігін дәлелдей түседі. Кейінгі Ұлы Отан соғысы кезінде және
одан бұрынғы бірінші дүниежүзілік соғыста да соғысушы екі
жақтың тосқауыл шебінде қолданған тікенекті темір торды немесе
танкіге қарсы құрылған тосқауылды атау үшін де кейде жебе сөзін
пайдаланғанымыз мәлім. Бұлардың барлығы – о бастағы «оқ» мағы-
насындағы жебе сөзінің ауыспалы мәнде пайда болған қосалқы
кызметтері.
ЖЕК КӨРУ. «Жаратпау, ұнатпау» мағынасындағы бұл тіркес
қазіргі тілімізде жиі қолданылады. Тіркес мағынасы түсінікті. Ал
құрамындағы жек сөзі жеке-дара қолданылмайды, мағынасы күңгірт,
ол бұл тіркестен басқа жексұрын сөзінде кездеседі. Көне түркі
тілдерінде йенік көр- тіркесі және йенікле- етістігі «жаратпау, жирене
қарау» дегенді білдірген. Мұндағы йенік сөзінің бір мағынасы «мар-
дымсыз, болмашы, түкке тұрғысыз» деген болса, йенік көру «түкке
тұрғысыз, жиренішті нәрсе немесе адам деп тану» болып шығады.
Йенік/йеңк сөзінің қазақша жек болып кетуі түркі тілдерінің
дыбыстық заңдарына қайшы келмейді: зерттеушілердің айтуларына
қарағанда, түркі тілдерінде ғ, р, л, қ, й, у дыбыстары – «әлсіз» дыбы-
стар, олардың түсіп қалуы, қосылуы, өзге дыбыстарға ауысуы «оп-
оңай» (мысалы, бағла ~ байла, нең ~ не, бұл ~ бұ, сағ ~ саан-, йағы ~
86
жау дегендердегі сияқты). Осы қатарға йеңік>йек>жек тұлғаларын
жатқызуға болады. Демек, ертедегі бабаларымыз «жақтырмау, жарат-
пау» мағынасында йенік көру тіркесін қолданған болса, бұл сөздер
осы мағынада қазақ тілінде жек көру түрінде сақталып келген деуге
болады. Зерттеуші Ә. Нұрмағамбетов бұл тіркестегі жек компонентін
«жын, шайтан» мағынасындағы көне жек сөзі деп таниды, яғни
жек көру «жын, пері көруді» білдіреді дейді (Нұрмағамбетов, 79).
Біздіңше, бұл – даулы пікір-ау дейміз. Егер жек көру етістігі бұл
мағынаға қатысты болса, жектей көру болар еді және жаратпау,
ұнатпау үшін адамның не бір нәрсенің шайтан, пері, жын сияқты бо-
лып көрінуі шарт емес. Әсіресе, жек көрінетін тек адам емес, оның
мінез-құлқы, жүріс-тұрысы да, жеке жансыз заттар да, тіпті дерексіз
(абстракт) ұғымдар да болады ғой, соңғыларды қалайша шайтан-
дай көруге болады? Сондықтан біз алдыңғы болжамымызды дұрыс,
қисынды болар деп ойлаймыз.
ЖЕР БОЛУ, ЖЕР ҚЫЛУ. Жер болды тіркесін «ұятқа қалды,
абыройы түсті, беті күйді» деген мағыналарда жұмсаймыз. Соған
орай біреуді жер қылу – «ұятқа қалдыру, абыройын түсіру» болып
шығады. Мұндағы жер сөзі жеке алғанда түсінікті сияқты. Бірақ
дәл осы тіркесте «қара жер, жер шары» мағынасындағы жер сөзінің
«ұят» дегенге қатысты тұрақты тіркес жасауында көңілге қонбайтын
қисынсыздық бар. Іздестірсек, мұндағы жер сөзінің төркіні басқа бо-
лып шықты.
Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде ир сөзі «ұялған,
қысылған» деген мағынаны білдірген. Ер ир болды деген сөйлем кісі
ұялып қалды, яғни дәл қазіргіше кісі жер болды дегенді білдіргенін
XI ғасыр лексикографы – Махмұт Қашқари көрсетеді (ДС, 211).
Демек, ұялғанда, ұялтқанда айтылатын жер болды, жер қылды
дегендердегі жер сөзінің «қара жер» мағынасындағы жерге тікелей
қатысы жоқ болып шығады. Қазақ тілінде ир (жир ~ жер) сөзінің
ұятқа қатысты ұғымы ұмыт болғандықтан, жоғарғы тіркестердегі бұл
сөзді кәдімгі «жер» ұғымымен ұштастырып, ұятқа қалдыру мәнінде
жерге қарату деген тіркес те жасалған, бірақ бұл қолданыстағы жер
сөзін кәдімгі жер деп те тануға болады, өйткені ұялған адам төмен
қарайды, бұл тіркес осыдан барып жасалған дегенге сая аламыз.
ЖЕСІР. ЖЕТІМ. Бұл сөздердің осы күнгі мағыналары айқын:
жесір «ері өлген әйел» дегенді, жетім «әкесі не шешесі, не екеуі
де жоқ бала» дегенді білдіреді. Ал ертеректегі қазақ тілінде бұл
сөздердің тағы бір беретін мағынасы болған. Шоқан былай деп жа-
Достарыңызбен бөлісу: |