46
деген толғау жолдары бар. Түркі тілдерінің салыстырма сөздігінде
автор аршын сөзі ноғай тілінде «күміс, күміс әшекей» дегенді
білдіреді дейді де төс аршынды бай қызы деген мысал келтіріп, оны
«омырауы қымбат әшекейге толы» деп аударады. Сырт қарағанда,
бұл түсіндірме нанымды сияқты. Мүмкін, бұл – ноғайлы-қазақ
заманында қалыптасқан сұлулықтың, сәндіктің, байлықтың образы
болар, бірақ ертедегі жырларда жылқы жөнінде:
Аршын басты бурылы
Қабырғадан қанаты...
немесе батыр:
Омырауын аршындап,
Мінген атын қамшылап, –
деп суреттеледі. Әрине, соңғы мысалдарда аршындау етістігінің
алтын-күміс әшекейге қатысы жоқ сияқты. Сірә, бұл жерде аршындау
– ұзындық өлшемі болып саналатын аршын сөзіне қатысты деп
түсіндірілуі («құлашын кеңге салу, екпіндеу») қисынсыз болмас.
Дегенмен бұл да күмәндылау түсінік. Бұл сөз омырауын аршындау,
тал бойын аршындау деген тіркестерде сабақты етістік ретінде келіп,
жоғарғы «екпіндеу, арындау» деген мағыналардан алшақтап кетеді.
Сондықтан бұл өте бейнелі (образды) тіркестің мән-мағынасын,
түптөркінін әлі де іздестіре түсу керек сияқты.
АРЫҚ-ТҰРАҚ АРЫҚ-ТҰРЫҚ. Жалпы мағынасы түсінікті бұл
қос сөздің екінші сыңары тұрық/тұрақ сөзі бұл күнде қазақ тілінде
«арық» мағынасында жеке қолданылмайды. Ал ХІ ғасырдағы түркі
тілдерінің Махмұт Қашқари құрастырған сөздігінде туруқ (turug)
сөзі жеке тұрып малға қатысты «арық, көтерем» деген мағынада
жұмсалған: туруқ ат – «көтерем ат». Демек, бұл қос сөздің екі сыңары
да – бір мағынадағы сөздер екен. Мұндай бір мағынадағы сөздердің
қос сөз құрамында қатар келуі – тілімізде жиі кездесетін құбылыс.
Түсіндірме сөздіктерде тіркелген тұрық сөзі – негізінен тұрқы деген
тұлғада жұмсалып, бір нәрсенің, көбінесе адам, жан-жануар сияқты
тірі жан иесінің тік және көлденең қалпындағы көрінісі («Түсіндірме
сөздікте» тек «горизонталь қалпындағы» деп түсіндірілген, бұл
жаңсақтау сияқты). Бүгінгі қолданыста тұрықты, тұрықсыз деген
туынды тұлғалары бар. Бірақ бұл «тұрықтардың» арық-тұрық-тағы
тұрық- қа қатысы жоқ деп табамыз.
АСА ЖҰРТ. «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» жырларында аса
жұрт тіркесі кездеседі:
47
Асудан келген қоңыр қаз
Аса жұрттың елінде...
Аса жұртқа барғанда,
Елдің көркі мал дейді...
Баласы аса жұрттың мейман келді.
Бұл жердегі контекске қарағанда, аса жұрт тіркесі «шет жұрт»
дегенге меңзейді. «Қыз Жібек» жырының бір басылымында бұл
тіркесті осылай түсініп, «жат ел» деген мағынада деп анықтама
береді. Бірақ аса жұрт тіркесінің бұл күнде мағынасы көмескілене
түскендіктен, екінші бір жырда («Айман-Шолпанда») бұны «асқан
жұрт» деп түсіндіреді. Бірақ контекстегі мағынасы екеуінде де бірдей.
Бұл тіркесті Махамбет ақын да келтіреді:
Аламанға жол бердік,
Аса жұртты меңгердік...
Бірақ Махамбет қолданысында бұл тіркестің мағынасы «жат
жұрт» дегеннен гөрі «өз жұрты» дегенге көбірек келеді.
Аша (қазақша аса) сөзі көне түркі тілдерінде «туысқан» дегенді
білдірген (ДТ, 4). Түркі тілдеріндегі ш ~ с дыбыс алмасуларын ескер-
сек, бұған қазақша аса сөзі сай келеді, сонда аса жұрт «туысқан
адамдар, өз жұрты» деген мәндегі тіркес болып шығады.
К. К. Юдахиннің сөздігіне қарағанда, аса сөзі қырғыз тілінің
солтүстік диалектісінде қолданылады, ол – араб тілінен енген сөз,
мағынасы «туысқан адам, семья мүшесі» (Юдахин, 74). Сөйтіп, аса
түркінің өз сөзі ме, жоқ, әлде арабтан ертеде түркілерге енді ме,
әлде түркі тілдерінен араб тіліне көшті ме – бұларға жауап беруді
этимологтердің еншісіне қалдырып, біз бұл жерде қазақ тіліндегі
қолданыстарын сөз етсек, о баста аса сөзі жұрт, ру («Қыз Жібекте:
«аса руға барғанда») сөздерімен тіркесіп, «туысқан ел, өз жұрты»
дегенді білдірген болар. Ал егер бұған қарама-қарсы «жат жұрт,
шет ел» мағынасында қолданылғанын ұшыратсақ, бұл да заңды: сөз
мағынасының қарсы мәнге ауысуы – тіл-тілде кездесетін құбылыс.
АСРА ЖҰРТ. «Қобыланды батыр» жырында асра (асыра) жұрт
деген тіркес те кездеседі:
Асыра қыпшақ баласы
Жатқаннан соң байлауда...
Арыстан туған екен деп
Асыра жұрты қуанды.
48
Көне түркі тілдерінде асра деген сөздің бір мағынасы «бағы-
нышты, мойынсұнған» дегенді білдірген (ДС, 61). Жоғарыдағы жыр
жолдарындағы асыра сөзі де «бағынышты, бас иген» деген мәнді
білдіреді. Жалпы жұрт сөзі – түркі тілдерінде өте ертеден келе
жатқан, терминдік мәні бар сөз. Ұзақ уақыт сақталып келген
терминдік мағынасы – «ел, белгілі бір қауым, этникалық құрам,
белгілі атымен аталған халық» деген мағына. Жұрт сөзі қазақ тілінде
осы мағыналарда әр алуан эпитетпен қолданылып келген: аста-
на жұрт, аса жұрт, асыра жұрт, ауыр жұрт, байтақ жұрт т.т.
Қарақалпақ тілінде кесе жұрт тіркесі қолданылады, мағынасы –
«басқа ел, бөгде жұрт».
Қазақ әдеби үлгілеріндегі асра жұрт тіркесі, сірә, «бөгде, басқа
жұрт» дегенге емес, «бағынышты, қол астындағы өз жұрты» дегенге
саяды.
АСТАНА ЖҰРТ. Батырлар жырларында, Махамбетте, Шернияз,
Нұрым сияқты өткен ғасырларда жасаған ақын-жыраулар тілінде
астана жұрт, астана халық деген тіркестер кездеседі. Мысалы,
Махамбетте:
Айғайда белдік байланған,
Астана жұртын айналған.
Нұрым жырауда:
Азын көпке теңгерген,
Астана жұртын меңгерген.
1878 жылғы А.Старчевский құрастырған екі тілдік сөздікте,
1897 жылы Орынборда шыққан «Қазақша-орысша сөздікте» астана
жұрт, астана халық дегендерді «көп, сансыз көп халық» деп ауда-
рыпты. Л. Будагов бұл сөз түркі тілдеріне парсының астан, астана
(табалдырық, есік, сарай) деген сөзінен ауысқандығын айта келіп,
қазақ тілінде астана жұрт тіркесі бар екенін көрсетеді де, оны
«сансыз көп, зор халық» деп аударады (Будагов, I, 40). В. Радлов бұл
сөздің әзірбайжан тілінде «табалдырық, сарай, сарай қызметіндегі
адамдар» деген мағыналары барын көрсетеді (Радлов, т. I, ч. I).
Сірә, қазіргі қазақ тіліндегі астана сөзінің «белгілі бір
мемлекеттің, елдің орталық қаласы» деген ұғымы бұл сөздің парсы
тіліндегі «сарай, әміршінің сарайы» мағынасынан алынған болу керек,
яғни «үкіметтің резиденциясы орналасқан қала» дегенді білдіреді.
Ал өткен ғасырларда қолданылған астана жұрт тіркесінде, біздің
байқауымызша, В. Радлов көрсеткендей, «сарай қызметіндегі адам-
дар (орысша: придворный штат)» деген мән бар тәрізді, яғни белгілі
Достарыңызбен бөлісу: |