55
Хан Тоқтамыс қарланып,
Байтағым деп зарланып, –
дегенді оқимыз. Бұл сөз Махамбет ақынның аузына да жиі оралған:
Біздің Ер Исатай өлген күн,
Он сан байтақ бүлген күн.
Бұхар жырауда:
Байтағың байып, мал беріп,
Байрақты жерге қыстатқан, – деп келеді.
Байтақ сөзі бұл күндегі әдеби тілімізде «ұшы-қиыры жоқ кең»
деген сындық-мағынада қолданылады (ҚТТС, II, 41). Ал жоғарғы
мысалдарда бұл сөз осы көрсетілген ұғымда емес. Байтақ сөзі
бұрын қазақ тілінде зат есім мағынасында қолданылып, «белгілі бір
этникалық-территориялық тұтастық (мысалы, хандық), ел, жұрт» де-
ген мағынаны білдірген. «Едіге» жырында ханға ренжіп, қайырылмай
кеткен батырға кері қайт деп өтіне келген Жанбай:
Байтақ бөліп береді,
Патсалықты құр сәна, –
деп уәде береді. Мұндағы байтақ деп отырғаны – белгілі бір
мекендегі (территориядағы) белгілі бір құрамды ел, яғни кішігірім
хандық. Өйткені осы идея «Ер Тарғын» жырында:
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы,
Неғыласың бір қызды!?–
деп, байтақ сөзінің орнына бес жүз ауыл деген әбден нақты мағы-
надағы сөз тіркесі ұсынылған.
Ертеректегі үлгілерде кездесетін байтақ ел, байтақ жұрт де-
гендер қазіргідей «барлық ел, барлық жұрт» дегенді емес, «жеке
бір хандық сияқты тұтастық, ел-жұрт» деген ұғымда жұмсалған,
яғни ел және жұрт деген жеке сөздердің баламасы ретінде келген,
сонда байтақ та – «ел», ел де – «ел». Бұл тіркесте мағынасы бірдей
екі сөздің қатар айтылып, плеонастық құбылыс жасап тұрғанын
көреміз. Мағыналары бірдей немесе өте жақын сөздердің қатар келіп
қолданылуы, яғни плеоназм дегендер тілімізде аз кездеспейді (мы-
салы, телегей-теңіз, бекер босқа, құр текке, ел-жұрт, бала-шаға
дегендердің сыңарлары мағыналас дербес сөздер екені мәлім).
Байтақ сөзінің өзге сөздермен тіркесулері де қызғылықты. Он
сан байтақ тіркесі – «көп рудан, көп жұрттан құралған ел (хандық,
мемлекет т.б.)» деген мағынадағы метафоралық тіркес. Осы сөздің
бұл мағынасы байтақ ел, байтақ жұрт дегендерді өткен ғасырдағы
56
қазақша-орысша, орысша-қазақша екі тілдік сөздіктердің «сансыз
көп халық» («многочисленный народ») деп аударуларына себеп-
кер болған тәрізді. Келе-келе, біздің кезеңімізде, байтақ сөзінің о
бастағы мағынасы өзгеріп, «кең, ұшы-қиыры жоқ, үлкен, барлық»
деген мәндерге ие болып, өзге сөздермен тіркесте ғана қолданылатын
болған. Мысалы, байтақ дала, байтақ өлке, кең байтақ, ұлан байтақ.
Ал қырғыз тілінің диалектісінде бұл сөз «алыс, қиыр» және «өте
ертедегі, баяғы» деген мағынада жұмсалатындығы көне сөздердің
алғашқы мағыналарының көмескіленіп, ауыспалы бірнеше мәнге ие
болатындығын танытады.
Байтақ сөзінің өзі қазақ, қырғыз сияқты түркі тілдеріне өте ер-
теде парсы тілінен енген болу керек. Парсыша пайтахт сөзі «аста-
на» (дәлме-дәл: «тақтың төменгі жағы, аяғы») дегенді білдіреді.
Түркі тілдерінде «тақтың төменгі жағы» дегеннен «тақта отырған
билеушінің «ханның» аяқ астындағы (қол астындағы) бағынышты ел»
деген ауыспалы мән пайда болғанға ұқсайды. Байтақ сөзінің «жұрт»
деген мағынаны білдіретіндігін қазақ тіліндегі көне мұраларда және
жырларда кездесетін астана жұрт тіркесі дәлелдей түседі. Бұл –
байтақ жұрт дегеннің тура баламасы, мағыналары бірдей.
Қазақ тілінде байтақ сөзінің «астана, орталық қала» мағына-
сындағы қолданысы да жоқ емес. Алпамыс батыр:
Байсын деген өз елім,
Жиделі байтақ қаламыз, –
дейді. Мұндағы байтақ қала тіркесінің өзі «орталық, астана қала»
дегенді аңғартады. Бұл сөздің қазақ тілінде «кең, үлкен, ұшы-қиырсыз»
деген ауыспалы мағынада қолданылуы тіпті ауыз әдебиетінің өзінде
де байқалады. Мысалы, «Қобыланды» жырында:
Жасыл байтақ жері бар,
Айдынды шалқар көлі бар, –
деген жолдарда байтақ сөзі осы күнгідей сындық мағынада.
БАРЫМ. «Алпамыс» жырында:
Талқан қып алды шаһарымды,
Талауға салды барымды.
«Қамбар батыр» жырында:
Патшадан барым садаға
Қолыңнан келсе, жәрдем ет, –
деген тармақтар бар. Мұндағы барым сөзін әдетте «қолымдағы бар
нәрсені (байлықты, малды) талап әкетті» және патшадан қолымдағы
бар нәрсем садаға деген сөз деп түсінеміз де, барым сөзінің түбірі бар
57
(орысша есть) сөзі болар деп ойлаймыз. Ал, шындығында, барым
сөзі көне түркі тілдерінде «мал» және «мүлік» деген екі мағынаны
білдірген (ДС, 84). Сонда бұл сөздегі -ым қосымшасы – тәуелдік
жалғауы емес (балам, үйім, шапаным дегендердегі сияқты), сөз
тудырушы жұрнақ болып табылады. Жоғарғы сөйлем қазіргі тілмен
айтсақ, талауға салды менің малымды, тіпті дәлірек аударсақ, малды
талауға салды немесе мүлікті талауға салды деп айтылар еді.
Қазақ тілінде бар малы (бар малым, бар малың, бар малдары т.т.)
деген тіркес о баста барым-мал болуы мүмкін, сонда бұл «барлық
мал» деген мағынаны емес, жалпы «мал-мүлік» деген жинақтау
ұғымды беретін қосар сөз болып шығады. Қазақ тілінде «мал-
мүлік» ұғымындағы барым тұлғасы ұмыт бола түскендіктен, кейде
қысқарып, бар тұлғасында да қолданылғаны байқалады. Мысалы,
«Алпамыс» жырында:
Қатардағы нарларың,
Қазынадағы барларың
Тәңірі берсе менікі, –
деген жолдардағы бар сөзі барым сөзінің қысқарған варианты деп
танимыз. Бұлайша қысқартуға өлең шарты да себепкер болып тұр:
әдетте өлең өлшемі көтермесе, яғни белгілі өлшемнен буын саны
асып кетсе, мүмкін жерде сөз тұлғасын ықшамдау поэзияға жат емес.
Бар сөзінің «мал-мүлік» мағынасы үйлі-баран деген тіркесте
де сақталған, мұнда баран тұлғасы – көптікті білдіретін -ан деген
қосымшамен келген тіркес, ол «мал-мүлкі бар» деген ұғымды береді.
Бар сөзінің «мал-мүлкі» мағынасы Абайдың:
Ұлық болдым мінекей,
Бар малыңды шығындап, –
деген жолдарында да байқалады. Бұл жердегі бар малым дегенді бар-
мал(ым) деп жазуға болады, өйткені мұнда ақын «барлық малымды
шығындап» деп тұрған жоқ, «мал-мүлкімді», яғни байлығымды
шығынға ұшыратып деп тұр. О баста, тегі бар сөзі негізінен «мал >
байлық» деген бір ғана мәнді берген болар. Кейін келе мал сөзінің
мағынасы мен қолданысы активтеніп, бар сөзін ығыстырған кезде
барым-мал немесе бар-мал түрінде плеонастық тіркес құраған деп
табуға болады.
БАРЫМТА. Бұл сөзге түсіндірме сөздік былайша анықтама
береді: «Кектеніп жауласқан екі рудың бірінің-бірі мал-мүлкін
күшпен тартын алуы» (ҚТТС, 1976, II, 109). Бұл түсіндірме дәл емес.
Біріншіден, барымтаға кектеніп жауласқан сайын бара бермейді,
Достарыңызбен бөлісу: |