384
келеді: аудиожазбалар, посткеңестік (посткеңестік кеңістікте болып
жатқан оқиғалар), экожүйе т.б.
Көркем әдебиетте бұл күнде де әдеттегідей (қай кезеңде болса
да) жаңа қолданыстар орын алып жатады. Олардың дүниеге келу
уәжі, әрине, жоғарыда аталған әр алуан атауыштық (номинативтік)
терминдік мәндегі неологизмдерден өзгеше де болып келеді.
Көркем әдебиет, оның ішінде поэзия жанры да өзінің сұранысына
(қажеттілігіне) қарай жаңа тұлғаларды баспасөз беттерінен де,
ғылыми, әлеуметтік әдебиеттерден де, ауызекі сөйлеу тілінен де алып
қолдана береді. Егер белгілі бір ақын не жазушы суреттеп отырған
құбылыс, зат, іс-әрекетке қатысты бірді-екілі жаңалықты қажет деп
тапса, оны өзі жасауы да мүмкін (мысалы, Ғабит Мүсіреповтың
«Оянған өлкесінде» шлак дегенге боқат деген қазақша балама бергені
сияқты) немесе стильдік мақсат көздеп, әсерлі, экспрессиялық бояуы
қанық сөз деп кейбір архаистік тұлғаларды, не жергілікті сөздерді, не
өзге тілдік сөздерді де лексикалық жаңалық ретінде ұсынуы ықтимал.
Қысқасы, бүгінгі таңда сөздік қазынаның жаңалықтарын негізінен
публицистикалық стильден, яғни бұқаралық ақпарат құралдары:
баспасөз, радио, теледидар тілінен іздеу керектігі анық.
Соңғы кезеңдердегі лексикалық жаңалықтарды пайда болатын
және еркін (жиі) жұмсалатын орындарына қарай шамамен бес-алты
топқа бөліп талдауға болады: 1) бұқаралық ақпарат құралдарында; 2)
ғылыми әдебиеттерде; 3) көркем әдебиетте; 4) ауызекі сөйлеу тілінде;
5) мемлекеттік ресми және бейресми іс-қағаздарда; 6) ойын-сауық,
спорт әлеміне қатысты хабарлар мен жазбаларда орын алатын сөздер
мен лексикалық тіркестерде.
Әрине, бұлар – бір-бірімен ұштасып жатқан дүниелер, сондықтан
бірінде кездесетін жаңа сөздер екінші, үшінші топтарға көшіп,
қолданысқа түсіп жүре берулері мүмкін. Әсіресе көркем әдебиет
ауызекі сөйлеу тіліндегі, баспасөз беттерінде кездесетін кейбір
жаңа тұлғаларды, теледидар мен радиодан құлағы шалған тосын
(жаңа) сөздерді әр алуан стильдік мақсатпен жұмсауға бейім тұрады.
Өзге топтағылар да – осындай. Бірақ осы топтардың ішінде ең
«жаңашылы» – газет-журналдар беттері мен радио, телехабарлар.
Оның үстіне негізінен баспасөз беттерінде ғана жұмсалатын,
күнделікті сөйлеу тілінде де, әдеби тілдің өзге стильдерінің
үлгілерінде де қолданылмайтын стереотип неологизмдер бар
екенін баса айтуға болады. Мысалы, ақпараттық кеңістік, рухани
кеңістік, саяси ойын, орынтақ, дискредитация (беделін түсіру деп
қазақшаланып та жүр), ынталы топ, әкімқаралар, іскер топтар,
кәсіби деңгей, басымдықтар сияқты жеке сөздер мен лексикалық
тіркестер негізінен баспасөз беттерінде қолданылады. Әрине, оларды
мұқият іріктеп жинап алып, сөз ету – алдағы ізденістеріміздің бірі
болмақ.
385
Жаңа сөздердің тақырыптық топтары
Мұны сөз еткенде, бүгінде ең жиі қолданылатындарына назар
аударсақ, жоғарыда көрсетілгендей, жаңа сөздер көбінесе білім-
ғылым салаларына жататын терминдер болып келеді. Олардың
ішінде нақты зат, құбылыс атаулары да, дерексіз (абстракт) ұғым
атаулары да бар. Нақты зат атаулары көбінесе бұрын орыс сөзімен
айтылып келген тұрмыстық лексика бірліктері, екінші топта мек-
теп пен жоғары оқу орындары оқулықтары және өзге де әдебиет
үлгілеріндегі терминдер, олардың қазақша баламалары мен адамзат
өміріне енді келе бастаған ғылым мен техника жаңалықтарын
атайтын интертерминдер болып келеді (лазер, компьютер, интер-
нет, сайт, космогония т.б).
Соңғы 10-15 жылдың ішінде көрінген жаңа сөздердің қазақша-
лары да, интертерминдер де экономикаға, финанс қатынастарына
жататын тақырыптық топ құрайды. Қазақ баспасөзі мен ресми
ісқағаздары тілінде бұл тақырыптағы жаңа қолданыстардың басым
көпшілігі интертерминдер (бюджет, тендер, холдинг, маркетинг,
менеджер, фирма, депозит, биржа, акциз, компания т.б) екендігі
байқалады. Әрине, мағынасы дәл келіп жатса, бұл салада қазақша
баламасы ұсынылған сөздер де жоқ емес. Мысалы, финанс сөзін
көбінесе қаржы деп, финансист – қаржыгер, приватизация терминін
жекешелендіру,
спонсор-ды
демеуші деп атау жиірек кездеседі. Жал-
пы қай тақырыпқа қатысты болса да, -изация аффиксімен келген
сөздердің қазақша баламасын ұсынушылық бар. Бұл жұрнақпен кел-
ген сөздер дерексіз ұғым атауы болғанмен, олар белгілі бір қарекетті,
іс-қимылды білдіреді, ал адам баласына қатысты іс-әрекетті білдіру-
дің қай тілде болса да мүмкіндігі бар. Сондықтан жекешелендіру
(приватизация), ғаламдану, жаһандану, тұсаукесер (презентация)
деген необірліктердің жаттығы да, жасандылығы да сезілмейді.
Жаңа сөздерді қолданылатын орындарына қарай қалың көпші-
лік қолданатын және бұқаралық ақпарат құралдары жиі пай-
даланатын сөздер деп топтастыруға да болады. Олардың топтары:
1) күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздер: күнделікті тұрмыстық
лексика (зат, бұйым, қарапайым құрал-жабдықтар, тағам, киім-кешек
т.т. атаулары); 2) экономика, қаржыға қатысты жаңа, байырғы ұғым
атаулары; 3) әлеумет өміріне қатысты сөздер; 4) әдебиет пен өнер
саласындағы жаңа ағымдарды, ұғымдарды атайтын сөздер мен бұрын
өзге тілдік сөздермен, яғни «орысша» айтылып жүрген бірқатар
терминдердің қазақша баламалары; 5) бүгінгі спорт, ойын, саяхат
түрлеріне қатысты сөздер; 6) экологияға, айналадағы табиғатқа,
оның ішінде шетжұрттық мекендердің табиғатына қатысты атау-