Н.Макиавеллидің саяси және моральдық философиясы
Н.Макиавелли көбіне өзінің саясат жөніндегі толғаныстарымен тарихта қалған. Оның негізгі себебі феодалдық-қауымдық қоғамның ыдырап, оның орнына ерте капиталистік қатынастардың келе бастауы еді. Егер саясат осыған дейін діннің қолдауында болып, моральдық тұрғыдан әркашан ақталып отырса, ол негізінен алғанда «ақсүйектердің ісі» болатын болса, енді жаңа заманда төменгі қабаттардан шығып, аз уақытта сауда-саттық жасау арқылы байып, билікке ұмтылған адамдар пайда болды. Мұндай жағдайда саясат моральдық-діни шеңберден бірте-бірте шығып, өзінше дербес әлеуметтік құбылыс ретінде өзін көрсете бастады.
Н.Макиавеллидің көрегендігі -- саясаттың дербес құбылыс ретінде улкен қоғамды өзгертуші құрал екенін анықтау, оның моральдық құндылықтардан бөлек табиғатын ашу, саяси билік үшін күресін, содан кейін оны ұстап тұру әрекетін (қазіргі тілмен айтқанда, саяси технология) жасау болды.
Енді бұл арада біз макиавеллизм деген ұғымнан Н.Макиавеллидің шынайы көзқарастарын бөліп алып қарауымыз керек. Макиавелизм ұғымы бүгінгі таңда саясаттың арсыз, барып тұрған опасыздық түрін көрсетеді. Саясат құбылысында кездесетін екіжүзділік, алдап-арбау, қорқыту, күш жұмсау, айдап салу, сатып кету т.с.с. бәрін макиавеллизм дейді. Яғни саясаттың толық моральдық шеңберден шығып кетуін, оның талаптарын аяқка басуды біз Н.Макиавеллидің атымен айтамыз.
Алайда мұндай көзқарас дұрыс болар ма екен, мүмкін мұның өзі шынайы Н.Макиавеллидің өзінің шығармашылығынан туатын көзқарасқа сай келмеуі де ғажап емес болар.
Осы бағалау тұрғысынан алып карағанда, біз расында да, үлкен қайшылықты байқаймыз. Әрине, Орта ғасыр шеңберіндегі саясат жөніндегі түсінік қайта қаралды, саясаттың моральдан дербес, өзінше қажетті құбылыс екені анықталды, ал сонымен қатар Н.Макиавелли қайсыбір саясаткердің зорлық-зомбылығын, опасыз іс-әрекетін ақтаудан, әрине, аулақ болды.
Н.Макиавеллидің ойынша, мемлекет пен саясаттың қоғамдағы негізгі қызметі әртүрлі таптардың, әлеуметтік топтардың басын біріктіріп, бүкіл ұлттық келісімнің шеңберінен шығармау, қоғамды ыдыратып жібермеу, орталық билікті мықты қолда ұстау болды. Ал саясаттың моральдық сипатына келер болсак, «мүмкіндігінше ізгіліктен алыстамау керек, ал керектік қылса зұлымдыктан кашпау қажет» деген пікір айтқан болатын. Бірақ саясатты толығынан моральдық шеңберде ұстау мүмкін емес. Н.Макиавелли: «Тек қана өзінің ар-ұжданының талабына сәйкес іс-әрекет жасайтын саяси қайраткер өзіне мола қазады», - деген пікір айтады. Оған себеп - қоғам өміріндегі кейбір жағдайда қалыптасатын «ащы шындықтың ақиқаты». Оны шешу үшін мемлекет басшысы зорлық-зомбылыкқа шейін баруы мүмкін. Осындай жағдай қалыптасқанда, ол «қаталдықпен көп әуестенбеу керек, қажет болған жағдайда оны тез арада қолданып, өзіне қарсылардың бытшытын шығаруы керек».
Халық мемлекеттік билікке, бір жағынан, қоркынышпен, екінші жағынан, сүйіспеншілікпен қарайды. Бірақ таңдауға келген жағдайда, халықты қорқынышта ұстау - сенімдірек. Саясаткер бір жағынан батыл, екінші жағынан, абай болуы керек. Бірақ шешуші жағдайда батылдық қажет. Ел басшысы, бір жағынан, арыстанға, екінші жағынан, түлкіге ұқсас болуы қажет.
- Қоғамдағы қайшылық өршіп, адамдардың өкіметке деген сенімі жойылған жағдайда күш қолданбай болмайды. Бірақ қалай дегенде де, жеңіс әрқашанда саясаткердің негізгі мақсатына айналуы керек, ал оған жететін құралдар әртүрлі болуы мүмкін. Сол жолда зорлық-зомбылық жасалса, ол қоғамдағы жағдайды дұрыстауға, тәртіпті орнына келтіруге ғана жұмсалып, тоқталуы керек. Екінші рет зомбылықты қолданудан алшақ болу керек, -деген пікір айтады ұлы ойшыл.
Н.Макиавелли жөніндегі адамгершіліксіз саясаттың жақтаушысы деген пікір жүздеген жылдар бойы сақталып келді. Тек XX ғ. екінші жартысында ғана бұл ойшылдың еңбектері терең зерттеліп, басқаша пікір қалыптаса бастады. Ағылшын елінің ұлы философы Б.Рассел бұл кісінің еңбектерін жоғары бағалап: «Н.Макиавелли Ренессанс дәуірінің ең терең ойшысы», - деген пікір айтты.
Батыс елдеріндегі көп ғалымдар Н.Макиавеллиді қазіргі саяси философияның негізін қалаушы ретінде бағалайды. Біздің ойымызша, XIV ғ. өмір сүрген араб ойшысы Ибн-Халдунды бұл орынға қоюға әбден болар еді, өйткені ол Н.Макиавеллиден бір жарым ғасыр ерте өмір сүрген болатын. Бірақ, қалай дегенде де, біздің ел сияқты ондаған мемлекеттер демократия жолына түсіп, қоғамда терең саяси өзгерістерді тудырып жатқан уақытта Н.Макиавеллидің саясат пен моральдың айырмашылығы жөніндегі терең ойлары ешбір адамды жайбарақат қалдырмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |