Едiл – Орал аймағын мекендеген саврамат тайпалары (б.э.д. ҮП – IҮ ғғ.) Скифтердiң шығыс көршiлерi болды. Геродоттың оларды әйел басқарған ел деген пiкiрiн археологиялық материалдар да растайды. Өйткенi6 олардың әйелдерiнiң қабiрлерiнен қару-жарақ, ат әбзелдерi мен абыздық рәмiздер жиi кездеседi. Әйелдердiң қабiрлерiнiң зираттарының ортасында орналасуы да соған саяды. Геродотта келтiрiлген аңыз бойынша савраматтар амазонкалар мен скиф жастарының некелік қатынасқа түсуіне байланысты қалыптасқан этникалық құрылым.
Савраматтар ұзақ уақыт скифтермен қатар тіршілік кешті. Олар өзара бейбіт қатынаста, кейде соғыс жағдайында өмір кешті. Сондықтан да бір – біріне мәдени және шаруашылық – экономикалық жағынан қатты әсер еткен. Б.з.д. Ү – ІҮ ғғ. олардың арасындағы бейбіт қатынас бұзыла бастады. Савроматтар батыстағы көршісі скифтердің жеріне кейде күштеп, кейде бейбіт жолмен ене берді. Антикалық деректердің мәліметтеріне қарағанда б.з.д. ІҮ ғ. савроматтар Донның төменгі ағысымен Қара теңіздің солтүстік жағалауларына дейінгі жерлерді иеленген.
Савраматтардың обалары мен жерлеу ғұрпы скифтердiкiне ұқсас. Қайтыс болған кісіні шұңқыр қабірге жатқызып, үстін ағаштармен, бөренелермен жауып, үстіне оба үйген. Жерлеу заттары скифтердікіне ұқсас, олардың ішінде акинактар, жебелер, ат әбзелдерi, қола айналар, аң стилiнде безендiрiлген әшекей бұйымдары, тұрпайы жасалған саздан жасалған ыдыстар т.б. Құбандыққа шалған малдардан жылқының, қой мен сиырдың сүйектерi жиi кездеседi. Қабірге марқұммен бірге қойылған мал еттерін тасты қашап жасаған аң стиліндегі құрбандық табақтарға салып қойған. Осының барлығы савраматтардың шаруашылығының негiзi көшпелi малшылық болғанын бiлдiредi.
Б.з.д. IҮ – Ш ғғ. аралығында савроматтар шығыс аудандардан келген туысқан тайпалармен қосылып жаңа тайпалық одақ құрды. Бұл жаңа құрылым тарих сақынасына сарматтар (б.з.д. Ш – б.з. IҮ ғғ.) деген атпен шықты. Сармат мәдениетi үлкен үш тарихи кезеңнен тұрады: ерте сармат немесе прхоров мәдениетi; орта сармат немесе суслов мәдениетi; кейiнгi сармат мәдениетi.
Жазба деректер сарматтардың одағына кiрген бiрнеше тайпалардың ғана аттарын хабарлайды. Оларда одақты басқарған алан, роксалана, сирак тайпалары. Диодордың айтуынша, Сарматтар скифтердiң басым көпшiлiгiн жойып, елiн қу далаға айландырған. Сарматтың росалана және алан тайпалары б.з.д. I ғ. Мидияның Риммен арасындағы шекараға дейiн барған. Б.з.д. II – I ғғ. роксалан тайпалары бiрде скифтердiң құрамында Митридатқа, ендi бiрде Митридаттың жағында Римге қарсы соғысқандығы да жазба деректерден мәлiм. Шапқыншылықпен Қара теңiз жағалауларына дейiн жеткен алан тайпалары кiшене кейiнiрек ғұндармен бiрге Испания мен Солтүстiк Африкаға дейiн жеткен. Сарматтардың қоғамдық өмiрi мен шаруашылығы, тұрмысы және материалдық мәдениетi олардың жерлеу ескерткiштерiнiң материалдары негiзiнде зерттелген. Қарапайым сарматтардың қабiрлерi обаның астында орналасқан катакомба немесе жабатын бөренелердi ұстап тұруға арналып қалтырылған иықшасы бар тiк шұңқырдан тұрады. Сармат патшаларының жерлеулерi байлығы жағынан скифтердiкiнен кедейлеу. Дегенмен, асыл металлдардан жасалған құнды заттары мен бұйымдары мол қабiрлер де кездеседi. Новочеркасск қаласының маңындағы Хохлач обасынан патшаның әйелiнiң немесе тұтқын әйелiнiң қабiрi табылды. Қабiрден, сырттан алып келiнген ыдыстар, күмiс заттар, алтын мен қоладан жасалған зергерлiк бұйымдар – алқа, кубок, бiлезiк және құты шықты. Олардың көпшiлiгi аң стилiнде өрнектелген. Жоғарғы жағында ешкi, бұғы, өсiп тұрған ағаш бейнеленген, ал ортасында – халседоннан салынған әйелдiң басы бар диадеманы ерекше айтуға болады. Кезiнде киiмдерге тiгiлген алтын iлмешектер қабірлердiң байлығын хабарлайды. Сарматтардың қарулары скифтердiкiнен өзгеше. Ұзын семсерлерi ат үстiнен шабуға икемдi. Қанжарларын қайыспен аяғына байлаған. Жебенiң ұштары скифтердiкiндей үш қанатты, бiрақ үлкен.
Сармат тайпаларының шығыс бөлiгi Батыс Қазақстанның жерiн мекендеген. Олардан қаншама обалы жерлеулер қалған. ХХ ғасырдың 60 – жылдары сарматтардың Қара оба, Жанқала, Лебедевскі секілді жерлеу ескерткіштері зерттелді. Сарматтардың жерлеулерінен темірден жасалған найзаның ұшы, ұзын семсер, екі жағы жүзделген қанжар, мыс қазан, зоаморфты стильде безендірілген құмыра және әртүрлі қыш ыдыстар, шебер безендірілген ат әбзелдері табылады. Әйелдердің қабіріне қару-жарақпен қатар түрлі асыл тастардан (сердолик, янтар, хрусталь т.т.), сүйектен, алтын,күміс, қоладан жасалған әшекей заттары да қойылады. Көп жағдайда тонауға ұшыраған қабірлерде матадан және былғарыдан тігілген киімдердің үстінен тігілген, түрлі формадағы алтын ілмешектердің қалдықтары шығады. 1999 жылы Аралтөбе (Атрау обл.) обадан табылған батырының қабiрi кезiнде тоналғанына қарамай Сарматтардың мәдениетiн және қоғамдық тұрмысын көрсететін мол материал бердi. Батырдың семсерi мен қанжарының қындары, асатаяғының басы, жебе салатын құтысының (қорамса) сырты алтынмен апталған. Ал үстiндегi киiмiнiң сыртынан ромба тәрiздес алтын iлмешектер тiгiлген. Герасимов лабораториясында қалпына келтiрiлген батырдың бас сүйегi сарматтардың нәсiлдiк тегiн анықтауға көмектеседi.
Кезiнде скифтердiң жойылуына себепшi болған сармат тайпасы б.з. Ш ғасырда шығыстан қоныс аударған тайпалармен бірге, ғұндардмен қосылып батысқа қарай жылжып, Еуропаға дейін жеткен деген мәліметтер бар.
МЕРЗІМДЕЛУ
Б.з.д. ҮІІ – І ғғ. - кимерліктер ғұмыр кешкен уақыт.
Б.з.д. Y ғғ - Қара теңіздің жағалауларындағы скиф мәдениеті басталады.
Б.э.д. ҮП – IҮ ғғ. Савраматтар.
Б.з.д. Ш – б.з. IҮ ғғ. Сарматтар
Әдебиеттер
Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и Усуней долины реки Или. Алма-Ата, 1963.
Артамонов М.И. Сокровища саков. – М., 1973.
Байпақов К.М. Жетісу мен Алматы аймағындағы сақ пен үйсіндердің қоныстары. – Алматы, 2008.
Руденко С.И. Культура населения Центрального Алтая в скифское время . М.-Л.,1960.
Граков Б.Н. Скифый. – М., 1971.
Алексеев А.Ю., Мурзин В.Ю., Ролле Р. Чертомлык – скифский царский курган ІҮ в. до н.э. – Киев, 1991.
Дашевская О.Д. Поздные скмфы в Крыму. – М., 1991.
Рыбаков Б.А. Герадотова Скифия. Историко-географический анализ. – М., 1979.
Смирнов К.Ф. Савроматы. Ранняя история культура сарматов. – М., 1964.
Смирнов А.П. Скифы. – М., 1965.
Тереножкин А.И., Мозалевский Б.Н. Мелиновский курган. – Киев,1988.
Хазанов А.М. Социальная история скифов. Основные проблемы развития древних кочевников евразийских степей. – М.,1975.
Еуразия даласының орманды аймақтарының ерте темір ғасыры
Ерте темір ғасырының басында Шығыс-Еуразияның орманды аймағындағы жазықтарда үлкен екі этникалық топқа жататын тайпалар мекендеді. Олар бір-бірінен үйлерінің түрі, әшекей бұйымдары, шаруашылығы және басқа да археологиялық белгілері жағынан ерекшеленді. Осы айтылған аймақтың батыс шетін мекендеген батыс балтық тайпалары қазіргі латыштар мен литвандардың арғы аталары болатын. Олармен шығыста көршіле тайпалар мәдени жағынан көп ұқсастығы болғанмен бір тектес емес болатын. Солардың бірі б.з.д. ҮІІІ ғасыр мен б.з. ІҮ ғғ. аралығында Днепр мен Двина өзендерінің аралығын жайлаған днепро-двинск мәдениеті өкілдері. Бұл қауымдастық қола дәуірі кезінде осы аймақты мекендеген ортаднепр және фатьянов мәдениеттерінің негізінде қалыптасқан деп саналады.
Днепро-двинск мәдениетінің мекенжайлары табылып, зерттелген. Смоленск маңындағы толығымен қазылған Жаңа Батеки, Акатово және Демидовка мекенжайлары осы мәдениеттің ескерткіштері. Осындай қоныстар алғашқыда тігінен қадалған қазықтар мен ағаштан жасалған қабырғалармен қоршалған. Б.з.д. ҮІІ ғ. бастап балшықтан соғылған дуалдар пайда болады. Ал жаңа ғасырдың басында дуалдың сыртынан қазылған ор қосылды. Мекенжайлардың аумағы аса үлкен емес, 1000 шаршы метр шамадағы аумақты қамтыды. Тұрғын үйлері алғашқыда төрт бұрышты мазанкалар түрінде кейіннен ішінде тас ошақтары бар қима бөренелерден тұрғызылған үйлерге ауысты.
Қазбалардан табылған металдан жасалған балта, аздап иілген қол орақтар, дән үгіткіштер оларда егіншіліктің болғанын аңғартады. Сонымен қатар, бидай мен басқа да дақылдардың дәндері, үгітінділері табылған. Мал бағу кәсібі де шаруашылықта үлкен маңызға ие болғаны белгілі. Шошқа мен қой сүйектері едәуір мол, ал сиыр мен жылқының қалдықтары аз мөлшерде кездеседі. Мәдени қабаттағы сүйек қалдықтарының төменнен жоғары қарай арта түсуі уақыт өткен сайын мал басының көбейгендігін көрсетеді. Шаруашылықта аңшылық пен балық аулау қосалқы роль атқарса керек. Еңбек құралдары мен қарулардан балта, кетпен, орақ, жебенің ұштары, гарпун, шот-балталарды, моншақ, алқа, сырға, білезік және сақина секілді әшекей бұйымдарын айтуға болады.
Шығыс Еуропаның кең байтақ даласында тоқымалы керамика үлгісімен ерекшеленетін тайпалар жайлады. Өзінің бастауын қола дәуірінен алып, ерте темір ғасырында еркін дамыған осы дәстүр ыдыстардың денесінде қалған тоқыма матаның іздеріне қатысты айтылған. Осы тоқымалы керамика дәстүрін құраушы тайпалардың ішінде дьяков мәдениеті тайпалары елеулі орын алды. Б.з.д. ҮІІІ ғ. Еділ мен Ока өзендерінің аралығы мен Жоғарғы Еділ, Владимир жотасында қалыптасқан осы мәдениет б.з. ҮІ ғ. дейін ғұмыр кешті. Мәдениеттің атын қазіргі кезде Москваның құрамына еніп кеткен Дьяков ауылы маңындағы алғаш зерттелген қоныстан алады.
Дьяков мәдениетін сипаттауға Үлкен Каширск (Кашир қаласында), Щербинск (Подольск маңында) және Троицк (Мажайск маңында) қалашықтарының материалдары алынған. Мәдениеттің созылған уақыттын тұтастай қамтыған мәдени қабаты бар соңғы екі қалашық түгелдей қазылған. Өзендердің қосылған тұмсығында орналасқан аса үлкен емес дияковтық қалашықтар мәдениет тіршілігінің алғашқы кезеңінде (б.з.д. ҮІІІ-ІҮ ғғ. аралығында) тік қадалған қазықтармен қоршалды. Үлкен Каширск және Щербинск қалашықтарында осындай құрылыстар. Үйлері жертөлелер мен жердің бетіне салынған кіші гірім баспаналар түрінде. Ыдыстары түбі тегіс, ернеуі созылған құтылар түрінде. Сыртында тоқыма матадан қалған өрнектер де кездеседі. Металл бұйымдар өте сирек кездеседі. Негізінен сүйек заттар басым. Көптеген сүйек бұйымдар кейіннен металдан қайталанып жасалған. Әсіресе, жебенің ұштары мен көп тісті гарпундар.
Мәдениет дамуының екінші кезеңінде (б.з.д. ІҮ – б.з. ІІІ ғғ) темір құралдар кең таралды. Темірден жасалған екі қанатты жебенің ұштары біздің заманымыздың бас кезінде жаппай қолданылған қаруға айналды. Осы кезеңнің соңына таман тоқымалы керамиканың орнына жылтыр, бірақ тұрпайы ыдыстар келе бастайды. Егіншіліктің ролі артып, темір орақтар көбейді. Жанынан қарағанда саңырауқұлаққа ұқсас, үстінен қарағанда дөңгелек, ортасында тесігі бар балшықтан жасалған салмақ заттар кең таралды. Олардың қызметі жайлы түрлі болжамдар бар. Солардың ішіндегі шындыққа жақыны ұрышықтың басы. Бұл кезеңде қоныстардың сыртындағы қорғаныс құрылыстары да жетілді. Мекендердің сыртын дуал мен ор (кейде екі қатар) қоршады.
Дьяковтық қалашықтардан скифтік заттар, соның ішінде ноқталар мен ауыздықтар көп табылады.
Үшінші кезеңде (б.з.ІІ – ҮІ ғғ.) тоқымалы керамика түбегейлі жоғалады. Жылтыр денелі керамика жаппай таралды. Қазба кезінде ашылған ұстаханалар кешендері темір өндірісімен олардан заттар жасаудың қанат жайғанын байқатады. Андропов қаласының маңындағы Березняки қалашығындағы ұстаханадан 50 темір қорытпасы шыққан. Осы қалашықтан шала өртенген мәйіттерді қойған өлілер үйі ашылған. Өлілер үйіне қойылған заттар балталар, пышақтар, жебенің ұштары, әшекей заттары. Дьяковтық басқа жерлеу орындары жайлы мәлімет жоқтың қасы деуге болады.
Шалғы орақ, ұстаның қысқышы, балғасы секілді ірі құралдар пайда болды. Щербинск қалашығынан темір сақиналардан тұратын көмбе табылған. Темір өңдеудің дамуы шаруашылықта егіншіліктің басты орынға шығуына ықпал етті. Орман алқаптарын ағаштан тазартып, егін егу мүмкіндігі туды. Тастан жасалған дән үгіткіштер жиі кездеседі. Дақылдардан қара бидай, бидай, анаша т.б. егілді.
Қазбалардан табылған қызыл және алтын жалатқан оңтүстіктен әкелінген моншақтар айырбастың дамығандығын көрсетеді. Троицк қалашығынан латынша жазуы бар римдік түйреуіш табылған. Щербинск және Троицк қалашықтрында жүргізілген қазбалар мәліметтері тұрғындардың этникалық құрамы батыстан келген балттық жағалауы тұрғындары әсерінен өзгере бастағанын білдіреді.
Кейбір зерттеушілер дьяков мәдениетінің кезеңін ҮІ –Х ғғ. деп бөледі. Бұл кезде ыдыстардың сыртында баулы өрнектер пайда болады, заттар кешенінде финдік типтегі шуылдақ шашбаулар, оңтүстіктің түйреуіштері, салтовтік балталар секілді отырықшы аймақтарға тән бұйымдар кездеседі. Қалашықтарман қатар тіршілік кешкен ауылдық мекендер таралды. Дьяков пен балттық жағалауы тұрғындары материалдық мәдениеттің ортақ белгілері нақты байқала бастайды. Мәдениеттің тегі жайлы мәселе әлі нақты көтерілмеген, өйткені осы өңірдегі кейінгі қола ғасыры ескерткіштері әлі жөнді зеттелмеген. Этникалық жағынан дьяковтықтар осы күнгі мерлер мен вестердің арғы тегі саналады.
Дьяковтықтардан оңтүстік-шығыста Цна, Ока және Еділ өзендері аралығында городец мәдениетінің (б.з.д. ҮІІ – б.з. ІҮ ғғ.) тайпалары тіршілік кешті. Бұл мәдениет бірқатар жергілікті нұсқаларға бөлінеді. Солардың ішінде Саратов және Рязаньдық ескерткіштердің топтары біршама жақсы, Тамбовтық ескерткіштер тобы нашар зерттелген. Городец тайпаларының арғы тегі болып абашев пен қима мәдениеттерінің ықпалына ұшыраған волосовтық тайпалар саналады.
Осы мәдениеттің қоныстары да алғашқыда бекініс құрылыстары жоқ ауылдық мекендер түрінде болды. Кейіннен қалашықтар пайда болып, ауылдық мекендер жойылады. Ал соңғы кезеңде қалашықтар мен ауылдық мекендер қатар тіршілік кешкені байқалады. Тұрғын үйлері жертөле және жердің бетіне салынған баспаналар түрінде болған. Ыдыстары көбіне жөкеден (рожка) жасалған ірі штамптары бар, бірақ ертеректегі ескерткіштерінде қарапайым тор тәрізді өрнектер де кездеседі. Заттары көбіне сүйектен жасалған темір мен қоладан жасалған құралдар өте сирек кездеседі. Балшықтан жасалған салмақтықтар сыртында ойық немесе нүкте тәріздес өрнегі бар цилиндр тәріздес. Шаруашылығында мал өсіру үстем болып, жылқы, қой, сиыр өсірген. Балық пен аң аулау да елеулі орын алды. ІІ-ІҮ ғғ. городецк тайпалары Еділдің арғы бетіне қоныстана бастаған. Жерлеулері ұсақ қабірлерге мәйітті бүгілген күйінде жатқызған. Б.з.д. ІІ-І мың жылдыққа жататын Кіші Волосовтық жерлеу городецк мен волосовтық мәдениеттің шекарасында тұр.
Городец мәдениеті мешерлер, муромдар мен мордвалардың арғы тегі деп есептеліп жүр.
Ананьин мәдениеті б.з.д. ҮІІ – ІІІ ғғ. аралығында Кама, Вятка және Белое жағалауларында тіршілік кешті. Осы мәдениет Кама маңын мекендеген Трубинск тайпалары мен Оралдың арғы бетінен келген басқа этникалық топтардың араласуы негізінде қалыптасқан деп есептеледі. Мәдениеттің қалашықтары мүйістерге салынып, сыртынан дуал мен ор қоршаған. Кейбір қалашықтарда дуалдың орнына бөрене қабырғалар мен ағаш шарбақтар салынған. Қазбадан табылған мол сүйек қалдықтары малшылықтың негізгі орын алғанын білдіреді. Жылқы, қой, сиыр, шошқа өсіргені анықталған. Дән үгіткіштер, қола орақтар мен сүйектен жасалған кетпендер орман ағаштарын шауып орнына егін еккен кәсіптің де болғанын байқатады. Балық пен аң аулау күн көрудің қосалқы кәсібіне айналдған. Әсіресе, терісі бағалы түлкі, сусар, кәмшат секілді аңдардың сүйектері табылады. Ананьиндықтарда сүйектен жасалған бұйымдар өте көп. Темір құралдар дьяковтықтармен салыстырғанда мол. Қола заттар да жеткілікті. Оралдағы металл кен орындарына жақын орналасқандығы сезіледі. Түрі мен өрнегі бірдей ананьиндік құралдар жаппай өндірілуі олардың айырбасқа арнап арнайы жасалғандығын білдіреді. Олардың жасаған заттары Норвегия мен Батыс Сібірге дейін жеткен. Керісінше, Конецгор қонысынан мысыр құдайы Амонның кішкене мүсіні табылған. Ыдыстарының түбі жұмыр, сыртқы өрнегі ағаштың басына оралған жіптің көмегімен салынған.
Ананьиндік жерлеулер жеткілікті деңгейде белгілі. Солардың бірі Ананьино ауылының маңында қазылған зираттың атымен бүкіл мәдениетті атаған. Марқұмдардың денесін көмген, ішінара өртеген жағдайлар кездеседі. Қабірлерде жерлеу заттары көп. Еркектердің қарапайым қабірлерінде балта, пыша және жебенің оқтары шығады. Ал бай жерлеулерден қарулар, алтыннан жасалған ұсақ әшекейлер, мойынға салған алкалар табылады. Әйелдердің жерлеулерінен әшекей бұйымдары – қапсырмалар, алқалар, қола айналар табылады. Мәдениеттің өкілдері қабірдің басына мүсін тас қойған. Оларда әдетте соғыс балтасы, қанжар секілді қарулар бедерленіп салынған.
Ананьин зиратында қабір басына қойылған тас плита табылған. Онда соғыс балтасы, қанжар мен мойнына алқа таққан шошақ қалпақты жауынгер бейнеленген. Осы баған тастың астындағы қабір жерлеу заттарына бай болып
шықты. Ішінен табылған заттар бейнеге сай келді. Қабірге темір балта, қанжар және күмістен жасалған алқа қойылыпты. Кама мен Орал маңында құрбандық орындары табылған. Осындай құрбандық орындарында қалыптасқан күл қабаты кейбір жерлерде бір жарым метрге дейін жетеді. Күл қабатынан кездесетін сүйек қалдықтары малдың емес адамдардың шала жанған қаңқалары. Әсте өлген адамдарды бір жерде өртеп, шала жанған қалдығын апарып жерлейтін салт болған сияқты.
Ананьиндіктер осы күнгі удмурттар мен пермьдік комилердің арғы тегі саналады.
Б.з.д. ІІ – б.з. Ү ғғ. аралығында өмір сүрген Пьяноборск мәдениеті ананьиндіктердің тікелей ұрпағы саналады. Бұл кезде қалашықтардың аумағы, тұрғындардың саны мен тығыздығы арта түседі. Қыш ыдыстар өте сирек табылады. Шамасы темір құралдардың молдығы ағаштан ыдыс жасауға мол мүмкіндік берген болса керек. Каманың бойында ағаштан ыдыс жасау осы күнге дейін жалғасып келеді. Мәдениеттің үйлері де қима бөренелерден салынған.
Пьяноборск зираттары жақсы зерттелген. Әйелдердің қабірлері жерлеу заттарына бай келеді. Жерлеуден табылған заттардың көпшілігі ғұрыптық сипатта. Жеті басты бұғының, жыланның, құрсағында жеті балық көрсетілген аңдардың бейнелері жиі кездеседі. Шамасы «7» саны қасиетті сан болса керек. Ерлердің жерлеулерінен әдетте балта, найза, жебенің ұштары кездеседі.
МЕРЗІМДЕЛУ
Днепро-двинск мәдениеті б.з.д. ҮІІІ ғасыр мен б.з. ІҮ ғғ.
Дьяков мәдениеті б.з.д. ҮІІІ ғ. - б.з. ҮІ ғ.
Дьяков мәдениетінің кезеңдері:
1. б.з.д. ҮІІІ-ІҮ ғғ.
2. б.з.д. ІҮ – б.з. ІІІ ғғ
3. б.з.ІІ – ҮІ ғғ.
Городец мәдениеті - б.з.д. ҮІІ – б.з. ІҮ ғғ.
Ананьин мәдениеті б.з.д. ҮІІ – ІІІ ғғ.
Пьяноборск мәдениеті - б.з.д. ІІ – б.з. Ү ғғ.
Әдебиеттер
Археологические памятники эпоха железа восточноевропейской лесостепи. – Воронеж. 1987.
Збруева А.В. История населения Прикамья в ананьинскую эпоху. – М., 1952.
Патрушев В.С., Халиков А.Х. Волжские ананьинцы. – М., 1982.
Халиков А.Х. Волга-Камье в начале эпохи раннего железного века ҮІІІ – ҮІІ вв. до н.э. – М., 1983.
Т ө р т і н ш і т а р а у_______________
Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның ежелгі құл иеленуші және феодалдық қоғамдарының археологиясы
Қара теңіздің солтүстік жағалауларынан бастап Кавказ бен Орталық Азияны қамтыған аймақта б.з.д. І мыңжылдық пен б.з. І ғасыры аралығында таптық қоғамдар қалыптасу үрдісі қарқынды жүрді. Дегенмен, кейбір аудандарда таптардың қалыптасу процесі елеулі тәжірибе жинап үлгерген болатын.
Таптық қоғамның алғашқы үлгілері Орта Азияның оңтүстік аудандарындағы қолдан суғармалы егіншілік дамыған аудандарда ертеден-ақ қалыптасқаны белгілі. Мысал ретінде Алтынтөбе мен Намазгатөбе егіншілік өркениеттерін айтуға болады.
Арменияның таулы өлкесін мекендеген ежелгі тұрғындарда б.з.д. І мың жылдықта шығыс үлгісіндегі мемлекет қалыптасты. Кішкене кейінірек Қара теңіздің Солтүстік жағалауларында жергілікті тайпаларға өзінің үлкен мәдени ықпалын тигізген ежелгі грек қоныстары пайда болды. Ықпалдың әсері жергілікті тайпалардың арасында материалдық өндірістің дамуы мен алғашқы-тұрмыстық қоғам құрылысының ыдырауына ұйытқы болды.
Қалалардың, қала өркениеті мен мәдениетінің қалыптасуы таптық қоғамның пайда болуымен тікелей байланысты дамыды. Қалаларда жазу ісі пайда болып, күрделі сәулеткерлік құрылыстар салынды. Теңгелер таралып, сауда дамыды. Бұл алғашқы нышандары ерте заманнан бастап қалыптасқан өндіруші шаруашылықтың дамыған түрі болатын.
Құл иеленуші Урарту мемлекеті
Б.з.д. І мыңжылдықтың басында қалыптасқан Урарту құл иеленуші мемлекеті Алдынғы Азия елдері арасында жетекші орын алды. Кавказ бен Алдынғы Азияның көптеген халықтары Урартудың саяси және мәдени ықпалында болды. Мемлекеттің негізін қалаушы Арам (б.з.д. 864 – 845) патша тұсында мемлекеттің астанасы Тушпа қаласы болған. Ол кезде патшалық Биайнили деп аталды. Урарту ескерткіштерін зерттеу ХІХ ғ. Екінші жартысынан басталады. Б.з.д. ҮІІІ ғ. Рус І (б.з.д. 780 – 714) патшаның әмірімен жасалған Урарту жазбасы алғаш Севан өзенінің жағасынан табылды. Кейінрек Ереванның маңындағы Кармир-блур жотасынан Урартудың соңғы патшаларының бірінің аты жазылған жазуы бар тақта тастың сынығы табылды. Кейінгі зерттеулер шамамен б.з.д. 675-650 жылдары арасында Русы ІІ (б.з.д. 685 – 645) патша салдырған Тейшебаини бекінісінің орны табылды. Сол жерде жүргізілген қазба жұмыстары қаланың саяси және шаруашылық өмірінен мол мәлімет берді. 4 га жерді алып жатқан орталық бекіністің қабырғалары тұрпайы өңделген ірі тастар мен балшық текшелер араластыра салынған. Оны қоршай қала кварталдары орналасқан. Цитаделде Урартудың аймақтық әкімінің сарайының орны ашылды. Қырқаны қуалай қам кірпіштерден салынған сарай кешені жүзден аса бөлмелерден тұрады. Осы кешеннің төменгі қабатында орналасқан түрлі мақсатта пайдаланылған қоймалар жақсы сақталған. Урарту өнерінің әйгілі туындылары сол жерлерден шықты. Олар арыстан және бұқалар бейнесінде жасалған безендірулер, Аргишти және Сардур патшалардың қола дулығасы, салт және арбаға жегілген аттардың бейнесі бедерленіп салынған қорамсалар т.т. Дулығалардың біріне «Халду құдай Аргиштидің ұлы Сардур әміршіге өмір сыйлайды», - деп жазылған. Көп қоймалардың бірінен сыртында жазуы бар қола саптаяқтар табылды. Сына жазуы бар балшық тақталар да көп шықты. Кармир-Блур жотасында елдің солтүстік бөлігінің әкімшілік орталығы орналасып, әкім тұрған бекіністе әскери бөлім тұрған. Қазбадан табылған түрлі археологиялық материалдар бұл қаланың, өңірдің шаруашылық орталығы да болғандығын көрсетеді.Үлкен қоймалардың бірінде еденге жартылай енгізіп орналастырылған алып құмыраларда арпа, бидай, тары және түрлі жемістер сақталған. Бөлмелердің бірінен сыра қайнатуға негізделіп жасалған үлкен құм табылды. Жеке қоймаларда көп мөлшерде шарап сақталған. Шарап сақтайтын алып құмдардың сыймдылығы 1500 л жетеді. Сондай-ақ, шаруашылық құралдары орақ, кетпен, астық үгіткіштер шықты. Бекіністі қоршай орналасқан қарапайым тұрғындардың үй орындарында жүргізілген қазба олардың күнделікті өмірінен сыр шертетін материалдар берді. Ондағы жеке үйлер екі-үш бөлмелерден тұрады. Үйлердің ішінде ешқандай жиһаздың іздері байқалмайды. Археологиялық заттар қарапайым тұрмыстық құралдар. Закавказьеде урартулық басқа да бекіністер белгілі. Осындай екі бекіністің қалдығы Севан өзенінің жағасында сақталған. Аракс өзенінің бойындағы Армавир қырқасынан урартудың ежелгі астаналарының бірі Аргиштихинилидің орны табылған. Осы жерде жүргізілген қазбадан қамалдың, храмдардың салынуы, су жүйелерінің жасалуы жайлы айтылған сына жазуы бар балшық тақталар шықты. Тау қырқасында орналасқан ел үшін қолдан суғарылатын егіншілікпен айналысуда ірі каналдар жүйесін салу маңызды орын алған. Аргишти патшаның тұсында (б.з.д. 783 ж.) көне қалалардың бірі Эребунидің (Ераван) негізі қаланды. Оның қираған орны Ереван қаласының шетінде орналасқан. Қазбадан табылған сына жазуда «Холда құдайдың құдіретімен Менуа ұлы Аргишти осы бекіністі салып, бітірді, Биайны (Урарту) елінің құдіреті мен дұшпан елдерді түршіктіру үшін оны Эребуни атады» делінген. Бізге белгілі урарту бекіністерінің жобасы бір-біріне ұқсас: бекіністерден, қоймалардан, храмдар мен тұрғын үйлер құрылыстарынан тұрады. Сондай-ақ, аймақтық шаруашылық орталығы да осында шоғырланған. Жүргізілген қазбалар Урарту қалаларында қол өнері, оның ішінде металл өңдеу жоғары дамығандығын көрсетеді. Семсер, дулыға, сауыт, найзамен жебенің ұштарын жасау металл өңдеудің негізгі саласына жатқан. Урартудың өнер туындылары ассириялық өнерге өте жақын. Бұл олардың түп-тегінің ортақ Ежелгі Шығыс өнерінен бастау алатындығынан болса керек. Урарту мемлекетік және саяси бірлестік ретінде өз тіршілігін б.з.д. ҮІ ғ. Мидия тарапынан болған жорықтар мен скифтердің жойқын шапқыншылығы салдарынан тоқтатты. Осы оқиғаларды археологиялық материалдар да растайды. Мысалы, Тайшебиани бекінісін қазу барысында скифтік жебенің ұштары көп табылған. Олардың көпшілігі бекіністің сыртқы қабырғаларына қадалып тұрған күйінде сақталған. Кейіннен Урарту патшалығы иеліктерінің көпшілік бөлігі Ахемен әулеті билеген мемлекеттің құрамына өтті. Ал, Урартудың мәдени мұраларын ежелгі армяндар, иберлер мен колхтар иемденіп қалды. Ежелгі Шығыс өркениетінің бір бөлігі саналатын Урарту мемлекеті Закавказье халықтарының, әсіресе, Армян халқының қалыптасуында елеулі роль атқарды.
МЕРЗІМДЕЛУ
Урарту патшалығы б.з.д. ІХ – ҮІ ғғ.
Русы (Руса) І патшалық құрған уақыт б.з.д. 780 – 714.
Русы ІІ патшалық құрған уақыт б.з.д. 685 – 645.
Тейшебаини қамалы салынған уақыт б.з.д. 675-650.
Әдебиеттер
Дьяконов И.М. Урартски письмоа и документы. – М.,1985.
Пиотровский Б.Б. Археология Закавказья. – Л., 1949.
Пиотровский Б.Б. Кармир – булур. – Л., 1970.
Пиотровский Б.Б. Ванское царство (Урарту). – М., 1959.
Мартиросян А.А. Город Тейшебаини. – Еревен, 1961.
Мартиросян А.А. Армения в эпоху бронзы и железы. – Ереван, 1964.
Мартиросян А.А. Аргиштихили. – Ереван., 1974.
Ходжаш С., Трухтанова Н., Оганисян К. Эребуни. - М., 1979.
Қара теңiздің солтүстiк жағалауларындағы антикалық қала мемлекеттер археологиясы
Б.з.д. ҮIIғ. Қара теңiздiң солтүстiк жағалауларында ежелгi гректердiң алғашқы сауда мекендерi қалыптасты. Олар алғашқыда таза сауда – саттық сипаттағы уақытша факторилар болатын. Сондай факторилардың бiрiнің орны Березань аралындағы Днестр – Буга қойнауында табылып, қазылды. Ол мекенжайдан б.з.д. ҮII ғ. ыдыс сынықтары табылған. Осындай факторилар Керч бұғазының жағалауларында да құрылды. Б.з.д. ҮI ғ. сол факторилардың орнында тұрақты қала тектес қоныстар қалыптасты. Алдынғы Азия қалаларынан келген гректер Днестрдiң қойнауында – Тиру, Буга мүйiсiнде -Ольвия, Қырымда-Феодосия, Керчте-Пантикапей, Тиритака, Нифей және Мирмекий қалалары пайда болды. Осындай бiрнеше қалалар Қара теңiздiң Кавказ жағалауларында да бой түзедi. Ежелгi грек колониялары бiр – бiрiне тәуелсiз дербес мемлекеттер едi. Олардың өз басқару жүйесi, өз соты мен заңы болды. Өздерiнiң тәуелсiз iшкi және сыртқы саясатын жүргiзiп, өз теңгелерiн соқты. Қара теңiздiң солтүстiк жағалауларындағы грек қалалары саяси, экономикалық жағынын бiрiкпедi. Тек Керч жарты аралындағы Милеттен шыққан көпестер салған Пантикапей, Фиадосия, Тиритака, Нифей және Мирмекий қалалары б.э.д. 480 – жылы Боспор патшалығына бiрiктi. 900 жылдай өмiр сүрген мемлекетте монархиялық патшалық билiк үстемдiк еттi. Археологтардың назарына алғаш iлiккен патшалықтың астанасы-Пантикапей қаласы. Митридат тауының биiк қырқасында орналасқан қала қорғаныс дуалдарымен қоршалған. Қаланың iшкi жағында орналасқан Акропль -–жеке
бекiнiс. Пантикапейдiң сәулеткерлiк ғимараттары өзiнiң әсемдiгi мен құрылыс өнерi деңгейiнiң жоғарылығымен ерекшеленедi. Үйлердiң қабырғалары мұқият қашалған әк тастардан қаланып, сырты балшықтан құйылған жұқа қыштармен қапталған. Әрбiр үй iшiнде ауласы бар тұйық қабырғалармен қоршалған. Жеке қоймалардан тұратын шаруашылық аудандарының болғандығы анықталған. Астық саудасы Пантикапей мен Боспордың аса маңызды кәсiптерінің бірі болған.
Боспордан жiберiлетiн дән Грецияға әкелiнетiн астықтың басым бөлiгiн құрады. Б.з.д. IҮ ғ. теңгенiң бетiнде бидайдың сабағы салынуы осыдан болса керек. Боспордың басқа қалалары да жақсы зерттелген. Қазбадан сұйық және төгiлетiн заттарды сақтауға және оларды тасымалдауға арналған үлкен амфорлар мен пифастар көп табылған. Астықпен қатар құл саудасы, шарап жасау iсi, балық аулаудың да маңызды роль атқарғандығын көрсететiн материалдар жеткiлiктi. Мысалы, Фанагорияда жүргiзiлген қазбадан б.з.д. Ү ғ. сүйық және төгiлетiн заттарды сақтау мен тасымалдауға қолданған анфоралар қойылған қойма ашылды. Ал, Мирмекий мен Тиритакадан шарап жасаған орындар табылды. Гректердiң барлық ыдыстары иiнi қанғанша иленген таза сары балшықтан шарық қондырғысында (круг) жасалып, сапалы күйдiрiлген. Сыртқы бітімі жағынан алуан түрлі. Едәуір көп таралған жоғарғы жағы кең келіп, тамақ жағы тар келетін, бір метр биіктіктегі, тігінен екі тұтқасы бар, түбі доғал келетін амфоралар. Амфоралар астық, май, шарап секілді түрлі азықтарды тасымалдауға арналған. Ішіне үш шелекке дейін сұйық кететін осындай ыдыстар кемелердің сыймдылық өлшем бірлігі болған. Амфоралардың тұтқасына ыдыс жасалған қаланың таңбасы басылады. Салтанатты амфоралардың түбі тегіс келген және сырты өрнектелген.
Кең таралған тағы бір ыдыс түрі пифас деп аталған. Пифастар ішіне ересек адам еркін сиып кететін, үлкен, азық сақтауға арналған ыдыстар. Осындай алып ыдыстарды арнайы шарықта бөлек-бөлек дайындаған. Көбнесе кішкене ыдыстарды безендірген. Безендірілген ыдыстардың ішінде көп таралғандары шарапты сумен арластыруға арналған кратерлер. Килик - көлденеңінен орналасқан екі тұтқалы, аяғы биік, тайпақ табақша. Киликтердің әдетте іш жағы безендірілген. Б.з.д. ҮІ – ІІ ғғ. өрнек салу үшін вулкандық жолмен алынған деп есептелетін қара сыр (лак) пайдаланылған. Сырты өрнектелген ыдыстар екi рет - өрнек салғанға және салғаннан кейiн күйдiрiлген. Өрнектердiң жиi кездесетiн тақырыбы құдайлардың өмiрiнен көрiнiстер. Едәуiр көне ыдыстар б.з.д. ҮI – IҮ ғғ. жатады. Олар қаре сырлы ыдыстар деп аталып кеткен. Ыдыстардың олай аталу себебi, олар сыртынан өрнек салынғаннан кейiн қара сырмен боялған. Екi мың жылдан астам уақыт жер астында жатқан осындай ыдыстар әсемдiгi мен өңiн жоғалтпаған. Ыдыстарды бояған сырдың химиялық құрамы бұл күнде анықталғанмен, дәл сол кездегідей жасау мүмкіндігі болмай келеді. Б.з.д. ҮІ ғ. ыдыс сыртын әшекейлеудің қара денелі аталған нақышы кең таралды. Онда адамның дене бітімі ыдыстың сыртына қара түспен бейнеленіп, көзі, мұрны мен еріндері секілді жекелеген белгілері тырнап салынады. Осындай нақыштың қарама-қарсы бағытта өзгеруі б.з.д. ҮІ - ІҮ ғғ. аралығында таралды. Онда ыдыстың сырты тұтастай қара лакпен боялып, өрнектер мен адам денелері ыдыстың табиғи түсiн сақтады, яғни күлгін немесе қызғылт түсті. Қызғылт денелі деген нақыш түрі осыдан шығады. Тек адамның мүшесi анық көрiну үшiн оның бұлшық етi, қимылы елеусiз ғана боялған. Ыдыстарды өрнектеуде бояуда ақ, сары және көк сырларды қолдану б.з.д. III ғ. бастап таралды. Боспор патшалығында алтын, күмiс, мыс секiлдi асыл металдардан әлемде теңдесi жоқ асыл бұйымдар мен әшекей заттар жасаған зергерлiк кәсiп жоғары дамыған. Антикалық зираттар мен Скиф қорғандарынан табылған алтын, күмiстен жасалған әсем ыдыстар, бұйымдар ежелгi Грецияның өзiнде де кездеспейдi. Қол өнерi мен ауылшаруашылық өндiрiстерi саудамен тығыз байланысты дамыды. Қол өнерi бұйымдары жергiлiктi тұрғындарға сатылса, Грецияға астық және тұздалған балық шығарылды. Боспордың алғашқы теңгелерi б.з.д. IҮ ғ. пайда болды. Б.з.д. II ғ. Скифтен шыққан Савмак құл бастаған көтерiлiстiң салдарынан Боспор патшалығы Понтий державосының құрамына кiрдi. Осыдан бастап Грек ақ сүйектері жергілікті сармат және меот тайпаларының ақ сүйектерімен сіңісіп кетеді. Оны біз сол кезде қалыптасқан грек – сармат жерлеу ғұрыптарынан байқаймыз. Боспор билеушілерінің бірі жерленген қабірге сарматтардың ұзын семсері мен бай безендірілген ат әбзелдерінің күміс және шыны ыдыстардың бірге қойылуы- осының куәсі. Билеушілердің тағы біреуі жерленген қабірден Константин ІІ бейнеленіп, астына латынша 343 ж. деп жазылған күміс саптаяқ табылған. Бұл Боспор патшалығының соңғы онжылдығы болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |