147-бап. Жеке сот орындаушысының құқықтары
Жеке сот орындаушысы:
1) осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді өзіне өтініш жасаған жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне сай жасауға;
2) кез келген банкте банктік шоттар, оның ішінде валюталық шот ашуға, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен міндеттерінің болуына, кеңсе қызметкерлерін жалдауға және жұмыстан босатуға, түскен кірістерге билік етуге, сотта өз атынан сөйлеуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да әрекеттер жасауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінің қызметін пайдалануға;
4) мемлекеттік тіркеу органдарының және өзге де ұйымдардың электрондық деректер базасынан мәліметтер алуға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
148-бап. Жеке сот орындаушысының міндеттері
1. Жеке сот орындаушысы:
1) уәкілетті органда есептік тіркелгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік кіріс органдарына тіркелу үшін өтініш жасауға;
2) осы Заңның және Қазақстан Республикасының сот орындаушысының қызметін реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес атқарушылық әрекеттер жасауға;
3) өзінің кәсіби міндеттерін адал орындауға, жеке адамдардың жеке өмірінің мән-жайларына қатысты құпияны сақтауға, қызметінің нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге жол бермеуге міндетті.
Аталған міндет жеке сот орындаушысының өкілеттігін тоқтатқаннан кейін де күшінде қалады. Құпияны сақтау туралы талапты жеке сот орындаушысы кеңсесінің қызметкерлері мен аталған мәліметтерге қолжетімді басқа адамдар да сақтауға міндетті;
4) атқарушылық іс жүргізу жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйеде атқарушылық іс жүргізуді, атқарушылық іс-әрекеттерді уақтылы тіркеуді және мүлікті есепке алуды жүзеге асыруға;
5) Жеке сот орындаушыларының кәсіптік Ар-намыс кодексін сақтауға;
5-1) уәкілетті және (немесе) аумақтық органдарға уақтылы және тиісінше ақпарат ұсынуға;
5-2) тоқсан сайын міндетті мүшелік жарналарды төлеуге;
6) кеңсесінің болуына;
7) заңмен көзделген жағдайларда жасалған атқарылған әрекеттер туралы мәліметтерді, құжаттардың өзге де көшірмелерін, қажет болған жағдайда – түсініктемелер, оның ішінде Жеке сот орындаушыларының кәсіптік Ар-намыс кодексінің талаптарын сақтамау мәселелері бойынша жеке түсініктемелер беруге;
8) негіздер болған кезде аумақтық органға (бөлімге) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшін материалдарды жіберуге;
9) өзінің кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отыруға;
9-1) жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындалғаннан кейін бір жылдың ішінде атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша оқудан (біліктілігін арттырудан) өтуге, кейіннен үш жылда бір рет өтіп тұруға;
9-2) лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не ұзақ уақыт (бір айдан астам) болмаған жағдайда, өндіріп алушымен келісу бойынша атқарушылық іс жүргізу материалдарын басқа жеке сот орындаушысына міндетті түрде бере отырып, жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасына хабар беруге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да міндеттерді атқаруға міндетті.
2. Жеке сот орындаушысы өз қызметі туралы:
1) нысаны мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітетін ақпаратты, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына және уәкілетті органға және (немесе) оның аумақтық органына;
2) нысаны мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бекітетін ақпаратты, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға береді.
Ескерту. 148-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
149-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін шектеу
Жеке сот орындаушысы ғылыми, оқытушылық немесе шығармашылық қызметті қоспағанда, ақылы қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқылы емес.
150-бап. Жеке сот орындаушысының жауапкершілігі
1. Жеке сот орындаушысының өзіне жүктелген міндеттер мен лауазымдық өкілеттіктерді орындамауы не тиісінше орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларға және басқа да адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін атқарушылық әрекеттерді жасау салдарынан келтірілген залалды өтеуге міндетті.
151-бап. Жеке сот орындаушысын кезекті аттестаттау
Ескерту. 151-бап алып тасталды - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3-параграф. Жеке сот орындаушысының қызметін ұйымдастыру
152-бап. Атқару округі
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағымен тұспа-тұс келетін, жеке сот орындаушысы қызмет ететін аумақ атқару округі болып табылады.
2. Атқару округіндегі жеке сот орындаушыларын айқындауды қалаларға, облыс аудандарына, қала аудандарына әкімшілік-аумақтық бөлуге сәйкес жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасы жүзеге асырады.
Жеке сот орындаушысы атқару округінің бүкіл аумағында атқарушылық құжаттарды орындауды жүргізуге құқылы.
3. Жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді өзінің жұмыс орнынан тыс, атқару округінің шегінен тыс жерде жүзеге асырған кезде ол бұл жөнінде атқарушылық әрекеттерді жасаған жердегі жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасын хабардар етеді.
4. Жеке және заңды тұлғалар атқарушылық құжаттарды орындауды жүзеге асыру үшін борышкердің тұрғылықты жері не жұмыс орны (заңды тұлғалар үшін – заңды тұлға тіркелген жер бойынша), мүлкі орналасқан жер бойынша жеке сот орындаушысына жүгінеді.
Ескерту. 152-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
153-бап. Жеке сот орындаушысының кеңсесі
1. Жеке сот орындаушысының кеңсесі жеке сот орындаушысының жұмыс орны болып табылады.
2. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жері мен жабдықталуына қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
3. Жеке сот орындаушыларының ортақ кеңсесі болуы мүмкін. Ортақ кеңсені күтіп ұстаған жағдайда әрбір жеке сот орындаушысы өзінің өкілеттіктерін өз атынан жүзеге асырады және оларды жасағаны үшін жеке жауаптылықта болады.
4. Жеке сот орындаушысы жұмыс күндерінде аптасына кемінде екі рет, ұзақтығы төрт сағаттық жеке қабылдау уақытын белгілеуге тиіс. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің жұмыс уақыты мен қабылдау сағаттары жалпы жұрттың назарына жеткізілуге тиіс.
5. Жеке сот орындаушылары дара кәсіпкерлер үшін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген қағидаларға сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізеді.
Ескерту. 153-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
154-бап. Жеке сот орындаушысының куәлігі, жеке мөрі,
мөртабандары және бланкілері
Жеке сот орындаушысының өзінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының, атқару округінің атауы, жеке сот орындаушысы лицензиясының нөмірі көрсетілген куәлігі, жеке мөрі, сондай-ақ мөртабандары мен жеке бланкілері болады. Куәлік пен жеке мөрдің үлгілерін уәкілетті орган бекітеді. Куәлік пен жеке мөрді дайындауды және беруді жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы ұйымдастырады.
Ескерту. 154-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
155-бап. Атқарушылық іс жүргізудегі іс жүргізу
1. Жеке сот орындаушысының кеңсесіндегі іс жүргізуді жеке сот орындаушылары уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүргізеді.
2. Жеке сот орындаушыларының іс қағаздарын жүргізу қағидаларының орындауын бақылауды жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарымен бірлесе отырып, уәкілетті органның аумақтық органдары жүзеге асырады.
Ескерту. 155-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
156-бап. Жеке сот орындаушысының көмекшілері
мен тағылымдамашылары
1. Жеке сот орындаушысы өзінің көмекшілері мен тағылымдамашыларының болуына құқылы.
1-1. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам жеке сот орындаушысының көмекшісі, тағылымдамашысы бола алмайды.
2. Жеке сот орындаушысының лицензиясы бар Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысының көмекшісі бола алады.
3. Жоғары заңгерлік білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары сот орындаушысының тағылымдамашылары бола алады. Тағылымдамашылар кемінде үш жыл сот орындаушысының жұмыс өтілі бар жеке сот орындаушыларында тағылымдамадан өтеді.
4. Жеке сот орындаушылары тағылымдамашыларының тағылымдамадан өту тәртібі, мерзімдері мен шарттары Республикалық палатамен келiсу бойынша уәкілетті орган бекітетін жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту тәртібі туралы қағидаларда айқындалады.
5. Жеке сот орындаушысының тағылымдамашысы мен көмекшісінің құқықтары және міндеттері еңбек шартында айқындалады.
Ескерту. 156-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.28 № 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
156-1-бап. Жеке сот орындаушысы көмекшісінің құқықтары
мен міндеттері
1. Жеке сот орындаушысы лицензиясы бар көмекші жеке сот орындаушысы қабылдаған процестік шешім және оның тапсырмасы бойынша:
1) атқарушылық іс жүргізудің процестік және өзге де құжаттарының жобаларын әзірлеуге;
2) атқарушылық іс жүргізу тараптарына шақыру қағаздарын, хабарламаларды және өзге де құжаттарды жеткізуге және тапсыруға құқылы.
2. Жеке сот орындаушысының көмекшісі өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуге міндетті.
Ескерту. 3-параграф 156-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |