3-параграф. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты
және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты
122-бап. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты
және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты
1. Борышкерлерден өндіріп алынған соманы және мүдделі адамдарға арналған басқа да сомаларды, оның ішінде орындау бойынша шығыстарды өтеу жөніндегі аванстық сомаларды уақытша сақтау үшін:
1) аумақтық орган бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда ұлттық және шетелдік валютада қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарын ашады;
2) жеке сот орындаушысының ұлттық және қажет болған кезде шетелдік валютадағы ағымдағы шоты болуы тиіс.
2. Жеке сот орындаушылары ағымдағы шоттарын ашатын банктердің тізбесін аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесе отырып айқындайды.
Банктер жеке сот орындаушысының рұқсатынсыз ағымдағы шоттардағы қаражаттармен қандай да бір операциялар жүргізуге құқылы емес.
3. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы және ағымдағы шоттардағы ақша аумақтық органның қаражаттары және жеке сот орындаушысының табысы болып табылмайды. Жеке сот орындаушысы қайтыс болған жағдайда ағымдағы шоттағы ақша мұралық массаға енгізілмейді.
4. Жеке сот орындаушысы кеңсені ұстау, кеңсе қызметкерлеріне жалақы төлеу және ағымдағы шотта қамтылмаған басқа да операциялар бойынша есептерді жүргізу үшін банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда өз атына шот ашуға тиіс.
Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
123-бап. Қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау
шоттарында және ағымдағы шотта сомаларды есепке
алу
1. Аумақтық орган қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарындағы ұлттық және шетелдік валютадағы сомаларды есепке алуды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жеке сот орындаушысы ағымдағы шоттағы сомаларды есепке алу кітабын (бұдан әрі – депозиттік кітап) жүргізеді.
Депозиттік кітапты жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
3. Борышкерлерден өндіріп алынған, аумақтық органның қолма-қол ақшаның бақылау шотында, жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарында сақталатын талап етілмеген ақшалай қаражат және мүдделі тұлғаларға арналған басқа да сома, оның ішінде шығыстарды өтеу бойынша аванстық сома қолма-қол ақшаның бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарына аударылған кезден бастап бес жыл өткеннен кейін аумақтық органның ұсынуы бойынша сот актісі негізінде республикалық бюджетке аударылады.
Ескерту. 123-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
13-тарау. Атқарушылық санкциясы. Қазақстан Республикасының
атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі
туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Ескерту. 13-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
124-бап. Атқарушылық санкциясы
1. Мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады.
Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады.
Атқарушылық санкциясы, егер:
1) борышкер атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін толық көлемде атқарушылық құжатты орындаса;
2) атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
3) борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
2. Атқарушылық санкциясы республикалық бюджетке аударылады.
3. Борышкер атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын дауға салу туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның мөлшерін азайту немесе атқарушылық санкциясын өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Ескерту. 124-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
125-бап. Борышкердің атқарушылық құжаттарды орындамағаны
үшін жауаптылығы және оның салдары
Ескерту. 125-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
2. Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.
3. Борышкер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжаттың талаптарын уақтылы орындамаған жағдайда, сот орындаушысы борышкерден атқарушылық іс жүргізу қозғалған кезден бастап мерзімі өткен әрбір күн үшін өндіріп алу сомасының немесе берілуге жататын мүлік құнының 0,1 пайызы мөлшерінде өндіріп алушының кірісіне өсімпұл өндіріп алу туралы ұсыныспен атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған кезден бастап сотқа жүгінеді.
Ескерту. 125-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |