Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы


Бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізудің негізгі бағыттары, жолдары, тиісті шаралар



жүктеу 3,05 Mb.
бет7/10
Дата17.11.2017
өлшемі3,05 Mb.
#890
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
5. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізудің негізгі бағыттары, жолдары, тиісті шаралар

      Бағдарлама кезеңдерге бөлінбей 2015 – 2019 жылдары іске асырылатын болады. Бағдарлама макроөңірлерді, перспективалы аудандар мен экономикалық өсу орталықтарын:

      1) макроөңірлерді;

      2) "бірінші деңгейдегі" қалаларды (орталықтары Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары болатын агломерацияларды);

      3) "екінші деңгейдегі" қалаларды (облыс орталықтарын, Семей және Түркістан қалаларын);

      4) "үшінші деңгейдегі" қалаларды (шағын және моноқалаларды);

      5) тірек ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, ауылдық аумақтарды;

      6) шекара маңындағы аумақтарды дамытуға бағытталатын болады.

      Бұл ретте, Болжамды схеманы іске асыру шеңберінде республиканың барлық облыстары мен аудандарының экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, олардың экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

      Бағдарламада көзделген міндеттерді шешуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін жобаларды қайтарымды қаржыландыру, оның ішінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры" акционерлік қоғамы арқылы қайтарымды қаржыландыру тетіктері қолданылатын болады.

      1. Макроөңірлерді дамыту

      Инвестициялық басымдықтарды (экономикалық өсу драйверлерін) айқындау және макроөңірлерді кешенді дамыту жөніндегі міндетті іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:

      1) оңтайлы қоныстандыру жүйесін құру және өңірлік инфрақұрылымды нығайту;

      2) макроөңірлердің бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандырылуын дамыту.

      Макроөңірлер ішінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту хабтардың, негізгі жүк ағындарын тартуға бағытталған дистрибуциялық тораптардың, өзге де негізгі ресурстардың (қаржылық, еңбек, мәдениет және с.с.) қағидаттары бойынша іске асырылатын болады.

      Жаңа экономика экономиканың басым секторларында кластерлерді құру мен дамытуды болжайды. Мұндай кластерлер, әдетте, урбандалған өңірлерде шоғырланатын болады, ол басқарылатын урбандалу саясатын жүргізуді білдіреді.

      Еңбек ресурстарының өнімділігі төмен аграрлық сектордан экономиканың өнімділігі жоғары сервис секторларына (ауылдардан қалаларға) көшуі қала, сол сияқты ауыл экономикасы өнімділігінің өсуіне әкеледі. Оған сондай-ақ "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасын іске асыру мүмкіндік береді.

      Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде жобаларды іске асырған кезде оларға қатысушыларға халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жобаларға жұмысқа орналастыру үшін құрылыс және реконструкциялау кезінде жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 10 %-ын және күрделі, ағымдағы жөндеу, абаттандыру кезінде жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 15 %-ын ұсынады.

      Макроөңірлердің теңгерімді дамуы хаб-қалалардың, "үшінші деңгейдегі" қалалардың және "шұғыла қағидаты" бойынша өзара байланысқан тірек АЕМ-нің үйлестірілген дамуы арқылы қамтамасыз етіледі.

      Бұл ретте, макроөңірлерді инвестициялық дамыту жөніндегі іс-шаралар әрбір макроөңірдің ерекшелігін барынша ескеретін болады.

      Барлық іс-шаралардың түпкі мақсаты – жалпы ұлттық экономиканың неғұрлым орнықты өсуін қамтамасыз ететін әрбір макроөңірдің экономикасын әртараптандыру, бірыңғай ішкі экономикалық нарықты қалыптастыру.

      Макроөңірлердің ерекшелігін ескере отырып, олардың экономикасын әртараптандыру, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы, "Бизнестің жол картасы 2020", "Агробизнес 2020", "Көрсетілетін қызметтерді дамыту 2020" бағдарламаларының тетіктерін пайдалана отырып, сатылас интеграция арқылы (жұмыс істеп тұрған секторларда жаңа қайта өңдеуді игеру), сондай-ақ деңгейлес интеграция (экономиканың жаңа секторларын құру) арқылы жүргізілетін болады.

      Оңтүстік макроөңірі

      1. Оңтайлы қоныстандыру жүйесін құру және өңірлік инфрақұрылымды нығайту.

      Экономикалық өсудің постиндустриялық сервис орталықтары, әлемдік деңгейдегі қалалар ретінде хабтар түрінде миллиондық екі қала – Алматы мен Шымкентті басым дамыту көзделген. Осы қалаларды дамыту Алматы және Шымкент агломерацияларын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарлары шеңберінде іске асырылатын болады.

      Іргелес аумақтар халқының жоғары тығыздығын ескере отырып, негізгі өндірістерді орталық қалалардан серіктес қалаларға (Алматы үшін – Қапшағай, Қаскелең, Есік, Талғар және басқалары; Шымкент үшін – Леңгір, Ақсукент және басқалары) көшіру арқылы Алматы мен Шымкент агломерацияларын көпорталықты дамыту қамтамасыз етіледі.

      Алматы агломерациясында басқа жақын орналасқан қалалармен (Қаскелең, Есік, Талғар) тікелей көліктік байланыстыра отырып, Алматы және іргелес аумақтар үшін контрмагнит ретінде Қапшағай қаласының дамуына ерекше көңіл бөлінетін болады. Болашақта Қапшағай қаласының басқа макроөңірлердің хаб-қалалары – Астанамен, Ақтөбемен және Өскеменмен жылдамдығы жоғары көліктік қатынасы қамтамасыз етіледі. Бұған "Қазыбек бек – Жетіген" теміржол учаскесінің құрылысы мүмкіндік беретін болады.

      Экономиканың ауыл шаруашылық емес секторларын басым дамыту арқылы тірек ауылдар мен шағын қалалардағы урбандалу процестеріне, атап айтқанда, 15 мың адамнан көп халқы бар ауылдық елді мекендерді (Сайрам, Қазығұрт және басқалары сияқты) урбандалған аумақтарға өзгерту процесіне жәрдем көрсетiлетiн болады.

      Инфрақұрылым саласындағы инвестициялық басымдықтар халық көп қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысында тиімді қоныстандыру жүйесінің қалыптасуына мүмкіндік береді – бұл Түркістан-Кентау және Жетісай-Сарыағаш елді мекендер жүйесі, Шымкент агломерациясы және Шымкент қаласынан Жамбыл облысына қарай қоныстандыру арнасы.

      "Кентау – Жаңатас" теміржол учаскесінің құрылысы "Қаратау айналымын" (Тараз – Қаратау – Жаңатас – Кентау – Түркістан – Шымкент – Тараз) құра отырып Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының қоныстандыру жүйесін жаңа қоныстандыру арнасы бойынша біріктіруге мүмкіндік береді, ол осы "айналымның" (Қаратау, Жаңатас, Кентау) бойында шағын және моноқалалардың дамуына қосымша серпін береді.

      Макроөңірдің шеткері аумақтарын – Қызылорда облысындағы Арал-Қазалы елді мекендер жүйесін және Алматы облысындағы Сарқанд-Үшарал елді мекендер жүйесінде көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету және экономикалық дамыту бойынша жекелеген шаралар пысықталатын болады.

      Жалпы экономиканы және қоныстандыру жүйесін дамыту, Оңтүстік макроөңірдің (Алматы агломерациясын қоса алғанда) аумағында өндіріс күштерін орналастыру аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Жоғарыда көрсетілген мақсаттарда мынадай шаралар қаралатын болады:

      "Қазыбек бек – Жетіген" теміржол желісінің құрылысын аяқтау;

      "Қаратау теміржол айналымын" (Тараз – Қаратау – Жаңатас – Кентау – Түркістан – Шымкент – Тараз) құру арқылы "Кентау – Жаңатас" жаңа теміржол желісін салу;

      Жетіген кентінде хаб-әуежай салу;

      Шымкент қаласында хаб-әуежай салу;

      көліктік-логистикалық орталықтарды (Жетіген, Шу, Сарыағаш және "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автомагистралінің бойы) салу;

      Алматының және іргелес аумақтарға контрмагнит ретінде дамытуды көздейтін Қапшағай қаласының бас жоспарын түзету, сондай-ақ Қапшағай қаласын басқа серіктес қалалармен (Қаскелең, Есік, Талғар) ҮАААЖ (Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы) арқылы тікелей көліктік байланысын қамтамасыз ету;

      Шымкент қаласы мен Қапшағай қаласын басқа макроөңірлердің хаб-қалалары – Астанамен, Ақтөбемен және Өскеменмен байланыстыратын жоғары сапалы көліктік инфрақұрылымды реконструкциялау және салу;

      шекара маңындағы сауда орталықтарының инфрақұрылымдарын дамыту;

      Алматы ЖЭО-1 және ЖЭО-2, Қызылорда ЖЭО-6, Шардара СЭС реконструкциялау, Алматы облысының ірі және шағын СЭС салу.

      2. Макроөңірлердің бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандырылуын дамыту.

      Осы бағыт шеңберінде мынадай салаларда инвестициялық жобалар іске асырылатын болады:

      ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу (өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы салаларында дайын өнімді өндіру);

      Алматы (Алакөл, Іле Алатауы, Есік, Қапшағай, Талғар Таңбалытас, Шарын, Шымбұлақ және басқалары), Жамбыл (Айша бибі, Қарахан, Ақыртас және басқалары), Қызылорда (Байқоңыр) және Оңтүстік Қазақстан (Ақсу-Жабағылы, Қасқа-су, Сарыағаш, Түркістан және басқалары) облыстарында туристік индустрия;

      жергілікті ресурстар негізінде құрылыс материалдарының өндірісі;

      Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында химия өнеркәсібі;

      Оңтүстік Қазақстан облысында фармацевтика өнеркәсібі;

      Шымкент агломерациясы (Шымкент – Леңгір) шегінде тоқыма кластері;

      Алматы және Шымкент хаб-қалаларында экспорттық әлеуеті бар (қаржылық көрсетілетін қызметтер, бизнес-қызметтер, білім беру, медициналық және басқа да көрсетілетін қызметтер) жоғары технологиялық өндірісті орналастыру және сервистік көрсетілетін қызметтерді дамыту.

      Осы мақсаттарда мынадай шаралар пысықталатын болады:

      "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағын (Шымкент) әрі қарай дамыту;

      Алматы мен Шымкент хаб-қалаларының агломерациялық аймақтарына кіретін және магистральдық теміржолға қолжетімділігі бар қалаларда, сондай-ақ елді мекендерде индустриялық аймақтар салу;

      "Қорғас" халықаралық шекара маңындағы ынтымақтастық орталығын одан әрі дамыту;

      "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автомагистралінің бойында сервистік инфрақұрылымды дамыту;

      Леңгір (тігін фабрикалары, машина жасау зауыты), Қаратау, Жаңатас қалаларының (химия өнеркәсібі) және басқа да моноқалалардың бастапқы мамандандырылуын қалпына келтіру;

      шағын қалаларда және тірек АЕМ-де өндірістерді орналастыруға жаңа аймақтар мен алаңдар құру;

      Алматы облысының Шелек дәлізінде және Жоңғар қақпасында жел энергетикасын дамыту.

      Батыс макроөңірі

      1. Оңтайлы қоныстандыру жүйесін құру және өңірлік инфрақұрылымды нығайту.

      Ақтөбе агломерациясын құрудың және дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын іске асыру шеңберінде әртараптандырылған экономикасы бар халықаралық деңгейдегі қала ретінде Ақтөбе хаб-қаласын басым дамыту көзделуде.

      Перспективада Ақтөбе хаб-қаласының Ақтау теңіз портымен жылдамдығы жоғары көліктік қатынасы қамтамасыз етілетін болады. Бұл ретте "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолы арқылы Оңтүстік макроөңірдің хаб-қалаларымен (Шымкент, Алматы) Ақтөбенің магистральдық қатынастарын нығайту жалғасатын болады.

      Ақтөбе агломерациясында Қандыағаш, Алға шағын қалаларын және Хромтау моноқаласын Ақтөбе хаб-қаласының жекелеген функцияларын олардың пайдасына қайта бөле отырып, дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Осылайша, көрсетілген агломерация шегінде көліктік-логистикалық орталықтың функцияларын Қандыағаш қаласы іске асыратын болады.

      Тұтастай алғанда, Ақтөбе елді мекендер агломерациялық жүйесі (Ақтөбе, Хромтау, Қандыағаш, Алға қалаларын және басқа да тірек елді мекендерді қоса алғанда) перспективада макроөңірдің Атырау мен Маңғыстау облыстары сияқты еңбек күші артық өңірлерден еңбек ресурстарын тарту орталығы болады.

      Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауыл шаруашылық және өнеркәсіптік (машина жасау, газ өңдеу) әлеуетін ескере отырып, Атырау мен Маңғыстау облыстарының импорттық өнімге тәуелділігін азайту мақсатында олардың төлем қабілетті тұтынушылық базасымен ("Орал-Атырау", "Ақтөбе-Атырау", "Атырау-Ақтау") сапалы көліктік қатынасы қамтамасыз етілетін болады.

      Атырау мен Маңғыстау облыстарында экономиканың шикізаттық емес секторларын – Атырауда мұнай-химияны, Маңғыстау облысында туризмді (оның ішінде Кендірлі курортты аймағында), Ақтауда мұнай-сервистік секторды және азот тыңайтқыштарын өндіруді, Ақтау мен Бейнеуде көліктік логистиканы, құрылыс материалдарын өндіруді, балық шаруашылығын, түйе шаруашылығын және басқаларды дамытуға қолдау көрсетіледі.

      Маңғыстау облысында халқы көп Жаңаөзен қаласынан еңбек ресурстарын қоныстандыру және көшіру үшін олардың тартымдылығын арттыру мақсатында жағалау аймағында орналасқан облыс орталығы Ақтауды, Форт-Шевченко шағын қаласын, Кендірлі курортты аймағын, Құрық және Баутин теңіз порттарын дамытуға басым тәртіппен көңіл бөлінетін болады.

      Маңғыстау облысы арқылы Өзбекстан және Түрікменстан шекарасына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының дәлізі өтеді. Осы бағыттағы автомобиль жолдарын реконструкциялау таяу және алыс шетелдерден Ақтөбе облысына қарай транзиттік жүк айналымының жүк ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Көршілес өңірлермен тауар айналымын дамыту есебінен облыс халқының әл-ауқаты жақсарады.

      Тұтастай алғанда, Батыс макроөңірі аумағының экономикасын және қоныстандыру жүйесін дамыту, өндіріс күштерін орналастыру аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Бағдарлама шеңберінде Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының аумақтарында тиісті жергілікті атқарушы органдар мұнай мен газ өндіру және өңдеу, мұнай-газ химиясы, олармен байланысты мұнай-газ өнеркәсібі үшін машина жасау және сервистік қызметтер жөніндегі Ұлттық кластерді дамытуға және теңгерімді қолдауға шоғырландырылады.

      Жоғарыда көрсетілген мақсаттарда мынадай шаралар қаралатын болады:

      "Атырау – Мақат – Индер – Орал" теміржол желісін салу;

      "Маңғышлақ – Баутино" теміржол желісін салу;

      көліктік-логистикалық орталықтар салу (Қандыағаш, "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы және басқалары);

      республикалық маңызы бар "Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы" автомобиль жолын реконструкциялау;

      республикалық маңызы бар "Жаңаөзен-Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы" автомобиль жолын реконструкциялау;

      негізгі теміржолдардың және "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автомагистралінің бойында сервистік инфрақұрылымды дамыту;

      Ақтау теңіз портының Ақтөбе хаб-қаласымен жылдамдығы жоғары көлік қатынасын қамтамасыз ету;

      Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің Ұлттық кластерді дамытуға арналған жекелеген бюджеттік өтінімдері бойынша қажетті бюджет қаражатын көздеу. Қаражат Ұлттық кластердің кіші кластерлерінің Жол карталарына сәйкес аталған өңірлердің жергілікті бюджеттерінен бөлінетін болады.

      2. Макроөңірлердің бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандырылуын дамыту.

      Осы бағыттың шеңберінде мынадай салаларда инвестициялық жобалар іске асырылатын болады:

      балық шаруашылығы;

      мал шаруашылығы;

      Кендірліде туристік индустрия;

      көліктік логистика ("Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы" Көліктік логистика орталығы, Қандыағаш, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" және басқалары);

      құрылыс материалдарын өндіру;

      Атырау облысында мұнай өңдеу және мұнай-химия;

      Маңғыстау облысында мұнай-сервистік көрсетілетін қызметтер;

      Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу;

      Ақтөбе облысында калий тыңайтқыштарын өндіру;

      Маңғыстау облысында азот тыңайтқыштарын өндіру;

      Батыс Қазақстан облысында машина жасау;

      Ақтөбе хаб-қаласында экспорттық әлеуеті бар (бизнес қызметтер, білім беру, медициналық және басқалар) жоғары технологиялық өндірістерді орналастыру және сервистік көрсетілетін қызметтерді дамыту.

      Осы мақсаттарда мынадай шаралар пысықталатын болады:

      "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағын одан әрі дамыту (көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, басым қызмет түрлерін кеңейтуді қоса алғанда);

      Атырау және Маңғыстау облыстарында бекіре балығын өсіру зауытын және тауарлық бекіре фермаларын реконструкциялау және салу;

      Ақтөбе қаласындағы "Ақтөберентген" медициналық зауытын жаңғырту;

      макроөңірдің индустриялық аймағын одан әрі дамыту.

      Орталық-Шығыс макроөңірі

      1. Оңтайлы қоныстандыру жүйесін құру және өңірлік инфрақұрылымды нығайту.

      Урбандалудың жоғары деңгейін ескере отырып, макроөңір қалаларын сапалы дамытуға басым көңіл бөлінетін болады.

      Шағын және моноқалаларда баламалы өндірістер, "зәкірлік" инвестициялық жобалар дамитын болады.

      Ірі өнеркәсіптік қалаларда (Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Семей) экономиканың сервистік секторлары – бизнес қызметтер, ақпараттық технологиялар, ғылыми-білім беру қызметтері, жоғары мамандандырылған медицина және басқалар дамитын болады. Макроөңір үшін хаб функцияларын Астана мен Өскемен қалалары іске асырады.

      Қалалар арасындағы байланыс қарқындап, әсіресе жақын орналасқан қалалар арасындағы "жұптық" кооперация дамитын болады: Қарағанды елді мекендер агломерациялық жүйесі – Астана агломерациясы, Павлодар – Ақсу, Өскемен – Семей және басқалары. Бұл қалалардың экономикасын әртараптандыруда синергияға қол жеткізуге мүмкіндік береді және бүкіл макроөңір экономикасының өсуіне алып келеді.

      Макроөңірдің ірі қалаларының кеден бекеттеріне (Майқапшағай, Бақты), күні бүгінге дейін пайдалы қазбалардың кен орындары өңделмеген аумақтарға, сондай-ақ туристік әлеуеті бар – Алакөл, Баянауыл, Зайсан, Қарқаралы, Қатон-Қарағай және басқа да аумақтарға дейін сапалы көліктік қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

      Тұтастай алғанда, экономиканы және қоныстандыру жүйесін дамыту, Орталық-Шығыс және Солтүстік макроөңірдің (Астана агломерациясын қоса алғанда) аумағында өндіріс күштерін орналастыру аумақтық дамытудың бірыңғай өңіраралық схемасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Жоғарыда көрсетілген мақсаттарда мынадай шаралар пысықталатын болады:

      "Қалбатау – Майқапшағай" және "Таскескен – Бақты" автожол учаскелерін реконструкциялау және салу;

      туристік әлеуеті бар аумақтардың (Алакөл, Баянауыл, Зайсан, Қарқаралы, Қатон-Қарағай және басқалар) макроөңірдің ірі қалаларымен (Қарағанды, Семей, Өскемен) сапалы көліктік қатынасын қамтамасыз ету;

      Майқапшағай мен Бақты кеден бекеттерінің макроөңірдің ірі қалаларымен (Қарағанды, Семей, Өскемен) сапалы көліктік қатынасын қамтамасыз ету;

      Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Семей ірі қалаларын басқа макроөңірлердің хаб-қалалары – Астанамен, Алматымен және Шымкентпен байланыстыратын жоғары сапалы көліктік инфрақұрылымды реконструкциялау және салу;

      шекара маңындағы сауда орталықтарының инфрақұрылымын дамыту.

      Макроөңірлердің бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандырылуын дамыту.

      Осы бағыт шеңберінде мынадай салаларда инвестициялық жобалар іске асырылатын болады:

      балық шаруашылығы;

      мал шаруашылығы;

      туризм (Алакөл, Баянауыл, Қарқаралы, Қатон-Қарағай және басқалар);

      құрылыс материалдарын өндіру;

      Павлодар облысында алюминий кластері;

      Павлодар облысында мұнай-сервис саласын дамыту;

      макроөңірдің ірі қалаларында (Өскемен, Қарағанды, Павлодар және Семей) экспорттық әлеуеті бар (бизнес қызметтер, білім беру, медициналық және басқалары) жоғары технологиялық өндірістерді орналастыру және сервистік көрсетілетін қызметтерді дамыту.

      Осы мақсаттарда мынадай шаралар пысықталатын болады:

      "Павлодар" және "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймақтарын одан әрі дамыту;

      қала құраушы кәсіпорындардың айналасында жобаларды дамыту, баламалы өндірісті, "зәкірлік" инвестициялық жобаларды құру және дамыту, моноқалаларда бастапқы мамандандырылуды қалпына келтіру;

      шағын қалаларда және тірек АЕМ-де өндірістерді орналастыруға жаңа арнайы және индустриялық аймақтар мен алаңдар құру;

      Шығыс Қазақстан облысындағы Тайынша ауылында жел энергиясы көзін салу.

      Солтүстік макроөңірі

      1. Оңтайлы қоныстандыру жүйесін құру және өңірлік инфрақұрылымды нығайту.

      Тарихи тұрғыдан макроөңір ауыл шаруашылығына мамандануымен сипатталады. Ірі тұтынушы нарық болып табылатын Астана хаб-қаласымен көршілігін есепке алғанда, макроөңір Астана үшін азық-түлік белдеуінің функциясын атқаратын болады.

      Басқарылатын урбандалуды және экономиканы әртараптандыруды дамыту мақсатында Атбасар, Макинск, Лисаковск, Жітіқара, Ерейментау және басқа шағын қалаларда қосалқы өндірістерді орналастыра отырып, макроөңірдің тірек қалаларында экономиканың өнеркәсіптік секторларын құруға және дамытуға басым көңіл бөлінетін болады – Қостанайда автомобиль кластері, Қостанайда және Көкшетауда ауыл шаруашылығы машинасын жасау және т.б.

      Қалалар арасында байланысты қарқындату, әсіресе, жақын орналасқан қалалар арасындағы "жұптық" кооперация дамитын болады: Қостанай – Рудный, Көкшетау – Щучинск және басқалары, ол күшті біріктіріп, қалалардың экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

      Макроөңірдің туристік әлеуеті – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Зеренді, Сандықтау, Бұланды, Қорғалжын және басқа да аймақтар барынша пайдаланылатын болады.

      Тұтастай алғанда, Солтүстік және Орталық-Шығыс макроөңірінің (Астана агломерациясын қоса алғанда) аумағында экономиканы және қоныстандыру жүйесін дамыту, өндіріс күштерін орналастыру аумақтық дамытудың бірыңғай өңіраралық схемасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Жоғарыда көрсетілген мақсаттарда мынадай шаралар пысықталатын болады:

      "Щучинск – Көкшетау – Петропавл" автожолын реконструкциялау;

      Қостанай, Атбасар және басқа да қалаларда көліктік-логистикалық орталықтар салу;

      тірек қалаларды туристік аймақтармен (Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Бұланды, Қорғалжын және басқалары) байланыстыратын автожолдарды реконструкциялау.

      2. Макроөңірдің бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандырылуын дамыту.

      Осы бағыт шеңберінде мынадай салаларда инвестициялық жобалар іске асырылатын болады:

      мал шаруашылығы;

      Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуі;

      туристік кластер;

      құрылыс материалдарын өндіру;

      ауыл шаруашылық машина жасау (Қостанай, Көкшетау);

      автомобиль кластері (Қостанай).

      Осы мақсаттарда мынадай шаралар қаралатын болады:

      негізгі салалардың сақталатын кәсіпорындарын жаңғырту;

      шағын қалаларда және тірек АЕМ жоғары деңгейдегі қайта өңдеумен заманауи азық-түлік және өңдеу өнеркәсібін дамыту;

      ауыл шаруашылық машина жасау саласын құру;

      макроөңірдің қалаларында, сондай-ақ Астана хаб-қаласының агломерациялық аймағына кіретін және магистральдық теміржолға қолжетімділігі бар елді мекендерде индустриялық аймақтар салу.

      Астана және Алматы хаб-қалалары

      1. Оңтайлы қоныстандыру жүйесін құру және өңірлік инфрақұрылымды нығайту.

      Астана хаб-қаласы постиндустриялық сервистік экономикасы (бизнес-қызметтер, қаржы және аудит, логистика, медициналық кластер, ғылым қаласы және басқалар) бар қала, Астана агломерациясының орталығы, әлемдік деңгейдегі қала ретінде дамитын болады.

      Астананы дамыту Елорданың 2050 жылға дейін әлемнің үздік 10 қаласының рейтингіне кіру тұжырымдамасын іске асыру, Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Астана агломерациясы Қарағанды елді мекендері агломерациялық жүйесі мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағының жақындығы мен даму перспективаларын ескере отырып, желілік "өсу аймағының" интеграцияланатын элементі ретінде қаралады.

      Астана хаб-қаласы автожолдардың өңіраралық желісі (Орталық-Шығыс, Орталық-Оңтүстік, Орталық-Батыс) жобаларын іске асыру есебінен барлық макроөңірлерді байланыстыратын орталық болады.

      Алматы хаб-қаласының дамуы өсудің көпорталықты аймағы ретінде Алматы облысының іргелес аудандарының "үшінші деңгейдегі" қалаларын тарту арқылы Алматы агломерациясын құрумен байланысты болады.

      Алматы хаб-қаласы өзінің қосылған құнның жаһандық тізбегіне қосылғандығынан пайда табу арқылы инновациялардың, сондай-ақ мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық компаниялардың және көрсетілетін қызметтер провайдерлерінің жоғары шоғырлануының қозғаушысы болады.

      Алматы дистрибуция орталығы бола тұра, Оңтүстік макроөңір және бүкіл Қазақстан үшін хабтың функцияларын іске асырады.

      Астана мен Алматы қалаларының инвестициялық бағдарламалары Астана және Алматы агломерацияларын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы шеңберінде іске асырылатын болады.

      Жоғарыда көрсетілген мақсаттарда мынадай шаралар пысықталатын болады:

      Астана мен Алматы агломерацияларының аумағында бірыңғай көліктік-логистикалық кешенді дамыту;

      Астана мен Алматы хаб-қалаларының және тиісінше олардың агломерациялық аймақтарының инженерлік және көліктік-логистикалық инфрақұрылымын кешенді дамыту;

      Smart-city жобаларын іске асыру.

      2. Бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандырылуды дамыту.

      Осы бағыттың шеңберінде мынадай салаларда инвестициялық жобалар іске асырылатын болады:

      әлемдік дәрежедегі қаржылық, сақтандыру және бизнес қызметтері;

      ақпараттық технологиялар, энергетика және ғарыш салаларында жоғары технологиялы өндіріс;

      креативті экономика және медиа-индустрия;

      туризм және қонақжайлылық индустриясы;

      оқиғалық индустрия (халықаралық деңгейдегі форумдар, фестивальдар, спорттық іс-шаралар).

      Осы мақсаттарда мынадай шаралар пысықталатын болады:

      Алматы қаласындағы "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағын одан әрі дамыту;

      "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын одан әрі дамыту;

      медициналық көрсетілетін қызметтер мен жоғары білімдегі көрсетілетін қызметтердің экспортын іске асыру;

      "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру;

      өнеркәсіптік және қоймалық объектілерді Алматының тарихи орталығынан қаланың Алатау ауданының индустриялық аймағына шығару;

      Алматы тарихи орталығының (бұрынғы өнеркәсіп аймақтарын кешенді қайта дамытуды қоса алғанда) инфрақұрылымын кешенді реконструкциялау;

      Алматыдан жақын маңдағы шағын қалалар мен тірек АЕМ-ге ауыстырылатын өндірістер үшін жаңа аймақтар мен алаңдар құру.

      2. "Бірінші деңгейдегі" қалаларды (орталықтары Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы агломерацияларды) дамыту Қалалық агломерацияларды дамыту бойынша міндеттерді іске асыру:

      1) республикалық және өңірлік нарықтарда қалалық агломерацияларды экономикалық позициялау;

      2) инновациялық технологияларды пайдалана отырып, қалалық агломерациялар инфрақұрылымдарын үйлестіре дамыту;

      3) қалалық агломерацияларды дамытудың аумақтық, қала құрылысы және институционалдық саясатын жетілдіру бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

      1. Республикалық және өңірлік нарықтарда қалалық агломерацияларды экономикалық позициялау.

      Осы бағыт шеңберінде әлемдік бизнес үшін тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының кәсіпкерлік ахуалын жақсартудың және имиджін жаңартудың нысаналы саясаты жүзеге асырылатын болады.

      Осы агломерациялардың жоғары ұйымдастырылған урбандалу ортасын құру және олардың жаңа рөлде қалыптасуы үшін:

      1) агломерацияларда және оларға жақын аумақтарда:

      жалпыұлттық және перспективада Орта Азиялық дистрибуцияның (сауда және көрсетілетін қызметтер);

      перспективада өңірдегі ең ірі сауда-логистикалық орталықтардың (мысалы, Сингапур, Гонконг мысалында), авиатранзит орталықтарын ("хабтар") қалыптастыра отырып, көлік-логистикалық процессинг қызметтерінің;

      технологиялық трансферттер: көпшілік стандартты технологиялардың импорты, ішкі және сыртқы нарықтарға бағдарланған жетекші шетел компанияларының процессинг орталықтарын ашудың (филиалдар, бірлескен кәсіпорындар);

      инновациялық дамудың (Алматы қаласындағы "Инновациялық технологиялар паркі" мысалында), яғни қалалық агломерациялардың белгілі бір экономикалық мамандандырылуы шеңберінде арнайы экономикалық аймақтарды, индустриялық парктерді, инновациялық өсу аймақтарын, өнеркәсіптік алаңдарды, технологияларды коммерцияландыру орталықтарын қалыптастырудың;

      туристiк, рекреациялық және спорттық қызметтер, ойын-сауық және бос уақыт қызметін көрсету орталығының;

      азық-түліктік мамандандырылудың (азық-түлік белдеуі);

      халықаралық қаржы орталығының көп функционалдық аймақтарын қалыптастыру көзделген;

      2) мемлекеттік жобаларды, оның ішінде қалалық агломерациялардың белгілі бір экономикалық мамандандырылуы шеңберінде МЖӘ тетігі арқылы (мысалы, "Назарбаев Университетінің", "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының, G4 City серіктес қалаларының, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автомобиль жолының құрылысы сияқты және басқа да жобалар) іске асыру;

      3) халықаралық ұйымдардың өкілдіктері мен офистерін, ең ірі трансұлттық компаниялардың филиалдарын қалалық агломерациялар орталықтарында орналастыруды ынталандыру;

      4) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда көзделген құралдарды қолдану ("Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы", туризмді, көлік және коммуникацияларды және басқаларды дамыту сияқты) көзделетін болады.

      Белгіленген іс-шараларды іске асыру агломерациялар аймағына кіретін әкімшілік аумақтарды қамтуды көздейді, ол бір жағынан оларды дамытуға серпін береді, екінші жағынан басқаруды үйлестіру (өңірліктен жоғары реттеу), сабақтас өңірлердің бірлескен іс-шараларын өткізу (кооперативтік жобалар) қажеттілігіне алып келеді.

      2. Инновациялық технологияларды пайдалана отырып, қалалық агломерациялар инфрақұрылымдарын үйлестіре дамыту.

      Осы бағыт шеңберінде дамытудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде агломерацияларды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

      Қалалық агломерациялардың инфрақұрылымын үйлестіре отырып дамытуда (ұзақ мерзімді жоспарлау арқылы):

      1) мыналар:

      көліктің жаңа жүрдек түрлерін (жүрдек рельсті көлік) енгізу;

      қоғамдық көлікті басым дамыта отырып, агломерациялар шегінде қаламаңы және қалаішілік қатынас жүйелерін реконструкциялау арқылы интеграцияланған көлік жүйесі;

      2) озық инновациялық және технологиялық шешiмдерді қолдана отырып (әлемдiк үрдiстердi ескере отырып), өндiрiстiк, энергетикалық, инженерлiк-коммуналдық, су шарушылығы және әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту;

      3) мыналарды:

      кеңжолақты қолжетімділіктің (цифрлық тепе-теңдік) енгізілуін жоғары дәрежеде қамтамасыз ету;

      желілердің жылдам таратылу және ауысу (сымсыз технологиялар) мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы ақпараттық коммуникация;

      4) мыналарды:

      энергия және ресурстарды үнемдеуді қамтамасыз ету;

      "жасыл белдеулер" және саябақ аймақтарын дамыту;

      экологиялық таза көлікті пайдалану;

      өндірістерді қаладан тыс жерлерге шығару арқылы "жасыл экономиканы" құру;

      5) тасқындарға, селдерге, көшкiндерге, жер сiлкiнiстерiне қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын, сондай-ақ агломерациялардың өртке қарсы қорғанысын дамыту көзделетін болады.

      3. Қалалық агломерацияларды дамытудың аумақтық, қала құрылысы және институционалдық саясатын жетілдіру.

      Агломерацияларды үйлесімді дамыту үшін агломерациялық дамытуды әкімшілік-аумақтық басқару құралдарын жетілдіру жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

      Қазақстан Республикасының агломерациялық құрылымдарының әртүрлі әкімшілік-аумақтық ұйымдастырылуына байланысты, олар мемлекеттік басқару субъектілері арасындағы қатынастарды құрудың сараланған моделін талап етеді. Бұл ретте агломерацияны басқару модельдерін қалыптастырудың маңызы зор. Осыған байланысты:

      1) Астана және Алматы агломерацияларына қатысты Астана, Алматы қалалары, Ақмола және Алматы облыстары әкімдіктерінің арасындағы шарттық қатынастардың негізінде, сондай-ақ Үкімет жанынан осы агломерацияларды дамытуға тікелей жауапты комиссия құру арқылы басқаруды жүзеге асыру;

      2) Шымкент, Ақтөбе агломерацияларына қатысты облыс әкімдіктері деңгейінде, сондай-ақ арнайы облыстық комиссия құру арқылы басқаруды жүзеге асыру көзделеді.

      Агломерацияларды дамыту үшін:

      1) тұжырымдамалық-әдіснамалық негіздерін әзірлей отырып, өңірлердің біріктірілген үш орталығы бойынша (орталық, оңтүстік, батыс) Қазақстан Республикасын аумақтық дамытудың өңіраралық схемаларын;

      2) мыналарды:

      агломерацияны дамытуда өңіраралық және салааралық мүдделерді үйлестіруді (өйткені, бұл бірнеше әкімшілік-аумақтық бірлікке қатысты);

      агломерация аумағын неғұрлым нақты функционалдық аймақтарға бөлуді;

      жерлерге түгендеу жүргізу, агломерацияны дамыту мақсатында аумақтарды резервтеу арқылы ерекше қала құрылысын реттеу аймақтарын белгілеуді (тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіптік алаңдар, магистральдық инфрақұрылым, рекреация аймақтары, жасыл белдеулер және басқалар);

      орталық қаланың, қала маңының, тартылу аймақтарының инфрақұрылымдарын үйлестіре дамытуды қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді кезеңге арналған агломерацияларды аумақтық дамытудың өңіраралық схемаларын;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының бiрыңғай жүйесін;

      4) Үкіметтің қаулыларымен (Астана және Алматы агломерациялары бойынша) және облыстық мәслихаттардың шешімдерімен (Шымкент және Ақтөбе агломерациялары бойынша) бекітілетін агломерацияларды құрудың және дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу көзделіп отыр.

      Қала құрылысы саясатын жетілдіру бос аумақтарды игеру, сондай-ақ қазіргі алғышарттар (экономикалық-географиялық жағдай және табиғи-ресурстық әлеует) негізінде агломерациялардың тірек қаңқасын айқындау есебінен агломерациялардың орталық қалаларының аумақтық кеңістігінің өзгеруін ескере отырып, қалалардың және іргелес аумақтардың елді мекендерінің қала құрылысы құжаттамасын қайта қарауды көздейді.

      Агломерацияларды дамыту өңірлердегі көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға тәуелді болады. Осыған байланысты көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту хабтар қағидаты бойынша макроөңірлерді қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте макроөңірлерді қалыптастыру шеңберінде хаб қалалар – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары – қалыптасып келе жатқан агломерациялар орталықтары, сондай-ақ болашақта Өскемен қаласы дамитын болады.

      3. "Екінші деңгейдегі" қалаларды (облыс орталықтарын, Семей және Түркістан қалаларын) дамыту

      Республикада стратегиялық хабтарды құру екінші деңгейдегі қалаларды дамыту әлеуетімен айқындалады. Екінші деңгейдегі қалалар өңірлік даму орталықтары болып табылады және алдағы уақытта олардың өзінің ғана емес, шектес өңірлердің экономикалық белсенділігін шоғырландыру, сондай-ақ бәсекеге қабілетті өңірлік кластерлерді құрудың катализаторлары болу мүмкіндігі бар. Хаб-қалалар және екінші деңгейдегі қалалардың "Шұғыла" қағидаты бойынша көлік-логистикалық байланыстылығы өңірлердің ұлттық және сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз етеді.

      "Екінші деңгейдегі" қалаларды (облыс орталықтарын, Семей және Түркістан қалаларын) дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру оларды дамыту бағдарламалары шеңберінде мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) Кеден одағы мен Орталық Азия нарықтарында экономикалық позициялау;

      2) инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді дамыту;

      3) аумақтардың тиімді қала құрылысын жоспарлау.

      1. "Екінші деңгейдегі" қалаларды (облыс орталықтарын, Семей мен Түркістан қалаларын) Кеден одағы мен Орталық Азия нарықтарында экономикалық позициялау.

      Жергілікті атқарушы органдар облыстардың ғылыми қоғамдастығымен бірлесіп, "екінші деңгейдегі" қалаларды брендингтеу бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізетін болады, оның шеңберінде перспективалы экономикалық мамандандырулар анықталатын болады.

      "Екінші деңгейдегі" қалаларда жоғары ұйымдастырылған урбанистік өмір сүру ортасын құру және оларды жаңа рөлде қалыптастыру үшін:

      1) "екінші деңгейдегі" қалаларда және оларға жақын аумақтарда:

      өңіраралық дистрибуцияның (сауда және көрсетілетін қызмет);

      өңіраралық сауда-логистикалық орталықтарын қалыптастыра отырып, көлік-логистикалық және процессингтік көрсетілетін қызметтердің;

      туристік, рекреациялық және спорттық көрсетілетін қызметтер, ойын сауық және бос уақытқа қызмет көрсету орталықтарының ("екінші деңгейдегі" қалалардың брендингі бойынша маркетингтік зерттеулер қорытындылары және жергілікті жағдайларға байланысты);

      азық-түліктік мамандандырудың (азық-түлік белдеуі) көп функционалдық аймақтарын құру;

      2) "екінші деңгейдегі" қалаларды белгілі бір экономикалық мамандандыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жобаларды іске асыру;

      3) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда көзделген құралдарды қолдану ("Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы", туризмді, көлік және коммуникацияларды және басқаларды дамыту сияқты).

      2. "Екінші деңгейдегі" қалалардың (облыс орталықтарының, Семей және Түркістан қалаларының) инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын кешенді дамыту.

      "Екінші деңгейдегі" қалалардың инфрақұрылымын кешенді дамыту:

      1) Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде тиімді көлік жүйесін;

      2) озық инновациялық және технологиялық шешімдерді (озық үрдістерді ескере отырып) қолдана отырып, өндірістік, энергетикалық, инженерлік-коммуникациялық, су шаруашылығы және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуды;

      3) мыналар:

      энергияны және ресурстарды үнемдеуді қамтамасыз ету;

      "жасыл белдеулер" мен орман-саябақ аймақтарын дамыту;

      экологиялық таза көлікті пайдалану;

      экологиялық зиянды өндірістерді қала сыртына шығару арқылы энергия тиімді экономиканы қалыптастыруды;


      4) тасқындарға, селдерге, көшкіндерге, қар көшкіндеріне, жер сілкіністеріне қарсы іс-қимыл, сондай-ақ агломерацияларды өртке қарсы қорғау инфрақұрылымдарын дамытуды көздейтін болады.

      3. "Екінші деңгейдегі" қалалар (облыс орталықтары, Семей және Түркістан қалалары) аумақтарының тиімді қала құрылысын жоспарлау.

      "Екінші деңгейдегі" қалаларды әлеуметтік-экономикалық дамыту оларға іргелес елді мекендерді дамытумен үйлестірілетін болады.

      "Екінші деңгейдегі" қалаларды дамыту үшін:

      1) облыстар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын әзірлеу;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесінің облыстық және базалық деңгейлерін әзірлеу;

      3) Семей және Түркістан қалаларын дамыту жөніндегі бағдарламалық шараларды тиісті облыстардың бесжылдық кезеңге арналған даму бағдарламаларына енгізу көзделеді.

      4. "Үшінші деңгейдегі" қалаларды (шағын және моноқалалар) дамыту

      Бағдарламаны іске асыру шеңберінде шағын және моноқалаларды дамыту жөніндегі міндетті орындау екі бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады:

      1) шағын және моноқалаларда экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті дамыту;

      2) шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту.

      Осы бағыттарды іске асыру үшін уәкілетті орган нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, орталық мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдар тарапынан шағын және моноқалаларды дамытуды қолдауды үйлестіру бойынша шаралар қабылдайтын болады.

      Бағдарламаны іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органның ұсынымдарына сәйкес шағын және моноқалаларды экономикалық әлеуеті жоғары, орташа және төмен қалаларға топтастыруды жүргізетін болады ("Қазақстан Республикасының шағын және моноқалаларының тізбесі" деген 2-қосымша).

      Бұл ретте мемлекеттік қолдау саясатының тетіктері шағын және моноқаланың әлеуетіне қарай сараланатын болады.

      Экономикалық әлеуеті төмен шағын және моноқалаларға инфрақұрылымды өмір сүру сапасының ең төменгі қажетті деңгейінде ұстау үшін Бағдарламаның ағымдағы бюджеті шеңберінде қолдау көрсетіледі.

      Әлеуеті орташа және жоғары шағын және моноқалаларға олардың әлеуетін жоғарылату мақсатында Бағдарламаның даму бюджеті аясында нысаналы қолдау көрсетілетін болады.

      Бұдан басқа, агломерациялардың ықпал ету аймағына кіретін шағын және моноқалаларға, сондай-ақ шекара маңындағы аумақта орналасқандарға әлеуметтік-экономикалық әлеуетті дамыту бойынша ерекше қолдау көрсетілетін болады.

      Шағын және моноқалаларды дамыту Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) аумақтарын дамыту бағдарламасы (бұдан әрі – АДБ) шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      1. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары шеңберінде шағын және моноқалаларда экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту.

      Осы бағыт шеңберінде шағын және моноқалалардың экономикасын ұзақ мерзімді әртараптандыру үшін "зәкірлік" инвестициялық жобалар (индустрияландыру бағдарламаларының құралдарын қоса алғанда) іске асырылатын болады.

      Жергілікті атқарушы органдар мүдделі салалық орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп шағын және моноқалаларда іске асыру үшін 1–3 "зәкірлік" инвестициялық жобаларды іріктейді.

      Шағын және моноқалалардың экономикалық әлеуетін дамыту мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:

      1) моноқалаларда олардың ерекшелігін ескере отырып, ұлттық холдингтер мен компаниялардың қосалқы және қызмет көрсететін өндірістерін, тапсырыстарын орналастыруы.

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы, "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы жобаның қаржылық-экономикалық және өндірістік орындылығын, компанияның ерекшелігін ескере отырып, моноқалаларда инвестициялық жобаларды ықтимал іске асыру бойынша шаралар қабылдайды;


      2) шағын және моноқалалардың ерекшеліктерін ескере отырып, қала құраушы кәсіпорындардың қосалқы және қызмет көрсету өндірістерін, тапсырыстарын орналастыруы.

      Жергілікті атқарушы органдар қала құраушы кәсіпорындармен бірлесіп, әрбір шағын және моноқалада оның мамандануына сәйкес кемінде бір инвестициялық жобаны іске асыру бойынша шаралар қабылдайды;

      3) қолданыстағы мамандандыруды жаңғырту не жаңа мамандандыруды құру үшін стратегиялық инвесторды тарту арқылы шағын және моноқалаларда бұрынғы мамандандыруды қалпына келтіру.

      Бұдан басқа, әлеуеті төмен және орташа шағын және моноқалаларда инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға газға, электр энергиясына, жер учаскесін сатып алуға және ғимараттарды, құрылыстарды сатып алуға (салуға) жұмсалатын шығындарды өтеу немесе бір бөлігін төлеу арқылы өнеркәсіптік жеңілдіктер ұсынылатын болады.

      Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті органмен тікелей келіссөздер негізінде пайдалы қазбалардың игерілетін кен орнын пайдалану мерзімі шектеулі кәсіпорындарға жер қойнауын пайдалану құқығын беру:

      1) шағын және моноқалаларға жақын орналасқан пайдалы қазбалардың перспективалы кен орындарын "Қазгеология" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының немесе кәсіпорынның шикізат базасын кеңейтуге мүдделі жеке инвесторлардың қатысуымен жете барлау бойынша шараларды айқындай отырып анықтау;

      2) "тұйыққа тірелу" проблемаларын шешу, шағын және моноқалалардың транзиттік әлеуетін дамыту мүмкіндіктері қаралатын болады.

      Жергілікті атқарушы органдар, көлік саласындағы уәкілетті орган "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, тұйыққа тірелу проблемаларын шешу үшін көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылдайтын болады.

      2. Шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту

      Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мақсатында шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту қалаларды дамыту әлеуетінің дәрежесіне байланысты оларды дамытудың ұзақ мерзімді перспективалары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Осы бағыт шеңберінде агломерациялардың ықпал ету аймағындағы, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің орталықтары, көліктік-өнеркәсіптік орталықтар (тораптар) болып табылатын немесе туристік-рекреациялық әлеуеті бар, әлеуеті жоғары және орташа шағын және моноқалалар халқының оңтайландырылған санына шаққанда тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын салуды және (немесе) реконструкциялауды басым қаржыландыру жүзеге асырылатын болады.

      Шағын және моноқалалар бойынша инвестициялық жобалар бюджет заңнамасында бекітілген тәртіппен қаржыландырылады.

      Бұл ретте, бірінші кезекте қала тыныс-тіршілігінің неғұрлым өткір мәселелері (жылумен, сумен, электрмен, газбен жабдықтау, жолдар, авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, абаттандыру және экология) шешіледі.

      Моноқалаларда мемлекеттің мұқтаждықтары үшін жер учаскелерінің алып қойылуына байланысты жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүліктердің мәжбүрлеп алынуы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Бұдан басқа, осы бағыт шеңберінде республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен мынадай іс-шаралар қаржыландырылатын болады:

      1) көлік инфрақұрылымын жөндеу (қалаішілік жолдар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер);

      2) коммуналдық шаруашылық: тұрғын үйлер қорын сақтау және қоқыс шығару, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою, иесіз қалған объектілерді бұзу, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар мен мал қорымдары полигондарын жайластыру, жылыту жүйелерін жөндеу, балалардың аула ойын алаңдарын орнату;

      3) елді мекендерді абаттандыру жөніндегі іс-шаралар.

      5. Тірек ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, ауылдық аумақтарды дамыту

      Ауылдық аумақтарды дамыту бойынша қойылған міндетке қол жеткізу мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) аудан орталықтары мен тірек АЕМ-ді дамыту;

      2) ауылдық округтердің орталықтарын, ауылдар мен кенттерді дамыту;

      3) даму әлеуеті жоғарғы және орташа басқа АЕМ-ді дамыту;

      4) ауылдық жердің кадрлық әлеуетін арттыру;

      5) жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау.

      Өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттарға сәйкес ауылдық аумақтардың ағымдағы жағдайын бағалау үшін жергілікті атқарушы органдар АЕМ-нің өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымына мониторингті жүзеге асырады және оның негізінде олардың даму әлеуеті айқындалатын болады.

      Тірек АЕМ тізбесін өңірлік даму саласындағы орталық уәкілетті орган бекіткен тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар айқындайды.

      1. Тірек АЕМ-ді және аудан орталықтарын дамыту мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) тірек АЕМ-дегі экономикалық қызметті дамыту.

      Аталған бағыт тірек АЕМ-де өндірістік саланы дамытуға, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік өндірісті тұрақты жүргізу үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған.

      Бірінші бағыт шеңберінде міндеттерді шешу қала құраушы кәсіпорындарды қалыптастыру, жұмыс істеп тұрған өндірісті кеңейту және жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен жүзеге асырылады.

      Инвестициялық жобаларды енгізу базалық қала құраушы өндірісті құруға мүмкіндік береді, ол тірек АЕМ-нің өндірістік әлеуетін дамытудың негізгі құралы болып табылады, экономиканы көтеруге, экспорттық әлеуетті ұлғайтуға, қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

      Шағын және орта бизнесті дамыту үшін тірек АЕМ-де ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге құқықтық, қаржылық және басқа да қызметтерді көрсету үшін кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылатын болады.

      2) тірек АЕМ-нің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту.

      Аталған бағыт тұтастай алғанда, тірек АЕМ-де инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы ауылдық жерлерде тұратын халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

      Инфрақұрылымдық жобалар мыналарды қамтиды:

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін (сумен жабдықтау, кәріз, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелерінің объектілері) салу, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу;

      инженерлік-көліктік инфрақұрылымды (кентішілік және ауылішілік жолдар, кіреберіс жолдар, бөгеттер, дамбалар және көпірлер) салу, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу;

      тұрғын үйлер салу және күрделі жөндеу, авариялық үйлерді бұзу;

      елді мекендерді абаттандыру (көшелерді, саябақтарды, гүлзарларды жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын жайластыру);

      3) тірек АЕМ-де көліктік қолжетімділікті дамыту.

      Үшінші бағыт өткізу және жабдықтау нарықтарына дейін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ететін облыстық және аудандық маңызы бар, тірек ауылдар мен тірек АЕМ-нің тартылыс аймағына кіретін басқа да елді мекендердің арасындағы жолдарды дамытуға бағытталған.

      Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының желісін дамыту халықтың ұтқырлығы мен материалдық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, көлік шығасыларын және тасымалдау уақытының шығынын төмендету есебінен ауыл экономикасының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

      Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту және олардың техникалық жағдайын нормативтік талаптарға сәйкес келетін деңгейге жеткізу мақсатында мынадай жұмыс түрлері іске асырылатын болады:

      салу және реконструкциялау;

      күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу.

      Бұл бағыт іске асырылған кезде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тірек АЕМ-нің оңтайлы қызмет көрсету шеңберінің аймағына кіретін елді мекендердің көліктік қолжетімділігін жақсартуға ғана бағытталатын болады;

      4) мемлекеттік және коммерциялық қызметтер көрсету орталықтарын дамыту және құру.

      Қазіргі уақытта мемлекеттік және коммерциялық қызметтер көрсету орталықтары негізінен аудан орталықтары мен қалаларда орналасқан, бұл ауыл халқына, әсіресе шалғай аумақтарда қажетті көрсетілетін қызметтерді алуда қиындықтар туғызуда.

      Аталған бағытты іске асыру тірек АЕМ-де кепілдендірілген мемлекеттік, әлеуметтік және коммерциялық қызметтерге қолжетімділік проблемасын шешуге мүмкіндік береді, олар өз кезегінде республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ басқа да көздердің есебінен ауылдық елді мекендердің белгілі бір тобына қызмет көрсететін болады.

      Бұл бағытты іске асыру:

      1) халыққа қызмет көрсету орталықтарының бөлімдерін, полицияның, азаматтық хал актілерін тіркеудің тірек пункттерін және басқаларын ашу есебінен мемлекеттік қызметтерді көрсету орталықтарын дамыту және құру;

      2) екінші деңгейдегі банктердің, микрокредиттік ұйымдардың, ауылдық кредиттік серіктестіктердің, сақтандыру компанияларының, нотариустардың, сервистік-дайындау орталықтарының, техникалық қызмет көрсету станцияларының және басқалардың бөлімшелерін ашу есебінен қаржыландыру жеке инвесторлардың және басқа да көздердің есебінен жүзеге асырылатын коммерциялық қызметтерді көрсету орталықтарын дамыту және құру арқылы жүзеге асырылатын болады.

      2. Ауылдық округтердің орталықтарын, ауылдарды және кенттерді дамыту.

      Осы бағытты іске асыру жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау және кеңейту, орта және ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту, ауылдық инфрақұрылымдарды дамыту, тұрғын үй салу жөніндегі шараларды іске асыру жолымен жүзеге асырылатын болады.

      Ауылдық округтердің орталықтарын, ауылдар мен кенттерді дамыту жөніндегі шараларды іске асыру кезінде табиғи-климаттық жағдайлар, АЕМ экономикалық бағыты, ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандандырылуы, ауылдық инфрақұрылымның дамығандығы және басқалар ескерілуі қажет.

      Бұдан басқа, жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен бас жоспарларды әзірлеу немесе түзету қажет, олардың стратегиясы орта және ұзақ мерзімді перспективада болжанатын халық санын ескере отырып, әлеуметтік, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға және жаңғыртуға бағытталатын болады.

      Агломерацияның аймағына кіретін АЕМ-нің бас жоспарларын және құрылыс салу схемаларын әзірлеу және түзету міндеттерін іске асыру оның стратегиясына сәйкес Қазақстан Республикасын аумақтық дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеумен қатар жүзеге асырылатын болады.

      3. Даму әлеуеті жоғары және орташа басқа АЕМ-ді дамыту үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау және дамыту, ұсақ тауарлы өндірістерді орта және ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына біріктіру, шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерімен нормативтік қамтамасыз етілуге дейін жеткізу, ауылдық инфрақұрылымды қалыпты жағдайда ұстап тұру бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Тірек АЕМ-ді және аудан орталықтарын, ауылдық округтердің орталықтарын, ауылдар мен кенттерді және даму әлеуеті жоғары және орташа басқа АЕМ-ді кешенді дамыту аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) аумақтарын дамыту бағдарламаларында оларды дамыту жөніндегі нақты іс-шараларды қамту жолымен жүзеге асырылатын болады.


      4. Ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті жоғарылату ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешен мамандарына көтерме жәрдемақы төлеу және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит ұсыну түрінде мемлекеттік қолдауды көздейді.

      Осы бағытты мемлекеттік қолдау "Дипломмен ауылға" жобасының және облыстардың аумақтарын дамыту бағдарламаларының шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      5. Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау АЕМ-ді дамыту және ауыл халқының тыныс-тіршілігін жақсарту жөніндегі іс-шараларды айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеуге тұрғындарды тартуға бағытталған.

      Іс-шараларды іске асыру жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау шеңберінде әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа АЕМ-де ғана жүзеге асырылады.

      Ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдері жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, онда бірінші кезектілігі мен өзектілігі негізге алына отырып (іс-шараларды "төменнен жоғарыға қарай" іріктеу қағидаты), іс-шараларды іріктеу бойынша ұсыныстар талқыланады және шешімдер қабылданады.

      Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:

      1) білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, сумен жабдықтау, газбен жабдықтау объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу;

      2) коммуналдық шаруашылық: көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз қалған объектілерді бұзу, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар мен мал қорымдары полигондарын жайластыру, жылыту жүйелерін жөндеу, балалардың аула ойын алаңдарын орнату;

      3) көлік коммуникациялары: кентішілік жолдарды және көпірлерді күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, бағдаршамдар орнату;

      4) ауыл шаруашылығы: су қоймаларын тазарту, иесіз қалған су техникалық құрылыстарын қалпына келтіру;

      5) елді мекендерді абаттандыру жөніндегі іс-шаралар.

      Ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру кезінде қолданыстағы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды, облыстар мен аудандардың аумақтарын дамыту бағдарламаларын қаржыландыру тетіктері пайдаланылатын болады. Бұл ретте ауылдық аумақтарды дамыту бойынша барлық бюджеттік инвестициялық жобалар (бұдан әрі – БИЖ) өңірлік даму саласындағы орталық уәкілетті органмен және басқа мүдделі орталық мемлекеттік органдармен кешенді дамыту жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларына сәйкестігі тұрғысынан келісілуі тиіс.

      6. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту

      Қойылған міндетке қол жеткізу мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) шекара маңындағы аудандардың ірі қоныстарының әкімшілік маңыздылығын арттыру;

      2) перспективалы елді мекендерді – шекара маңы ынтымақтастығының тораптық нүктелерін және оларды дамыту бойынша шараларды айқындау;

      3) шекара маңы ынтымақтастығы елді мекендерінің инфрақұрылымын дамыту және жайластыру;

      4) шекара маңындағы аумақтардың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту.

      Аталған бағыттарды іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен шекара маңындағы ынтымақтастықтың инфрақұрылымын дамыту, өндірісті әртараптандыруды жүзеге асыру, шағын бизнестің қалыптасуын ынталандыру, жергілікті инвестициялық ахуалды жақсарту мен әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы бекітілген мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларға, облыстардың аумақтарын дамыту бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      1. Шекара маңындағы аудандардың ірі қоныстарының әкімшілік маңыздылығын арттыру.

      Шекара маңындағы аумақтардың ірі қоныстарының әкімшілік маңыздылығын арттыру мақсатында:

      1) көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, қолданыстағы көліктік және транзиттік дәліздер арқылы жүк ағындарын ұлғайту;

      2) туристік-рекреациялық объектілерді, туристік инфрақұрылымды салу (реконструкциялау) және пайдалану бойынша бірлескен кәсіпорындарды құру, туризм саласындағы өңірлік және шекара маңындағы ақпараттық жүйелерді дамыту және өзара іс-қимыл жасау;

      3) өнеркәсіпті, жаңа технологияларға негізделген экспортқа бағдарланған және импорт алмастырушы өндірістерді дамыту, сауда және экспорт көлемдерін ұлғайту, озық басқарушылық тәжірибені енгізу бойынша шаралар қабылданатын болады.

      2. Перспективалы елді мекендерді – шекара маңы ынтымақтастығының тораптық нүктелерін және оларды дамыту бойынша шараларды айқындау.

      Осы елді мекендерде жаңа өндірістерді, тиісті көліктік инфрақұрылымды құру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін жағдайлар жасалады.

      Перспективалы елді мекендердің – шекара маңы ынтымақтастығының тораптық нүктелерінің тізбесін облыс әкімдіктері айқындайды және өңірлік даму саласындағы уәкілетті органмен келіскеннен кейін жергілікті атқарушы орган бекітеді.

      Перспективалы елді мекендерді дамыту жөніндегі шаралар экономикалық белсенділіктің өсуін және инвестициялық тартымдылықты ынталандырудың әртүрлі тетіктері арқылы, оның ішінде қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға арналған мемлекеттік инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады.

      Перспективалы елді мекендерді – шекара маңы ынтымақтастығының тораптық нүктелерін дамыту мақсатында:

      1) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріне және басқа елді мекендерге еркін және жылдам жүруге мүмкіндік беретін шекара маңындағы жолдар желісін құру;

      2) пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орындарын бірлесіп пайдалану, халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қолда бар өндірістік қуаттарының жүктемесін арттыру;

      3) перспективалы елді мекендердің – шекара маңы ынтымақтастығының тораптық нүктелерінің әлеуеттік сыйымдылығын арттыру мақсатында осы елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.

      3. Шекара маңы ынтымақтастығы пункттерінің инфрақұрылымын дамыту және жайластыру.

      Осы бағыт шеңберінде көршілес мемлекеттермен шекара маңы ынтымақтастығының инфрақұрылымын бірлесіп салу және пайдалану жөніндегі шараларды қоса алғанда, оларды дамыту (шекарадан өту орындарын, бақылау-өткізу, кеден бекеттері және басқалар) жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

      Шекара маңы ынтымақтастығы пункттерінің инфрақұрылымын дамыту және жайластыру мақсатында:

      1) кедендік және шекаралық инфрақұрылымды дамыту, шекарадан өту орындарын, бақылау-өткізу және кедендік бекеттерді, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық және басқа бақылау органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру;

      2) шекаралық, кедендік, иммиграциялық, экологиялық, фитосанитариялық және бақылаудың өзге түрлерінің рәсімдерін жетілдіру;

      3) өткізу қабілетін арттыру мақсатында Мемлекеттік шекарадан өткізуді ұйымдастырудың технологиялық схемасын жетілдіру;

      4) экспорттық және импорттық операцияларды ресімдеу мерзімдерін қысқартуға ықпал ететін жағдайлар жасау, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін электрондық құжат айналымы жүйесімен және автоматты сәйкестендіру жүйесімен жайластыру, кеден қоймалары мен терминалдарын жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады.

      4. Шекара маңындағы аумақтардың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту.

      Шекара маңындағы аумақтардың экономикасын әртараптандыру мақсатында:

      1) шекара маңындағы аумақтарда қолда бар резервтер мен пайдаланылмайтын шаруашылық активтерді (айналымнан шығарылған тоқтап тұрған өндірістерді және басқаларды), пайдалы қазбаларды экономикалық айналымға тарту және қолданыстағы инженерлік және көліктік инфрақұрылымды тиімді пайдалану;

      2) өңірлерде бар ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді (егістіктер, оның ішінде суармалы жерлер, жайылымдар, шабындық, көпжылдық екпелер, тыңайған жерлер) экономикалық айналымға тарту;

      3) мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы саласындағы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуіне, оны дайындауды және сақтауды ұйымдастыруға бағытталған нақты жобаларды іске асыру;

      4) халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қолда бар өндірістік қуаттарының жүктемесін арттыру;
      5) шекара маңындағы аумақтардың шаруашылық субъектілері арасындағы өңіраралық өзара тиімді байланыстарды белгілеу, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кооперациясы, құрылыс, қаржы, технологиялармен алмасу салаларына және заңнама мен іргелес мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарының режимдеріне қайшы келмейтін басқа да салаларға инвестициялар тарту мақсатында шарттар жасасу;

      6) іргелес елдердің озық технологияларын, заманауи машиналары мен жабдықтарын пайдалану арқылы шекара маңындағы сауданы, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Іс-шараларды қаржыландыру көзделген бағдарламалық құжаттар шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылады.

      Көрсетілген бағыттар бойынша шекара маңындағы аумақтарды дамытуды мемлекеттік қолдау мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, сондай-ақ облыс аумақтарын дамыту бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Экономикалық өсу орталықтарын дамыту жөніндегі іс-шараларды мемлекеттік қолдау басымдықтары

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 31.12.2016 № 922 қаулысымен.

      1-басымдық. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту (электрмен, жылумен, газбен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері)

      Қаржыландыру басымдығы тұрғысынан уәкілетті органда іріктеуден өткен инженерлік инфрақұрылымдар объектілерін салу және реконструкциялау бойынша БИЖ Бағдарлама шеңберінде қаржыландырылуы тиіс.

      Су ресурстарының әлеуетті тапшылығы тәуекелін төмендету үшін коммуналдық секторда су үнемдеу жөніндегі шаралар әзірленіп, енгізіледі. Ол үшін су үнемдеу технологиялары енгізіліп, су беру, сондай-ақ су бұру коммуналдық желілері жаңғыртылады. Бұдан басқа, су тазалау және сарқынды суды өңдеу жүйелері реконструкцияланады, өнеркәсіпте су үнемдеу технологияларының үлесі өсіп, суды қайта өңдеу, сондай-ақ қайтарымды сумен жабдықтау қуаты көбейеді. Су инфрақұрылымының ірі объектілері – магистральдық каналдар, су резервуарлары, бөгеттерді реконструкциялау бойынша іс-шаралар шығындарды азайтудың елеулі тетігі болып табылады. Аталған іс-шараларды іске асыру үшін барлық су шаруашылығы және гидромелиоративтік инфрақұрылым объектілерін көпфакторлы зерттеу жүргізіледі.

      Тұрғын үй-коммуналдық секторда су үнемдеуді және суды тиімді пайдалануды арттыру үшін түпкі тұтынушылар үшін суды есепке алу аспаптары орнатылады, сондай-ақ қалалық желілерде шығын деңгейі төмендетіледі.

      Осы басымдық бойынша электрмен, жылумен, газбен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамыту тетіктері осы Бағдарламаға 3-қосымшада көрсетілген.

      3-басымдық. Тұрғын үй қорын жаңғырту (терможаңғырту)

      Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымның энергия тиімділігін арттыру шеңберінде қолданыстағы ғимараттарға күрделі жұмыстар жүргізу кезінде терможаңғыртуды жүзеге асыру жалғасатын болады.

      Аталған басымдық бойынша кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне терможаңғырту элементтерімен бірге күрделі жөндеу ғана жүргізіледі.

      Бюджеттік бағдарлама шеңберінде күрделі жөндеу республикалық бюджеттен қаржыландырылады, олар:

      1) ең аз жұмыс түрлері – жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін және үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарын міндетті түрде орнатумен тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін және жертөлесін жөндеу;

      2) ең көп жұмыс түрлері – жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін және үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарын міндетті түрде орнатумен шатырды, кіреберісті, жертөлені, қасбетті жөндеу, лифт жабдығын (бар болса) жөндеу (ауыстыру).

      Аталған басымдық шеңберінде терможаңғырту элементтерімен жөндеу жұмыстары үй-жай (пәтер) иелерінің қайтарымды қаражаты есебінен де жүргізілетін болады.

      Тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі осы Бағдарламаға 5-қосымшада көрсетілген.

      4-басымдық. Индустрияландырудың, агроөнеркәсіптік кешеннің, туризм және баламалы энергия көздері саласының ірі өңірлік жобаларына арналған инфрақұрылымды дамыту

      Аталған басымдық шеңберінде Бағдарлама қаражаты есебінен қаржылай қолдау көрсетудегі артықшылық республика және өңірлер үшін барынша мультипликативтік әсерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін БИЖ-ге беріледі.

      Ірі бизнес-жобаларды іске асыру үшін инженерлік-көліктік инфрақұрылымды (жолдар, кәріздер, газдандыру, жылумен жабдықтау, су құбырлары, теміржол тұйығы, қосалқы электр станциялары, электр беру желілері және ирригациялық жүйелер инфрақұрылымдарын салу және реконструкциялау) салу және жеткізу бойынша БИЖ-дер қаржыландырылуы тиіс.

      Инфрақұрылымды салу және жеткізу бірнеше бизнес-жобаны қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкін.

      Бағдарлама шеңберінде баламалы энергия көздерінің инфрақұрылымын дамыту жобалары бойынша қаражат бөлу мыналарға:


      1) коммуналдық және өндірістік мақсаттар үшін электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалықтары;

      2) негізгі және/немесе резервтік энергиямен жабдықтау көзі ретінде агломерацияның ықпал ету аймағындағы АЕМ;

      3) вахталық (уақытша) кенттер;

      4) туристік-рекреациялық әлеуеті бар жерлер үшін гибридті қондырғыларды қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерінен (су ағыны, жел, күн энергиясы және басқалар) электр және/немесе жылу энергиясын өндіру үшін қондырғылар сатып алуға және құруға бағытталатын болады.

      5-басымдық. Қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту

      Аталған басымдық бойынша қаражат бөлу қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту және энергия тиімділігін арттыру, оның ішінде:

      1) қалдықтарды тиімді кәдеге жарату;

      2) атмосфералық ауаның жағдайын жақсарту;

      3) кешенді энергия үнемдеу және экологиялық ("жасыл") технологияларды салынып жатқан және қолданыстағы коммуналдық тұрғын үй қорына енгізу бойынша БИЖ-ге бағытталатын болады.

      Бұл ретте БИЖ-ді іріктеу осы Бағдарламаның, сондай-ақ өзге де қолданыстағы су ресурстарын дамыту жөніндегі бағдарламалардың, қалалар мен елді мекендердің бас жоспарларының, "Жасыл экономика" тұжырымдамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      6-басымдық. Көлік қолжетімділігін арттыру және агломерацияларда тиімді жұмыспен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау

      Агломерацияларда іске асырылатын мынадай:

      1) агломерациялық құрылымдар ішіндегі жол желілерін дамыту;

      2) облысішілік көлік коммуникацияларын салу және жаңғырту бойынша БИЖ қаржыландырылуы тиіс.

      Бұл ретте БИЖ-ді іріктеу осы Бағдарламаның, сондай-ақ өзге де қолданыстағы көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бағдарламалардың, қалалар мен елді мекендердің бас жоспарларының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      7-басымдық. Ауылдық жерлердің кадрлық әлеуетін дамыту

      Ауылдық жерлердің кадрлық әлеуетін дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшiн келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      8-басымдық. Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау

      Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының негізінде жергілікті бюджеттің шығыстар базасына енгізілген жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде жүзеге асырылады.

      Осы басымдық бойынша Бағдарламаны іске асыру кезіндегі қаржыландыру тетігі мен қатысушылардың өзара іс-қимылы осы Бағдарламаға 6-қосымшада көрсетілген.

      Жергілікті атқарушы органдар ұсынған жоғарыда көрсетілген басымдықтар шеңберінде іс-шараларды іске асыру бойынша БИЖ-ді жұмыс органы қараған кезде жобаға артықшылық мынадай өлшемшарттар негізінде беріледі:

      1) БИЖ-ді іске асырудан бюджеттік инвестициялар бірлігіне шаққандағы жиынтық әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің мыналарда көрсетілген мөлшері:

      өңірде құрылған уақытша/тұрақты жұмыс орындарының саны;

      өндіріс көлемінің өсуі (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көрсетілетін қызметтер);

      өңірлік бюджетке салықтық түсімдердің ұлғаюы;

      БИЖ-ді іске асырудан пайда алушылардың саны;

      коммуналдық, инженерлік және рекреациялық инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілу деңгейінің артуы;

      қозғалыс жылдамдығының ұлғаюы және жол жүру уақытының азаюы;

      2) жобаны іске асырудан жиынтық экологиялық тиімділіктің мыналарда көрсетілген мөлшері:

      атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының азаюы;

      ластағыш заттарды төгу деңгейінің азаюы;

      өңделетін қалдықтар үлесінің артуы;

      энергия үнемдейтін технологиялардың енгізілуі;

      3) БИЖ-ді іске асыруға бағытталған бөлінетін бюджет қаражаты көлемінің коммерциялық жобаны іске асыруға бағытталған жеке инвестициялар көлеміне қатынасы;

      4) жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру үлесі.


жүктеу 3,05 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау