Жүректе қаһар жалындаса,
Бойда қайрат арындар.
Тай ат болса, ат тынар,
Ұл ер болса, ата тынар.
Атың жаман болса, қарың кетер,
Балаң жаман болса, арың кетер.
Салыстыра қарасақ, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері тілінде кездесетін осы сынды мақалдардың жасалуында қазіргі тілден еш айырмашылығы жоқ. Мақалдарға тән тұрақты үлгілердің сақталуы, мағынасы қарама-қарсы антоним сөздердің жұптасын келуі (жұқа – жіңішке) сынды т.б. паремиологиялық тәсілдер көне мен бүгінгінің арасындағы байланыстың тамырының тереңде екенін көрсетсе керек. Олай болса, халқымыз ежелден-ақ тілге үлкен мән берген, тілдің қадір-қасиетін түсінген, сондықтан «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп бекер айтпаған.
Ұлт мәдениетінің ертедегі қалпын зерделей білу этнос тарихына қатысты мәлімет алуға көмектеседі. Сонау Орхон-Енисей ескерткіштерінен бастап, М. Қашқаридің, Ж. Баласағұнидің, А. Йүгнекидің, Қ.А. Йасауидің т.б. орта ғасыр ойшылдарының еңбектерінде берілген мақал-мәтелдер – біздің алтын қорымыз.
Көне жазба ескерткіштер тілінде кездесетін ММ-дердің саны көп емес, қашан пайда болғандығы, кімнің сөзі екендігі көрсетілмеген, ал ММ-дердің ескерткіштер тілінде көптеп берілуі XI-XII ғасырларға тән Ж. Баласағұнидің «Құтадғу біліг», М. Қашқаридің «Диуани лұғат-ит-түрк» [47], А. Йүгнекидің «һибат-ул-хақайиқ», Йасауидің «Диуани хикмет» сынды еңбектерінен бастау алады. «Құтадғу білік» пен «һибат-ул-хақайиқ» ескерткіштерінің негізгі мазмұны дидактикалық сарында жазылған өлеңдер болғандықтан, нақыл сөздер мен ММ-дерге толы. ММ-дердің тарихи табиғатын танып білуде бұл ескерткіштердің орны ерекше. Соңғы статистикалық мәліметке сүйенсек, ҚБ-те – 441, ДЛТ-те – 306, ҺХ-та – 96, ДХ-те – 125 ММ-дер кездеседі екен [48].
ММ-дер өзге тұрақты сөз орамдарынан (қанатты сөз, афоризмдер т.б.) тұлға жағынан ықшам, мазмұн жағынан əмбебап болады. Өзге сөз орамдарына қарағанда ММ-дер əлдеқайда тұрақты, тиянақты болып келеді. Сонымен қатар көне дәуірлерден бері қалыптасқан, белгілі бір жүйеге түскен ММ-дерге тән тұрақты үлгілер бар. Ал қанатты сөздердің жасалуында ондай үлгі-қалып жоқ, сондықтан еркін, көлемі жағынан да әртүрлі болып келеді.
Бұл мақал-мәтелдерді зерделей отырып, қазақ мақал-мәтелдерінің ата тарихымен танысамыз. Сөздіктегі мақал-мәтелдер сол дәуірлерден әлдеқайда бұрын жасалып, күні бүгінге дейін өзегі үзілмей келе жатқан даналық дәстүрдің үлгісі деуге болады. Мысалы, А. Йүгнеки мына өлең жолдарындағы мақалдың бұрыннан келе жатқандығын айтады: “Тіл мен жақтың көркі – шын сөз, Шын сөз бал сияқты, жалған – жуа, Бал [татыған] аузыңды жуа жеп ашытпа! Немесе жалған сөз – ауру, шын сөз ем сияқты. Бұл бұрыннан келе жатқан мақал сөз”.
Мағыналық, тұлғалық жағынан өзгеріске түсіп те, түспей де жеткен мақал-мәтелдер бүгінгі тілімізде қолданыста жүр. Әртүрлі тарихи кезеңдерді басынан кешірген, діні өзгерген, әртүрлі көрші елдермен экономикалық, әдеби, мәдени қарым-қатынасқа түскен түркі халықтарының тілінде өзгерістердің болғандығы анық. Уақыт өте келе тұлғалық жағынан ғана емес, мағына-мазмұн жағынан да эволюциялық дамуды басынан кешірді.
ДЛТ ескерткіші тілінде жұмбақ, мақал, мәтел, өлең-жырлардың мол қоры бар. Бұларды жинап, жинаққа енгізудегі мақсатын М. Қашқари былай түсіндіреді:
«Түркі халықтарының атамзаманнан көрген-білгендерін баяндайтын бәйіт-жырлары мен қайғылы және қуанышты күндерінде айтатын терең мағыналы мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым. Сөйтіп, бұл кітап ұрпақтан ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, әсемдік әлем – мәңгілік өмірге біржолата жолдама алды [49].
Ала қарға қарысын ким билир киши аласын ким тапар.
Қарғаның кәрісін, жасын кім білер, адам аласын кім табар.
Киши аласи ичтин, йылқы аласи тиштин.
Тевә мүнүп қой ара йашмас.
Түйеге мініп, қойдың арасына жасырына алмас (МҚ III 60).
Достарыңызбен бөлісу: |