исрафыл. Десем де көп жырлайын жазғы сәнді, Жазғы өмір көп жасамай, күл боп жанды. Исрафыл сүріп үріп борандатып, Сарғайтып солдырады жапырақтарды (Ә. Тәжібаев);
сұрапыл — ауыс. керемет, қырғын, тажал, жантүршігерлік, ойран-топыр. Жұлдыздар қалса керек жасырынып, Сескеніп, ұясына күн тығылып, Сұрапыл астан-кестен, ойран-топыр, Әйтеуір бір ғажайып болды бүлік (Қ. Аманжолов). Қазір қиян-кескі сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде он саусағы ор текедей ойнап, сегіз сағат демалмай мақта теретін ол мың адам қайдан табылмақ (К. Әбдіқадыров).— Есрафил деп соны айтады екен... Сұрапыл деген содан қалса керек,— деп, Сейтен ескі нұсқалардың бірін аяқтады (Ғ. Мүсірепов);
ысырапыл — діни мұсылмандардың ұғымында ақырзаманның болғанын керней тартып хабарлаушының және қатты сұрапыл дауылмен өлген адамдарды қайта тірілтетін періштенің аты. Ысырапыл сүріп үріп тұрғандай-ақ Бұрқырап самал тұрса шаң қаптайды (Мансұр). Суырып ысырапыл тартқандай-ақ! Бұрқырап самал тұрса шаң қаптады (Мансұр);
сұрапылды — қиян-кескі, қырғынды, тажалды, опыр-топырлы. Ол жүрмейді жалтарып жанын сақтап, Шахталарда ол, мартеннің пештерінде Суық сорып, денесін жалын қаптап, Сұрапылды селдерді кешті өмірде (С. Мәуленов).
اسقاط (’ысқатун) ысқат — 1) шегеру, кеміту; 2) құлату; 3) дін түсінігінде молдаларға шариғат тәртібі бойынша берілетін төлем мен өлген адамның күнәсын сату. Ысқат — қазақтардың түсінігі бойынша, молдаларға шариғат заңы арқылы белгіленген төлеммен өлген адамның күнәсын сату деген сөз (Ы. Алтынсарин). Кісі өліп, ысқат байлап, дәуір жүргізгенде, «кәріп-қасер, жетім-жесір» дегіш болушы еді жұрт (М. Әуезов). Дүмше молданың оқытуы.— Неке қияр ат болар; бала туса, шат болар — Оған асыл зат болар; ат қояры — семіз ат; сүндет басы — үш түйе; ысқат деген — бес түйе (Ы. Алтынсарин).
اسلام (’исламун) ислам — бағыну, нану (Ислам — VII ғасырда Аравияда Мухаммед «пайғамбар» негізін салған дін, мұсылмандар діні. Ислам сүнни және шиғи деген негізгі екі жікке бөлінеді — Н. О.). «Ислам діні дегеніміз — Шығыс жұрттарына, әсіресе арабтарға, яғни, бір жағынан, саудамен және кәсіпшіліктермен шұғылданатын қалалықтарға бейімделінген, ал екінші жағынан, көшпелі бәдәуилерге бейімделінген дін» (К. Маркс. Ф. Энгельс). Дәурені өткен құлдық-патриархалдық қоғамның ізін басқан феодалдық қоғамның қойнауынан ислам діні туды, ол соның ықпалымен дамыды (X. Ақназаров). Ислам — «бағынған», «көнген» («құдайдың құдіретіне бағынған» мағынасында) деген сөз (М. Ысқақов). Бұқара баратұғын базарымыз, Жақын боп дін исламға жақын жүрміз... (Дәме қыз). Қазір ислам дінінің қанунына хилап іс істеген адамдар көбейе бастады,— деді Қуанай қазірет (X. Есенжанов).
ислям. Ислям дініне шубһасыз сенетін күннің өзінде де қазақ «қол жетпеген жерде құранның үстіне шығып, нанды алуға болады» — дейтін (С. Мұқанов);
іслам. Шешендік сөздердің бәрін бірдей халықтық, прогрестік мұра деп қарауға болмайды. Ақсүйек төре тұқымын дәріптеп, реакцияшыл іслам дінін уағыздайтын, еңбекші қауымды, әйел жынысын кемсітетін қанаушы тап өкілдерінен таралған залалды сөздер жоқ емес (Б. Адамбаев). Жәдит жолы - азғын жол, іслам дінін ойран қылуға айналған әрекет,— десті олар (І. Жансүгіров);
ісләм. Ұлы мәртебелі Уайс хан — ісләм дінінің қорғаны,— деді ол (I. Есенберлин);
іслям. Байы өлген жесір әйелге қазақтар іслям дінін жамылып, зор қиянат, зорлық жасайды (Ж. Молдағалиев);
исламдық. — 1) мұсылмандық; 2) мұсылман дәуіріне тиісті. Буржуазия идеологтары совет жастарына идеялық жағынан ықпал ету үшін исламдық уағыздарды, «бұрынғы мұсылмандық дәуір» дегенді шамадан тыс дәріптеп көрсетуге тырысады (К. Нұрмағамбетов). Исламдық шығыстан көркем әдебиет классиктерінен шығармашылық ісінде Абайдың кімдерді ұстаз тұтуы олардың есімдерін тізген бір өлеңінен мәлім (С. Мұқанов);
исламшыл — діни. ислам жолын қуушы.
исламшылдық. — ислам жолын қуушылық. Жамбылдың көзі жайнап кетті де, әлгі сорлы исламшылдық сөзін кілт тоқтатып, «ислам тек ақымаққа керек болар», - деп жекіп тастады (М. Қаратаев);
ислами — 1) исламдық, мұсылмандық; 2) мұсылман дәуіріне тиісті.
исламият — 1) мұсылмандық, мұсылмандар; 2) мұсылмандық өзгешелігі, айырмашылығы.— Абай, сіз исламият, ғарабият жолында сөйлесеңіз, мен еш нәрсе айтпас едім (М. Әуезов). Исламиятқа құрмет етерлердің азайған заманы ғой (А. Сейдімбеков);
исламия. Исламия халиф пиғылдағы жанның көбейген заманы ғой (А. Сейдімбеков);
сламия. Шоран сламия үйінде жиналып отырған ниет адамдары бар және басқалар бар, большевик солдаттары жақындап келе жатыр деген хабарды естіп, жан-жаққа тарасып кетті (С. Сейфуллин).
اسم (’исмун) есім — 1) ат, аты, атау; 2) атақ (репутация); 3) басы, аты, басталуы (кітаптың); 4) грам. есім; 5) кісінің атындағы қосымша (Есімбек, Есімжан, Есімқайыр). Ұлы Ленин, есімің Ұран болған еліме (Н. Байғанин). Мен тысқа шығып, азырақ ашу қылып, байға ақырып, қыр көрсетіп, қағаз-қарындаш алып, байдың және жанжал қылған жігіттің есімдерін қағазға жазып алған болдым. Бай азырақ қорқып, тезірек ат ұстатып, ылау берді (С. Сейфуллин). Күнтуар мен Дәмелі қыруар есімдерді бір-бірлеп атап өтті (С. Омаров). ...Колхоздың есімін «Жаңа тұрмыс» қойыпты (Жансүгіров). Бұл сөзіме нақлия дәлелім — жоғарыдағы жазылмыш есімдер (Абай);
исім. Садафтың шашыраған жауһарысың, Көңілімнің заһирасына салдың ұя. Исімін махбубімнің сұрасаңыз, Басы - «жем», ортасы - «мем», аяғы «лям» (Ақан сері);
ісім. Алты мың жан иесі хайуанат тұр, Олардың қандай адам қойған атын? Қауанат, набат атпен, нажас еткен, Әлемнің он сегіз мың білген затын. Ісім берген ұстаздан өзі үйренбей, Ұнатқан оймен тауып үш қажатын (Ырысжан);
есімдес — аттас. Сол жолы өзі есімдес алқаптан Рысқұл бір арқар атып алып еді (Ш. Мұртазаев);
есімдік — грам. зат есім, сын есім, сан есімдердің орнына қолданылатын сөздер («Қ. Т. Т. С.»). Есімдіктің мағынасы өзге сөздер мен сөз таптарының мағыналарына қарағанда тым жалпы, абстракті түрде айтылады («Қ. С. Э.»);
есімсіз — атсыз, атаусыз, есімі жоқ, ононим (хатта, кітапта атын жасырған автор). Ел мен жер деп жырлайтын жалпы атақ, Есімсіз қара сөзде болар шатақ. Әр гүлдің иісі басқа деген сөз бар, Әр шөптің тану керек атын атап (К. Әзірбаев);
есімше — грам. бірде етістік, бірде есімдер қызметін атқаратын, есімдерше түрленетін етістіктің түрі («Қ. Т. Т. С.»);
есімшелі — есімше араласқан, есімше формалы. Есімшелі қайырма деп ерекшеленген компаненттің баяндауышы есімшеде тұруын айтамыз («Қ. Қ.Т.»);
есімшелік — етістік, есімдік түрлері. Мұхтар Әуезовтің сөйлем аяқталымына енгізген сонылығы есімшелік түрмен ғана шегерілмейді (Р. Бердіқұлов);
әсмаи хұсна — Алланың Әкбәр, Кәрим, Кадир, Рахман сияқты 99 «игі» қасиетті, «аса тамаша» аттары. Ол ...кітаптарда сегіз сүбутия сипаттары бірлән тоқсан тоғыз әсмаи хұсналар бірлән білдірген (Абай);
исым ағзам — ұлы есімдер, ұлы аттар (асмаи хұсна). Тұсындағы шымылдықтың бауына ілген исым ағзам ба керек, әлдене мазарат етектей-етектей дұғалықтан Қамардың беті-жүзі көрінбейді (С. Торайғыров);
ісмі ағызам. Ассалаумағалайкүм, молда тақсыр! Ауырып қалыпсың-ау жолда, тақсыр? Шайтаны дәретіңнен күшті болса, Дұға оқы, ісмі ағызам, тұмар жасыр,— деді Шошқа Молдаға ( Жансүгіров).
اسماعيلى (’исма йлй) исмаили, исмаилшыл — діни. Шиға мазһабының Исмағил қалыптастырған ағымның мүшесі. Шиизмнің ең ірі сектасы исмаилшылдар болды. Исмаилшылдар VIII ғасырдың екінші жартысында Бағдат халифатының әлеуметтік қайшылықтарының шиеленісуі нәтижесінде шықты. Бұл сектаның негізін имам Джафардың ұлы Исмаил қалыптастырды (X. Ақназаров). Мен нағыз мұсылманның өзімін — ...менің шешем - мұсылман, исмаилит (дұрысы: исмаили — Н. О.) атты діни қауымнан еді (3. Шашкин).
اشارة (’ишаратун) ишарат – нұсқау, 2) кеңес, 3) белгі. Аяғы екі аяққа мәсіх пенен бітуші еді, бұлар хәммасы болмас көбі ишарат (Абай). Ақылы барға — ишарат (мақал). Жүсіпжан, жанабыңа жолдадым хат, Денсаулық хош па уақытың сау-саламат? Білмейтін сөз мағынасын ағаң едім, Жолықтым бабаға ұлық бір ишарат (Даңмұрын). Екі шыны табаққа сары май салып, күжілдетіп ақ самаурынды келтіріп, шайға ишарат қылды... (С. Сейфуллин);
ишаралау — түрлі белгімен, ыммен түсіндіру. Қара мұртты ішіп болдым дегендей ишаралап кесенің аузын басты (Ә. Кекілбаев);
ишараттау — белгі беру, дабыл қағу, ымдау. Адам да сол жер бетінде өзінің тура жолын біліп, тиісті шеңбер шегінен шықпай, қақтықпай-соқтықпай әділетті, ынсафты болу керек дегенді ишараттаған (А. Машанов). Шығып бара жатып Татьяна Антоновнаны қолымен ишараттап шақырып алды (С. Омаров);
ишаратсыз — белгі бермеу, дабыл қақпау, ымсыз. Қажымұраттың қысылғаны бұл да емес, бөтен дастарқанға ишаратсыз киліккен сұғанақ ауыздай жұрт көзіне жексұрын қылған мынау мүшкіл халі жанына батады (Қ. Ысқақов);
ишара. Әжесі өзіне байланысты бір нәрсеге ишара қып отырғанды көріп... (М. Әуезов). Айдаһар енді шамданып, Тауға қарай талпынды, Ишарамен білдіріп, Әтегенді шақырды (Жамбыл).
أشتفى (’иштафа) иштапа — табалау, біреудің қайғысы, қасіреті үшін қуану. Бір ақпар жанабыңа жаздым, Дақа, Кезінде уақытың не қош, көңілің қапа. Сүйер дос, сүйесетін бола қойса, Бар еді көңіліңізде әр иштапа (Шораяқтың Омары).
أشتهى (’иштаһа) иштиһа — 1) шабыт, зауық (асқа); 2) тілек, ықылас. Есіміңе сырттан анық хабардармын, Болғанмен қоныс бөлек, «көрмеген — жат». Арзу хал тағрипыңа иштиһалмын (дұрысы: иштиһамын — Н. 0.) «Данышпан» дегенмен бір азамат (Қаңлы Жүсіп).
اشد (’ашадду) ашад — аса қатты, өте қатал. Ашаддыға жан керек. Мен кәзір одан әрі ашадды (Ғ. Мұстафин);
әшәд. «Даналық» — бізге қайда, данышпаным? Келемеж бұл сөзіңіз, кәміл сарас. «Қосымхан қарашасы» депсіз және Қай уақыт халық биледі ол жайып палас? «Әл ғайбәт әшәду мінә-зінә» деген, Шығуға бұл сөзіңіз емес жалас (Әбдікәрім). Инженер Холь келгелі азап күшейе түскен. Оның тәртібі тым қатты. Кит етсе аяқ жұмсайды, қолма-қол жұмыстан шығарады... Міне, сол әшәдді Холь келеді (Ғ. Мұстафин).
اشياء (’ашйа’у) әшия — заттар. Қамданып күні бұрын жүрген жақсы, Болжаусыз демге қонақ ажал келмек. Жаралған күллі әшия һалақ болмақ. Болмақшы жан иесі бәрі де өлмек (Әріп);
әшиясыз — ауыс. мағынасыз, жөнсіз. Аузыма айрыларда сөз салмасаң, Қонғаның өлең шіркін бекер ме еді?... Ал, енді шіркін көмей былпыңдасын... Сөзімді әшиесіз (дұрысы: әшиясыз — Н. О.) кім тыңдасын (Әсет).
اصحاب (’асхабун) асқап. Хақ сәруар асқаптармен өткен тату, Көз жетіп кетеріне бір күн көшіп. Тілектес абыройға ағаң едім, Айтамын қадірлерің еске түсіп (Даңмұрын). Салла аллаһи нәбиге, Асқабалы Ғалиге!... деп әскерлерге салауат үйретті (X. Есенжанов);
асхап. «Салла аллаһи нәбиге, Асхабилари Ғалиге» - деп үш жүз аттылы хан салауатын күңірентті (X. Есенжанов).
اصلاح (’ислахун) ыслах — 1) жақсарту; түзету, жөндеу, 2) реформа, қайта құру, өзгерту. Халықты бұкүн құяш шығып шеттен Ыслахлық енді керек ертеректен («Әдебиет өрнегі»).
اصلان (’асланун) аслан — 1) олай емес, ешбір (уақытта), 2) тегі, туысы, руы. Аслан! Аслан! Аюға намаз оқытқан таяқ! Жабайыны жөнге салатын жаза!— деді ызалы Жәңгір (I. Жансүгіров). Мен қазақтан аслан солдат алмадым, Артықша ауыр салық, салғырт салмадым,— дейді ызалы Жәңгір (I. Жансүгіров).
اصل (’аслун) асыл — 1) тамыр, түп, түбір; 2) негіз; 3) басы; 4) принцип; 5) тегі, туысы; 6) тұқым, нәсіл, тек, жыныс; 7) себеп; 8) нұсқа, түпнұсқа; 9) жалпы саны, сумма, қосынды сан. Ескі мезгілде маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар «татан» деп жазады, асыл түбі қазақтың сол татар (Абай);
асылда — тегінде, түбінде, негізінде, дұрысында. Әрбір наданның біз тарихатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады. Хаким, ғалым — асылда бір сөз, бірақ ғарафта басқалар дүр (Абай);
аслы. Қанағат сол уақытта етпес көңілің, Бар мүлкін бұл жаһанның жинап терсең. Олардан аслы пайда көре алмайсың, Айрылып денсаулықтан, азап көрсең (Тұрмағамбет). Жаһилдер ғалым сөзін тыңдамаған, Шарғиға мықтап белін байламаған. Хайуандар есебінде көрінеді, Аслына назар салып аңдамаған (Н. Наушабаев);
اصيل (’асилун) асылы — 1) түпкілікті; 2) негізгі; 3) бастапқы; 4) туған, ана, аналық тіл; 5) өзіндік; 6) ақиқат, дұрыс, дәл, нағыз, анық. Асылы, адам деген сөздің мағынасы терең жатыр (Ғ. Сланов). Асылы әділ жолдан қия баспай. Миуасын тіршіліктің тынбай терсең. «Күнә» деп, кім айтады күнелтуді? Алжаспай адамдықты өтей берсең (Керейт Шәді);
әслі. Қояйын қорғалатып саспа, Дәме, Торғайдай тұрымтай мен қырғи қуған. Болған соң әслі пенде әлде мін бар, Мін айтпа килігерсің сорға мұндар (Мансұр);
әсілі. Түнеріп қара бұлттай отыр молда, Түксиіп қарап қойып оң мен солға. Құдайдың өзі ұстатып кеткендей-ақ, Әсілі ақ таяғы түспей қолда (Қ. Бекхожин). Әсілі - сөздің аяққы буынының жұмсағырақ айтылатын түрі, оңтүстік қазақтарының сөйлеу тілінде жиірек кездеседі (Р. Бердіқұлов);
асылында. Асылында да, ағаш деген сөз өз бетінше жайылып кететін қой емес, бірақ бұл да солардан кем бап тілемейді,— дейді Әбу ақсақал (Қ. Достаев).
اصول (’усулун) ұсул — 1) ауыс. әдіс, тәсіл, тәртіп, жүйе; 2) фин. актив (өндіріс орындарының құнды зат немесе аласы ақша бұйымдары). Заманаға жарарлық ғылым, білім Табылмас бұл қазақтың арасынан. Ескі ұсулмен оқытып, оқығанмен Кім жетілген сахарауи даласынан (Мақыш). Солай болса да, бұл уақытта... Тәртіпті медреседен тәртіпті оқу оқып, «Ұсул тағлім» көрген молдалар еліміздің әр жеріне келе бастады (С. Торайғыров);
усули, XIX ғасырдың басынан былай қарай қазақ арасындағы мектеп, медреселердің көпшілігі жаңа, төте оқу — усули жәдит тәртібіне көшті («Қ. Ә. Т.»);
ұсули — 1) заңша, ережеше; 2) әдіс, тәсіл, тәртіп, жүйе; 3) заңшы, заң қызметкері. Тек XIX ғасырдың аяғында халық санасының оянуымен байланысты, қазақ арасындағы мектеп, медреселердің көпшілігі төте оқу — ұсули жәдит — тәртібіне көшті. Бұл — оқытудың жаңа тәртібі еді. Мектеп, медреселердегі діни сабақтармен қатар ана тілі, есеп, география, тарих пәндері, ал кейбір медреселерде орыс тілі оқытыла бастады (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров);
ысули. «Ысули (дұрысы: усули — Н. О.) хадимшы» атты дінге, молдаларға қарсы жазылған дастан бұрынғы басылуында енбеген еді (С. Машақов).
асыл — 1) игі, игілікті, мейірбан; 2) атақты, белгілі, текті, бекзада (ақсүйек); 3) асыл тұқым; 4) дұрысы, дәл өзі, түпнұсқаның тап өзі, нағыз; 5) туыстан, табиғи; 6) ауыс. қымбат, қымбатты; 7) негізгі тұрғын, сол жерде туған. Асыл — тастан, ақыл — жастан (мақал). Сауын сиырлардың жүзден жиырма бесі асыл тұқымды болса, жүздің бергенін береді (Ғ. Мұстафин). Асыл адам айнымас, Бір бетінен қайрылмас. Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айрылмас (Абай);
асылдандыру — жақсарту. Осы екеуін бірдей жойып, темірді асылдандыратын әдіс табу керек (А. Машанов). Былтырдан бері қолдағы малдың тұқымын асылдандырып ұстауды арман етіп жүрген (Ә. Нұрпейісов). Мал тұқымын асылдандырам десең, жақсы тұқымдарын іріктеп ала біл (Ғ. Сланов);
асылдау — қадірлеу, құрметтеу, күтіп ұстау. Әдеби көркем тіл — халық қазынасы. Оны асылдап, ардақтап ұстасақ қана жарасады (Д. Досжанов).
أضافة (’идафатун) изафет — 1) қосу, грам. изафет (идафа) — анықтауыш пен анықталатын сөз тіркесіндегі бірінші сөздің аяғына қосылып ілік септігінде келуі. Демек, көбірек кездесетін тәжірибеге сәйкес интернационалдық атаулар қатысатын күрделі терминдердің анықтауышын көбінесе жұрнақпен, ал қазақша атауларды көбінесе изафет формасында қолданған мақұл (Қ. Сағындықов). Қазақ тіліндегі «изафет» деп қарайды (Т. Жанұзақов);
изафеттік — грам. жалғастырушы қосымша. Қатар қолданған екі синоним кейде изафеттік құрылыста жұмсалады (Ә. Болғанбаев). Халық ауыз әдебиетінің жырлары мен тұрмыс-салт жырларында әке атымен аталуды жиі кездестіреміз. Олар «ұлы», «қызы» сөздері арқылы толық, кейде изафеттік конструкцияда қолданылып отырады (Т. Жанұзақов).
اطاعة (’ита‘атун) итағат — 1) тыңдау, құлақ салу, тіл алу, 2) бойсұну, ырыққа көну. Мұнда не лазіз, не лаяқат! Хан фарманына халық етсін итағат!— деді Жәңгір (I. Жансүгіров).
اطراف (’атрафун) атрап — 1) айнала, төңірек, маңай. Ол, сірә, бұл атрапты жақсы білетін сияқты (М. Горький). Қыр басынан атрапқа көз жіберіп тұр (Ғ.Мұстафин);
атыраф. Жүністің бір өлеңінде былайша жазылған екен. «Жазды деп бұ өлеңді ғайып етпе, Атырафын бұл сөзімнің білсең аңлап (С. Мұқанов);
атырап. Жетсе тағдыр, аумайды — Өлшеулі өмір қадамнан. Сайраған тілі сап болар, Санаулы күнім таусылса, Аузымдағы жаланған. Сол барында сөйлейін, Атырапқа назар сап, Жұмылмай көзім қаранған (Базар жырау);
атрау. Сонан ұйғырлар жанындағы бұл тау атрауында көптеген сахра түркілер тұрады. Ескендірдің әскерін талқандаған түркі әскері ертеңіне қанға боялған алтын тауып алыпты. Бұл жер сонан былай қарай Алтын қан атаныпты. (М. Қашғари);
атырау. Арқада, Жетісуда, Атырауда Алаула, Октябрьдің оты лаула! Орталықтан таралған хабарларды Ауылда ардагерлер бақылауда (М. Мақатаев). Есіткен шығарсыз Маңғыстауды, Атырауында ел жайлап, мал қыстайды (А. Тоқмағамбетов).
اطلس (’атласун) атлас — жібек матаның бір түрі. Шай көрпе бір-екі жүз болса мамық, Тыстаған бәрін бірдей атласқа Тұратын адалдықпен қызмет етіп, Бас қоссам құмырсқа бел, қолаң шашқа (Шегебай). Қадалған бітеу үкі, шым кестелі. Тұскиіз түрлентіп тұр керегені. Құс мамық, атлас көрпе, шайы жастық, Жолбарыс, аю жатқан іргелері (I. Жансүгіров);
атылас. Сұрғылт атылас көйлектің үстіндегі алақандай сұрғылт беті бірте-бірте айқындала түсті (Ә. Кекілбаев). Қойшы қарт Москваға барып қапты, Аулындай емін-еркін аралапты. Алтайы қызыл бөрік, атылас шапан Айтпай-ақ танытыпты сол қазақты (М. Әлімбаев).
اظهار (’изһарун) изхар — 1) табу, білу, ашылу, 2) көрсету, талап ету, ұсыну. Қаю бірсіні тамам қылурмыз, тиішлі уақытда ғарызымыз әлен изхар (дұрысы изһар — Н. О.) қылурмызлар («Қ. Қ. Т.»). Изхар қылу сөз тіркесінің өзі қазақ тілінде қолданылмайды (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев).
اعانة (’и‘анатун) иғана — 1) жәрдем, көмек, 2) қайыр, садақа. Бұл кісілердің мәжілісі көбінесе ет, қымыз үстінде сауда жәрмеңкесінің жайы, жалпы саясат, мұсылман иғанасы, жұма, айт намазы, зекет, қаж әңгімесі, шариғат бақасы, құран-қатым сияқтылармен өтетін еді (І. Жансүгіров).
اعتبار (’и‘тибарун) еғтибар. Қазақ атаң баласынан мың қат ғайбат фиғыл көрсек те, бір қат көрсеткен еғтибары үшін кешіре береміз, һәркез дұғамыз да болады,— деді қожа (Ғ. Мүсірепов). Сапиді сәһил көрген себебінен, Қадір хак жанабынан қашықтатқан. Үшбу сөз еғтибарлы кітаптарда, Дәлелі кәләмолла бар растан (Шораяқтың Омары).
اعتقاد (’и‘тиқадун) иғтиқат — 1) илану, нану, сену, бойсұну; 2) діншілдік сезім. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да... иғтиқатқа да қиянатпен болады (Абай). Мысалы, жоғарыдағы текстегі иғтиқат — сенім (I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев);
иқтиқат. Жолына шариғаттың ерсең керек, Езгілік иқтиқатқа көнсең керек, Мойныңа дәлелменен түскен шақта, Соғуға албастыңды берсең керек (Ақан сері).
اعدادى (’и‘дадййун) иғдади — даярлық, әзірлік. Ахмет онан соң да тағы талпынып оқып, иғдади сыныфтарын (иғдади сыныф — 10 класс дәрежесіндегі оқу, ружди сыныпты бітіргеннен кейін жоғары мектепке әзірлейтін мектеп — Н. О.) бітірді (С. Торайғыров).
اعضاء (’и‘да’у) ағза — мүшелер (дененің, ұйымның). «Балалы жетпіс қасқыр» — нәпсің шығар, Ағзаңды әр ишқыңмен қамап жатқан. «Қоралы қой» дегенің — иман шығар, Көңіліңе қорқынышты көп ойлатқан (Кете Жүсіп). Келгенде жеті-сегізге, мектеп көріп, Ғылымның он жасында дәмін татқан. Он екі, әр пенденің ағзасы бар, Тұтас боп алты жерде қарар тапқан (Шәді төре).
أعظم (’а‘заму) ағзам — 1) ұлы (діни ұғымда құдайдың теңеуі), ең зор; 2) ең үлкен; 3) ең маңызды: Я пірім, ғайып иран қаусыл ағзам! Шадияр масайықтар, имам ағзам! — деп шуласты мүридтер (С. Торайғыров). Жол еді Бекіш айтса, иә Ешнияз, Шегебай, иә Аманжол, иә Шораяқ. Көріп ем мен солардың бәршесін де, Демеді олар маған: «жазба шатпақ». Түбіңе тумай жатып үгіт айтып, Оң болсын бұл ниетің, ағзам болмақ! (Ерімбет). 25 үйінде патша ағзамның жарлығы бойынша қазақ халқының 19 бен 31 жастың арасындағы еркегі әскерлік жұмысқа алынады... деп, Ақмола губернаторының жария қылған жарнама бұйрығы екен (С. Сейфуллин);
ағызам. Жас ақын оқуынан қашты аулына, Еткен ол мектебінде талай күнә. Бас имей патша ағызамның суретіне, Бағынбай басшылықтың жарлығына (Ә. Тәжібаев). Ассалаумағалайкүм, молда, тақсыр! Ауырып қалыпсың-ау жолда, тақсыр! Шайтаны дәретіңнің күшті болса, Дұға оқы, істі ағызам, тұмар жапсыр,— деді Шошқа Молдаға (І. Жансүгіров).
اعلام (’а‘ламун) ағлам — хабарлау, хабарландыру, ескерту. Ат жазбақ ағлам етіп, дән ғанимат, Халінен қарындастың қардар болмақ (Қаңлы Жүсіп).
اعلان (’а‘ланун) еғлан — 1) жариялау, халыққа есіттіру, 2) құлақтандыру, хабар беру, 3) жарнама, афиша. Бұл қисық Жүніс Шалов 1916 жылы патша ағызам хазіретләрінің биік указы еғлан етілгенде Герман патшасының Россия империясымен соғыс арқылы бағынышты етуге тілек білдірген,— деді һарон төре (X. Есенжанов). Ол туралы ешқандай еғлан естілмейді («А. Т.»).
اعلم (’а‘ламу) ағлам – барлығынан жақсы білетін (құдай), барлығынан хабары бар (ғалым). Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл... фиғылымызды ерітпек не бірлән табылады... (Абай). Бек, Жүсіп Ешниязов, хош па уақытың, Малыжан хұзырында ғиззат бақтың? Атыңнан ағыламнама келді бір хат, Бітілген екі беті бір парақтың (Қаңлы Жүсіп).
اعلى (’а‘ла) ағла — 1) асқар, ең биік, ең жоғары, 2) аса ұлы, ең зор. Ойланса, сөз табылар, ақыл-ағла. Берейін тапсам жауап сауалыңа (Кете Жүсіп). Ей, інім! Ақылың ағла аңдауымда, Тұрықсыз туысыңа жүрген дөңсең. Әр түрлі хикая мен дастан жазып, Болмай ма, қатарыңды жалпы жеңсең!? (Шораяқтың Омары). Атыңа ағла болған әркім ғашық, Нақ болсаң тарқатуға ер құмарын (Қаңлы Жүсіп).
اعمال (’а‘малун) әғмал — іс, еңбек, әрекет, қызмет. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыздың... хадис шарифі «иннәмал әғмал бинниет» деген (Абай);
Достарыңызбен бөлісу: |