бисмиллә. Бұл сахара! Бұл Қазақ жері. Мұнда келгеннен кейін әуелі «бисмиллә» деп бір шешініп тастадым (Ғ. Тоқай);
бисмулла. «Бисмуллалай» үсті-басын, сақалын қағынды, қалпе (Ж. Арыстанов);
бісмелла.— Бісмелла...— деген сөзі де шығып кеткен-ді (Ғ. Сланов);
бісмулла. Бартеке атын жетелеп, орыс көршісінің маласын сұрауға бара жатып, Асанның «бісмулла, я Қыдыр ата!» деген даусын естіп артына қарады (Ж. Арыстанов);
бісмілда. Бісмілда деп сөйлейін... Сүрінте көрме жағымды! (Бәйім). Сыйлы қонақ ақ жастықта, Шынашақтап жатады. «Бісмілда» деп бір күбірлеп, Шайдың дәмін татады (Ә. Тәжібаев);
бісмілдә. Арақты алғаш татарында Байжекеңнің «Бісмілдә!» деп ішкенін... айтып, ішек-сілемізді қатырғаны (Ә. Ахметов);
бісмілла. Бісмілла деп жазылған нұрдан қалам, Күн дегенде жаралған барша ғалам... (Ақан сері). «Бісмілла» деп оң қолын қыз шығарды, Кесілген қол сау болып бітіп қалды (Молда Мұса). Бейсектің анасының Алматыға бұл бірінші келуі. Үйлі-жайлы болған баласының есігін де тұңғыш ашуы. Сондықтан да, ол босағаны аттамай тұрып, ала қоржынның ішінен бір уыс бауырсақ алды да, «бісмілла» деп есіктен төрге қарай шашып жіберді (О. Бодықов);
пысмылла. Ап, пысмылла рахман рақым, — деді (І. Жансүгіров);
пісмелла. Байғұстың асын пісмелла тауысар (мақал). Қазір округ орталықтарындағы сөздердің де «пісмелласы» — Қарағанды (Ғ. Мұстафин);
пісмилла. Өзі де су перісіндей сұлу екен. Сірә, мені сиқырлап су алуға су астынан шыққан ғой. Пісмилла! Пісмилла!— деді Исан-Бұғы (І. Есенберлин);
пісмілда. Пісмілда!.. деп, Байжекең арақты сылқ-сылқ жұтты (Ғ. Мүсірепов);
пісмілдә. Шыңғыс кісесіндегі кездігін алар еді де, пісмілдә келтіріп, үйректі бауыздап, табан аузында төсін сөгіп, ыстық жүрегін «Ақұлпаға» жұтқызар еді (С. Мұқанов);
пісміллашыл. Тақуалар қариялардың бата қылғыш, бет сипағыш, пісміллашыл машықтарын көп істейтін болған-ды (М. Әуезов);
пісміллә. Дегенмен, есіңізде болсын, пісміллә дегенде өзіңнен көмек сұраймын,— деді Әліқұл (О. Бөкеев).
бісмілла ирраһман ирраһим — шапағатты, рақымды алланың атымен. (мұсылмандардың бір әрекетке кірісердегі діни формуласы). Бісмілла ирраһман ирраһим! Кәнекей, алыңыздар,— деді отырғандар (М. Қаратаев);
бисмилла рахман рахим. Бисмилла рахман рахим,— деді молда (Ү. Уайдин).
باطل (батилун) батыл — 1) жалған, өтірік, дұрыс емес, заңсыз, жарамсыз; 2) пайдасыз. Сәлдені оқшырайта киген қалай, Сүзіліп басты төмен иген қандай? Алатын тоқты-торым кеми ме деп, «Батыл» деп ақиқатқа тиген қандай (С. Торайғыров). Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарымен, һәммасы адам баласының пайдасы үшін, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады (Абай). Өнерді білмегендердің ісі батыл, Өнерсіз, бай болса да, болар пақыр (Әбубәкір);
батылдық — жалғандық, өтірік, бұрыстық, заңсыздық. Бұл хакимдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақтығына, яғни электрді тауып, аспаннан жайды бұрып алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы,... хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендігі — баршасы нафиғылық болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дағуа жоқ (Абай).
باطن (батинун) батын — 1) ішкі; 2) жасыру, жасырын, құпия; 3) іш, іш жақ. Тегіңде ишан бар ма мұрит шыққан, Мүһмінің әлін байқап, ашқан батын. Құранда жеті әріп жоқ, қай аятта? Тауып бер, сен ғылымды қылсаң хатым (Ақан сері).
باقى (бақййун) бақи — 1) қалдық, сақталған; 2) созылушы, ұзақ жасаушы; 3) мәңгі. «Аз» деген — жапи; «Көп» деген — бақи; «Жер» деген — тақи; «Көк» деген — жақи (Таубайдың Жүсібі). Кім жүрер тіршілікте көңіл бермей, Бақи қоймас фанидің мінін көрмей. Міні қайда екенін біле алмассың. Терең ойдың телміріп соңына ермей (Абай). Сіздің бейнеңізді бақи қалдырмақ едім (Ғ. Мұстафин);
бақил — (бақи сөз тіркестерінде бақыл деп те айтылады – Н. О.) тұрақты, мәңгі. Сүйікті сұрағанға сөйлемеген, Хадисте деп айтады: «бақыл болмас». Ереке, егес сөзге қойма қадам, Тұтылып тұзағына мислы қаннас (Қаңлы Жүсіп);
бақилық — мәңгілік. Дүние, жаратылыс, өмір туралы идеализмнің неше алуан тұздықтарын жаңартып, программаларына айналдырады, сан түрлі діндік сенімдерді жаңғыртып, «панилық», «бақилық» деген ұғымдарды жандандырады (Ә. Тәжібаев). Күз де келді, құбылтты күн мінезін, Киіз үйде көкемде дүмбілез үн. Бесін ауа біржола бақилық боп, «Қош» деді де, қиналып жұмды көзін (И. Оразбаев).
بالغ (балиғун) балиғ — 1) есейген, ер жеткен, піскен, толған; 2) үлкен, зор, алып. ЬІстық жақтың қанынан пайда болған қызды ертерек балиғы болады деген қауесет бар... (С. Мұқанов).— Оқасы не? — деп көне кеткен еді Шорман.– Шариғат «қызды — тоғызда, ұлды — он үште балиғ болады» дейді (С. Мұқанов);
балығ. Адамы тең болмаса, малға қыздың басын сатып алғанмен, көңілі сатып алынар ма екен?.. Қыздың баратын адамын сол балығ өзі ықтияр қылсын деп, Низами ерік беріп қойған жоқ па?.. (Мақыш);
балиғат. Балиғатқа жетпеген қыздар үшін қалың мал зекетін алатын етіп жарғы жазыңыз,— деді Бұхар бегі (Д. Досжанов);
балиғи — ер жету.— Бірақ ана Сары балиғи болғанша бұл жас келін тұрса игі еді,— деді Ақмадия кемпірге қарап (X. Есенжанов).
باهر (баһирун) баһір — 1) анық, ашық, жарқын; 2) өте жақсы, тамаша; 3) әдемі, сұлу; 4) өнегелі. Есімім Сағит, Мысыр шаһарымыз, Ашылмай он үш жылдай баһіріміз, Айрылған досымыздан сәрғәрдәрміз, Дарияда ойран болған сапарымыз («Ғашық-наме»);
баһарлы — анық, айқын, өнегелі. Еңбек қылсаң, ерге қыл, Бал төкпе шіркей-шыбынға! Мағрұр болмай жастыққа, Баһарлы сөзден пайда қыл, Боларсың кеңес нұбында (Шораяқтың Омары);
бәһіра. Тамаша әр мүшесі алуан-алуан, Сипат жоқ осы күнде одан қалған. Жаһанда мұндай сұлу тумағандай, Көрген жан бұл суреттен бәһіра алған («Ғашық-наме»);
بائن (ба’инун) байын — 1) анық, айқын, ашық, ақиқат; 2) еск. ақырғы, соңғы, ақтық (неке бұзу, ажырасу жөнінде). Ері талақ бергенмен, әйелін рәжғат етуге, тиісті мерзім ішінде қайтарып алуға еркі бар, егер, мерзімі өтіп кетсе, онда ол байынға (баин) айналады, неке шарты бұзылады (Н. Оңдасынов).
بحث (бахсун) бақас — 1) бір мәселені талқылау; діни. айтыс-тартыс; 2) келісімсөз жүргізу; 3) зерттеу, іздену. Жабыстық көрінгеннің етегіне, Бір бақас жаттап алып шала-шарпы (С. Торайғыров). Ойымша, «осылай шығар» деп ойлаймын: Балалардың бақас еткен таласының... (А. Жарасбайұлы);
бақыс. Қыпшақ халқынан шыққан ел билеген батыры мен елді аузына қаратқан ғалымы — өнерпазы арасында осындай біраз бақыстар болатын. Бұлардың арасындағы бақыста ешбір ерегіс, ілмелеу, мақтаныш жоқ. Ақылдасу, сарапқа салып, шындықтың көзін ашу мақсаты бар (А. Машанов);
бахас. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залалды емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады (Абай);
баһас. Ағамыз жауап берем Нұралыға, Біз қандық баһас іске құмарыңа. Өлеңді тәуір айтады деп естуші ек, Аулыңыз алыс болды сыр алуға (Мықан);
бәс. Жорғаң қатты болса, бәске сал, ісің адал болса, көпке сал (мақал). Қой, тілім, бәс болды, бұл ендігісі, «Лайық деген ердің ініне қақ!» Балалардай «сен қорқақ» деп шағыстырған, Бір сөзді тауып алдың қайдан олақ? (Қаңлы Жүсіп). Әскияда кімнің шамына тигенін, кімнің бөденесіне бәс тіккенін — бәрін-бәрін түк қалдырмай тәптіштеп түгел айтып береді (Ә. Кекілбаев);
бақастасу — күндесу, таласу, жарысу, серттесу, бәсекелесу. Оқуға зеректік жағынан Шоқан мен Усов - қатар оқитындардың ішінде ең озығы. Бақастасып оқитын олардан Усовтың озық жері — ағылшын тілі ғана (С. Мұқанов);
бәстесу. Балық жеуде балықшылармен бәстесе алмайды екен (С. Мұқанов). Және озбырлығын бірінен-бірі асырғысы кеп, қасақана бәстесіп қойғандай (Ә. Нұрпейісов);
бақастық — күндестік, қызғанушылық, көре алмаушылық. Сәндігерей мен Арман арасында бір бақастық бар (Ә. Сәрсенбаев). Осы бақастық ақыры Әмірді Құнанбай тырнағынан Абай келіп босатқанда, араздық шегіне жетіп, Абай мен Әмір Құнанбайдың теріс батасын алумен тынады («Қ. Ә. Т.»);
бахасшыл — таласқой, күншіл. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады (Абай);
бәсеке — жарыс, егес, талас, күндес. Екі жігіт, екі әйел екі тракторға тіркеген арбаларды бәсекемен тиеп жүр (Ғ. Мұстафин). Балалар жас кезінде бірімен-бірі бәсеке болады (С. Бақбергенов). Көйлегін Сыр қатыны бүрмелеген, Қынама қара бешпент түймелеген. Ноғайдан бәсекемен товар алған, Дегенмен бай болмаспыз кимегенмен (Дәме қыз);
бәсекешіл — жарысуға, таласуға құмар адам, күндеушіл. Ақтарлан қойып еді бәйге бермей, Үнемі тұрған емес жеке келмей. Күндеген, күнде қызған бәсекешіл, Намыстан жүруші еді аз-ақ өлмей (И. Байзақов);
бәсекелес — күндес, бақталас. Халифа мен оның бәсекелесі қойындарынан бөденелерін шығарды (С. Айни). Жанақ өзімен ұзақ заман айтысып жүрген бәсекелес, ақын қыз Күнекеймен сол қыздың дәл ұзатылғалы тұрған күнінде соңғы рет айтысып, жеңіліп шығады (М. Әуезов);
бәсекелестік — күндестік, бақталастық. Ел ішіндегі әбден шегіне жеткен қайшылықтарды айтпағанда, капиталистік елдердің өзара империалистік бәсекелестігі күшейе келіп, империалистік қантөгіс соғысқа бет алды (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров);
бәсекелесу — дәрежелік жарысу, күресу, күндес болу. Олар бірін-бірі басып озып, алға түспекке бәсекелеседі (Б. Соқпақбаев). Жаяу Мұсаның әкесі Байжан кедей шаруа болса да, еті тірі, пысық, өжет адам болған. Сол кездегі ірі феодал Шорман тұқымдарымен бәсекелесіп, балаларының атын Шорман балаларының есімімен аттас — Мұса, Мұстафа деп қояды («Қ. Ә. Т. »);
бәсекелі — жарысты. Майор бәсекелі атыстың шарттарын түсіндірді (Ғ. Мүсірепов).
بحر (бахрун) бахр — 1) теңіз; 2) үлкен өзен; Ніл; 3) поэз. өлшем, ақындық қайым.
бахри — 1) теңіздік; 2) Нілдік; 3) теңізші. Бесінші — Хамзам бахри ұлық дария, Алтыншы — Журжан бахри өзің ойла (Әбубәкір).
بخيل (бахилун) бақыл — 1) сараң; 2) ашкөз. Байлық түбі — бақыл, қазына түбі - ақыл (мақал). Бір бақыл бай бар екен сараң болған, Есігіне еш кедей бара алмаған. Ішкен асын кейінге қоюшы еді, Жан көрінсе алыстан қараңдаған (Молда Мұса). Қарадай жүріп қар жауғандай қаны қашып, тарылып жүретін бақыл еді («М. Б. Г.»);
бақылдық — 1) сараңдық; 2) ашкөздік.— Барып тұрған қу кісі бақылдықтан, Үзім нанмен үзіліп жаны шыққан («М. Б. Т.»);
бахилдық. Бахилдық деген тар орын... Тар лахатқа кіргенде Раушан қылмас қабырды (Әбубәкір).
بدر (бадрун) бедер — 1) толық ай (он төрт күндік); 2) ауыс. толған айдай шырайлы, дөңгелек жүзді, сұлу пішінді; 3) ауыс. абырой, құрмет, қадір. Қазақтың бедер деген сөзі арабтың бәдр сөзінен шығуы ықтимал (Л. Будагов). Сәтжан суреттерді ойып салды ма деп қолымен сипап көрді. Ешбір бедер жоқ (С. Бегалин). Аптықпай сөйле, Шашубай, сынып қалар бедерің (Жамбыл);
бедерлету — өрнектету, әшекейлету, таңба салғызу. Айдап көп шеберлерін нелер кенттің, Жауһармен күмбездерін бедерлеттім (Қ. Бекхожин);
бедерлеу — өрнектеу, әшекейлеу, таңба салу. Осыдан он бес күн бұрын бір табақ қағаздың бетін бедерлеуге кірісті (Ә. Сәрсенбаев);
бедерлеуші — өрнектеуші, әшекейлеуші, таңба салушы. Өз ісінің шеберлері атанған бедерлеушілер бұйымдардың жаңа түрлерін ойлап тауып, өндіріске енгізді («С. Қ.»);
бедерлі — өрнекті, әшекейлі. Темірлер тепшіп ағылды, Каналдар қақшып жөнелді. Айнала шашты жалынды, Шойындар жасыл бедерлі (С. Мәуленов). Сөзім бар ай бедерлі, айқындаған, Ұяттың саясында салқындаған. Бұл өлең күнә болса, неге айтасың? Естідім сен де оқыпсың, құран кәләм (Жарылқасын);
бедеріндей — бетіндегі өрнегіндей, әшекейіндей. Күз жаңбырымен қайта көктеп, көк аласыны енді-енді қылтия бастаған сары дала - село әйелдері сәндікпен жамылар мәнерлі шәлі бедеріндей (Шаймерденов);
бедерлену. Онда алтын түсті нақышпен бедерленген кілемдер жайылды («М. Б.Т.»);
бедерлес — түстес, түрлес. Сұқсыр үйректің бетеге жүні бедерлес шырпыдай жұқа сұйқылтым бұлт тұңғиық терең аспанды ала жауып тұр (Қ. Тайшықов);
бедерсіз — өрнексіз, әшекейсіз. Алтындап тігуге көбінесе бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады (С. Қасиманов). Құйылғандай бедерсіз қола тастан.. (С. Мәуленов);
бедер-бейне — өзіндік ерекшелік, көркемдік, өзіндік айшық. Шындығында, күні бүгінге дейін Абай мен Сұлтанмахмұт поэзиясы, Әуезов пен Мүсірепов прозасы орыс тілінде өзінің бар бедер-бейнелерімен көріне алмай отыр («Қ. Ә.»);
бедерші — ою-өрнек, бедер салатын шебер, маман, Бедерші — бедер түсіруші шебер (С. Қасиманов).
بديل (бадилун) бәдел — 1) ауыстыру, алмастыру; 2) ауыстырушы, алмастырушы, орнына қолданушы; 3) балама, эквивалент; 4) ақшалай орнын толтыру, төлеу.
بدن (баданун) бадан — дене; кеуде, көкірек. Көрініп арызымды айта алмаймын, Әйел боп жаралған соң баданымыз (Назым). Ылдидан төмен құлатып, Зырылдатып келеді. Баданын тасқа қақтырып, Пырылдатып келеді («Ғашық-наме»);
бәден. Өзі де дөңгеленіп біткен, әлі бәдені бұзылмаған, аздаған кербездігі бар, сымбатты әйел (Ғ. Мүсірепов). Ажар — қырықтар шамасындағы, жас өңді, жұмсақ мінезді, бәденді әйел (С. Омаров);
беден. Алпыста — отбасынан таяр бабың, Сор ашып, суы кеткен шұңқырдай-ақ. Алған соң жеңіп жетпіс ердің күшін, Беденнен бейнеу кетер жыртылмай-ақ (Шораяқтың Омары). Қарт кісі қайта айналып жасармайды, Күн санап күш-қуаты осалдайды. Беденде бар қызуы тарқағасын, Қайтадан жинап, басын қоса алмайды (Құлназар);
беденді — кеуделі, денелі. Беденді жас әйел ата, қайнағаларынан жасырынатын болса керек, жаулығының ұшымен бетін қалқалай келіп, керемет адамға қолын ұсынды (Ғ. Мұстафин).
бәденсіз — кескінсіз. Өзі онша бәденсіз де емес (А. Байтанаев). Тек көзінің қысықтығы демесең, тосын көрген кісіге онша бәденсіз де емес (С. Омаров).
بدو (бадуун) бәдеу — 1) шөлдегі өмір; 2) бәдәуилер (көшпелі араб халқы).
بدوى (бадауййун) бадауи — көшпелі, көшпелі арабтар. Көпшілікті шұбатқан Ғани мен Зарқұм көрінгенде-ақ, соқыр Ишан Сүтемгендікінен шыға жөнелді. Желді-аяқ бадауи ұрпағы астық ізделетіні жөнінде Нұрпейіс үйінде естігенін Сүтемгенге жеткізген екен (Ж. Арыстанов);
бәдауи. Тау жайлаған бәдауи Топ-топ қып малын айдады («М. Б. Т.»);
бәдәуи. Шөлді жерлерді жайлайтын көшпелі арабтарды бәдәуилер дейді (М. Ысқақов). «Бәдәуилер неткен мықты,— Көтерді пілше жүкті» (Ә. Тәжібаев);
бәдеуи. «Ислам дегеніміз Шығыс жұрттарына, әсіресе арабтарға, яғни бір жағынан, саудамен және кәсіпшіліктермен шұғылданатын қалалықтарға бейімделінген, ал екінші жағынан көшпелі бәдеуилерге бейімделінген (К. Маркс, Ф. Энгелъс). Мен кейбір бәдеуилер білетін бағы заман ескерткіштерінің талайымен таныстым, ал бәдеуилердің өмір-тірлігінің өзі құпия сыр-жырларға толы ғой («Т. С.»).
бәдеуаттық — көшпелі тұрмыстық. Қазақ елі бәдеуаттық тұрмыстан отырықшылыққа қашан ауысар екен, — деген арманын айтты Қойшыбай («Айқап»).
بديع (бади‘ун) бадық, бади — 1) таңғаларлық, ғажап, жарқын, тамаша, басым; 2) шешен; 3) жаратушы, тәңірі. Патшазада күнімде, Көрген рақат осы ма? Қайғы түсті басыма, Бадиғым келмес қасыма («Ғашық-наме»).
بدل (бадалун) бадал — 1) ауыстыру, алмастыру; 2) орнына қолданушы; 3) орынбасар; 4) тақуа, әулие. Сезік берген денеге хабарлы кек, Бадалыма сұғымен қадалды кеп (Майса).
براق (бурақун) пырақ — 1) діни. Мұхаммедтің түнде жеті ықылымға сапар шеккендегі көлігінің аты; 2) ауыс. жүйрік. Отты екен жануардың екі көзі! Перінің пырағы ма мұның өзі!.. (I. Жансүгіров). Астымдағы арғымақ, Болат тұяқ пырағым (Қ. Аманжолов).
пырақтай — жүйріктей. Қараңғы түн болғанда, Алдында жанған шырақтай. Ақын да шайыр ақпанмын, Аспанға ұшқан пырақтай (Досмағамбет). Құлағы қиық құрақтай, Көзі өткір шырақтай. Екі елі майда жалы бар, Бейіштегі пырақтай (К. Әзірбаев).
بربريس (барбарисун) барбарис — 1) бот. тікенекті бұта; 2) қышқыл қызыл жидек. Барбарис ағашының қабығын шай тәрізді қайнатып, оның тұндырмасын күніне бірнеше рет ішеді (С. Сұбханбердин).
بركة (баракатун) береке — 1) бата, бата беру; 2) діни. рақаттық, көктің жарылқауы, сый тартуы; 3) ауыс. құт, молшылық, бақыт. Су — береке бастауы (мақал). Астық — ол бүкіл елдің берекесі, Астық — ол бейбіт елдің мерекесі, Астықтан асқар таудай қамал соқты Қостанай облысының кең өлкесі (О. Шипин).
берекет. Қылып жүрген өнері Қаракеті — әрекет. Өзі оңбаған антұрған Кімге ойлайды берекет? (Абай). Бірлік жоқ, әрекет жоқ, берекет жоқ, Бытырап шыл б…дай еріп жүрсің!.. (Нұралы). Ол үшін: адал еңбек ет, Еңбекте бар берекет (Н. Байғанин);
берекетсіз — берекесіз. Берекетсіз Судыр-Ахмет аты өзіңе бұрыннан-ақ таныс бейнедей де әсер бар (Ә. Жәмішев);
мереке — ауыс. салтанатты мейрам, той. Бастаймын мерекенің бастамасын, Келсе де май апта сайын, күн сайын (Қ. Аманжолов). Октябрь мерекесі қарсаңында бірнеше күнге демалысқа босап, Сәтжан да үйіне қайтты (С. Бегалин). Астық — ол бейбіт күннің мерекесі (О. Шипин). Даусыздық — береке, жаусыздық — мереке (мақал);
берекесіз — өнімсіз, мардымсыз, берекесі жоқ. Көш үздік-үздік болып, берекесіз, сәнсіз, ажарсыз кетіп барады (Ғ. Мүсірепов). Сол себепті де біз өзара сөйлеспейтін болдық, ал тілдесе қалсақ, қайдағы бір берекесіз әңгімелерді айтамыз («Т. С.»);
мерекесіз — салтанатсыз, мейрамсыз, тойсыз. Халықтың қасиетін жанмен ұққан, Бұл жырды мен жырламай, кім жырлайды! Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің Жандары бізді де айт деп сыбырлайды (И. Байзақов);
берекесіздену — берекесі кету, мардымсыздану. Нөсердей күркіреп келген шабуыл берекесізденіп, бытырай да бастады (Ғ. Мүсірепов). Соларға кірісе, әйелдің даусы берекесізденіп кетті (С. Мұқанов);
берекесіздік — өнімсіздік, мардымсыздық, берекесі жоқтық. Судыр Ахметтің басында жазушыға жастай таныс екі-үш кісінің мінез-құлқы жинақталып, анық берекесіздік пен бәтуасыздық символына айналды (О. Сәрсенбаев). Бірқатар шаруашылықтар мен аудандардағы мал дәрігерлік және зоотехникалық істің берекесіздігі байқалды (Д. А. Қонаев);
берекелесу — бірлесу, ынтымақтасу. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр (Абай). Бас қосып, берекелесуге бармысыңдар? — дейді Ы. Алтынсарин (М. Ақынжанов);
мерекелеу — мейрамдау, тойлау. Революциядан арғы кезде қызық думан өткізуді тек бір ғана сөзбен «той тойлады» деп айтып келген болсақ, онан кейінгі жаңа советтік өмірде мерекелеу — мейрамдау деген етістік синоним жасап алдық (Ә. Болғанбаев). В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуын мерекелеу қарсаңында жарияланған байқауға 56 поэма келіп түсті (Ә. Әлімжанов);
береке-құт — бақ, дәулет. Көне шахта тың жатқан бүтін кендей Берді мартен береке-құтын нендей (X. Ерғалиев). Зәресін ұшырды, үрейін алды. Жарайсың, жайсаң Дәурен! Жолыңды тауып, мыналардың береке-құтын қашырыпсың (Қ. Толыбаев);
берекелі — өнімді, мол, мардымды. Ежелден орыс, қазақ шын туысқан, Ну елсіз берекелі бақыт құшқан (Д. Әбілев). Берекелі болса ел, — Жағасы жайлау ол бір көл. Жапырағы жайқалып, Бұлғақтайды соқса жел (Абай). Жорғадай тілі майда жүріс болса, Еткені берекелі жұмыс болса, Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз (Ақан сері);
мерекелі — салтанатты. Кәдірлі Қасым басы халайықта, Той қылды көп көмегі аты шулы. Жиылып игі жақсы Дулат елі, Жасамақ мерекелі болды дуды (Үмбетәлі). Колхозымның жұмысы бір мереке, Мерекелі күнімде қанаттанам (Әйелі);
берекелік — молшылық, құттылық. Осындай берекелік берсең ақыл, Істейміз, өзің баста, бұл жұмысты (С. Бегалин);
мерекелік — салтанаттық. Ермеков отыз жылдан бері қойда, Көп жылдық тәжірибе жинап бойға. Айтарлық үлес қосып еңбегімен Жүлде алды мерекелік талай тойда (Хамит). Ақын көп ретте бірыңғай көтеріңкі леппен, асқақ үнмен тіл қатамын деп, мерекелік арнауға тән жалпылама айтқыштыққа, жалаң сөзге, жалған патетикаға бой алдырып алады (С. Әшімбаев);
Достарыңызбен бөлісу: |