тәуекелсіз — батылдықсыз. Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас, Еңбек қылмас еріншек адам болмас. Есек ...н жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас (Абай);
тәуекелшіл — батыл. Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты, Қара сұрлау жүзі бар, зәңгі затты. Отты қара көзі бар, ұзын бойлы, Тәкәббар, тәуекелшіл, бек қайратты (Мағауия). Екеуі де жұмыста тәуекелшіл болатын (М. Қаратаев).
ث
ث ~ ثاء (са’ун) — араб алфавитінің төртінші әрпі, сандық мағынасы — 500.
ثانى (санййун) сани — екінші. Платон, Аристотель заманындағы ғалымдар бірінші ұстаз (Мұғаллим ауал) болса, Әбунасыр әл-Фараби — екінші ұстаз (Мұғаллим сани) аталды (А. Машанов).
ثبوتية (субутййатун) сүбутия — 1) қаттылық, беріктік, сенімділік, табандылық, тиянақтылық; 2) орнықтылық, тұрақтылық; 3) қимылсыздық, қозғалмастық; 4) дұрыстық, анықтық. Ол... кітаптарда сегіз сүбутия сипаттары бірлән, тоқсан тоғыз дема хұсналар бірлән білдірген (Абай).
ثمر (самарун) самар — 1) ұрық, жеміс, мәуе; 2) өнім; 3) пайда; 4) нәтиже; 5) ауыс. ұрпақ. Жазушылар, ақындар, Сендерге де жақындар; Ақын деген самар жақ, Тойды бастап, топқа арнап, Қашаннан-ақ қақылдар (І. Жансүгіров);
семер. Адамзат өсіп, өніп, түрге енеді, Ағаш та көктем туса бүрленеді. Аяймын, тек азғана өмір сүріп, Гүл неге семер болса, гүлденеді? (Т. Жароков). Көбіне ой түседі әлденелер: «Жәй, сүйтіп мені біреу алдаса егер, Айрылған Онегиннен Татьянадай, Қуарған күзгі гүлдей жүзім семер!...» (С. Мұқанов).
ثمود (самуду) самуд (құранда айтылғандай заңды бұзғаны үшін апатқа ұшыраған бір халықтың аты). Самуд халқына пайғамбар етіліп Салих деген жіберіледі., Салих халықты бір аллаға бағынуға шақырады, олар бағынбайды. «Анық пайғамбар болсаң, тастан түйе шығар», - дейді самудтар Салихқа. Ол тастан түйе шығарады, халық сонда да бағынбайды. Түйесін өлтіреді. Халықты азаптайтын мезгіл жеткенде алла Салихты, оған ерген кісілерді азаптан құтқарып алады (М. Тоқжігітов).
ثنائى (сана’ййун) сәнә — 1) құттықтау; 2) мақтау, мақтан, мадақтау; 3) алғыс айту. Мешіті, молдасы, хажысы көп бұл елдің бозбалаларының өлеңдерінде көбінесе: «Әуели Хамит құдаға зікір сәнә, Салауат Рәсуліне айтты және...» деген сияқты араб сөздері көп араласқан діншілдік мазмұндағы сөздер көп болады екен (С. Мұқанов);
сана. Көңілім үшбу күнде неше пара, Бұлбұлдай Иранбақта қылсам нала. Кіндігі дүниенің Мысыр шаһар, Ағалар, құлақ салып, тыңда сана («Ғашық-наме»).
ثناء (сана’ун) сәнаи — мақтаулы. Сәнаи медхіңа хұрмәт еттім (Абай).
ثواب (сауабун) сауап — 1) сыйлық, сыйлық беру; 2) жақсылық іс. Екі досты қосқанның сауабы бар, Дос арасын ашқанның обалы бар (мақал). Меккеге әлің келсе, қылғын тауап, Болады-ау бір жаныңа үлкен сауап. Алдыңа ақын болсаң, сала айтайын, Дүниеде неше жұп бар, берші жауап? (Шөкей). Қайғырып, қайғы суын көп ішпесін, Кітаптан сауап істің білдір жөнін. Ешім мен Мырзабайды мысал етіп, Қам көңіл қайғырғанның алдыр демін (Кете Жүсіп);
сауапты — рақымды, игі, ізгі, жақсы. Сауапты іс — сарқылмайтын оман дария. Қайғырып халқың үшін жортып-желсең (Керейіт Шәді).
ثوب (саубун) сәуіп, сеп — киім. Желге ұшқан келді жұмбақ, ебелекше, Талайды таңырқатып жайған сепше (Кете Жүсіп).
ثور (саурун) сәуір — 1) өгіз, бұқа; 2) астр. Торпақ шоқжұлдызы; 3) Күн жылнаманың екінші айына сәйкес келетін апрель айының аты (22 апрель — 21 май). Сәуір — бұл айдың арабша аты. Қазақшасы — мамыр (М. Әуезов). Сәуірде туған айдай боп, Сәуле шашып шығармын. Жанарыңда жайнар от, Жараңды жайлап жуармын (С. Мәуленов). Сыйласып бір-біріне жанын беріп, Өтілсе қызықпенен дәуірлері. Көңілі бір-біріне шағылысып, Ажағай секілденіп сәуірдегі... (Ұлбай қыз). Арабша жұлдыз есебі бойынша, бұл — Сәуір айының бейнесі (А. Машанов). Сәуірде күн күркірер, күн күркіресе, көк дүркірер (мақал).
ج
ج ~ جيم (жймун) — араб алфавитінің бесінші әрпі; сандық мағынасы — 3. (бұл әріптің транскрипциясы ж деп алынды — Н. О.) Бірге оқып, ең әуелі, «әліпбиді», қосылып әнге салып «жұм» (дұрысы: жим — Н. О.) мен «сиді» (С. Торайғыров). Ат білмек, қыз Қырмызы, болсын бізден, «Жұм» (дұрысы: жим — Н. О.) мен «сын», «бе» әрпін ал, Ұлы жүзден (автор Жүсіп деген өз аты арабтың ж, с. б әріптерінен құралатынын, руы Ұлы жүзден екенін айтып отыр — Н. О.). Осыдан өз атымды білгеннен соң Әкемнің кім екенін өзің ізден (Қаңлы Жүсіп).
جأسوس (жасусун) жансыз — жасырын түрде бақылаушы, аңдушы, тыңшы. Екеуі де Игіліктің менің соңыма салып қойған жансыздары деді (Ғ. Мүсірепов).
جافع (жафи‘ун) жапи — 1) дөрекі, тұрпайы, өрескел, қатыгез, мейірімсіз; 2) қатал; 3) тұрақсыз. «Аз» деген — жапи, «Көп» деген — бақи (Таубайдың Жүсібі). «Аз» деген — жапи мағынасы — осы жиһан бейнесі, ешкімге тұрмас баяндап (Таубайдың Жүсібі).
جامع (жами‘ун) жами — 1) жинаушы, біріктіруші, қосушы; 2) толы, толық; маңызды, мағыналы (сөз); 3) жиналыс (мешіт жөнінде); 4) құрастырушы, теруші (әріптерді).
جامعة (жами‘атун) жамиға — 1) жалпылық, ортақтық; 2) бірлік, ұйымшылдық; 3) байланыс; 4) одақ, біріктіру; 5) университет, институт. «Сармая сатсақ, қаржы болады» — деп, Шаттанды үй ішінің жамиғасы. Байлар да қазынасы көп бұл гауһарды, Алмады пұл жеткізіп ешбірісі (Тұрмағамбет);
жамиғат. Жамиғат! Заман бұзылып барады,— деді ол (Д. Әбілев). «Сайлауда Әжібай болыс болды» деген Естілді құлақ түрген жамиғатқа (С. Торайғыров);
жами ат-тауарих — толық тарих. «Жами ат-тауарих» — Ұлы жүздің Жалайыр деген руынан шыққан Қадырғали Қосын ұлы Жалаиридың кітабының аты. «Жами ат-тауарих» 1602 жылы Россияда жазылды, екі бөлімнен тұрады. Бірінші негізгі бөлімінде Рашид әд-Диннің көпке белгілі «Жами ат-тауарих» кітабының қысқартылған нұсқасы түрік тілінде берілген. Екінші бөлімінде Алтын Орданың, Қырым, Астрахань және Қазақ хандықтары тарихынан қысқаша баяндаулар келтірілген («Қ. С. Э.»);
жамиғи — жалпылық. Зорлық қарадәуге әлі жетпейтін болған соң, әуелі алла тағала, екінші жамиғи пайғамбарларға шапиғи келтіріп, әулиелерден медет сұрайды («Б. Ж.»);
жамиғы. Атамыз алыс болғанмен, Жамиғы қазақ бір туған. Бір бәлеге жолығар, Есебін таппай сөз қуған («Ү. Ғ. Ж.»).
جانب (жанибун) жаниб — бүйір, жақ, тарап, фланг (әскердің екі жақ қанаты). Мұхаммед Бабұр шығармасында араб-парсы тілдерінен енген сөздер бірсыпыра; мысалы: жаниб (тарап) (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев).
جاهل (жаһилун) жаһіл — 1) надан, білімсіз; 2) ақымақ, есалаң. Аузы — әйдік, іші — тардың ісін етпе, Қызғынын көтере алмай қызыл шайдың, Қашаннан жайы мәлім, жол көрмеген, Жанғалық жаһіл өскен Жарбағайдың (Шораяқтың Омары). Адал еңбек істеуге дертің күшті, Жиреніп жек көресің шындық істі. Адалды — адал, арамды — арам демей, Қара жаһіл надансың қасқыр түсті (Әріп);
жаһил. Бұл заманның молдалары хәким атына дұспан болады... Бұлардың көбісі әншейін жаһил (Абай). Ғалымның сөзін тұтпасаң, Жаһилдің жолын ұстасаң, Көретін шырақ шілде жоқ (Базар жырау);
жаһыл. Азаматтармен әмра бол — Көп жегілген шығырға. Жаһылдың жаққан отына — Отырып жақын жылынба! (Шораяқтың Омары). Оның бірі — адамның жаһыл ашуы кернегенде кешірімділікті ұстап тұра алмайды («М. Б. Т.»);
жәһил. Болмайсың бәрің Абай, жәһил, аңғал, Құтырса, соған тоқтар қулық, жанжал. Абайдан басқаң сөзді не қыласың, Сол дана бұл заманда, биік заңғар! (Әріп);
жәһіл. Саясы жоқ қу жанға, Қандай орын сайлайсың. Өзің жәһіл білмейсің, Білгеннің сөзін құлаққа, Жалғыз тиын ілмейсің, Жаны сезген адамды, Жамандайсың, күндейсің (Әріп);
жәһилдік. Деуші едім; жаһилдіктің жайы қалай? (Қаңлы Жүсіп). Оның бетінен ашу қысқан, жаһилдік қан көрінді («М.Б. Т.»);
жаһілдік — надандық, білімсіздік. Не керек, шағалаша шықылықтап, Күнелткен шалшықтағы құрт шабақтан. Жар мойын — жаһілдіктің нышанасы, Бұл — рас, білгенге ақыл абайлатқан (Таубайдың Жүсібі). Деуші едім жаһілдіктің жайы қалай? Байқасам бар екен ғой бір хикмат («Айтыс»);
жәһілдік. Солардың жалған мақтаны мен зұлым жәһілдігін халық алдына паш етпек үшін осыны қалпына келтірдім,— деді Фараби (А. Машанов).
جاهلية (жаһилшатун) жаһилия — 1) надандық; 2) мәжусилік, пұтқа табынушылық (арабтар исламға дейінгі дәуірді осылай деп атаған). Арабтардың кейбір рулары яһуди дінін, кейбіреулері христиан дінін қабылдай бастаған. Мұсылман дінінде арабтардың бұл дәуірін жәһилия дәуірі дейді (М. Ысқақов).
جبار (жаббарун) жаббар — 1) алып, құдіретті; 2) діни. құдайдың бір аты; 3) балуан, батыр; 4) мейірімсіздік, қаһарлы, қатал. Сонда бейбіт, сонда тыныш, Сонда тойлар, тойын ұлыс. Сонда әлем: жаббар ием, Бітті десін енді соғыс Өзіме өмір берген, жаббар құдай, Беттеместей қылайын бұдан бұлай (Құлтума). Тапсырдым, жаббар саған ата-анамды. Жалғыздың көрмей қалған кәмелетін (М. Сералин);
жаппар. О-дағы сөйлейді екен жүйе-жүйе, Оған да артық тіл берген жаппар ие... (Ыбырай). Жөн көрсетіп бермеген Жасаған жаппар құдайым, Жөнімді кімнен сұрайын? (Алмажан). Әр қазына басында бір-бір ие, жаратқан бек ғажайып қадыр жаппар... (Ысқақ);
жапбар. Жапбар ием, маған ақ өлімін қимаған екен, енді қазамды өзім күттім осы жерде («Қ. Ә.»).
جبر (жабрун) жәбір — 1) еріксіз көндіру; 2) зорлық қылу, күштеу. Білмейсің басыңа мін болған жерді, Біздік шөл көңіліңнің толған жері. Көрген соң Сырдан жәбір түрлі-түрлі Қаңғырып басың мұнда сордан келді (Дәме). Қоныстан жәбір ел көрді, Бұзықтар тағы көбейді (Ығылман);
зәбір. Біреу зәбір етсе, сен де зәбір ет (мақал). Елінен ауып жүрген мүсәпір деп, Сыйлаған халқым сені тәуір етіп. Сырыңды жасырынды білсе-дағы, патшаға көрсеткен жоқ зәбір етіп (Ақсұлу). Зыр етіп еркек десе ышқынасыз, Сұраймын сөз мәнісін өзіңізден. Кісідей ері тастап, ел бүлдірген, Кетпестей көрген зәбір есіңізден (Иманжан).
جبرائل (жабра’илу) Жебірейіл. (о. архангел Гавриил) — діни. періштенің аты (пайғамбарларға құдайдың өсиеттерін аян ететін оның жасауылы). Жебірейіл — діни уағыз бойынша аллаға ең жағымды 4 періштенің бірі. Ұнатып тұр Мария барлық түрін... Түсті көз, жалғыз-ақ қыз көңілінде! Ал мақтан, мақтан енді, Жебірейілім! (А. Пушкин);
жабырайыл. Жабырайыл бұл хабарды әкелгенде, Білмеді көрмеген соң Хауа мұны. Жұптылық болды мирас ошал күні. Жабырайыл неках қиып, құтпа оқып (Балдырақ);
жәбірәйіл. Жабрәйіл Мариямның жағасынан үрлейді, ол екі қабат болады, Ғайса туады,— делінген діни аңызда (М. Тоқжігітов);
жәбірайыл. Әбілхайырдың оң иығында отырған Жәбірайыл періштедей, бұрыс жолдан әрдайым сақтап қалатын (I. Есенберлин);
жебрейіл. Жеті қабат жерді өткен, Кідірмеген тоқталып, Ұстамаса Жебрейіл, Көтерген жерді өгізді Өтпекші екен қақ жарып (Жамбыл);
жәбіреил. Сонан соң зауал шақта алуға келетін екі пері — Әзірреил, Жәбіреил (Ә. Нұрпейісов);
жәбірейілдей. Жәнібек ханның өзін қорғайтын екі жүз алдаспанды арнаулы жасағын басқаратын батыр Саян, хан үстіне түйілген қылышты сан рет найзасымен қағып, ханды жәбірейілдей қорғап, майдан ортасынан аман алып шыға берді (I. Есенберлин);
жәбір-жапа — зорлық-зомбылық. Бірақ, Сұлтанмахмұт елде де бойын бағып тыныш жата алмайды, ауыл арасындағы сан алуан киянат, жәбір-жапа, әділетсіздіктерге қарсы күреседі (М. Дүйсенбаев). Әділдігін (Ақын Исатай туралы айтып отыр — Н. О.) сұрасаң, Қастаспаған момынға Жәбір-жапа қылмады (Ығылман);
зәбір-жапа — қатты қорлық. Кәдірбектің өзіне көрсеткен зәбір-жапасын шағынып, баяғы қалпына қайта түскендей болыпты (Б. Нұржекеев);
жәбірсіз — зиянсыз, залалсыз, зілсіз. Тұп-тура Байбол болыс өз ісінде Асқан әділ, жәбірсіз еш кісіге (С. Торайғыров). Манап үндеген жоқ, қысық көздеріне жәбірсіз күлкі жинаған қалпымен кабинаға кіре бере дауыстады (С. Шаймерденов);
зәбірсіз. Сырт көзге сондай момақан, жан адамға зәбірсіз көрінгенмен... (Ә. Нұрпейісов);
жәбірші — қиянатшы, зәбірші. Кейде жапа көрген ой жәбіршіге қарғыс айтқысы келеді (Ғ. Мүсірепов);
зәбірші. Біздің шахтамызға камера системасын қолдануды кім жақтап, кім қуаттап отырса — сол зәбірші (А. Хангелдин);
жәбіршілік. Шыңғыстан жәбіршілік көргендер Тұрғынбекке астыртын арыздар айтқан еді (С. Мұқанов);
жәбірлену — зәбірлену, қорлану. Менің де жақсы киім кигім келер, Сұлуды бұраңдатып сүйгім келер. Дұрыстыққа шаттанып, бұрыстыққа Жәбірленіп, кек тұтып, күйгім келер (С. Торайғыров). — Бұл сияпатыңыздан мен қатты жәбірленемін (М. Сатыбалдиев);
зәбірлену. Құдаша, күдігім бар осы сөзден, Сөйлейсіз нақ кісідей көрген көзбен. Ірияны басыңызға қатты тиіп, Адамдай зәбірленіп ерден безген (Иманжан).
жәбірленуші — зәбірленуші, қорланушы. Жәбірленуші мен жәбірлеушілердің әке-шешелері — бәз-баяғыдан бірге өсіп, бірге жасасқан жандар (М. Қожахметова). Жәбірленуші — қылмыстық әрекеттің салдарынан ар-намысына нұқсан келген, мертіккен немесе мүліктік зиян шеккен адам («Қ. С. Э.»);
жәбірлеу — қиянат жасау, зорлау, қорлау. Адамға ой салу үшін бір жәбірлеу жетеді (татар мақалы). Кім жәбірледі, не үшін жәбірледі? Былай да мұңды баланы жәбірлемес болар (Ә. Сәрсенбаев). Оқуды адамның түрі емес, миы оқымай ма,— дедім мен жәбірленіп (С. Мұқанов);
зәбірлеу. Түрік ассимиляторлары жүздеген жылдар бойы балқандық ұлттарды аяусыз зәбірлеп, жаншып келді (И. Сталин). Сенің өз шешеңді біреу зәбірлеп жатса, қалай көрер ең! — деді анасы (Ө. Қанахин);
жәбірлеуші — қиянат жасаушы, зорлаушы, қорлаушы, зәбірлеуші. Жәбірленуші мен жәбірлеушілердің әке-шешелері — бәз-баяғыдан бірге өсіп, бірге жасасқан жандар (М. Қожахметова);
жәбірлі — жапалы, қорлы. Басын қаздың айғырындай, қақырайта кетіп бара жатқан Николайдан жәбірлі көзін алмаған Айғаным бір нәрсеге қатты өкінді, онысы — орыс тілін білмеуі еді (С. Мұқанов);
жәбірлік — қиянат, зорлық. Елдегі жемқор болыс, билердің бастығы болған Тезек төре өзінің үзеңгілестеріне ұрлық қылдырады. Нашарға жәбірлік істейді, тоң мінез, ұр да жық, елге жағымсыз болады (М. Әуезов). Күнтайдың жәбірлік көргенін аңғарды (С. Мұқанов);
зәбірлік.— Ал егерде, сізді қинап-қыстап, зәбірлік көрсететін болса, қайтесіз? — деді генерал Машаға (Ильенков). Ағылшындардың жұмысшыларға істеген зәбірлігінен жан түршігеді («Қ. Ә. Т.»).
جبلى (жибилййун) жибили – 1) туыстан, іштен (біткен сапа), табиғи; 2) өте маңызды, елеулі, мәнді, татымды. Адам баласы екі нәрседен: бірі — тән, бірі — жан. Ол екеуі орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби, оны білмек керек (Абай).
جد (жаддун) жете — 1) ата; 2) арғы ата, ата-баба. Жетең жаман болмаса, жете жарлы болмассың (мақал). Араб тілінде жадд (жете) сөзі «ата, ата тек, арғы ата-баба» ұғымында жұмсалады (І. Кеңесбаев).
жетесіз — тексіз. Араб тілінде жадд (жете) сөзі «ата, ата тек, арғы ата-баба» деген ұғымда жұмсалады. Осы мағынада қазақта жетесіз екенсің, жетесі жоқ, жетесіз сияқты бірсыпыра сөздер қолданылады. Мәні — тексіз (І. Кеңесбаев);
جدى (жадййун) жеді — 1) лақ; 2) астр. Ешкімүйіз шоқжұлдызы; 3) күн жылнаманың оныншы айына сәйкес келетін декабрь айының аты (22 декабрь — 21 январь); 4) Темірқазық. Жедінің айы туғанда. Үйіне асау сойдырса, Үйіне келген мейманды Қайырымен тойдырса... Бәйбішеге жарасар (Мұрат). Күннің жүретін жолындағы он екі айға арналған он екі топ жұлдыздар бар: Жади — Серке (А. Машанов).
جديد (жадйдун) жадит — 1) жаңа; өте жаңа; 2) жаңадан болған; соңғы, ақырғы; 3) ауыс. төте. Араб тілінде жадит — «жаңа ғана, жақын арада болған уақиға, жаңа, төте» деген мағынаны білдіреді. Революциядан бұрын да, соң да араб графикасына негізделген жазуды ескі медресе, мектептердегі оқу жүйесін төтелеу, тұрмысқа таяу жолмен оқытуды жадит оқуы деп атаған (І. Кеңесбаев). Жерде жадиттер, Одан біздер үміткер, Олардан тәлім алмасаң, Көрген күнің болар тар (С. Торайғыров);
жадид. Ислам «дүниесінде» өткен ғасырдың орта шенінен бастап оқу мәселесінде «жадид» аталатын ағым шықты (С. Мұқанов). Араб алфавитін қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне байымдап қайта құрды. Бірақ бұл «жадид» түрі де кісі аттары мен фамилияларын дұрыс жазудағы қиындықтарды кемітпеді (Т. Жанұзақов);
жәдит. Сонымен, Құрмысы аулына барып, Сейіткерейден оқи бастауым,— деді Баймағамбет, — өзіңе белгілі «жәдит» оқуы (С. Мұқанов). Сен «қадим» — айналма, жәдит — төте» деп қоймайсың (Ғ. Мұстафин);
жадидтік. Жадидтік әдіспен жазылған араб пен фарсы тілінің сарфын, нахуын өз ұлтының тіліндегі сауатты бала өз бетімен де үйреніп кетуге болады (С. Мұқанов);
жадиттік — жаңашылдық, төтеншелік. Жадиттік бағытта: Қазанда «Мұхаммадия», Уфада «Ғалия», Орынборда «Хусаиния», Троицкийде «Уазифа» атты орта және жоғары дәрежелі білім беретін медреселер ашылды (С. Мұқанов);
жадидше. Қадымша оқытудың әдісі, «қадым оқуы» деген бөлімде айтылғандай болса, жадидше оқыту әдісі ғылымға байланысты, ол әр дыбысты ғылымдық таңбасымен танытады (С. Мұқанов);
жәдитше — жаңаша, төтенше. Хамит Камал Жайсақовтан жәдитше оқиды (С. Мұқанов); Біздің ғасырдағы татарда оқудың екі әдісі бар ғой: қадимше, яғни ескіше; жәдитше, яғни жаңаша (С. Мұқанов);
жәдитші — 1) жаңалықты қолданушы; 2) жәдитизмді жақтаушы. Бірінші буржуазиялық революциядан кейін мұның бірін жәдитшілер деп атады (X. Ақназаров);
жәдитшіл. Жәдитшілдер ислам дінін Россияда капитализмнің даму жағдайына бейімдеуге тырысып, мұсылман буржуазиясы мен интеллигенциясының идеясын жарыққа шығарды (X. Ақназаров);
жадитшілік — 1) жаңашылық; 2) ауыс. төтеншілік. Ақмолланың өлеңдерінде діни оянушылық пен жадитшілік (төте оқу) сарыны басым бола тұрса да, қазақтың өнер білімсіздігі мен надандығына ашына қарап, оларды адамгершілік, ізгілікті, әділет, тура таза жолды ұстауға насихаттайды (С. Рысбеков);
жадитшілдік — 1) жаңашылдық, төтеншілдік; 2) жәдитизмді жақтаушылық. Сөйтсе, Дамулланың жадитшілдігі әркімнің-ақ назарын аударған екен (Ж. Арыстанов);
жәдиди — жаңа, жаңашыл. XIX ғасырдың аяқ шені мен XX ғасырдың басында Россияның түрлі аймақтарында: Кавказ, Орта Азия, Татарстан, т.б. жерлерде мектеп-медреселерді реформалау мәселесі көтерілді. Осының нәтижесінде жәдиди мектептері пайда болды («Қ. С. Э.»);
жадидизм. Жадидизм — татар буржуазиясы арасында XIX ғасырдың 80-жылдары пайда болған либерал-буржуазиялық ұлттық қозғалысы. Бастапқы кезде мұсылмандарға европалық білім алу қажеттігі жолында, мұсылманша оқып, білім алудың ескі жүйесіне қарсы болған мәдени қозғалыс ретінде басталды («Қ. С. Э.»);
жадитизм — жаңалық, төтелік. Жадитизм — дін және ұлтшылдық негізінде шығыс халықтарының бас қосуын уағыздаушы, контрреволюциялық пантюркистік қозғалыспен бірігіп кетті (X. Ақназаров).
جراح (жаррахун) жаррах — хирург, оташы (адамның дертін отап емдейтін дәрігер). Ақылбай — Ділдадан туған Абайдың тұңғыш баласы. Ол талантты домбырашы болады, өлең айтуды, шығаруды машық етеді. Ақылбайды талантты ақын етіп танытқан - оның «Дағыстаны» (Кәрі Жүсіп), «Зұлұс», «Жаррах батыр» деген белгілі поэмалары («Ү. Ғ. Ж»).
جراحة (жарахатун) жарақат — жара. Кей мінезің бар тосын, қисық тұрған, жарақат оңалмайды ғашық ұрған. Жүруші ем көп тағдырға мойын бұрмай, Мен болдым енді сізге басын ұрған (Ақан сері). Жәбірәһил жаудан келіп жатып алған, Жарақат жаман болып, есін танған (Ақылбай);
жарақаттағыш — жаралағыш. Малды қорадан шығарарда олардың жүретін жолын қарап, оны түрлі жарақаттағыш заттардан тазалау қажет (Ғ. Әбішев);
Достарыңызбен бөлісу: |