табыт-лақат. Құй наныңыз, құй нанбаңыз, сол саяхатшылардың бірі бір зиратты тұрған аумағымен — қабырға-шатырымен, еденімен, табытлақатымен қоса сатып алды, ол мұны Америкаға апарып, өз сарайының бір залына орнатып қоймақ («Т. С.»).
تأثير (та’сйрун) тасир— 1) әсер ету, ықпал ету, ықпалын тигізу; 2) әсер; тасирсіз — әсерсіз, ықпалсыз. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады (Абай).
تأريخ (та’рйхун) тарих — 1) сан; 2) уақыт, дәуір (қоғамның, өмірдің даму, өсу барысы). Ел үшін еңбек етсең, халық сүймек, «Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп. Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес, Неше мың жыл өтсе де тарих білмек (С. Торайғыров). Сөз тарихы тіл тарихымен, тіл тарихы халық тарихымен, халық тарихы қоғам тарихымен тығыз байланысты (Ә. Болғанбаев);
тарихтас — тарихы бір. Әр халықтың өз тарихы, өз тағдыры бар. Соның үстіне көптеген халықтар өзара тарихтас, тағдырлас болып та өмір сүреді (Ә. Тәжібаев);
тарихтастық — тарихы бірдейлік, тарихы ұқсастық. Совет Одағындағы туысқан жұрттардың бүгінгі өмірінен ғана емес, кешегі революциядан бұрынғы өмірінен де ұлт мәдениеттерінің тарихтастығын, тағдырластығын көруге болады (Ә. Тәжібаев);
тарихшы — тарих маманы. Мұнда біз ұлы қайраткердің, Шоқанның әдебиет саласында әрі сыншы, әрі тарихшы, әрі ғалым рөлін қатар, қиыстыра атқарған сегіз қырлы қызметін көреміз (М. Қаратаев). Жобаны талқылау ісіне, сонымен катар, орыстың қоғам қайраткері тарихшы А. И. Левшин де қатынасты («Қазақ ССР тарихы»);
тарихшылдық. Фольклорды бір ертедегі тайпалар, ұлыстар өмірімен тығызырақ байланыстырып, лениндік тарихшылдық стилінде зерттеуге тиіспіз (Ә. Қоңыратбаев);
тарихи — дәуір, өткен дәуірді, кезеңді сипаттайтын дерек, тарихта болған. Біз цензурасыз баспасөз маңызы туралы тарихи сабақтарды ұмытпаймыз (В. И. Ленин). В. И. Ленин өзінің мәңгі жасайтын еңбектерінде қоғамдық дамудың тарихи жаңа жағдайларына сәйкес марксизмді бұрынғыдан да жоғары сатыға көтерді, оны теориялық жаңа қағидалармен, қорытындылармен байытты (Қ. Сағындықов);
тарихи-әдеби — тарихтық және әдебиеттік тұрғыдан. Берқайыр Аманшин «Махамбеттің тағдыры» деген үлкен кіріспе мақала жазды, әрбір өлеңге тарихи-әдеби текстологиялық түсінік берді (С. Жиенбаев);
тарихи-өлкетану — жеке өлкенің тарихы, географиясы жөніндегі білім жиынтығы. Облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде тұрақты жұмыс істейтін қолөнер экспозицияларын ашу ісі ойластырылуда (Ж. Еркімбеков);
тарихи-революциялық — тарихи және революциялық тұрғыдан. Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы — көп ұлтты совет әдебиетінің таңдаулы тарихи-революциялық романдарының қатарына жатады («С. Қ.»). Әсем астанамыздың тарихи-революциялық орындары мен көрікті жерлері туралы көптеген пайдалы деректер берілген (Б. Ерімбетов);
тарихи-өмірбаяндық — жеке адам өмірінің тарихи сипаттамалығы. Галина Серебрякова Батыс Европаның революциялық дәстүрін мол зерттеп, талай тарихи деректермен танысқаннан кейін данышпан Карл Маркс жайында тарихи-өмірбаяндық роман жазу ниетіне ойысты (Т. Кәкішев);
тарихи-қоғамдық — қоғам, әлеумет тарихына тиісті. «Абай» - тарихи-қоғамдық тартыстарға құрылған, шын мағынасындағы казақ халқының бір дәуіріндегі шын өмірін, елдігін түгел көрсете алатын роман (Ғ. Мүсірепов);
тарихилық — өткен дәуірді, кезеңді сипаттайтын деректік, тарихта болғандық. Жазушы I. Есенберлин өмірді танудың тарихилық принципіне сүйене отырып, бұрынғы дәуірдің ақиқатын өз кезеңіне сай ерекшелігімен бейнелей білді (Р. Бердібаев). Поэманың бір құндылығы тарихилығында деуге болады («Қ. Ә. Т.»);
қоғамдық-тарихи — қоғамның даму дәуірлеріне тиісті. Автор факторлардың, құбылыстардың пайда болуына түрткі болған күрделі қоғамдық-тарихи жағдайлардың сырын ашады (Б. Ысқақов). Фольклористика — біз үшін қоғамдық-тарихи ғылым (Ә. Қоңыратбаев).
تأمل (та’мала) дамыл — 1) ойлау, ойлану, толғану; 2) ауыс. баяулық, ақырындық, тоқтау, кідіріс, тыным. Дамыл - арабтың тәәммол деген сөзінен (Л. Будагов). Әлсін-әлі далаға шығып, айғай салып, жолаушылардың бас-аяғы жиналғанша, барлық үйлер дамыл көрген жоқ (Ғ.Мүсірепов). Сырбай қарамағындағы адамдарға дамыл бермей, егінді күні-түні орды (С. Мұқанов);
дамыл-дамыл — әлсін-әлсін, қайта-қайта, мезгіл-мезгіл. Уклонның кіре берісін қар басып, дамыл-дамыл күреп жатыр (Ғ. Мұстафин); Өстіп отырып, біресе әкеме, біресе шешеме көзімнің астымен дамыл-дамыл қарап қоямын (М. Сералиев);
дамылдау — тыным алу. Бір күні түскі демалыс кез еді, ел дамылдар (Т. Жароков). Аз дамылдап алайын, Өзіме-өзім келейін (Жамбыл);
дамылсыз — тынымсыз. Қарсы алуға дайынмын, Соқса да дауыл дамылсыз (Қ. Аманжолов). Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай, Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын (Ы. Алтынсарин);
дамылсыздану — тынымсыздану. Ондайда ол кабинет ішінде әрлі-берлі жүріп, дамылсыздана хат тасушыны күтумен болады («Л. Ж»).
تأويل (та’уйлун) тәуиіл — түсінік беру, түсіндіру, мәлімдеу. Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ (Абай).
تبارك (та’барукун) тәбарак — 1) бата алу; 2) діни. құранның бір бөлімі. Ол аятты өте жай бастады; мұқамды, созылмалы қоңыр үнмен «тәбаракті» ұйып отырып оқыды (X. Есенжанов);
тәбәрак. Сәлделі имам көзін сүзіп, «тәбәракты» созып, Бұхар мақамын күңірентеді екен (М. Әуезов);
тәбәрәк. Құранның шикісі шыға бастаған соң, қазіргі молдалар аяттарға жуымай, қиялай тартатын болып жүр. Сондықтан болар, Семей мешітінің бұрынғы имамы Хакім қазірет «Тәбәрәк» сүресін және «Мәкенә» деп басталатын бір аятты оқуға рұқсат етпей қойған (М. Тоқжігітов).
تبديل (табдилун) тәбділ — 1) ауыстыру, алмастыру, орнына қою; 2) өзгеріс, өзгерту, алмасу, ауысу. Боямасыз ақкөңіл, Кірлетпей кетті жүректі. Ойламаған өлімнен Жасқанамын демекті. Тағдырға тәбділ бола ма, Сабырлық қылсаң керекті (Абай).
تبرّك (табаррака) тәбәрік — 1) діни. бата сұрау; 2) ауыс. аса құрметті, қадірлі қарт кісі, құрметті (кітап); 3) есте қалатын (құрметті кісіден қалған немесе сауғаға берген зат, бұйым). Американдарды ежелгі заман ескерткіштеріне апарыпты, оларға перғауын заманынан қалған бұйымдардан тәбәрік алып қайтуына көмектесіпті... («Т. С.»). Мырзалар тойға келген тамақ ішті, Той асын тәбәрікке балап ішті (К. Әзірбаев). Сурет салуға қажетті барлық құрал-саймандарды кішкентай Молдахметке, «болашақ үлкен суретші болғай» деп, тәбәрік ретінде сыйға тартқан (Н. Хасенов). Қырымнан әкелген подарок, шегіңдер! — деді Сағырбай. Подарок па, тәбәрік пе?! — деп Меңдіқара қасын қағып қалды (Т. Әлімқұлов);
теберік. «Қазақтың зұрияты» деп кемітіпсің, Екеніңді білмей жүріп қай зұрият. Әрине, әулет болсаң, теберіксің, Болмаса, қалай болад, мұны байқап?! (Қаңлы Жүсіп). Науаидың алғашқы рет мөр басқан жері соңынан теберік орын болып қалған. Бұдан кейінгі әмірлер өз мөрін Науаи басқан жерге басуды өздері үшін мәртебе деп білген (Айбек);
тәберіктеу — құрметтеу, қадірлеу. Ахат еңкейіп, түймені алып, тәберіктеп көзіне сүртті (Ш. Мұртазаев);
тәбәріктік — естелік. «Түнекеңнің жасына жетсек арман бар ма», - деп, тәбәріктік жыртыс дәметісті жұрт (А. Сейдімбеков).
تجربة (тажрибатун) тәжірибе — 1) байқау, сынау; 2) дағды, әдет; 3) арбау, алдау, еліктіру; 4) даярлық, репетиция. Тәжірибенің негізі — ғылым, Даналықтың негізі — білім (мақал). Оқытушы үшін тәжірибе мен педагогикалық ғылымды ұштастыра білуде өз пәнін ойдағыдай меңгеру қажетті шарт болып табылады (С. Көбеев). Тартпаққа таразыға тәжірибесін, Белгісі білімдінің бойы сұңғақ. Бойынша бағыдар хал жұмбағыңды, Көрген соң, болды ләзім пікір қылмақ (Қаңлы Жүсіп);
тәжрибе. Менің тәжрибелерім бұдан бұрын кітап, журнал, газеттерде талай жазылған болатын,— деді Шығанақ (Ғ. Мұстафин). Жадымыз жайында тәжрибе жасаймын деген ниет менде жоқ (М. Иманжанов);
тәжірибесіз — тәжірибесі жоқ, ысылмаған. Мұхтар оқи жүріп алғашқы қадамында өлең, әңгімелер жазған сияқты. Бірақ, олар тәжірибесіз жас талап автордың әлі төселмеген қаламынан туған шикі шығармалар болса керек («Қ. Ә. Т.»). Киіз үйді тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тәжірибесіз адам тіккен киіз үй бір жағына қисайып немесе уығы ығып кетеді («Қ. С. Э.»);
тәжірибесіздік — тәжірибесі жоқтық, ысылмағандық. Білмегендіктен, тәжірибесіздіктен қателер жіберу кімнің басында жоқ (Б. Момышұлы). Тәжірибесіздіктен туған кедір-бұдырлар кездеседі (М. Сқақбаев);
тәжірибеші — 1) тәжірибе жүргізуші; 2) тәжірибе алушы. Қарапайым тәжірибешінің және бір дерегін келтіре кету жөн (Т. Әлімқұлов);
тәжірибешілік — 1) тәжірибе жүргізушілік; 2) тәжірибе алушылық. Фараби өзінің ғылымды жасау әдісіне сүйене отырып, жалаң тәжірибешілікке, эмпирицизмге қарсы шықса, екінші жағынан құрғақ теоретиктерге қарсы тұрған (А. Көбесов);
тәжірибелі — ысылған. Адам Петрович мұндай көп істі атқарған тәжірибелі профессор болатын (Ғ. Сланов). Тек әбден ысылған, тәжірибелі шебер машинистер ғана паровозына мөлшерден тыс ауыр жүкті тартқызып әкете алады (Н. Ғабдуллин);
тәжірибелік — тәжірибе жасауға қатысты. Тәжірибелік сын бастауға әзірлік күшейтіледі (Ж. Ибраев).
تجويد (тажуйдун) тәжуит — дұрыс оқу ережелері, діни. құранды дұрыс оқу. Құранға қоса «Тіл құралын» да, «Пантәжуитті» де оқыдық (Қ. Бекхожин). Кәрібай хажыдан ол «құранды» тәжуиттің үкімімен дұрыс оқуды үйреніп алыпты (С. Мұқанов).
تحصيل (тахсилун) тәхсил — 1) табу, тауып алу (қаражат); 2) жинау (салық); 3) алу (білім); 4) оқу. «Дала уалаяты» газетінің лексикалық ерекшелігі — оның бетінде де араб-парсы сөздері қолданылады. Мысалы таһсил (дұрысы: тәхсил — Н. О.) — оқып бітіру (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев). Бұл күндегі тәхсил ғұлұм ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды (Абай).
تحفة (тухфатун) тухфа — 1) сый, сыйлық; 2) таңғажайып; 3) көркем шығарма, сурет. Бұлардың ішінен тақырыбы, мазмұны, көлемі жағынан айтуға тұрарлықтары - «Тухфа, Жәмхурият» өлеңдер жинағы, авторы Молда Мәди (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров).
تحقيق (тахқиқун) тахқиқ — 1) орындау, атқару, жүзеге асыру; 2) тексеру; 3) зерттеу, үйрену; 4) шындығын, ақиқаттығын анықтау. Мынау, тахқиқ, ақыр-заман нышаны (М. Әуезов). Махаббатпен жаратқан адамзаттың, ...Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп... Осы үш сүю болады имани гүл, Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл (Абай);
тахқиқтау — анықтау, айқындау. Бұлардың көбі иманның жеті шартынан, ...яғни алтауына кімі күмәнді, кімі мүңкір болып, тахқиқлай алмағандар (Абай).
تحكيم (тахкймун) тәхким — 1) арбитр (істерді қарайтын қазы, төреші); 2) емдеу; 3) нығайту, бекіту, күшейту. Тәхким — нығаю, бекіну, бекініс (Т. Жанұзақов).
تحويل (тахуйлун) тәхуил — 1) айналу, айналдыру (бір халден екінші халге); 2) өңдеу; 3) беру, жіберу (ақша); 4) конверсия (мемлекеттік заем шарттарын өзгерту); 5) вексель (міндеттеме ақша қағазы), чек (ақша алатын, берілетін қағаз).
تحية (тахйатун) тәхия — 1) құттықтау; 2) сәлем, тәжім, бас ию; 3) сыйлық; тәхият. Қағадат ұлахир — дұғаның... ақырында... тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат... ең ақыры сәлемменен тауысасыз (Абай).
تحمين (тахминун) тәхмин — 1) бағалау, баға кесу; 2) болжау, жорамал, шамалау. Ғылымның бір аты екендігі, бұлар әр адамның бойында... тәхмин бар қылып жаратқан (Абай).
تدبير (тадбйрун) тадбир — 1) ұйымдастыру, басқару; 2) шара, тәсіл. Бұл туралы патшаның өзі де түбінде бір түрлі тадбир істемей қоймас (М. Сералин);
тадбір. Кісідей арқалаған нақақ жала, Тағдырға тадбір таппай, қалма шала (Әліп);
тәдбір. «Қияның ақ сұңқарын» анық біліп, Тәнті бол, тәдбіріне жайсам құшақ! Бендесің, албырттанбай, әліңді біл, Ерді ерге қолыңда емес, тең қылашақ! (Қаңлы Жүсіп).
تذكار (тизкарун) тәзкар — 1) еске түсіру, еске алу; 2) естелік; 3) сувенир, естелік зат.
تذكرة (тазкиратун) тәзкира — еске түсіру, өмірбаян. «Тазкираи Ходжахан»— тарихи шығарма, Шығыс Түркістандағы қожалар әулетінің тарихы. Мұны 1768 жылы Мұхаммәт Садық Қашғари жазған («Қ. С. Э.»).
تراب (турабун) тұраб — 1) шаң, тозаң; 2) топырақ, Тұраб — топырақ (С. Мұқанов).
تراويح (тарауйху) тарауық — 1) дем алу, тынығу; 2) діни. қосымша намаз. Неге десең, бала оқыту, құран, тарауық, рекағат... тиын-сиын, пайда... қарастырумен болды ғой (С. Торайғыров). Кешкі тарауық намазының салауатына Қорқыт қатысады (А. Машанов). Омар халифа ораза айында жиналып, түнгі намаз — тарауық оқуға әмір етті (Мұхаммедтің тұсында тарауық оқу болмаған) (М. Ысқақов).
تربية (тарбийатун) тәрбие — 1) егу, өсіру; 2) арту, даму, өсу; 3) білім; 4) әдептілік, сыпайылық; 5) ауыс. үйрету, тәлім беру. Тәрбие жоқ қой қазақ арасында, Солайша өскен ата-бабасы да (С. Торайғыров). Бастапқы тәрбиенің өзі ғажап маңызы бар қоғамдық іс. Ал, ол ананың ғана еншісіне тиеді (А. Герцен);
тәрбият. Баласы Ботабайдың Әбілдаға, Бір мәктүп шығарыпсыз көңіл шаттан. «Атадан әдеп, нұсқа» есіткенде, Солайша үйреніп пе ең тәрбияттан (Таубайдың Жүсібі). Көзінен Әзімбайдың жасы ағып, Жылайды қасіретін жұртқа шағып, Алты ұлымның кенжесі жалғыз қызым, Өсірген тәрбиятпен бағып-қағып («Қамбар батыр»);
тәрбие-тәлім. Тәрбие-тәлімімен жібек талдай отыр ғой, міне, жақсы шәкірт, жақсы інілерім (М. Әуезов). Отауының орны сол; Тәрбие-тәлім еліңе Болсын, отау отырсын (I. Жансүгіров);
тәрбиесіз — үлгісіз, өнегесіз («Қ. Т. О. С.»).
тәрбиесіздік — үлгісіздік, өнегесіздік. Дәулетиярдың тәрбиесіздігіне ата-ана ғана кінәлі ма? («Л. Ж.»);
тәрбиеші — тәлім-тәрбие беріп өсіруші, үйретуші адам. Совет оқытушыларына ақылшы, тәрбиеші болу арқылы да үлгі болуы керек (С. Көбеев). Биік моралы жоқ адам халыққа тәрбиеші бола алмайды (С. Мұқанов);
тәрбиешілік — тәлім-тәрбие берушілік. Сіздерге тәрбиешілікке шаруашылығымыздағы белді кадрымыз Омекеңді тағайындап отырмыз,— деді директор (Қ. Исабаев);
тәрбиелену — тәлім алу. Совет адамдарының жас ұрпағы Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты», «Дауылда туғандар» романдарын оқып, тәрбиеленіп келеді («Қ. Ә.»);
тәрбиеленуші — тәрбие алушы. Корпуста тәрбиеленушілердің және оны биыл бірінші бітірушілердің атынан Шоқан сөйлеуге ұйғарылады (С. Мұқанов). Интернатта тәрбиеленуші шәкірттер сабаққа дайындалатын арнаулы бөлме жоқ екен (Ж. Ауылбаев);
тәрбиелеу — адамның санасын, мінез-құлқын дамыту, жақсылыққа баулу. Жұлдыз госпитальдан шығарында Сережаны оқытып, тәрбиелеуге уәде берді (Б. Соқпақбаев). Қазақстан комсомолы тәрбиелеп өсірген Иван Павлов — екі рет Совет Одағының Батыры («Қ. К»);
тәрбиелеуші — түзу жол, өнеге көрсетуші, тәлім беруші. Қазақ Совет әдебиеті қалың бұқараның өмірімен тығыз байланысты болды. Халық өмірінің шындығын жырлаған уақытта қоғамдық дамудың алдыңғы шебінде болып, еңбекші бұқараны патриотизм, интернационализм, коммунизм рухында тәрбиелеуші құрал болды («Қ. Ә. Т.»). Г. В. Якимов — қарағандылық жазушы, Нұркен Әбдіровтің мәңгі өшпес ерлігі жайлы кітап жазған, соғыс алдында Қарағанды аэроклубының бастығы болып, Совет Одағының Батыры Нұркенді ұшқыштар мектебінде тәрбиелеушілердің бірі (Ж. Бектұров);
тәрбиелі — үлгілі, өнегелі. «Қандай мәдениетті жан, Үлкен тәрбиелі семьядан шыққаны, көпті көргендігі көрініп-ақ тұр»,— деп ойлады Яковлева (Михеевті) жайбарақаттана түсіп (X. Есенжанов). Көсемдер көпшіліктің салын сүйреп, мақсатқа жеткен талай мағыналенсең. Мысалға білімді ердің бірін алып, Тарихын тәрбиелі оқып көрсең... (Керейіт Шәді);
тәрбиелік — үлгілік, өнегелік. «Кете Жүсіп пен өз әйелі Күзен айтысының» — семья ынтымағын құру, әйел атын ардақтау ұранын көтеретін тәрбиелік мәні зор («Айтыс»). Колхоз бен совхозында қызыл бұрыш, Жүргізілген тәрбиелік талай жұмыс (Өтей);
тәрбиелілік — үлгілілік, өнегелілік. Гүлжиһанның сұлулығы ауызбен айтып жеткізерлік емес екен де, ал ақылдылығы мен тәрбиелілігі теңдессіз болып шықты (X. Есенжанов);
оқу-тәрбие — білім мен адамгершілікке үйрету, баулу. Жасыратыны жоқ, ұсақ бастауыш мектептерде оқу-тәрбие жұмысы өз дәрежесінде жүргізіліп отырған жоқ, шәкіртке берілетін білім, программа талабына сай емес (Қ. Тәшібаев). Оқу-тәрбие жұмысының дәрежесі, балалардың сабаққа үлгерімі қазіргі кездегіден пәленбай есе жоғары болған (Б. Соқпақбаев).
ترتيب (тартйбун) тәртіп — 1) даярлық, әзірлік, ұйымдастыру, құру, (ұйым); 2) рет, жөн, орналастыру; жоспар; 3) ауыс. ереже. Тәртіп бар жерде, жеңіс бар (В. Суворов). Тәрбиелі — тәртіптің құлы, тәртіпті — елдің ұлы (Б. Момышұлы);
тәртіптеу — реттеу, жөндеу, бір ізге түсіру. Езушіліктен азат етілген ұлттардың праволарын тәртіптеу керек (И. Сталин). Қару-жарақ, ер-тұрманымызды тәртіптеп, киімімізді сығып, судан шыққан соң қайта киіндік (Б. Момышұлы);
тәртіпті — ретті, жөнді, әдепті, үлгілі, өнегелі. Баланың тәртіпті, батыл, өжет және мәдениетті адам болуға ұмтылушылығы - оқытушының берген тәрбиесінің сапасына байланысты (С. Көбеев). Тәртіптілер ғана көпке шыдап, бір ауызды болғандықтан жеңімпаз келеді (Б. Момышұлы);
тәртіптілік — үлгілілік, өнегелілік. Тәртіптілік, өзіне талап қойғыштық, тоқмейілсімеушіліктің арқасында бастамада екі кластық білімі бола тұрып, көзі ашық, көңілі зерек совет интеллигенті, жалпы әскерлік жоғары командир дәрежесіне И. В. Панфилов өз зеректігі, өз күшімен көтеріле алды (Б. Момышұлы). Малшылар, совхоздар мен ферма басшылары, партия, совет қызметкерлері дүлей тасқынға өздерінің жоғары саналылығы мен қажыр-қайратын, тәртіптілігі мен ұйымшылдығын қарсы қоя білді (К. Ғабдешев);
тәртіпсіз — 1) ретсіз, жөнсіз; 2) ауыс. ұятсыз, арсыз, әдепсіз. Тәртіпсіз салынған жалғыз қатар үйлер көрінді (Қ. Жұмалиев). Сіз ар-ұяты жоқ тәртіпсіз қызметші екенсіз (А. Бек);
тәртіпсіздік — ретсіздік, жөнсіздік, әдепсіздік, арсыздық. Пионердің тәртіпсіздігіне қатал қарайтын вожатый үшін бұл жеткіліксіз еді (С. Бақбергенов). Штукин оның шектен шыққан тәртіпсіздігіне де шыдап бақты (Ә. Нұрпейісов);
тәртібінше — әдетінше, салтынша. Редин мені сынағандай қабағын түйіп бір қарады да, өзі де әскер тәртібінше қалт тұра қалды (Б. Момышұлы).
ترجمان (таржиманун) тәржіман — аудармашы, аударушы (тілден тілге). Бұл сол кездегі реакцияшыл ағымдардың, пантюркистердің, панисламистердің және солардың тілі болған «Тәржіман» газетінің ұстаған жолы еді («Қ. Ә. Т.»). «Тәржіман» газеті Абай кезінде қазақ сахарасына да таралушы еді (М. Әуезов).
ترجمة (таржаматун) тәржіме — 1) аударма (тілден тілге); 2) өмірбаян. Спандияр Көбеевтің И.Н.Крыловтан аударған мысалдар жинағы 1910 жылы «Үлгілі тәржіме» деген атпен Қазанда басылып шықты (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров). Аса ұнатам осы сөзді, Тек тәржіме етпей өтем (А. Пушкин);
тәржима. «Тәржима» газетін шығарып, панисламизм мен пантюркизмді уағыздаған Гаспиринскийдің қазақтың байшыл-ұлтшыл ақындарына әсері аз болған жоқ («Қ. Ә. Т.»). Біздің молданың білетіні — «тәржима» (С. Мұқанов);
таржыма. Хадистің таржымасын өлең қылып, Құраннан хат көшіред дүмше молда-ай (Ы. Ержанұлы);
тәржіма. «Екі дау» деген сөздің тәржімасы, Ықтимал табылады екі аяқтан. Өзінен жоғарының бәрін жүктеп, Өзгеден жүгі мықты оған артқан (Шораяқтың Омары). Қадірлі халық ішінде қариялардан, Есіттім ертеде бұл сөз нұсқасын. Назымға Насыр сөзден айналдырдым, Бұл түрлі хикаяның тәржімасын (Кете Жүсіп);
тәржімә. Біздің ұлттық өнерімізде көркем аударманың небір озық үлгілері жасалып, тәржімә тәлімі артты (Е. Букетов);
тәржімашы. Тәкен Әлімқұлов қазақ тіліне талай шығармаларды аудару арқылы қабілетті тәржімашы екенін де танытты (М. Серғалиев);
Достарыңызбен бөлісу: |