Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усайминнің (Аллаһ оны рахымына бөлесін) әмірлерге (ел басшыларына) қарсы шығуға қатысты сұрақтарға берген жауаптары
Адамдардың әмірлерге деген қатынасы туралы шейх былай деді:
«Кездескен сайын әмірлер туралы әңгіме қозғау, олардың жақсы қасиеттері мен жетістіктерін айтпастан, намысын қорлау және олардың кемшіліктері мен қателіктері туралы мәліметтерді жаю кейбір адамдар үшін әдетке айналды. Мұндай әрекеттер, әрине, жағдайды қиындатады, ешқандай мәселелерді шешпейді және әділетсіздіктің жойылуына ыкпал етпейді, әрі жаңа қасіреттерге әкеп соқтырады, әмірлерге деген өшпендікті туындатады және адамдарды орындауға тиісті бұйрықтарды орындамауға итермелейді. Әмірлер де басқа да барлық адамдар секілді жаман амалдар жасауы және қателесуі мүмкін екендігіне біз күмән келтірмейміз, өйткені әрбір адам қателеседі, ал қателікке жол бергендердің ең жақсылары – тәубе етушілер. Біз, сондай-ақ, қателікке бой берген кез келген адамның әрекеті туралы бізге үндемей қалуға болмайтындығына да күмән келтірмейміз, өйткені біз барынша Аллаһқа, Оның Кітабына, Оның Елшісіне, мұсылмандардың әмірлеріне және қарапайым мұсылмандарға қатысты ықылас танытуымыз керек, бұл біздің міндеттеріміздің шеңберіне кіреді.
Сөйтіп, біз билік өкілдерінің бір қателік жібергенін көрсек, біздің міндетіміз олармен жеке сөйлесіп немесе хат жазып игі насихат беру болып табылады. Дәл осы билік өкілдеріне ең алдымен ақиқатты жеткізіп, олардың қателіктері неде екенін көрсетудің, ал содан соң оларға насихат беріп, олар өз қоластындағыларына жақсы қарым-қатынас жасауы, олардың мүдделері жөнінде қамқорлық көрсетулері және оларды жәбір көруден қорғауы қажеттігін ескертудің ең қысқа жолы болып табылады.
Және біз олардың естеріне сахих хадистердің бірінде баяндалған Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін саламыз: «Уа, Аллаһ, менің үмметімнің (мүшелерінің) үстінен қандай да бір билікке ие болып, оларға қатал болғанға қатал бол...» Муслим «Сахих», №1828 хадис.
Сондай-ақ ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Аллаһ қамқорлығына (біреуді) тапсырған және ол өз қарамағындағыларын алдауды қоймай өлген кез келген құлына міндетті түрде Жәннатты харам етеді», - деп айтты. Муслим «Сахих», №142 хадис. Және егер де биліктің өкілі Құран мен Сүннеттің насихаттарына иланса, міне осы - қалаулы нәтиже болады, кері жағдайда біз одан да жоғары мәртебеге ие біреуге, ол шара қолданып жағдайды түзетуі үшін, жүгінуіміз керек болады. Ал егер біз шешім қабылдау ісі тәуелді болған барлық тұлғаларға жүгініп болған болсақ және олардан жоғары тұрған ешкім қалмаған болса, онда өзіміздің парызымызды өтеген боламыз, ал осыдан кейін бізге тек әлемдердің Раббысына жалбарыну ғана қалады. Біз одан мұсылмандар мен олардың әмірлерінің істерін тәртіпке келтіруін сұраймыз».
Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усаймин, Аллаһ оны рахымына бөлесін, сондай-ақ былай деді:
«Биліктің қоластындағылары әмірлердің бұйырғандарын орындап, оларға бағынуға және олар тыйым салған нәрседен, егер бұл шариғатқа қайшы келмесе, тыйылуға міндетті, кері жағдайда оларға мұндай істерде бағынбау керек, өйткені жаратылған біреуге Жаратушыға мойынсұнбаушылық жасап бағынуға болмайды».
Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усаймин, Аллаһ оны рахымына бөлесін, сондай-ақ: «Аллаһ ұстануды бұйырған әмірлерге бағыну сондай-ақ иман келтірген (адамның) үкімет бекітіп қойған тәртіптерді сақтауын да қамтиды, (әрине) егер олар шариғатқа қайшы келмесе. Осылай істеген адам Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнғанын танытады және бұл үшін сауап алады, ал кім бұған қайшы амал жасаса, Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнбайды және күнә жасайды.
Ал әмірлердің өз қоластындағыларына қатысты міндеттері жайлы айтар болсақ, Онда оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Билік жүргізудің мақсаты - көбірек билікке және жоғары мәртебеге қол жеткізу емес. Бұл мақсат тек Аллаһтың дініне көмектесумен және адамдардың дін және дүние істерін ретке келтірумен байланысты жауапкершілікті орындай алу болу керек».
Шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузанның, Аллаһ оған есендік берсін, әмірлерге (ел басшыларына) қарсы шығуға қатысты сұрақтарға берген жауаптары
Сұрақ: «Құрметті шейх, өкінішке орай, әмірлерге қарсы шығуға шариғатта ешқандай нұсқау болмаған жағдайларда да оларға қарсы шығуды ақтап жүрген адамдар бар. Мұсылман және мұсылман емес әмірлермен болған қатынаста біз нені ұстануымыз керек?»
Жауап: «Егер мұсылман әмірі туралы айтар болсақ, онда бізден оған бағыну талап етіледі, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, мүміндер. Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, Пайғамбарға ұсыныңдар, егер сендер Аллаһқа, Ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы хайырлы да, нәтижеде жақсы» (ән-Ниса сүресі, 59-аят).
Ал Пайғамбарға, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, келер болсақ, ол былай деді: «Мынау менің сендерге берген өсиетім: Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһтан қорқыңдар және сендерге (эфиопиялық) құл әмірлік етсе де - тыңдаңдар және мойынсұныңдар. Ақиқатында, (сендерден) кім (менен кейін) өмір сүрсе, көптеген араздықтардың куәсі болады, сондықтан сендер менің Сүннетімді және менен кейін дұрыс жолмен ілесіп жүретін салиқалы халифалардың Сүннетін (мығым) ұстануларың керек». Абу Дауд «Сунан», №4607 хадис; әт-Тирмизи «Сунан», №2676 хадис.
Бұл хадистің мағынасы жоғарыда келтірілген аяттың мағынасына толық сәйкес келеді. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ: «Кім әмірге бағынса, маған бағынған болады, ал кім әмірге мойынсұнбаса, маған мойынсұнбаған болады», - деп айтқан. Әл-Бухари «Сахих», № 2957 хадис, Муслим «Сахих», № 1835 хадис.
Мұсылмандарды әмірлерге бағынуға үндейтін басқа да хадистер мәлім.
Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «... тіпті ол сені арқаңнан ұрса да және мал-мүлкінді тартып алса да, тыңда және мойынсұн!», - дегені жеткізіледі. Муслим «Сахих», №1847 хадис.
Сонымен, әмірдің бұйырғандары Аллаһтың бұйырғандарына қайшы келмесе, әмірге бағыну керек, егер де ол қандай да бір күнәлі іске бұйырса, оған күнәлі нәрседе бағынбау керек, ал басқа барлық нәрседе оған бағыну қажет.
Ал мұсылман емес әмірмен қарым-қатынасқа келер болсақ, онда мұсылмандар жәбірлеушілер және кәпірлерлермен қақтығысқа бармауы керек, өйткені бұл оларға зиян тигізуі және олардың жойылуына әкеп соғуы мүмкін. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзінің пайғамбарлық миссиясын орындай бастағаннан кейін он үш жыл бойы Меккеде өмір сүрді, ал ондағы билік кәпірлердің қолында еді, алайда Исламды қабылдаған оның сахабалары кәпірлермен күреспеді, өйткені бұл оларға тыйым салынған еді, ал күресу туралы әмір оларға Мәдинаға қоныс тепкеннен соң және мұсылман мемлекеті құрылғаннан кейін ғана түсті».
Сұрақ: «Құрметті шейх, белгілі болғандай, дін дегеніміз - ықылас таныту (насыха)44, және ол Исламның негізі болып табылады. Алайда әмірлерге келгенде, біз оларға қатысты ықылас танытуымыз белгілі қиындықтарға тіреледі. Ол (ықылас, насыха) қалай танытылуы керектігін және өзгерістерге күшпен қол жеткізуге талпыныс жасалғанда туындайтын ең түйінді қиындықтар қандай болатындығын түсіндіре аласыз ба?»
Жауап: «Абу Рукәйә Тамим бин Аус әд-Даридің, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «(Бірде) Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Дін – бұл ықылас таныту», - деді. Біз одан: «Кімге қатысты ықылас таныту?», - деп сұрадық. Ол: «Аллаһқа45, Оның Кітабына46, және Оның Елшісіне47, және мұсылмандардың басшыларына48, және жалпы барлық мұсылмандарға49», - деп жауап берді. Муслим «Сахих», № 55 хадис.
Мұсылман әмірлеріне қатысты ықылас оларға шариғат мақұлдайтын нәрселерде бағынуда, олар үшін Аллаһтан дұға-тілек тілеуде және оларға дұрыс жол мен олар жіберіп қоюы мүмкін қателіктерді, әмірлер оларға тап болмауы үшін, түсіндіруде танылады. Сонымен қоса, әмірлерге ықылас таныту оларға құпия түрде игі насихат беруді, сондай-ақ оған бағынатын шенеуніктердің өздеріне тапсырылған істерді адал орындауды да қамтиды. Сондай-ақ, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Сендерден кім (шариғатта) айыпты деп саналатын нәрсені50 көрсе, оны қолымен өзгертсін51, егер оның бұған шамасы келмесе, (айыпты істі) тілімен52 (өзгертсін), ал ол (мұны да) істей алмаса, онда - жүрегімен53, және бұл - иманның ең әлсіз (көрінісі) болады», - дегені хабарланады. Муслим «Сахих», № 49 хадис.
Осыған сәйкес, мұсылмандар үш топқа бөлінеді:
Білімге және билікке ие адам айыпталатын істі өз қолымен тоқтата алады. Мұндай адамдардың қатарына адамдарды жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтаратын мұсылман мемлекетінің билігі тағайындаған әмірлер және мемлекеттік қызметкерлер жатады. Мұндай адамдар дана және шариғат заңдастырған әдістермен айыпты істерді өзгерте алады.
Білімге ие, бірақ билікке ие емес адам. Ол айыпталатын істі сөзбен, яғни адамдарға шариғаттың харам мен халалға, құпталатын мен айыпталатынға қатысты үкімдерін түсіндіру, оларға дұрыс жолды көрсету, оларға насихат айту, уағыздау арқылы, өзгерте алады.
Білімге де, билікке де ие емес, бірақ мұсылман болып табылатын адам айыпты болып саналатын істі жүрегімен айыптап, осындай істерді істеп жатқан адамдардан, олар оған өз ықпалын тигізбеуі үшін, өзін аулақ ұстауы керек.
Сұрақ: «Игі насихатты қалайша дұрыс беру керек, әсіресе мәселе әмірлерге қатысты жағдайларда? Олардың дұрыс емес амалдары жайлы көпшіліктің алдында айтуға болады ма, әлде оларға насихатты құпия түрде беру керек пе? Бұндай жағдайларда діннің алдыңғы салиқалы буын өкілдері қалай істегенін түсіндіріп берсеңіз».
Жауап: «Күнә істеуден тек Аллаһтың Елшісі ғана, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қорғалған еді, ал әмірлер – басқа да барлық адамдар сияқты қателесетін қарапайым адамдар. Алайда әмірлер әділетсіздік танытып жатса да, адамдарды жәбірлеп, күнә жасап жатса да, олар айқын күпірлікке түспейінше, біз олардың қателіктерін, осы қателіктер туралы көпшіліктің алдында сөйлеу үшін және оларға бағынудан бас тарту үшін, сылтау қылмауымыз керек, өйткені бізге осылай істеуді Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұйырды. Бұл дегеніміз, олар тіпті күнә жасап, әділетсіздік көрсетіп жатса да, біз мұсылман елдерінің бірлігі мен қорғауын сақтап қалу үшін, оларға бағынуымызды жалғастыра беруіміз керек, өйткені әмірлерге мойынсұнбау және оларға қарсы күрес жүргізу олар істеп жатқан айыпты болып саналатын нәрселерден де көбірек зиян әкеледі, әңгіме тек қана күпірлік пен көпқұдайшылық төңірегінде болмаса ғана.
Біз әмірлердің қателіктері туралы мүлдем үндемеу керек деп айтып жатқан жоқпыз, жоқ, оларды түзету керек, бірақ мұны дұрыс істеу керек, нақтырақ айтқанда, оларға құпия түрде ауызша немесе жазбаша кеңес беріп.
Бұл істе Интернет сияқты құралды қолдануға да болмайды, өйткені бұл мінберлерден айтылған сөздерден де ықпалдырақ болады, өйткені айтылған сөздер ұмытылады, ал жазылған нәрсе қолма-қол жүре береді, ал мұнымен келісуге болмайды.
Бірде Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Дін – бұл ықылас таныту», - деп үш рет қайталағаны жеткізеді. Сонда сахабалар: «Кімге қатысты?» - деп сұрады. Ол: «Аллаһқа, Оның Кітабына, Оның Елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және жалпы барлық мұсылмандарға», - деп жауап берді. Басқа бір хадисте Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Расында, Аллаһ сендерге үш (нәрсені) қалайды: сендер Оған ғана құлшылық етулеріңді және ешкімді оған серік қоспауларыңды; Сендер Аллаһтың жібінен ұстанып бөлінбеулеріңді және Аллаһ өздеріңнен үстем етіп қойғандарға игі насихат берулеріңді». Имам Малик «Әл-Мууатта», № 1864 хадис; имам Ахмад «Муснад», № 8134 хадис.
Ең дұрысы – әмірлерге насихатты өздерінің ой-парасаттылығымен танылған дін ғалымдары және ықпалды адамдар берсе, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Егер олар оны Пайғамбарға, не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді» (ән-Ниса сүресі, 83-аят).
Мұндай міндетті орындауға кез келген адам жарай бермейді, ал көпшіліктің алдында әмірлердің қателіктерін талқылау игі насихатпен де, біздің алдыңғы салиқалы буын өкілдеріміздің істеген амалдарымен де ешбір ортақтығы жоқ, тіпті осындай әдістерге жүгінетін адам, өзінің пайымы бойынша, игі ниетті басшылыққа алғандығымен ақталса да. Алайда, іс жүзінде, оның істеп жатқаны ол айыптап жатқан нәрседен де жаман, өйткені айыпталатын нәрсені айыптаудың өзі де, егер ол Аллаһ Тағала және Оның: «Сендерден кім (шариғатта) айыпты саналатын нәрсені көрсе, оны қолымен өзгертсін, егер оның бұған шамасы келмесе, (айыпты істі) тілімен (өзгертсін), ал ол (мұны да) істей алмаса, онда - жүрегімен, және бұл - иманның ең әлсіз (көрінісі) болады», - деп айтқан Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, заңдастырған жол-тәсілмен орындалмаса, айыпталуы мүмкін.
Сөйтіп, Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, адамдарды үш топқа бөлді. Бірінші топқа айыпталатын нәрсені өз қолымен түзете алатын адамдар жатады. Олар – әмірлер немесе осы нәрсе оларға мемлекеттің атынан жүктелген адамдар. Екінші топқа айыпталатын нәрсені сөзбен түзете алатындар жатады, басқаша айтқанда, билікке ие емес, бірақ білім мен шешендік қабілет берілгендер. Үшінші топқа айыпталатын нәрсені жүрекпен тәрк етушілер, яғни билікке де, білімге де, шешендікке де ие емес адамдар жатады».
Сұрақ: «Сіз осы елде өмір сүріп жатып, өздерінің жиындарында билік өкілдерін жамандайтын жастар туралы не айтасыз?»
Жауап: «Мұндай әңгімелер еш негізсіз екендігі белгілі, ал оларды айтушы адамдар не жамандыққа ұмтылады, не бізді пайдаланып жүрген игіліктерімізден айырғысы келіп, өзгелерді адастырып жүргендердің ықпалында жүр.
Аллаһқа мадақ, біз өзіміз ілескен жолымызға сенімді болғанымыз секілді, өз әмірлерімізге де сенімдіміз. Бұл «Біз толық кемелдендік және бізде ешқандай кемшілік жоқ» деген сөз емес. Кемшіліктер бар, бірақ біз оларды, Аллаһ қаласа, дұрыс әдістермен түзетеміз.
Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, көзі тірісінде ұрлық жасайтын, зина жасайтын немесе шарап ішетін адамдар болды, ал Пайғамбар оларға қатысты шариғат бекіткен жазаларды қолданды. Бізде, Аллаһқа шүкір, осындай жазалар оларға лайық адамдарға қолданылады және ол тергеу барысында дәлелденген болғанда ғана. Бұдан тыс, бізде адам өлтіруге тура сондай әрекетпен жаза беру қолданылады, ал бұл, Аллаһқа шүкір, игілік болып табылады, ал кемшіліктер болса да, олар болуға тиісті, өйткені бұл адам табиғатына тән.
Аллаһ Тағаладан Ол Өзінің рахметімен біздің істерімізді жөнге келтіруін, бізге өз нәпсімізбен күресуге көмектесуін, тура жол нұсқауын және кемшіліктеріміздің түзетілуіне ықпал етуін жалбарынып тілейміз.
Әмірлердің қателіктері мен жаңсақтықтарын олардың мәртебесін түсіру немесе қоластындағылардың оларға деген өшпенділігін ояту үшін пайдалану Сүннет пен келісімнің жақтаушысы (әһлю-Сунна уәл-жамаъа) болған біздің салиқалы ата-бабаларымыздың әдістерімен еш ортақтығы жоқ. Сүннет пен келісімнің жақтаушылары (әһлю-Сунна уәл-жамаъа) адамдарды әмірлерге бағынуға, оларды жақсы көруге және бірлікті сақтап тұруға талпындырады, ал бұл қажетті нәрсе болып табылады.
Әмірлерді балағаттауға және олар туралы сөз тасуға келер болсақ, онда бұлар -көпқұдайшылықтан кейін қатаң тыйым салынған нәрселердің қатарына кіреді, өйткені араздыққа алып келіп, адамдардың жүрегінде ашыну сезімін туғызады».
Ғылыми зерттеулер және пәтуалар бойынша Тұрақты Комитеттің жауабы
Ғылыми зерттеулер және пәтуалар бойынша Тұрақты Комитетке қойылған сұрақ: «Аллаһтың түсіргеннің негізінде билік жүргізбейтін әмір үшін Аллаһқа қандай тілектермен жалбарыну керек?»
Жауап: «Аллаһтан Ол бұндай әмірді ақиқат жолына бағыттауын және оған көмектесуін, сондай-ақ ол арқылы Аллаһ оның қоластындағыларының жағдайын жақсартуын, ал оның өзі адамдарды шариғатты басшылыққа алған түрде басқаруын тілеу керек».
Комитет төрағасы: Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баз;
мүшелері: Абдуллаһ бин Қууд,
Абдуллаһ бин Ғадйан, Абд әр-Раззақ Афифи.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ШЕРУЛЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ШЕШІМ
Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың (Аллаһ оны рахымына бөлесін) шерулер мәселесі бойынша берген жауаптары
1992 ж. (х. 1412 ж.) шағбан айында Джидда қаласында шейхқа мынадай сұрақ қойылды: «Ерлер мен әйелдер қатысатын әмірлерге қарсы бағытталған шерулерді Исламға шақырудың құралы деп қарастыруға және де осындай шеруге қатысу барысында қаза тапқан адамды шахид немесе Аллаһ жолында жүрген адам деп санауға бола ма?»
Жауап: «Мен ерлер мен әйелдер қатысатын шерулерді қандай да бір мәселелерді шешудің құралы деп есептемеймін, мен оларды бүліктердің, жамандықтың, бір адамдардың өшпенділігін оятудың және басқа адамдардың құқықтарының бұзылуының себепшісі деп қарастырамын. Шариғи әдістер деп шариғатқа сәйкес іске асырылатын хат алмасуды, игі насихаттарды және жақсылыққа шақыруды айтады. Бұл әдістердің мәнін ислам ғалымдары, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабалары және оларға таза жүрекпен ілескендер түсіндірген, ал олар, жоғарыда айтқанымыздай, хат алмасудан, әңгімелесуден және «Әмір пәлен нәрсені істеді», немесе «Оның күнәсынан пәлен нәрсе орын алды» деп мінберлерден жарияламай, әмірмен байланыс орнатудан тұрады, ал көмек сұрап Аллаһқа жалбарыну керек».
Шейх Абд әр-Рахман Абд әл-Халикке жауап беріп, шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баз былай деді: «Өзіңіздің «Шариғат басқаруы туралы тараулар» атты кітабыңыздың 31-ші және 32-ші беттерінде сіз: «Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, шерулерді ислам шақыруының құралы ретінде пайдаланды», - деп айтып өтесіз, алайда маған бұл жөнінде ешқандай нұсқаулар мәлім емес, сондықтан бұл жөнінде кім айтқанын және мұны сіз қандай кітаптан тапқаныңыз жайлы хабарлауыңызды сұраймын.
Егер де мұның Сүннетте ешбір мысалы болмаса, онда сіз өз сөзіңізден бас тартуыңыз керек, ал мен бұған нұсқайтын бірде-бір хадис немесе басқа да бір дереккөз көріп тұрған жоқпын. Шерулер қандай зиян әкелетіні белгілі болғандықтан, бұған сахих нұсқаулар болған жағдайдың өзінде де, бұзақылық таратушы адамдар өз мақсаттары үшін шерулер ұйымдастырмауы үшін, оларда нақты не айтылғандығын толық түсіндіру керек.
Аллаһтан сіз бен бізге пайдалы ілім беруін, жүректерімізді және барлық амалдарымызды салиқалы етуін және бізді тура жолмен жүрушілердің және онымен өзгелерді де жетелейтіндердің қатарынан етсін деп сұраймын. Сізге Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекесі болсын».54
«Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздан шейх Абд әр-Рахман Абд әл-Халикке.
Аллаһ Сізге Өзіне ұнайтын амалдарды жасауға көмектессін және сіздің қолыңызбен Өз дініне көмектессін, әмин.
Сізге Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекесі болсын!
Мен сіздің кітабыңызды алдым және сіз менің ұсыныстарыммен келісетіңізді қуанышпен қабылдадым. Аллаһтан сізге бұдан да артық деңгейде қолдау көрсетуін және Ол сізді тура жолмен жүрушілердің және өзгелерді де тура жолға жетектейтіндердің қатарына қоссын.
Мен сіздің шерулер туралы жазғандарыңызбен танысып шықтым, ал сіз келтірген нұсқадағы дерек әлсіз деректер санатына жатады. Өйткені оны жеткізушілердің бірі - Исхақ бин Абу Фәруа; ал оның жеткізгендері шариғи дәлел ретінде қолданыла алмайды. Алайда бұл дерек сахих болған жағдайда да, онда Ислам тарихының ең алғашқы, яғни мұсылмандар Мәдинаға әлі көшпеген, ал шариғат әлі толық қалыптаспаған кезеңі туралы айтылып жатқанын ұмытпау керек.
Алайда үндеу немесе тыйым салу мәселелерінде, басқа да діни істердегідей, Мәдинаға көшкеннен кейін қалыптасқан шариғатттың ережелеріне негізделу керек. Ал жұма және айт намаздарына, сондай-ақ басқа да, күн тұтылуда оқылатын, немесе жаңбыр тілеу сияқты Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, үндеген болуы мүмкін намаздарға келер болсақ, олар мұсылмандық діни рәсімдерге жатады және олардың шерулерге ешқандай қатысы жоқ.
Аллаһтан бізге, сізге және барлық бауырларымызға бұдан да көбірек пайдалы білім беруін, жүректерімізді және барлық амалдарымызды салиқалы етуін және бізді, сізді, сондай-ақ барлық мұсылмандарды бүліктермен байланысты болған адасушылықтардан және шайтанның азғыруынан сақтауын тілеймін. Расында, ең жақсысы - Аллаһқа ғана тілектермен жалбарыну.
Сізге Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекесі болсын!» 55
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
АДАМ ӨЛТІРУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ШЕШІМ
Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың (Аллаһ оны рахымына бөлесін) адам өлтіру мәселесі бойынша берген жауаптары
Сұрақ: «Алжирдегі мұсылмандардың қарулы тобының өкілдері полицейлерді өлтіру және жалпы қару қолдану сияқты өздерінің жасап жүрген әрекеттерін сіз құптайды деп жариялайды. Осы шындыққа сәйкес келеді ме? Сіз бұл адамдардың амалдары туралы шариғаттың үкімдері тұрғысынан не айта аласыз?»
Жауап: «Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен. Аллаһқа мадақ және Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына, сахабаларына және оның жолына ілескендердің барлығына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.
Біз бұрын да исламға шақырумен айналысатын барша бауырларымызға Аллаһ Тағала: «Адамдарды Рабыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен56 пікірталасты көркем түрде жүргіз» (ән-Нәхль сүресі, 125-аят), - деп бұйырғандай, адамдарды жақсы сөздермен және игі үндеулермен насихаттау керектігі және олармен ең жақсы әдіс-құралдар арқылы пікірталас жүргізу қажеттігі туралы насихат берген болатынбыз.
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «...Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар57» (әл-Анкәбут сүресі, 46-аят).
Сөйтіп, Құдіретті де, Ұлы Аллаһ Өзінің құлдарына адамдарды Аллаһқа шақыруды бұйырды, әрі шақыруды даналықпен, яғни біліммен іске асыру керектігіне нұсқады. Бұл дегеніміз: (шақыруда) Аллаһтың және Оның Елшісінің сөздерін келтіру керек, игі насихатты қолдану қажет және күмәнді нәрсенің барлығы жойылғанға дейін, адамдармен пікірталастарды ең жақсы тәсілдер арқылы жүргізу керек.
Алжирде Аллаһқа шақырып жүргендерден кімде-кім мен оларға полицейлерді өлтіруді немесе (Исламға) шақыруда қару қолдануды айттым десе, онда мұндай сөздер – жай қателік қана емес, олар жалған болып табылады.
Шақыруды тек игі құрал-тәсілдер арқылы жүргізу керек. Бұл дегеніміз: Аллаһтың және Оның Елшісінің сөздерің келтіру керек, адамдарға үгіт-насихат айту керек, оларды ынталандыру керек және оларда Аллаһтан қорқу сезімін ояту керек. Пайғамбар да, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, оның сахабалары да, Меккеде өмір сүріп, билікке ие болмаған кездерінде Исламға шақыруды дәл осылай жүргізген еді. Олар адамдарды Құран аяттарының, игі сөздердің және ең жақсы әдістердің көмегімен Аллаһқа шақырды, өйткені бұл ізгілікке жақындау және ақиқаттың қабылдануына көбірек ықпал етеді.
Адамдарды өлтіру немесе ұрып-соғу арқылы іске асырылатын шақыруға келер болсақ, онда ол Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетіне де, оның сахабалары қолданған әдістерге де ешқандай қатысы жоқ. Аллаһ Пайғамбарға, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жихад жүргізуді және шариғат бекіткен жазаларды қолдануды Ол оған Мәдинада билік сыйлаған кезде міндеткерлік етіп бекітті, сондықтан Пайғамбар тек Мәдинаға қоныс тепкен соң ғана көпқұдайшылдарға қарсы жихад жүргізуді және Аллаһтың әмірлеріне сәйкес жаза қолдануды орындай бастады.
Аллаһқа шақырушылар Құранның аяттары мен Пайғамбардың хадистерін пайдаланып, жақсы әдістерге жүгінуі керек екендігін тағы да бір рет рет ескеріп өтеміз. Егер шақыруды дұрыс деңгейде жүргізуге мүмкіндік болмаса, онда әмірге жүгіну кажет және оған: «Осылай және осылай істеу керек», - деп игі насихаттар беру керек және әртүрлі әмірлердің арасында, мейлі олар патшалар, әмірлер немесе републикалардың президенттері болсын, өзара түсінушілікке қол жеткізілгенге дейін осылай істеу керек.
Түрмеге жабу, өлімге кесу немесе шариғат белгілеген жазаларды қолдану қажет болған жағдайларда (Исламға) шақырушылар әмірлерге жүгінулері қажет. Олар жақсы әдістерді және көркем сөздерді пайдаланып, әмірлерге насихат айтуы керек және оларды игілікке бағыттауы керек. Міне, сондықтан Аллаһ Тағала: «Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: "Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Құдайымыз да, сендердің Құдайларың да - біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз!" - деңдер» (әл-Анкәбут сүресі, 46-аят), - деді.
Егер Кітап иелерінен біреу әділетсіздікке жол берсе, әмір оған қатысты, кінәлі адам неге лайықты болса, сондай шара қолдануы кажет, ал шақырушылар ізгілік танытып, даналықты ұстануы керек, өйткені Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ізгілік үнемі өзі араласқан нәрсесін көркем етеді, ал қашан бір нәрсе ізгіліктен арылса, бұл міндетті түрде абыройсыздыққа әкеледі», - деді. Муслим «Сахих», № 2594 хадис.
Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ, былай деді: «Ізгіліктен айырылған игіліктен де толық жұрдай болды». Муслим «Сахих», № 2592 хадис.
Шақырушылар адамдарға үгіт-насихатты Құран аяттарымен және хадистермен жүргізуі тиіс, ал біреуде күмән туындап жатса, оны ең жақсы әдіспен үгіттеу керек, аяттың немесе хадистің мағынасы неде екенін көрсету керек және Аллаһ пен Пайғамбардың сөздеріне, ақиқат айқын болып, күмән жойылғанша сілтеме жасау керек.
Алжирдегі және Алжирде болмаған бауырларымыз да міне осыларды істеу керек. Олар Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, және оның сахабалары Меккеде өмір сүрген кезде амал істегендеріндей амал істеулері керек, ал олар шақыруды игі сөздер және ең жақсы әдістер арқылы жасады. Аллаһқа шақырушылар даналық жасап, әмірге және өзге де билік өкілдеріне игі насихаттар беруі керек, сөйтіп барлығы бір-біріне қылмыскерлерді ұстауда және ақиқатты орнатуда көмек көрсетуге тырысулары қажет.
Сонымен, атқару ісі басшыларға жүктеледі, ал діндарлар және Аллаһқа шақырушылар игі кеңестер беруге, адамдарға барлық қажетті нәрселерді жеткізуге және түсіндіруді талап ететін нәрсені түсіндіруге міндетті, ал біз болсақ Аллаһтан баршаға дұрыс жол нұсқауын тілейміз».
Сұрақ: «Бұл топтың өкілдері хиджаб жамылудан бас тартқан әйелдерді өлтіреді. Оларға осылай істеуге рұқсат бар ма?»
Жауап: «Бұл да - қателік. Бұлай істеуге оларға рұқсат етілмейді, ал міндеттісі насихат айту болып табылады. Әйелдерге, олар хиджаб кигенге дейін, насихат айту керек. Намаздан бас тартқандарға, олар намаздарын орындағанға дейін; өсімқорларға, олар өсімқорлықпен айналысуын тоқтатқанға дейін; зинақорларға, олар зина жасаудан бас тартқанға дейін насихат беру керек және шарап ішушілерге, олар ішіуін тоқтатқанға дейін насихат айту керек.
Аллаһтың сөздеріне және Пайғамбардың хадистеріне жүгініп және адамдарды Ақырет Күні олар тап болуы мүмкін Аллаһтың қаһары мен азабынан сақтандырып, әркімге ізгі насихаттар беру керек.
Ал зорлық-зомбылық акцияларына, адам өлтіруге және басқа да сол сияқты әрекеттерге келер болсақ, олар шақыру ісімен үйлеспейді, өйткені жиіркеніш туғызады. Аллаһқа шақырумен айналысатын адамдар кішіпейілділігімен және сабырлылығымен ерекшеленуі керек, игілік жасаушылардың саны көбейіп, ал жауыздық жасаушылардың саны азаюы үшін және адамдар (Исламға) шақырудан пайда алып, оған жауап беруі үшін, олар өздеріне тиіп жатқан ренжітулерге төзім танытып, мешіттерде және басқа жерлерлерде жақсы сөздер айта білуі қажет».
Сұрақ: «Адам өлтіру және сол сияқты әрекеттерді жасап жүргендерге қандай насихат беруге болады?»
Жауап: «Оларға Аллаһқа тәубе етулері және даналықтың, игі насихаттың, сондай-ақ ең жақсы әдістермен пікірталас жүргізудің көмегімен адамдарды Аллаһқа шақырған біздің алдыңғы салиқалы буын өкілдеріміз жүрген жолдан ауытқымай жүруі туралы кеңес беріңдер. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһқа шақырып, игі амалдар жасап және: «Расында, мен – (Аллаһқа) мойынсұнғандардың бірімін!», - деушінің сөздерінен кімнің сөзі жақсы» (Фуссиләт сүресі, 33-аят).
Шақырушылар шақыру ісінде қиындықтар туғызатын және өзге шақырушыларға және білімі жетіспейтіндерге сәтсіздіктер әкелетін істермен айналыспауы керек. Егер шақыру игі сөздермен және жақсы әдістермен іске асырылса, шақырумен айналысатын адамдардың саны көбейе түседі, адамдар олардың сөздерін тыңдайтын болады және олардың себебінен пайдаға қол жеткізеді, ал мешіттерде және басқа жерлерде білім ізденушілердің үйірмелері жинала бастайды.
Аллаһ баршаға тура жол нұсқасын және біз Аллаһтан баршаны дұрыс жолға салуын және баршаға көмектесуін тілейміз». «Көрнекті діндарлардың пәтуалары», 61-68 беттер.
Сұрақ: «Шет ел туристеріне және де мұсылман елдеріне келіп кететін өзге де адамдарға шабуыл жасау мәселесі бойынша қандай шешім шығаруға болады?»
Жауап: «Бұл адамдарға да, басқа кез келген адамдарға да, олар турист немесе жұмысшылар болсын, шабуыл жасауға мүлде болмайды, өйткені олар елге бейбіт түрде кірді және (мемлекеттің) қорғауы астында болып табылады. Тіпті мемлекеттік органдарға мұндай адамдарды дұрыс емес нәрселердің барлығынан қорғаштау керектігін ұсыну керек, ал оларға шабуыл жасауға жол берілмеу керек. Ешкім оларды өлтірмеуі де, ұрып-соқпауы да, ренжітпеуі де керек, ал қандай да бір келеңсіздіктер орын алған жағдайда билікке жүгіну керек. Мұндай адамдарға шабуыл жасауға жол берілмейді, өйткені бұл (шабуылдар) бейбіт келген адамдарға қарсы бағытталған, ал олардың елге кіруіне кедергі келтіруі немесе мұндай адамдарға қандай да бір бөгет жасауы мүмкін болғандарға жүгіну айқын түрде сөгіске лайықты. Оларға игі насихаттар беріп, Исламға шақыру керек немесе олар мұсылман болса, айыпталатын нәрселелерден бас тартуға шақыру керек және осы шақыруларды шариғаттың нұсқауларымен күшейтіп, Аллаһтан көмек тілеу қажет. Аллаһтан өзге ешкім де күш-қуатқа ие емес, әрі Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және барлық сахабаларына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын». «Пәтуалар жинағы», 8/239.
Шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузанның (Аллаһ оған есендік берсін) адам өлтіру мәселесі бойынша берген жауаптары
Сұрақ: «Алжирдегі Исламға шақырушылардың біреуі өзінің жазған бір кітабында: «Адам өлтіру Сүннетке сәйкес келеді, бірақ ол Сүннеттің ұмытылған әдеттеріне қатысты», - деп тұжырымдайды. Дәлел ретінде ол Кааб бин әл-Ашрафты және мұсылман әйеліне көз тігіп қараған яхудиді өлтіру туралы хабарларды келтіреді. Сіз бұл жөнінде не айта аласыз?»
Жауап: «Кааб бин әл-Ашрафты өлтіру туралы хабар адам өлтіруді рұқсат етуге дәлел бола алмайды, өйткені Кааб бин әл-Ашраф сол кезде билік иесі болған Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұйрығы бойынша өлтірілді, және Кааб бин әл-Ашраф, белгілі келісім-шартқа сәйкес, оның қоластындағылардың қатарына жататын еді. Бұл адам келісім-шарттың шарттарын бұзды да, сатқындық жасады, ал бұл жағдай оның өлтірілуін рұқсат етті, ал мұның мақсаты бұл адамды ол мұсылмандарға тигізіп жатқан зияннан тоқтату болды. Ол, қазір туристтерді өлтіруге байланысты орын алып жатқандай, билеушіден тәуелсіз әрекет жасайтын жеке бір тұлғалардың немесе адамдардың топтарының үкімі бойынша өлтірілмеді. Ондай әрекеттер анархия деп бағаланады, ал Ислам оларды құптамайды, өйткені олар Исламға және мұсылмандарға үлкен зиян тигізеді».
Шейх Салих бин Али әл-Ғисуанның, Аллаһ оған есендік берсін, адам өлтіру мәселесі бойынша жауаптары
Сұрақ: «Соңғы екі жыл бойы біз ислам шақыруымен айналысып жүрген кейбір адамдардың шақыру ісінде және қайтарылатын нәрселерді айыптауда қолданылатын әдіс-құралдар туралы үнемі айтып жүргенін және олар осы әдіс-құралдардың қатарына шерулерді, ұйымдасқан түрде көшелерден жүріп өтуді және адам өлтіруді жатқызатынын және осыны ислам жихады деп атайтынын естіп жүрміз.
Біз Сізден екі сұраққа жауап беруіңізді сұраймыз:
а) Жоғарыда аталғандарды шариғи әдіс-құралдар деп санауға болады ма, әлде олар айыпталуға лайықты болған бидғаттар мен тыйым салынған әдістердің қатарына жатады ма?
ә) Шариғат осындай әрекеттерге шақыратындарға және оларды насихаттайтындарға қатысты не істеуді бұйырады?»
Жауап: «Аллаһқа мадақ. Жақсылыққа үндеу және жамандықтан тосу, Аллаһқа шақыру және адамдарға тура жол сілтеу Аллаһтың дінінің негізіне жататыны белгігі, алайда Аллаһ Тағала былай деді: «Адамдарды Рабыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен58 пікірталасты көркем түрде жүргіз. Күдіксіз, Раббың Оның жолынан ауытқығандар туралы бәрінен жақсы біледі және Ол тура жол тапқандар туралы да бәрінен жақсы біледі» (ән-Нахль сүресі, 125-аят).
Аллаһ Муса мен Харунды59 Перғауынға жіберіп, оларға: «Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар», - деп бұйырды (Та ха сүресі, 44-аят).
Мухаммад Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, адамдарға даналықпен келді және Исламға шақырумен айналысатындарға өз шақыруларын даналықты басшылыққа алып және сабыр танытып іске асыруларын әмір етті. Бұдан тыс Құранда былай делінген: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне хақты60 үгіттесіп, сабырды61 үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» (әл-Аср сүресі, 1-3 аяттар).
Сөйтіп, адамдарды Аллаһқа шақырушы, оларды құпталатын нәрселерге талпындырып, айыпталатын нәрселерден тыюға тырысатын адам сабырлық танытып, Аллаһтың сыйынан үміт етуі керек. Бұдан тыс, ол өзінің (дінге) шақыру жолында естуі немесе кездесуі мүмкін болған жағымсыз нәрселерді төзімділікпен көтере білуі керек. Ал адамдармен тұрпайы түрде сөйлесіп, оларды ренжітетін (Аллаһ бізді ондайдан сақтасын) немесе тәртіпсіздікке ұмтылатын, немесе адамдарды дау-жанжалдарға және алауыздыққа келтіруге талпынатын адамдарға келер болсақ, онда мұның барлығы шайтанның амалдарының қатарына кіреді және хауариждердің шақыруының негізінде жатыр. Олар (хауариждер) айыпталатын нәрсеге деген сөгісті қару арқылы танытатын еді, ал егер бір нәрсе олардың көзқарастарына қайшы келсе, олар қан төгуден, адамдарды күпірлікте айыптаудан және сол сияқты істерден тайынбайтын еді.
Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабалары және біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміз іске асырған (дінге) шақырудың хауриждердің және олардан өнеге алғандардың шақыруынан айырмашылығы мынада: сахабалар өз шақыруын даналықтың, ақиқатты насихаттаудың және түсіндірудің көмегімен, сабырлық таныта отырып, Аллаһтың сыйынан үміт етіп, іске асыратын. Ал хауариждер адамдармен соғысып, олардың қанын төкті, оларды күпірлікте айыптады және мұсылмандардың арасына тартыстар енгізді, ал бұл жеккөрінішті және айыпталатын бидғаттардың қатарына жатады.
Мұндай нәрселерге шақырушылардан аулақ болып, оларға сенбеу керек, өйткені мұндай адамдар мұсылмандардың алауыздыққа түсуіне себебші болды, мұнысы үшін оларды Аллаһтың кек алуы және жазасы күтуде, Аллаһ бізді ондайдан сақтасын! Егер мұсылмандар игілікке деген ұмтылыстарында бірігіп, біртұтас болғанда еді, олар, күмәнсіз, жоғары мәртебеге жетіп, құрметке ие болар еді.
Мұсылмандар партияларға және топтарға бөлінгенде, олардың арасында қарама-қайшылықтар пайда болады және олардың өздерінің ортасынан шыққан дұшпандар оларға жол табады. Бұл жаман жолмен бидғаттардың жақтаушылары жүреді, ал алғашқылар болып бұл жолға мұсылмандардың арасына араздық егіп, халифа Али ибн Абу Талибпен және оны қолдаған сахабалармен соғысқан адамдар түсті. Олар Алимен жақсы өзгерістерді қалап соғысты, бірақ ақиқатында азғындауға, бидғаттарға және ыдырауға себеп болды, өйткені мұсылмандарды бытыранқылыққа әкелген және оларды әлсіреткен солар еді. Міне осы нәрселер олардың сөздерін қайталап, олардың көзқарастарына ортақтасатын және оларды насихаттайтын әрбір адамға қатысты. Мұндай адам жаман көзқарастарды ұстанады және одан аулақ болу керек, өйткені ол өз қауымына, өз серіктеріне және өзі қатынасатын барлық адамдарға зиян тигізеді. Ал іс жүзінде мұсылман адам жасампаз әрекеттермен айналысуы керек, тек игілікке талпындырып, өзі де оған ұмтылуы керек, ақиқат сөздерін айтып, ең мықты дәйектерді пайдаланып және жұмсақтық танытып Исламға шақыруы керек, өз бауырлары туралы дұрыс пікірде болып, кемелдікке жету өте қиын екендігін және күнә істеуден тек Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қорғалғандығын есте сақтауы керек. Сондай-ақ, олар өздері қарсы шығып жатқан адамдары - олар әмірлер, ресми тұлғалар немесе басқа біреулер болсын - жойылса, олардың орнына олардан да жаман адамдар келетінін де ұмытпауы керек, өйткені қандай заман өтсе де, оның орнына тек қана жаман замандар келеді. Адамдардан кемелдікті күтуші немесе олар еш қателік жібермеуіне және ешбір жамандық жасамауына қол жеткізуді қалайтын адам адасқан болып табылады. Мұндай адамдар мұсылмандарды бөлінушілікке әкелген және оларға көп зиян тигізген хауариждердің мирасқорлары болып табылады, ал мұндай мақсаттарды Сүннет пен келісімнің жақтаушыларына (әһлю-Сунна уәл-жамаъаға) қарсылас болған рафидилер, хауариждер, муътәзиләлар және басқа да арам пиғылды тұлғалардан және бидғаттың жақтаушыларынан болғандар көздеді».
БЕСІНШІ БӨЛІМ
ҰШАҚТАРДЫ БАСЫП АЛУҒА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАРҒА ИМАМДАРДЫҢ БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің шешімі
Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Тақуаларды ең соңында игілік күтеді, ал жауласуды тек қана залымдарға қатысты көрсету керек және Қиямет күніне дейін Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның жаратылыстарының ішіндегі ең абзалы - Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына, барлық сахабаларына және оның ең дұрыс басшылығының арқасында тура жолға түскендердің барлығына болсын.
Хижра жыл санауы бойынша 1409 жылы, мухаррам айының 12-нен 18-не дейін (1988 жылдың 24-тамызынан 30-тамызына дейін) әт-Таиф қаласында өткен Ең ірі ислам ғалымдарының Комитеті Кеңесінің 32-сессия мәжілісі террористік актілердің орын алғандығы жөніндегі анықталған фактілері бойынша өткізілді. Бұл терактілердің салдарынан көп мұсылман және мұсылман емес мемлекеттерінде көптеген жазықсыз адамдар құрбан болды және қоғамдық мүлік пен қоғамдық мекемелердің жойылуы орын алды. Бұл келеңсіз уақиғаларға имандары пәс немесе тіпті иманнан жұрдай, нәпсілерін дерт және жеккөрушілік жаулап алған адамдар жауапты.
Үйлерді жару, қоғамдық мүлікті өрттеу, көпірлер мен туннельдерді жару, сондай-ақ ұшақтарды жару немесе басып алу қопарушылықтың осындай іс-әрекеттерінің мысалы бола алады. Бірнеше алыс және жақын елдерде осындай қылмыстар жиі қайталанатындықтан және Сауд Арабиясы да басқа да елдер сияқты осындай қопарушылық іс-әрекеттерінің нысанасы болғандықтан, Ең ірі ислам ғалымдарының Кеңесі, ол іс-әрекеттер зиян тигізу немесе қоғамдық тыныштықты бұзу мақсатымен қоғамдық және үкіметтік мекемелерге немесе басқа бір нәрселерге қарсы бағытталғанына қарамастан, қопарушылық іс-әрекетімен айналысатын адамдарға ұстамды бастау бола алатын жазаны орнату мәселесін қарастыруды міндетті деп тапты.
Кеңес шариғат қағидалары жалпы алғанда бес міндетті нәрсені: нақты атап айтқанда - дінді, өмірді, ар-намысты, ақыл-есті және мал-мүлікті - сақтап-қорғау міндетіне қатысты екендігі туралы ғалымдардың нұсқауларымен танысты. Кеңес мұсылмандардың өміріне, ар-намысына және мал-мүлкіне қол сұғу алапат қауіптермен қаншалықты қатерлі екендігіне, сондай-ақ қопарушылық іс-әрекет қоғамдық тыныштықтың бұзылуына, анархияға, бүлікке, мұсылмандарды үрейлендіруге және олардың мал-мүлкіне қауіп төнуіне әкелетіндігіне өзіне толық есеп береді.
Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, жазаларды қолдануды, олар арқылы қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, заңдастырып, адамдардың дінін, тәндерін, өмірлерін, ар-намысын, ақыл-есін және мал-мүліктерін қорғады. Аллаһтың мына сөздері осының түсіндірмесі болады: «Соның салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған62 біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен; және кім оны тірілтсе63, барлық адамды тірілткенмен тең», - деп жаздық» (әл-Мәида сүресі, 32-аят).
Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері64, немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).
Осы аяттарда аталған жазаларды қолдану қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге және мұсылмандардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуға нәпсісі итермелеген кез келген адамды жүгендеуге кепілдеме береді. Негізінде ғалымдар қалалардың ішінде соғыс әрекеттерін жүргізудің басқа жерлерде соғыс әрекеттерін жүргізуден ешбір айырмашылығы жоқ дейді, өйткені Аллаһ Тағала: «...және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің …», - деді.
Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» (әл-Бақара сүресі, 204-205-аяттар), - деді .
Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін65 бүлікшілік қылмаңдар» (әл-Ағраф сүресі, 56-аят), - деп бұйырды.
Ибн Касир, Аллаһ оны рахымына бөлесін: «Аллаһ Тағала жер бетінде бұзақылық (жасауға) және ол (жер) түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді таратуға тыйым салады, өйткені егер алғашында істер дұрыс бағытта жүрген болса, ал кейіннен барлығы бұзылған болса, бұл Аллаһтың құлдары үшін ең зиянды болып табылады, сөйтіп Аллаһ Тағала бұған тыйым салды», - деді.
Әл-Қуртуби66: «Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, түзетуден кейін қандай болса да кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды және бұл (үкім) барлық (адамдарға) қатысты», - деді.
Жоғарыда баяндалғандарға негізделіп және жоғарыда аталған іс-әрекеттер материалдық немесе өзге де мүдделер үшін соғысып жүрген жақтардың іс-әрекеттерімен салыстырғанда анағұрлым қауіптірек екендігіне сүйене отырып, өйткені қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметін қиратуға, оның сенім жүйесін жоюға және оны Раббымыз көрсеткен жолдан тайдыруға ұмтылып жатқандықтары себепті, Кеңес төмендегідей шешім шығарды:
Егер адамның қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіргені: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен қопарушылық іс-әрекетімен айналысып жүргені немесе жер бетінде бұзақылықты таратып жүргені шариғатқа сәйкес анықталса, күнәлі адам өлім жазасына лайықты.
Бұған осындай әрекеттерді істеп жүргені үшін күнәлі адам өлім жазасына лайықты болады деген жоғарыда келтірілген Құранның аяттары және қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар үлкен қауіп төндіретіндігі және қарақшылардан да көп зиян әкелетіндігі нұсқау бола алады.
Жеке адамды ғана өлтіру немесе тонау арқылы оған қастандық жасаған қарақшыға Аллаһ осындай жазаны бекіткен болса, онда көптеген жазықсыз адамдарға қайғы-қасірет тигізетін лаңкестер (терроршылар) оған тіпті лайық.
Бірінші тармақта айтылған жазаны қолданудан бұрын шариғат соттары тергеу органдары мен Жоғарғы сот тарапынан іске асатын дәлелдерді жинақтау жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл өз парызымызды толық өтеу үшін, абай болудың қажетті іс-шараларын орындау үшін және бұл мемлекет қылмыстарды тергеуге және оларға жаза белгілеуге байланысты шариғат бекіткен барлық рәсімдерді ауытқымай ұстанатынын көрсету үшін қажет.
Кеңес мұндай жазаның бекітілгендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануы қажет деп есептейді.
Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның құлы және елшісі - пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына болсын.
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі67
Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың (Аллаһ оны рахымына бөлесін) ұшақтарды басып алу мәселесі бойынша жауаптары
Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне, оның отбасына, сахабаларына және оның жолымен жүргендерге Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.
Бір тамшыдай болса да ақыл-парасатқа ие адамға ұшақтарды басып алу, сондай-ақ елшіліктердің қызметкерлерін немесе басқа адамдарды кепілдікке алып тұтқындау – жазықсыз адамдарға көптеген қасіреттер мен үлкен зиян тигізетін, салдары едәуір салмақты болатын ауыр халықаралық қылмыстардың қатарына жататыны айдан анық.
Мұндай қылмыстар тек жеке мемлекеттер мен адамдардың топтарына ғана емес, бүкіл дүние жүзіне зиян тигізетіні де анық, демек үкіметтер мен барлық ресми тұлғалар, соның ішінде діндарлар да, еш күмәнсіз, оларға ерекше назар бөліп, бұл жауыздықты толығымен тоқтатуға мүмкіндігі барынша күш салу керек. Аллаһ Тағала қасиетті Құранды барлық нәрсеге түсіндірме, мұсылмандар үшін басшылық, рахмет және игі хабар ретінде түсірді, адамдарға Өзінің пайғамбары Мухаммадты, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ол бүкіл әлемдерге рахмет және Аллаһтың барлық құлдарына дәлел болуы үшін және баршаға Оның шариғатын басшылыққа алуды, ал тартыстар пайда болған жағдайда Құран мен Сүннетке жүгінуді міндеттеу үшін жіберді. Аллаһ Тағала былай деді: «Жоқ, Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, содан соң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды» (ән-Ниса сүресі, 65-аят).
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Олар жаһилиет дәуірінің үкімін іздейді ме? Мығым иманға ие болғандар үшін Аллаһтан жақсы үкім беруші кім?» (әл-Мәидә сүресі, 50-аят).
Сондай-ақ, Аллаһ Тағала: «Әй, мүміндер. Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, Пайғамбарға ұсыныңдар: егер сендер Аллаһқа, Ақырет Күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы хайырлы да, нәтижеде жақсы» (ән-Ниса сүресі, 59-аят), - деді.
«Аллаһқа ұсыну» деген Құранға жүгіну дегенді білдіретіні, ал «Елшіге ұсыну» деген оның көзі тірісінде тікелей өзіне, ал оның өлімінен соң оның Сүннетіне жүгіну дегенді білдіретіні жайлы барлық мұсылман ғалымдарының пікірлері ұштасқан, ал Аллаһ Тағала былай деп бұйырады: «Сендер не нәрседе тартыссаңдар да, шешім үшін Аллаһқа (жүгініңдер)» (әш-Шура сүресі, 10-аят).
Баршаға зиян тигізетін мұндай істердің қатарына ұшақтарды басып алу да жатады. Ұшақтарды басып алған адамдарды қолына түсірген мұсылман мемлекеті оларды шариғат бойынша соттау керек, өйткені мұндай жиіркенішті қылмысты жасау Аллаһқа мойынсұнбау және Оның құлдарының құқықтарын бұзу болып табылады. Мұндай қылмыстарға тосқауыл қоюдың бірден-бір құралы – Құранда түсірілген Аллаһтың шешімін іске асыру. Оны адамдарға жеткізу үшін Ол адамдардың ең ықыластысы және ең лайықтысы болған Мухаммад Пайғамбарды, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жіберді. Бұл шешімнің мағынасын ұшақты басып алған адамдар және осыған қатысы бар болғандардың барлығы түсінулері керек. Егер олар мұсылман болса, онда бұл шешімге қанағаттануы керек, ал (мұсылман) болмаса, онда Аллаһ бәрібір Пайғамбарға оларды шариғат бойынша соттауды бұйырды, бұған Аллаһтың мына сөздері нұсқайды: «Олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Олардың ойларына ілеспе» (әл-Мәидә сүресі, 49-аят).
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Ал егер араларына үкім берсең, әділдік бойынша үкім бер» (әл-Мәидә сүресі, 42-аят).
Жоғарыда баяндағанымызға сәйкес, ұшақты басып алған адамдар пана сұрап жүгінген кез келген мұсылман мемлекеті, бұл істі қарап шығып, оны жан-жақты зерттеп, Кұран мен Сүннеттің нұсқауларының негізінде шариғатқа сәйкес келетін шешім шығару үшін, діндарлардан комиссия құруы міндетті болып табылады. Комиссия мүшелері «Аллаһ және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері, немесе жерден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жапасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» деген аятқа қатысты басқа да ғалымдардың пікірлерін, сондай-ақ барлық мазхабтардың68 ғалымдары қарақшылық жөнінде не айтқандарын назарға алуы керек.
Ұшақ басып алған адамдар өздеріне пана іздеген мұсылман мемлекетінің үкіметі діндарлар комиссиясының шешімін міндетті түрде орындауы керек, бұл Аллаһқа мойынсұнуды, мұндай ауыр қылмыстардың қайталануынан аман қалуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ұмтылуды таныту, сондай-ақ басып алудың құрбаны болған адамдарға рахымдылық пен әділет көрсету болады.
Мұндай қылмыстардың ауырлығы мен қаіуптілігін ескерген түрде мұсылмандарға игі насихат беруім, өз парызымды орындауым және ресми тұлғаларға жәрдемдесуім үшін, менің айтқандарымды жариялау міндетті деп есептеймін.
Аллаһтан мұсылмандардың істерін тәртіпке келтіруін, оларды тура жолмен жетелеуді жалғастыруын және олардың үкіметтеріне шариғат негізінде шешім қабылдауына және оны барлық нәрседе басшылыққа алуына көмектесуін тілеймін. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
ЕРЕУІЛДЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ШЕШІМ
Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усайминнің (Аллаһ оны рахымына бөлесін) ереуілдер мәселесі бойынша жауаптары
Сұрақ: «Мұсылман елінде ереуіл өткізу туралы қандай шешім шығаруға болады, ереуілдің мақсаты зайырлы тәртіпті құлату болса?»
Жауап: «Мұсылман жастарына дұрыс бағдар беру қажеттілігін назарға алсақ, бұл сұрақтың маңызды екеніне күмән жоқ. Еруілдерді өткізуге негіз бола алатын шариғат нұсқаулары, жеке немесе мемлекеттік кәсіпорын немесе мекеме туралы айтылып тұрғанына қарамастан, маған беймәлім. Ереуіл көп зиян тигізетіні және оның көлемі мен ұзақтығы үлкен болған сайын, зияны да ұлғаятыны айдан анық. Ереуілдер үкіметке кысым көрсетудің бір құралы ретінде қолданылатына күмән жоқ, алайда ереуілдің мақсаты зайырлы тәртіпті құлату болып табылады деп аталғандықтан, ең алдымен сол тәртіп зайырлы екенін дәлелдеу керек. Алайда, тәртіп зайырлы болса да, билікке қарсы шығуға тек белгілі шарттар болғанда ғана рұқсат етілетіндігін естен шығармау керек».
Сұрақ: «Ереуіл басталған соң оның ұйымдастырушылары өз талаптарын ұсына бастайды. Егер тұрған режим осы талаптарды қанағаттырудан бас тартса, оған қарсы революциялық баскөтерулер ұйымдастыруға болады ма?»
Жауап: «Мен мұндай жағдайларда халықты революциялық күреске үндеу керек деп есептемеймін, өйткені, белгілі болғандай, күш үкімет жақта, ал адамдарда ас пышақтары мен шопан таяқтардан басқа ешнәрсе жоқ, ал олармен танктерге және қаруға қарсы шығу мүмкін емес. Бұдан тыс, уақиғаларды асықтыруға болмайды, өйткені көп жылдар бойы отар болған кез келген ел бір күннің ішінде ислам мемлекетіне айнала алмайды, ал қалаулы нәрсеге жету үшін сабыр керек. Сарай салғысы келген адам, оған ол сарайда тұру нәсіп етіледі ме, әлде ол онда тұрмай-ақ көз жұмып кетеді ме, бұған қарамастан, ең алдымен оның негізін қалайды. Исламның ғимаратын көтеру маңызды, тіпті қалаулы нәрсе көп жылдардан кейін іске асса да. Міне, сондықтан мен мұндай істерде асықпау керек деп есептеймін, тура сол сияқты адамдарды, көбінесе у-шумен ғана шектелетін және мығым негізі жоқ революциялық бас көтерулерге итермелемеу керек. Өйткені егер сарбаздар белгілі бір тұрғын кварталына келіп, бірнеше адамды өлтірсе, қалғандары бас көтерген нәрселерінен бас тартады.
Достарыңызбен бөлісу: |