Құран мен сүннеттегі дұғаның қасиеттері:(фазилеттері, артықшылықтары)
Аллаһ Тағала айтты : " Менің пенделерім сенен Мен туралы сұраса ақиқатында Мен оларға жақынмын, Маған дұға жасаса (тілек тілесе) жауап беремін. Ендеше, оларда Менің әмірімді орындасын. Иман келтірсін, мүмкін олар тура жолға түсер" (Бақара-186).
Және Аллаһ Тағала :" Немесе қиналғандар (қысым көргендер) Өзіне дұға қылып жалбарынғанда оған жауап беріп, жаманшылықты қайтаратын және сендерді жер бетінде орынбасар қылатын кім? Аллаһпен қатар басқа Тәңір бар ма? Өте аз естеріңе аласындар" (Нәмл-62).
Нұғман ибн Башир Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай дегенін айтты : " Шын мәнінде дұға – нағыз ғибадат!", содан кейін ол мына аятты оқыды , және Раббыларың айтты: " Маған жалбарыныңдар (дұға жасаңдар) Мен сендерге жауап беремін. Шын мәнінде Маған ғибадат қылуға тәкәппарланатындар қор болған күйде тозаққа кіреді" (Ғафыр – 60). Абу Дауд , Тирмизи , Ахмад ,аль-Албаний сахих хадис деген.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деген: "Аллаһтың алдында дұғадан құрметтірек (қадірлірек) еш нәрсе жоқ". Ахмад, Тирмизи, Абу Хурайрадан, аль-Албаний сахих хадис деген .
Пайғамбарымыз және (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деген: "Аллаһқа дұға қылып жалбарынған әрбір мұсылманның тілегінде күнәлі немесе туысқандық байланысты үзетін нәрсе болмаса, Аллаһ төмендегі үш түрлі сипаттағы жауаптың бірімен оның тілегін қабыл етеді: Ол оның тілегін тез арада қабыл етіп , сұрағанын береді немесе Ол оның тілегінің сауабын қиамет күнге қалдырады, я болмаса оның тілегіне орай тағдырында жазылған жамандықты алып тастайды". Сонда сахабалар : "Ендеше біз көп дұға қыламыз"-деді. Бұған пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын): "Ал, Аллаһ одан да көп береді"- деп жауап қайтарды". Бұхари, Ахмад, Хаким Абу Сағид аль-Худрийден келтірген.
Дұғаның тағдырда жазылған жамандықты қайтаратынына ғұламалар былайша түсіндіреді :" Адамдардың дұға қылуының (тілек тілеп жалбаруының) өзі оның тағдырында жазылған нәрсе. Әр нәрсенің себебі бар сияқты дұға тағдырда жазылған жаманжықтың қайтарылуына себепкер болады. Хадисте келтірген бұл мәлімет дұға қылуға құштарлықты оятады, арттырады. Мысалы , толық иман келтірсең жәннәтқа баратының немесе жұмыс істесең табыс табатыныңс тәрізді, неғұрлым көбірек дұға қылсаң соғұрлым өміріңнің жақсылыққа өзгеруіне ықпал етесің. Сонымен қатар дұғаның тағдырдағы жамандықты қайтаруын былайша түсіндіруге болады, Аллаһ Тағала біреудің маңдайына ауру жазса ал, ол адам шипа тілеп дұға жасаса, Жаратушы Раббымыз оны науқасынан айықтырады. Бұлай дұғ ақылу оның тағдырында жазылсада дұға бейне бір тағдырдағы жамандықты қайтарғандай әсер қалдырады.
Пайғамбарымыз және (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деген:"Аллаһ Тағала айтыпты: "(Иә) Адам баласы, сен Маған дұға қылып жалбарынуыңды және үміт артуыңды1 тоқтатпайынша , қандай күнә жасағаныңа мән берместен , Мен сені кешіре беремін"". Ахмад, Хаким Анастан келтірген. Аль-Албаний сахих хадис деген .
*1 – Менің Мейірімділігіммен Кешірімділігімнен үміттену.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) Жаратушы Раббымыздың былай дегенінде хабарлайды: "Менің құлым Мені қандай деп ойласа, Мен сондаймын (яғни, Аллаһ пендесі Өзінен нені күтсе, соны істейді), сөйтіп, ол қай жерде Маған дұға қылып жалбарынса , сол жерде Мен онымен біргемін (яғни, оған көмек беремін)". Абу Хурайрадан, Бұхаримен Муслим келтірген.
Аллаһтың елшісінен (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) мынадай хадис жеткен: "Аллаһ – Пәк, Ол Өзінен сұрамағанға (Оған жалбарынбағанға) ашуланады" . Абу Хурайрадан Тирмизи , Ибн Маджах келтірген аль-Албаний хасан хадис деген.
Осы деректерден мына нәрселерді аңғарамыз:
1. Бұл аяттар мен хадистер дұғаның ұлы артықшылығымен қасиетін және дұғаның ғибадаттың ең маңызды , әрі абзал түрлерінің бірі екенін көрсетеді. Себебі, дұға пендені өзінің Жаратушы Раббысына жақындастырып , байланыстыратын және Аллаһқа аса мұқтаждығы мен Оның алдында өзінің дәрменсіздігін танытатын құлшылықтың түрі болып есептеледі.
2. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала Өзіне жалбарынушы әр пендесіне жауап беруді міндетіне алады.
3. Дұға – Аллаһты көркем есімдерімен, сипаттарымен еске алатын зікір, әрі Одан қажет сұрайтан тілек болып табылады.
Аллаһқа жалбарынушы адам дұғасының қабыл болуына себепкер болатын кейбір әдептерді сақтағаны жөн. Осы әдептер неғұрлым сақталса , соғұрлым дұғаның қабыл болуына игі ықпалы болады. Солардың кейбірі:
1 – Дұғаны ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз, Аллаһ Тағалаға серік қоспай, әрі ниетін риадан таза ұстап, яғни, кісі көрсін деп амал жасаудан алыс болып, бір ғана Аллаһтың разылығы үшін , Одан ғана сұрау.
Дұға құлшылықтың бір түрі дедік. Ал, серік қосушылық ғибадаттың қандайда бір түрін Аллаһтан басқаға арнау. Серік қосушылық ауыр, кешірілмейтін күнә болғандықтан, одан барынша сақтану керек. Мысалы, пайғамбарларға, әуоиеоерге, аруақтарға, отқа, Аллаһтан өзге нәрселерге жалбарыну , әрі олардан жәрдем сұрау серік қосушылық болып табылады.
Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай деп әмір береді: "Кәпірлер жек көрседе Аллаһтың алдында діндеріңді тазартып Оған ықыласпен дұға қылыңдар"(Ғафир-14). Және былай деді: "(Ей, Мұхаммед!) "Мен өз Раббыма дұға қыламын және Оған ешкімді серік қоспайман"-де". (Жын сүресі-20)
Ал, пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деген: "Егер сұрасаң Аллаһтан сұра, егер жәрдем тілесең Аллаһтан жәрдем тіле!" Ибн Аббастан Тирмизи жеткізген.
2 – Аллаһтың дұға қылушыға жауап беретініне күмәнсіз сену. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деген: "Аллаһтың жауап беретініне (яғни, дұғаны қабыл алатынына) күмәнсіз сеніп дұға қылыңдар". Тирмизи, Хаким келтірген. Аль-Албаний сахих хадис деген.
3 – Дұғаны жүректің қатысуыменен жасау. Яғни, бар ойыңызды, ниетіңізді дұға қылдыруға жұмылдырып, шын жүректенберіліп сұрау. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) айтқан: "Аллаһтың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға қылыңыздар, сондай-ақ Аллаһтың, жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы , бейқам, қаперсіз жанға жауап бермейтінін біліңіздер". Тирмизи келтірген аль-Албаний сахих хадис деген.
4 – Аллаһқа Құран мен Сүннетте келегн дұғаларды қолданып жалбарыну. Құран аяттары – сөздердің ең қадірлісі, құрметтісі, әрі ең дұрысы. Өйткені ,ол –Аллаһтың сөзі. Ал, пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) сөзі – Аллаһ Тағаладан келген уахи. Сондақтан оның сөзі қысқа да нұсқа, әрі мағынасы терең күйде келген. Ендеше Құран мен Сүннеттегі дұғаларарды пайдаланып жалбарыну оның қабыл болуының тездететіні сөзсіз. Әрі бұл дұғалар сөзі аз, қысқа болғанмен дүние мен ақыреттің жақсылығын бірдей қамтиды. Мысалы, Аллаһ Тағала былай дейді : "Адамдардың кейбірі :"Раббымыз! Бұл дүниеде де жақсылық, ахыретте де жақсылық бер және бізді тозақ отынан сақта"-дейтіндер бар". (Бақара-201).
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай дұға қылатын: "Я Аллаһ, амандығымның кепілі болған дінімді дұрыстай гөр, және менің бұл дүниедегі өмірімді дұрыстай гөр , сондай-қ менің Өзіңе қайтып оралғандағы ахыреттік өмірімді дұрыстай гөр, әрі менің өмірімді жақсылықтардың қосымшасы қыла гөр, ал, менің өлімімді күллі жамандықтардан құтылуым қыла гөр". Муслим келтірген.
5 – Аллаһқа үмітпен және қорқумен бойұсынған және жалынышты күйде , дәрменсіздік пен мұқтаждығымызды таныта отырып, төменшіктікпен дұға қылу.
Осыған орай Аллаһ Тағала пайғамбарларды сипаттап, былай дейді: "Шын мәнінде олар ізгі істерге ұмтылатын және бізге үмітпен әрі қорқып дұға , қылатын, сондай-ақ олар Біздің алдымызда бойұсынушылық танытатын". (Әнбия-90). Тағы бір аятта: "Айюб та Раббысына:"Мен бір жамандыққа ұшырадым . Ал, Сен Рахымдылардың ең Рахымдысысың"-деп жалбарынатын"-деген.(Әнбия-83). Және тағы бір аятта: "Закариныда есіңе ал. Ол Раббысына :"Раббым! Мені жалғыз қалдырма. Сен еңжақсы Мұрагерсің"-деп жалбарынды"-деген.(Әнбия-89). Және : "Раббыларыңа жалына отырып жасырын (бәсең үнмен) дұға қылыңдар. Шынында, Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді"-деген.(Ағраф-55-56). Бұл аяттардан біз аллаһтың алдында Оған мұқтаждығымызды, Оның алдында бейшара, дәрменсіз екенімізді танытып, жалынып, жалбарынып жұға қылғанымыздың жөн екенін аңғарамыз. Жалынып, жалбарыну – дұғаның рухы, онсыз дұға жаны жоқ өлі нәрсе тәрізді. Жалынып, жалбарынудың бірнеше көріністері бар. Солардың кейбірі мынадай:
1) Сұраған нәрсені ерінбей, жалықпай ,қайта-қайта табанды түрде сұрай беру.
2) Қос алақанды жайып қолды жоғары көтеру.
3) Бәсең үнмен, әдеппен сұрау.
4) Дұғаны қыбылаға қарап жасау.
5) Аллаһтың дұғаға сай келетін көркем есімдерін, сипаттарын дәнекер қылып сұрау. Мысалы; "Иә, Рахман Аллаһ, рахым ете гөр!", "Иә, Ғафур Аллаһ кешіре гөр!", "Иә, Құдіретті Аллаһ қолдай гөр!"-деген сияқты.
Осыған орай төмендегі хадистерді еске ала кетсек дейміз:
"Бадр соғысы болған күні Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) мүшріктер (кәпірлер) жаққа қарап еді, олардың саны мың екен. Сахабалар үш жүз он тоғыз еді. Соны көріп, қыбылаға бұрылып, екі қолын көкке көтерді де, бәсең үнмен Раббысына жалбарына бастады: "Я, Аллаһ, нені уәде етсең, маған соны бере гөр. Я, Аллаһ, егер мұсылмандардың бұл тобы өліп кетсе, жер бетінде саған құлшылық қылатын адамдар қалмайды"-деп жалынып жалбарынғаны соншалық, иығындағы жамылғысы түсіп қалды. Сол тұста Абу Бакр, Аллаһ одан разы болсын, келіп, Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) жамылғысын иығына жауып, артында тұрып былай деді: "Я, Аллаһтың елшісі! Раббыңа осы жалбарынғаның жеткілікті. Ол саған уәде еткен нәрсесін береді". Осы оқиғадан кейін мынадай аят түседі: "Сол уақытта Раббыларыңа жалбарынуда едіңдер. Сонда Ол : "Шынында сендерге ерген мың періштемен көмек беремін"-деп тілектеріңді қабыл етті". (Әнфал-9).
Хадис Омар ибн Хаттабтан Муслим, Ахмад, Тирмизи келтірген.
"Туфайл ибн Амр ад-Дауси (Даус руының көсемі) Пайғамбарымызға (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) келіп: "Даус руы тіл алмай бас тартты. Сен оларға қарсы дұға қыл"-деді. Сол кезде Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) қыбылаға қарап, екі қолын көтерді. "Дауыстықтар құритын болды"-десті адамдар. Ал, Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деп жалбарынды: "Я, Аллаһ! Дауыстықтарды тура жолға сала гөр және оларды алдымыз а келтіре гөр!". Бұхари мен Муслим Абу Хурайрадан жеткізді.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) жиі айтатын дұғалардың бірі мынадай еді: "Жүректерді ауытқытып, өзгертіп тұратын Аллаһ! Менің жүрегімді Өз дініңде бекіте гөр, нығайта гөр!". Анастан Тирмизи келтірген.
"Абу Бакр Ас-Сыддық баяндайды : Мен Пайғамбарымызға (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай дедім: "Я, Аллаһтың елшісі! Маған намаздың соңында қылатын дұға үйретші". Сонда Аллаһтың елшісі былай деді: "Сен; "Я, Аллаһ! Мен өзіме көп зұлымдық қылдым. Күнәләрды Сенен басқа ешкім кешірмейді. Ендеше мені ешкім Өзіңе ғана тән кешірімділігіңмен кешіре гөр және маған рахым ет. Шын мәнінде Сен өте Кешірімді, аса Рахымдысың!"-деп айт"-деді. Бұхари мен Муслим келтірді.
6) Өзіңнен бастап ал, кейін басқа мұсылмандарға дұға қылу. Аллаһ Тағала Өзінің елшісіне әмір етіп, былай дейді: "Ендеше біл, Аллаһтан басқа ешбір Тәңір жоқ. өзіңнің және мүмін ер, әйелдердің күнәләрі үшін кешірім сұра". (Мұхаммад-19).
Ал, Нұх пайғамбар туралы Құранда былай делінген: "Раббым! Мені, әке-шешемді, мүмін болып үйіме кірген кісіні және мүмін ерлер мен әйелдерді кешір!"-деді". (Нұх-28).
7) Дұғаны табанды түрде, жалықпай қайта-қайта сұрау және оны Аллаһ Тағаланың қалауына қалдырмау. Мысалы: "Кешіргің келсе, кешір. Бергің келсе, бер"-демеу. Себебі бұлай сұраған адам Аллаһ Тағалаға мұқтаж еместей көрінеді. Әрі Оның дұғасын қабыл қылатыныа сенбестік танытатын тәрізді. "Айта салайын, бере қалса нем кетеді?"-деп немқұрайлық көрсеткендей болады. Бұл оның сұраған нәрсесіне тым мұқтаж еместігін білдіреді. Кімде-кім осындай қалыпта дұға қылса, оның ғибадтынан жалынып-жалбарыну, мұқтыждық, яғни, ғибадаттың рухы байқалмайды. Және Аллаһ Тағаланың алдында әдебінің төмендігін көрсетеді. Сондықтан дұға қылушы адам бар ықылас-ынтасымен жалынып, табанда түрде, қайта-қайта, әрі мұқтаж жанға тән төменшілікпен, сондай-ақ Аллаһтың бәрін естіп, бәрін көріп, дұғасын қабыл қылып жауап беретініне, құлдарына жақын екеніне, бар нәрсеге құдіретіне жететініне кәміл сеніп, жалбарынғаны қажет. Бұған дәлел, Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай дейтін : "Сіздердің ешқайсыларыңыз "Я, Аллаһ, егер қаласаң, мені кешір. Я, Аллаһ, егер қаласаң, мені жарылқа"-демесін. Бірақ, керегін табанды түрде сұрасын, әрі Оған қатты мұқтаж екенін көрсетсін". Бұхари мен Муслим Абу Хурайрадан.
8) Дұғаны Аллаһ Тағаланы мадақтап және Оның елшісі Мұхаммедке (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) салауат айтып бастау және осылай аяқтау. "Бірде пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) әлде бір кісінің өз дұғасында Пайғамбарға (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) салауат айтпай жалбарынғанын естіді де:"Ол асығыстық жасады"-деді. Содан соң оны шақырып алып, оған және басқаларға мынадай ескерту жасады:" Егер сіздердің біреулеріңіз жалбарынсаңыздар, ол тілегін өзінің Раббысын мадақтап және ұлықтап бастасын. Содан соң пағамбарына салауат айтсын. Одан кейін барып өзінің қалағанын сұрасын". Фадала бин Убайдтан Тирмизи келтірген. Аль-Албаний сахих хадис деген.
9) Жалбарынған кезде құбылаға бет бұру. Бұған жоғарыда келтірген Омар бин Хаттабтың Бадр соғысы және Даус руы туралы хадисі дәлел бола алады.
10) Дұғаны екі қолды жоғары көтеріп сұрау. Абу Муса аль-Ашғари : Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) жалбарынып тұрып екі қолын жоғары көтергені сондай, мен оның қолтығының ақтығын көрдім"-дейді. Бұхари жеткізген.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай дейтін: "Шын мәнінде, Аллаһ Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұйалады". Салман аль-Фарисиден Тирмизи келтірген.
11) Ислам рұқсат еткен нәрселерді дәнекер қылып Аллаһқа жалбарыну.
А) Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттарын дәнекер етіп дұға қылу. Жаратушы Раббымыз былай деп әмір етті:"Аллаһтың көркем есімдері бар. Оған сол есімдермен дұға қылыңыздар!" (Ағраф-180).
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) Аллаһ Тағалаға Оның сипаттарын еске ала отырып жалбарынатын: "Я, Мәңгі Тірі, я, ешнәрсеге мұқтаждығы жоқ Аллаһ, Сенің рахымдылығыңмен жәрдем тілеймін, менің барлық ісімді оңғара гөр, және мені өз-өзіме бір сәтке де тапсыра көрме".
Ә) Аллаһтың ризалығы үшін жасалған ізгі істерді дәнекер етіп жалбарыну. Осыған орай Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) мына оқиғаны байандаған еді: "Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, сапарда жаңбырдан пана іздеп бір үңгірге келіп паналады. Алайда олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, одан шығар жлды тығыздап жауып тастайды. Сонда олар: "Ақиқатында бұл тастан сендерді Аллаһ Тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың ғана құтқарады!"-десті. Содан соң олардың бірі өзінің бала-шағасынан да, үй-қызметшілерінен де бұрын ата-анасын тамақтандырып, Аллаһ ризадығы үшін әке-шешесіне айрықша қамқордық көрсеткенін айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Аллаһ Тағалаға жалбарынған кезде, тас аздап жылжиды. Содан кейін екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, сол арудың қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге келісім бергенін баяан етеді. Дей тұра қыз мұның Аллаһтан қорқуы керектігін есіне салған кезде, Аллаһтан қорыққандықтан ғана әлгі аруға берген берген ақшасын да алмастан, мүмкіндікті пайдалагбай, оны жібере салғанын айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Аллаһ Тағалаға жалбарынған кезде тас тағы біраз жылжиды, бірақ үңгірден шығу мүмкін емес еді.кезек үшінші жолаушыға жетеді. Ол басынан өткен мына жағдайды баяандайды. Өзі жұмысқа жалдаған малайларының бірі еңбек ақысын алмай кетіп, арада уақыт салып, қайта оралып, ақшасын сұрағанда, ол жоқта әлгінің еңбек ақысын пайдаланып, көбейткенін, кейін ол ақшаға көптеген мал-дүние алғанын әңгімелеп, сол түйелерді, сиырларды, қойларды, қызметшілерді көрсетіп, осының бәрін ақысын сұрап келген әлгі адамға бергенін, мұны тек Аллаһтың ризалығы үшін істегенін айтып, көмек сұрап жалбарынғанда, тас оларр үңгірден шыға алатындай жерге дейін жылжиды". Абдуллаһ бин Умардан Бұхари мен Муслим жеткізген.
Бұл хадистен ізгі істің Аллаһтың алдында қандайлық жоғары дәрежеге ие болатынын аңғара аламыз. Ал, Аллаһ Тағала тақуа пенделерін сипаттай келіп былай дейді: "Олар: "Раббымыз! Иман келтірдік. Күнәмізді кешір де, от азабынан сақта" дегендер". (Әлі-Ғимран-16). Бұл аяттан көріп тұрғанымыздай олар, Раббыларынан дұға тілеп жалбарынғандарында, өздерінің ең абзал істі-имандарын дәнекерлік етті.
Сол сияқты "Фатиха" сүресіде дұға жасаудағы әдептің осы көрінісіне тамаша мысал бола алады. Сүренің бас жағында Жаратқан Раббымызға мадақ айтып Оның көркем есім-сипаттарын атап, содан соң бір Өзіңе құлшылық етеміз , бір Өзіңнен жәрдем сұраймыз"- деп амалымызды дәнекер етіп, содан кейін "Бізді тура жолыңа түсіре гөр! Қаһарыңа ұшырағандардың, адасқандардың жолына емес, Өзіңнің нығметіңе бөленгендердің жолына бастай гөр"-деп дұға қыламыз.
Б) Салихалы мұсылмандардың өзіңе дұға жасауын өтіну. (Олар тірі әрі өтінішін еститіндей болуы шарт)
Сахабалар Аллаһтың елшісінің (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) тірі кезінде өздері үшін дұға қылуын өтінетін еді, ал құрғақшылық кезінде жаңбыр тілеп Аллаһқа жалбарынуын сұрайтын. Осыған дәлелдердің бірі Укаша бин Мухсанның хадисі: " Ол Пайғамбарымыздан (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) өзінің есепсіз, азапсыз жаннатқа кіретіндердің қатарында болуын Аллаһтан сұрауын өтінеді". Және осыған дәлел болатын тағы бір дәлел. Анас ибн Маликтен келген хадис : "Ол кісі былай деген: "Расында хазреті Омар Аллаһ одан разы болсын, егер жаңбыр жаумай қиыншылық орнаса, Әбді Муталидтің ұлы Аббасты дәнекер етіп жаңбыр сұрайтын. Ол кісі (Омар) : "Иә, Аллаһ! Біз Сенен Пайғамбарымызды (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) тірі кезінде дәнекер етіп жаңбыр сұрайтынбыз. Жаңбар жаудыратынсың. Ал, енді Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) ағасын дәнекер етіп жаңбыр сұраймыз. Бізге жаңбыр жаудыра көр!". Бұхари келтірген.
Бұл хадисті имам санғани өзнің "Субуль Ас-салам" атты кітәбінде Зубейр ибн Баккардан риуаят етіп, ол жайында былай деген: "Аббас имамдыққа шығып: "Иә, Аллаһ! Расында бүкіл қиыншылықтар күнәнің себебінен орнайды. Және ол қиыншылықтар тек тәубемен ғана кетеді. Шынында мына қауым менің Пайғамбарыма (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) жақындығымды себеп етіп , Өзіңе мені дәнекер қылып жаңбыр сұрауда. Мына бір күнәлі қолдарымызды көтере отырып , шынайы тәубе етіп, біздерег жаңбыр бере гөр-деп сұраймыз!-деді. Осы тілектің артынша аспанда таудай қара бұлттар тіресіп, жерді жаңбырмен құнарландырды.
12) Аллаһ Тағаланың сыйға тартқан игіліктерін мойындап, өзінің күнәлірыңды да мойындау.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай дейді екен: "Я, Аллаһ! Сен менің Раббымсың және Сенен басқа Тәңір жоқ. Сен мені жараттың, мен Сенің құлыңмын және шамам жеткенше Саған деген уәдемді, әрі сертімді сақтаймын. Өзімнің жасағанн жаманшылықтарымнан Сенен пана тілеймін. Өзіңнің тарапыңнан берілген нығметтеріңді, әрі күнәләрімді мойындаймын. Мені кешіре гөр , ақиқатында Сенен басқа ешкімде күнәләрді кешіруші емес". Шаддад ибн аус жеткізген. Бұхари келтірген.
13) Қиыншылықта да, жақсылықта да Аллаһ Тағалаға жалбарыну. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) айтқан екен: "Кім өзінің басына қиындық түскен кезінде Аллаһтың оның дұғасына жауап беруін қаласа, хәл-ахуалы жақсы кезінде Аллаһқа дұға қылуын көбейтсін". Аль-Албаний сахих хадис деген. Сол сияқта Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) Ибн Аббасқа былай деп кеңес берген: "Кеңшілік кезде Аллаһта таны, сонда Ол сені қиыншылыққа ұшырағанда таниды". Тирмизи келтірген.
14) Аллаһқа дұға қылғаннан кейін Оның жауап беруін күтуде асығыстық танытпау.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай депті : "Сіздердің араларыңызда кім асықпаса, "Мен өзімнің Раббыма дұға қылған едім, Ол маған жауап бермеді"-демесе, оған жауап беріледі". Бұхари мен Муслим келтірген.
15)Дауысты бәсеңдетіп, жалынып-жалбарынып, жасырын түрде дұға қылу. Аллаһ Тағала былай деген: "Раббыларыңа жалына отырып, жасырын (бәсең үнмен) дұға қылыңдыр. Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді".( Әл-ағраф-55).
Аллаһ Тағала бұл аятта пенделеріне Оған жалына-жалбарынып, жасырын түрде дұға қылуға әмір береді. Осыған орай мынадай хадис бар: "Бірде адамдар дауыстарын қатты шығарып дұға жасады. Сонда Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деді: "Ей, адамдар! Өздеріңді аяңдар. Сендер керең және жоқ нәрсеге жалбарынып жатқан жоқсыңдарғой. Ақиқатында, сендердің дұға қылғандарың бәрін естуші және (сендерге) жақын". Абу Муса аль-Ашғариден Бұхари мен Муслим келтірген.
Сонымен, дауысты бәсеңдетіп, жасырын дұға қылу дұға әдебінің бір көрінісіне жатады. Және бұлай жалбарынудың көптеген пайдасы бар. Ибн Таймиямұның кейбір тиімді тұстарын қысқаша айтып кеткен:
1 – Имандылық жағынан маңызы жоғары. Себебі, бәсең үнмен, жалына-жалбарына дұға қылушы жан Раббысының айтқан дұғасының бәрін естіп, жауап беретініне сенеді.
2 - Әдеп сақтау тұрғысынанде маңызы жоғары. Себебі, патшалардың алдында дауыс көтерілмейді. Ал, күллі дүниенің Патшасы-Аллаһтың алдында тіпті дауыс көтеруге болмайды. Сондықтан кімде-кім Аллаһтың жасырын дұғаны еститініне иман келтірсе, жоғары дауыспен дұға жасауы әдепсіздікке жатады.
3 – Және дұғаны бәсең үнмен жасаған кезде, дұғаның рухы болған Аллаһтың алдында пақырланып төменшіктеу мен жалбарына бойұсыну сияқты амалдардың көрінісі тереңдей түседі.
4 – Бәсең үнмен жасырын дұға қылу ықыласты ниеттің ең жақсы көрінісі. Шайтанның дауыстап сөйлегенді пайдаланып, "Басқаларға қалай дұға қылғаныңды көрсет"-деп рия үшін (кісі көруі үшін)жасатуына жол бермейді.
5 – Жасырын түрде бәсең үнмен дұға қылу – Рббысының алыста емес, жақын екенін көрсетеді.
6 – Және бұлай дұға қылу дұғаның ұзақ жасалуына ықпал етеді. Себебі, дауыс көтеріп дұға қылған жан тез шаршайды, әрі жалығып кетеді. Мәселен, кітапты дауыстап және ішінен оқитвн адамдар сияқты.
7 – Сонымен қатар, жасырын түрде дұға қылушы кедергі келтіретін нәрселерден алыс болады. Және басқаларға өзі де кедергі келтірмейді. Әрі дұғасы Раббысы мен пендесінің арасындағы құпия болып қала береді. Ал, жамағатпен дауыс көтерудің зияны тіпті көп. Саляфтар (сахабалар) жамағатпен қосылып, дауыс көтеріп дұға қылуды бидағат деп есептеген.
16)Дұға жасау әдептеріндегі тағы бір маңызды нәрсе басқа мұсылман бауырларымызға Аллаһ Тағаланың рахым етуіне, кешіруіне, қолдау көрсетіп жәрдемдесуіне, бұ дүниеде және ақіретте жеңіске жеткізіп, тура жолмен жүргізуіне дұға қылу. Себебі бұл игіліктерге мұсылмандардың барлығы бірдей мұқтаж. Әр мүміннің бауырының оған дұға қылуына мүдделі екені күмәнсіз және бұл үшін қуанады. Ал, мұсылмандар өз бауырларына өзіне қалаған нәрсесін тілейді.
Мұны білген әр мұсылман, әрине, өзінің мүмін жора-жолдастарына бар ынтасымен дұға қылады. Және мұсылманның бауырына сырттай жасаған дұғасын Аллаһ Тағала қабыл етеді. Абу Дарданың (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисінде Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай дейді : "Мұсылман адамның бауырына сыртынан жасаған дұғасы қабыл болады . Оның қасында Аллаһ Тағала жіберген періште бар. Ол өзінің баруырына жақсылық сұраған сайын , әлгі періште : "Әмин, сағанда сол жақсылық нәсіп болсын"-деп сол игілікті дұға жасаушы мұсылманның өзіне де тілейді". Муслим келтірген.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай және дейді : " Кімде-кім барлық иман келтірген ер адамдар мен әйелдер үшін кешірім сұраса, Аллаһ оған әрбір иман келтірген ер адам әйел үшін сауап жазады". Убада ибн Самиттен Табараний келтірген.
Аллаһ Тағала сізге рахым етсін! Осындый дұғаның ұлықтығы мен сауабының қаншалықты көптігін ойлаңызшы! Егер мұсылман әрбір тірі және өлі бауырларының біліп-білмей істеген күнәләрінә шын жүректен кешірім сұраса, оның өзі қандайлық игілікке бөлінеді!!! Бұл – сан жетпес, шексіз сауап!
17) Қай уақытта, қандай халде және кімнің дұғасы қабыл болады.
Осы арада мына мәселені есте сақтаған абзал: әдептің бәрі бірдей парыз емес, бірақ оны ұстанса, тілектің тезірек қабыл болуына ықпал етеді. Жаратушы Раббымыз бізге дұға жасауға әмір етті, оған құштарлығымызды оятты және оны қабыл қылуға уәде берді. Сондықтан кез-келген жерде, кез-келген уақытта дұға жасай аламыз. Алайда, Аллаһ Тағала Өзінің Ұлықтығына тән рахымдылығыменен міндетті түрде дұға қабыл болатын мекен, мезгіл, хал-ахуал жөнінде айтып өтті. Осылайша Құранмен Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) сүннетінде қай уақытта, қандай халде, қай жеоде, кімнің тілегі қабыл болатыны баяандалады. Дұға жасау әдебі де үйретіледі. Сондықтан бұл мүмкіндіктерді жіберіп алмауға тырысқан жөн. Енді осы айтылған мәселелерге кеңінен тоқталайық.
1 – Дұғаның қабыл болатын уақыттары.
А) Түннің соңғы үштен бер бөлігі (яғни, таң сәрі кезінде). Дәлел: Аллаһ тақуа пенделерін сипаттай келіп былай деді: " Олар, Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді кешірде от азабынан сақта"-дегендер. Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бойұсынушылар, Аллаһ жолында малын сарп қылушылар және таң сәріден кешірім тілеушілер". (Әлі-Ғимран-16-17).
"Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді. Олар тапң сәріде кешірім сұраушы еді". (Зариат -17-18).
Көптеген сахабалар риуаят еткен бір хадисте: "Біздің кемшіліктенн пәк, әрі Ұлы Раббымыз әр түннің соңғы үштен бір бөлігі қалғанда дүние аспанына түседі.. сол кезде Аллаһ:" Кім Маған дұға қылса, Мен оған жауап беремін. Кім Менен сұраса, Мен оған беремін. Кім Менен кешірім сұраса, Мен оны кешіремін"-дейді. Бұхари мен Муслим келтірген.
Бұл хадис Аллаһтың алдында осы уақыттың құрметті екенін көрсетеді. Яғни, Жаратушы Раббымыз Өзінің Ұлықтығына сай оған тән, Өзі жаратқанадардан ешкімге, ешнәрсеге ұқсамайтын хақиқи түсумен дұние аспанына түседі. Аллаһ Тағала Өзі қандай екенін ешкім білмейтіні тәрізді, бұл түсудің қандай және қалай болатынын да ешкім білмейді. Көз алдына елестете алмайды. Мейірімді де Рахымды Раббымыз аспан дүниесіне түссе де Ол бәрінен, яғни күллі әлемнен жоғары тұрады.Өйткені Аллаһ Тағала бәрінен жоғары да Ұлық. Сондықтан "былай түседі" немесе "қалай түседі?"-деп Аллаһтың бұл аспан дүниесіне түсуі туралы ешкім ешқандай ойға кетпеуі керек. Және ол түсуде ешнәрсенің түсуіне ұқсатпауы керек. Біз Раббымыздың теңдесіз көркем есімдері мен сипаттарына сенген кезде оларды жоққа шығармай, еш бұрмаламай, яғни мағынасын өзгертпей, "қандай, қалай?" деп сұрақ қоймай, елестетпей, ешкімге , еш нәрсеге ұқсатпай сенеміз. Аллаһ Құаранда былай деген: "Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Аллаһ, әр нәрсені естуші, толық көруші". (Шура – 11).
Жоғарыда келтірген хадис осы уақытта дұғаның қабыл болатынына дәлел болады.
Ә) Жұма күнгі бір сәт.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) жұма күні туралы сөз ете отырып : "Осы күні бір сәт бар. Егер мұсылман намаз оқып Аллаһ Тағаладан бір нәрсе сұрап жатқан кезде сол уақытқа тап келсе, Аллаһ Тағала оған сұрағанын береді"-деді де, бұл мезгілдің тым аз уақыт екенін қолымен көрсетті". Бұхари мен Муслим Абу Хурайрадан келтірді.
Ғұламалар жұма күнгі осы сәттің қай кезге сәйкес келетіні жөнінде пікір таластырған. Соның ішінде дәлелі ең күштірегі екі мезгіл деп біледі:
1) Имам мінберге шығып хұтпа оқи бастағаннан жұма намазын оқып бітіріп, босағанға дейінгі уақыт. Дәлел: Абдуллаһ ибн Омар (Аллаһ одан разы болсын) бір күні Абу Барда ибн Абу Муса Аль-Ашғариден сұраған екен: "Сен әкеңнін жұма күнгі сәт туралы бір нәрсае естідің бе?". Сонда Абу Барда : "Иә, мен оның былай дегенін естіген едім, -дейді де- әкем айтатын: " Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деп еді: "Осы сәт имам хұтпаға отырғаннан бастап намаз біткенге дейін"-деді.
2)Аср (екінті) намазынан күн батқана дейін. Дәлел: Абдуллаһ ибн Салама (Аллаһ одан разы болсын) баяндайтын: "Мен Пайғамбарымызға (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) "Біздің кітабымызда (яғни, Тәуратта ол - әуелде Яһуди дінінде болған, кейін исламды қабылдаған) жұма күні бір сағат бар екені айтылған. Иманда пенде намаз оқып, бір нәрсе сұраған кезде сол сағатқа тап келсе, Аллаһ Тағала оның қажетін орындайды",-деген едім. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) қолымен "бір сағаттан да азырақ" деп көрсетті. Сол кезде мен : "Иә, сіз дұрыс айтасыз, иә, Аллаһтың елшісі, бір сағаттан да азырақ. Кейін Тәуратта айтылған сол қай сәт деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) :" Күннің күндізгі уақытының ең соңғы мерзімі"-деді. Сол кезде мен:" Ол намаздың уақытысы емес қой" –дедім. "Иә,-деді ол –егер иман келтірген құл намаз оқып болғаннан кейін , намаз үшін отырса (клксі намаздың уақытын күтіп), ол намаз халінде болып есептеледі"-деді.
Б) Мубарак Рамазан айы.
Әсіресе соңғы он күні. Соның ішінде мың айдан да артық Қадір түні. Айша (Аллаһ одан разы болсын) былай дейді: "Иә Аллаһтың елшісі! Егер мен Қадір түні екенін білсем, не деп айтуым керек?-деп сұрадым. Ол (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) " Я, Аллаһ! Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Ендеше мені кешіре гөр"-деп айт"-деді. Тирмизи келтірген Аль-Албаний сахих хадис деген.
В) Арафа күні – Құрбан айттың алдындағы бір күн.
Бұл күні көп адамның дұғалары қабыл болады, көп нәрселер кешіріледі және Аллаһ Тағала көптеген адамды тозақтан босатады. Айша (Аллаһ одан разы болсын) айтқан екен: "" Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деді: "Аллаһ Тағаланың Арафа күніндегідей, тозақтан құлдарын көп босататын ешбір күн жоқ. Аллаһ төмен түседі және періштелеріне құлдарын мақтан тұтады..." Муслим келтірген. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) айтты: "Ең жақсы дұға Арафа күні жасалған дұға. Мен және маған дейінгі пайғамбарлар айтқан сөздердің ең жақсысы : "Ләә иләәһа илләллаһу уахдаһу ләә шарика ләһ ләһуль-мульку уа ләһуль-хамду уаһууа ғаләә кулли шайин қадир". Тирмизи келтірген Аль-Албаний хадисті хасан деген. Аудармасы:"Аллаһтан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол Жалғыз. Оның серігі жоқ. Барша билік және барлық мақтау Оған тән. Әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді".
Г)Азан мен иқамат арасында.
Анас ибн Мликтан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деді: "Азан мен иқамат арасында жасалған дұға қайтарылмайды. Ендеше сұраңдар". Ахмад , Абу Дауд, Тирмизи келтірген. Аль-Албаний сахих хадис деген.
Д)Әтеш шақырған кезде.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деді: "Егер сендер әтештің шақырғанын естісеңдер , Аллаһтың игіліктерінен сұраңдар. Өйткені, ол (әтеш) періштені көрді. Ал, егер сендер есектің ақырғанын естісеңдер, онда Аллаһтың шайтаннан құтқаруын тілеңдер. Өйткені, ол (есек) шайтанды көрді". Бұхари мен Муслим келтірген.
Осы хадиске орай Имам Науауий былай деген :" Қораз шақырғанда дұға қылудың себебі – періштелердің осы дұғаға куә болып амин деуіне үміт".
Ж) Жаңбыр жауған кезде.
Макхуль деген табиғин былай депті: "Жаумен кездескен кезде , намазға тұра бастағанда, және жаңбыр жауған кезде дұға қылыңдар". Байһақи, Шафиғи келтірген Аль-Албаний сахих хадис деген.
Міне бұл хадистерден түсінгеніміз – мұсылман күн, түн демей, қай уықытта дұға қылса да, оны рахымы өте кең Раббымыз қабыл етуі мүмкін. Бірақ, жоғарыда аталған уақыттардың артықшылығы көп болғандықтан, бұл мезгілдерде жасалған дұға тезірек қабыл болады. Дұға жасауда артықшылығы бар арнайы уақыттар болғаны сияқты, халдер мен мекендерде бер дедік. Сондықтан сол уақытта, халде, мекенде көбірек дұға қылған абзал.
2 – Дұға қабыл болатын халдер.
А) Намазда тұраған халде, әсіресе сәждеде Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) : "Пенденің Раббысына ең жақын сәті – сәжде халінде. Ендеше, сол кезде көп дұға қылыңдар"-деді. Абу Хурайрадан Муслим келтірген. Яғни, құл намазда Аллаһтың алдында бойұсынған , төменшіктеген, тәубеге келген, үмітпен және құтқаруын тілеген халде, әсіресе сәждеде Раббысына жақын болады екен, ендеше сол сәтте көбірек кешірім сұрап, көбірек дұға жасаған абзал.
Ә) Намаздың соңында, сәлем беруден бұрын.
Абдуллаһ ибн Масғуд былай деді: " Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) бізге намаздың соңында айтылатын ташаһһуд сөздерін үйретті де былай деді:" Сонан соң ол дұғалардың ішіндегі өзіне ұнайтынын таңдасын да, дұға жасасын". Бұхари мен Муслим келтірген.
Сондай-ақ Аллаһтың елшісі (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) Муғаз ибн Жабалға (Аллаһ одан разы болсын)" Әр намаздың соңында былай айт"-деп насихат еткен: "Я, Аллаһ! Сені зікір етуде (еске алуда). Саған шүкір етуде және Саған жақсы ғибадат етуге маған жәрдем ете гөр". Ахмад, Абу Дауд, ибн Хиббан келтірген Аль-Албаний сахих хадис деген.
Б) Ауыз бекіткен, ораза халінде.
Анас ибн Малик (Аллаһ одан разы болсын) былай депті: "Үш түрлі дұға қайтарылмайды: ата-ананың, ауыз бекіткен жанның, жолаушының дұғалары". Байһақи келтірген Аль-Албаний сахих хадис деген.
В) Мұсылман ихрам киіп, қажылыққа не умраға ниет еткен халде. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) айтқан екен: "Аллаһ жолында күреске және қажылықпен умраға шыққан адам Аллаһтың қонағы. Аллаһ оларды шақырады, олар Оған жауап берді. Және олар Аллаһтан сұрады, Аллаһ оларға (сұрағандарын) берді". Абдуллаһ ибн Омардан Ибн Маджа т.б. аль-Албаний хасан хадистерден деген.
Сол сияқты, жоғарыда айтып өткеніміздей, қажылық жасаған адамға бәрінен де Арафат күні көбірек дұға қылған абзал.
3 – Дұға қабыл болатын мекендер.
А) Арафат тауымен оның айналасы.
Ә) Машғаруль-Харам, Муздалифада. (Таң намазынан күн шығар алдындағы уақытқа дейін)
Б)Сафа мен Маруаның үстінде.
В) Үлкен және орта жамаратқа тас лақтырғаннан кейін.
Дәлелдер: Джабир ибн Абдуллаһ Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) қажылығын былай сипаттайды: "Ол өзінің Қасуа деген түйесіне мініп, Муздалифада Машғаруль-Харамға келіп, Құбылаға қарап дұға қылды, және "Аллаһу акбар"-деп Аллаһты ұлықтап "Ләә иләһа иллаллаһ(-деп зікір айтып күн шығар уақытқа дейін тұрды да, күн шықпай тұрып Минаға қайтып кетті". Муслим келтірген.
" Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) Сафаға шыққан кезде "Аллаһу акбар"-деп үш рет, "Ләә иләәһа илләллаһу уахдаһу ләә шарика ләһ ләһуль-мульку уа ләһуль-хамду уаһууа ғаләә кулли шайин қадир"-деп үш рет айтатын, сонан соң дұға қылатын. Және Маруада да тура осылай істейтін". Муслим Джабирдің жоғарыда келтірген хадисінде.
Абдуллаһ ибн Омар кіші және орта жамаратқа әр тас лақтырған сайын "Аллаһу акбар" деді. Содан кейін шетке шығып, Құбылаға қарап, екі қолын көтеріп ұзақ дұға қылды. Үлкен жамаратқа тас лақтырғаннан кейін тоқтамай кете берді, сонан соң : "Мен Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) осылай істегенін көрген едім"-деді. Бұхари келтірген.
18) Кімнің дұғасы қабыл болатыны жөнінде.
А) Парыз амалдарын орындап, көптеген нәпіл ғибадаттарымен (ораза, садақа, намаз) Аллаһқа жақындайтын пенде.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай депті: "Аллаһ айтты: "Кім Менің жақын тұтқан құлыммен жауласа, Мен оған соғыс жариалаймын. Менің құлым Өзім оған парыз еткен амалдардан өзге Мен үшін сүйіктірек ешбір басқа амалмен Маған жақындай алмайды. Содан кейін де Менің құлым қашан Мен оны сүйгенше Маған өз еркімен істеген (нәпіл) амалдарымен жақындауын тоқтатпайды. Егер Мен оны сүйсем, онда Мен оның еститін құлағы , көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Егер ол Менен сұраса, сұрағанын беремін. Егер ол Менен пана тілесе, панама аламы". Абу Хурайрадан Бұхари келтірген.
Бұл хадистің мағынасы, Аллаһтың жақын тұтқан бұл құлы Раббысының қалаған нәрсесін ғана естиді, қалаған нәрсесін ғана көреді және аяғы мен қолы Аллаһ қалаған нәрсеге ғана қызмет етеді.
Б) Юнус (ол кісіге Аллаһтың сәлемі болсын) айтқан дұғаны қолданып, тілек тілеген адам. Аллаһтың елшісі (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) :" Юнус (ол кісіге Аллаһтың сәлемі болсын) киттің ішінде жатқан кезінде жасаған дұғасы: "Я, Аллаһ, Сенен басқа ешбір Тәңір жоқ. Сен пәксің. Мен күнәһәр залымдардың қатарынан едім". Қандайда бір мұсылман осы дұғаны айтып, Аллаһқа дұға қылса, Аллаһ оған жауап береді"-деді. Тирмизи, Ахмад келтірген. Аль-Албаний сахих хадистер қатарына қосқан.
В) Дұғасы қайтарылмайтын жандардың қатарына Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) ораза тұтқан адамның (ауыз ашарға дейінгі уақытта), жолаушының, ата-ананың (баласына жасаған жақсы және теріс дұғасы), зұлымдыққа ұшыраған жандардың жататтынын атап айтқан еді. Осыған орай Пайғамбарымыздан (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) хадистер келтірейік:
"Үш адамның дұғасы қайтарылмайды: ата-ананың, ораза ұстағанның, жолаушының ".Байһақи келтірген, Аль-Албаний растаған.
"Үш дұғаға күмәнсіз жауап беріледі: зұлымдыққа ұшыраған жанның дұғасына, жолаушының дұғасына , ата-ананың баласына жасаған дұғасына". Абу Хурайрадан, тирмизи, Абу Дауд, Ибн Маджа. Аль-Албаний хасан хадис деген.
Ибн Аббас (Аллаһ одан разы болсын) деген сахаба Пайғамбарымызның (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) Муаз ибн Жәбәлді Йеменге жіберер алдында былай деп өсиет айтқанын хабарлайды:" Зұлымдыққа ұшраған адамның дұғасынан сақтан. Себебі, ол дұға мен Аллаһтың арасында кедергі болар перде жоқ". Бұхари келтірген.
Ескерту: Ендеше, ораза тұтқан жан және жолаушы көбірек дұға қылуға тырыссын. Мүмкін бұл дұғалары қабыл болып, бұ дүниеде де, о дүниеде де бақытпен игілікке бөленер. Сол сияқты біреуге зұлымдық жасаудан сақ болған дұрыс. Өйткені, мазлұм (зұлымдыққа ұшыраған) адамның тілегі Аллаһқа тез жетеді.
Сондай-ақ имам Ахмад келтірген хадисте ата-ананың баласына жасаған теріс дұғасы да қабыл болатыны айтылады. Сондақтан, ата-анасы перзенттеріне ашу үстінде болса да жаман тілек айтқаннан барнынша сақтанағаны дұрыс. Өйткені, ол теріс дұға қабыл болып, өмір бойы қатты өкініште қалар. Керісінше, балаларына көбірек жақсы тілек айтсын.
Г) Мұсылманның мүмінн бауырына сырттан қылған дұғасы қайтарылмайды. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деді:" Мұсылман адамның бауырына сырттан жасаған дұғасы қабыл болады. Оның қасында Аллаһ Тағала жібергшен періште бар. Ол өзінің бауырына жақсылық сұраған сайын әлгі періште:" Әмин. Сағанда сол жақсылық нәсіп болсын",-деп сол игілікті дұға жасаушы мұсылманның өзіне де тілейді". Абу Дарададан Муслим келтірген.
Д) Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деген: "Кімде-кім түнде оянып "Ләә иләһа илләллаһ, уахдаһу ләә шарика ләһ, ләһуль-мульку уа ләһуль-хамду уа һууа ғала кулли шаийн қадир. Аль-хамду лиллаһи, субханаллаһи уа ләә иләәһа илләллһ, уаллаһу акбар уа лә хаулә уа лә қууата иллә билләһ",-деп Аллаһтан кешірім сұраса , я дұға қылса дұғасы қабыл болады. Егер дәрет алып намаз оқыса, намазы қабыл болады". Убада ибн Самиттен Бұхари келтірген.
Ж) Қиындыққа ұшырап, Аллаһқа бар ынта-ықыласымен жалына-жалбарына дұға қылған адамның дұғасы қабыл болады. Аллаһ Тағала айтты: "Немесе қиындыққа ұшырағандар Оған жалбарынғанда тілегін қабыл етіп,қиыншылықты кетіретін және сендерді жер жүзінде орынбасар қылатын кім? Аллаһпен қатар өзге Тәңір бар ма? Өте аз естеріңе аласыңдар". (Нәміл-62).
З) Исламда дәнекер етуге рұқсат етілген істерге төмендегі нәрселер жатады.
Олар:
1 – Аллаһтың есімдері мен сипаттарын дәнекер етіп дұға қылу.
2 – Аллаһ ризалығы үшін жасалған ізгі амалдарды дәнекер етіп дұға жасау.
3 – Аллаһтың салихалы пенделерінен өзіңе дұға етуін сұрау. Бұл істердің дәлелі жоғарыда өткен аяттар мен хадистерде берілген.
Д)Аллаһтың ең ұлы атымендұға қылған жанның дұғасы.
Осыған байланысты бірнеше хадистер бар. Сол хадистерге сүйенен отырып, көптеген ғұламалар Аллаһтың " Я,Аллаһ!", "Иә, Хайю!", Иә, Қайюм!"-деген есімдері, Аллаһты осы есімдерімен сұраса, беретін, тілек тілесе дұғасын қабыл ететін ұлы есімдері қатарына жатады деген.
19) Дұға қылған кезде сақтануға тиіс жәйттер.
А)Дұға қылуда шектен шығушылық. Оған дәлел: "Раббыларыңа жалбарына отырып жасырын (бәсең үнмен) дұға қылыңдар. Шындығында ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді". (Ағраф -55).
Дұғада шектен шығушылық деп, дұғада рұқсат етілген нәрселердің шегінен шығып, рұқсат етілмеген істерді жасауды айтады. Дұғада шектен шығушылықтың түрлері көп. Кейбіреуі күпірлікке алып келіп, діннен шығарып жіберетіндей дәрежеге жеткізеді:
1 – Кімде-кім дұғасында Аллаһ Тағаладан өзге бір нәрседен жәрдем сұраса, онда шектен шығушылықтың ең ауыр түрі – ширк күнәсін жасаған болады. Оған мына аят дәлел: " Аллаһтан өзге қиаметке дейін өзіне жауап бере алмайтын біреуге дұға қылып, жалбарынғаннан артық адасушы кім? Ал, олар (яғнни, Аллаһтан өзге жалбарынған нәрселері) олардың дұғаларынан бейхабар". (Ахқаф-5).
2 - Өзіне лайық емес нәрсені сұрау. Мысалы, Пайғамбарымыздың немесе періштелердің дәрежесіне жетуді, не оларға берілген қасиеттерге ие болуды сұрау.
3 – Аллаһ Тағаланың хикметі бойынша орындалмайтын нәрсені сұрау. Мысалы, "Мәңгі өмір сүрейін", "Тамаққа мұқтаж болмайын", "Мүлде ұыйқтамайын"-деу.
4 – Рұқсат етілмеген күнәлі нәрсені сұрау. Мысалы, күнәлі іске жәрдемдесуін, харам игілікке қол жеткізуіне көмектесуін тілеп дұға жасау.
5 – Жалынып-жалбарынбай, өзінің мұқтаждығын танытпай, немқұрайлы қалыпта дұға жасау.
6 – Сонымен қатар, шектен шығушылыққа Аллаһқа тән емес есімдермен сипаттарды атап дұға қылуда жатады. Мысалы, "Я, Жарықтық!", немесе "О, Құдірет!", т.б. Аллаһ Өзін атамаған есімдермен сипаттарды айтып дұға қылу.
7 – Даусын көтеріп, әдепсіздік таныта отырып дұға қылу.
8 – Дұға жасағанда ұйқас қуып, дұғаның сыртқы нысанына әсіресе көңіл бөлу.
9 – Мұсылмандарға қарсы, өзіне және баласына, ма-мүлкінеқарсы дұға қылу, әсіресе ашуланған кезде: "Құрып кеткір", "Мұны көргенше өйтіп кетсемші, бүйтіп кетсемші"-деген сияқты аузына не келсе соны айтудан барынша сақтанған дұрыс. Себебі, дұғасы қабыл болып, кейін өкініште қалуы мүмкін. Керісінше өзіне, перзенттеріне, басқада мұсылмандарға, күллі адамзатқа иман, игілік, береке, бейбітшіліе, т.б. нығметтерді сұрап, жақсы дұға қылуды әдетке айналдырған жөн. Және осылай істеуді балаларына, тағы басқаларына үйреткені дұрыс. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) үмбетінде дұға жасаған кезде шектен шығушылар болатынын айтып, ондай істен сақтануды ескерткен еді. Ахмад келтірген хадисте :"Бірде Абдуллаһ ибн Муғаффаль өзінің ұлының былай деп жалбарынғанын естиді: "О, Аллаһ, мен Сенен жаннатқа кірген кезімде оң жақтан ақ сарай нәсіп етуіңді сұраймын". Сонда әкесі былай дейді: "Ұлым, Аллаһтан жаннат сұра және тозақтан пана тіле. Өйткені, Пайғамбарымыздың (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) :"Бұл үмбетте дұға жасаумен дәрет алуда шектен шығатындар болады", -деп айтқанын естіген едім"-деді. Аль-Албаний растаған.
Ә)Дұғаның қабыл болмауына ықпал ететін нәрселерден аулақ болу.
1 – Харам аспен қоректеніп, харам жолмен келген мал-мүлікті пайдалану.
Осыған орай Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) былай деген:"Аллаһ жақсы. Сондықтан жақсы нәрселерді ғана қабыл қылады. Аллаһ иман келтірген құлдарына Өзінің елмілеріне әмір еткенді әмір етті. Аллаһ Тағала былай деді: "Ей, елшілер! Жақсы нәрсені жеп, ізгі іс істеңдер", және "Ей, иман келтіргендер! Сендерге нәсіп еткен адал асы ішіп-жеңдер", деді. Сонан соң Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) мынадай мысал келтірді: "Ұзақ жолдан шаршап-шалдыққан, шашы таралмағандықтан ұйпа-тұйпа, үсті-басы кір-кір адам екі қолын жоғары көтеріп: "Иә, Раббым! Иә, Раббым!"-дейді. Ал, өзі харамды жесе, харамды ішсе, харамды кисе, тұла бойына харам сіңген болса, оған қалай жауап беріледі?!". Муслим келтірген.
Бұл пенденің дұғасы қабыл болуына ықпал етуге тиіс бір емес, төртт себеп бар еді. Олар:
1 – Ол жолаушы.
2 – Қиыншылыққа ұшыраған халде.
3 – Суннат бойынша қолын жоғары көтерді.
4 – Аллаһтың есімін, сипатын айтты.
Алайда, харамда пайдаланғандықтан оның дұғасы қабыл болған жоқ.
Сол секілді жоғарыдағы хадистен адал игілікті пайдаланып, адал аспен қоректенген адамның дұғасын Аллаһ Тағала қабыл қылатынын аңғарамыз. Бұған дәлелді төмендегі мына хадистен көреміз. Абдуллаһ ибн Аббас риуаят еткен бұл хадисте Сағд ибн Уаққас деген сахаба Пайғамбарымызға (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын)келіп:"Иә, Аллаһтың елшісі! Мені тілеген дұғалары қабыл болатындардың қатарынан болуымды Аллаһтан сұраңызшы"-деді. Сонда Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын):"Иә, Сағд! Ас-қорегің халалды болсын. Сонда тілектерің қабыл болады"-деген.
Уаһд ибн Мунаббиһ былай деген: "Кім Аллаһ оның тілегіне жауап бергенін қаласа, адал асты жеп, адал игілікті пайдалансын".
2 - Және барша харам істермен күнәләр, сондай-ақ парыз етілген амалдарды атқармау дұғаның қабыл болмауына тотсқауыл болмауы мүмкін. Осыған орай салафтар:" Дұғаның қабыл болу жолдарын күнәләрмен жауып, қалайша "жауап кешікті" деп айтасың"-деген екен.
3 – Аллаһтың күнәлі немесе туыстық байланысты үзуге жетелейтін іске көмектесуін сұрау және дұғаның қабылдануын күту үстінде асығыстық жасауда оның қабыл болуына кедергі болады. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын): "Егер пенде күнәлі немесе туыстық байланысты үзетін нәрсені сұрамаса, сондай-ақ дұғасына жауап берілуін күтуде асығыстық жасамаса, Аллаһ құлының дұғасын қабыл қылады"-деді. Сонда сахабалар:" Иә, Аллаһтың елшісі! Жауап берілуіне асығыстық таныту дегеннің мағынасы не?"-деп сұрады. Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын): "Бұл пенденің : "Мен Аллаһқа жалбарынып сұраған едім, бірақ, Оның жауап қайтарғанын көрген жоқпын" деуі. Содан кейін оның үміті үзіліп, Аллаһқа дұға қылуын тоқтатады"-деді. Абу Хурайрадан Муслим келтірген.
4 – Жақсылыққа шақырмау және жамандыққа тыйым салмау.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сауабы болсын) айтқан екен: "Жаным қолында болған Аллаһтың атымен ант етемін! Сендер жақсылыққа әмір беруге және жамандықты тоқтатуға міндеттісіңдер. Әйтпесе, Аллаһ сендерге өзінің жазасын жібереді. Содан соң сендер Оған дұға қылсаңдар, сендерге жауап берілмейді". Тирмизи келтірген.
Достарыңызбен бөлісу: |