3.8. Жер ресурстары
Қазақстанның ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы алаңы
177,8 млн гектарды, оның ішінде жайылымдар 146,9 млн гектарды, егістік пен тыңайған жерлер 26,7 млн гектарды, шабындықтар 4,2 млн гектарды құрайды (осы Бағдарламаға 27-қосымшаны қараңыз).
2012 – 2014 жылдардағы түгендеу қорытындылары бойынша 7,4 млн гектар пайдаланылмайтын жерлер, оның ішінде 0,9 млн гектар егістік, 1,2 млн гектар тыңайған жерлер, 0,08 млн гектар шабындық, 5,2 млн гектар жайылым, 0,01 млн гектар көпжылдық екпелер бар екені анықталды.
Пайдаланылмайтын 7,4 млн гектар жерден 3,36 млн гектарды бұрынғы жер пайдаланушылар игеруді бастады, 3,0 млн гектар жер бойынша жалдау шарттары бұзылды, оның ішінде ауыл шаруашылығы айналымына 1,7 млн гектар тартылды (осы Бағдарламаға 28-қосымшаны қараңыз).
Республиканың барлық өңірлерінде жер сапасының нашарлауына, құрамында қарашіріктің, қоректі заттардың, өсімдіктердің түрлік құрамы мен оның өнімділігінің төмендеуіне қатысты тұрақты үрдіс байқалуда, бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетін төмендетеді (осы Бағдарламаға
29-қосымшаны қараңыз).
Жыртылған алқаптардың құнарлылығын арттыру және жайылымдарды суландыру жөніндегі іс-шаралар толық көлемде жүргізілмейді.
2015 жылдың қорытындысы бойынша тәлімі жерлердегі егістік құрылымындағы құрамында қарашірігі аз топырақ (4%-дан аз) 14,6 млн гектарды немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 72,8%-ын, құрамында қарашірігі орташа топырақ (4-6%) 5,3 млн гектарды немесе 25,9%-ды, құрамында қарашірігі жоғары топырақ (6%-дан астам) 0,3 млн гектарды немесе 1,3%-ды құрады. Суармалы егіншілік жағдайында 0,8 млн гектар немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 98,2%-ы төмен қамтамасыз етілген, 15,05 мың гектар немесе 1,8%-ы орташа қамтамасыз етілген болып табылады.
Құрамында жеңіл гидролизделетін азоты төмен топырақ 11,3 млн гектар алаңды немесе тәлімі жерлердегі зерттеп қаралған егістік алаңының 55,8%-ын, құрамында жеңіл гидролизделетін азоты орташа топырақ 4,4 млн гектарды немесе 22,0%-ды, құрамында жеңіл гидролизделетін азоты жоғары топырақ
4,5 млн гектарды немесе 22,2%-ды құрайды. Суармалы егіншілік жағдайында 0,8 млн гектар немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 89,5%-ы төмен қамтамасыз етілген, 0,03 млн гектар немесе 3,5%-ы – орташа қамтамасыз етілген және 0,06 млн гектар немесе 7,0%-ы – жоғары қамтамасыз етілген болып табылады.
Тәлімі жер құрылымындағы жылжымалы фосформен аз қамтамасыз етілген топырақ 9,3 млн гектар немесе 46,2%, орташа қамтамасыз етілгені –
7,9 млн гектар немесе 39,5% және жоғары қамтамасыз етілгені – 2,9 млн га немесе 14,3%. Суармалы егіншілік жағдайында зерттеп қаралған егіс алаңынан құрамында жылжымалы фосфоры аз топырақ 0,2 млн гектар алаңды немесе 26,2%-ды, құрамында жылжымалы фосфоры орташа топырақ 443,2 мың гектарды немесе 51,6%-ды және құрамында жылжымалы фосфоры жоғары топырақ 190,7 мың гектарды немесе 22,2%-ды алып жатыр.
Тәлімі жерлердегі егіншілік жағдайында жыртылған жерлер алмасымды калиймен былайша қамтамасыз етілген: төмен қамтамасыз етілгені 1,9 млн гектар немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 9,4%-ы, жоғары қамтамасыз етілгені - 16,4 млн гектар немесе 81,4%-ы. Суармалы егіншілік жағдайында құрамында жылжымалы калийі аз топырақ 0,1 млн гектарды немесе 13,7%-ды, орташа - 0,3 млн гектарды немесе 33,3%-ды және жоғары - 0,5 млн гектарды немесе 53,0%-ды алып жатыр.
Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы қызметі мал шаруашылығынан атмосфераға бөлінетін парниктік газдардың айтарлықтай эмиссиясымен, негізінен жануарлардың энтеральді ферментациясы процесіндегі метан шығарындыларымен, көңді сақтау және пайдалану кезіндегі метанмен және көмірқышқыл газымен, жайылымдағы жайылатын малдардың экскрементінен болатын көмірқышқыл газымен, өсімдік шаруашылығынан топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізумен, топыраққа егіннің биологиялық қалдықтарының сіңуімен, топырақта органикалық заттардың минералдануынан болатын азоттың босауымен байланысты көмірқышқыл газы мен азот қосындыларының шығарындыларымен, күріш өндірісіне байланысты метан шығарындыларымен бірге жүреді.
Мысалы, ауыспалы егісте үнемі қалатын егістікте 2015 жылы топырақтың 0-30 см горизонтында топырақ көміртегі запасы 1990 жылға қарағанда орта есеппен 17%-ға азайған, осыған байланысты, технологияны жаңғыртусыз және тиісті басқарусыз ауыл шаруашылығы өндірісінің ауқымын ұлғайту жыртылған және жайылымдық жердегі топырақтан көмірқышқыл газы мен азот қышқылы ағынының артуымен сүйемелденетін болады.
Ауыл шаруашылығы алқаптарының сапалық жай-күйін көрсететін топырақтық және геоботаникалық зерттеулердің сапалы материалдарымен небәрі 27,8 млн гектар қамтамасыз етілген, бұл жалпы тұтынудың 14,8%-ын құрайды.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жай-күйі туралы ақпарат оларды ұтымды және тиімді пайдаланудың негізі болып табылады.
Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасы олардың кадастрлық (бағалау) құнына тікелей әсер етеді, ол түзетуші коэффициенттерді қолдана отырып, жерге арналған төлемнің базалық мөлшерлемесі негізінде айқындалады. Топырақтық және геоботаникалық зерттеулердің сапалы материалдары болмауына байланысты коэффициенттер 1990 жылға дейін дайындалған материалдар бойынша қолданылады.
Іздестіру, жерге орналастыру және жер-кадастрлық жұмыстардың басқа түрлерімен қатар жоғарыда көрсетілген зерттеп қараулар нәтижелері ҚР мемлекеттік жер кадастры (бұдан әрі – МЖК) мәліметтерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
МЖК-ні жүргізуді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – КЕАҚ) жүзеге асырады. МЖК-ні жүргізу бойынша жұмыстарды қаржыландыруды және ұйымдастыруды ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті жүзеге асырады.
«Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Мемлекет басшысының 2016 жылғы 18 тамыздағы
№ 308 Жарлығымен қолданыстағы мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Бұл шешім Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша қабылданды және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің сандық және сапалық жағдайы туралы шынайы ақпарат алу қажеттігіне негізделген.
Осы мақсатпен мораторийдің қолданысы кезеңінде республиканың жер қорына талдау жүргізу қажет.
Ауыл шаруашылығы алқаптарының мөлшері туралы шынайы ақпарат алу үшін ірі ауқымды топырақтық және геоботаникалық зерттеп қарау және кемінде 66 млн гектар алаңның топырағына бонитирлеу жүргізу қажет.
Жүргізілген іздестірулер қорытындылары бойынша топырақтық және геоботаникалық карталар қағаз тасығышта сақталады, бұл оларды халыққа және мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті ақпарат ұсыну бойынша қызметтер көрсету үшін пайдалануды біршама қиындатады.
Осыған байланысты, қолда бар топырақтық және геоботаникалық іздестірулерді оларды пайдаланудың барлық кезеңі ішінде өзгерістер енгізу, талдаулар жүргізу, қажетті анықтамаларды, кестелерді, диаграммаларды және т.б қалыптастыра отырып, топырақ және өсімдік жабыны параметрлерінің өзгеру қарқынын қадағалау мүмкіндігі үшін электрондық форматқа ауыстыру және жаңа материалдарды электрондық форматта дайындау қажеттілігі бар.
Сонымен бірге, жоғарыда көрсетілген іс-шараларды жүргізу үшін РБ-дан жыл сайынғы қаржыландыру көлемі ауыл шаруашылығы алқаптарының сапалық жай-күйі туралы өзекті ақпарат алуға деген қазіргі қажеттілікті қанағаттандырмайды және ұлғайтуды талап етеді.
Жер қатынастары саласында мынадай проблемалар бар:
1. Жердің сапасы мен өнімділігінің нашарлауы;
2. Ауыл шаруашылығы алқаптарын топырақтық және геоботаникалық зерттеп қарау, топырақты бонитирлеу жөніндегі сапалы материалдар көлемінің аздығы.
3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің кадастрлық құнын айқындау үшін өзекті деректердің болмауы.
4. Шалғайдағы жайылымдардың жеткілікті түрде суландырылмауына байланысты оларды игерудің төмен деңгейі.
5. Ауыл шаруашылығынан көмір қышқыл газының шығарындысы.
3.9. Мемлекеттік қолдаудың қаржылық шаралары
Инвестициялық субсидиялау құралы 19 бағыт (49 паспорт) бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына, техникаға және жабдыққа арналған инвестициялық шығындарды ішінара өтеуге (20%-дан 80%-ға дейін) бағытталған. Осы мемлекеттік қолдау шарасы іске асырыла бастағаннан бері (2014 – 2015 жылдар) жалпы субсидиялар сомасы 19,1 млрд теңгеге барлығы 2 729 АӨК субъектісі субсидияланып, тартылған инвестициялар сомасы
67,8 млрд теңгені құрады.
Инвестициялық субсидиялар есебінен тартылған инвестициялардың негізгі үлесінің 55%-ы мал шаруашылығына (37,6 млрд теңге), 35%-ы өсімдік шаруашылығына (23,2 млрд теңге), 10%-ы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге (7 млрд теңге) тиесілі.
Мемлекеттік қолдаудың аталған шарасы іске асырылған екі жылдың қорытындылары бойынша жете қаржыландырылмау 35,4 млрд теңгені құрады.
АӨК субъектілеріне кредит беру, ауыл шаруашылығы техникасы мен жануарлардың, технологиялық жабдықтың лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралы бойынша кредиттік/лизингтік шарттар бойынша пайыздық мөлшерлеме айналым қаражатын толтыру, негізгі құралдарды сатып алу және т.б. үшін ұлттық валютада 7%-ға, шетелдік валютада 5%-ға арзандатылуда; мал шаруашылығы мен азық өндірісі саласында ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын сатып алу үшін сыйақы мөлшерлемесі ұлттық валютада жылына 10%-ға және шетелдік валютада 7%-ға төмендетілуде.
2014 – 2015 жылдар кезеңінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жалпы негізгі борыш сомасы 243,2 млрд теңге болатын 4 601 АӨК субъектісінің міндеттемелері бойынша, оның ішінде АӨК субъектілері сатып алған 12 254 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бойынша жүзеге асырылды.
Қызмет түрлері бойынша қатысушылардың негізгі үлесінің 48,8%-ы өсімдік шаруашылығы саласына, 29,8%-ы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, 7,8%-ы мал шаруашылығына және 13,4%-ы өзге де қызмет түрлеріне тиесілі.
АӨК субъектілерінің кредиттік жүктемесін және олардың банкротқа ұшыру тәуекелдерін төмендету мақсатында 2013 жылдан бастап АӨК субъектілерінің міндеттемелерін қаржылық сауықтыру шаралары іске асырылуда. Қаржылық сауықтыру шарттарында кредит беру мерзімдерін
9 жылға дейін ұзарту, сыйақы мөлшерлемесін 14%-ға (оның 7%-ы бюджеттен субсидияланады) дейін төмендету, сондай-ақ қаржы институттарының айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруы көзделеді.
2013 – 2015 жылдары АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыруды іске асыру кезінде жалпы берешек сомасы 520 млрд теңгеге 404 АӨК субъектісінің өтінімдері мақұлданды. 2016 жылдан бастап қаржылық сауықтыру бағдарламасына қатысу үшін жаңа өтінімдер қабылдау жүзеге асырылмайды.
2013 – 2014 жылдары АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 7,2 млрд теңге бөлінді. 2015 жылы 18,9 млрд теңге (оның ішінде 5,8 млрд теңге – Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты) бөлініп, толықтай игерілді. РБ-да 2016 жылға 24,7 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген. Жыл сайын сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау үшін шамамен 20 млрд теңге қажет етіліп, ол 2024 жылға дейін 164,3 млрд теңгені құрайды.
17-диаграмма. 2013 – 2016 жылдардағы жалпы салалық субсидиялар серпіні, млн теңге
Қызмет түрлері бойынша сауықтырылатын берешектің негізгі үлесінің
73%-ы өсімдік шаруашылығы саласына, 2%-ы мал шаруашылығына,
3%-ы ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуге және 22%-ы басқа да қызмет түрлеріне тиесілі.
Берешекті сауықтандыруға мақұлданған жалпы соманың 72%-ы немесе 376,4 млрд теңгесі ірі аграрлық холдингтердің қарызына тиесілі.
АӨК субъектілерінің қарыздарын сақтандыру мен кепілдендіруді субсидиялау шеңберінде сақтандыру компаниясының немесе кепілдік берушінің тарифтік мөлшерлемесі субсидияланады. 2015 жылы сақтандырумен қамтамасыз ету арқылы 3 АШТӨ-ге кредит берілді, тартылған кредиттің жалпы сомасы 7,9 млрд теңгені құрады.
Дайындаушы ұйымдарға қосылған құн салығының (бұдан әрі – ҚҚС) сомасын субсидиялау есептелген ҚҚС мөлшерінде дайындаушы ұйымдардың өнімін арзандату мақсатында 2016 жылы басталды. 15 дайындаушы ұйымға
140 млн теңге сомасына төлем жүргізілді.
ҚР Ұлттық Банкінің деректеріне сәйкес, ҚР экономикасының салаларына да, ауыл шаруашылығына да берілген кредиттер көлемі жыл сайын өсуде.Бұл ретте АӨК саласындағы кредиттер үлесі 2015 жылы 8%-ды құрады, бұл
2011 жылғы көрсеткіштен 54%-ға төмен.
2015 жылы АӨК субъектілеріне берілген кредиттер сомасы 603,5 млрд теңгені құрады, бұл 2014 жылғыға қарағанда 61%-ға аз.
18-диаграмма. Берілген кредиттер сомасы
18,8%
13,7%
16,1%
20,1%
33,8%
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ кредиттері, млрд теңге
ЕДБ кредиттері, млрд теңге
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ кредиттерінің үлесі
2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ) ауыл шаруашылығындағы жиынтық кредиттік портфелі 1 448,0 млрд теңгені құрады, оның ішінде 66%-ы ЕДБ-ға, 34%-ы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ компаниялар тобына тиесілі.
2016 жылғы тамыздағы жағдай бойынша АӨК субъектілерінің ЕДБ алдындағы мерзімі өткен берешектерінің сомасы 48,7 млрд теңгені құрады, бұл 2014 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 44,6%-ға аз.
19-диаграмма. АӨК субъектілерінің ЕДБ алдындағы мерзімі өткен берешектерінің сомасы
** - 2015 жылы мерзімі өткен берешектің күрт төмендеуі АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру бағдарламасын іске асыру әсерімен байланысты
ЕДБ қысқа мерзімді өндірістік процесті қамтамасыз етуге арналған айналым қаражатын толықтыру үшін басым жағдайда ірі, орныққан шаруашылықтарға кредит береді. Бұл ретте, банктік кредит беру құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі қысқаруда. Айталық,
2012 жылы банктік кредит беру құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 6,2%-ды, 2015 жылы 1,9%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығына кредит беру нарығында нарықтағыдан айтарлықтай төмен сыйақы мөлшерлемелері бойынша кредит беру және лизинг қызметтерін көрсететін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның қаржы институттары алда келеді. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығына салынатын ұзақ мерзімді инвестициялар, негізінен, мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді болатын жағдай орын алды.
2011 – 2015 жылдары «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ құрамына кіретін қаржы ұйымдары арқылы РБ қаражатынан 410,5 млрд теңге, оның ішінде 318 млрд теңгесі қысқа мерзімді бюджеттік кредиттер түрінде бөлініп, 92,5 млрд теңгесі компаниялардың жарғылық капиталдарын толықтыруға бағытталды.
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ шағын және орта бизнесті инвестициялық қолдауға бағдарланған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жыл сайын елімізде 60%-дан астам техника сатып алынуда. ЕДБ мен басқа да жеке меншік қаржы ұйымдары аграрлық сектордағы шағын және орта бизнесті (бұдан әрі – ШОБ) қаржыландыруға болмашы ғана қатысуда.
Қолданыстағы сақтандыру жүйесі міндетті және ерікті сақтандырудан тұрады.
Міндетті сақтандырудың құқықтық негізі дәнді, майлы дақылдарды, қант қызылшасы мен мақтаны сақтандыруды міндеттейтін «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңы (бұдан әрі – Заң) болып табылады.
20-диаграмма.Сақтандыру компаниялары мен өзара сақтандыру қоғамдары (ӨСҚ) санының өсу қарқыны
Сақтандыру компанияларының саны
ӨСҚ саны
Қазіргі уақытта аталған нарықта тек екі сақтандыру компаниясы жұмыс істейді, өзара сақтандыру қоғамдарының (бұдан әрі – ӨСҚ) саны бүгін белгісіз, сақтандыру төлемдерін өтеуге ресми түрде 14 ӨСҚ жүгінген. Егістіктің айтарлықтай бөлігін тек ресми түрде ӨҚС сақтандырады.
Заң қолданылған уақытта (2006 – 2015 жылдар) жылына орта есеппен
5,4 млн гектар егіс алаңы сақтандырылып, оның ішінде 558 мың гектар (10%) қолайсыз табиғи құбылыстарға ұшырады (осы Бағдарламаға 30-қосымшаны қараңыз).
Ауыл шаруашылығындағы ерікті сақтандыру техника мен ауыл шаруашылығы жануарларын лизингке беру кезінде уақытша нысанда қолданылады. Уақытша нысан лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына қолданылады.
Қаржы институттары алдындағы АӨК субъектілерінің міндеттемелерін кепілдендіруді негізінен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (бұдан әрі – ӘКК) мен ЕДБ жүзеге асырады.
ЕДБ мен ӘКК кепілдіктер шығару үшін орта есеппен кепілдік сомасының 1%-ынан 7%-ына дейін комиссия алады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ)
2011 – 2016 жылдары ӘКК-нің кепілдігімен жалпы сомасы 85,8 млрд теңгеге 9 063 АШТӨ-ні қаржыландырды.
Мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары саласында мынадай проблемалар бар:
1. Көптеген АШТӨ үшін субсидиялардың қолжетімділігі дәрежесінің төмендігі.
2. Субсидиялаудың түпкілікті нәтиже мен өңірлердің мамандануына байланысты болмауы.
3. Ұсақ АШТӨ үшін қолжетімді болмауы мен нысаналы көрсеткіштерді орындауды бақылаудың әлсіздігі кезінде инвестициялық субсидиялаудың ірі өндірістерге бағдарлануы.
4. АӨК субъектілеріне кредит беру, ауыл шаруашылығы техникасы мен жануарларының, технологиялық жабдықтың лизингі кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау ЕДБ мен лизингтік компанияларды кредиттер және лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге ынталандырмайды.
5. Қаржылық сауықтыруға қарамастан, қарыздар бойынша міндеттемелерді орындамау проблемаларының қайта пайда болу тәуекелдері және банкроттық қатері.
6. Саланың кредиттік қатерлерінің жоғары болуына байланысты АӨК субъектілерінің қарыздарын сақтандыру және кепілдендіру тетігіне сақтандыру компаниялары мен кепілдік берушілердің тиісінше қызығушылығының жоқтығы.
7. Дайындаушы ұйымдарға ҚҚС сомасын субсидиялау тетігінің жетілдірілмегендігі: субсидиялар жыл қорытындылары бойынша төленеді; субсидиялар жылдық жиынтық кіріс құрамында есептеледі, бұл субсидияларды төлеудің негізгі шарты болып табылатын ауыл шаруашылығы өнімін өткізуден түскен үлесті төмендетеді.
8. Ауылдық жерлерде өтімді кепілмен қамтамасыз етудің жетіспеуі.
9. АШТӨ-нің «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ кредит беретін ұйымдарында қаржы ресурстарының жеткілікті болуына тәуелді болуы.
10. Кредиттік серіктестіктердің әлсіз институционалды дамуы жағдайында ауылдық жерлерде жеке қаржы ұйымдарының нашар танылғандығынан, қаржылық қызметтер нарығындағы бәсекелестік деңгейінің төмен болуы.
11. ҚР Үкіметі мен халықаралық қаржы ұйымдарының ынтымақтастығы бағдарламалары шеңберінде АӨК-ні қаржыландыруға арналған нысаналы ұзақ мерзімді қарыздардың жоқтығы.
12. Саланың жоғары табиғи-климаттық, эпизоотиялық, фитосанитариялық, карантиндік, экономикалық тәуекелдері.
13. Жеке қаржы ұйымдарында ұзақ мерзімді қорландыру көздерінің жоқтығы.
14. ӨСҚ қызметін сақтандыру ұйымдарының қызметі сияқты мемлекеттік реттеуші органдар (ҚР АШМ және ҚР Ұлттық Банкі) бақыламайды.
15. ӨСҚ заңнамадағы олқылықтарды пайдалана отырып, сақтандырушы рөлінде де, сақтанушы рөлінде де бола алады, бұл сақтандырудың мәнін бұрмалайды.
16. ӨСҚ-ны көбіне жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар құрады, бұл ӨСҚ-ны АШТӨ үшін қосымша қаржылық ауыртпалыққа айналдырды – фермерлер сыйлықақылар төлейді, бірақ төлемді тиісінше алмайды.
17. Ұсақ шаруашылықтардың көбі тіпті қарапайым аграрлық технологияларды сақтамайды, бұл тәуекел дәрежесін арттырады және қолайсыз табиғи құбылыстарға салғырттық қосылады, мұны сақтандырумен жабу мүмкін емес.
18. Заңнама сақтандыру компанияларының агротехнологияларды сақтауды талап етуіне мүмкіндік бермейді және клиент сақтандыру талаптарына анық сәйкес келмеген жағдайда сақтандырудан бас тарту мүмкіндігін көздемейді.
19. Заңға сәйкес дәнді дақылдарды сақтандыру бойынша тиісінше
2004 және 2009 жылдары белгіленген қолданыстағы тарифтер мен шығындар нормативтері АШТӨ-ні шеккен шығынды өтеудің толық сомасымен қамтамасыз етпейді.
20. АӨК субъектілерінің міндеттемелерін кепілдендіру құралдарының дамымағандығы.
3.10. АӨК қызметінің ілеспе салалары.
Техникалық жарақталу. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау
2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникаларының негізгі түрлерінің паркі 152 мың бірлік трактордан, 42 мың бірлік астық жинаушы комбайннан, 3,5 мың бірлік егу кешендерінен, 86,1 мың бірлік дәнсепкіштен, 15,6 мың бірлік дестелегіштен тұрады, оның ішінде пайдалану мерзімі 15 жылдан жоғары тракторлар – 84%; комбайндар – 54%; дәнсепкіштер – 88%-дан астам; дестелегіштер – 73% (осы Бағдарламаға 31-қосымшаны қараңыз).
Ауыл шаруашылығы техникаларының орташа амортизациялық мерзімдері 10-12 жылды құрайтынын ескере отырып, техниканы пайдаланудың шынайы мерзімі нормативтік мерзімдерден 3-10 жылға артық деп қорытынды жасауға болады.
Ауыл шаруашылығы техникаларының (егу кешендерінен басқа) негізгі түрлері бойынша жаңарту қарқыны жаңартудың талап етілетін технологиялық деңгейі кезінде жылына 10 – 12,5%-ды: тракторлар бойынша – 1,2%-ды; комбайндар бойынша – 2,8%-ды; дәнсепкіштер бойынша – 0,6%-ды, дестелегіштер бойынша –1,6%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алудың орташа жылдық көлемі 80 млрд теңгені, оның ішінде отандық өндіріс 20,5 млрд теңгені құрайды.
21-диаграмма. 2016 жылға арналған ауыл шаруашылығы техникасының бары, бірлік
Ауыл шаруашылығы техникасының және жиынтық бөлшектерінің өндірісі бойынша жұмыс істейтін 30 кәсіпорын (зауыт) ішінде негізгі өндіруші 15 кәсіпорын (зауыт), оларда шамамен 2,1 мың адам жұмыс істейді.
Оларға: «Семаз» ЖШС (МТЗ тракторлары), «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС (комбайндар), «Агромашхолдинг» АҚ (Есіл комбайндары), «Дафа» фирмасы» ЖШС (аспалы жабдық), «ДонМар» ЖШС (дестелегіштер), «КазКИОТИ» ЖШС (тракторлар) жатады.
Ауыл шаруашылығы техникасын отандық құрастыру өндірісінің жалпы көлемінің 93%-ы тракторлар мен комбайндарды, 7%-ы аспалы жабдықтарды құрастыруға тиесілі.
Құрылған бірлескен құрастыру өндірістері жеткілікті дәрежеде жүктелмеген. Көпшілік жағдайларда локализациялау деңгейі 35%-дан төмен, бұл отандық техника бағасының импортталатын жиынтық бөлшектер құнына тікелей тәуелді болуына алып келеді.
2015 жылдың қорытындылары бойынша отандық құрастыру кәсіпорындарының үлесіне Қазақстанда сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасы санының орташа есеппен 30%-ы: комбайндар бойынша – 49,5%-ы, тракторлар бойынша – 34,8%-ы, өзге техника бойынша – 20%-ы тиесілі. Ауыл шаруашылығына деген қалған сұраныс импорт есебінен қанағаттандырылады.
Саланың техникалық жарақтандырылуы және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында мынадай проблемалар бар:
1. Негізгі ауыл шаруашылығы техникасы түрлерінің тозу деңгейінің жоғарылығы.
2. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың жеткіліксіз қарқыны.
3. Жиынтық бөлшектерді локализациялау мен жасаудың төмен деңгейі.
4. Сервистік қызмет көрсету жүйесінің дамымағандығы.
5. Мал шаруашылығы фермаларын механикаландыру деңгейінің жеткіліксіздігі.
Агрохимия
Қазақстанда минералды тыңайтқыштар (фосфорлы және азотты тыңайтқыштар) өндірісімен «Қазфосфат» ЖШС (суперфосфат, аммофос) және «ҚазАзот» ЖШС (аммоний нитраты) айналысады.
Калийлі тыңайтқыштар өндірілмейді, алайда Қазақстанның батыс өңіріндегі калийлі шикізат кен орнында геологиялық-барлау жұмыстары жүргізілуде.
2015 жылы азотты тыңайтқыштарды тұтыну 419,7 мың тоннаны құрады, оның 184,7 мың тоннасы немесе 44%-ы шетелде өндірілген тыңайтқыш, бұл ретте, Қазақстанда 311,1 мың тоннасы өндірілді. Фосфорлы тыңайтқыштарды тұтыну 84,6 мың тоннаны құрады, оның 0,13 мың тоннасы немесе 0,15%-ы шетелде өндірілген тыңайтқыш. Бұл ретте Қазақстанда 93,2 мың тонна осы тыңайтқыш түрі өндірілді. 2015 жылы калийлі тыңайтқыштарды тұтыну
9,7 мың тоннаны құрады, барлық көлем импорт есебінен жабылды.
ҚР-да кешенді тыңайтқыштар нарығы да толығымен импорттық өнімнен тұрады және жылына шамамен 10,1 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте елдің отандық өндірістің минералды тыңайтқыштарымен қамтамсыз етілуі ғылыми-негізделген тұтынудың шамамен 35%-ын құрайды.
Орташа есеппен алғанда соңғы 5 жылда (2011 – 2015 жылдар) жыл сайын нақты салмақта шамамен 288 мың тонна әртүрлі минералды тыңайтқыштар түрлері әкелінді. Экспорт көлемі де артуда, орташа есеппен жылына шамамен 190,0 мың тонна экспортталады.
Агрохимия саласында мынадай проблемалар бар:
1. Жыл сайын бағаның өсуі кезінде минералды тыңайтқыштар құнының жоғарылығы.
2. Екінші санатты рұқсаттар тізбесінде агрохимикаттарды мемлекеттік тіркеу жөніндегі рұқсат беру рәсімдерін және ел аумағында агрохимикаттарды қолдану құқығына арналған рұқсат құжатын заңнамалық бекітіп берудің болмауы.
3. Отандық кәсіпорындар шығаратын тыңайтқыштар ассортиментінің аз болуы және құнының жоғары болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |