4 тақырып. Мемлекеттің түсінігі және мәні.
Мақсаты: Мемлекеттің ұғымын ашу және мәніне экономикалық, саяси, әлеуметтік, ғылыми заңдылықтар тұрғысынан сипаттама беру, оның маңызын түсіндіру.
Жоспары:
1 Мемлекет ұғымы және оның өзіндік белгiлерi.
2 Мемлекеттiң таптық мәнi.
3 Мемлекеттiң жалпыәлеуметтiк мәнi.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Мемлекет – бұл арнайы басқару және мәжбүрлеу аппараты бар, қоғамның өкілі бола тұра, оны басқаратын және оның дамуын қамтамасыз ететін, бұқаралық биліктің саяси- аумақтық, егеменді ұйымы. Мемлекетті рулық құрылымдағы әлеуметтік биліктен ажырататын төмендегідей белгілері болады: 1. Бұқаралық биліктің болуы. Міндетті түрде мемлекеттің басқару және мәжбүрлеу аппараты болуы тиіс, себебі, бұқаралық билік – бұл шенеуніктер, әскер, полиция, түрме мен басқа да мекемелер. 2. Аумақтық бөлініс. Мемлекет өз аумағында өмір сүруші барлық адамдарды өз билігімен және қорғау арқылы біріктіреді. 3. Салықтар жүйесі. Олар мемлекеттік аппараттың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қажет.
Мемлекеттік билікке сипаттама берместен бұрын әлеуметтік билікке анықтама беріп алу қажет. Әлеуметтік билік – бұл адамдарың кез-келген бірігуіне тән үстемдік пен бағынушылық қатынастары, бұл кезде бір тұлғалардың – билік құрушылардың – еркі мен әрекеттері басқа тұлғалардың – бағынушылардың – еркі мен әрекеттеріне үстемдік құрады. Мемлекеттік билік әлеуметтік биліктің ерекше бір түрі ретінде көрініс табады. Бұл мемлекеттік мәжбүрлеуге сүйенген, субъектілер арасындағы үстемдік және бағынушылық сипаттағы бұқаралық-саяси қатынас. Мемлекеттік биліктің ерекшеліктері:
1. Бұқаралық билік. Ол бүкіл қоғамның, халықтың атынан қызмет етеді және өз қызметінде бұқаралық негізге – қазына мүлкіне, өз кірістеріне, салықтарға ие.
2. Аппараттық билік. Ол аппаратқа, мемлекеттік органдар жүйесіне сүйенеді және олар арқылы жүзеге асырылады.
3. Заң қолдайтын билік. Сол себепті, ол аппарат пен заң нормаларының көмегімен елдегі барлық халық үшін міндетті сипатты иеленеді.
Мемлекеттің мәнін түсіну мемлекет және құқық теориясының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекеттің мәні- бұл оның мазмұнын, мақсаттарын, қызмет етуіне анықтайтын басты қасиеті. Мемлекеттің мәнін бұл түсініктің кең және тар мағынасында анықтауға болады. Кең мағынада мемлекеттің әлеуметтік мәнін биліктік- саяси ұйымдасқан қоғам, құқықтық заңдарға бағынған көптеген адамдар бірлестігі ретінде анықтауға болады. Мұндай бірлестіктердің тұтастығы сәйкес мемлекеттік-құқықтық институттар мен қатынастарда көрініс тапқан бұқаралық – биліктік құрылымдар негізінде қалыптасады. Тар мағынада мемлекеттің әлеуметтік табиғатын қоғамнан бөлектенген, жекелеген класстар мен әлеуметтік топтардың да, қоғамның да мүддесін білдіруші әрі қорғаушы басқару аппараты, бұқаралық биліктің әртүрлі мекемелерінің жүйесі ретінде анықтайды.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Мемлекеттiң алғашқы қауымдық қоғамнан қандай ерекшелiктерi бар?
2 Мемлекетке қандай белгiлер тән?
3 Мемлекеттiң мәнi дегенiмiз не?
4 Мемлекеттiң таптық мәнi дегенiмiз не?
5 Мемлекеттiң жалпыәлеуметтiк мәнi дегенiмiз не?
5 тақырып. Мемлекеттің түрлері /нысаны/
Мақсаты: Мемлекет формасы /нысаны/ институтының мәнін және оның әртүрлі болуының себептерін ашу. Басқару формасын /монархия, республика, аралас басқару формасы/, мемлекеттік құрылым формасын /унитарлық, федеративтік және конфедеративтік/ және саяси режимді мемлекет формасының негізгі компоненттері ретінде сипаттау және оны ажырата білуге үйрету. Олардың ерекшеліктерін және оларға тән белгілерді айқындау.
Жоспары:
1 Мемлекет формасы ұғымы және оның негізгі түрлері.
2 Басқару формасы мемлекет формасының элементі ретінде. Басқару формасының түрлері.
3 Мемлекеттік құрылым формалары: ұғымы және түрлері.
4 Саяси режим, оның мәні және түрлері.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Мемлекет нысаны – бұл қоғамның басқару, мемлекеттік құрылым және саяси режим нысандарынан құралған құрылымдық ұйымдастырылуы.
Басқару нысаны – бұл мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының өкілеттіктерінің өзара қатынасы, олардың құрамы мен құрылу тәртібі. Басқару нысаны жоғары билікті жалғыз адамның немесе сайланбалы алқалық органның жүзеге асыруына байланысты ерекшеленеді. Осыған сәйкес, басқарудың негізгі түрлері болып монархия мен республика болып табылады. Монархия – бұл жоғарғы мемлекеттік биліктің бір тұлғада ғана, монархта, болумен сипатталатын басқару нысаны. Монарх билікті мұрагерлік бойынша өмір бойы иеленеді. Егер монарх мемлекеттік биліктің жалғыз органы болып табылса, бұл монархия шектелмеген деп аталады, ал жоғарғы билік монарх пен басқа бір органның арасында бөлінсе, бұл монархия шектелген деп аталады. Шектелген монархиялар, өз кезегінде, өкілдік (дуалистік) және парламентарлық болып екіге бөлінеді. Өкілдік монархияда монарх атқарушылық билікті жүзеге асыра алады, ол үкіметті құру, министрлерді тағайындау, вето және парламентті тарату құқықтарын иеленеді. Ал парламентарлық монархияда монархтың құқықтық жағдайы әлдеқайда шектелген болады, монарх тағайындаған министрлер парламенттің сенімсіздік вотумына тәуелді болады және монарх заңда көзделген жекелеген жағдайларда ғана парламентті тарата алады. Республика – жоғары мемлекеттік билік белгілі бір мерзімге сайланатын сайланбалы органға тиесілі басқару нысаны. Халықтың қай бөлігінің мемлекеттік биліктің жоғары органдарын сайлауға қатыса алатынына байланысты республика аристократиялық және демократиялық болып екіге бөлінеді. Демократиялық мемлекеттер, өз кезегінде, төмендегідей түрлерге бөлінеді: 1) парламенттік, бұл мемлекетте саяси өмірдегі шешуші рөл парламент сайлаған үкіметке тиесілі болады; 2) президенттік, бұл мемлекетте сайланған ел басшысы үкіметтің де басшысы болып табылады, сол себепті, ол үкімет мүшелерін тағайындайды және оларды қызметінен босатады; 3) аралас, бұл мемлекетте үкіметті президент пен парламент бірлесе отырып құрайды.
Мемлекеттік құрылым нысаны- бұл мемлекеттің аумақтық құрылымы, оның құрамдас бөліктерінің және осы бөліктердің әрбірінің мемлекетпен қарым – қатынасының сипаты. Барлық мемлекеттер өздерінің мемлекеттік құрылымы бойынша жай және күрделі болып екіге бөлінеді. Жай немесе біртұтас мемлекет – бұл өз ішінде бөлінбейтін тұтас мемлекет, оның өз ішінде дербес мемлекеттік құрымдар болмайды, бұл мемлекетте жоғарғы органдардың біртұтас жүйесі, заңнаманың ортақ жүйесі, ортақ сот жүйесі, ортақ азаматтығы мен салықтардың бір каналды жүйесі болады. Күрделі мемлекет – бұл белгілі бір дәрежедегі дербестікке ие жекелеген мемлекеттік құрылымдардан құралған мемлекет. Күрделі мемлекеттерге империялар, федерациялар, конфедерациялар, достастықтар мен одақтастықтар жатады.
Империялар күштеу арқылы құралатын күрделі мемлекеттер, бұларда құрамдас бөліктердің жоғарғы билікке бағыныстылық деңгейі әртүрлі болған. Империялардың басты ерекшелігі – олардың құрамдас бөліктерінің ешқашан ортақ мемлекеттік – құқықтық мәртебесі болмаған.
Конфедерация империяға қарағанда ерікті негізде құрылады. Бұл нақты бір тарихи кезең шегінде белгілі бір мақсаттарға жету үшін құрылған мемлекеттердің уақытша одағы. Конфедерацияны құраған егеменді мемлекеттер халықаралық – құқықтық қатынастар субъектісі болып қала береді, оларда өз азаматтығы, билік, басқару және сот әділдігі органдарының жүйесі болады.
Федерация – бұл күрделі, одақтас мемлекет, оның бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік егемендікке ие болады; федерация субъектілерінің жоғарғы органдары мен заңнамасы болады; федерацияда салықтың екі каналды жүйесі пайдаланылады, оның белгілерінің бірі болып қос азаматтық табылады.
Достастық – бұл ортақ белгілермен, біртектіліктің белгілі бір деңгейімен сипатталатын мемлекеттердің ұйымдастырушылық бірлестігі. Оларды біріктіретін белгілер экономикаға, құқыққа, тілге, мәдениетке, дінге қатысты болуы мүмкін. Достастықтың мүшелері – бұл толығымен тәуелсіз, егеменді мемлекеттер, халықаралық қатынастардың субъектілері.
Одақтастық – бұл қоғамды мемлекеттік ұйымдастырудағы ауыспалы нысан. Одақтастықтың негізінде көп жағдайда мемлекет аралық шарт болады.
Саяси режим – бұл мемлекеттік билікті жүзеге асыруға жәрдемдесетін тәсілдер мен әдістер. Мемлекеттік биліктегі тәсілдер мен әдістердің жиынтығына қарай екі түрлі режимді бөліп атауға болады – демократиялық және антидемократиялық режимдер.
Демократиялық режимнің белгілері:
халық мемлекеттік билікті жүзеге асыруға тікелей және өкілдік демократия арқылы қатысады;
шешімді көпшілік азшылықтың мүдделерін ескере отырып қабылдайды;
сендіру, келісу, келісімге келу әдістері жиі қолданылады;
қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы заңның үстемдігі;
адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етіледі;
саяси плюрализм, соның ішінде саяси көппартиялық;
биліктің тармақтарға бөлінуі және т.б.
Антидемократиялық режимнің бірнеше түрі болады: тирания, деспотизм, фашизм, тоталитарлық және авторитарлық режимдер. Антидемократиялық режимге мына белгілер тән:
бір саяси партияның үстемдігі;
бір ресми идеологияның болуы;
бір меншік түрінің болуы;
саяси құқықтар мен бостандықтарды жоққа шығару;
қоғамның сословиелік, касталық және т.б. белгілер бойынша бөлінуі;
халықтың төмен экономикалық деңгейі;
мәжбүрлеу мен жазалау шараларының үстемдігі;
сыртқы саясаттағы агрессиялық сипаттағы әрекеттер және т.б.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Мемлекет формасы /нысаны/ деген не?
2 Басқару формасы /нысаны/ деген не және оның қандай ерекшелiктерi бар?
3 Республика деп қандай басқару формасын айтамыз және республиканың
қандай түрлер бар?
4 Монархия деп қандай басқару формасын айтамыз және монархияның қандай түрлер бар?
5 Мемлекеттiк құрылым формасы /нысаны/ деген не?
6 Унитарлық мемлекет және оның ерекшелiктерi?
7 Федерация және оның ерекшелiктерi мен түрлерi қандай?
8 Конфедерация және оның ерекшелiктерi?
6 Демократиялық саяси режим деген не?
7 Антидемократиялық саяси режим деген не және оның түрлерi қандай?
6 тақырып. Мемлекет механизмi
Мақсаты: Мемлекет функциясымен тығыз байланыстағы құбылыс ретінде мемлекет механизмі ұғымына сипаттама беру. Мемлекет механизмінің мазмұнын ашып, құрылымын көрсету. Мемлекеттік орган ұғымына түсінік беріп, оның түрлерін сипаттау. Мемлекеттік органдарды классификациялау алғышарттарына тоқталу және ажырата білуге үйрету.
Жоспары:
1 Мемлекет механизмi ұғымы және құрылымы.
2 Мемлекеттiк орган: ұғымы, белгiлерi және классификациясы.
3 Мемлекет механизмiнiң басқа да элементтері.
4 Мемлекеттiк аппарат жұмысын ұйымдастыру мен жүзеге асырудың негiзгi принциптерi.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Заң әдебиеттерінде «Мемлекет механизмі» және «мемлекеттік аппарат» түсініктері синоним сөздер ретінде қолданылады. Мемлекет механизмі – бұл мемлекеттің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік органдардың жүйесі. Мемлекет аппаратының, оның барлық бөлімшелерінің мазмұнын қоғамдық өмірдің барлық салаларының тиісті ұйымдасуы мен тиімді қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған басқарушылық, ұйымдастырушылық қызмет құрайды. Бұл қызметтің нысандары көп жағдайда басқарудағы заңдар мен құқықтық механизмдердің қолданылу шамасына байланысты. Осыған сәйкес мемлекеттік аппарат қызметінің келесі нысандарын бөліп қарастыруға болады:
тікелей басқарушылық – бұл ғылыми ұсыныстар жасаумен, тәжірибе алмасумен байланысты, құқықтық сипатты иеленбеген қызмет түрлері;
құқықтық нысандар – құқықтық заңды сипаттағы қызмет түрлері, яғни, олар барлық субъектілер үшін міндетті болып табылады және мемлекеттік – міндетті салдарды туындатады. Мемлекет аппараты қызметінің негізгі құқықтық нысандарына мыналар жатады: а) құқықшығармашылық қызмет – бұл нормативтік актілер жобаларын дайындауға, оларды қабылдау мен жариялауға байланысты қызмет; ә) құқыққолданушы қызмет – бұл құқықтық нормаларды жүзеге асырумен байланысты қызмет; б) құқыққорғаушы қызмет – бұл заңдардың сақталуын бақылау мен және қадағалауиен, кінәлі тұлғаларды заңды жауапкершілікке тартумен т.б. байланысты қызмет.
Мемлекет механизмінің құрылымына мыналар кіреді:
өздерінің тікелей биліктік функцияларын жүзеге асыру барысында тығыз байланыстағы және өзара бағыныстылықтағы мемлекеттік органдар;
биліктік өкілеттіліктерге ие емес, алайда, экономика, білім беру, мәдениет, денсаулық қорғау, ғылым т.б. салаларда жалпы әлеуметтік функцияларды атқаратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар;
басқарумен арнайы айналысатын мемлекеттік қызметшілер;
мемлекеттік аппараттың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті ұйымдастырушылық, қаржылық және күштеу құралдары.
Мемлекеттік аппаратты ұйымдастырудың және оның қызметінің қағидалары – бұл мемлекеттік органдарды құру мен олардың қызмет етуінің негізгі бағыттарын анықтайтын бастамашылық ережелер. Оларға мыналар жатады:
адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының артықшылығы қағидасы, бұл қағидаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер аталған құқықтар мен бостандықтарды мойындауы және қорғауы тиіс;
демократиялық қағидасы, бұл қағида мемлекеттік органдар қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыруға азаматтардың кең көлемде қатысуын білдіреді;
биліктің тармақтарға бөліну қағидасы, бұл қағида билік органдары мен лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз әрекеттерді болдырмауға негізделген;
заңдылық қағидасы, бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің Конституцияны, заңдар мен заңға сәйкес актілерді сақтау міндеттілігін білдіреді;
жариялық қағидасы, бұл қағида нақты бір мемлекеттік органдардың тәжірибелік қызметіне қатысты құқық субъектілерінің ақпараттарымен танысуын білдіреді;
кәсібилік қағидасы, бұл қағида мемлекеттік аппарат қызметінде мейлінше кәсіби қызметкерлерді пайдалануға қолайлы жағдайлар жасайды;
алқалық пен жалғызіліктіліктің үйлесу қағидасы, бұл қағида мемлекеттік аппараттың демократиялық және бюрократиялық бастамаларының саналы сәйкестігін қамтамасыз етеді;
бағыныстылық қағидасы, бұл қағида мемлекеттік органдардың мемлекеттік аппараттағы әртүрлі деңгейде орналасқанын білдіреді..
Мемлекеттік орган- бұл мемлекеттік міндеттерді орындаушы және осы мақсатта сәйкес биліктік өкілеттіліктерді иеленген ұйым немесе мекеме. Әрбір мемлекеттік органға мыналар тиесілі: а) оның оралымды басқарудағы мемлекеттік, қазыналық мүліктер; ә) қаржы құралдары, банктегі есепшот, бюджеттен қаржыландыру көзі. Б) өзіне тән ұйымдастырушылық құрылымы, онымен байланысты қызметтік бағыныстылық және қызметтік тәртіп жүйесі; в) биліктік өкілеттіліктердің қажетті көлемі, олардың негізінде лауазымдық тұлғалар мен алқалық органдар заңды міндетті әрекеттерді жүзеге асырады.
Мемлекеттік органдардың түрлері:
Мемлекеттік қызметті жүзеге асыру нысанына қарай мемлекет органдары өкілдік, атқарушылық, сот, прокурорлық және басқа да бақылаушы – қадағалаушы органдар болып бөлінеді.
Биліктің тармақтарға бөліну қағидасы бойынша – заң шығарушы, атқарушы және сот органдары.
Қызметінің құқықтық нысандары бойынша – құқықшығарушы, құқыққолданушы және құқыққорғаушы органдар.
Бағыныстылық деңгейіне байланысты – республикалық және жергілікті органдар.
Өкілеттіктердің мерзіміне байланысты – тұрақты және уақытша.
Құзыретінің сипатына қарай жалпы және арнайы құзыретті органдар.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Мемлекет механизмі қандай элементтерден тұрады?
2 Мемлекеттік орган деген не?
3 Мемлекеттік кәсіпорын деген не?
4 Мемлекеттік мекеме деген не?
7 тақырып. Мемлекеттің қызметі (функциялары)
Мақсаты: Мемлекет функциясының ұғымы және оның жіктелуі туралы түсінік беру. Мемлекет функциясын классификациялаудың критерийлеріне сипаттама беру. Мемлекет функцияларының қоғам өмірінің экономикалық, саяси, әлеуметтік, саяси салалары үшін маңызына тоқталу. Жекелеген функциялардың универсалдық сипаты туралы түсіндіру.
Жоспары:
1 Мемлекет функциясы ұғымы. Мемлекеттiң функциясы мен мiндетiнiң арақатынасы.
2 Мемлекеттiң iшкi функциялары.
3 Мемлекеттiң сыртқы функциялары.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Мемлекет функциялары – бұл мемлекеттің негізгі бағыттары, олардан мемлекеттің мәні мен мақсаты көрініс табады. Мемлекеттің функциялары оның міндеттерімен тығыз байланысты, олар мемлекеттің мәніне тәуелді болып келеді және оның өзгеруіне қарай өздері де өзгереді. Сонымен, мемлекет функциялары – ауыспалы сипаттағы категория. Олар мемлекет түрінің басқа түрге ауысу жағдайында да өзгереді.
Мемлекет функцияларының түрлері. Мемлекеттің ішкі функциялары – оның алдында тұрған ішкі міндеттерді шешудегі қызметінің негізгі бағыттары. Ішкі функцияларға мыналар жатады: адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету функциясы, экономикалық функциясы, экологиялық функция және мәдени функция. Мемлекеттің сыртқы функциялары – оның алдында тұрған сыртқы міндеттерді шешуге байланысты қызметінің негізгі бағыттары. Сыртқы функцияларға мыналар жатады: мемлекетті қорғау функциясы, бейбіт тәртіпті сақтау функциясы, басқа мемлекеттермен одақтасу функциясы және т.б.
Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың нысандары – бұл мемлекеттің функцияларын жүзеге асыруға бағытталған оның органдарының біртектес қызметі. Мұндай нысандарды екіге бөлуге болады: құқықтық және ұйымдастырушылық нысандар. Құқықтық нысандарға мыналар жатады:
а) құқықшығармашылық – бұл нормативтік актілерді дайындау мен шығаруға қатысты қызмет;
ә) құқыққолданушылық – бұл құқық қолдану актілерін шығару арқылы нормативтік актілерді жүзеге асыруға байланысты қызмет, бұл заңдарды орындау мен басқарушылық сипаттағы әртүрлі мәселелерді шешуге байланысты күнделікті жұмыс;
б) құқыққорғаушы – бұл адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және кінәлі тұлғаларды заңды жауапкершілікке тартуға және т.б. байланысты қызмет
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Мемлекет функциясы деген не?
2 Мемлекет функциялары неге iшкi және сыртқы болып бөлiнедi?
3 Мемлекеттiң iшкi функцияларына нелер жатады?
4 Мемлекеттiң сыртқы функцияларына нелер жатады?
8 тақырып. Қоғамның саяси жүйесi
Мақсаты: Студенттерде қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен ролі туралы білім қалыптастыру.
Жоспары:
1 Қоғамның саяси жүйесi ұғымы және оның құрылымы.
2 Қоғамның саяси жүйесiнiң негiзгi элементтерiнiң сипаттамасы.
3 Қоғамның саяси жүйесiндегi мемлекеттiң орны мен ролi.
4 Мемлекеттiң саяси жүйенiң басқа да субъектiлерiмен арақатынасы.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Қоғамның саяси жүйесі – бұл белгілі бір саяси функцияларды атқарушы мемлекеттік және мемлекеттік емес әлеуметтік институттардың жүйесі. Мұндай институттардың қатарына қоғамдық өмірдің билікке байланысты саласына қатысушы мемлекет, партиялар, кәсіптік одақтар және басқа да ұйымдар мен қозғалыстар жатады. Саяси жүйе сыртқы және ішкі саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз етеді, әлеуметтік топтардың мүдделерін қалыптастырады, білдіреді және қорғайды. Оның сипаты, ең алдымен, осы саяси жүйенің пайда болған және қызмет ететін әлеуметтік ортасы арқылы анықталады:
1) Еңбек нәтижелері саналы түрде мемлекеттік ұйымдасқан адамдардың ерекше тобымен бөлінетін әлеуметтік орта. Мұндай ортада меншіктің мемлекеттік және қоғамдық түрлері орын алады; өзіндік меншікке рұқсат берілуі мүмкін, ал жеке меншік мүлдем болмайды. Мұндай саяси жүйелерде мемлекеттік билік қоғамның экономикалық өміріне тоталитарлы түрде араласады; мемлекет идеологиясынан өзгеше ойлау басып- жаншылып отырады; мемлекеттік идеология, дін, мәдениет, білім, ғылым қалыптасады. Билікте тек бір саяси партия болады.
2) Әлеуметтік ортаның екінші түрі қоғамның экономикалық өмірінің нарықтық- ақшалық негізіне, еркін кәсіпкерліктің тәжірибесі мен идеологиясына негізделеді. Мұндай саяси жүйелерде мемлекет нарықтық экономика үшін жағдайларды ұйымдастырушы ретінде көрініс табады, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді. Мұндай жүйеде партиялар билікті сайлау компанияларына қатысу арқылы жаулап алуға тырысады; құқықтық нысандар саяси мақсаттарға жетудің негізгі құралына айналады.
3) Әлеуметтік ортаны ұйымдастырудың үшінші түрі – аралас түр, ол конвергенция деген атқа ие болды. Конвергенциялық саяси жүйелер бір әлеуметтік ортадан екінші әлеуметтік ортаға өту кезінде пайда болады. Конвергенциялық саяси жүйелерге әртүрлі мақсаттағы және мазмұндағы көптеген саяси институттардың араласуы тән болып келеді.
Саяси жүйелердің пайда болатын әлеуметтік ортасының сипатына қарай мынадай саяси жүйе түрлері болады: тоталитарлық, либералдық-демократиялық және аралас жүйелер; ал өзара байланысу сипатына қарай ашық және жабық саяси жүйелер болады.
Мемлекет саяси жүйеге белгілі бір жекелеген органдары арқылы емес, өзіндің бір саяси, аумақтық, құрылымдық бөлік ретінде кіреді. Ол өз функцияларын басқа әлеуметтік институттармен, партиялармен, кәсіптік одақтармен, жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып атқарады.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Қоғамның саяси жүйесi дегенiмiз не?
2 Саяси жүйе қандай элементтерден тұрады?
3 Саяси партия дегенiмiз не?
4 Мемлекет саяси жүйеде қандай роль атқарады?
5 Мемлекеттiң саяси жүйенiң басқа элементтерiмен қарым-қатынасы қандай принциптерге негiзделедi?
9 тақырып. Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам
Мақсаты: Студенттерде құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам ұғымдары, олардың адамзат қоғамы үшін маңызы туралы жүйелі білім қалыптастыру және мәнін түсіндіру.
Жоспары:
1 Құқықтық мемлекет ұғымы және мәнi.
2 Құқықтық мемлекеттiң принциптерi.
3 Мемлекеттiк билiктi тармақтарға бөлу принципi құқықтық мемлекеттiң негiзгi принциптерiнiң бiрi ретiнде.
4 Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Құқықтық мемлекет – бұл адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының толық түрде қамтамасыз етілуіне және құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлкеттік билікті құқықпен мейлінше байланыстыруға жағдай жасаушы саяси билік ұйымы. Құқықтық мемлекеттің мәнін қарастыруда оның негізгі екі жағын (екі негізгі қағиданы) бөліп қарастыруға болады: 1) мазмұнды жағы – адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мейлінше толық көлемде қамтамасыз етуден, тұлға үшін құқықтық ынталандыру режимін орнықтырудан көрінеді; 2) формальды- заңды жағы – мемлекеттік биліктің құқықпен байланыстырудан, мемлекеттік құрылымдар үшін құқықтық шектеу режимін орнықтырудан көрінеді.
Құқықтық мемлекеттік қағидасына мыналар да жатады:
- билікті заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында оны заңшығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлу;
- заңның үстемдігі, яғни, биліктің жоғары органымен барлық конституциялық тәртіптерді сақтай отырып қабылданған заң атқарушылық билік актілерімен жоққа шығарылуы, өзгертілуі және тоқтатылуы мүмкін емес;
- мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі;
- қоғамдағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі;
- азаматтық қоғамның болуы және тарапынан құқық субъектілерінің заңдардың орындалуына бақылау жүргізілуі. Бұл қағиданы алғаш рет Д. Локк пен Ш. Мотескье ұсынған болатын. Қағиданың басты талабы – саяси бостандықты бекіту, заңдылықты қамтамасыз ету және белгілі бір әлеуметтік топтың, мекеменің немесе жеке тұлғаның билікті асыра пайдалануын болдырмау үшін мемлекеттік билікті заң шығарушылық (халық сайлайтын және қоғамды дамытуды заңдар қабылдау жолымен жүзеге асыруға бағытталған), атқарушылық (биліктің өкілдік органы тағайындайтын және заңдар мен оралымдық- шаруашылық қызметті жүзеге асырумен айналысатын) және сот (бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің, кінәлілерді әділетті түрде жазалаудың кепілі болып табылатын) биліктері деп бөлу қажет. Және осы әрбір билік түрлері дербес және бір-бірін тежей отырып, өз функцияларын органдардың ерекше жүйесі арқылы және арнайы нысандарда жүзеге асыруы тиіс. Конституцияда бекітілген «тепе-теңдік және тежемелік жүйесі» заң шығару, атқарушы, сот билігінің нақты бір билік түріне қатысты құқықтық шектеулерінің жиынтығын білдіреді.
«Азаматты қоғам» түсінігі Аристотель, Цицерон, Гроций, Т. Гоббс, Дж. Локк, Гегель, К. Маркс және т.б. ойшылдар қалыптастырған. Барлық ғылымдар азаматтық қоғамдағы негізгі идея ретінде адам идеясын таниды. Азаматтық қоғам – бұл олардың көмегімен жеке тұлғалар мен топтардың мүдделері қанағаттандырылатын Адамгершілік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасы институттары мен қатынастарының жиынтығы. Азаматтық қоғамның құрылымына мыналар кіреді: мемлекеттік емес, әлеуемттік- экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік); мемлекеттен тәуелсіз өндірушілердің жиынтығы (жеке фирмалар және т.б.); қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер; саяси партиялар мен қозғалыстар; тәрбиелеу мен мемлекеттік емес білім беру саласы; мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі; отбасы; шіркеу және т.б. Азаматтық қоғамның белгілері: адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының мейлінше толық қамтамасыз етілуі; өзін-өзі басқару; оның құрылымдары мен адамдардың әртүрлі топтарының бәсекелестігі; еркін түрде қалыптасатын қоғамдық көзқарас пен плюрализм; жалпы ақпараттану мен адамның ақпаратпен танысу құқығының шын мәнінде жүзеге асырылуы; өмір сүру координация қағидасына негізделеді (мемлекеттік аппарат кезінде субординация қағидасы үстемдік құрады); экономиканың көпжақтылығы; биліктің заңды және демократиялық сипаты; құқықтық мемлекет; адамдардың жақсы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ететін мемлекеттің күшті әлеуметтік саясаты және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |