«ЕРМЕК» ҚИССАСЫ
«Ермек» қиссасы – «Еңлік-Кебек» жырының тікелей жалғасы. «Ермек» қиссасындағы» баяндалатын оқиғалар Шыңғыстау жерінде ХІХ ғасырдың басында болса керек, бір-біріне жауыққан екі рудың екі жасы Еңлік пен Кебек бірін-бірі сүйіп қосылып, ел билеушілердің үкімімен жан түршігершілік жазаға тартылады. Екеуінен туған сәбидің таудың шатқалында жөргекте қалғанын «Ермек» қиссасына» дейінгі «Еңілік-Кебек» туралы шығармалардан білеміз.
«Ермек» қиссасы» Ресейдің Түмен, Новосібір, Омбы облыстарында, Қазақстанның солтүстігінде тұратын қазақтар арасында кең тараған. «Ермек» қиссасын» кім шығарғаны белгісіз. Қиссаны ерте заманның көзі деп қабылдау керек.
«ЕРМЕК» ҚИССАСЫ
Өтіпті бізден бұрын Еңлік-Кебек,
Ғашықтық – ажалына болған себеп.
Қазақтың қараңғылық дәуірінде,
Айырған арсыз әдеп жолын бөгеп.
Қымбат жастық қыспақта өтіп кетті,
Қапыда қандасынан көрмей көмек.
Мейірімсіз меңіреу ажал меңгерген соң,
Жота жоқ өткен өмір қайта келмек.
Екі жас жасай алмай өтіп кетті,
Айтысқан аз да болса сөзге жетті.
Өлшеулі өмір дәмі таусылған соң,
Әжімсіз топырақ жапты ақша бетті.
Шыңғыстау басы бұлт мұнарланған,
Етегі сағым жүріп шұбарланған.
Сан қиян қиясында қиқу қағып,
Басына ұялауға құмарланған.
Сол таудың үңгірінде ұя қалды,
Жөргекте тәрбиесіз бала қалды.
Қайғының қара аспаны қаптаған соң,
Шырағы жетімдіктің жана қалды.
Аз күнді аясында мекен қылған,
Бұлаңдап түлкі қашқан сая қалды.
Алайда жердің көркі ер емес пе?
Ер Кебек еркін жүрген дала қалды.
Жанында жас баланың жаутаң қағып,
Қыраны тұғырында және қалды.
Сұм дүние сусаған есіл ердің,
Сусыны шет шоқыда және қалды.
Баланы тастап кетті есер найман,
Есалаң ер қадірін білсін қайдам?
Жазықсыз жас сәбиді тастап кетті,
Қарамай обалына өңшең хайуан.
Найманның жауын жеңіп көңілі толған,
Енді жау жоқ келетін оң мен солдан.
Төркіні Еңлік қыздың о да найман,
Баяғы кемпір мен шал Кебек қонған.
Баланың нағашысы білді мұны,
Жиенін алып келді тап сол күні.
Жәрдемсіз жалғыздығы еске түсіп,
Қорқады наймандардан шықпай үні.
Жиенін жүрағат деп алып келді,
Құдайға мінәжат қып налып келді.
Жолшыбай Ермегім деп атын қойып,
Мал-жанды құрмалдық деп шалып келді.
Бұл сөзден Қабанбайға кетті хабар,
Жасырын тобықтыға жетті хабар.
Бір тұқым Кебек ерден қалды деген,
Жел айдап шартарапқа кетті хабар.
Қуанып ер Қабанбай толғанады,
Құрметтеп хабаршыны қолға алады.
Қайғы құрты қажыған кәрі жүрек,
Шаттық озып, қайғысы соң қалады.
Егер хабарды естімей өліп кетсем,
Өлсем қайғы жүректе мол қалады.
Есепсіз ердің қаны кетпеуіне,
Артымда себепші боп сол қалады.
Қорлық көрген Кебегім қисса болып,
Кейінгі оқушыға жол қалады.
Жағылар қақ жарылған, сөнген шырақ,
Өсірсін тәрбиелеп сол баланы.
Кәрі құдам қуансын кәріп болған,
Еншалла істің арты оңдалады.
Соны айтып жолбарыстай ыңыранып,
Жас ағып екі көзден сорғалады.
Қабекең ат шаптырып жұртты жиды,
Қайыршы, хабаршыға беріп сыйды.
Ер жетіп Ермек келсе елім бар деп,
Аманат тапсырыңдар мал мен үйді.
Ел орны иесіз қалмас деген бар ғой,
Көргіш құдай көзімнің жасын иді.
Әл-әулет ақтан ажал сұрап едім,
Айтқан зарым аллаға ақтан тиді.
Екі-үш күн ел-жұртымен амандасты,
Опасыз бұл дүниеден жанын қиды.
Жан кетіп жат орнында жатпақ болды,
Ақшаңқан кіршігі жоқ киім киді.
Елімізде ер Қабанбай жата тұрсын,
Көп айтып шайқамайтын баста миды.
Қызықты дүние шіркін піскен алма,
Көз тоймас көрге кірмей дүние малға.
Қызыл тілім қиғаштап қайта келді,
Ермекті асыраған найман шалға.
Баланы асырады шал мен кемпір,
Құрметтеп шекер-тәтті балмен кемпір.
Жалғандағы жалғыздың тұяғы деп,
Зеннетләп киіндірді сәнмен кемпір.
Әділ құдай аясаң енді бізді,
Ермектен екеумізді бұрын алғын.
Мырзалықтан ырзалық табылмай ма?
Ермекті ер жатқызып тілге келтір.
Жылысып жылдар өтті мезгіл айдан,
Еркелеп Ермек жүрді сүтте қаймақ.
Көркемдігі көз тартып жылдан жылға,
Сүйсінді сүйкіміне ауыл-аймақ.
Тілегі кемпір-шалдың қабыл болып,
Он жасқа кәмел толды оттай жайнап.
Күндіз-түн ойыннан босамады,
Қасына бала жиды нөкер сайлап.
Таң атып талма түсте жылқы келсе,
Балалар тай мінеді жайдақ-жайдақ.
Тасты – оқ, таяқты мылтық қылып,
Ұстатты бала басы бір-бір сайғақ.
Төбелеске бергісіз ойыныменен,
Келместен кетеді ойнап кешке дейін.
Бір кемпірдің бар екен жалғыз ұлы,
Әрі таз, әрі соқыр, аты Қойбақ.
Сол күні шаршадым деп келмей қалып,
Жабылып тәмам бала болды соймақ.
Ермектен бала қалмас, жүр деген соң,
Жас жапырақ және тілеу бір деген соң.
Сорақы соқыр Қойбақ келмей қалып,
Ермектің ұрсатынын білмеген соң.
Жас қыран, жаңа пері Ермек мықты,
Ер жеткен ересектің бәрін жықты.
Мерзімді мерзімінде тәмам науша,
Ойнайтын ойнағына қайта шықты.
Кешегі келмегеннің кесірі деп,
Қойбақтың қылбұраумен санын сықты.
Қойдан жуас Қойбақты тәмам бала,
Алып соғып жабылып көсеу соқты.
Жалғыз көзін шығарып, жарым қылып,
Кемпірдің кепесіне қуып тықты.
Балалар бағынады Ермегіне,
Қол созған жаңа талап ердегіге.
Тазды қуған бетімен тәмам бала,
Кемпірдің кептеледі өрмегіне.
Аузынан көбігі атып кемпір шықты,
Есіктің артын сақтап төрдегіге.
Қозғады баяғы өлген атасынан,
Қарамай тірі жүрген жердегіге.
Ақшоқыда атаусыз өліп қалған,
Қойбақ барып тиді ме көрдегіңе?
Найман алып асырап, адам қылған,
Оранып қалғаныңда жөргегіңде.
Найманның нағызындай настанасың,
Аяса сонда құдай көрмеді ме?
Жаналғыш әзірейіл Қойбақ болып,
Көмусіз ата-анаңды тергеді ме?
Кебіні жоқ, көрі жоқ Еңлік-Кебек,
Қу басын Қойбақ алып бермеді ме?
Найманның нан мен тұзын көтере алмай,
Қу жетім шап қолтығың терледі ме?
Шұнақ құл шуылдатпай еліңді тап,
Тілімнің ұшырадың кермегіне.
Кемпірден керемет сөз естіген соң,
Оқ тиді Ермек ердің сермегіне.
Жан келмес жауыз кемпір келбетіңе,
Дақ салды кірмесің, деп ер бетіне.
Қақиған қара жағал қақбас кемпір,
Жүре алмастай қылып кетті жер бетінде.
Жұлынын жұла түсіп кемпір сөзі,
Қарамай жатып қалды ел бетіне.
Ермектен ойын-күлкі сауық қалды,
Миы толқып, ақылы ауып қалды.
Елжіреген жүрегі езілген соң,
Тұңғиық ой түбіне жетіп барды.
Жас жүрек жабырқаған, жаны күйген,
Жылайды сағат сайын шығып үйден.
Кемпір-шалы кемсеңдеп зарласа да,
Жолбарыс уанбайды мылтық тиген.
Бір күні Ермек жылап атам дейді,
Сұрайтын бір сөзім бар қатаң дейді.
Жас емессің отырсың жер басында,
Ақ сөйле, иманыңа сатам дейді.
Бір құдай, екі аруақ төбеде тұр,
Жалғыз жан көкіректегі көбеде тұр.
Кешегі кемпір соққан ........ пышақ,
Айтпасаң ілінбейді жебеде тұр.
Қай күні қараңғы үйге саламын деп,
Ары жоқ ажал деген неме де тұр.
Қайғылы қаршығаңыз қанат жайып,
Ілініп, балақ бауы шегеде тұр.
Тоқсан түрлі толысып жас жүрегім,
Тоқтамай толқын соғып кемеде тұр.
Мен кіммін, қайдан тудым, қайда болдым?
Затым кім, қай нәсілден пайда болдым?
Кешегі кербез басып жүрген күнде,
Жалғыз мырза атанып пайда болдым.
Атаеке, құдай жалғыз, құран үшін,
Көрмессің адалдықтан, ақтан қысым.
Рас мен өз тәніңнен шыққан болсам,
Неліктен құл атанып шықты мысым?
Атам кім, олардың әм аттары кім?
Атаеке, анық сөйле құдай үшін.
Есітіп, Ермек сөзін шал да састы,
Қамалған қорадағы мал да састы.
Балам жоқ, бақташының малы ғой деп,
Көзінен қан аралас төкті жасты.
Айтпауға амалы жоқ қысылды шал,
Жалғызы иманына қамшы басты.
Өткен күні елестеп екі көзге,
Ескертіп әбдіренің кілтін ашты.
Шырағым не болмайды ер басында,
Түйін ғой ерге жарар дерт басында.
Серпінім сегіз болған, сегіз саным,
Отырмын биік қарап өр басында.
Серілікті сексен жеп селкілдеткен,
Ажал тосып отырмын көр басында.
Сен едің сенген балам қартайғанда,
Сұм өмір сұмырай қылып ар тайғанда.
Тау құлатқан талабым талқан болып,
Бойымнан күш, қойнымнан жар тайғанда.
Өжет жүрек, өр кеуде, өткір тіл жоқ,
Хан басым қарақшыдай қалқайғанда.
Үш жүз алпыс тамырым тастай қатып,
Сұлу жүз сұрғылт тартып, жүз тайғанда.
Ертең иесіз қалмай ма мал-жанымыз?
Ажал кеп, алып соғып жантайғанда.
Батыр да, бай да болдым бітіп дәулет,
Жалғанды жалпақ басып қылдым сәулет.
Қуат жоқ, қурап қалдым, қурай шал боп,
Отырмын отқа қарап, бетін кеулеп.
Арғы заттың тобықты, атаң – Кебек,
Жасырмаймын берген соң өзің мәулет.
Еңлік анаң жалғызым, менен туған.
Сонан қалған тұқымсың, болып әулет.
Жүректегі дертімнің дерегісің,
Айтуға аман келді бүгін нәубет.
Кебек батыр Еңлікті алып қашқан,
Шыңғысты паналаған биік тау деп.
Екі жұрт осы іске куә болып,
Қаптаған Қабанбайдың қалың жауы.
Тобықты аз, найман көп боп баспалаған,
Есалаң, ылғый есер тасырлаған.
Таппасаң талқан қылып қырамыз деп,
Есепсіз есер найман басылмаған.
Қажытқан қартайғанда Қабанбайды,
Ер еді басынан іс асырмаған.
Далаға шығармады жанды найман,
Төгуге бел байлады қанды найман.
Қатын-бала қақтығып зар жылады,
Жасанған жау, көк темір сауыт-сайман.
Осындай жаман заман жанға батқан,
Жау жауыз жүрегіне қаны қатқан.
Бір қыз үшін тәмәм жұрт өлмейміз деп,
Кебекті бермек болды тауда жатқан.
Мұны естіп тәмәм найман үймелеген,
Есерсіз ел болмай ма кимелеген.
Тауып берсең табанда бітім қылып,
Қазір кетіп қаламыз үйге деген.
Бүгін кештен қалдырмай Кебекті тап,
Мал мен жан керек болса дүние деген.
Ел еңіреп найманның жауыздығына,
Обал, сауап кірмейді ауызынан.
Қаны қара Қабаннан қасың болса,
Тарының кім сыймайды қауызына.
Тобықты айтты найманға қылдың қыспақ,
Рақымсыз жазасы жоқ жанды қыстап.
Жалғыз жанды тастамай, қырсаң дағы,
Кебекті бере алмаймын қолдан ұстап.
Жалғыздың жатқан жерін берсең нұсқап,
Амалсыз айтты ердің жүрген жерін.
Аз дәурен ғашығымен сүрген жерін,
Мергеннен мертікпеген ақ бөкенін.
Таңдығын талмау түсте көрген жерін,
...............................................................
Қызыл Алтай түлкіні қылмыңдатып,
Қыранын қиып шатта берген жерін.
Қырқылың, қызығынан дүние шіркін,
Ажалдың таң төбетті үрген жерін.
Дәл нұсқадың Шыңғыста жатқан жерін,
Күнсіз қоныс, қазаны тапқан жерін.
Еңіреп жүріп қосылған екі ғашық,
Ажалдың ақ семсері соққан жерін.
Қырмыздай қызықты, қызыл жүзін,
Тоймайтын топырақ шіркін жапқан жерін.
Шыңғысқа шырылдатып Ермек сені,
Жапанда жалғызымның тапқан жері.
Лап қойып, тамам найман аттанысты,
Таптық деп көңілдері шаттанысты.
Түнерген қалың әскер түнде келіп,
Ұстауға таң атқан соң аттанысты.
Таң атып торғай шықты көкке шаралап,
Ән салып алуан-алуан күймен жырлап.
Қараңғыны көтеріп қаман тұрған,
Айдады жарық сәуле жерден ырғап.
Жер бетіне қалдырмай қараңғылық,
Күлімдеп күннің көзі келді зырлап.
Табиғатпен тамылжыған шөптегі су,
.............................................................
Сахарадан найман тұрып биікті алды,
Қарауыл кезеңдегі ұйықты алды.
Қоршаған күл қорған боп айналысты,
Кебек ер кетпестей боп тұйықталды.
Еңлік-Кебек сол жерде шәйіт болып,
Үмітім өртке түсіп күйіп қалды.
Ермегім әрбір бұйрық бір құдайдан,
Көп айтсам дерт жуады осындайда.
Іште өрт, жүректе дерт жаны жара,
Тұратын дәті бар ма тәнге сиып.
Арнаулы Ермек ердің бір аты бар,
Жылқыға жібермейді көзі қиып.
Түсі қара мақпалдай құйма құлақ,
Ой желке, қамыс құлақ, жалы сұйық.
Желіске жел басқанда оздырмайды,
Тайында таңырқатқан соғып киік.
Қыздан сұлу қылмиған аты болса,
Тұрмайды қай жігіттің жаны сүйіп.
Ерттеуге ермек атын шығып еді,
Жануар ыңыранды басын иіп.
Жанымдай жан жолдасым жануар деп,
Жалын сипап, кекілін қойды тарап.
Дүйсенбіні аудармай жүрмек болды,
Сапарға даярланды киім киіп.
Жолбарыс жолға түсіп жортпақ болды,
Бет алып Шыңғыс тауын басы биік.
Қызыл жүз, орта бойлы, қысқа маңдай,
Жауырыны сом күмістен қақтағандай.
Иықты, күшке біткен жұмыр білек,
Болса ағаш, ай балта саптағандай.
Мінезі қайырымды, қабағында,
Қайғылы қамыққанды жақтағандай.
Екпінді ер жүрегі елең қағып,
Түбінде қызметініңді ақтағандай.
Жауырыны жауды айтқанда қызып-суып,
Табылса табанға сап таптағандай.
Ақиқатыңда айтқанда тыңдаушылар
Адал ұл ана сүтін ақтағандай.
Жүрген жері айт пен той күнде жиын,
Жас емес әзіл сөзге тоқтағандай.
Ажал оғы оқталып келген күні,
Қазаны қайтара алмай күш пен айлам.
Кезенген екі жауын кеміткен соң,
Шаттанып, шабуылмен қайтты найман.
Мен сені дәл осы түнде ұрлап алдым,
Еңлігім емшек берген сәтсіз сайдан.
Серік деп сенен басқа сенерім жоқ,
Амалсыз айырылған соң күн мен айдан.
Қайғыдан өлмейді екен адам ұлы,
Көрген соң көнеді екен қақтың құлы.
Жанмен бірге жалғызым жалынған соң.
Қарағым не қылайын айтпай мұны.
Жаяудан шаң, жалғыздан үн шыға ма?
Көп тентек, көлге енсе мін шыға ма?
Бас білмейтін көп надан басын қосса,
Сөзінен бес тиындық бұл шыға ма?
Шайтан мен албасты алдаған соң,
Екеуінің сөзінен шын шыға ма?
Өлді ер, қуанды жер құшақтады,
Мезгілсіз батып кеткен күн шыға ма?
Мұны естіп, Ермек ердің өсті дерті,
Әрине мақсат тартпақ жүрек серті.
Сендіруге қуатын келтірмейді,
Қайғының қауға түскен қалың дерті.
Салып айтқан Ермекке Батып кетті,
Тілеп алған қайғысы шалдан сұрап.
Асқар тау құлағындай дәл үстіне,
Тұра алмай орнында қалып қатып.
Аздан соң түргелді есін жиып,
Адам азбай тұра ма басса күйік.
Ел табуға жүрегі елегізіп,
Қайраттанды көзінің жасын тиып.
Патшалардың патшасы мұңсыз құдай,
Өлерімнің шағында тілегім сол.
Шамасы жоқ, кемпір-шал екі жетім,
Балқытты қорғасындай қатқан етті.
Егіліп жылап тұрған екі байғұс,
Алақанымен сыйпады шалбар бетін.
Толқытты, толықсытты Ермек ерді,
Ашындырды, ағызды ащы терді.
Таңырқатты, шаршатты, шалықтырды,
Қайғы үстіне қан құсты екі шерлі.
Шарасы жоқ шалменен қош айтысып,
Шыңғыстау қайдасын деп жүре берді.
Буыл боз, торғын бұлт пен мидай дала,
Ирек сай қалып жатты, ойшыл сала.
Шерлінің ішіндегі шерін шертіп,
Бозторғай ән салады жырлап және.
Айдарын алтын күннің оң жаққа ұстап,
Шал айтқан хан Шыңғыстың бетін ала.
Үшкіріп жылы желмен демалғандай,
Шыққандай, көтеріліп қайғы сана.
Салқын су, сайдан аққан мөлдір бұлақ,
Перде боп күн көзіне көкшіл құрақ.
Жол шеккен жолаушының жолын тосып,
Сылдырлап қоңыр леппен салып ырғақ.
Көктөбе қына киген көлбай тастан,
Құлаған қурай басын жасыл жастап.
Қош келген қонағына қошемет қып,
Шегіртке қарсы алады әнмен бастап.
Өлшеулі сыр бермейтін сырлы сағым,
Кей кезде даяр қылады жүрер жағын.
Басқа түскен адамның бәрі көнгіш.
Ер шешер елден безген жол жұмбағын.
Табиғат жаралуы таңырқатты,
Тігеді тыңдағандай ат құлағын.
Көмектесіп көзге түспей,
Сықылды сындырмайтын елдің сағын.
Түр берген текеметтей бұйра шалғын,
Көк бурай, түбі сая, басы балғын.
Сұлудай үкі таққан ырғалаңдап,
Қарағанда келмейді көзіңді алғын.
Айнадай көл көрсетіп, шалқар суын,
Өсірген еркелетіп қаз бен қуын.
Жадырап, жан иесі мауқын басып,
Үстінде төл құсы жүр иіскеп буын.
Шағала күміс қанат жарқылдайды,
Аққу-қаз үн қосады, қаңқылдайды.
Қиқулап суға қонған топ-топ үйрек,
Тапқандай жан саясын салқындайды.
Леп ұрған, табиғатты бұйра толқын,
Жеткенше ну қамысқа қаңқылдайды.
Талмау түстің кезінде күн төнгенде,
Көкшіл су сары алтындай жарқылдайды.
Мамыр құс жалап, жүзіп су қаймағын,
Желпілдеп, қызғыш қорып көл аймағын.
Сырт тартқан сиқырменен жазғы сағым,
Жүрсең еске түспей ме қай-қайдағың?
Ермектей ер жөнелді одан шығып,
Көл қалды қош айтысып, құрмет қылып.
Бір жерде су, бір жерде тау да қалды,
Жалғыз-ақ жер қалмады сүйретіліп.
Жүршілеп, көбік шашып мақпал қырат,
Көрген жер көз ұшында кейін қалад.
Түтіндей қостан шыққан будақталып,
Танаудан бу бұрқырап, демін алып.
Қанаттай құйрық-жалын сусылдатып,
Ұшқан құспен жарысып кетіп барад.
Қарт Шыңғыс атасы айтқан шыңға жетті,
Ақ саусақ, сұлу ағаш сымға жетті.
Зор дене зуылдайды, бойы биік,
Байқасақ төбесі тұр бұлтқа тиіп.
Тақсырлап, тәжім қылған қонағына,
Келмейді амандыққа басын иіп.
Тар жерде тәтті өмірмен қош айтысып,
Талай ер алабында тартқан күйік.
Көк тұман, орман басы көзге бұлдыр,
Сан жапырақ ән қосады салып сылдыр.
Қашырған қара сынын қан төккіштер,
Шалықтап жалғыз ғана қырандар жүр.
Жапырақ жарасымды кесте мия,
Жері жақұт аунарлық таста қия.
Секілді шөккен түйе шың басында,
Манағы қыран салған әр жерде ұя.
Шың қалды, тілге келмей қабақ түйіп,
Асудан қара тастың күшін жиып.
Баяғы тобықтының көшкен ізі,
Қара жол қарсы алдынан алды қиып.
Ермек батыр тақалды ел шетіне,
Маужырап, мал жусаған бел шетіне.
Қайғы қашты, қуаныш қуып жетті,
Желігіп, жеткеніне жер шетіне.
Ермек ер екпіндетіп келіп қалды,
Ауылдан оқшау қонған ел шетіне.
Жан бар ма жолаушыға сөз беретін,
Кәріпке кешіктірмей тез беретін.
Алыстан аңсап келдім, жұртым бар деп,
Жарықта ел табуға көз көретін.
Шаңқан бз, бір шал шықты үйден тысқа,
Көне екен көпті көрген сөзге ұста.
Сәлемдесіп болған соң жөн сұрады,
Бұл шалдың көрінбейді ойы қысқа.
Ермектен екі көзін айырмайды,
Сынап тұр, өзі сыншы текті құс па?
Қай нәсілден боласың, қайдан келдің?
Қандай жанмен жекжатсың осы тұста?
Алдайтын ақымағың жоқ, анық сөйле,
Бойыңнан білініп тұр еркек нұсқа.
Ермек айтты, жарайды отағасы,
Қартайтар өлген адам жота басын.
Еркектік екпінім жоқ жол сұрайтын,
Сынамай жөн айтыңыз бата басын.
Затым құл, тобықтының кірмесімін,
Жанашыр жақыным жоқ аталасым.
Найманның ортасында туып-өстым,
Қазірде он сегізде менің жасым.
Ар білетін ер болса арнап келдім,
Найманда көбейген соң достан қасым.
Найманнан шығып едім іздеп бауыр,
Ақсақал айта берсем қайғым ауыр.
Жөн сілтеп, жолаушының жолын көрсет,
Жылан да жылы жерді тәуір көрер.
Ауылын тура сілте Қабанбайдың,
Жердің жөнін көрмеген таба алмаймын.
Қойдан жуас қонақпын шаршап келдім,
Жайлы болса сол жерде тоғандаймын.
Қонақ жайын білмейтін қодар болсаң,
Тобықтының түйесін баға алмаймын.
Ел дегенің жел болса тұрағы жоқ,
Тамырсыз тасқа қазық қаға алмаймын.
Арып келген бейнетім зейнет болып,
Әруаққа басқа күнә таға алмаймын.
Ұлы болсам бір тобықты іздер еді,
Құлдығымды жасырып қала алмаймын.
Ағайын жоқ, атаусыз қалған жанмын,
Жұрт білетін мінімді таба алмаймын.
Ер дегенде елігіп мақтануға,
Ақау бар, аяғымда шаба алмаймын.
Жазылмайтын жарам бар жүрегімде,
Сондықтан алаң-алаң шаба алмаймын.
Қару жоқ қасқар жүнін қампитқандай,
Ат мініп, аса қарап аялдаймын.
Осындай жүрегімде науқасым бар,
Түгендеп қайсыбірін тамамдаймын.
Ауылын Қабекеңнің тура сілте,
Өнімсіз бос кеңеспен қала алмаймын.
Шал айтты, сөзің асыл, асыл тегің,
Терең сөздің тербеттің жүрек дертін.
Қайға, шаттық бақ пен дақ ауыспалы,
Мерзімнің де мезгілі бар алыс-жақын.
Атпен ата іздеген бозбалаға,
Ие болмай бақ келе ме екі тақым.
Жастықта ер басында не болмайды,
Келтірмес қайғы ойласаң көңіл шатын.
Бұл елде мен білетін адам ба екен?
Естиін, айтшы балам, атаң атын.
Үйге түс, қонақ ас іш, атың шалдыр,
Қалмасын мойнымызда мейман атың.
Ермек айтты, құлақ сал, шалым , - деді,
Жасырмаймын, сөйлеймін, дәлім, - деді.
Арманда өлген анымның әңгімесі,
Ішіме қайғы салды, қалың,- деді.
Арқан тағып өлтірген жауларымыз,
Қарамай көз жасына, шалым, - деді.
Шыңғыста шырылдатып кескілеген,
Алла деуге келтірмей, елім, - деді.
Осындай ағат қайғы еске түссе,
Қандай жүрек болмайды жалын - деді.
Қарт Қабанбай жатқан соң қара жерде,
Тобықты кеткен жоқ па сәнің деді.
Жазықсыз жараланған Кебегіңнің,
Пысық шал, жоқтадың ба қанын,- деді.
Содан қалған жалғызбын, атым Ермек,
Күйіп тұр, көп сөйлеуге жаным,- деді.
Шал түсті шалқасынан, қалқам,- деді,
Жалғызым, амансың ба, марқам,- деді.
Есен-сау есің барда ел таптың ба?
Жолыңа жаным құрбан, атаң,- деді.
Өшкен шырақ, өлгенім тірілдің бе?
Өрісім кеңіді ме арқам деді.
Торқалы той, толқынды топ жиямын,
Көк лақ қып көгеніңе тартам деді.
Кәрі білек, тілегім қабыл болды,
Сауық қып, қыр мойныңа артам,- деді.
Таяқсыз жүре алмайтын аяқтарым,
Алшақ бас, адымыңды алшақ,-деді.
Ел келді, ел көркейді, жиналсын жұрт,
Жарығым, жау шабатын балтам – деді.
Бақ иесі балғыным, балапаным,
Ақ мәрмәр алтындаған асыл ерім.
Шал шалқыды, шамасыз шаттық басты,
Ел жиналып, Ермекке шашу шашты.
Есі қалмай ентігіп, еркек-әйел,
Көрсетті батырына ықыласты.
Өткен іс ойға көңгірт, көзге таныс,
Қайыры бар қызыққа батты халық.
Ел болып, ереуілдеп аттанысты,
Аулына Қабанбайдың жөнелді алып.
Кешегі кебін киген Кебегім деп,
Ел қуанып келеді естен танып.
Кебектің кемшілігін көзі көрген,
Қалың жұрт қарсы шықты асыр салып.
Жас жүрек жайраңдады қуанған соң,
Қылмиып қыздар шықты гүлдей жайнап.
Есепсіз ел жиналды ен далада,
Шал-кемпір шаңдақ басып, қалды талып.
Аянбай айдалада жылады кеп,
Көлбектетіп, көкқасқа қасқыр шалып.
Ер келді, ел көркейді, той жасады,
Қырық күн ұзартылып той жасады.
Қой орнына өкіртіп өгіз сойды,
Кедейлер кербез басып, бой жазады.
Ақындар да жиналып жырға басты,
Бұлбұл тілі бұлаңдап әнге басты.
Қыз-бозбала маталып осы тойда,
Белгілі жұрт білетін дәмге басты.
Домбырашы қомданып күйге басты,
Бишілер де сәнденіп биге басты.
Жан кірді жамағаттың денесіне,
Шамасыз шал болмаса шүйке басты.
Ертеде міне осындай қызық өтті,
Аз дәурен мезгілінде қызып жетті.
Алдаушы сұм дүние аясында,
Әртүрлі жақсы, жаман бұзық өтті.
Талайдың таудай күшін талқан қылып,
Емі жоқ екпініңді ажал бұзып өтті.
Киімі кірлеп, тон тозған жолаушылар,
Қызыққа белшесінен жүзіп өтті.
Ел болудан үмітін үзіп өтті,
Сар даланы күңірентіп сансыз хабар.
...............................................................
.......................................Қабанбай елін.
Қабанбай елін нандырып сүзіп өтті,
................................................................
Шебер тіл, шешен таңдай, ұзын өзек,
Тоқтамыс топты көрсе бойын тежеп.
Жауындағы намысын оятуға,
Қол жинап, нөкерлермен шықты Ермек.
Ескі қайғы есіне түскеннен соң,
Айтатын ел-жұртына келді кезек.
Сындырмас сырлы таңдай ердің сағын,
Шебер тіл шешпей қоймас жігіт бағын.
Елге кеп, есін жинап, Ермек батыр,
Салтанатпен сәулеттің құрды тағын.
Санасын сауық басып, ұмыттырып,
Ай жасап, апта да өтті ағым-ағым.
Қызбен қызық қызарып қарап тұрса,
Ажарлы ғой алдайды дүние сағым.
Сұлу жалған сұмданып сиқырласа,
Ақылсыз арзан берер қызық шағын.
Бір күні Ермек бала елін жинап,
Сөйледі тобықтыға ашып жағын.
Жаудыраған көзіне жасын алып,
Құнсыз өлген Кебектің айтты дағын.
Ермектің көз жасына жан қиналды,
Қажырлы, күш-қайратты көп қиналды.
Естіген бозбаланың бойы суып,
Тамыры тасып, жүрекке қан жиналды.
Тобықты толықсыды, Ермек, - деді,
Еңіреттің Ер Кебекті тербеп,- деді.
Адамға өлмек парыз, пенде қарыз,
Борышын төлеу керек еркек,- деді.
Жарыққа ортақ жалғанда жан иесі,
Ақиқат ажал айын көздеді.
Ермегім, елің даяр, елжіреме,
Құлашын бозбаланың серме,- деді.
Жасақ жинап, жастардың күшін сына,
Ермектің емсіз дерті сергектелді.
Ер деген ел саңлағын жиып алды,
Саралап, сандық жасын сүйіп алды.
Атасы Қабанбайдың ақ сауытын,
Үстіне «бисмиллә» деп киіп алды.
Жас жүрек тәуекелге буды белін,
Екі жүз жігіт алды жинап елін.
Шыңғыстау қайдасың деп жүріп кетті,
Ежелгі еске түсіп жаман елім.
Өрім тал, жаңа майда атқан шешек,
Өрге жүзіп, қылмайды елімде есеп.
Елінен Ермек шықты деген хабар,
Жауына жетіп қалды жүйрік өсек.
Ұшпайды ұшан теңіз, ұшан хабар,
Қаптады қара бұлттай кесек-кесек.
Сумаңдаған суық сөз тақалған соң,
Жиналды қалың жауы кезек-кезек.
Бұрын келіп Шыңғыстың тауын алды,
Қорқақ жүрек қобалжып қауып алды.
Ермекті асыраған көріп шалды,
Жауымның жақыны деп шауып алды.
Қой дейтін қожасы жоқ надан жаулар,
Оп-оңай олжа малды тауып алды.
Қособа деген жерде жатты тосып,
Ер деген еркектердің басын қосып.
Қалың жаудың хабарын естігенмен,
Ермектен сескенбейді жаны шошып.
Ермекті Қособада тосты жауы,
Қалың қол қара топырақ қанат жайған.
Жау жағын жазыққа сап жанталасып,
Қарауыл қарап тұрды сәтсіз сайдан.
Қарсы алдынан қарасыны қарауытқан,
Ермектің қолын көрді әлдеқашан.
Қара топырақты шаң қылып қан жұтуға,
Боларын болжаған соң қан майданда.
Ал Ермек келді деген мида мықты,
Есалаңдау есерлер басқа шауып.
Алқынып ат шабынан буда шықты,
..............................................................
Ермек жетті Шыңғыстың панасына,
Жақындап Ақшоқының даласына.
Екі таудың кемерін несіп еткен,
Шыңғыстың симай жатты даласына.
Кебек өлген төбеге тақалғанды,
Жас толды екі көздің шарасына.
Толқыды, толықсыды, толғанды Ермек,
Арманда өлген атасы мен анасына.
Ер жетіп, елжіреді, есі кетті,
Келген кезде ата-ана моласына.
.....................................................
.....................................................
Құбыла киім мынау ма?
Қозы-Көрпеш –Баяндай.
Құлашын жайып құшақтап,
Аймалайын аянбай.
Егілсін Ермек еңіресін,
Жолдасын таппай таянбай.
Өртенсін, жансын өзегі,
Шыдайтын бар ма кезегім.
Шаққан соң қайғың шаяндай,
Атасына көрсетсін.
Сипатпай кеткен маңдайын,
Анасына көрсетсін.
Ағартпай кеткен таңдайын,
Жалғызың барып жармасса,
Білмей тұрып ел жайын,
.........................................
Сүйейін де күйейін,
Қармаланып, қамданып.
Еркелейін емейін,
Өмірде күйіп жанайын.
Тағы жауым келді деп,
Айтайын жаудың жандайын.
Көрінсе көзге көкешім,
Таразыңнан талмайын.
Еркелейін емейін,
Тебіренбей қалмас телміріп.
Көкірегін жалмайын,
Арасын тұрып ашпасын.
Алтын берсе алмаймын,
Құлыным деп құшпаса.
Құшағына қыспаса,
Тұңғышына тұрмаса.
Айналып мойын бұрмаса,
Өмірім жайы белгілі.
Өкпелеме, нанбаймын,
Жалғызың келді жаныңа.
Көремін деп атасын,
Жетімің келді жер қапқан.
Қалай шыдап жатасың,
Ботаң боздап келгенде.
Кешпей ме екен қатасын?
Жау жағадан алғанда.
Бермей ме екен батасын?
Алыстан аңсап келгенде.
Көрмей ме екен ботасын?
Панасыз қалған Ермегін.
Оралып қалған жөргекте,
Батаңды неге сатасың?
Тас емшекті жібітіп,
Тар құрсақта сақтаған.
Тоғыз ай толғап көтерген,
Басына пана таппаған.
Ұйқысын бұзып ұзын күн,
Қабағы қатып баптаған.
Ажарлы болып өсуге,
Ақ сабынмен аптаған.
Сылау май сипап тәніме,
Кірлі киім жаппаған.
Қанша бейнет көрсе де,
Махаббатын сатпаған.
Айтқан серттен аса алмай,
Абыройын сақтаған.
Арнаулы ажал келгенде,
Қай пенде қармақ қаппаған.
Арманы бар ма баланың?
Ана сүтін ақтаған.
Жазықсыз жанға жауығып,
................................................
Дұшпаның қару сақтаған,
Кебіні жоқ, көрі жоқ,
Қағының бұлты қаптаған,
Қызық көрер шағында.
Мазақ боп жел мен сағымға,
Ақшоқының топырағы.
Тұрмастай қылып таптаған,
...............................................
Тарқатты тар кезеңде Ермек дертін,
Сарнады, салқындатты, іштің дертін.
Қамданып, қайраттанып, қажырланып,
Денеге күшін жинап емін-еркін.
Қарайды қан тамыры аузын ашып,
Қам жүрек қамданады дүркін-дүркін.
Қаңтардағы бурадай қалшылдады,
Айбатын ашу басып, айқын көркін.
Ер болсаң Ермектей бол ел сынаған,
Бір күн туған азамат өлмек бір күн.
Ермек те көз жіберді тауға қарсы,
Қабынды өрт салғандай қауға басы.
Қарсаңда қалың жаулар қаптап жатыр,
Ажалды балық-таяқ ауға қарсы.
Таң атқанша тосыңдар тас молада,
Жан күйер бұрын барсаң жауға қарсы.
Қара көзін қан басып түгі шығып,
Арыстан атпақ болды жауға қарсы.
Қарауылмен тұрыңдар болмай қапыл,
Адамға үлкен қару әдіс-ақыл.
Бет-беделі сынбаған берік дұшпан,
Жалғыз барып кіруді көрдім мақұл.
Кемдікпен Кебек өлді, көрдік намыс,
Екі құнсыз деген сөз кетті таныс.
Нанып тұрмын, кедергі келтірмес деп,
Төрешің әділ болса айдан анық.
Атамның адал болса ақтар едім,
Ұзын түн тоқталмастан қылсам шабыс.
Осы дертім тоқтамас өзегімнен,
Алланың аманатын қылмай табыс.
Арам найза ақымақ, оқ алғыр қылып,
Жігіттің мүшелі ғой ұрыс-қарыс.
Ажал деген айбатты айдаһар ғой,
Аңқау аяқ құйрығын басса шалыс.
Уақытша дұғада бол қандастарым,
Болғай деп жер қойнынан Ермек алыс.
Жауын көріп Ермектің есі кетті,
Бетін көрген пенденің мысы кетті.
Орағытып ор қояндай жолдасынан,
Шыңғыстың бір бөлігін кесіп өтті.
Найзасын найзағайдай ойнатқанда,
Қақ жарып қара тасты кесіп өтті.
Мұны көріп жауынан шуда шықты,
Келді деп кезек, деді, ду да шықты.
Талды сай тар кезеңде жер шайқалды,
Көпіріп көк жиектен су да шықты.
Ермек шықты қарсаңда қабақтады,
Шетінен шауып, түгелдей шабақтады.
Мың қойға жалғыз тиген аш бөрідей,
Қылышпен қия шауып тамақтады.
Басын баудай түсірді балуандардың,
Мойнын бұрып, артына қаратпады.
Қамыс құлақ, қанатты қара тұлпар,
Жымиып жылқы түгін жанатпады.
Белсенді-белсендінің беті күйді,
Жан сауғалап Шыңғысты балақтады.
Тура көрсе тулатпай жібермеді,
Талай тулар тұралып салақтады.
Күн батқанша бар жауын науыт қылып,
Кім өліп, кім қалғанын санатпады.
Құбылды, құтырды да осы кеште, Ермек ер
Еңіретті осы кеште Еңлік-Кебек еске түсіп.
Қырдан аққан қызыл қан судай болып,
Қоспады жауларының жүзін беске.
Орасан науат болды жебір-жесір,
Қиылды қыршынынан талай өмір.
Найза, қылыш Ермекке көр қылмады,
Ішінде темір сауыт іші темір.
Найманға аты шыққан Түгел батыр,
Ту ұстап, қол бастаған тігіп шатыр.
Ішінде қалың қолдың қару сайлап,
Жұтынып жолбарыстай жолда жатыр.
Қалмақтан қан ұрттаған Түгел еді,
Батырлық ақыл-айла түгел еді.
Шабысқа дабыл ұрған тағат қылмай,
Асынып ер қаруын жөнеледі.
Ақсұр ат ойық желке, күміс құйрық,
Қамыстай төбесінде құлақ сүйрік.
Тұлпарға тұғыр түгіл жанастырмай,
Озбаған ел ішінде бұдан жүйрік.
Қайраулы қынабыңда өткір қылыш,
Ай балта, көкшіл найза, болат қылыш.
Саптаған қорамсақта сақтаулы оғы,
Әйтеуір беті суық қылмақ бір іс.
Жауының жарақтанып жонын тосып,
Қарамай қалың қолға қашқан болып.
Суылдап Ақсұр аттың құйрық жалы,
Желменен ызыңдаған үнін қосып.
Қара көрсе қарайды, ылаң етіп,
Шаң беріп, әр кезеңнен ылаң өтіп.
Ерден өлген ерлерде арман жоқ қой,
Ермектің жүрген жерін іздеп ылаң етіп.
Қашқанға жан сауғалап қарамады,
Не қылсын жолдастыққа жарамады.
Бойды кернеп ашуы аса шауып,
Етекті Ермек жүрген аралады.
Ашыққан арыстандай Ермек тулап,
Әскердің алдындағы басын турап.
Ермек батыр көз салса қарасына,
Ер келеді бір сайдың басын құрап.
Бірін-бірі көргенде көзі жайнап,
Бурадай жұлыс салды тісін қайрап.
Найзалары төбеде жалт-жұлт етіп,
Екі болат шаңқылдай қалды ойбайлап.
Кезек жұмсап қаруын жарақтанды,
Сықырлатып тартады садақтарын.
Оңайлықпен жан беретін ерлер емес,
Кім біледі қайсысы адақтарын.
Із таппады шапқанмен, найза кіріп,
Салған жара тағы жоқ сызық қылып.
Тойда тартқан серкедей ақ сауыттар,
Кезек ұстап біріннен-бірі жұлып.
Шойын ұрған балғадай шыңылдатып,
Қаруларын қажытты біртіндетіп.
Ай балтамен бір кезде Ермек шапты,
Тигізбестен найзамен Түгел қақты.
Шаң-шұң еткен болаттан от жарқылдап,
Сағасында ай балта аспанға атты.
Айбалтамен бір кезде Түгел салды,
Ермек те дарытпады, ұстап алды.
Баяғы ер Кебектен қалған қылыш,
Мүйіз сап, толқындалған бұйра жалды.
Қабекем, қандасым, деп Ермек шалды,
Түгел ер байқай алмай қапы қалды.
Енді қару қылғанша шама келмей,
Бұлақтан тіке шаншып қандар ақты.
Қылыш емес қиянат қылған бір іс,
Қайран ер арманда боп қаза тапты.
Қара жер қонақ болдым, қойныңды аш,-деп,
Мінекей, қанымды ұрттап мауқыңды бас,-деп.
Обалым ертеде өткен есіл ерге,
Кебекті аямаған қыршын жас деп.
Ақсұр ат қош айтысып жөнеледі,
Иесі жоқ, кімге барып бөгеледі.
Жауабы жау болса да жабырқатып,
Ермек те жақсы қылдым демен еді.
Сонда да қайта қозып ескі кегі,
Жалпылдап тағы шапты екі етегі.
Тыңдаушы да сүйінер, я күйінер,
Құны бар ертедегі ата-ананың.
Талай жан қырғын тауып құлап жатыр,
Өлмегені өкіріп жылап жатыр.
Қоян жүрек қорқақтар тастан тайып,
Боқ басында мертігіп сұлап жатыр.
Тар жерде тасқа қашқан жайрағырлар,
Қай жерде етік, қай жерде тымақ жатыр.
Кейбіреуінің басының жарымы жоқ,
Кім екені белгісіз шұнақ жатыр.
Азыққа арнап арбалап алып келген,
Сай-сайда тоқты менен лақ жатыр.
Қан ішіп қарық болып шаттар жатыр,
Топ-топ боп шат басында аттар жатыр.
Ағаш арба жегулі өгіздерге,
Жанында сүзбесімен қаптар жатыр.
Байлаулы құлындар тұр биесі жоқ,
Қос-қолаң қоржын артқан түйесі тұр.
Батырлар балапандай басын қорғап,
Шашылып шаруа жатыр иесі жоқ.
Жел тұрды таңға жақын уілдеген,
Кешікпей күн де шықты күлімдеген.
Кешегі кемеңгердің біреуі жоқ,
Талтайып тау басында күлімдеген.
Тігулі шатырлар тұр қосыменен,
Асулы бақырлар тұр мосыменен.
Сорайып сойылдар тұр иесі жоқ,
Амандаспай қалыпты досыменен.
Қазақты хан билеген дәуірінен,
Қалмақты қан қақсатқан осыменен.
Ентігіп Ермек шықты тау басына,
Жайдың бұлтын түсіріп жау басына.
Жайланды, жадырады, жайланды Ермек,
Бүгінгі риза болып саудасына.
Қособаның басына атой салып,
Шақырып, белгі берді жолдасына.
Жасырын, жасап тұрған құба жұлын,
Белсеніп, жүйрік мінген жүйрік құлын.
Айтпаса да біледі, нұсқаса да,
Болады жақсыларда ақыл-білім.
Ермектен қауіп қылып қарап тұрған,
Қақсатып кете ме деп тағдыр шіркін.
Өрімталдай ақиық өңшең батыр,
Өжет өскен тағдырдан көрмей кәкір.
Емен иіп, тас артқан талапкерлер,
Құйындатып, құйқылжытып келе жатыр.
Амандасты, айқасты батырына,
Ермек жетті арманның ақырына.
Баршасы басын қосып Қособада,
Найманның келіп түсті шатырына.
Жүз жігіт ат жинауға малға шықты,
Қырық жігіт жұртта қалған жанға шапты.
Он жігіт қолдарына қос ат алып,
Жұртта қалған кемпір мен шалға шапты.
Айтқандай болды қызық таң қаларлық,
Жалғанда жазым көп қой үлгі аларлық.
Байланса бармақтай боп бозторғайға,
Самұрық сағатында көрер тарлық.
Ақ түйенің жүгіндей аума дүние,
Жетім Ермек желікті тартқан зарлық.
Хат жазып тәмам найман адамына,
Жаукен деген жігітке қылды қолқа.
Жаукен сені өзгеден епті көрдім,
Кебекке жолдас болып көпті көрдің.
Жапанда жан ашырсыз достық өлім,
Құнсыз өлген Кебектей бекті көрдің.
Аймаластың, айқастың, бірге жүрдің,
Сұңқардай сұлу тұрған бекті көрдің.
Қағазды ал, қалтаңа сал ала барғын,
Ұқсама надандарға жаны жебір.
Аусар ажал қарамас әу жайыңа,
Қорқытып қуып жетер, қорқып қашсаң.
Қасыңа жолдас алып, қамыңды же,
Бол Жәуке, бос отырма уақыт жетер.
Ерлерге намыс қымбат, дүние малдан,
Аз өмір алдамшы ғой арты жалған.
Бес жігіт қағазды алып, жүрмек болды,
Ермектің сөзі мынау хатқа жазған.
«Құметпен хат жолдадым наймандарға,
Керемет зат жолдадым алуандарға.
Төрт кітаптың төбесін басып кеткен,
Қолын беріп қасыңа келіп тұрса.
Айғыр шапқан қылмыс па байталдарға,
Таң атып, таз таразы құрылғанда.
Қандай жауап бересің пайғамбарға,
Сондықтан найман саған қағаз жаздым.
Үміт қылма, тимейді пайдам саған,
Сүйіскенді сүйретіп өлтіретін.
Осындай заң табылды қайдан саған?
Көзіңді ашып оғаш тұрған мініңді көр.
Жөнге бас, оқшау тұрған құнымды көр,
Қапырықты сөзімді хатқа салдым.
Қата болып қалмасын мұнымды көр,
Бұзылып ағат кетсе айтқан сөзім.
Басыңа орнататын күніңді көр,
Қандас, діндес қазақ деп қапы қалма.
Сымпитып, сымға тартқан ісімді көр,
Ермек болып егессек ел жинайық.
Ор текедей ойнаған жынымды көр,
Қаралы хат боялған өтімді көр.
Шайқаста талқан болған бетімді көр,
Көп жауларым көмусіз тауда жатыр.
Бітім қылсаң жүз қызды үйіменен,
Таңдаулы, таңырқаулы күйіменен.
Ер дегенді көрмеген ерке болсын,
Әйелдің нышаны бар күйіменен.
Бес-бестен биік өркеш түйе жібер,
Он-оннан ұзын емшек бие жібер.
Бүй аяқ, бұқа мойын, бұжыр құлан,
Сауатын биелерге ие жібер.
Он-оннан ат пен түйе айып жібер,
Кілем-кепсі үстіне жайып жібер.
Өткен іске өкініп, тәуба қылып,
Кешілмейтін күмәнді шәйіп жібер.
Ерке қыз, сері жігіт елдің көркі,
Өлкелі өзен, өркеш тай жердің көркі.
Жүз жолдасым қалыңсыз жарын алса,
Сонда ғана енеді елдің көркі.
Алтындаған ақ қыжым аттың көркі,
Қылмиған қызыл түлкі шаттың көркі.
Ермектің жолдастары ентеледі,
Шырағым, жаңа енді, - деп хаттың көркі.
Бес жігіт қағазды алып аттанады,
Лүпілдеп көңілдері шаттанады.
Ермектің ерегіскен түсі суық,
Жаулары қай түрімен бапталады.
Жауының қағазын алып күткен күні,
Белгілі тентектіктен тапқан сыйы.
Сұрағанын бермесе зарлатар деп,
Ел жиналып ақылдасты болыс-биі.
Жарлықпен жиып алған елдің қызын,
Бұлжытпай орындауға елдің сөзін.
Бие, түйе, құлынымен, бұйым жиып,
Таңдатып ат-айғырдың екі жүзін.
Сөйтсе де бір-екі күн болды жиын,
Өйткені таңдаулы қыз табу қиын.
Айтқанындай қыз болмаса алмайды екен,
Шу қылды қызды жинап ауыл дүйім.
..............................................................
Кейбіреуі қулықпенен сынайық деп,
Бәлен қыздың нәсілі, заты тәуір,
Солардың жасын таңдап алайық деп.
Жауының кетті осылау берекесі,
Қателескен тепкі жер деген осы.
Апарып өз қолынан тапсыруға,
Жауының шықты осылау қорытындысы.
Бұлардан аттанған он шақты адам,
Өздігінен бара алмай кісі сапты.
..........................................................
Мойныңда толып жатыр борыштарың.
Ермек ердің ашуы енді қайтты,
Жайланып, жалынған соң белін шешті.
Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деп,
Амалсыз ата-ананың құнын кешті.
Ермектен кешу алып қалғандары,
Тату қып берді енді мұның бәрін.
Ырғап-жырғап тамаша сәніменен,
Қосады жүз жігіттің ғашық жарын.
Келеді келістірсе сөздің нәші,
Кімнің де беті жоқ па сый-сипаты.
Жауларын сақал-мұрттан жұрдай қылып,
Ермектің шаттанады жүз жолдасы.
Бұл сөзді естігендер саң қалады,
Ермек ер айтқанының бәрін алды.
Көшіріп жауындағы нағашысын,
Ақырғы әңгімесі аяқталды.
Достарыңызбен бөлісу: |