Меңдігүл шындалиева



жүктеу 3,7 Mb.
бет12/14
Дата22.05.2018
өлшемі3,7 Mb.
#16125
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

ҚАНЖЫҒАЛЫ ОЛЖАБАЙ
(1881-1935)
Нұралы баласы Қанжығалы Олжабай 1881 жылы Ерейментау өңірінде Қоржынкөлдегі Шешен деген ауылда дүниеге келген. Әкесі Нұралы жиырма бес жасында болыстыққа сайланып, ауыл-елге сыйлы адам болған екен. Олжабай да дәл әкесі сияқты жиырма бес жасында болыстыққа сайланады. 1916 жылғы дүрбелеңде патшаның жарлығына қарсы шығып, наразылық білдіреді. 1928 жылы мал-мүлкінен айырылып, Ақтөбе облысына жер аударылады. Жанұясымен айдауда жүрген ақын 1932 жылғы ашаршылықты да бастан кешіреді. Ақынның айдаудан кейінгі өмірінің біраз жылы Омбы жерінде өтеді. Омбыға келген соң да осы өңірге аштықтан босып келген Арқа қазақтарының қамын жеп, Мәскеудегі Тұрар Рысқұловқа өзінің туған жиені Қамбар Нұрмағамбетовті жіберіп, аш-жалаңаш жұртқа көмек ретінде Омбы облысынан жер сұратады. Осы ақынның қамқорлығы арқасында сол жерге көп жұрт қоныстанып, аштықтан аман қалған көрінеді. Қанжығалы Олжабай шығармаларының басым көпшілігі Омбы өңірі қазақтарының арасында жақсы сақталған.

Ақын 1935 жылы Орынборда оқып жүрген Қазыбек атты баласын оқудан алып келе жатқанда, Қызылжар қаласында демікпеден қайтыс болады.

Біз негізінен Қанжығалы Олжабайдың ел аузындағы халық репертуары болып кеткен шығармаларын ғана ұсынып отырмыз.

АҒАШТЫҢ ТҮБІ БІРГЕ, БҰТАҚ БАСҚА
Ағаштың түбі бірге, бұтақ басқа,

Ұқсайды адам ата сол ағашқа.

Қанжығалы Ішпектен есіп жүріп,

Жапардан айырыламыз төрт арыс та.


Жиестен тарайды екен менің атам,

Әлдеуін батыр екен одан туған.

Баласы Әлдеуіннің Арқа батыр,

Ақшадан асып туған ер Бөгенбай.


Ел қамын Едігедей жер Бөгенбай,

Қалмақты қысқа түнде қырық шапқан.

Тұраналы Бөкеңнің бел баласы,

Би Бапан одан туған ел данасы.


Бапаннан Саққұлақтай атам туды,

Қазақтың атын білмес қай баласы.

Сәкеңнен менің әкем Нұралы туды,

О дағы ата-бабам жолын қуды.


Тіреліп ақырғы өмір Олжабайға,

Жегізді ащы тұрмыс, заһар уды.

Атандым бақытты Олжабай, сорлы Олжабай,

Болсам да сол заманда Көкшетаудай [7].


АДАМ БАСЫ – АЛЛА ДОБЫ АНЫҚ ҚОЙ
Адам басы – алла добы анық қой,

Бұл мысалға барлық қазақ қанық қой.

Мезгіл жетіп, жетегінен айырылған,

Судан шыққан біз қазір бір балық қой.


Шешен болдық сөйледік, бақытты жан,

Бақыттыны ойлама сөзбен ұтам.

Бақ байлаулы екен деп ойламаңдар,

Бақ пен сордың арасы бір-ақ тұтам.


Жақсыдан жаман туса жыннан жаралады,

Жаманнан жақсы туса нұрдан жаралады.

Әкеге күмән, шешеге аян,

Бұл екеу болмаса қайдан жаралады? [7]



САҒЫНДЫМ
Орта жүзде Арғын аға ел еді,

Қандай қазақ Арғынменен тең еді.

Бәйбішеден Мейрам жалғыз ұл еді,

Сол Мейрамның баласын мен сағындым.


Мейрам ұлы Қуандық пен Сүйіндік,

Қарнияз, Бегендік пен Шегендік.

Салмағы тең келетін қазақ жоқ,

Туысымды, тұрмысымды сағындым.

Момын Арғын тоқалының аты еді,

Толыбай мен Тобықты оның заты еді.

Бәсентейін, Қарауыл мен Атығай,

Еңіреген ерлер шыққан халық еді.


Шаншар жетім, Шақшақ момын ел еді,

Шұбыртпалы ол да Арғынның ұлы еді.

Қайсы қазақ Арғын елімен тең еді,

Ер асылын, ел асылын сағындым.


Қыпшақ, керей арғынменен туысқан,

Арғын ішін мекен қылып қонысқан.

Жұртқа дастан, тұрмысы асқан халықтан,

Араласқан қазағымды сағындым.


Үш жүзді билеп өтті ер Абылай,

Ел бағына жаралған ер қырандай.

Қазыбек пен Жәнібек, ер Бөгенбай,

Батыр Баян, Қошқарбай мен Қабанбай.


Уса Серен талдай шапқан қазақты,

Ноғайлының Әз Жәнібегі ардақты.

Тараншы Жақыпбегі лақапты,

Талай-талай айқасқанын сағындым.


Сарыарқадан ноғайлыны, қалмақты,

Қырып-жойып қазақ елін орнатты.

Еркін жерге жау беттемей жат болды,

Жан құрбан қылған ерлерімді сағындым.


Қара ағаштай қаптап жатқан орыстан,

Қаны қас боп қатқан қара қалмақтан,

Арыстан Абылай ол – данышпан,

Халқын сақтап қарысқанын сағындым.


Алтай, Орал ортасына орнатқан,

Ел-жеріне, ерлеріне жарасқан.

Ағаш, көлі, өзен-суы, тау-тастан,

Неше түрлі әдісіңді сағындым.


Неге сонша мен Арғынға құмармын,

Мен елімді бос мақтаған шығармын.

Қарасы анау төрдегіні санармын,

Елден асқан данышпанын сағындым.


Ақын Абай, Шәкәрім мен Мағжан,

Ахмет пен Міржақыбы қандай жан!?

Сәбит пенен Сұлтанмахмұт сияқты,

Ақан сері ақындарын сағындым.


Қазақ түгіл басқа жұртқа даңқы асқан,

Әдебиет майданында үлгі шашқан.

Басқа кім оған таласқан?

...........................................................


Ел қорғаны деген ер қайда?

Ел мен жерге мақтанудан не пайда?

Адалдық пен әділ берген іс қайда?

Шын-өтірік ниетіңді сағындым.


Күн ашықта жарық жүзбен жайнаған,

Күн жауында аямастан байлаған.

Шын ақылдың сөзіне құлақ салмаған,

Екі жүзді қылығыңды сағындым.


Күздігүні мен жазықсыз күткен соң,

Тап-таза боп мұратына жеткен соң,

Садақа қып ел ортадан жөнелткен,

Қуанышты күндеріңді сағындым.


Туысқан, елім, жұртыма,

Жаз жадырап, қыста қысқан қысыма.

Күнге қарай құбылмалы қасыңа,

Сәлем айтып барлығыңды сағындым.

Біте қайнап, бірге өскен бауырым,

Ел қыстаған Ерейменнің бауырын.

Қамбар, Жапар қанжығалы сауырым,

Туған елді, туған жерді сағындым.


Ереймендей жанға жайлы жер қайда?

Ерейменді қоныс қылған ел қайда?

Еркінменен ен жайылған күн қайда?

Өткен өмір негізіңді сағындым.


Ерейменнің Баянауыл оңында,

Алашқа орда Көкшетауы солында.

Екі зеңгір дәл орталық жолында,

Екеуіне қол артқанын сағындым.


Ерейментау қордан қолын жинаған,

Жан-жағына өзен ағып тараған.

Сілеті, Есіл жарыса ағып құлаған,

Жазғытұрғы гүріліңді сағындым.


Ерейменнен он шақты өзен ағады,

Жалғыз Ертіс мұз теңізге тартады.

Өңшең жаман Есілге ермей қалады,

Ұзын аққан сарылыңды сағындым.


Ертіс шығып ата мекен Алтайдан,

Орыс-қазақ екі арасын қақ жарған,

Алтайдың мұз теңізіне жол салған.

Бес мың шақырым асуыңды сағындым.


Тобыл, Ертіс, Есілге еріп бас қосқан,

Мың сан өзен Арқадағы қалды қор болып.

Қырып-жойып Мұз теңізіне соғысып,

Бетің қайтпай тұрғаныңды сағындым.


Ата-бабам сенде туып өскен жер,

Санасыз қызық дәуірлетіп кешкен жер.

Өмір өрін сенен асыл көрген жер,

Өкінішті қайран жерді сағындым.


Аққан бұлақ сатырлатып тау-тасты,

Суаруға төмендегі ағашты.

Иран бақты неше түрлі гүл шашқан,

Иісі жұпар иісіңді сағындым.

Сай-сайынан мөлдір бұлақ ағатын,

Жағалап ту жайып тұрған қанатын.

Сала-сала неше түрлі ағашын,

Сағым болған қайран жерді сағындым.


Тасқын бұлақ бір жай тауып тынады,

Тұс-тұсынан Қоржынкөлге құяды.

Көл дөңгелек туған айға ұқсаған,

Айдын шалқар Қоржынкөлді сағындым.


Тақтай тастай астын құдай қалаған,

Тереңдігі қырық кездей санаған.

Мөлдір суын тәтті балдай ішкенде,

Меруерт көбік толқыныңды сағындым.


Бықырлаған балық жүзіп ойнаған,

Айнадай боп түбіне көз бойлаған.

Неше түрлі құс бетіңде ойнаған,

Іші-тысы асыл көлді сағындым.


Айналаңда малың бықып жайлаған,

Тау-тасыңды асыл иіс жайылған.

Ит жүгіртіп, құсын салып сабылған.

Тау жаңғыртқан ерлеріңді сағындым.


Не сөйлесе соны қоштап бір айтар,

Бауырдағы аңға хабар таратар.

Түлкі бикеш тауды қимай бұлғақтап,

Қан сонарда қаққан күнді сағындым.


Аппақ қарда түлкі қызыл қашқанда,

Көтеріліп қыран қызыл ұшқанда.

Ару көріп, қыран көріп қысқанда,

Құмар қанған қызығыңды сағындым.


Бүркіт қара, түлкі қызыл алысқан,

Ғашық жары көп зарығып табысқан.

Астына алып қыран мықтап жабысқан,

Көзбен кешкен қызығыңды сағындым.

Қасқыр аулап биік тауды қыдырып,

Тоң мойын ер көне қоймас кідіріп,

Артынан қуғыншы айдап сыдыртып,

Тасушыға дөп келгенін сағындым.


Аққасқа аңды көріп жалақтап,

Соңынан аңшы біткен салақтап.

Ит-қасқырдың тілі құлаш салақтап,

Қызыл қан боп алысқанын сағындым.


Алқымынан Аққасқа алып соққанда,

Сіліккенде қаны бұрқ-бұрқ аққанда.

Қасқыр басын ақ қарға тыққанды,

Айызың қанып алдырғанды сағындым.


Лек-лек болып сері біткен бас қосып,

Жүйрік шауып, итін қосып құс салмай.

Қасқыр соғып, түлкі алғанын сағындым,

Мәз-мейрам боп тұрған күнді сағындым.


Тілге шолақ, білімге олақ,

Тұрмыстары оған ұқсас тым бірақ.

Асатын бізден жалғыз-ақ,

Жаратылыс берген сыйын сағындым.


Бізден артық мұсылмандық тірке жоқ,

Жас-кәріде бәрі ыңғайлы білек бар.

Үлкендері сіз деген сөзден адасқан,

Сені көріп Сіз дегенді сағындым.


Туған елім Қанжығалы баласы,

Жасы кіші, жасы үлкен ағасы.

Жасы құрбы татыспаған жақындары,

Қаны бірге қайран елді сағындым.


Ерегісіп қайта-қайта бәйге алып,

Бәлен күні шабамыз деп ойласып.

Қалмаған жүйрікті алыс айласын,

Телмірісіп тұрғаныңды сағындым.


Ат қарасы көз ұшында көрініп,

Көз жасарып, жүрек тілеп егіліп.

Қатарынан озып шығып бөлініп,

Тани алмай тұрған күнді сағындым.


Ұзын қара тұлпар жеке жеткенде,

Бөгенбайлап бала айғайлап өткенде.

Жүрек тасып, төбең көкке жеткенде,

Топ тарқатып тұрған күнді сағындым.


Неше алуан дәулет күнді өсірген,

Неше алуан сәулелі күнді көшірген.

Неше айдай бейнет күнге түсірген,

Қырық алты жыл тұрған күнді сағындым.


Қаңбақ ұшты, дауыл соқты, өмір-жел,

Шынар ағашты бұғағынан үзді сел.

Ел кемімес, есепке енбес біз бір нөл,

Тасыңды емес, ішіңді елім, сағындым.


Қош енді елім, көру-көрмес бізде емес,

Тіршілікте пенде басы не көрмес.

Ешбір нәрсе тағдырынан өзгермес,

Пендеге емес, бір құдайға жалындым.

1928 жыл.
АЛДАМШЫ ӨМІР
Бергенін дүние қайта алады,

Енді алмаған нең қалды?

Алдымдағы малды алды,

Басымдағы бақты алды.


Қолға қайтып түспейтін,

Қызықты қымбат шақты алды.

Асыл туған ұлды алды,

Асып туған қызды алды.


Жұрт таңырқап қараған,

Жайнаған жастық күнді алды.

Дүрбідей көргіш көзді алды,

Алмастай өткір сөзді алды.


Қырымнан қарап көрінген,

Зерек-ақыл ойды алды.

Меруерттей ақ тісті алды,

Бойыңдағы тонап күшті алды.


Көрінген көңіл ұстайтын,

Ұмытылмастай істі алды.

Ағайын-туған елді алды,

Көрместей қылып жерді алды.


Бас қаңбақтай домалап,

Ерікті еркін күнді алды.

Замандас, қандас жанды алды,

Қосылған сүйіп жарды алды.

Бәріне дауа таба алмай,

Қайғымен басым сандалмай,

Сөзден басқа ойым жоқ,

Көрден басқа өлім жоқ,

Соны күтіп жан қалды [7].

1928 жыл.


ҚЫРЫҚ АЛТЫ ЖАС
Сәулетпен өсіп сайраңдап,

Қырық алты жас келді.

Баршын тартып қисаңдап,

Таусылып өрті басылды.

Неше түрлі сауық ойраңдап,

Түзеле алмай іс келді.

Түлкі құйрық бұлаңдап,

Дүние алдап мас қылды.

Уланған жүрек өртеніп,

Қатырып ішті тас қылды.

Қайтерін білмей састырды.

Онымен қоймай тайраңдап,

Уытсыз бір күш келді.

Айыпсыз басты арамдап,

Арнаған басқа іс келді.

Дұшпан шат боп жайраңдап,

Досқа қайғы іс келді.

Тағдыр дауыл, біз қаңбақ,

Шалқар дауыл жел келді.

Қонатын саты шұғанақ,

Бір ауыр жол кез келді.

Ағайын – бұлақ, ой – жұмақ,

Үскірік желсіз күз келді.

Қадірін білмей қайран жел,

Қаптаған дария сел келді [7].


ҚҰДАЙҒА АЙТҚАНЫМ
Қырық алты деген сұм өмір бойды алды,

Іштен улап қойыпты тұла бойды.

У ішкендей өткен өмірге өкінсем де,

Алдамшы өмір алғанын бермей қойды.


Кез болғанда көк орай қуарғандай,

Шаш-сақалға ақ кірді қуарғандай.

Есікті ашсаң ар жағы салқын дала,

Таба алсамшы дариға басқа пана.


Қызық күнің, қызықты өмір кетіп,

Итермелеп есіктен шығарғандай.

Іс бітті, құт кетті қолға түспес,

Есім жиып, есалаң болдым нала.


Япыр-ау анау қандай, мынау қандай,

Айдалада адасып қалған жандай.

Тәуір-ақ сені де ес деп санаушы едім,

Артыңа кеткенің бе бір қарамай?


Жан оңар ма тоналған салқын түнде,

Бой суық, ой да суық, бір шерменде.

Балдай деген дүние удай екен,

Зақым тиген жаралы шер кеудемде.


Бұл зарымды кетемін кімге шағып,

Өткен күнге өкінесің енді неғып.

Неше түрлі сасықпен шатпақтасып,

Жаман іске жан өртеніп, жүрек жанды.


Көксегенім жас шағым, күнім емес,

Былғанышпен бұл өткен күнім емес.

Бала күнімде есімді ерте жимай,

Еске түссе адамға не дегізбес.


Дүниеде мен термеген не боқ қалды,

Бүкіл қорда жиылып ішке барды.

Алдым тұман, артым шаң бас айналып,

Ем таба алмай тулады жүрек жаным.

Ешбір дауа таба алмай ой сандалды,

Қайғыменен қайтпасын анық біліп.

Бір құдайдан басқадан ем таба алмай,

Қара жүзбен жабыстым өзіңе кеп.


Сенен басқа нәрседен күдер үзіп,

Опасызын өмірдің әбден сездім.

Беті қара қапалы қашқыныңды,

Ант ішкізіп алдыңа алып келдім.


Көшу сенде қайғырып, сұрау менде,

Айтқаныңды қылмаған мен бір пенде.

Фазылыңа ал аясаң мейірім салып,

Не демедім, не жемедім өткен күнде.


Зарыққанда жарылқаушы жалғыз өзің,

Қапа боп қайғыратын келді кезім.

Азық жимай, жаныма азап жинап,

Әлек еткен бір жанмын өзімді-өзім.


Мен несіне жан болып тудым екен,

Тізгінімді неге еркіне бердім екен?

Жасымда өлмей неге жүрдім екен,

Мен несіне жалғанға сендім екен.


Жалғанды жалған демей жан дос көріп,

Өткен күнге өкініп, тәуба қылып.

Соңыңа сонша неге ердім екен,

Жан бар ма екен жалынсам кешіре ме екен?


Кешір, кешір, кешпеймін үмітімді,

Болса дағы жазығым таудай мінді.

Мейірімің кең, махарбан, фазылыңа ал,

Таянып, жойып тұрмын қаупімді [7].


КІМ БІЛЕР?
Сыйлас, сырлас алқадан,

Қарыштап дәурен жасаған.

Қара құрттай қайнаған,

Ауыздан ағып шайнаған,

Қымызы кәусәр толқыған,

Иісі жұпар аңқыған,

Қызықпен сайран шалқыған,

Қаздай жүзіп қалқыған,

Басыңда бұлбұл сайраған,

Тәтті балдай балқыған,

Ішінде гауһар жайнаған,

Ел қадірін кім білер?

Күн қадірін кім білер?

Мал қадірін кім білер?

Май қадірін кім білер?

Бал қадірін кім білер?

Жер қадірін кім білер?

Көл қадірін кім білер?

Гүл қадірін кім білер?

Жар қадірін кім білер?

Жан қадірін кім білер?

Жүректі шаншу жайлаған,

Зар қадірін кім білер?

Елім деп өмір аңсаған,

Ер қадірін кім білер?

Қияда барда қорлаған,

Кім қадірін кім білер?

Басына түсіп байқаған,

Бәріне басты шайқаған,

Зарыққан жарлы ел білер [7].


ЕЛГЕ СӘЛЕМ!
Ағайын, елім, туған жерім,

Баршаңызға сәлемім.

Жақын, сыйлас, досым сырлас,

Қадірлесім бірге өскен.

Мейірім қанбас, таза ықылас,

Қызығыңды көріскен,

Жетім-жесір, көрме кесір,

Шын досым ең сақтаған.

Молда діншіл, алдамшы,

Жақын едің жақтаған.

Не болмадым, не қылмадым,

Әлек еттің, есім кеттің.

Қызығыңды сайраңдап,

Уақыт солай, болдым булап,

Жазығым кеш қарындас.

Кешу алмай, кешірісе алмай,

Кетті ортаңнан ғаріп жас.

Кім қамықпас, кім жабықпас,

Айырылғанда елінен.

Кім сағынбас, айырса бас,

Бақшалы жұмақ жерінен.

Қош енді, тауысам немді,

Сорлы қолым жазғанмен,

Өмір оны-мұны қылды,

Басымды ұрып қалдым мен.

Атамай атын, бәріңе датым,

Айырмай алыс-жақыныңды.

Алдыңа тарттым,

Сәлем айттым,

Өзімсініп халқымды.

Әлдеуін мың бәрімізге,

Сағынып, зарығып жүрміз.

Мың өлген бе хабар жоқ,

Өлгеміз жоқ, тіріміз [7].

1929 жыл.
ӨМІР ТУРАЛЫ
Өмірдің жазы болып, қысы қыспақ,

Өмірдің күні мен түні тез ауыспақ.

Тұрлаусыз, толқымалы, толқынды өмір,

Жылыстап, өзгеріліп, түн тауыспақ.

Сонау өткен күнді өлшеуге алсақ,

Әділ ақыл сынына талғап салсақ,

Нелер келіп басыңа не кетпейді,

Рақат, бейнет жарысып күн өткен шақ.

Шырылдап дүниеге келгенен-ақ,

Өзіңмен егіз туған сор менен бақ.

Басың доп, сор мен бақтың арасында,

Екеуі кезек ұрып қылар мазақ.

Мен білмеймін, сен дағы біле алмайсың,

Алдыңғы өмір тартады қандай бұлғақ.

Бақ тайса сор сорғалап саған көшпек,

О дағы білгенін қып жайлап түспек.

Күйіну, сүйінудің тұрлауы жоқ,

Кезекпен нәубатын да бастан кешпек,

Бақ келіп кейде сордың жолын кеспек,

Баққа елеп-еріп пенде өспек.

Бақ дегені байлаулы бейшара боп,

Кезекпен нәубатың да азап шекпек.

Қыс қысса тірлігіңнен үміт үзбек,

Жаз шықса елім жоқтай тасып келмек.

Аспай-таспай төзіммен сабыр қылсақ,

Ауырлыққа жеңілдік тәңірім бермек.

Олай болса толғанып, тасымайық,

Солай болса солғанға жасымайық.

Толғанның толмағы бар, солған толмас,

Тағдырына мойымай бас ұрмайық.

Уәдесін күткен пенде босқа қалмас,

Уағдасыз тосқан пенде басқа қалмас.

Таянбаған тайсалмай талтаңдап жүр,

Жалғызға таянғандар жолдан азбас [7].


АНАМА
Апатайым сенің орның өзгеше,

Қолға түспес қымбатымсың өзгеше.

Басқаға күнің қарап қуарған,

Маған әлі тірілген әлденеше.

Дұға қойдым апатайым таяныш,

Болсам дағы қандай күнде аяныш.

Жетім күнде көз жасымен өсірген,

Сылап-сипап, ертелі-кеш тәрбиелеген.

Қалың қайғы қара күндер кешіңде,

Жазылмайтын ауыр жаза ішінде.

Мәпелеп, бетке қақпай әлпештеп,

Аянбайтын ақ жүрегің үшін де.

Кіршігі жоқ, ақ жүрегің сүттен ақ,

Майдан жұмсақ, балдан дағы тәттірек.

Бір минут та бос өткізбей тілектен,

Өміріңнің өр басына келген шақ.

Сенен басқа туысқаным жоқ маған,

Гауһарымсың жүрегіме сақтаған.

Қатын-бала, туысқаным, туғаным,

Қайсы сенің жүрегіңнен ақ маған.

Бас ауырса жанды құрбан ететін,

Түзде жүрсе аңсап, сусап тұратын,

Атқа мінсем, садақа беріп, сәт тілеп,

Сылап-сипап дұға үшкіріп алатын.

Сүйткен анам айырылатын күн жақын,

Сене алмадым, сенен маған кім жақын.

Жан-жағымда қорғаным сен таяныш,

Сен өлген соң тұр менде де көр жақын.

Тартыспайтын нәрсе бар ма өмірде?

Ескірмейтін жалғыз сенсің көңілде.

Дүниеде өлерсің де қаларсың,

Ақ жүрегің бірге кірер көріме [7].




ОЛЖАБАЙДЫҢ АҚТЫҚ СӨЗІ
Қанжығалы Олжабай Нұралы баласы 1935 жылы Қызылжар қаласында қайтыс болыпты. Дүниеден өтер алдында қалін сұрап барған азаматтарға былай деген екен:
Адам басы, алланың добы деген анық қой,

Тоқпағын жеген біз мүсәпір ғаріп қой.

Ауға түскен арыстан, сең соққан біз балық қой,

Үнемі дәуір тұрмайтын, табиғат заңы анық қой.

Бақ пен сордың арасы, бір-ақ қадам қарыс қой,

Әр толмақтың салмағы, нәубетінде келмек қой,

Құлын аяп қолдаса, ауырды жеңіл қылмақ қой.

Тағдырға таяп тайсалмай,

Тәуекелшіл тау кесер, көңілден қайғы жоймақ қой.

Пәлеге сабыр етумен, таянып қаққа тұрмақ қой,

Дұғада бол қарындас, дегені қақтың болмақ қой [8].
АБЫЛАЙ ҚАЛАЙ ХАН БОЛҒАН?
Бөгенбай батырдың төртінші буынындағы Саққұлақтың немересі Нұралы баласы Олжабайдың жазғаны.
Қазақ деген түріктің руы еді,

Алтын Орда қарауында тұрып еді.

Шыңғыс хан немересі Береке хан,

Еділде зор мемлекет құрып еді.


Тоқай, Темір, Береке бір туысқан,

Орыс халқын қаратып, жерін қосқан.

Әмір Темір билеген жері еді,

Түркістан, Үндістан мен Қырғызстан.


Сұлтан Баязит түріктің сұлтаны еді,

Бүкіл Балқан патшалығын сол биледі.

Тоқтамыс Алтын Ордаға хан болғанда,

Түріктің дәуірлеген кезі еді.


Баязит, Әмір, Темір, Тоқтамыс хан,

Бір туыстас түрік руына болған сұлтан.

Он төртінші ғасырдың мезгілінде

Түрік жұрты дәуірлеп асып шыққан.

Әр кәмелдің зауалы болған кезде,

Үш қошқардың сүзіскен болған кезі.

Діні исламның бәрінің ханы түрік,

Майданда бірін-бірі қырған кезде.


Әскер ертіп жүрісіп бірін-бірі,

Күші асқан Әмір Темір болған ірі.

Алтын Орда соғылып быт-шыт болып,

Құтырды құлдық еткен орыс елі.


Әр әулет бөлек-бөлек хан боп кетті,

Сонымен Алтын Орда күші бітті.

Қырым, Татар, Қапқаз бен Башқырстан,

Ноғайлы, Қырғыз, Қазақ, Бараба ұлты.


Шеркеш, Мешер олар да хандық құрған,

Қазанда татар ханы болып қалды.

Бытырап бет-бетімен әрбір ұлттар,

Өз еркі өзінде боп кете барды.


Сол кеткеннің бірі біз қазақ едік,

Арқаға көшпек болып тарап едік.

Алашаны ортаға хан көтеріп,

Үш жүздің баласы оған қарап едік.


Үш жүз демек үш жүз ұл болғандықтан,

Хан көтеріп кезінде толғандықтан.

Асылы үш арыстың баласымыз,

Қазақ елі тараймыз бір ұлттан.


Беріректе Абылай хан болған екен,

Қоныс қып Көкшетауды қонған екен.

Тұсында ханға жолдас батыр болып,

Сол кезде біздің қазақ болған екен.


Мың жеті жүз қырқыншы жыл хан көтеріп,

Батыр, би серік болған әрбір елден.

Сүйіндік, Бұқар жырау бас уәзір боп,

Аты қазақ Абылайдың соңынан ерген.


Би тұтқан Қаракесек Қазыбекті,

Әм батыр Қошқарұлы Жәнібекті.

Қанжығалы Бөгенбай бір батыры,

Қаракерей Қабанбай найман текті.


Кіші жүз Арал батыр жеті рудан,

Тама Есет әруақты биі болған.

Бөгенбай табын топтан шыққан батыр,

Абылай хан қарауында бәрі тұрған.


Ұлы жүзде Төле би болып еді,

Жаныс батыр Болтайдан шығып еді.

Үш жүздің баласына ортақ хан боп,

Абылай қарауында тұрып еді.


Сол Абылай ортамызға қайдан келген,

Қалайша қазақ елі хан көтерген?

Ескі сөзді ескерген жан азайды,

Сөзі еді ұмытылмай қалсын деген.


Өз атасы болады Көркем Уәли,

Қан ішер Абылай оның балалары.

Таласып Уәлименен хандықты алып,

Әбілмәмбет Орта жүздің қылған ханы.


Хан болмай Уәли ауды Түркістаннан,

Нағашысы хан болып тұрған Қайып ханға.

Енді шапқан қалмақтың ауыр қолы,

Торғауыт қалмақ елі қаптағанда.


Өлтірді Уәли ханды сол соғыста,

Қаны қас қан төгісте талай тұста.

Қолға түскен ерлерді қырып-жойып,

Апат тиген күн болды мал мен құсқа.


Сонда Абылай жиырмаға келген жасы,

Сау қалған әркім қашып қорғады бас.

Абылай сол қашқаннан қашып шығып,

Жаяу-жалғыз жөнелді аш-жалаңаш.


Жөнелді бетін түзеп Балқаш жаққа,

Үш жүз Үйсін деген көп қазаққа.

Неше күн арып-талып елсіз жермен,

Жетіпті қалың ауыл бір халыққа.


Ордада бір ордалы үйге жиылған жұрт,

Бірі шығып, бірі кіріп қайнаған жұрт.

Сол үйге кірейін деп ойлады да,

Тегін үй ермек қой бұрады бет.


Сәлем беріп есіктен кіріп келді,

Үйдің іші сығылысқан жанды көрді.

Үсті жыртық басында сең-сең тымақ,

Кір басқан шашы ұзарып өскен еді.


Кірген үй ұлы жүздегі Төле би үйі,

Үш жүздің орда қылған бір үйі еді.

Үй тола жұрттың бәрі балада боп,

Көз тігіп жұрт таңырқап қарай берді.


Кең иық төстек келген ұзын бойлы,

Қыр мұрын шоңқақ келген кең маңдайлы.

Жылтыр көз тікірейген сұрғылт жүзі,

Денесі қыран құстай өте ыңғайлы.


Төле би жөн сұрады ол баладан,

Келгенін біліп тұрды түз даладан.

Бұл маңның адамына ұқсамайтын,

Атың кім, қай баласың, қай рудан?


Атым да, жөнім де жоқ бір баламын,

Дәм айдап тентіреген бір баламын.

Әке-шешем, ел-жұртым туғаным жоқ,

Атымды кім қойсаңыз құп аламын.


Есітіп үйсін Төле би деп келдім,

Қазаққа орда болған үй деп келдім.

Қолыңызда тұрамын бала болып,

Қазақ елін елім деп іздеп келдім.


Алынбай көптен бері шашы өскен,

Сабалақ сең-сең тымақ көзге түскен.

Кір болып өне бойы тұнғаннан соң,

«Сабалақ» мұның аты болсын деген.


Сабалақ бала болып жүре берді,

Мал бақты биге жақты жүре келе.

Отырысы туысқанның бәрі де жат,

Бұл қандай жан болар – деп сынап жүрді.


Әйелі биге айтты: «байқайсыз ба?

Тегін адам емес қой жас болса да.

Бір түн ояу отырса қисаймайды,

Қалғымас екі көзі жайнап және.


Шөліркеп ыстық күні малдан келсе,

Аяқты тауыспайды аз-көп берсе.

Астына нәрсе салмай отырмайды,

Ешқайда қыдырмайды үйде жүрсе».


Ас болып би бір жаққа барып еді,

Балаға сарқыт алды сынамаққа.

Түйе баққан Сабалақ ұйықтап жатыр,

Төрт борбайы жайылған төрт тарапқа.


Би келіп тамашалап қарап тұрды,

Екі жұмырық түйілген қолды көрді.

Төрт борбайын төрт жаққа созып жатыр,

Тегінде билейді екен оң мен солды.


Тегін емес бұл шығар асыл тектен,

Шамалап жүруші едік сынап көптен.

Оянған соң қой басын қолына бер,

Деп тапсырып жолдасын тастап кеткен.


Сабалақ оянған соң басты берді,

Жанына бақташының бәрін жиды.

Біріне құлақ, біріне көзін беріп,

Құйқадан бір жапырақ өзі жеді.


Төле бидің жолдасы сөз сұрайды,

- Басқаға бәрін бердің, деп сұрайды.

- Би бергенін ырым қып өзің жемей,

Аш қалып, бұл мырзалық кімге ұнайды.


Сабалақ айтты бидің жолдасына:

Мен тойдым би берген соң ықыласына.

Жолдастың бірі – құлақ, біреуі – көз,

Дұрыс па оларға бас қимаса.


Жатырмын соларға сеніп мен де ұйықтап,

Мал баққан жолдасымыз біздер бір тап.

Өзімшілдік жолдасқа жараса ма?

Тойдырсам өз тамағым жаным сақтап.


Би жолдасы көргеннің бәрін айтты,

Би баланың шындығын анық білді.

Мал билігін, жан билігін соған беріп,

Күннен күнге Сабалақтың қадірі артты.


Сабалақ бір күн түсте малға барды,

Бақташылар көрісіп мәз боп қалды.

Сабалақты сыйлады жұрттың бәрі,

Бауырындай көрісіп ортаға алды.


Алқа қотан далада отыр еді,

Қарулы үш жолаушы жүріп келді.

Екі қызыл, бір баран атқа мінген,

Ат та жат, кісі де жат жандар еді.


Қарасұр жуан тұмсық, еңгезердей,

Нарқызыл астындағы тұрған пілдей.

Дулыға, сауыт-сайман, жақ пен қылыш,

Құрсанған көк темірді көтергендей.


Ат жақты, кең маңдайлы сары ала көз,

Кең иық, салалы қол, жаурыны дөңес.

Мінезі тәуекелшіл, көпшіл екен,

Шықпайтын батырмын деп қыңыр-кеңес.


Бұл адам – қарт Бөгенбай батыр еді,

Бұл күнде елу жастан асып еді.

Ертістен ауа қашқан қалмақ елін,

Шабуға қуып келе жатыр еді.


Еңкіштеу көкше қызыл, құдия біткен,

Тар мықын, бөктеріншікті тұяқ кетпен.

Қысқа мойын, ұзын бас сүйектей боп,

Көзі жайнап, аузынан көбік төккен.


Жар қабақ, қара торы, қыр мұрынды,

Қайқы төс, өткір көзді, салпы ерінді.

Мұның бәрі сауыт-сайманы бәрі түгел,

Құрсанған өне бойы көк темірді.


Бұл адам Қанжығалы Жантай еді,

Нияздың абызынан шыққан батыр.

Бөгенбай Төле биге амандыққа,

Көп қолын кейін тастап келе жатыр.


Үшінші қара кер ат келген қайқаң,

Сырты қысқа, бауыры жазық талтаң.

Ақсары, қызыл шырайлы толық келген,

Бұл адам Мәбетұлы батыр Атан.


Бақташы бұларға кеп сәлем берді,

Танысып қал-жағдайын сұрап білді.

Бөгенбайды Сабалақ естуші еді,

Басшы боп Төле биге алып келді.


Төле биде отырып қонақ болды,

Мәжіліске жиналды, қарық болды.

Екі күндей Төле би жібермеді,

Шыңғыртып батырларға бие сойды.


Той көріп, жүрек тулап, қызды Сабалақ,

Құдай жазса жауды жеңіп кегін алмақ.

Оңашада жалынды Бөкеңе кеп,

Биден рұқсат әперсе болды бармақ.

Аттанарда сұрады Бөкең биден,

Мен келдім амандыққа алыс жерден.

Сабалақ балаңызды көмекке бер,

Өткір жігіт көрінеді қайтпас берен.


Төле би амалсыздан қосып берді,

Баласынан Сабалақ сүйікті еді.

Аттанып амандыққа бата алып,

Кейін Бөген тастаған қолға келді.


Мың шамалы кісі екен іріктелген,

Мойын талып келеді алыс жерден.

Қашқан қалмақ сезініп, үрейі ұшып,

Талқы асумен Құлжаға бет түзеген.


Қара теңіз, Алтай тауы, Ертіс басы,

Талқы, Құлжа, Оңтүстік қабырғасын.

Арғы жағы қалмақтың қалың елі,

Соған жету қашқанның жанталасы.


Сол қашқан мың шамалы қалмақ екен,

Құба қалмақ жауынгер бір топ екен.

Қол құрап жиналғанша арасы ұзап,

Көп қалмаққа олар да жетіп қалған екен.


Жөнелді қазақ қолы сүрлеуменен,

Ішінде Сабалақ бар жаңа берен.

Талқы-Құлжа асқанда қуып жетіп,

Қолға түскен қалмақты қыра берген.

Сабалақ атақ алды қамал бұзып,

Қайда қиын жерлерге кетеді озып.

Кірген жері есік болып қала берді,

Қанды көз қырандай-ақ шалқып сүзіп.


Қалмақты тас-талқан қып шауып алды,

Қалың қол қарық олжаға батып қалды.

Он нарға тоғанақтай жасау артып,

Сабалақ Бөкеңе әкеп тарту салды.


- Мынау он нар сізге арнап алып келдім,

Жасаулар жеңгеме берер сәлемдемем.

Мен олжаңды алмаймын, батаңды бер,

Бір сапар соңыңызға еріп едім.


Бөкең айтты:

- Олжаға талай тойдым,

Әлі мүйіз шыққан жоқ бәрін көрдім.

Осы жолы еңбегің жұрттан асқан,

Өзің ал, жауды жеңген тырнақ алдың.
Сабалақ: «алмаймын» , -деп безектеді,

Басым жас тағы келер кезек деді.

Алғашқы сапарыма батаңды бер,

Көпшіліктің батасы керек деді.


Бөгенбай қолын жайып бата берді,

Көпшілік қолын жайып «амин» деді.

- Жылқышының тұлпары еді, - Нарқызылым,

Шырағым, ырым қылып сен мін, - деді.


Шырағым, уақытты, отты бала екенсің,

Мінезің, құлқың таза, дана екенсің.

Жазғытұры үш жүз боп жиналамыз,

Сол жиылысқа керекті жан екенсің.


Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл еді,

Осы жыл болды «Ақтабан шұбырынды» .

Қалың қалмақ қазақты қойдай қырған,

Уса Серен дейтұғын қоңтажы еді.


Қоңтажы деген қалмақша – хан деген сөз,

Қалмақ шауып шұбырған қазақ елі.

Сол жылы ауған елге жұт килігіп,

Қарсы тұрар қазақта қалмады ел де.


«Ақтабан шұбырынды» болғанына,

Он жеті жыл сол апатқа толғанына.

Қалмақтан ұлы кекті алмақ үшін,

Келер жылы жиналамыз осы араға.


Әбілмәмбет ханымыз өзі келмек,

Үш жүздің де адамды соңында ермек.

Қыл құйрықты аты бар қалмасын деп,

Үш жүздің баласына хабар бермек.


Шырағым таза сақта Нарқызылды,

Есіңе ал кек алатын келер жылды.

Бар күшін қазақ қосып бір түйіспек,

Қор қылмай тәңіріміз ашса жолды.


Бөкең қонды Төле биге қайта келіп,

Сабалақты мақтайды алғыс беріп.

Тегін бала демеңіз, таза текті,

Жүр шығарсыз өзіңіз сырын біліп.


Қалмақтан аттаныстан бұл қалмасын,

Күш көрсетер осындай ел қалмасын.

Ұрықсат бер балаңызға келер жылы,

Қазақ жұрты беріп тұр ықылысын.


Келер жылы барсын деп уәде берді,

Амандасып Бөкеңмен қала берді.

Жар салып Әбілмәмбет батырларға,

Алты ай қыс даярлығын қыла берді.


Атқаратын іс болған соң жігіт жинап,

Қару-жарақ, ат-тонды жұрт даярлап.

Балқашқа жиылған жұрт даярланып,

Үш жүздің адамдары уәде байлап.


Орта жүздің Бөгенбай, Жәнібегі бар,

Қошқарбай, Жәнібегі, Жантай, Қазыбегі бар.

Төле би, Малай сары, Баян батыр,

Түлек, Тулақ, Қабанбай найман тегі.


Кіші жүздің басшысы – Арал батыр,

Тама Есет қолын бастап келе жатыр.

Ұлы жүзден Жанысқа қол жиналмай,

Аякөз өзенінде тікті шатыр.


Орта жүзден оң мың қол бәрі саңлақ,

Он мың қол кіші жүзден келді таңдай.

Жеті мың Ұлы жүзден Жаныс бастап,

Сауыт-сайман асылған қару-жарақ.


Балқашқа батыр біткен басын қосты,

Тынықтырып аттарын, артын тосты.

Қалмақтың жай-жапсарын білмек үшін,

Сенімді адамын сайлап жіберісті.


Сабалақ ер қосылып Бөкеңе ерді,

Нарқызыл қатып қалған сүмбідей боп.

Сауыт киіп, сайманды белге байлап,

Екі көз жайнап кеткен қып-қызыл боп.


Барушыға епті бір адам сайлап,

Бөкең де Сабалақты ыңғайлады.

Бір топтан қырық жігіт, қырық тұлпар,

Әбілмәмбет бәрін де таңдай алды.


Қалмақ жайын білуге барша кетті,

Талқы асумен бұрылып әрмен кетті.

Оралып қиын таумен әрмен асып,

Биік таудан баспалап ел қарасты.


Қалмақтан қарауылшы он адамы,

Жөнелді кез боп қалып, тұра қашты.

Ұстауға жабыла қуды қырық батыр,

Жан сауғалап қашыпты қалмақ бытыр.

Нарқызыл шу дегенде жеке шығып,

Айқасып он қалмақпен бара жатыр.


Найзаны артқысына салып өтті,

Алдыңғысын түсіріп қағып өтті.

Бір сау қалмақ жаяулап ағашқа енді.

Өлгені өліп, қалғаны қолға түсті.


Қырық батыр тірісін байлап алды,

Жөнелді қалың қолға қайта салды.

Жаяу қалмақ бергенше елге хабар,

Талқының асуынан асып қалды.


Қалмақтар хабар алып тұрады екен,

Қазақтың жиылғанын біледі екен.

Қалмақтың қоңтажысы Уса Серен,

Әскер жия Тұрпанға кетеді екен.


Ұстап алған қалмақты алып келді,

Хан қайда, қалмақ жайын қанып білді.

Уса Серен түгендеп күш жиғанша,

Айқасып қалу жайын мақұл көрді.


Бір мың қол мың басына тізгін беріп,

Әбілмәмбет хан өзі бірге келді.

Қазақтар асығыстап ерте жүрді,

Қалмаққа тимек болып шеру жүрді.


Қалмақтар мұны көріп қатты састы,

Қарауылшы қалмақтар елге қайтты.

Бекініп ерте бастан тау қапталын,

Қорған қылып қалаған ірге тасты.


Ар жағы биік таулы берік қорған,

Ар жағында қалмақтың қолы тұрған.

Қазақтар биік тауға тура бармай,

Екі ашық шетке шықты күшін жиған.


Қалмақтар соғысуға тура келді,

Бар арманы соғыс қой осы жолы.

Майданға жекпе-жекке ер шақырып,

Қалмақтың бір батыры келіп еді.


Ұлы жүз аға елге кезек келді,

Жаныстың Шақан деген інісі еді.

Өзі мықты, майданға талай түскен,

Батырлық, атақ алған бір кісі еді.


Жөнелді бата алып Шақан батыр,

Қан майданға бара жатыр жанын қиып.

Қара қасқа аты бар бурыл сақал,

Еңгезердей айқасты қалмақ кәпір.


Екеуі кезек-кезек найзаласты,

Қалмақтың Шақан ерден қаруы асты.

Қылышымен кәпір қалмақ ұрған кезде,

Домалатып түсірді жерге басты.

Сүйекке екі жақтан шауып келді,

Денесін қазақ жағы алып еді.

Басын қалмақ әкетіп найзаға іліп,

Қуаныш қып айғайды салып еді.


Бағанағы қалмақ тұр ер шақырып,

Қазақтың суы қайтты, батыры өліп.

Еш адам бармайтұғын болғаннан соң,

Сабалақ ұрықсат сұрады көпке келіп.




  • Бата бер, хан мен қара, мен барайын,

Құдай жазса қалмақтан кек алайын.

Өлсем – шәһит, өлтірсем – қазамын ғой,

Қазақтың намысы үшін жан қияйын.
Қазақ қолы шуылдап бата берді,

Қалмаққа Нарқызылмен тарта берді.

Екі батыр майданда қарсы шауып,

Найзаларын шанышты қарсы барып.


Қан қайнап, дене зулап, күшін жинап,

Айбатты арыстандай басымырақ.

Қақтырмай көк найзаны қалды салып,

Алақтап құлады аттан кәпір қалмақ.


Қалмақтар сүйегіне шауып еді,

Сабалақ сұрағанын алып еді.

Сүйреткен бойыменен жаны шықпай,

Қалың топ ортасына барып еді.


Сабалақ жекпе-жекке тағы тұрды,

Қара ала атты дүмбілше қалмақ келді.

Садақпен жақын жерден қалмақ атты,

Шарайнадан оқ өтіп тоқтап еді.


Сауыттан өтіп оғы қалмақ атқан,

Кеуденің етіне еніп кеп дарып еді.

Сабалақ та садағын тартайын деп,

Қорамсаққа қол салып қалып еді.


Шіреніп, ашуланып тартып өтті,

Оқ зуылдай сауытын бұзып кетті.

Денені талқан қылып, ағып өтіп,

Жүз қадам ар жағында тасқа батты.


Сүйегін алып қайтты қалмақ жағы,

Сынбай тұр, құдай сүйеп ердің бағы.

Сары атты, жарқабақты иір келген,

Қалмақтың бір батыры келді тағы.


Бұл келген Уса Серен інісі еді,

Қалмақта майданда ажал жеткен ажалды өлер.

Уса Серен інісі – Қырыс деген,

Қазақты талай қырған сен белгілі ер.


Екі батыр ашуға мініп алды,

Мінген атқа борбайлап найза салды.

Дарытпай денесіне найзасының,

Қылышпен көк найзаны салып қалды.


Ұмтылды қылышпенен шабайын деп,

Тірідей бұл баланы алайын деп.

Қылышты қылышпенен қаққаныңды,

Қылыш кетті жетесінен шорт үзіліп.


Атуға қорамсаққа қол салғанда,

Ұмтылды Нарқызылмен аттармауға.

Омыраулап атының артын соқты,

Айналды сары арғымақ жығылуға.


Енді атын бұрғанынша қалды салып,

Басы түсті қалмақтың домаланып.

Шуылдай қалмақ тобы жылағанда,

Қазақ тобы:«Әруақ!» - деп айғай салды.


Сүйегін тағы бермей қазақ алды,

Жекпе-жекке енді келмей қалды.

Қамалдан қалмақ шықпай жан сауғалап,

Сабалақ қалың топқа қайта барды.


Шулады қазақ қолы алғыс беріп,

Сабалақтың кетіпті түсі өзгеріп.

Ішке қанын тартқан сұрғылт түсі,

Қандыбалақ қырандай үңірейіп.


Бір жұма қазақ қолы жатып алды,

Қамалға жолатпайды ешбір жанды.

Қалай әдіс қолданып қарысса да,

Бұза алмай бас қамалды бос сандалды.


Жақындаса атады тастан бұғып,

Талай ат, талай ерді оққа жығып.

Қпазақ енді ала алмай кейін қайтса,

«Жеңілгені» деп атақ кетеді шығып.


Сабалақ айтты қазақ батырына:

Беріңіз көпшіліктің ақылына.

Бүгін аман қалдырсаң, ертең шабар,

Тағы да біз қалармыз тапырына.


Құдай жазса, қалмаққа шабу керек,

Ескі кекті осы жолы алу керек.

Жан-жағынан асудың жол қарайық,

Қамалын жау қалмақтың алу керек.


Бұл сөзін Сабалақтың мақұл көрді,

Жүз батыр Сабалақтың қасына ерді.

Түні бойы таудан асып қияменен,

Таң ата тау шыңында жатып еді.


Мың батыр келесі күні тағы шықты,

Қалмақтар сеніп жатыр, қамал мықты.

Таң ата Абылайлап айғай салып,

Қалмақтың бір шетіне барып жетті.


Қалмақтар тұтқиылда қалды сасып,

Қорыққанынан ақылынан қалды адасып.

Дүркіретіп қалмақ қолы шегінгенде,

Батырлар жай шебіне араласты.


Асудан қазақ қолы асып өтті,

Қалмақтар ес жиғанша бәрі жетті.

Тұс-тұстан «Абылайлап» ұран салып,

Айғаймен жер-дүниені күңірентті.


Күндіз-түн, үш күн ұзақ соғыс болды,

Жарқылдап садақ пенен найза, қылыш.

Жеңіліп қалмақ қолы селдіреді,

Осымен қазақ қолы алды жеңіс [7].


1928 жыл.

жүктеу 3,7 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау