Меңдігүл шындалиева



жүктеу 3,7 Mb.
бет1/14
Дата22.05.2018
өлшемі3,7 Mb.
#16125
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ


МЕҢДІГҮЛ ШЫНДАЛИЕВА

ОМБЫ ӨҢІРІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

(ХҮШ-ХІХ Ғ)

Астана - 2008
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ

М.Б.Шындалиева. Омбы өңірі қазақтарының әдеби шығармашылығы (ХҮШ-ХІХғ).

Бұл кітаптың бірінші, екінші бөлімдерінде бұрын қазақ әдебиетінде аты белгісіз болып келген Омбы өңірі қазақтары арасындағы танымал би-шешендер, ақындар шығармаларының көркемдік сапасы, шеберлігі жіті сараланады. Үшінші бөлімде Омбы өңірі қазақтарының арасында таралған шығармашылық иелерінің мұрасы тұңғыш рет дәйекті құрастырылып, көпшілік оқырманға ұсынылып отыр.



СӨЗ БАСЫ
Қазақ этногенезінде үлкен рөл атқарған – қыпшақтар мен қимақтар (VІІІ ғ) ХІ ғасырдың соңына қарай түрік тайпалары территориясында мекендегені, Ертіс пен Еділ бойының бәрін Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы) тайпалары алып жатқаны тарихтан белгілі. Осы қыпшақтардың Сібір жеріне жылжуы ХІ ғасырдан бастау алады. Қыпшақтардың тұқымы бүгінгі күні Омбы, Челябі, Новосібір, Түмен, Қорған облыстарында, Ертіс бойында өмір сүріп келеді. Ресейдің оңтүстік шығысында қыпшақтар мен қимақтар көп болғандықтан, орыстар Алтын Орданы кейде Қыпшақтар Ордасы деп те атаған. Қыпшақтар Еділдің орта ағысынан Сырдарияға дейін көшіп-қонып жүргендігін тарихшылар еңбегінен білеміз [1,132-б].

1237 жылы Батый Ресейдің шығысынан да оңтүстігін де бағындырғаннан кейін, жолшыбай тыныш жатқан қыпшақтарға да тиіскен. Кейбір тарихшылардың айтуынша, моңғолдардың тез жеңіске жету себебі қыпшақтардың екі тобының қырғи-қабақтығынан болған. Сол қыпшақтардың бір тобы моңғолдарға бағынып, екіншісі батысқа қарай кетіп, Венгрия (Ғұн) жеріне қоныстанған деседі.

Белгілі зерттеуші А.Аристов Үгедей немересі Хайду ханның (1270-1301) әскерінің дені керейлер мен наймандар болғанын айтады. Керейлер 1377-1400 жылдардың өзінде Ертіс пен Ерен Қабырға тауларын мекендеген. Осы керейлер тұқымы бүгінгі күні Омбы облысының аудандарына біржола қоныстанған. Негізінен қазақтар тұратын жерлер: Томар, Қаратал, Домбай, Басағаш, Жаңаауыл, Сегізбай, Қызылағаш, Керейбай, Жарағаш, Балапанның Күнгейі – тізе берсе көп-ақ. Аталған ауыл аттары – бұл өлкенің барлығы байырғы қазақтардың қонысы болғандығының даусыз дәлелі.

Қазақстан тарихына үңілсек: «Сібір хандығының халқы түркітілдес ру, тайпалардан құрылды»[2,58-б],-делінген. Сібірдің орманды, далалы жерлерінде, әсіресе Есіл мен Тобыл, Тура, Ертіс, Объ өзендерінің жағасында осы түркітілдес тайпалар ХVІ ғасырда қоныстанған деп келеді. Көп әдебиеттерде оларды Сібір татарлары деп те атаған. Сібір хандығын билеген адамдардың дені татарлар мен ноғайлар болғанымен, арасында қазақтар мол болған. Қазақ халқын өз атымен алғашқылардың бірі болып атаған, әсіресе Сібір өлкесіндегі түркілердің мұрасын жинауға үлкен үлес қосқан В.В.Радлов: «Терістік Алтайдан Орал өзеніне, Омбыдан Зеравшан өлкесінің батыс аймағына дейінгі ұлан-ғайыр даланы өздерін «қазақ» деп, орыстар мен басқа батыс елдері қателесіп, «киргиз» немесе «киргиз-кайсак» деп атаған халық мекендегендігін» [3,11-б] жазып қалдырған.

Қазақ жері болғандықтан мұнда қазақы дәстүр, салт-сана бұзылмаған күйінде сақталған. Жаңа туған баланың шілдеханасынан бастап, үйлену, құда болу, құрбандық шалу, айт секілді ұлттық мәдени әдет-ғұрыптарымыз түгел бүгінгі күнге дейін жеткен. Ауылдарды аралап, халықтың тұрмысымен жақынырақ танысқан адам мұндағы ағайындардың ата кәсібінің толық сақталғанына қайран қалар еді. Ауылдағы әрбір шаңырақ мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен ұлттық салт-дәстүрге бай қазақ халқының бір бөлігі осы Сібір жеріне жинақталған.

Қай халықтың болсын қатынас амалдарының бірі сауда болса керек. Сібір жерінде де солай болған. 1715 жылы Ямышев бекінісі тұрғызылды. Орыс патшасының алдымен осы Сібір жерін мекендеген қырғыз-қайсақтармен байланысты күшейтудің жолын ойлауы тегін емес-тін. Қазақ болыстарымен келісімге келіп, 1755 жылдан бастап нақты қатынасқа көшеді. Сауда той. Омбы елінде осындай сөз ұғым бар. Алғаш рет ол 1759 жылы салтанатты түрде Омбыда ашылған. Тобыл мен Түмен орыстары ұн, кездеме, темірден жасалған басқа заттар алып келсе, қазақтар мал оның жүні, еті, сүті, майы, т.б саудаға салған. Орыс көпестеріне бұл сауда орталығының пайдасы күшті болған. Орыс патшасының әрекеті 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайыр ханның шешімінен кейін күш алуы осыдан қалыптасқан.

Сібір тарихын зерттеуші Ф.Усовтың: «Киргизы не смотрели равнодушно на попытки русских землеискателей приобретать у них землицы, а на против, жестоко мстили за это постоянными набегами и опустошеньиями погроничных селении»[4,5-6],- деген сөздері шындыққа ұласады. Профессор М.Әбдіров: «1822 жылы патша өкіметі қазақ даласын түпкілікті отарлау туралы шешуші қадам жасады. «Сібір қазақтары туралы Жарғы» қабылдады», - дейді.

Жоғарыда айтылған мәселелерден келіп заңды сұрақ туады. Ресей патшалығы бұратана халықтың несіне қызықты? Біріншіден, Сібір жерінде табиғи байлықтың қоры көп еді. Екіншіден, басқа елдермен сауда байланысын жасаудың тиімді жолы болды. 1789 жылдың өзінде Сібір хандығының құлатылуы осыған әкеліп соқтырды.

Патша Ор, Омбы, Петропавл, Тройцк бекіністерін беріректе, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында салса да, қазақтың байырғы жерлерін қанды қақпандарына алуды бұған бірнеше ғасыр бұрын ойлаған. Ақырында қазақ жерін біржола иеленді.

Қошке Кемеңгерұлының «Бұрынғы езілген ұлттар» деген кітабында Ресейдің езгісіне ұшыраған 38 ұлттың тарихы, жер-суы, шарты, кәсібі қоғамдық-әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі сөз етіледі. «Русия үкіметінің қазақ туралы мынадай қанды саясаты болған. 1. Қазақтың айлығын сүліктей сору. 2. Қазақтың сорпаға шығар маңдай жерін сыпырып, қазақты шөлге қуу. 3. Ауылнайлық, билік, болыстық партиясының отын үрлеп, май тастап, қазақты бір-бірлеп қол қамшы-шоқпар қылып, ұлттық, азаматтық сезімін өсірмеу. 4. Қазақты шоқындыру»[5,26-б]. Қошке Кемеңгерұлының осы сөзіне қосарымыз да, аларымыз да жоқ.

Ермактың Сібірге келуінен бұрын бұл өңір түгелдей дерлік атақты Жошы ханның әулетінен шыққан Көшім ханның иелігінде болған. Ал Ермак 1585-1591 жылдары Сібір жеріне келіп, үстемдік жүргізді. Казактар мен қазақтар арасындағы қақтығыстар қазақтардың құнарлы жайылымдарын тартып алып, оларды отырықшылық пен егіншілікке үйретуді күштеп жүргізудің салдарынан болып отырған. Ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысуға көп кедергісін тигізген. ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, Омбы уезіндегі қазақ руларын көшіп келуші шаруалар қыса бастайды. Оның дәлелі: «Батыс тарихшылары орыстардың жүргізген экономикалық саясатына қарсы қазақтардың мұндай наразылығының негізгі себебі – олардың қазақ руларының жайылымдары мен шабындықтарын тартып алып, Еуропалық келімсектерге беруінен көрінетін аграрлық саясаты деп көрсетіп жүр»[6,77-б].

Ертеректе-ақ бұл саясат үкімет тарапынан қолдау тауып, ресми сипатқа ие болады. А.Донели: «Солтүстік Қазақстандағы ең жақсы жерлер мен су көздерін басып алған келімсектер көшпелілердің миграциялық айналасына кедергі келтірілді. Қазақтар мен келімсектер бастапқыда бейбіт қарым-қатынаста болды. Кейіннен келімсектердің көшпелі шаруашылыққа зиянды әсерінен қазақтар мазасызданып, наразы болуымен бұл бейбіт қатынас бұзылды»[7,78-б],- деп жазады.

«Қазақтардың көшпелі экономикасына орыс империясының әскери ұйымдасқан жігі – казактар үлкен қауіп тудырып отырды. Казактар Қазақстан үшін нағыз апат болды. Қазақ даласындағы казак горнизондарын басқыншылығы өз қоныстарын орыс-казак әскери отарлауына қорғаған қазақтардың қозғалысын тудырды»[8,78-б]. Осы мәліметтердің өзінен казак әскерлерінің озбырлығын, Ресей үкіметі жүргізген отарлау саясатының тәртібін көру қиын емес.

Қыпшақтар дәл осы кезде Омбы уезінің солтүстік батысында болса, Ертіс пен Теке өзендерінің бойында керейлер мекен етіп, уездің оңтүстігінде Сырым ұрпағы сары керейлер қиын-қыстау кезеңді басынан кешіріп жатты.

Сібірдегі қазақтардың басының бірігуіне ислам діні де әсер етті. Қазақ жүздерінің ішіндегі ислам дінін кешірек қабылдағандардың бірі – Орта жүздегі керейлер мен наймандар, қыпшақтар. Елбасына күн туған қиын заманда керейлер көпке дейін мұсылман дінін қабылдамай, шамандыққа берік болып қалған.

Бұқарадан келген Шаһмансұр деген кісі керей елін аралап, кетерінде жиырма жастағы ұлы Мұхамедті тастап кетеді. Осы Мұхамед момын керей елін бірнеше жыл үгіттеп, мұсылмандыққа жүгіндірген екен. Соның әсерінен Ресей жеріндегі керейлер алғаш рет мешіт салдырып, медрессе ашқан. Оның кейбір деректері күні бүгінге дейін сақталған. Осы мешіттердің алғашқыларының бірі Омбыда ХVІІІ ғасырдың басында салынған. Мешіттің толық салынып, тұрғызылуына қазақтардың көп әсері болған. Сол заманның өзінде Омбыға келген әрбір қазақ азаматы мұсылмандар мешітіне кіріп, құдай жолына тәу етіп отырған. Соның бірі - қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов. Шоқан да осы мешітке келіп, дінге деген оң көзқарасын танытып, тілегі бір мұсылман қауымының атына тәңіріге құлшылық етіп отырған. Келе-келе осы мұсылмандар мешіті аяқасты болып, қонақ үй, дүкен ретінде пайдаланып кетті. 1950 жылдары байырғы мұсылман халықтарды имандылыққа тәрбиелеп, келген киелі орынды бұзып, көп қабатты үйлер салыныпты. Адамның жүрегімен жасалған, қолынан тұрғызылған орталық осылай жоғалған екен.

Бүгінгі күні Омбыда қазақтардың Қожахмет хазірет мешіті халықтың арнап келетін қасиетті ғибадатханасына айналған. Ораза, құрбан айт, жұма намазы Қожақмет хазірет мешітінде ойдағыдай өткізіліп тұрады.

Қазақ зиялыларының Омбы қаласымен байланысы жайында айтпай кетуге болмайды.

Омбы - қазақ деген ұлы халықтың кіндік қаны тамған, зиялыларымыздың табаны тиген қасиетті топырақ алаш азаматы үшін киелі шаһар. Олай дейтініміз, халқымыздың белгілі азаматтарының біразы осы Омбыда білім алып, қызмет жасаған. Соның бірі Ақан сері Қорамсаұлы 1893 жылы Николай шахзада Омбыға келгенде тәкаппар, паң кісіден тайсалмай, елдің, халықтың жағдайын өлең шумақтарымен жырлап беріпті. Қазақ ақынына шын сүйсінген Николай Ақанға алтын медаль сыйлапты. Оны ел аузында тараған төмендегі шумақтар айқын дәлелдейді:

Омбыға патша келіп болды жиын,

Қалдырмай бәрін тегіс болыс-биін.

Министр, губернатор, советниктер,

Бас қосып, мәжіліс қызған ұлы дүйім.

Николай император ғұзретіне,

Сөйледім: «Бұл қазақтың жайы қиын».

Ұнатып ол шахзада біздің сөзді

Қош көріп алтын медаль қылған сыйын,-
деген екен.

Әнші-ақын Құдайберген Әлсейітов өмірі мен шығармашылығы да осы Омбы қаласымен тығыз байланысты. Құдайберген Әлсейітов айтыс өнерінің жүйрігі болған. Оның дәлелі: «Қазақ Совет энциклопедиясында» ақын Құдайберген Әлсейітов туралы қысқаша мынадай дерек берілген: «Әнші – композитор, ақын – импровизатор, 11-12 жасынан «бала ақын» атанған. Кереку, Омбы, Көкшетау, Ақмола, Қызылжар, Семейді аралап, әншілік өнермен танылған. Бертінде Қараөткел, Қоянды жәрмеңкелерінде ән салып, ат ойынын көрсеткен. Автордың көптеген музыкалық, шығармалары «Құдайбергеннің әні», ал жыр саласында – «Құдайбергеннің Қадиша қызбен айтысы», «Баласы Әлсейіттің Құдайберген», «Құдайбергеннің желдірмесі», «Құдайбергеннің Сүйінбаймен айтысы» [9,36-б] деген атпен халық аузында жүр делінген.

1980 жылы Омбы Мемлекеттік университеті студенттерінің фольклорлық практикасында (Новосібір облысында) жазып алынған бір әңгімені университетінің архивінен 1992 жылдың басында көшіріп алған болатынбыз. Новосібір облысының «Маметкина» деревнясының тұрғыны сексенінші жылдары сексен жастан асқан Мұқарам Шөкейұлы деген ақсақал Құдайберген туралы былай деп әңгімелеген екен: «Қыпшақтың жол басының ішінде Құдайберген деген ақын өтіпті. Біздің елге Құдайберген келгенде бүкіл халық жиналушы еді. Шын жүйрік болатын»[10].

Көне көз ақсақалдардың айтуынша, Құдайберген ақын ертегі, қисса – дастандарды жатқа айтқан. Соның бірі – «Қалқаман - Мамыр» атты жыр. Шәкәрім жазған нұсқасын да, әлде басқа нұсқасын ба, ешқандай дерек жоқ. Ол әйгілі Үкілі Ыбыраймен айтысында:


Сұрасаң Арғыз атым - арғын - қыпшақ,

Бергі атамыз Сейіт пен Бұлғақ болмақ.

Бар байлығым басымда, ырысым – сол.

Құдірет маған берген тіл менен жақ,-


деп ата тегін қысқа таныстырады. Новосібір мен Омбы өңіріндегі өнер қадірін білетін ақсақалдардың айтуына қарағанда, Құдайберген ақын Сүйінбаймен Омбыда айтысқан дейді. Өкінішке орай бұл айтысты жатқа білетін ақсақалдар кездеспеді.

Омбы қазақтарының ішінде алты алашқа аты әйгілі болған зиялы жанның бірі – Мұқан Әйткенов. Әйтсе де ол туралы деректер күні бүгінге дейін беймәлім болып отыр. Бұл кісі Үш жүздің партиясының басын қосуға көп үлес қосқан. Мұқан қайраткерлілігімен қатар шешен, табан астында өлең шығарғыш суырып-салма ақын болған екен. Ол айтқан қанатты сөздер, иірімді шумақтар үлкендер аузында жақсы сақталған. Мына төмендегі шумақты 1992 жылдың желтоқсан айында Омбы қаласының тұрғыны Сейітқазы Бұлқайыров деген ақсақалдан жазып алған едік:


Мен шықтым шәкірттіммен Орынборға,

Даяр болып билет алдым шойын жолға.

Қартайып шіркін көңілім қалған екен,

Кібіртіктеп әрең шықтым шойын жолға.

Алыста алшан басып үйде отырмай,

Сұм жалған жүрегімнің тайғаны ма?

Баяғы әл-қуатты жинап алып,

Лебізімді шырқайтын арманына,-


деген екен ақын. Әрине бұл жолдардың өлеңдік құны төмен. Мүмкін бізге жеткізушілердің кінәсінен болар, әйтеуір, ұйқасы осал, маңызы да шамалы.

Қазағымыздың мақтанышы Сәкен Сейфуллин өмірі мен шығармашылығы осы қаламен тығыз байланысты. 1916 жылы Омбы оқытушылар семинариясында оқып, бүкіл жер жүзіне аты танылған ақын ретінде қалыптасады. Ол туралы Е.Исмайлов:«Сәкеннің Омбыға келуі бұрынғыдан да тереңдей білім алуына кең жол ашумен бірге саяси-қоғамдық және ақындық эстетикалық қөзқарасын қалыптастыруға қолайлы жағдай тудырды»[11,20-б], – деп, Омбы кезеңін ерекше атайды.

Ахмет Байтұрсынов алғаш Қостанайдан Омбыға қарай сапар шеккенде Абайдың өзін де, өлеңін де естімеген екен. Оның Абай атына қанық болуы осы Омбыдан басталады. Сұлу сөздің пайғамбары Мағжан Жұмабаев та осында оқып, ешкімге ұқсамайтын лирикалармен ақындық кредосын қалыптастырды.

Омбы қазақтардың тарихын толғай келе енді тақырыптың зәрулігі мен бұл кітапты жазудағы мақсат пен міндеттерге қысқаша тоқталғанымыз жөн болар.

ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығы – қазақ халқының рухани – мәдени өміріне өшпес іс салған ерекше кезең. Осы тұста Омбы қазақтарының арасында да аты әйгілі ақын-жыраулар, би-шешендер өмір сүрді. Олардың бізге жеткен мұралары қазақ әдебиетінің бір арнасы іспеттес. Сондықтан оны нақты, тереңірек зерттеу әдебиеттанудың өзекті мәселесі бола бермек. Осыны ескере отырып, аймақтық әдебиеттану бағытында біраз еңбектенгенді жөн көрдік. Әрине бұл жолда едәуір қиындықтар да кездесті. Олардың ең бастысы деп мыналарды айтар едік. Біріншіден, осы уақытқа дейін Омбы өңірі туралы қазақ әдебиеті тарихында зерттеу жүргізілмеген, оны былай қойғанда ондағы әдебиет өкілдерінің аты да аталмаған; екіншіден, ол өлкені мекендеген қазақтардың көркемдік - әдебиет шығармашылығы кейінгі кезге дейін жүйелі жиналмаған.

Біз өз заманының халқының өмірін көзге елестететін шығармалары бар Байсерке абыз, Тоқсан би, Домақ шешен, Бектұр Батырқожаұлы, Олжабай Нұралыұлы шығармашылығына назар аудардық. Олардың әдебиетке қосқан үлесін анықтауға тырыстық. Соның нәтижесінде Омбы қазақтарының қазіргі кезде 100 мың жолға таяу әдеби мұрасын талдау арқылы қазақ әдебиеті тарихына жаңа есімдерді қоссақ па деген ниетке бекіндік. Алайда біз осы жұмысымызды көпсалалы зерттеудің бір бұтағы деп қараймыз. Өйткені, Астрахань Орынбор, Сартау, Самар қазақтары шығармашылығы да өз зерттеушілерін күтуде.

Біз өз тарапымыздан би, шешен, ақындар өмір сүрген тарихи-әдеби дәуір тынысын аңғаруды, ғасырлар бойына туып, қалыптасқан мұраны әдебиеттану тұрғысынан байыптауды, талдауды, Омбы өңірі би-шешен, ақын-жырауларының қазақ әдебиеті тарихында алатын орындарын таразылауды, олардың ұлттық сананың өсіп-өрлеуіне қосқан үлесін көрсетуді мақсат етіп қойдық.

Шешендік сөздер мен ақындық өнердің туыстығын, жанрлық табиғатын тәрбиелік, өнертанытқыштық мәнін ашуға, даму жолдарын анықтауға зер салдық. Ақындық пен шешендіктің туыстығы жайында көп зерттеген ғалым Б.Адамбаев: «Ақындық пен шешендік егіз өнер. Әдетте қазақтың ақыны-шешен, шешені-ақын. Мәселен, қазақ әдебиетінің классиктері: Бұқар Қалқаманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы әрі ақын әрі шешен болған»[12,15-б], -дейді. Осы пікірге біз де толық қосыла отырып, шешендік сөздердің поэзияға жанасу тәсілі, сөз сарыны жайында сөз қойғаймыз.

Сонымен бұл зерттеуімізде қазақ әдебиеті тарихында Омбы өңірі қазақтардың үлесі елерлік екенін айта отырып, би-шешендер, ақын-жыраулар шығармалары осындағы қазақтардың ұлттық салт-сана, көркемдік-эстетикалық қалыптасуын мәдени және рухани, тәлімдік-танымдық дәрежелерін толық ашық бере алатынын алға тартамыз.

Аймақтағы қазақ халқы мәдени мұраларын, оның ішінде фольклор, этнография, тарихты жеке ғалымдар зерттеп жүр. Бірақ оларды газет, журнал, баспа, радио, теледидардан көрсеткен емес. Осындай ғасырлап шоғырланған мұраларды бұл аймақтағы қазақтар туған тілінде естуге де, көруге де мүмкіндігі жоқ. Оның басты себебі: мұндағы қазақтардың бірде-бір хабар-ошар орталығы жоқ, мектеп жоқ. Арғы-бергі ерлігімен, өнерімен, парасаттылығымен көзге түскен ардақтыларын ауызға сирек алатындары да сондықтан.

Тәуелсіз еліміздің әдеби-шығармашылық мұрасына Ертістің Омбы өңірі қазақтарының қосатын үлесі жоғары. Бұған дейін осы жайттар ескерілмей келді. Ол қазір де шешімін таппаған мәселе болып отыр.

Сөйтіп біз аталған өлкедегі қазақтардың әдеби шығармашылығының жайы қалай әсіресе көркем туындының қай түрі (жанры) басым дамыды және олардың рухани өмірдегі орны қандай дегенге жауап беруге тырысамыз.



БІРІНШІ БӨЛІМ
ШЕШЕНДІК ӨНЕР - ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ БАСТАУЫ
Ата-бабаларымыз «әдебиет» деген ғажайып мұра қалдырып кеткен. Онда қазақ деген қалың елдің қанында, жанында болған қасиеттің бәрі бар. Әдебиет тарихында халықтың рухани өресі де, мәртебесі де, тұрмыс-салты да, мінез-құлқы да көрінеді. Әдебиеттің інжу-маржаны деуге боларлық түрі - шешендік сөздер. Бұл сөздердің қаны мен жаны - төзім, кеңдік, адалдық, ақ жүректілік, қарапайымдылық сияқты халықтық қасиеттерге толы болып келеді. Шешендік сөздер суырып-салма ақындықпен тікелей туыстас. Аумалы-төкпелі, алма-ғайып замандарды басынан кешкен халықтың өзіндік басқару жүйесі болды. Ел қамын жеген ерлер, олардың сөзін сөйлеп, жағдайын ойлаған шешендер, билер өмір сүрген замандарда би де, шешен де, абыз да халықтың қөкейіндегісін жарыққа шығарған әділет жоқшысы болған. Биді, шешенді, абызды билік те, барлық та жасай алмаған. Би, шешен, абыз тұғырына топты жарып, таразы басын тең ұстап, әділін қара қылды қақ жара айтқан кісілер көтерілген. Билік айту, шешендік, абыздық - табиғи дарындылық, асыл текті ақылдылық, арғыны көре білу, көсемдік істеу, ақпа-төкпе шешендік - көшпелі ел өмірінің қасиетті өнері.
Түгел сөздің түбі - бір,

Түп атасы - Майқы би, -


деген сөздер әрідегі ата-бабаларымыздың ел басқару, дау-шар шешу, көсемдік-көрегендік істеу жай-жапсарын баяндайды.

Елдікті сақтаған, ерлікті тудырған замандар болған. Халық қамын ойлаған Әз Жәнібектен, Әз Тәукеден, Абылай ханнан билік жүйелері қалған.

Қазақтың атақты билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билерден қалған данышпандық сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес. Олардан жеткен мұраны Мұхтар Әуезов: «Ауызша әдебиеттің ішінде елдің белгілі ұғымын білдіретін, жалған дүниеге көзқарасын сездіріп, өткенді қалай түсінуін көрсететін сөздің барлығы да бір-ақ адамға тиісті емес, жалпақ елдің сыбағасына тиетін өнер туындысы» [1], - деп бағалаған.

Шешендік сөздер қашан да халықтың қажетті мұрасы болып табылған. Басқа әдебиеттің түрлері сияқты, шешендік сөздер халық өмірінің айнасы, кешегісі мен бүгінгісі. Сонымен бірге олар - тәрбие құралы. Сондықтан оны қазақ халқының рухани және тарихи тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан рухани-қоғамдық елеулі құбылыстың бірі деуге болады. Олай дейтініміз - халықтың өткен заманда басынан кешкен өмірі, жақсысы мен жаманы, ерлігі мен елдігі туралы арманы осы шешендік сөздерде көрініп отырады. Қазақ халқы қандай ауыр жағдайда өмір сүрмесін, өзінің сүйікті би-шешендерінің сөзін жадында сақтап, жаттап айта жүруді, одан үлгі-өнеге алуды тоқтатқан емес.

Қазақ ССР тарихында шешендік сөздер туралы: «Ауыз әдебиетінде нақыл сөздер - мақал-мәтелдерге жақын тұратын афоризмдер көп болады. Бұларды нақыл сөздер немесе шешендік сөздер дейді. Шешендіктің үлгісі - халық данасы Жиренше мен оның жұбайы Қарашаштың өткір сөздері» [2,226-б].

Кеңес дәуірінде қазақтың шешендік сөздерінің даму тарихы мен оған байланысты ғылыми ой-пікір сайысын көп жағдайда тежеп отырды. Шешендік, билік сөздерді ескіліктің сарқыншағы деген кертартпа пікірлер де болды. Шын мәнінде шешендік сөздер халықтың күресін, арманын бейнелейтін құбылыс қана емес, оның құндылығы шындығында бұрынғы ақыл-нақыл иелерінің тапқырлығында деп бағалағаны оңтайлы. Әрине, шешендік сөздердің бастауы әдебиеттің ертедегі нұсқаларында жатыр. 1932 жылы С.Сейфуллин 1917 жылға дейінгі әдебиетті екі кезеңге бөледі:«1) билер дәуірі, 2) орыс патшасына бағынған дәуірі» [3],- деп билердің шығармашылық мұрасын бірінші кезеңге сыйғызуы би-шешендер мұрасына айырықша мән беретіндігін айғақтайды.

Шешендік сөздер қазынасы - ұшан-теңіз бай, сондықтан да әдебиет тарихын зерттеген ғалымдар ішінде шешендер мән шешендік сөздер туралы пікір айтпағандары кемде-кем. Шешендік сөздерді алғашқы, зерттегендердің бірі - Әмина Мәметова. Ол қырқыншы жылдардың ішінде шешендік сөздерді мазмұн мен тақырыбына қарай екі түрге: шешендік толғау және шешендік дау деп бөлген [4,257-б].

Белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев шешендік сөздерді төрт түрге: заңдық, нақылдық, философиялық, сатиралық деп жіктейді [5,61-б]. Жалпы шешендік сөздердің бәрінің де заңдық мәні бар, қазақ сахарасының заңы да, кодексі де осы шешендік сөздер болған. Олай дейтініміз: хандар, билер, халықты басқарып отырған адамдар халықтың тұрмыстық заңын өткір, ұтымды, бұлтартпас тапқыр сөздермен белгілеп отырған.

Шешен атанған адамдар өмір заңдылықтарын, ерлік пен елдікті, оң мен терісті жете меңгеріп, екшелей білген. Осындай шешендік сөздерді алғаш жинап бастырған ЬІ.Алтынсарин. Ол өзінің «Қырғыз хрестоматиясы» кітабында «Ізбасты», «Байұлы», «Жәнібек батыр», «Жиренше шешендердің» шешендік сөздерін енгізіп, балалардың оқуына ұсынған [6,82-87-88-177-б].

С.Сейфуллин: «Ру басы, би болған адамдар жасынан сол ескіліктен қалған екшенді, қорытынды тәжірибе сөздерін зерттеп, «ескі сөз» білетін адамдардың сөздерін көп тыңдап, соларды жадыңда тоқитын. Сондай, ескі тұрмыстан қалған тіл, сөз, өнеге мұрасына ие болып, «үлгі», «өнеге», «нақыл», «заң», «ереже» сөздерін әдемілеп айтуға дағдыланып, ысыла беретін»[7,135-б], - дейді. Шынында да осы билердің өнеге сөздері халыққа «осылай етсеңдер, жақсы адам боласыңдар» деп үнемі сілтеме жасайды. Өз заманының шырқын бұзбауға үнемі үгіттеп, шақырып отырған. Билер мен шешендер өз заманында халқының заң болып кеткен ережесінің қорғаушысы болған, халқының шырқы бұзылмауына, күш салып, керекті сөздерді мейлінше ықшамдап, нық жеткізіп отырған. Халқына қамқор болған билер, шешендер сөзін хан да, бай да, батыр да бұзбаған. Кезі келсе, ханның да, батырдың да міндерін бетке айтып, сынға алып, тура жолға сілтеп отыратын билер мен шешендер болған.

Ш. Уәлиханов осы билер жайында: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген» [8,135]., - деп қорытады.

Соңғы жылдары шешендік сөздер туралы Б. Адамбаевтың біраз еңбектері жарық көрді [9]. Тегінде қазақ шешендік, билік сөздерінің табиғаты ғылыми талдаудан, жан-жақты салаларға бөліп, тексеріл қараудан өтіп жүр деуге болады. Б. Адамбаев шешендік сөздерді толғау, арнау, дау деп үшке бөледі. Құрылысына қарай термелі және пернелі деп те бөледі. Шартты түрде бұл бөлу дұрыс болғанымен, түріне қарай (жанр) қара сөзбен және өлең түрімен айтылатын шешендік сөздер деп бөлуге де болады.

Шешеңдік сөздерге тән тағы бір ерекше қасиет: бұларда жұмбақтап айту тәсілі болмайды. Қай шешендік сөзді алсақ та, басты көркемдегіш құрал ретінде шендестіру мен теңеудің тамаша үлгілерін табамыз. Көлем жағынан алып қарағанда да басқа әдебиеттің жанрларынан өзгешелігі: шешендік сөздер тұжырымды, жып-жинақы болып келеді. Олардың мақал-мәтел, нақыл сөздерге айналуының мәні де осында жатыр. Шешендер, билер әрқашан шындықты айтып, аз сөзге көп мағына сыйғызып, халықтың рухани қажетін өтеп отырған. Осы шешендік сөздер туралы Ахмет Байтұрсынов: «Ділмар сөз. Бұрынғы даналардан, билерден, шешендерден қалған сөздер ділмар сөз (европаша «афоризм») деп аталады»[10,422-б], - дейді

Шешендік сөз өнері - өркениеттіліктің барлық жетістіктерінің өзегі. Шешендер үшін ең құнды тақырып - адам мен оның қызметі. Өмір «Сен кімсің?» деген қатал сұрағын қояды. Өткен заман шешендері осы сауалға жауапты шешендік нақыл сөздермен қалдырып кеткен. Олар үшін өмір және оның мәңгі екендігі жауап керек ететін маңызды сауал еді. Олар оған үнемі жауап беріп отыруға тырысқан. Шешендер арғы-бергі заманда өмір сүргендіктеріне қарамастан халық есінде жақсы сақталған. Ал соңғы ғасырда өмір сүрген шешендер сөзі кеңінен белгілі. Біз осы шешендер сөзіне көз жүгірге отырып, олардың ХVІП-ХХ ғасырлардағы қоғамдық сананың дамуына әсер, ықпалын анықтауға тырысамыз. Бәлкім, ата-бабамыз қалдырған мұра ілгерілеп бара жатқан қарапайым даму жолымен байланыса бермейтін шығар. Бәлкім, онда үзілген, мәңгілік ұмытылған тұстар, шегіністер мен халықтың қарапайым тұрмысы бар шығар.

Тағы бір ескеретін жай: шешендік өнер ауызша айтылып келгендіктен, оны әрбір әдебиетке жанашыр адам жазып алғанда да бәрі бірдей идеялық жағынан көркем, екшелген сөздер, іріктелгеи шығармалар деп кесіп айту қиын. Жинап, жазып алған адам бір іріктесе, редакциядан өткенде бір мұқиятталады. Олай болса, шешендік сөздер болып тарап жүрген ел әдебиеті нұсқаларының басылған ауызша айтылып жүргендері екі түрлі болуы да ғажап емес. Сондықтан екеуін салыстырғанда жарық көргендері идеялық та, көркемдік те жағынан жатық, жинақы болып келуі заңды.

Шешендік өнердің басқа өнер түрлерінен бөліп қарап, зерттейтін өзінің даралық тұстары да аз емес. Ертеде қалыптасқан шешендік өнер бүгінгі өнер түрлеріне қалай әсер етеді, сол шешендік дәстүр қазір қалай жалғасын табуда, нендей жаңалықтар қосылған, қазіргі ақын-жазушылар бұл сөздерді қалай пайдаланып жүр деген сияқты мәселелер өзінің жауабын күтуде.

Енді шешендік дәстүр мәселесіне келер болсақ, шешендік дәстүр әдебиеттің даму тарихында жан-жақты байып келген асыл мұра. Дәстүр жалғастығы қай өнерде болмасын үздіксіз болуға тиіс. Сонда ғана дәстүр атаулы жаңғыру, жаңару үстінде дамиды. Өмірдегі, өнердегі дәстүр болсын, қай халықтың да рухани, мәдени өмірімен қатар дамитындығы белгілі. Шешендік дәстүр жалғастығы да осы заңдылықтарға сүйене отырып, жүздеген жылдар бойына қалыптасып, қара халық болсын, хан болсын, бәрінің арасында қолданыс тауып келеді.

Шешендік сөздер бір уақыттың, бір жылдың ғана жемісі емес, керісінше, тамыры әріде жатқан, адамзаттың балаң дәуірінде басталған өнер.

Шешендер бірден өздігінен шешен атанған емес, олар жастайынан өзі өскен орта мен ата-бабаларының асыл қасиеттерінен нәр алып, қуаттанып, межеге жетіп отырған.

Ертістің Омбы өңірінде ХVШ-ХХ ғасыр аралығында шын мәнінде шешендік өнер дәуірлеп тұрды. Сол заман халықтық әл-ауқаты мен эстетикалық таным дәрежесін бейнелейтін көрсеткіш болды.

Сонымен, шешендік дәстүр дегеніміз ауызша айтып, үйрену, жаттау барысында дамиды. Шешендік дәстүрдегі негізгі ерекшелік - ол өзінен бұрын өмір сүрген ата-бабаларының шығармашылық дәстүріне үнемі қызығып, сондай болсам деген еліктеуден туып отырған.

Себебі шешендік дәстүрдің түп тамырында шындық үстемдік етеді, қиянат пеи әділетсіздікті сынайтын немесе жақсыны мадақтайтын ой жатады. Біздің дана ата-бабаларымыз шешендік дәстүрге үнемі мән беріп, олар бала шешенді жастайынан баптап, озық мектептен өткізген. Шешендікке баулудың өзіндік жол-жобасы бар. Жас бала тілі шыққаннан шешен болмайды. Ол өз үйінде немесе туған аулында үлгі алатындай, еліктейтіндей шешендік ортада қалыптасады. Жас баланың өз әкесі, не ағасы, не туысы елден асқан шешен болса, ауыл-ел оны сыйлап, қошеметтейді. Оны көрген бала соған еліктеп, әуестене бастайды. Әуестену, қызығу кезінде шешен-билермен бірге болып, сөздерін тыңдап жаттауға, ретті жерінде қайталап айтуға дағдыланады.

«Ақындық - шешендікке баулитын халықтық мектептің бір ерекшелігі - мұнда діни медреседегідей емес, шәкіртті еркін ұстайды, талапкер жасты әр нәрсеге сын көзбен қарауға, өз ақылымен бағалауға баулиды, дербес ойлауға, еркін сөйлеуге дағдыландырады, «Ұстаның ісі – нұсқа» деп үйретеді» - дейді флоьклоршы Б.Адамбаев.

Дәстүрдің, мектептің жалғастығы шешендер өмірінде өзіндік орын алған. Мысалы, атақты Едіге би, оның баласы Шоң би мен Торайғыр билер шығармашылығына көз салсақ, әкеден баланың тәрбие алғанын сөзсіз байқаймыз. Мысалы, Бапан бидің баласы Саққұлақ шешен, Саққұлақ шешеннің баласы Нұралы, Нұралының баласы Олжабай ақын бәр-бәрі де шешендік, ақындық жолға үйренумен, талаптанумен жеткендіктерін байқау қиын емес.

Ғалым Ш.Уәлиханов та шешендер мен билер дәстүрінің жалғастығы туралы пікір қалдырып кеткен. Ол: «Қазақ халқының мұндай мұрагерлігі жайында көптеген мысалдар келтіруге болады. Орта жүздің Қаракесек руында ХVШ ғасырдың ақырында Қазыбек деген атақты би болды, олардың тұқымы осы күнге дейін билікке ие болып отыр.

Қазыбек


Бекболат

Тіленші


Алшынбай

Бұған қарап, қазақтарда би атағы мұрагерлік жолмен беріледі екен деп ойлауға болмайды. Шорман би бидің баласы емес. Шорман он үш жасында жиын-тойда топ жарып, дау шешеді де «бала би» атанады»[11,135-б], - дейді.

Әрбір шешендік сөз жайдан-жай туған жоқ, ол ерте заманда қазақтың әдет-ғұрып, тіршілігіндегі кейбір қайшылықтардың барысында туып отырған. Бұл халық өнерінің әр түрін қамтып, шешендік өнерге әр беріп отырған. Шешендік өнердің бәрі де халық өнері.

Қазақ әдебиеті тарихында іркілмей сөз шығарып және бұрыннан бар тапқыр сөздерді жаттап, жадында сақтап, керекті орнында пайдалана білетін адамды шешен дейді.

Әдебиет тарихындағы шешендер өмірі мен сөздерінің шығу тарихына көз салып отырсақ, жасаған дәуіріне, шыққан тегіне, өскен ортасына қарай бәрі де шындықты дәріптеп, айтып отырған.

Шешендік сөздерде оқиға желісі болмайды. Мұнда болған іске даналық баға беріледі. Кейбір шешендік сөздерде билер мен шешендер бір-біріне сауал қою арқылы қарсыласының шеберлік дәрежесін сарапқа салады. Мысалы, Ақтайлақ пен Қанай шешен «Ер басында бақыт нешеу, кемдік нешеу, құлазу нешеу?» - деп сұрақ қояды. Ол - бақыт бесеу - атың, әйелің, шешең, әкең, балаң жақсы болса - бақыт. Төрт құлазу - қалың ел көшсе, нарқын танымаған сөз, қатарынан айырылған шал, баласы жаман адам құлазиды. Үш кемдік - аттың жаманы, әйелдің жаманы, баланың жаманы», - деген екен. Мұндай шешендік сөздер көрегендікті, ақылдылықты, қоғамдық өмір тәжірибесімен жинақталған данагөйлікті айшықтайды.

Қазақ арасындағы билер айтысы туралы поляк жазушысы, журналисі А.Янушкеевич: «Бұл іс біздің бірнеше күнімізді алды, өйткені айтысқа бір-біріне қарама-қарсы екі партия көтерілді. Осы бір дала Демосфендерінің кейбіреулері мені сөздерінің мазмұндылығымен және жігерлігімен баурап алды. Егер ежелгі Грекияда немесе Римде өмір сүрсе старшын Тоқымбай мен Бейсекенің өздері-ақ лаврдан белдері бүгілген болар еді»[2,14-15-б] - деп қазақ даласындағы шешендік өнердің өркендегенін көзімен көріп, ғажаптанады.

Билік, шешендік сөздеріне, толғауларына қатысты тілдік дәстүрдің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ауызша туып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап жеткендіктен шешендік-билік сөздер негізі ауыз әдебиетіне тән. Ондағы айтылған ой түптің түбінде қазақтың дәстүрлі мақал-мәтеліне айналып кетеді. Шешендік сөздердің қай-қайсысын алсаңыз да сыртқы түрі де, ұйқасы да даналық сөздермен үндесіп жатады. Кейбір сөз қолданыстар көптеген би-шешендер сөздерінде қайталанып, сәйкестендіріліп отырады. Сөз саптау ерекшеліктерінде де ұқсастықтар басым болады.

Біздің ойымызша, шешендердің жеке басына тән мынадай қасиеттер болған. Алдымен, шешен - сөз тапқыш, сезімтал, сонымен қатар, ақындық өнерге де жақын, суырып салмалық қасиеті де қатар жүрген.

Шешендіктің негізгі мақсаты - адамдарды иландыру, айтқысы келген нәрсені нақ айтып, сендіру.

Шешендік сөздер ойлау жүйесінің әр түрлі үлгісінен көрінеді. Жалпы өмір туралы, не жақсы, не жаман, адал қайсы, арам қайсы, т.б. туралы хабардар етеді.

ХVIII-ХХ ғасырларда өмір сүрген би-шешендер қазақ жерінде өткен көптеген саяси-әлеуметтік маңызды өзгерістерге байланысты ел қорғау, бірлікке шақыру тағы басқа осы сияқты мәселелерге үлес қосқан. Бұл кезең - Отанды, туған жерді сыртқы жаулардан сақтау мәселесі тікелей күн тәртібінде тұрған кезең болатын. Ондағы дау-жанжалдарға арналып айтылған сөздер қаншама десеңізші!

В.В.Радловтың: «Ертістің шығысында дала қазақтарының молдалары шығарған қол тумалар туындылары болды»[113,19-б],- дегені осы өңірде өмір сүрген би-шешен, ақын-жырауларды айтып отырса керек. Осы Ертістің Омбы өңірінде өмір сүрген би-шешендердің толғаулары мен шешендік сөздері өмірдің ішкі-сыртқы өзгерісі, дамуы сияқты құбылыстарға толы. Едіге би, Шоң би, Торайғыр би, Бапан би, Байсерке абыз, Тоқсан би, Домақ шешен, Бектұр ақын, т.б. халық даналығын жырлап, оның асыл ойларын түйіндеп, жұрттың көңілін үлгі-өнеге боларлық аталы сөзге үнемі аударып отырған. Бұлардың сөздеріне қарап отырсақ, өз дәуірі мәселелеріне тікелей араласқанын, халықтың ой-пікірін айна-қатесіз көрсетіп отырғанын анық көреміз. Сондықтан, әдебиет тарихында мұндай шешендердің алатын орны, шығармаларының маңызы, қазіргі күн адамдарына тигізетін игі ықлалы зор.

Б.Адамбаев шешендік сөздердің тағы бір сырын былай деп көрсетеді: «Шешендік өнер көп жағдайда әншілік, күйшілік, ақындық өнер деп танылмай, кейбір таңдаулы адамдардың «жақсылар» мен «жайсаңдардың» жеке бастарының қасиеті ретінде бағаланған»[14,6-б]. Сондықтан да халық оқулығы болып есептелген. Қай өнердің өмірі болсын, қай заманда туса да ғұмыры өлшенбейді, себебі, шын шешендік сөздер кешегі, бүгінгі жастарды болсын, тек жақсы мінез-құлыққа меңзеп, жамандықтан сақтандырған. Халықтың көңіліңе ұнаған, жадында сақталған сөз мәңгі өмір сүретіні сөзсіз. Шешендік сөздер алдымен адам баласын білімділікке, ерлікке, қайырымдылыққа баулыса, оған қарама-қарсы жарамсыз мінез-құлықтардан сақтандырып, одан аулақ болуға шақырған.

Кез келген халықтың белгілі шешені, биі болу үшін де адам бойында көптеген жақсы қасиеттер тұтасып келуі шарт. Ол үшін халқын, Отанын сүю аз, дүниеге көзқарасы кең, тапқырлық, өткірлік қасиеттері қатар жүруі тиіс. Ел тарихында ізі сайрап жатқан абыздар, шешендер, билер көп-ақ.

Омбы өңіріңде өзінің бар қадірін де, қасиетін де артыңда қалған шешендік сөздерімен толық таныта алатын, шешендік өнерді өміріне серік еткендер біршама. Әрине, олардың бәрі бірдей сонда туып, сонда өмір сүргендер емес. Көбінің өзінен бұрын өнері жеткен, көркем шығармалары сондағы халық орындаушыларының репертуарына енген. Біразы көрші аймақта туып, кейін сонда өмір сүрген болып та келеді.


жүктеу 3,7 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау