Бірінші сөзде Абай өзіне өзі “қарасы шығады”.
Ел де бақпаймын, мал да бақпаймын, ғылым да бақпаймын, софылық қылып, дін де бақпаймын, бала да бақпаймын дейді. Дейді де, ойыма келгенді қағазға жаза берейін, кім де кім керегін тапса – қажетіне жаратсын дейді:
Абайдың “ойына келгені” – бәрі де өзі әлгінде ғана “ат тонын ала қашқан” мәселелер. Елдің де мұңы, баланың да қамы, ғылымының да жөні, діннің де жайы…
Қара сөздерде осының бәрі ұлттық мүдде өресінде өріс тапты.
Екінші сөзде Абай қазақ баласына сол заманда, “өз билігі өзінен кеткен” күнде, кәсіп қылудың жөнін айтады. “Есектің артын жусаң да мал” тап қағидасын, дүнияуи кіріптарлықтан шығудың, азат басты болудың, зор болудың бір тірегі, “өзіңе сену, өз еңбегің” дегенді пысықтайды.
Үшінші сөзде осы мүдде жалғаса түседі. Егін, сауда, өнер ғылымға салынса – қазақ жалқау, қорқақ, қайратсыз, мақтаншық, ақылсыз, надан, арсыз, т.б. өзін қор етер жаман құлықтан арылар еді.
Бұл сөзде Абай заманындағы ел мінезі, ел өміріндегі әлеуметтік кеселдер түп-төркін себебі, салдар-зардабымен тұтас қамтылып, сараланады.
Партиягерлік, билікке талас, ұрлық, пәле, жала қуу, т.б.
Абайдың бұл сөзінде Сөз дәуіріндегі әкімшілік-билік жүйесіндегі, мемлекеттік құрылымдағы ұстанымдарға ашық қарсылық айтылған. Патша үкіметі тарапынан жүрігізіліп отырған әкімшілік, билік саясатқа Абай бұрынғы Қасым ханның “Қасқа жолын”, Есім ханның “Ескі жолын”, Әз Тәуке ханның “Жеті жарғысын” көлденең тартады.
Төртінші сөзде айтылған мәселе тек күліннің түрі, күлкінің жайы емес. Бұл сөзде де Абай өзінің өмір философиясы жайлы ұстанымдарын негіздей түседі. Адамның адамша ғұмыр кешуі үшін сүйенетін рухани таянышы жайын сөйлейді.
Адам баласы тал бесіктен жер бесікке шейін өмір өлшемінде дүниенің рақатын неден таппақ деген мәңгілік сауалға Абай: “Әуелі құдайға сыйынып екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қыл, жақсыдан ғибрат ал, орынды ғибрат жаса” дейді.
Бесінші сөз. Қазақтың қайсыбір мақалын мінеу ғана емес, қазақтың тыныштық, білім, ғылым, әділет үшін емес, мал үшін ғана қам жейтіндігіне, сол малды табудың қулық-сұмдыққа құрылған жолымен кететінін; тағы да тіршілік қағидаларынан бет бұрып, азғындап бара жатқандығына ашынады.
Алтыншы сөз. Адал еңбек қылып, мал табудың жолы.
Жетінші сөз. Жанның тамағы. Білмекке құштарлықтың жайы. Бұл жас баланын анадан туғандағы екі түрлі мінезінен бастау алып адам жаратылысының, адамдықтың өрісіне ұласқан – өмір философиясы. Мұның жайы. Діні де, құдайы да, ел-жұрты да, білім-ұяты, ары, бәрі – мал болып кетуден шошыну.
Тоғызыншы сөз. Қазақ үшін тағы да таусылып сөйлеу. Қамығып күйіну. Басы қаңғырып, кеудесі бос қалған бір сәт. Бірақ… Абай өзі сонша “жек көріп” отырған қазақтан бәрібір үмітін үзбеген… Алдан тілеуі бар екен…
“Тегінде ойлаймын: бұнда жақсы, өлер кезде әттеген-ай, сондай, сондай қызықтыруы қалды-ау!” деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге”.
Оныншы сөз. Ұлт, ұрпақ, мүддесі. Ұрпақ алдындағы, атадан туған ұлт алдындағы атаның парызы. Атадан туған ұлдың парызы мен қарызы.
Ерінбей еңбек қылу, ғылым табудан өзге бұл сөзде Абай елдің сол замандағы күйкі өмірін, қараңғы тіршілігін озған жұрттардың қатарына қосар ұлдан үміт етеді.
“Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анам тұзақтан құтқаралық бала қазақтан туа ма екен”. Ондай баланы сендей әке, сенің еліндей ел асырап өсірмек пе екен?”
Он бірінші сөз. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік кеселдердің себеп-салдарын саралау тағы да. Тағы да Абайдың өзіне өзі “қарсы шығуы” тағы да елдің жайы. Ел бағу.
Он екінші сөз. Бұл сөз – Абай шығармашылығындағы аса ауқымды дүниенің, барша шығармашылығын нұрымен шарпыған Иманның, діннің жөндерін ғылыми жөнде игерудің жайы.
Он үшінші сөз. Иманның маңыз-мазмұнын, мәнін ұғындыру.
Соны ұғынарлық сергектік, сезімталдық, шын жүрек, сол иманға деген сенім беріктігі.
Бұл сөзде Абай өзінің исламиятқа көзқарасын, ислам дінінің негіздерін ұғындыру, сіңіру жөніндегі ұстанымдарын уағыздайды.
“Иман деген – алла Татарша уатағатлланың шәриксіз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа нәр бізге пайғамбарымыз саллала Аллаху һалайһи уа саллам арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып”.
Он төртінші сөз. Тағы да адамшылықтың санасы. Жүректің жөнімен жүрудің жөны.
Он бесінші сөз. Тағы да қысқа ғұмырда адамша өмір сүрудің, өз орныңды табудың жөні. Тағы да адам бағу.
Он алтыншы сөз. Діни сенім-нанымға құдай тағалаға құлшылық етуге құлықсыз қазақты Абай дінді тіл жаттықтырып, оймен үйренуге уағыздайды.
Он жетінші сөз. Құдайшылықтың жөні. Адамдықтың қалпын сақтаудың жолы. Қайрат, ақыл, жүректің ортақ күшін қисындаған ғылымның сөзіне жүгінудің жөні.
Он сегізінші сөз. Тағы да адам баласының адамшылық сапасы айқындалатын ерекшелік, өзгешеліктің жөні. Ақылмен, ғылыммен, армен мінезбен аспақтық.
Он тоғызыншы сөз. Адам жаратылысының ерекшелігін және бір еске салу. Тағы да кемел, толық адамның бір сапасын, бір қырын ашу.
Жиырмасыншы сөз. Өмір философиясы. Діни жаратылыстың сырына тарту.Адам жанының арпалысы. Тіршіліктің тиянақ-тұғырын шарқ ұрып іздеуі.
Жиырма бірінші сөз. Мұнда да мораль философиясы. Арзанға алдану мен адамшылықтың арасы.
Жиырма екінші сөз. Бұл сөз тағы да сол ел бағудың жайы. Қазақ қоғамы. Ел мінезі.
Жиырма үшінші сөз. Мұнда да қазақтың қамын ойлаған Абай.
Жиырма төртінші сөз. Қазақ жер бетіндегі халықтың кемі, қоры болып қала ма?!! Абайдың қасіреті ауыр…
Жиырма бесінші сөз. Абайдың әйгілі сөзі. Ұзақ уақыттар бойы Абай, орыс оқуын оқы” деді деп қана иланғанды қолайлы көрдік не үшін оқы деді дегенге де сооншалықты ойға не түсіп жатпадық…
“Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Анық үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы – білгендік”.
“Зарарынан қашық болуға” Осы сөздің астарында қанша ақиқат, қанша қасірет жатыр.
Майыр арқадан қақса, әке-шеше, ел-жұрт, дінін, адамшылығын сатар надан емес, қазаққа керегі – “Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбінесе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейін деп ниеттеніп үйрену керек:”
Бұл сөз – ұлт мүддесін әріден шалған Абайдың өз заманындағы қазақ баласына ұсынған ұлт бостандығының, ұлт азаттығының ұраны. Айқын сараптамасы.
Жиырма алтыншы сөз. Қазақтың жаны. Қазақтың өзіне қас көп әдебі тағы да талқыға түскен.
Жиырма жетінші сөз. Мұнда Абай махаббатпен жаратқан адамзатты. Алланы мойындау, Аллаға құлшылық ету жөніндегі ұстанымын Сократ хакімнің сөзімен уағыздайды.
Шығармашылығының асыл өзегінің бірі – шексіз Алла жөніндегі танымының айқын таңбасы түскен Қара сөздің бірі – осы жиырма жетінші сөз.
Жиырма сегізінші сөз. Абай дүниетанымы. Алланы білу – мойындау жолындағы адам баласы тосылар көп сауалға, дүниетаным қайшылықтарына бойлау.
Жиырма тоғызыншы сөз. Сөз. Адамшылық пен құдайшылықтың жөнін тағы бір мәрте қазақтың мақал-мәтелінің моралімен таластыра саралау.
Отызыншы сөз. Тағы да қазақтың құлқы, қазақтың міні. Қазақтың кеселі. Әлеуметтік дерті. Қоғам қалыптастырған, кембағал кіріптарлық тудырған жаман әдеті. “Қырт мақтанның” шыны.
Отыз бірінші сөз. Адамшылықтан аздыратын ой кеселдерін атап отырып, тағы да өзі “бас тартқан” – елді, адамды, баланы бағу.
Отыз екінші сөз. Адам баласының таным жолы, таным мүмкіндігі ұғындырылып, білім-ғылым үйренбектің негізгі жөндері уағыздалады. Абай қазақтан мүлдем түңілсе, осыншалықты ыждаһатпен адамшылықтың таза жолын, тура жолын, Алладан дарыған мүмкіншілік қуатын ұғындырар ма еді. Ащы, ащы айтқанымен, Абай ұлтынан үмітін үзіп пе еді…
Отыз үшінші сөз. Кәсіп. Алдау қоспай, еңбегін сатып, адал мал табудың жөні.Тағы да қазақтың бойындағы ұлттық кеселі.
Отыз төртінші сөз. Бұл сөзде Абай адамшылық, кісіліктің жөні ең әуелі Аллаға, дінге көзқарастағы сенім беріктікпен көрінетіндігін және айтады. Қазақтың мұсылманшылықтың негіздеріне қатысын сарапқа салады.
Отыз бесінші сөз. Ар таразысы – Алланың таразысы. Ертеңгі құдай алдындағы жауапты ойла, арзан үшін алданба деп, адамшылық ұстанымдарға тарту. Тағы да адам бағу, ел бағу.
Отыз алтыншы сөз. Имандылықтың бір шарты – ұят. Шын ұяттың, тағы да кең, кемел адамшылықтың жөні. Пайғамбардың Хадисін, жақсылардан қалған сөзді айтып, ұят ұғымның табиғатына барлау.
Отыз жетінші сөз. Тіршілік философиясын тұтас қамтыған халық даналығына өз ойшылдығын қосып, нақыл сөз, ақыл сөзді алға тартып, тағы да қазақты бағу.
Отыз сегізінші сөз. Таным философиясы. Абайдың бар шығармасы арқау еткен бар күйдің, бар шынның бір түйіні есепті; ойшылдық алымы, хакімдік айдыны өзгеше бір үлгіде ашылған сөз.
…Анық үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтың өзі де халық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, ғиззат-хұрмет таппақ секлді нәрселердің махаббаты бірлән ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.
Исламның негіздерін, шарттарын ғылыми жөнде ұғындыру. Кәміл мұсылмандық.
Алла махаббатпен жаратқан адам баласының адамшылық қағидаларын айғақтау.
Отыз тоғызыншы сөз. Елдің бірлігі, Абай қазақтың намысына ши жүгіртіп, ата-бабаның айрықша қасиетін жоқтайды. Мұндағы мұраты да – ел бағу.
Қырқыншы сөз. Тағы да қазақтың күйі, қазақтың құлқы талқыға түседі.Абайдың адам табиғатындағы ежелгі тайталасты – жақсылық пен жаманның арпалысын қазақтың жанына батырып, қазақтан ғана көріп сөйлеуі ұлтының есін жиғызу үшін қолданып отырған “естен тандыру” емі (шоковая терапия – Қ.М.)
Қырық бірінші сөз. Бұл да – сол.
Қырық екінші сөз. Қазақтың кембағалдығы – оның жұмысының жоқтығынан, әлеуметтік күйінен туып отыр деп, түйін жасайды Абай.
Абай бүкіл қоғамдық құрылым, қазақтың ендігі тұрмыс күйі оны қалай қарай құлдыратып әкетіп, құрдымға батырып апара жатқандығын, сөз жоқ, қазақтың өзінен ғана көріп отырған жоқ. Қазақты қалай ұстаймын десе, солай ұстап отырған оның ұлттық азғындау, азып-тозуына соншалықты “ішін ауыртпайтын” үстемдікке қарап не шара қыларын білмей арпалысады Абайдың жаны “Жартасқа барып, күнде айғай салады…”
Қырық үшінші сөз. Адам табиғаты. Адамның жан күйі, жан қуатты. Тіршілік ұстанымы. Абайдың дүниетаным алымы.
3.2.1 Абай өлеңіндегі Шығыс үлгісін айқындау мәселелері
Абайтану саласының қиын да күрделі бір арнасы ол – сөз жоқ, Абай шығармаларындағы Шығыстық қайнар көздер.
Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайлы баспасөзде алғаш жарияланған пікірлер Кәкітай Ысқақов пен “Уақыт” газетіндегі (1908, № 388) мақала еді.
Абай шығармаларындағы шығыстық сипаттарды зерттеу үлкен әзірлікті қажет ететін күрделі мәселе. Бұл ең әуелі, жалпы мұсылман Шығысы мәдениетін, философия тарихы мен классикалық мұраны түпнұсқадан оқу деген сөз.
Осы тұрғыда Абай шығармаларының Шығысқа қатысы жайын түбегейлі қарастырып, ғылыми деңгейге көтерген Мұхтар Әуезовтің әр уақыт оралып соғып, жаңа таным, соны пікірі ұсынып, мәселені тереңнен зерделеп отырғаны белгілі. Абайдың Шығысына байланысты М.Әуезов пікірлері үздіксіз, жанды ізденіспен толығып, байып, дамып отырды.
М. Әуезов Абай шығармаларының Шығысқа қатысы жөнінде алғашқы пікірін өте ертеде жазылған Абай өмірбаяны жайлы еңбегінде білдіреді.
Абай мұрасының шығыстық белгілері жайлы абайтану саласында
М. Әуезов ең алғаш мақсатты түрде мәселені қойды.
Ол Абайдың жастық шағынан басталып, өмірінің соңына дейін өзекті желідей созылған шығыстық белгілердің ақын дүниетанымы мен көркемдік шеберлігінің қалыптасу, даму, өсу жолындағы түрлі кезеңдерін ерекше ден қойып зерделеп отырды.
М. Әуезовтің Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайлы зерттеулері, ондағы ғылыми ойының қорлану, жетілу, жаңа сапа тауып түбірлі пікірлерге бет алу жолына ой жіберсек, әр кезеңде әр түрлі таным тұрғысынан келіп отырғанын, түрлі ой-толғаныспен елеп-екшеп, сұрыптап отырғанын көреміз.
1934 жылғы “Абай ақындығының айналасы” атты зерттеуінде Мұхтар Әуезов ақынның шағатай әдебиетіне қатысына сәл жатырқай қарайтыны белгілі.
1945 жылы М. Әуезов Абай мұрасының нәр тартқан үш бұлағы жайлы аса күрделі танымын алғаш рет айқын танытқандай.
Абайдың шығыстың көркем классикалық поэзиясымен шығармашылық қатынасы жайлы бір айтса, Абайдың ақындық кітапханасының шығыстық арналарын қарастыруында және де бір үлкен мәселе етіп Абайдың тарих, философия жөніндегі сусындаған бұлақтары Шығыс ойшылдарының еңбектері де болғандығын айтты.
М. Әуезов Абайдың Шығысын абайтанушы М. Мырзахметовтің көрсетуінде мынадай төрт салаға топтастырды. 1. Абайдың ақындық кітапханасының көлемі мен жайы. 2. Абай және Шығыс классиктері.
3. Абайдың исламиятқа қатысы. 4. Абай және мораль философиясы.
Бұл пікірлер, әрине, М. Әуезовтің Абайдың Шығысқа қатысын зерттеуді орынды көтеріп, түрлі нәтижелерге қол жеткізудегі сатыларын, қамтыған мәселелерін ауқымын айқындауда,сонымен бірге Абайдың Шығысын тануда белгілібір уақыттарда қажеттілігі болған пікірлер. Біздіңше, Әуезовтің Абайдың Шығысын ашуын әлде де қарастыра түсу арқылы аталған мәселелердің ар жағынан Абайдың Шығысын зерттеуді тереңдете түсер көп қисындар табуға болады.
Абай шығармаларының Шығысқа қатысын бұрмалау, теріс бағалау, үстірт қана шолып өту, тіпті кейде тарс етіп, жұмған ауызды ашпай өте шығу сияқты түрлі ахуалды абайтану ілімі бастан аз кешкен жоқ. Сондай құбылыстар Абайдағы айқын көзге ұрып тұрған шығыстық белгі, шығыстық сарындарды басқаша тануға, тануға итермеледі.
Абайдың Шығыс әдебиетіне қатысы жайлы қазақ әдебиеттану ғылымында М. Әуезовтен кейін С. Мұқанов, Қ. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев,
Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, М. Мырзахметов, Т. Әлімқұлов, А. Қыраубаева, Ө. Күмісбаев, Ғ. Есім, А. Жақсылықов, т.б. ғалымдар еңбектерінде қарастырылып отырды.
Бүгінде Абайдың Шығыс әдебиетімен, Шығыс мәденитімен байланысын қарастырған біршама толымды зерттеулер бой көрсетіп отыр. Абайда, Абайдың Шығыс әдебиетінен алғаны, үйренгені туралы оның өлең өлшемі, сөз қолданысы, дүниетаным пікірлерін аша түсер нақытылы зерттеулерге бару –қазіргі абайтанудың ендігі кезектегі күрделі міндеттерінің бірі.
Абайдың ақындық айналасы мәселесі – абайтанудың өзекті арнасы. Абайдың Шығыс мәдениетіне, әдебиетіне қатысы жайлы әріден айтылып келеді. Абайдың Шығысы дейтін мәселенің аясында Абайдың исламиятқа қатысы да, Шығыс поэзиясы үлгілерінен үйренуі де, Шығыс философиясына бойлауы да белгілібір дәрежеде айтылып, қамтылып отырды.
Абайдың Шығысқа қатысы жайлы баспасөз бетінде алғаш жарияланған дүние “Семипалатинский листок” газетіндегі Әлихан Бөкейханов жазған азанама болса керек. Абайдың өмірі мен шығармалары жайында Кәкітай Ысқақұлынан алған деректерді Әлихан Бөкейханов Абай ақындығы жайлы өзіндік наным-таныммен құнарландырып, жүйелеп баяндап бергендігі белгілі.
“Ислам дінінің далаға орнығуының пайда-зиянына орай жаңа заманның талабымен Абай білімге ден қойып, араб, парсы түркі тілдерін кітап арқылы үйренеді. Табандылығы мен бейімділігінің нәтижесінде өз бетімен араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, қасиетті біліммен сусындады. Молда мен қожалар туралы далаға кең таралған “аңқау елге арамза молла” деген мақалға орай олар өздерінің жан дүниесінің пасықтығын әшкерелеуден қорқып Абаймен кездесіп, сұхбаттасудан қашқақтап жүретін. Осы арада Абайдың ислам дініне қатынасын да айта кету лазым” – деген Әлихан Бөкейханов абайтанудағы үлкен бір мәселенің жайын алғашқылардың бірі болып қозғаған еді [85, 13 б.].
Әрине, Абайдың қасында болып, не оқып, не білгенін көбірек көріп, таныған Кәкітай Ысқақұлының мына бір деректерін Әлихан Бөкейханов пайдаланды: “Уақытында аз да болса ислам діні, ғылымы кіріп келе жатқан жаңа заманның ретімен Абай ғарапша, парсыша, түрікше кітаптарды көп оқып, олардың ішіндегі ғылымынан үлкен хабардар болды. Сол талаппенен қырда ғарапша, парсышаға Абайдан артық білетін ешкім болмады.
Өзге жерде өтірікті-шынды жұртты өзіне қаратып жүргенде, Абай алдында надандығы білініп масқара болып қалам ба деп шала оқыған ғылымы бар молда-қожалар Абайдан қашып жүруші еді” [95, 41 б.].
Нәзір Төреқұлов “Қазақ” газетінің 1916 жылғы 9 ақпанда шыққан №164 санында жарияланған “Әдебиетімізге көз салу” дейтін мақаласында әдебиет, тіл мәселелерін қозғай отырып, тілді байыту мәселелеріне үңілуге тартады.
Қазақ тілі, анықты да гибкость – икемділігінде, плавность – ағымы тегістігінде Радлов секілді түршілердің ойынша Европа тілдерінен франк тілімен тең. Бірақ қошаметіне мәз болып, тілімізді ескерусіз тастай алмаймыз, һәрдайым тіліміз үшін бар күшімізді жұмсап, ажарларымыз, байытуымыз тиіс.
Бұл пайда негізді қай жерге құрайық, жетпеген сөздерді, терминдерді, мағыналарды, әдебиетті, жаңа түрлерді қайдан алайық? Міне осы мәселелерді шешпеншілік. Соның үшін басқаларға бір көз жіберелік дей отырып, Абай Европа мәдениетіне; әдебиетіне бой ұрып, қазақ әдебиетін түрлендірді, әйтпесе ол үшін араб, ғажам жолы да ашық еді деп, Абайдың Шығысқа қатысын арнайы сөз етуді қажет деп таппайтындай байлам жасайды.
Жалпы, абайтану тарихында Абайдың Батысын басым айттық. Абай қазақ өлеңіне әкелген жаңалықтың барлығын орыс, Европа әдебиетінің ықпалы деп қана қарастырған жағдайларымыз басым болды. Абайтануда Абайдың Шығысы саяси ағартушылардың ықпалынан ұзақ жылдар бойы ұдайы шектеліп отырды. Қазіргі кезеңде, кезінде абайтанудағы “ақтаңдақтар” болып дамуға мәжбүр болған көптеген жазба дерек, тұжырым-танымға тыйым салу тыйылған кезде, Абайдың Шығысы жайлы тынымымызды кеңітуге, байытуға, дамытуға өріс ашылып отырған уақытта, сол, бір замандарда “жабық” қалған жазбалардың құндылығы арта түсіп отырғаны даусыз.
1922 жылы Абай кітабы екі қалада басылып шыққаны белгілі. Соның Ташкент басылымына байланысты сөз қозғай отырып Ғабдрахман Сағди абайтанудың бірнеше өзекті мәселесін алға қойды. Абай шығармаларының жазылу мерзімі, себептері, Абай ақындығының эволюциясы, ақынның тіл кестесі, ақындық мектебі жайлы кеңінен қозғап, сөйлеген ғалым Абайдың Шығыс әдебиетіне қатысын арнайы сөз етпегенімен, оның исламиятқа қатысын айғақтау жолында құнды пікірлер айтты.
“Және әуелде Аллаға онша жақын болмаған әлі көбірек дүние үшін, халық үшін қайғырған Абай 1989 жылдан соң Аллаға жақындап, Алланы жат етеді. Алла туралы көбірек ойлап, сол ретте халыққа Алла туралы сөздер сөйлеп, алла туралы діни үгіттер үйретеді.
1886 жылдарда Абайдың үгіті дүние, тұрмыс үшін болса, енді Алла, ахрет үшін болуға айналады. Абайдың бұл жылдан соңғы өлеңдерінде Толстой сықылды адамдардың жазған сөздерінің ізі көріне бастайды. Абай өмірінің бұл бөлімінде, шынында, қазақ халқына діни жолбасшылық сипатын көрсетеді. “Ой туралы” деген өлеңдері бәрі соған куә қылып Абай 1895 жылда “Халыққа махлұқ ақылы жете алмайды. Оймен берген нәрсеміз бәрі дәһрі” – дейді. Әм Алла туралы: “Сонда да оны ойламай қоя алмаймын” әм “Және оған қайтпақсың, оны ойламай өзге мақсат ақылға тола ма екен”, – деп өзінің енді аллаға мықтап берілгендігін аңғартады.
… “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”, – деп Абай енді дүниедегі өмірден соң тағы мәңгі жасауды, жанның мәңгілік болуын көксейді [85, 142 б.].
Ғабдрахман Сағди Абайдың дүниеге көзқарасы, Абайдағы дін жайы деген мәселеге алғаш назар аударған зерттеушінің бірі. Оның Абайдың сопылық ілімге қатысы жайлы мына бір пікірі абайтанудың күрделі бір мәселесінің ақиқатын ашу жолындағы анық, айқын пікір сияқты.
“…Абайға мұсылманшылдық дүниесіндегі сопылыққа әсер бермеген. Абай – мұндай сипатпен уланбаған кісі. Оның өлеңінен сіздер өтірік монтанылықты сезбейсіздер. Ол оны сезбейді де” [85, 143 б.].
М. Әуезовтің ұзақ жылдар бойғы Абай шығармашылығын зерттеуі жинақталып “Абай Құнанбаев” атты монография болып 1967 жылы шыққаны белгілі. Мұхтар Әуезов Абайдың өмірбаянын 1933, 1939-40, 1957 жылдары жазды. Бұл туралы ғалым Ысқақ Дүйсенбаев анық та толық мәлімет бере келе былай дейді: “Абай өмірбаянының Әуезов жазған осы үш вариантын салыстырып қарасақ, оның көп жылдар бойы іздену үстінде болғанын, жылдан-жылға Абайдың өмірі туралы жаңа деректер тауып, сондай-ақ оның ақындық өмірі жайлы жаңаша байламдар жасап отырғанын айқын байқауға болады.
1933 жылғы мен 1940 жылғы, әсіресе 1957 жылғы жарияланған өмірбаяндар арасында едәуір өзгеріс, айырымдар бар” [119, 380 б.].
Аталған монографияның алғы сөзін жазған Ысқақ Дүйсенбаев Мұхтар Әуезовтің 1959 жылғы шыққан “Әр жылдар ойлары” жинағында да Абай өмірбаянына байланысты басылымның жазушы Музей үйінде сақталған қолжазба нұсқасынан біраз айырым-өзгешеліктер барын айтты. Жалпы, абайтану ілімінің іргесін бекітіп, ауқымын кеңітіп, толық ғылыми негіздемесін жасаған Мұхтар Әуезов Абайдың туысы, ата-тегіне байланысты ғана емес, жалпы Абайды танытуда қилы заман, түрлі саяси ахуалдың салдарынан өзгерте баяндап, жаба сөйлеп кеткен мәселенің бірі Абайдың Шығыс әдебиеті, Шығыс мәдениетіне, исламиятқа қатысты мәселе екендігі белгілі.
1934 жылы “Әдебиет майданы” журналында басылған “Абай ақындығының айналасы” атты мақалада М. Әуезов былай деп мәселе қойған еді. “Бұл мақалада біз Абай ақындығы туралы ертелі-кеш айтылып жүрген әртүрлі сөздерге, әр алуан жайлардың көбіне соқпаймыз.
Біз көп тексеріліп зерттелмеген, сонылау бір саланы ғана сөз қылмақпыз. Ол Абай ақындығының, Абай шығармаларының айналасы. Ақын өзі көріп, сезіп өзі ойлап қорытқан өмір материалдарынан басқа әдебиет дүниесінен де көп бұйым алады. Абайдан қалған мұраның ішінде көп оқушыға даусыз боп айқын сезілетін сыртқы әдебиеттер белгілері бар. Ол Шығыс әдебиеттері мен Батыс әдебиетінен қосылған белгілер.
…Барлық Абай шығармалары Шығыс пен Батыстың мәдени тарихи жапсарын, ой саналақ шекараларын жүлгелей жүрген қазақ даласының бір ағыны сияқты.
…Осымен Абай шығармаларының ішінен “мен мұндалап” атой беріп тұрған Шығыс-Батыс ақындарына көз салайық. Әуелі Шығыстан бастаймыз”, –деп келіп, Мұхтар Әуезов Абайдың Шығысын тарата танытады [119, 232 б.].
Шығыс жағасынан Абай ағынына құйған тұқым сала-араб, парсы үлгісі. Шағатай поэзиясына еліктеу. Араб, парсы, түрік әдебиетінің талайын шарлап тастаған бала ақынның соларға еліктеп ғаруз уәзімі, мәд уәзімі бәйіт, жыр жазды.
Иузи раушан көзи гәуһар.
ләһилден бет үшін әкшәр…
Хұсайын Байғара, Бабур, Мұхаммед Салиқ сияқты шағатай ақындарына еліктеп өлең жазу алғаш Абайдың өлең тілінде, ұйқас ырғағын да биледі дейді М. Әуезов. Абай өлеңге келуде ең әуелі Навои, Шәмси, Сәйхалилерден медет сұраған ғой.
Бұл жөнінде, Шығыс поэзиясына сырт еліктеу жайында М. Әуезов кітапшылаған, сиыр жорға жыр қазақ поэзиясына жалғыз Абай тұсында кірген жоқ, Ыбырай, Албан Асан, Мәшһүр, Ақан сері сияқты Арқа-Жетісу ақындары және әсіресе Сыр-Түркістан ақындарынан Шортанбай бастаған Шәді, тағы басқа көп ақынның шығармаларында бұл әсер көп екендігін айтады. Соның көбінде араб, парсының өз сөздері көрінуден басқа қазақтың “дейдісін” – “дейди, “көрдісін” – “көрди” сияқты қыл созғылау көп болған. Оның барлығы сол шағатай арқылы таралған дін хиссалары немесе “Шаһнама”, “Жүсіп-Зылиха”, “Ләйлі-Мәжнүндей” дастандар арқылы кірген ғаруз уәзінің әсері. Осы тұста бұл мәселені, қазақ әдебиетіне ғаруз әсерін зерттеу, оны Абай шығармашылығымен байланыстыра зерттеу тың міндет екендігін М. Әуезов айқындап берген еді. Біздіңше, осы – өлеңге, қазақ өлеңіне, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне Шығыс әдебиеті үлгілерінің ықпалы жайлы нақтылы көркемдік зерттеу, теориялық негіздемелерге қазақ әдебиеттану ғылымы әлі де зәру. М. Әуезов сол 1934 жылғы мақаласында Абайдың бала кезде еліктеп Шығыс жағалауға көз салуы балалықтың еліктеу үлгісін тастағанымен, Абайдың өмірінің ақырына шейін шығармашылығындағы бір арқау болғандығын айтты.
“…өмірінің ақырына шейін Абай осы жағадан қол үзбейді. Абай ақындығының ішінде Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып созыла келіп, ең ақыры 1902 жылы жазылған “Алланың өзі де рас, сөзі де распен” аяқтайды. 1902 жылы Абай өлеңін сарқып кеп толғантқан жылы. Сондағы көрген түбі жаңағы өлең. Бұл мұсылман дүниесінің ортасынан шығып, өзінше бастап, өзінше таныған ақынның бір алуан “Көкей кестісі”. Шығыс поэзиясы, ислам діні деген сарынның Абай шерткен құлақ күйі соңғы аккордын осылайша қайырады. Біз ұзын шешімнің екі шетін алдық. Арадағы тұрқы тұрғыларын атап өтейік. 1887 жылы “Масғұт” пен “Ескендір” әңгімелері жырланады.
…Және “Мың бір түннен” “Әзімді” жыр қып шығады. Бұнысы мұсылман дүниесінде жайылған сөздердің қазақ оқушысына ғибрат боларлық, үлгі мәжіліс боларлық мысали өлең айтам дегеннен шыққан. Арун Рашид Халифа заманы мен “Шаһ-нама” уақиғаларын алу құр “қызық әңгіме айта салайыннан тумаған”.
Содан әрі 89 жылы “Қор болды жаным”, 91 жылы “Көзімнің қарасы” жазылады. Бұл өлеңдердің тұсында алғашқы ғаруз уәзімімен жазылған шағатайша бәйттердің жотасы қайта көрінеді. Бірақ енді ақын Шығыстағы… (сопышылдық) поэзиясының ұрығын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынан терең түсіне бастаған. Сондықтан бұдан былай олар үлгісін қорытып, өз ырқына көндіріңкіреп, баурай алып қолданады…
Шығыстағы сопышылдық поэзиясы дегенде, Шәңгерей ақындығының осы қырын айқын, жаңа бір алымда аша түскен Мақсат Тәжімұраттың ой өрісі жалпы ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі өзгеше бір құбылыс болған исламияттың ғылыми қисындарын еркін билеп-төстейтіндей. Мұның өзі әдебиеттану ғылымымыздың ендігі бір айрықша назар салар құнарлы, қатпарлы нысанын шын тануға ұмтылудың, ұзаққа тартар ғылым жөнінің бастамасы болуға әбден қақылы тым кәделі, бөлекше салмақты мәселе екендігін қабылдап, мойындайтын мезгілі жетті.
“... Алайда, бұл жердегі шеберліктің үлкен шегесі – көңілдің күркіреген жасын атып жатқан қара бұлтқа жетіп барып құшақтасуы. Сонда әлгі кірістен кеткен жебе көңілің де, асқар тауды бір уыс қылып, алмас қылыш жүзінде ойнақтаған көңілің де көңіл-күйдің осы кульминациялық сәтіне дейінгі “дене қызулар”, медитациялық алғашқы басқыштар да, көңілдің “лавалы” жанартауға барып енген жері – сол медитацияның ең жоғары шектегі ахуалы. Бұдан Шәңгерейдің ақындық қуаты софылық поэзия өкілдеріндегідей аса күшті болғандығын байқаймыз” [189, 172 б.].
“Біздің поэзиямызда ғасыр басында тұрақты тақырыптың бірі болған, бірақ қазіргі әдебиеттануымызда зерттелмей келе жатқан “көңіл” тақырыбы – алғаш Шәңгерей арқылы софылық поэзиядан келіп енген сарын десек, онша адаса қояр ма екенбіз?!” [189, 173 б.].
Ғалымның Абай мен Шәңгерейдің өлең сөзінен сопылықтың негіздерін салыстыра қарап табуы, шегі мен шетін ажырата тануы – ұзақ сырға, баянды бағытқа бастап жатқан бір бағдар.
Мұхтар Әуезов Абайдағы дін жайы қозғалған қарасөз өлеңдерді де Шығыспен байланыста қарастырды. Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ, Батысқа келгенде ол арқасын Шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келеді дейді. Абайдың Шығыс үлгісімен жазылған шығармалары негізінен махаббат жайында, көңіл-күй жайындағы, дін-құлық жайындағы жырлар деп бөледі.
Мұхтар Әуезовтің Абайдың Шығысы, Шығыс әдебиетінің Абай шығармашылығына тигізген ықпал-әсері жайлы тұжырымдары – абайтанудың астарлы, қатпарлы, жұмбағы көп, құнары мол аумағы. Кезінде М. Әуезов жасыра, жаба сөйлеуге мәжбүр болған көп мәселе оның “Абайтанудан жарияланбаған материалдар” еңбегінде шықты. Ғалым Мекемтас Мырзахметов “Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары” монографиясында Әуезовтің Абайдың Шығысына қатысты ойларына да ерекше ден қойды.
Абай поэзиясының тілін ең алғаш монографиялық еңбек деңгейінде зерттеген ғалым Қажым Жұмалиев Абай тілінің, Абайдың өлеңде қолданған сөзінің бірнеше арнасын қарастыруда араб, парсыдан енген сөздерге де арнайы тоқталып, кең қарастырады.
“Абай сөздіктерінің екінші бір арнасы – араб, парсы тілдерінен кірген сөздер. Мұсылман мектебінде оқып, дін кітаптарын көп аралап, шығыс тілдерінде жазған классик әдеби мұраларды да терең зерттеп, бір кездерде оларға еліктеген ақынның сөздерінде араб, парсы сөздерінің кездесуі таң қаларлық нәрсе емес. Басқа тілдерден кірген сөздермен салыстырғанда бұл екі тілден кірген сөз, сөйлемдер анағұрлым көп” [17, 160 б.].
Қажым Жұмалиев көрсетуінде Абай өлеңдері мен қара сөздерін қоса алғанда араб, парсы тілдерінен 374 сөз қолданыпты. Мұның 162-сі өлеңдерінде, қалған 212 сөз әңгімелерінде кездеседі. Бұлардың бірқатары термин: әдебиет, ғылымдық, философиялық және діни ұғыммен байланысты сөздер.
Абай заманында шет тілдің, соның ішінде араб, парсы сөздерінің қазақ тіліне көп араласуының бірнеше тарихи-әлеуметтік алғышарт, себептері болғаны белгілі. Қазақ арасына ислам негіздерінің мектеп, медресе арқылы оқтылуы, сол тұстағы шағатай түрік, татар тілдерінде басылып шыққан кітаптар. Қазан баспасынан 1801 жылдан бері шыға бастаған кітаптардың көпшілігі шағатай, түрік тілдерінде басылды. Дерек көздеріне сүйенсек, “Ахуал, Шыңғысхан және Ақсақ Темір” (1819), “Шежіре түрік” (1825), “Ақыр заман кітабы” (1857), “Бабыр нама” сияқты кітаптар хат танымайтындарға жартылай ғана түсінікті тілмен басылған болатын.
“Абай кезінде шағатайшылау, парсышылаудың үстіне және татаршалау (татаризм) келіп қосылды.
…Сөйтіп, шағатай сөз құрылысы, араб, парсы, татар тілі, қысқасы, әралуан тіл, сөз, сөйлемдермен қазақтың әдеби тілі шұбарланып, бұл салтқа айнала бастаған кезде Абай әдебиет майданына шығып, қазақ тілін бұзушыларға қарсы күрес ашты. Ана тілін аса қадірлеп, таза сақтауға күш салды. Тіл тазалығы жөнінде де ұлы ақынның орны ерекше [17, 174 б.].
Абайдың шығармашылық тіліне Шығыс әсерінің мәнді, өзгеше бір қырларын тілші ғалымдардың қарастыруында да құнды байламдар аз емес.
1934 жылы “Әдебиет майданы” журналында Құдайберген Жұбановтың “Абай қазақ әдебиетінің классигі” атты мақаласы жарияланды. Абайдың ұлт тарихындағы, қазақ әдебиеті тарихындағы орнын дүние, өркениет елдерінің, түрік елдерінің тарихындағы айтулы тұлғалармен салыстыра, жарыстыра отырып, абайтануда аса айқын тұжырымдар жасаған елеулі еңбек еді бұл.
“Сөйтіп, Абайды көрші елдердегі замандастары, бастастарымен салстырғанда, ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін, ақындық күшін алғанда, Абай бәрінен де озат шығады. Өйткені ол кезде таза қазақ тілімен жазып, ол жазғанын классикалық әдебиет деңгейінде шығарған адам болған жоқ” [121, 16 б.].
Құдайберген Жұбанов сол Абай дәуіріндегі Ресей империясы қарамағындағы елдердің ішінде Армения мен Грузияны бөлек қойғанда, басқа батыс елдердің өткенін шолып қарағанда, ең озығы Қазан татарлары. Еділ бойын басқан ескі фанатизм тұманынан алғаш сәуле берген Абай мен бастас екі-ақ адам болғанын, бірі – Шеғабуддин Маржани, екіншісі – Қаюм Насыри екендігін айтады.
Насыри – ескі түрік кітаптарындағы шағатай үлгісін жойып, татар әдеби тілін Қазан төңірегінің сөйлейтін тілінше құруға ең алғаш еңбек сіңірген адам. Қ. Жұбанов бірақ сол Насыридің “таза татаршасы” да Абайдың қазақшасындай таза бола алмады дейді. Оның өзі араб-парсы сөздерін көп кіргізген шұбар тіл болатын.
Қ. Жұбанов Абайдың суреткер ақындық алымын былай қойып, әдеби тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін алсақ та, ақымыз кететін түгі жоқ деп жазды. Алғаш “Мұхаммәдия” ізімен түрік тілінде жазып жүріп, бері келе Европа үлгісіне түскен, сөйтіп татар өлеңі тарихында жаңа дәуір ашқан Ғабдулла Тоқай “Қан сонарда бүркітші шығады аңға” жазылғанда туған да жоқ еді дейді.
“Қырымда Россия пантюркизімнің атасы Смайыл Гаспринский “Тәржіман” газетін шығарды. Оның тілі біраз жөңілтіп алған Оспан түркінің тілі еді” деген түйінінде де Құдайберген Жұбановтың Абайдың тарихи орнын айғақтаудағы қазіргі тұғырнамасы айқын көрінеді.
Құдайберген Жұбанов Абайдың 1857 жылы жазылған екі өлеңінде шағатай әсері айқын болғанымен, сол шағатайша жазылған 1864 жылғы өлеңде ол шағатайшылықтан құтылып, арылып шығуға бет бұрғанын көрсетеді. Абайдың Шығысы деген мәселеде Құдайберген Жұбановтың Абайда шағатай әдебиетіне тән әсіре мистицизм, сопышылдық жоқ деген пікіріне келтірген дәлел, дәйегіне тереңдей түссек, біраз мәселенің басы көтерілетін сияқты. Құдайберген Жұбанов Абайдағы дін, дүниетаным жайын қысқа қайырғанымен, әлгі пікірлердің астарында, аржағында біраз салмақ жатыр. Бұл жерде ғалымның Абай ғаруз өлшемінен де қол үзіп кетті.
1864 жылдан кейін Абайдан шағатай ықпалын іздеу бос әуре дегені – әрине, Абай шығармашылығында Шығыс ықпалы, Шығыс ізі жоқ деп айтқандай қабылданбаса керек. Тіпті, үзілді-кесілді айтылғандай “Абай Шығыс үлгісін көрмей, білмей, аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, одан шығып, тастап кеткен ақын” деген тұжырымның өзі Абайдағы Шығысты жоққа шығарған пікір емес.
Сәбит Мұқанов Абайдың Шығысқа қатысын абайтануда аса көп сөз болмаған. Абайдың қазақ тарихына байланысты танымымен сабақтастықта қарастырады. Абайдың “Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы” деген еңбегі оның қазақ тарихын жазу мақсатын көздегенін көрсетеді дейді.
Бұл еңбекте Абайдың қазақ тарихы туралы мағлұматы мол екендігі, Шығыс және Батыс тарихшыларының қазақ туралы жазған еңбектерінің көбін оқығаны, оған өзіндік көзқарасы болғандығы көрінеді дейді С. Мұқанов.
“Оның Шығыс тарихшыларын, Мұхаммед-Хайдар Дулатиді, Абылғазы Баһадүрханды, “Тыбри”, “Тарих ғұлуми”, “Бабырнама” сияқты араб, парсы және түрік тілінде жазылған тарихи кітаптарды оқығандығы; Шығыстан да, Батыстан да оқыған кітаптарын қазақ шежіресімен, қазақ фольклорымен салыстырып отырғандығы “Қазақ” деген сөздің қайдан шыққандығы туралы пікірінде, қазақтың моңғолға бағыну туралы айтқан пікірінде айқын көрініп отырады” [125].
Абай шығармаларының тілдік өріс, әлемін зерттеуде тыңғылықты, тындырымды, орасан ауқымды еңбек атқарып келе жатқан ғалым Рабиға Сыздықова Абайдың сөйлем құру, сөз құрылысындағы Шығыс әдебиетінің ықпалы жайлы былайша нақты тұжырымдар жасайды. Абай қара сөздерінің тілін зерттеудегі мына бір құнды қисындарға назар аударалық.
“Абай прозасында сөйлемдердің табиғи тәртіппен дұрыс құрылуы нормаға айналған деп санаймыз. Бұл құбылыс Абай кезеңіндегі өзге жазба дүниелер тілімен салыстырғанда айқын сезіледі. Бұл – Абайдың қазақ жазба тілінің прозадағы нормаларын белгілі бір жүйемен дұрыс қалыптастыруына саналы түрде қызмет еткенін көрсетеді.
Абайдың прозалық тіліндегі және бір ерекшелікті айтпай кетуге болмайды, ол – толықтауыш бағыныңқы етіп ұсынылуға тиісті сөйлемнің баяндауышы ашық райда келіп, мағына жағынан сабақтас, ал тұлғалануы жағынан салалас сияқты болып және бағыныңқы компонент басыңқыдан бұрын келіп құрылған сөйлемдер. Мысалы:
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын…
“Қара сөздерде” бұл типтес сөйлемдер 5-6 жерде кездеседі. Абай шығармашылығы мен тіліне көп үңіліп, көптеген құбылысты жақсы байқап, құнды пікірлер айтып кеткен үлкен ғалым Құлмат Өмірәлиев прозаик Абайдың осындай құрылымды сөйлемдерін шағатай тілінің, яғни орта ғасырлардан келе жатқан түркі жазба дәстүрінің көрінісі деп шамалайды [120, 169 б.].
Р. Сыздықова Абайдың сөз өрнегінде кездесетін араб, парсы, т.б. шығыстық тіл үлгілерінің белгілібір функциональдық , стильдік қызметі жайлы мейлінше нақты, мейлінше ғылыми тұжырымдама жасаған, үздік ғылыми ойларымен абайтанудың теориялық негіздемелерін толықтырып, байыта түскен сирек ғалымның бірі. Абайды тануда ешкім де қайрылмай өте алмайтын құнды зерттеулер иесі.
Абай және Шығыс әдебиеті мәселесінде ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың да аса елеулі пікірлер айтқанын есте ұстауымыз керек.
Абайтану мәселесінде көп уақыт орын алып келген үлкен бір кемшілік – ақынның шығысқа қатысын “күні біткен”, “кертартпа” құбылыс ретінде бағалау болғандығын айта келіп Ә. Қоңыратбаев Абайдың Шығыс желісіндегі шығармаларына тоқталуында оның сол шығармалар арқылы қазақ әдебиетінде сюжетті поэмаларының үлгісін ашады дейді [18].
Абайдың Шығыс әдебиетіне қатысы жайлы ғалым Сейіт Қасқабасовтың “Ескендір” поэмасының сюжеттік негізі” атты зерттеуінде жаңа байламдар барын атап айту қажет. Ғалым жалпы ғана, Абай Шығыс желісінде, нәзира дәстүрімен жазған мәселе деп айтылып келе жатқан Абайдың “Ескендір” дастанына жаңаша пайыммен қарауға тартатын тың таным ұсынады.
“Қазақ әдебиеттану ғылымында Абайдың поэмалары сөз болғанда “Ескендір” поэмасының сюжеттік негізін Низамидің “Ескендір” поэмасына телиді. Шынында да солай ма?
…Абай өз поэмасының сюжетін Низамиден алмаған. Низамидң “Ескендір-намасын” біле тұра ол өз ойын, көзқарасын білдіру үшін Батыс пен Шығысқа кең тараған Ескендір бейнесі мен ол туралы шығармаларды басқаша пайдалануға тырысып, басқа материалдар іздеген және солардың ішінен өзіне керегін тапқан” [121, 226 б.].
Сейіт Қасқабасов Шығыстағы Ескендір тарихы арқау болған шығармаларды жеке-жеке тоқталып, мазмұндай келіп, Абай жазған “Ескендірде” олардағы оқиға желісі жоқ екенін атап көрсетеді. Ғалымның тұжырымдауында бұл мәселенің қисыны мынадай: “Сонымен, ертеде қазақ арасында айтылып келген қос мүйізі бар Ескендір мен өлмес су іздеген Ескендір жайындағы әпсана-хикаяттардың сюжеттік негізі екі кітап болғаны анықталды. Бірі – Низамидің “Ескендір-намасы” да, екіншісі Рабғузидің “Қисса-сұл-әнбиясы”.
Ал жоғарыда айтқан үшінші, яғни жұмаққа тап болып, сыйға адамның бас сүйегін алған Ескендір туралы баяндайтын сюжеттің тарихы қандай деген сауалға келсек, ол ежелгі дәуірдің аса құнды жазба ескерткіштерінің бірі – “Талмуд” кітабына апарады. Дәлірек айтқанда, оның “Агада” деп аталатын бөлімінде кездеседі…
Осы жайды таратып айта келіп Сейіт Қасқабасов мынадай тұжырым жасайды: “Сонымен “Ескендір” мен (Абайдың “Ескендірі”–
Достарыңызбен бөлісу: |