Мәдібаева қанипаш қайсақызы



жүктеу 1,9 Mb.
бет19/22
Дата17.01.2020
өлшемі1,9 Mb.
#27023
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
Қ.М.) Талмуд әңгімесінің желісі бірдей болып шықты. Ендігі туатын сұрақтар: Абай бұл сюжетті қайдан және қалай алды?..

…Сөйтіп, Ескендірдің жұмаққа барып, қу бас алып қайтқаны туралы ежелгі Талмудтағы сюжет ХІХ ғасырда орыс әдебиетіне келген [121, 235 б.].

Сөйтіп, ғалым Абайдың “Ескендірі” Жуковскийдің “Талмудтан” алып жазған шығармасымен ұқсас деген тұжырым жасайды. Абайдың Ескендір бейнесін Шығыс классиктерінен басқаша бейнеленгенін айтады. Осы тұста Абайдың “Шығысым – Батыс, Батысым – Шығыс болып кетті” дегені еріксіз ойға оралады. Жеңіл-желпі, жел сөз болып емес, әріге үңіле түсуге, Абайдың жұмбағын ендігі кезекте тек қана оның ақындығының айналасынан ой көзімен, ғылым сөзімен ашып, қисындауға тартатын салмақты, жауапкершілігі мол, ауыр сөз болып көкейде тұрып алады.

Сейіт Қасқабасовтың мына түйіні осы ойға және бір түрткі болған еді. “…Біздің көздегеніміз – жаңа материалдар мен ізденістердің негізінде Абайдың “Ескендір” поэмасының сюжеттік түп-төркінін табу еді. Осы тілекті орындау барысында тағы бір көзіміз жеткен нәрсе – Абайдың нағыз ұлыларға лайық диапазоны. Ол орта ғасырлардағы Шығыстың та, Батыстың да ұлы классиктерін білумен бірге көне дәуірдің жазба ескерткіштерін және жаңа замандағы аса көрнекті ақын-жазушылардың творчествосын бүкіл болмысын жақсы таныған. Олай болса, Абайдың “Ескендір” образына баруы кездейсоқ нәрсе емес.

Шығыста Фирдоуси, Низами, Джами, Науаи; Батыста Лампрехт, Ламберу, Берн, Шатильонский, Исамиссо; ал Ресейде Жуковский жырлаған Ескендір Абайды да қызықтырған”.

Бұл жөнінде ғалым Жұмат Тілепов те академик Зәки Ахметовтің
В.А. Жуковскийдің аталмыш тақырыпқа жазған повесімен Абай поэмасы болмашы бір детальдары болмаса негізінен сәйкес келетіндігіне көңіл бөліп, Абайдың орыс ақынының шығармасын білгені анық дегені ойландырарлық пікір деп, “Ескендірді” жазуға көп дүниені саралап отырып келген Абайдың Жуковскийді назарда ұстауы әбден мүмкін деген пікір айтады [35, 271 б.].

Рахманқұл Бердібаев Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысын тарата айтқан, Шығыс әдебиетінің білгірі есебінде өзіндік тың ойлар ұсынған ғалымның бірі. Р. Бердібаевтың Науаи мен Абай арақатысы туралы мына түйіні жанды пікір. Түркі тілді әдебиетті жан-жақты байытқан Әлішер Науаидың ғазалдары да, дастандары да Абайдың терең тексеріп, оқыған шығармалары болады. Әлішер қаламынан туған “Хамсада” тұнып тұрған аңыздар: мифтер, шежіре-тарихтар бар еді. Олардың әсері кейіннен Абайдың өлеңдері мен дастандарында, қарасөздерінде тиісті көрініс берген…

Күншығыстың ұлы шайырларында бір тақырыпты қатарласа, жарыса, бірінен екіншісі өзара жазатын дәстүр ежелден бар. Соның бірі – Хамса жасаудан көрінетін… Осындай дәстүрге Абай да қол артуды ойлаған тәрізді деген ойларына ғалым Абайдың “Ескендірін” дәлел етеді. “Ескендірде” Абай жаңаша көркемдік шешім жасаған дейді.

Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов Абайдың Шығысқа қатысты өзі көп сөз қозғаған жайынан мынадай бір пікірге назар аудартады.

Ол – Абайдың Шығыс ғалымдары еңбектеріндегі өлеңдегі ғаруз уәзіні жайлы теориялық негіздемелермен таныс болғандығы.

“Абай Шығыс пен Батыстың, әсіресе ХІХ ғ. орыс әдебиетіндегі эстетикалық ойдағы күрестер тарихымен таныс болуымен қатар, ол туралы өзіндік ой-пікірі, эстетикалық талғамы қалыптасып орныққаны оның көркемөнер туралы көзқарасы мен қазақ өлеңдерінің құрылысына қосқан жаңалықтарынан да анық байқалады” [121, 268 б.].

Абайдың Шығыс әдебиетінен алғаны туралы профессор Бейсембай Кенжебаев еңбектерінде Абайдың Семейдегі үш жыл мұсылманша оқуының айрықша ықпалы туралы ашып айтылады. Қаладағы оқудан Шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға ендігі тәрбиеші ұстаз халық қазынасы болды дейді ғалым.

Зерттеуші Уәлихан Қалижанов Абайдың Шығысқа қатысының аса елеулі бір қыры исламият мәселесі жайлы былай деп жазды: “Ол үш-ақ жыл медреседе оқып, ислам мәдениеті жайлы, дін жайлы, соңғы абзал пайғамбар Мұхаммед (Ғ.С.) туралы, сонымен бірге, Алланың бірлігі, барлығы, “Құран Кәрімнің” шындығын дәлелдейтін құнды пікірлер жазып қалдырған данышпан” [54, 144 б.].

Философ ғалым Ғарифолла Есім Абайдың ислам діні, ислам мәдениетімен қатысы жайлы Абайдың дүние танымы жайлы “Хакім Абай” еңбегін жазды. Мұнда Абайдың Шығысы мәселесі жаңа бір толғамдармен ашыла түсті [...].

Абай танымындағы кемелдік кезеңдер жайлы профессор Ханғали Сүйіншәлиев әрдайым ойлы, танымдық пікірлер айтып келеді. Абайдың Шығыс өркениетіне қатысы, оның қайсыбір құбылыстарына сыншылдықпен қарауы жайлы ғылыми пікірлері дәлелсіз, қисынсыз емес. Ойға, пікірталасқа бастайтын тұжырымдар.

“Шығыстың, әсіресе, мұсылманшыл әдебиетінде (қисса, хикаялары мен дана дастан-намаларында) адамның мүмкіншілік пәрменінен тыс зор күштер араласқан ұшы-қиыры жоқ қияли өмір көріністері утопиялық романтикаға негізделген-ді. Адамның жаны тәнінен ажырап фани дүниенің армансыз қызығына, мәңгі бақытқа қол жеткізу арман аясы баяндалатын. Бұл саладағы әдебиет, оқу-ілім, білім де бір Алланың жазмышына бой алдыратын. Шығыс мәдениетіндегі осындай бірбеткейлік ерекше дарын иесіне, Абайдай кемеңгерге өмірлік үлгі бола алған жоқ…” [22, 874 б.].

Абай шығармашылығының Шығысқа қатысын арнайы қарастырмағанымен, ғалым Алма Қыраубайқызы орта ғасырлық түрік әдебиетіндегі нәзира дәстүрінің, қисса-дастан жанры үлгісінің Абайдың ақындық әлеміне де өзіндік ықпалы болғанын атап өтеді.

“Қазақ қисса-дастандары ХІХ-ХХ ғасыр басында қалыптаса келіп, поэма, повесть, роман жанрының тууына негіз болғанын көреміз, Абай поэмалары: “Ескендір”, “Масғұт”, “Әзім әңгімесі”, Мағауия Абайұлының “Медғат-Қасым”, М. Сералиннің “Гүлкәшимасы”, біздің ойымызша, қисса-дастан дәстүрі бойынша жазылып, бірақ қиссалық тұрақты ерекшеліктерден ажырай бастаған дастандар” [57, 140 б.].

Осы тұста Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысына қатысты мына бір жайды да айтқан жөн. Абай өзінің ақын шәкірттерінің барлығын дерлік алғаш өлеңге ұлттық дәстүр өз алдына, Шығыс поэзиясының үрдісімен де баулыған деуге толық негіз бар. Ақылбай мен Мағауия, Шәкерім, Әріп шығарған дастандар осының айғағы.

Шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаев Абайдың “Кабуснамаға” қатысы, парсы, түрік әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармашылығымен үндестік, байланысы жайлы көптеген құнды пікірлер айтты.

Абай ақындығының айналасы мәселесінде “Абай және Шығыс” атты арнайы монографиялық еңбек жазған шығыстанушы-ғалым Өтеген Күмісбаев Абайға қай әдебиет әсері айқын болғанын (Шығыс па? Батыс па?Қ.М.) айқындай түсуге дәйек болар дәлелдер келтіреді.

“Спенсер, Дреперді үңіле оқып, Пушкин, Лермонтовпен сахарада жалғыз жарысқан Абай сөзі дүниеге тарап кете барды”, – деп, ақындықтың қуатты алымына басыбүтін құлаған зерттеуші кей тұста Мұхтар Әуезов кезінде тартына сөйлеуге мәжбүр болған Абайдың Шығысы жайлы ұғым көкжиегін көтере түсетін зерделеулерге барады.

Әріден, Батыс әдебиетіне Шығыс әсерін қозғап келіп, Абайдың Шығысын аша түседі.

Сол негізде Абайдың Күншығыс пен Күнбатыс туралы айтқаны қаныға түседі.

Ойшыл Абай, сергек Абай, сезімді Абай мүлде Батысқа бұрып кетпеген… Ұлылығы ұштасып жатқан Қос дүниенің құнын Абай білмей кім білер… нәрі мен барын Абай өзі татып көрді. Ғажабына ұйыды.

Шығыс сарыны Байрон мен Гетеге, Пушкин мен Лермонтовқа жат па еді?!! Абайға барымен жетті. Барымен қонды. Сіңді.

Бұл – ақиқат.

“Байронның “Гяурі” мен “Абидос қалыңдығы” поэмаларында шығыс сарыны басым болатын. Байрон мен Гетенің шығыстық тақырыбын
ХІХ ғасырда Россияда Пушкин одан әрі жалғастырды. Шығыс мотивтері Пушкин поэзиясында да аз ұшыраспайды. Ақынның лирикалық өлеңдерінде, “Руслан мен Людмиласында”, “Бахшасарай фонтанында”, “Құранға еліктеуінде” шығыстық образдар, мотивтері, әуен-саздары жиі кездеседі. Шығыс мәдениетіне Пушкинді ең алғаш қызықтырған “Мың бір түн” болатын. Шығыс пен Батысты қатар қою арқылы Пушкин өзінің тарихи көзқарасының аса ауқымды екендігін дәлелдеген еді. Сөйтіп, Европа әдебиеті Гетеге дейін де, кейін де шығыстың сюжеттермен, персонаждармен айналысып келеді.

Қазақ топырағында Шығыс мәдениетіне алғаш бой ұрғандардың бірі Абай еді. Ә дегеннен бала Абай Шығыс поэзиясына, аңыз, дастандарына құмартты.

…Байрон, Гете, Пушкин көз салған Шығыс тарихы мен мәдениетіне Абай да соқпай кете алмайды. Бұл жайдың Абайдың педагогикалық, эстетикалық, философиялық, тұжырым-трактаттарынан, махаббат лирикасынан байқау қиын емес [49, б.].

Ғалым Абайдың өлең үлгісіндегі күні-бүгін арнайы айтылмаған парсы-тәжік поэзиясының іздері жайлы ой тастайды. Оның айтуындағы парсы-тәжік поэзиясындағы 10-30 жолдан тұратын бір ұйқасты өлеңге арабтың классикалық поэзиясының бір түрі – қасиданың әсері жайлы тұжырымдары қазақ өлеңінің, Абай өлеңінің табиғатын ашуға да тарта түсер қисындар. Абайдағы бір ұйқаста өлеңдер жайлы М. Әуезов, Қ. Жұмалиев пікірлері белгілі.

Ө. Күмісбаев әл-Фарабидің әдебиет теориясына қатысты еңбектерінен бір үзік ой ұшын тартып отырып та Абай поэзиясын танудың жаңа бір алқабына қарай бастауға ұмтылады.

Ғалым Абай шығармашылығындағы Сағди әсерін арнайы қарастырады.

Зерттеуде бұрын Абайдың ақындық кітапханасына қатысты айтылмаған деректер бар.

Ал, Абайдың Шамсаддин Самидің 10 томдық “Каумус аль-ағлам” атты араб, парсы, түрік тіліндегі сөздігін оқып, қолына түсіруі ұлы ақын талантына жаңа бір қырынан көрсететін секілді.

… Абайдың сол кезде-ақ ертеде қыпшақ даласында саяхатта болып кеткен бірқатар араб жылнамашы, тарихшыларының туындыларымен таныс болуы ақындық тұлғасын одан сайын биіктете түседі. Сайып келгенде, Абайдың Шығыс аудармаларын жинаған кітапханасын зерттесе көп олжаға байыттырған болар еді.

…Абай он үш жасында Шығыс шайырларына еліктеп өлең жазса, алпысқа тақап қалғанда жазған қарасөздерінен Науаидің “Сүйікті жүректер”, “Сағдидің “Гүлстаны” әсерлерін байқауға болады. Мәселен, Абайдың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлысы” газел формасымен жазылған. Шығыс поэзиясынан келген өлеңнің бұл формасы жалғыз махаббат лирикасында қолданылып қоймай, басқа азаматтық, әлеуметтік тақырыпта да қолданылғанын байқаймыз. Жалпы, газель, рубаи, аруз, месневи секілді Шығыс поэзиясына тән өлең формаларының қазақ әдебиетіне Абайдан бұрын енгені хақ. Бұл формалар ең әуелде жазбаша әдебиеттен орын тепкен…

Абайдың ақындық айналасы абайтанудың алғашқы кезеңінен бері қарай сөз болып келе жатқанымен, аса ілгерілеп, абайтануда аталып кетіп отыратын Батыс, Шығыс дүниетаным, тарих, мәдениет, әдебиет негіздері жатқан еңбектерге әлі де осылай “тіс батыруға” құлықсыз екендігіміс рас.

Абай тақырыбын қозғаған белгілі ғалымдардың қай-қайсысы болсын Абайдың Шығысқа қатысын белгілібір дәрежеде қозғап отырды. “Абайтанудың өзекті мәселелері” зерттеуінде академик Серік Қирабаев абайтанудың ендігі міндеттерінің ішінде оның Шығыспен қатысы туралы мәселелерді де тереңдете зерттеу қажеттігін айтады [25].

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі ілім абайтануда Абайдың айқын ақындық өнеге мектебі болған Шығыс мәселесі күні бүгінге шейін әр қалыпта, әр қырынан зерттеліп келді. Атап айтқанда: Шығыс әдебиеті үлгілерінің Абай поэзиясының сөздік қорын байытудағы орны, Абайдың өлең өлшемін жасауға тигізген ықпалы; ақын шығармаларындағы тәрбие, мораль мәселесіне байланысты желілердің өрістеріне әсері; Абай дастандарының оқиға желісіне негіз болуы; Шығыс философиясының Абайдың исламиятқа қатысты көзқарастарының айқындалуына, Абай дүниетанымына тигізген әсері; Абайдың ақындық дәстүрінің қалыптасуындағы орны; Абайдың Батыс мәдениетін танып, бағалаудағы Шығыстық ұстанымдар, т.б.

Абайдың Шығысқа қатысын айтуда қазақ әдебиеттану ғылымы ұзақ жылдар бойы түрлі шектеулердің, саяси ахуалдың ыңғайымен үстірт бағалаулармен тоқталып өтуді бастан кешті. Ендігі кезеңде Абайдың Шығыстан алғаны орасан мол екендігі, Шығыс мәдениетінің Абай шығарма-шылығының ғұмыр бойғы құнарлы азығы болғандығы жайлы сонау бір қысталаң уақыттардың өзінде “Абай Шығыстық жағалаудан өмірінің ақырына шейін қол үзген жоқ” деп табандылықпен, үлкен ғылыми таныммен айта білген ғұлама Мұхтар Әуезовтің ұстанымы тағы да көкейтесті, тағы да ғылыми айғақтауды, аша түсуді күтіп жатқан өзекті, зәру ғылыми мәселенің бірі болып отырғанын үнемі есте ұстау қажет.

Мұхтар Әуезовтің атап көрсетуінде Абайда Шығыс үлгісімен жазылған өлең аз емес. Әуелде “Юзи раушаннан” бастаған ақын өмірінің ақырына дейін де қайсыбір шығармаларын таза шығыстық үлгіде шығарып отырған.

Мұхтар Әуезов бұл жөнінен былай дейді: “Сонан әрі 89 жылы “Қор болды жаным”, 91 жылы “Көзімнің қарасы” жазылады. Бұл өлеңдердің тұсында алғашқы ғаруз уәзімімен жазылған шағатайша бәйттердің жотасы қайта көрінеді…

“Көзімнің қарасындағы”:

Сенсің – жан ләззаті,

Сенсің – тән шәрбәті,

Сұлуды сүймәнлік –

Пайғамбар сүндеті –
деген сарын да шығыстан келіп тұрған леп. Тақырып махаббат болғанмен не қазақ, не Европа үлгілеріндегі, махаббат жыры емес. Сүйіспеншілікті тағдыр жазған, ол адам жанын жуып, шәйіп тазартады. Денең қорлық көреді, зар шегеді. Сол арқылы жаның тазарады.

Тазарған жанмен құдайыңды, иеңді танисың деген сопы ақындардың махаббат пәлсапасы бұл арада екі ұдайсыз, шіркеусіз ашық көрініп тұр. Соған орай тілдегі – “зұлым”, “бек бітті”, “ләззат”, “шәрбат”, сияқтылар қиыстырылған.

Бұлардағы ұйқас пен ырғақ та өзге қазақы өлеңдей емес. Осы өлеңге арнап ақынның бәйіт күйіндей күй шығарып, қырлап өзгеше сөзбен айту да еске аларлық нәрсе” [119, 235 б.].

Мұхтар Әуезов Абайдың 1894 жылы жазылған “А, құдай бере көр”, “Алланың рахметін”, 1895 жылғы “Ылай суға май бітпес қой өткенге”,


1902 жылғы “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” өлеңдерін Абайдың діншілдік өлеңдері деп атайды.

“Хор болды жанымды” араб, парсы сопыларының үлгісімен жазылған өлең дейді. Шығыс үлгісімен жазылған өлеңдердің уәзіні – ғаруз үлгісі. Ырғағы – бәйітше.


Фзули, Шамси, Сәйхали,

Навои, Сағди, Фирдоуси,

Хожа Хафиз-бу кәммаси

Медет бер я шағири фәрияд! –
деп, Шығыстағы ірі ақындардан медет тілеп өлеңге келген Абай алғашқы сүйіспеншілік жырын да кітапшалап жазған еді.
Әлиф дек ай йүзіңе ғибрат еттім,

Би-бала-й дертіңе нисбәт еттім…
Абай шығармашылығының бар табиғатын мейлінше сұңғыла таныммен, ықтияттап, ыждаһатпен зерттеп, зерделеген Мұхтар Әуезов Абайдың терең сезім, идея, мазмұн жағынан түгелімен шығыс ақындарының ықпалына берілмесе де, өлең құру шеберлігі, түр жаңалығы жөнінде көбіне Навои шығармаларынан үлгі іздегенін, Навои ғазелдеріне еліктегісі келгенін айтады.

“Атақты “Чар-диуан” Навои лирикасының өзгеше бір сарасы. Оның төрт бөлімінде адам өмірінің балалық, жігіттік, орта жас, кәрілік кезінің мұң-сезімі баяндалады.

М. Әуезов Абайдың жас кезіндегі өзі атаған шығыстық өлеңдері осы “Чар-диуанның” жігіттік дәуірін, нәзіктік нақыстарын жырлаған үлгілеріне келеді дейді. Навоидың түр жағынан қиын, қызық ырғақ-үлгі мол. Өлең шумағы, тармақ саны бойынша бөлінетін түрлері мынадай болып келер еді: ғазелдер ішінде “мүстәзәт”, “мұхамес” (бестік), “мүсәддес” (алтылық), “мүсәммән” (жетілік) деген шумақ өлшеулер. Екі жолдан ұйқасатын “мүснәуи”, төрт жолды “рабаят”; кейде егіз екі жолдан қосылып, ұйқасты сөздермен мазмұны бірдей жұмбақ, аса шебер құрылатын “мүәмме” үлгісі бар. Абай “Әліфби” өлеңінің әр жолын араб алфавитінің ретімен тізгені белгілі. Навоиде де сондар әліп би ретімен тізілген ғазелдер болған.

1895 жылы Әбдірахманның қазасына байланысты қайғыға батқан Абай “Лай суға май бітпес”, “Өлсе өлер” өлеңдерін шығарады. Мұнда Абай Алланы тануға; Аллаға илануға тұтас бұрылған қалыпта көрінеді.

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

Мені” мен “менікінің” айрылғанын

Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес…
Абай дін жайын, адамның жаратылыс сырын өлеңде де, қара сөзде де көп қозғаған ойшыл. Ол шығармаларда ислам дүниетанымы, ислам негіздері жатқанын арнайы, кең, әрідегі ғылыми негіздерді, исламның ғылыми, танымдық қағидаларын ескере отырып, ендігі кезеңде соны пайымдаулар жасаудың қажеттілігі айқын сияқты.
Көңілге шек шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын,
Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.
1898 жылы жазылған өлеңі “Өлсем, орным қара жер” М. Әуезовтің түйіндеуінде Абай өмірінің соңғы шағының үлкен қорытындысы.

1902 жылғы “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген өлеңінде де ақын дін, исламият жайын қорғайды. Адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүюге тартады.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.
Абайдың Шығыс әсерімен жазылған шығармалары – оның “Масғұт”, “Ескендір”, “Әзім” дастандары. Бұлар негізінен шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылған.

“Масғұт”. Бұл шығарманың уақиғасы, тақырыбы шығыс халықтарының аңызынан алынған. Масғұт Бағдат шәһарында тұрады. Заманы Һарон Рашидтің билік еткен тұсы. Масғұт діни аңыздарда жүретін Қыдырмен кездеседі. Масғұт бірнеше ерекше халдерге, уақиғаларға ұшырап барып, үлкен адамгершілік сапаға ие болған жан. Масғұттың Қыдыр қария ұсынған үш жемістің бірін таңдауында да көп астар жатыр. Біздіңше осы шығарманың арғы негіздерін Абайдың “Ескендірін” зерттегендей індете қарастырса, тың, тосын қисындарға жол ашылар еді. Қазірге шейінгі “Масғұттың” ұғындырылып, бағалануы әлі де толық еместей. Оның түп-төркіні қазақ арасына ХІХ ғасырда кең жайылған шығыстық желілердің қай арнасынан іздестіру қажет деген мәселе абайтанудың ендігі дамуында сұранып тұрған мәселенеің бірі сияқты. Бұл жерде мақсат кезінде Мұхтар Әуезов айтып кеткен құнды қисындардың бағасын түсіру емес екендігі белгілі. Тек сол түйіндерді тереңдетуге ұмтылыс жасау міндетінің толғағы жеткен сияқты. Мәселен М. Әуезов кезінде “Ескендірге” байланысты айтқан мына бір пікір “Ескендірнаманы” кең қамтып зерттеген кейінгі еңбектерде (Мәселен, 1 тарауда келтірілген С. Қасқабасов зерттеуіҚ.М.) жаңа бір қисындармен өрісін жайып, өзгеріске түсті емес пе?!

“Ескендірді, соңғы тапқан деректерімізге қарағанда, Абай Ескендір жайындағы аңызды, түгелімен сол Низамидің “Ескендірнамасынан” алған
[119, 179 б.].

“Мың бір түннен” алынған “Әзім әңгімесін” де зерттей түскен жөн.

Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов Абайдың Шығыс поэзиясының үлгісін пайдалануын сөз еткенде оның Шығысқа қатысының әр кезеңде әр түрлі дәрежеде болғандығын ескеру қажет дейді.

а) Алғаш жазған өлеңінде ғаруз өлшемін Абай ақындық тезге салмай-ақ сол қалпында қолданған. Үйрену, еліктеу машығынан туған шығармалар.

ә) 44 жасында жазған “Білімдіден шыққан сөз” өлеңінде түрки ғаруз уәзініндегі ұйқас түріне қайта назар аударады. Сегіз шумақ өлеңнің барлық жолдары жеті буынға құрылып, бірінші шумақтан басқа шумақтар “а-а-а-б” тәрізді көне түркі поэзиясы ұйқасымен беріледі. Шумақ аралық желілі ұйқас өріледі.

б) 45 жасында жазылған “Келдік талай жерге енді” өлеңінде де көне түркі поэзиясындағы сирек ұшырасатын өлең өрнегі мен қазақтың ұлттық тума үлгісінің аралығынан туған жаңа кесте, тың үлгі, соны өрнек. Шумақ аралық желілі ұйқасқа қос егіз ұйқас, қаусырма ұйқас, қара өлең ұйқасы де кірістіріліп жіберілген.

Зерттеуші Абайдағы ұйқас түрлерінің ішінде шалыс ұйқастың орыс әдебиетінен келген ұйқас емес, ортағасырлық түркі поэзиясында кездесетін, берідегі Асанқайғы жырларында, жыраулар поэзиясында кездесетін ұйқастармен сабақтастыра қарастырады.

Абай өзі жазған өлеңдерін белгілі-бір өлең өлшеміне, атап айтсақ, бармақ уәзіні деп аталатын силлабикалық өлең өлшемі негізінде жазғанын өзі де ескертеді. Осы уәзінге салып, қылауын қисайтпай шығарған өлеңдерін тосырқаған тыңдаушыларына:



Уәзінге салып тізілген…

Қайран тіл, қайран сөз

Наданға қор болған, –
дейді.

Абай Науаидың “Мезонул авзал” (уәзіндер өлшеуі), Бабырдың “Ғаруз рисаласы”, “Құдатқу білік”, “Кабус-наме” шығармаларындағы өлең жүйесі туралы теориялық танымдар, ғаруз, бармақ уәзіні жайлы ой-түйіндермен таныс болған.

“Кабус-намеде” ақындық жолға түскен адамның ғаруз уәзіні жайлы ілімді меңгеру керектігі айтылады.

Абай өлеңде қазақ өлең құрылысының табиғатына сай бармақ уәзінін негізге алған. Алғаш ғарузді қолданып көргені де белгілі.

Қазақ әдебиетіне Абай ендірді деп жүрген “мәт” уәзіні (ғарузи) оның таза еліктеу жылдарында туған алғашқы “Иузи раушан…” өлеңінде орын алғанымен, басқа жерде кездеспейді.

Зерттеушілер, өлең теоретиктері айқындай түсер мәселе бұл төңіректе аз емес. Бір пікір ғаруз өлшемін қолданып отырды десе, келесі бір зерттеулердің ғаруз деп жүрген “а,а,а,б” түріндегі өлшемін түркі әдебиетінде ежелден орныққан өлшем екендігін айтады.

Абайдың Шығыс классиктерінен (оның ішінде шағатай әдебиетінен) қазақ әдебиетіне ендірген өлең өрнегіндегі тың жаңалықтары негізінен оның “Білімдіден шыққан сөз”, “Келдік талай жерге енді” өлеңдерінде айқын көрінетін сияқты.
Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге

Көкірегіңде болсын көз.

Ұқпасын ба сөзді тез…

Түзелмесін білген ед…

Ұйқылы, ояу бой күйез…

Ыржаң, қылжаң ит мінез…

Оған ақыл арам без…

Неге алтынды десін жез

Мейлі қамқа, мейлі боз.
Абай Науаида, Қожа Ахмет Яссауида мол қолданылған ғаруз ұйқасын алғанымен, жаңа өлең өрнегін жасаған.

Бұл жердегі Абай өлеңіндегі буын, бунақ, ұйқас әрі әр шумақтағы соңғы өлең жолындағы ұйқастардың біріңғай үндес сөздермен келуі Махмұт Қашқари сөздігіндегі өлең моделімен тектес, туыстас екендігі көрініп тұрғандығын М.Мырзахметов атап айтады.

“Білімдіден шыққан сөз” өлеңінің табиғатындағы жаңалықты Абайдың “Келдік талай жерге енді” (1890) өлеңінде тағы да жаңа қырынан танимыз. Мұндағы өлең өрнегі алғашқыдан бөлек үлгіде. Ғаруз ұйқасын Абай төрт тармақты бір шумақты өлеңде қолданудан үш тармақты, төрт тармақты, кейде алты тармақты өлең жолдарында ойнатып, құлпыртып қолданады да, өзіне ғана жаңа, тың өрнегін табады. Мұндағы ғаруз ұйқасына қазақы ұйқас қатар қолданылуы да жаңалық. Абай ғаруз ұйқасы, қара өлең ұйқасы, қаусырма ұйқастарды бір өлең бойында қатар қолданып отырса да, ұйқастардың әртектілігі сезілмейді.

“Білімдіден шыққан сөз” өлеңі төрт жолды, бір шумақты, әрбір өлең жолы жеті буынды болып құрылса, “Келдік талай жерге енді” өлеңінде әр шумақ үш, төрт, алты жолдан құрылып, өлең жолдарында жеті-сегіз буын алма-кезек ауысып, өзгеріп отырады. Бұдан байқағанымыз өлең өрнектерінің кестесі шын шебердің қолына тисе, “өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас” деп Абайдың өз айтқанындай боларын көрсетеді.


Келдік талай жерге енді,

Кіруге-ақ қалдық көрге енді.

Қызыл тілім буынсыз,

Сөзімде жаз бар шыбынсыз.

Тыңдаушымды ұғымсыз

Қылып тәңірім берген-ді.

Осы жасқа келгенше,

Өршеленіп өлгенше,

Таба алмадық бір адам

Біздің сөзге ергенді

Өмірдің өрін тауысып,

Білімсізбен алысып,

Шықтық, міне белге енді,

Енді аяңда, жығылма,

Сыймас жерге тығылма,

Қай бұрынғы жеңгенді!

Қайғы шығып иыққа,

Қамалтпасын тұйыққа,

Сергі, көңлім, сергі енді!

Балапан құстай оңдалып,

Қанатыңды қомданып,

Жатпа ұятқа қорғанып,

Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!

Көңілде қайғы, қалың зар,

Айтатұғын сөзім бар,

Салсын құлақ ұққандар

Өрбі, сөзім, өрбі енді!

Іште қайғы дерт пысып,

Көкіректі өрт қысып

Айтуға көңілім тербейді.

Өзің жалғыз, надан көп,

Ұқтырасың сен не деп,

Әуені, арсыз елге енді?

Тыныштық сүймей , қышынып,

Өтірікке тұшынып,

Пәледен тұрмыс шошынып,

Тұла бойын желін жеңген-ді

Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тыя алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадың өңге елді.

Әуелде тәңірім сорлы етті,

Арсыз елмен әуре етті,

Жалғыз үйде күңірентті

Тағдырға білдік көнгенді.

Адам деген даңқым бар,

Адам қылмас халқым бар,

Өтірік пен өсекке

Бәйге атындай аңқылдар

Тұла бойым шіміренді.

Барша топқа шақырмай,

Жат үйіңде шатылмай,

Шыдармын ба, япырмай,

Жауға шықпай үйде енді?

Қатыныңның айласын

Көрсең, білсең қоймасын.

Не ойлар ең, өз басың,

Сонымен тең біз де енді
“Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі” монографиясының “Абай сөздіктерінің әртүрлі салалары” атты ІV тарауында Қажым Жұмалиев Абай сөздіктерінің халық ауыз әдебиетінен келген қолданыстардан кейінгі екінші бір арнасы – араб, парсы тілдерінен кірген сөздер дейді. Бұлардың бірқатары терминдік мәндегі әдебиет, философия, діни ұғыммен байланысты ғылымдық сөздер екендігін айырып көрсетеді. Мәселен: “Ғадәләт пен мархамат”, “хаос”, “мүтәкеллмин, “мантықын”, “тәһуәліне”, “Еппатайна қалқаусар”, т.б.

Қажым Жұмалиев Абайдың өлең тіліне, өлең құруына шығыс әдебиетінің ықпал-әсерін нақтылы, дәлелді мысалдармен қарастырды.

“Абай өлеңдерін зерттеуші кейбір жолдастар Шығыс әдебиетінің әсері дегенде, өлең құрылысы жағынан көбінесе келтіретін мысалы:
Сенсің жан ләззәті,

Сенсің тән шәрбәті”, –
дейтін өлеңі. Шынында бұл дұрыс емес. Өйткені, бұл не ғаруз не (а,а,а,в,а,а,а,в) ұйқасы емес, қазақтың буын санына негізделген алты буынды қара өлең ұйқасы (а,а,в,а). Сондықтан, араб тілінің қолданылған “ләззәті”, “шәрбәті” деген сөздер ол өлең құрылысына дәлел емес, оны тек сөздігі жағынан ғана алып қарауымыз керек.

…Бізше, шағатай әдебиетіне еліктеудің ең соңғы кезеңі деп, Абайдың “Білімдіден шыққан сөз” деген өлеңін айтуға болады. Мұның алдыңғы, төрт жолы қара өлең ұйқасымен келеді де, сонан кейінгі шумақтары “Бақырғани”, “Бәдәуи” түрлерінше (а,а,а,в,а,а,а,в) болып кетеді.


Айтшы, айтшылап жалынар,

Ұққыш жансып шабынар,

Ұқпай жатып жалығар,

Ұйқылы-ояу бой күйез”

Жас баладай жеңсік қой,



Байлаулы емес, ақыл ой,

Ойлағаны айт пен той,

Ыржаң-қылжаң ит мінез”.
Бұл – Абайдың Шығыс әдебиетіне еліктеу сатысының бетін ашуда өте құнды, өте керекті өлеңнің бірі.

…“Білімдіден шыққан сөз” тілі жағынан болсын, құрылысы жағынан болсын шағатай әдебиетінің үлгілерін өз дегеніне әбден көндіріп алған кезі екенін көрсетеді [17, 177 б.].

Абайдың жас кезіндегі жазғанынан басқа өлеңдерінде кездесетін араб, парсы сөздерін Қажым Жұмалиев үш түрге бөледі.

Бірінші: шығу тегі араб, парсы тілі болса да, қазаққа әбден сіңіп кеткен сөздер. Алла, хақ, халық уақыт, құдай, рахат т.б. деген сөздер.

Екінші түрі – әр алуан термин, атау сөздер. Аят, хадис, халиф, уәзір, т.б.

Үшінші түрі, мысқыл, кекесін үшін әдейі қолданылған кейбір араб, парсы сөздері: бәитсымал, т.б.

Сонымен бірге Абай өлеңдерінде шет тілдерден әр түрлі адам, қала аттары кездеседі. Бағдат, Фзули, Шәмси, Хожа Хафиз, т.б. Аплатон, Сократ, Салтыков, Толстой, т.б.

Абайдың сөз таңдауына қатысты Рабиға Сыздықова келтірген орынды, орнықты қисындар аз емес. Абай тұсындағы “кітаби тілдің” ғалым берген анықтамасы әрі қысқа, әрі нұсқа.

Ол тіл – қазақтың ескі жазба дәстүрінің жалғасы, “шағатай тілі” немесе “түркі” деп аталатын ортаазиялық ортақ жазба дәстүрдің негізінде қалыптасқан тіл болғандықтан, қазақ төл әдебиетінен өзгешеленетін белгілері болды. Ол белгілердің бірі – халық тіліне енбеген, көбінесе діни мазмұнды немесе абстракт ұғым атауы болып келетін араб сөздерінің едәуір мол қолданылатындығы болатын. Абай өлең тіліне, әсіресе прозасының тіліне бұл элементтерді де таңдай білген.

Абай араб, парсы сөздерін белгілі-бір стильдік мақсатпен таңдап қолданады.

Абай таза Шығыс әсері, Шығыс үлгісінде ғана жазылған өлеңдерінде ғана емес, жалпы шығармашылығында араб, парсы сөзін аз қолданған жоқ. Оның себебін ғалым Р.Сыздықова Абай тұсындағы қазақ әдеби тіліне жазба сипат беру үшін кітаби тіл элементтерін пайдаланылып отыру шартымен қисынды сабақтастырады. Абайдың “Ғылым таппай мақтанба”, “Сегіз аяқ”, т.б. өлеңдерінде пәруадигер, нәфратлі, ғибратлы, баһра, т.б. сондай қолданыстар.

Абайдың “Қыз сөзі”, “Жігіт сөзі” өлеңдерінде кітаби қолданыс бар.

Абай ілгеріде аталған “Алла деген сөз жеңіл”, “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” өлеңдерінде Алла, махаббат, тағрип, шүбә, мәджүр, куаһ, хаус, аманту, тағриф, нәфсі, иман, тахқиқ, тасдиқ, руза, бенде, мүнафық, кінә, т.б. сөздерді де белгілібір стильдік мақсатпен таңдап жұмсап отырған.

Яғни, Абай, араб, парсы сөздерін қолдануда да өзінің қозғаған жайын ұтымды жеткізудегі сөз таңдау тәсілін қолданып отырған. Шет тіл сөздерін қазақ тілінің аясында емін-еркін, ұтымды, дөп қолдану шеберлігін, ақындық алымын сөз таңдауда да аса айқын танытып отырған.

Абай “қара сөздеріндегі” шет тіл сөздері мен тұтас сөйлем, тіркестер де Абайдың сөз жұмсаудағы әдіс-амалын айқындай түседі. Сонымен бірге ислам негіздерін ұғындыру, тарата айту мақсатында жазылған, иманның жайын қозғаған көптеген қара сөздерінде шығыстан келген сөздер белгілібір терминдік қалпында, мәнде жұмсалып отырды.

Құлмат Өмірәлиевтің “Абай афоризмі” еңбегінде Абайға Шығыстың әсері әріден, мол әдеби, мәдени дәстүрлер үрдісін сабақтастықта қарастырып отырып таразыланады.

Еңбекте зерттеуші абайтанудағы ілгерідегі зерттеулердің белгілібір шеңберлерден шыға алмаған, әрі өрістей алмаған күйінен көп ілгері кеткен ғылыми қисындарға барғаны, баршамызға белгілі көрінгенімен, үстірт қана Абайға мүлде қатысы жоқтай, қозғалған мәселелерден сыр тартады.

“…Шығыс әдебиетінің шамшырақтары осы ұлы классик ақындар ғана емес, жалпы Шығыс әдебиеті шешендікте құрылған өнеге тіліне өте бай болып келеді. Оның діни білімі де, заң, право негіздері де т.б. тақырыпта жазылған алуан кітаптары да өсиет, үгіт сарынды шешендік тілге құрылған. Бұл афоризмдердің діни, қияли қабыршағын сыпырып тастаса, ақылды айтылған адамгершілік қағидалары шыға келеді… Қысқасы, тақпақтай сөйлеу, өмір сабағы қорытындысын айтып тастайтын үлгіде қанатты сөз айту, шешен сөйлеу – шығыс әдебиетінің табиғи тума қасиеті болатын.

Міне, Абай өзінің дидактикалық поэзиясында осылардың ішінде тәжіктің әрі парсының ұлы классиктері Сағди мен Хафизге жақын болса, қара сөздерінде Науаидің “Махбубуа кулубина”, Кейкабустын “Кабуснамасына” ұқсату бар-ды” [32, 39 б.].

Сонымен, Абайдың Шығыс ықпалымен туған шығармаларының үлкен бір арнасы – оның дидактикалық поэзиясы. Өсиет өлеңі. Дүние, тіршілік түйіндері жайлы нақыл сөз, афоризмдері.

Абайдың “қара сөздеріндегі” кітаби тілге тән синтаксистік ерекшеліктер де Абай шығармашылығына Шығыс әсерінің бір көрінісі.

Мәселен: “Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен” “Әрнешік білмек керек: Жоғарғы екі түрліден басқа иман жоқ” “Әрбір байқаған кісі білсе керек: күлкінің өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыратұғынын” “Жұрттың бәрі біледі: өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын”.

Бұл үлгілер Қ. Өмірәлиевтің атап көрсетуінде Абайдың қара сөздеріне ғана тән, сол кездегі көне түркі әдеби тілі әсері негізінде жасалған ерекше бір синтаксистік үлгі.

Ал бұл жөнінде бұл ерекшелікті Р. Сыздықова ауызша, шешендік сөйлеу, шешендік үлгі, қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі есебінде қарастырғандығы туралы пікіріне ілгеріде тоқталдық.

Абай қарасөздеріндегі араб, парсы тіліндегі қолданыстардың жиілігін Абайдың 1993 жылы “Ел” баспасынан шыққан “Абай” (қарасөз, поэмалар) жинағында берілген сілтемелер арқылы жай ғана қарастырып көргеннің өзінде, шет сөздерді қолдануда (тек араб, парсы емесҚ.М.)

Назар аударарлық жайлар байқалды:

1-Сөзде шет сөз жоқ.

2-Сөзде 2 шет сөз.

12–2, 13–8, 22–1, 25–3, 27–6, 28–1, 31–1, 32–8, 36–2, 38–188, 43–5.

Бұл шет сөздердің көпшілігі араб, парсыдан енген түрлі мәндегі сөздер.

Иманның игтиқаты, махкамлемен, дәлел испат, тақлиди иманы, Құдай тағаланың ғафузы, хикмет, дағдысына, салахият, ғибратләну, хузур хасил, һауас салим, кәмелат, хаттә, мүслім, хаят, басар, кәлам, тәкин, мағрифитулла, ужуді һәмишә, ниһаятсіз, ғафлят, сүнатына, т.б.

38 қара сөзде қолданылған шеттен келген, кітаби сөздің молдығы бұл сөздің діннің жайын таратып айтқан табиғатында жатса керек.

“Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық фиғыл, әлинсан ғәздү ләма жәһилге қисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі жарым болымсыз сөз бахас үйренсе соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады. “һай-һай!” менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһилләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нисапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нисап, құры өзімшілдік һәм һәрбір өзімшілдік – әрбір адамды бұзатын фиғыл Растың бір ата – хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып ғадаләтпен тәптештеуге керек” [133, 27 б.].

Абай ақындығының бастауында халық әдебиетімен бірге Шығыс әдебиетінің ықпалы аса зор болды. Абай кішкенеден тани бастаған Шығыс поэзиясының әсерімен алғашқы өлеңдерін жазды. Мұхтар Әуезовтің атап көрсеткеніндей, ол бала кезде құлашын сермеген Шығыстық жағалаудан өмірінің ақырына шейін қол үзген жоқ. Әуелгі сырт қызығушылық, жай еліктеушілік бірте-бірте Абай поэзиясының бар жаратылысымен тұтасып кеткен, оның ақындық қуатын адамзаттық көркемдік биікке көтеріп әкеткен кең өрісті, мәнді, мағыналы арнаға айналды.

Қазақ әдебиеттану ғылымында болсын, абайтануда болсын ұзақ жылдар бойы Шығыс және қазақ әдебиеті мәселесі елеулі зерттеулерге айналмай, айнала алмай келгендігі белгілі. Оның түрлі себептері болды.

Абайдың ақындық әлеміне Шығыстың әдеби мектебі тигізген әсер, ықпал жөнінде зерттеулер болды. Оларда белгілі-бір дәрежеде көптеген өзекті мәселелер қамтылып, қарастырылды. Күні бүгінге шейін Абайдың өлең өрнегіне, тіл кестесіне, дүние танымына Шығыс әдебиеті қаншалықты әсер етті деген мәселе бір шама қарастырылды.

Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов өзінің “Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары” (1982) монографиясындағы “Абай мұрасының Шығысқа қатысы М. Әуезов зерттеуінде” деген тарауда былай дейді:
“М. Әуезовтің Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайлы зерттеулері, ондағы ғылыми ойының қорлану, жетілу, жаңа сапа тауып түбірлі пікірлерге бет алу жолына ой жіберсек, әр кезеңде әр түрлі таным тұрғысынан айтылған ой толғаныстарын да көреміз” [29, 141 б.].

Осы пікірді тек М.Әуезовке қатысты емес, жалпы абайтанудағы Абайдың Шығысының зерттелу тарихына да қатысты қолдануға болар еді.

Абайдың Шығысы туралы ой өрісін тұтас шолып қарағанда, әр кезеңде, уақыт озған сайын бұл мәселенің түрлі ауқымда ашылып, қозғалып отырғанын көреміз. Назар аударалық бір мәселе: не дегенде де қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында Абай және Шығыс әдебиеті жайлы мол, тың таныммен құнарлана түскен зерттеулердің қарасы басым.

Соған қарамастан, Абайдың Шығысы тереңнен қопарып зерттеуге әлі де зәру. Абай поэзиясындағы шығыстық үлгілерді тұтастай, өзіндік айырым-белгілерімен, атап айтқанда Абайға араб поэзиясының әсері, парсы поэзиясы және Абай өлеңі, ортағасырлық түрік әдебиетінің, жазба тілдің Абай шығармашылығындағы көріністері, ХІХ ғасырдағы кітаби тілдің, шағатай тілінің Абай шығармашылығындағы көріністері мәселелерін әлі де арнайы зерттеулермен толықтыру қажет. Абайдың дін тануы, дүниетанымы мәселесі, нақтылы исламиятқа қатысы, соның ішінде сопылық поэзия мен оның Абай поэзиясына қатысы жайлы нақтылы зерттеулер қажет. Абайдың ақындық айналасы, Абай ақындығының бастау бұлақтары мәселесінде сөзсіз елеулі орны бар Шығыс әдебиетінің Абай поэзиясымен сабақтастық желілерін арнайы зерттеу – абайтану арналарын ғылыми негіздеуді орнықтыруда елеулі мәселе.

Бұл тұрғыда тек бір ғана М. Әуезовтің Абайдың Шығысы туралы айтқандарының өзінен әлі де толып жатқан қисындарды тауып, таратуға болар еді. Әрине, Абайдың өзінен өз бетімізше іздеп табарымыз да аз болмаса керек.

Жазушы Сәкен Жүнісовтің Мұхтар Әуезовтің “Абайтанудан” оқыған лекциясынан жасаған конспектісі 1996 жылы “Санат” баспасынан кітап болып шықты. Сондағы М. Әуезовтің Абайдың Шығысына қатысына байланысты қайсыбір мәлімет, түйіндерін басқа ешқайдан кездестірмейміз. Мұхтар Әуезовтің осындағы пікірлері, сөз жоқ, оның абайтанудағы Шығыс жайлы түйіндерін толықтыра түсер құнды ойлар.

“Арабта күшті адамдар болған. Гете “Шығыста 7 ақын бар. Ең төмені менен артық” деген. Міне, осылардың бірін де ол кезде медресеге жолатпаған.

…Медреседе Абай мантықты да (логика теософияны), (діни философия) да оқиды. Шағатай, фарсы тілдерінде еркін оқитын болған. Науаи, Физули (азербайжан), Сағдиларды көп оқыған.

…. Мешітте Құтпа оқытқан. Мұны уағыздайтын Қожахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Машраб (“Дюсон” деген жинағы) деген ақындардың өлеңдерін оқуға ұлықсат етілген. Мұның бәрі түркі тілінде жазылған. Абай шағатай, иран ақындарын көп оқиды. Мүти Рабби, т.б. арабтың жақсы философ ақындарын айтпайды. Өйткені оларға артық жете таныс еместігі.

Абуғали Сина, Аверроэс (Ибн Рушд) деген арабтың екі үлкен философы бар, қазіргі история философияда аталып жүрген.

…Мұтаззалид “Құранның бәрін қабылдай бермеу керек, ойланып барып қабылдау керек” дейді.

Мұтаззаламин “Ақылмен ойлау керек жоқ, тек илану керек құранның сөзіне, көңілге ештеңе алмау керек” дейді.

Абайдың осы мұтаззаламинді сөккен жері бар…

Сонымен Абай Шығыс мәдениетін жеңіп алды. Ол білімді медреседе жүріп алады. Бірақ, араб ақындарының кейбірін білгенмен оларға ссылка жасамаған” [134, 29 б.].

Абайдың Шығысын зерттеуде Мұхтар Әуезов ұстанған осы терең зерде, білімдарлық бүгінде қай кезеңдегіден де көкейтесті.
3.2.2 Жаңа жазба әдебиеттің жасалуындағы еуропалық үрдіс

Абай және ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдебиеті, қазақ әдебиетіндегі Еуропа, орыс үлгісі жайлы мәселе – абайтану ілімінің қалыптасу тарихында үнемі қозғалып, қарастырылып отырған мәселе.

Абайдың Батысқа қатысы туралы, ақындық кітапханасы туралы алғашқы дерек Әлихан Бөкейхановтың 1904 жылғы “Семипалатинский листоктағы” (№250-252), “Абай Құнанбаев” мақаласында басылды.

“Сонымен Абай Спенсердің – “Тәжірибелерін”, Льюистің “Позитивті философиясын”, Дрепердің “Европаның ақыл ойының дамуын”,


Н.Г. Чернышевскийдің “Современниктегі” мақалаларын оқыды және олардың тағдырымен жақсы таныс болды” [85, 15 б.].

Әлихан Бөкейханов Абайдың асқан ақындық қуатын қуана айтып, оның табиғат көрінісі түскен жыл мезгілдері жайлы жырларын Европаның атақты ақындарының туындыларының қатарына қосты.

Джордж Кеннан Абай өлеңдерінің Лермонтов поэзиясымен поэтикалық туыстығына, үндестігіне алғаш назар аударған сияқты.

1909 жылғы Абай шығармаларының алғашқы басылымына жазған Кәкітай Ысқақұлы Абай ақындығының арналарынан мәлімет берді.

Алексей Белослюдов ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жай-күйін білгірлікпен зерделейді. Оның мына бір пікіріне назар аударалық.
“ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі – жазба әдебиеті басталды”. Бұл жерде, біздіңше, сөз ХІХ ғасырдағы Еуропа үлгісіндегі жазба әдебиет туралы болып отыр.

Абайдың орыс, Батыс әдебиетінен алғаны, үйренген үлгісі жайлы таным абайтану ілімінің алғашқы негізгі қалана бастаған тұстан, күні-бүгінге шейін жалғасып отыр.

Абайдың танылуында, абайтанудың қалыптасуында “Қазақ” газетінің тарихи орны болды. Абай ақындығының ерекшелігін ғылыми негізде зерделеген еңбектің басы – Ахмет Байтұрсынұлының “Қазақтың бас ақыны” мақаласы. Осында Абайдың орыс мәдениетінен үйренген үлгісіне Ахмет Байтұрсынов былай деп назар аударды:

“Орыс адамдарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген” [12, 218 б.].

Абай өлең сөздің неше түрлі үлгі, өрнегі барын, оларды ойдан шығармай, көпшілігін орыс әдебиетінен алғанын, орыс өлеңіндегі өрнектердің қазақ тіліне жарайтындығын ең алғаш Абайдың бастап көрсеткенін А. Байтұрсынов зор көсемдігіне балайды.

А. Байтұрсынов Ә. Бөкейхановтың Абай жайлы мәлімет-дерегінен үлкен ойшылдық табиғатын танытар зор мән табады.

“Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әр түрлі Еуропа білім иелерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай – Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынның өлеңдерін сүйіп оқыған” [12, 221 б.].

Тіл тазалығы мәселесін қарастырғанда А. Байтұрсынұлы орыс жазушыларының тілдік қолданыстағы ұстанымдарын атап көрсетеді.

А. Байтұрсынұлы орыстың жақсы жазушылары көбінесе ескірген сөздерге жоламаған. Жаңадан шыққан сөздерден де қашқан. Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашқан. Жергілікті сөздерге жоламаған дейді де, қазақ әдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз, ескі сөзден де қашпаймыз, біздің мықтап қашатынымыз жат сөзшілдік болмағын баса айтады.

Бұл тұста жалпы, қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерінің қай-қайсысын болмасын сөз етуінде үнемі айтып отырмағанымен, Абайдың үлгісі, Абайдың дәстүр, үрдісі ғалымның үнемі назарында болғаны даусыз.

Абайдың орыс әдебиетіне қатысын ұстанып ұғындыруын Рымғали Нұрғалиев Ахмет Байтұрсынов мұрасының негізгі арнасының бірі деп атап көрсетті.

1916 жылы Нәзір Төреқұлов “Әдебиетімізге көз салу” мақаласында былай деп жазды: “Еуропаға еліктеу меніңше қорқынышты емес. Үйткені Еуропа мәдениетінің бір асылы дух критицизма – рух сыны, бұл бізді жүре алмайтын тұйыққа, шыға алмайтын шыңырауға алып кетпек. Еліктеуіміз өлшеуден шығып бара жатса, рух сыны бізді және көзімізді ашып, қатемізді көрсетер. Абай әдебиетіміздің атасы, бұл жолдың қорқынышсыз, біздің үшін пайдалы екендігін сезіп, сол жолға бұрылды. Әйтпесе Абай үшін араб, ғажам жолы да ашық еді…” [85, 85 б.].

Мұхтар Әуезов “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі”, “Абай – әдебиеттің басшысы” мақаласында Абайдағы Еуропа үлгісінің бір мән, бір қырын танудың сырлы қақпасын ашқан ой тартады. “Бұдан соңғы бір үлкен үлгісі – қызметі қырдағы қалың қазаққа Еуропа мәдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы – Абай. Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқушысының сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы оралымдылығы, өрнектілігі табылған” [85, 105 б.].

Абайдың қазақ тілінің қуатын көтеріп, құнарын арттырудағы шығармашылық өріс, алымына орыс, Еуропа әдебиеті мен мәдениетінің де зор ықпалы болды.

Абай қайсыбір тұста, әсіресе аударма шығармаларда орыс әдебиетінен сөз жасам үлгілерінен пайдаланды. Абай өлең құрылымында да орыстық, Еуропалық үлгіні жатсынбай, жаңаның басы болды.

Абайдың ойшылдық, сыншылдық алымында да орыс әдебиетінің әсер-ықпалы өлшеусіз. Осы орайда Абай поэзиясын мейілінше зерттеген теоретик ғалымдар мен абайтанушылардың түйін-тұжырымдары бұл тоқтамдарды бекітіп, шегелей түсетіндігін, жаңа танымдардың қозғаушы күші болмақтығын айтқан жөн.

ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиет түрі, стилі жағынан ХІХ ғасырға шейінгі және сол тұстағы дәстүрлі әдебиет үлгілерінен көп өзгешелік, ерекшелікпен қалыптасқан әдебиет болды. Сол үлгі, өзгешеліктің негізгі түрлері Абай шығармаларында туып, қалыптасты. Орыс, Еуропа үлгісі Абай шығармасының бар түрінде кездесетіні даусыз.

Нақтылы қандай түр, үлгі, үрдіс екендігі абайтанушы ғалымдар зерттеулерінде белгілі бір деңгейде ашылып, айқындалған. Бұл белгілер өлеңдегі ырғақ, буын өлшеуіне, сөз тіркесін құруға, ұйқас жөндеріне, т.т. қатысты жайлар.

М. Әуезов Абайдың “Сен мені не етесің?” деген өлеңінде тоқталуында былай дейді: “Әні де қазақ айтып, естіп жүрген ән-күй ырғақтарынан мүлде бөлек. Бұндайлық өлең түрін құрып, ән өзгешелігін іздегенде, Абай қазақ музыкасы үшін әдейілеп речитатив өрнегін тапқан тәрізді. Тегінде речитатив музыкасында драмалық-уақиғалық мазмұн молырақ болады…” [119, 142 б.].

Осы тұста М. Әуезов Абайда Лермонтов лирикасының зор әсері бар тәрізді дегенді алға тартады. Бұл – Абайдың әр жолдың ырғақ, буын өлшеуін қатты өзгерткен, кей жолы төрт-бес сөзден құрылса, кейде 1 сөз 1 жол болып келген, Абайдың өлең уәзінің өзі тауып, соған лайықтап ән шығарған ең алғашқы өлеңі.

Бұл өлең туралы әдебиет зерттеушілердің пікірі үнемі Әуезов тұжырымыен үндесе бермейтінін айтқан жөн. Мәселен, Қ. Өмірәлиев, Р. Сыздықова пікірлері (“Абай және Шығыс тарауыҚ.М.). “Сен мені не етесіңнің” жаңалығын
Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, Т. Әлімқұлов, т.б. көрсетті.

Абайдың өлеңге әкелген жаңалығын М.Әуезов: “Әлденеше жаңа шумақты, жаңа ырғақ, ұйқасты буынға қазақ поэзиясы ғана емес, өзінің де еңбектерінде бұдан бұрын болмаған түр, стильдер туғызады” [119, 145 б.].

1890, 1891, 1892, 1893 жылдары Абайда он бір буынды төрт жолды шумақ ұйқаспен жазылған бір-ақ өлең – “Жазғұтұры” ғана бар дейді М. Әуезов.

Бұл жылдар – Абай шығармашылығында өлеңнен қара сөзге ойысқан, аударма еңбектері көбейген кезең. Яғни, Абайдағы осы тұстағы көп жаңа түрге орыс әдебиетінің ықпалы айқын.

Бұл – абайтанушы М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, Әлімқұлов әсіресе айқын көрсетіп берген өзгешелік. М. Әуезов алғаш рет Абайдың жаңа түр енгізген бір өлеңі “Келдік талай жерге ендіні” бөліп атап көрсетті.

“Бар өлең өзгеше бір ұйқаспен жалғыз ұйқаспен берілген. Түр жағынан өзгешелік тағы бір тың жаңалықпен байланысты. Бұнда тұрақты шумақ жоқ. Әуелгі шумақ алты жолдан басталып, соның ең соңғы жолында берілген ұйқасқа кейінгі төрт жолды, үш жолды шумақтардың үйлес келген ұйқастары тізбектеледі. Өлеңнің аяғына шейін сондай үйлесімдер созыла барады. “Бергенді”, “ергенді”, “белгі енді”, “желгенді” деген сияқтылар болады” [119, 147 б.].

Абайдың “Көлеңке басын ұзартып” өлеңінде де орыс әдебиетінің ықпалы айқын. М. Әуезов бұл өлеңнің табиғат жайында реалистік дәстүрмен ірі суретшілдікпен туғызған шығармалар қатарында жаңа сапада бөлекше көрінетіндігін, орыс классикалық поэзиясы дәстүрінен ауысқан ірі ерекшелік барын атап айтты. Табиғат көркін ақын көлденеңнен көрмейді, дүние суретін өз көңілімен шарпыстыра, матастыра жырлайды дейді.

Орыс әдебиетінің ықпалы әсіресе Абайдың аударма өлеңдерінде көрінуі заңды. Абай аудармада автормен жарыса отырып, қазақ өлеңінде жаңа түр тапты.

М. Әуезов үнемі осы жайды айқын ашып отырды. Нақтылы үлгіні таратып, талдап беру арқылы. М. Әуезов “Абай Татьяна мен Онегиннің ішкі сезім сырларын ашқанда, өз қолынан келген ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерінің бәрін жұмсайды. 1889 жылға шейін Абайдың өзі жазған өлеңдерінде Татьянаның хатындай немесе соңғы жауабындай және де Онегиннің ”Хұп білемін сізге жақпас“ деген хатындай өлеңді ұшырата алмаймыз. Бұл өлеңдерге Абай бұрын қолданбаған тың түр табады. Онысы – шалыс ұйқсты қолдану. Ырғақ жағынан да Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады… Абайдың ақындығы осы еңбек арқылы өзі де биік белге шыққандай болады”.

Аударма арқылы түр табу – Абайдағы жаңашылдықтың өзекті бір саласы.

Қажым Жұмалиев Абай поэзиясын тіл қолданыс тұрғысынан арнайы зерттеуінде былай деп мәселенің мәнін аша түсті: “Бірақ, бізше Абайдың орыс әдебиетінен алған үлгісі оның еңбектерінің басқа жағында. Абай өзіне шейінгі ақындардың ешқайсысында болмаған жаңаша сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын көп кіргізген ақын. Жеке сөз, жеке атаулары араб, парсы сөздерінен көп қолданылса да, жаңаша сөз, сөйлемдердің үлгісін жасап, оны әдебиетке енгізу жағын зерттесек, мұның терең тамыры араб, парсыда емес, орыс әдебиеті, орыс тілінің негізінде жатқандығын көреміз” [17, 183 б.].

Абайдағы сөз жасамның түп негіз, қайнар көздері Қ. Жұмалиевтің бұл пікірі айтылғаннан кейін де жан-жақты қарастырылып келеді. Алайда, Қ. Жұмалиев пікірі сол орынды айтылған орнықты тұжырым күйінде өз мәнінде құндылығын ортайтпайды. Абай тілінің ішкі сырындағы елеулі бір қыр есебінде бұл мәселе абайтануда жалғасып, жасай береді.

Абай орыс әдебиетінің образ жасау, ой беру әдісін ұтымды пайдаланды. Жатсынбай, еркін игеріп, меңгерді. Абай қазақтың тілінде бұрын қолданыста болмаған жаңа сөзді қандай жол, қандай әдістермен жасады дегенде
Қ. Жұмалиев нақтылы дәлел, дәйекпен ой түйінін ашудың жөнін алғаш қисындады.

“Абайдың жаңа сөздері әртүрлі жол, әртүрлі әдістермен жасалынады. Кейбіреулері қазақта қолданылмаған, өзінің кіргізген сөздері. Кейбіреулері, сөздің түбірі бұрын болса да, Абайдың қолданысындай жалғау, жұрнақтармен қоса айтылмайтын сөздер тобы бұрын бар, қазірде де қолданылатын сөздердің алдына жаңа эпитет, жаңа теңеулер қойып жаңа образ жасап, жаңаша көркемдік мән беру. Немесе, сөздерінің бәрі, күнбе-күн қолданылатын сөз болса да, дағдыдағы қалыптан сөз орнын ауыстырып, жаңаша экспрессия жасау, қысқасы әралуан етіп сөз, сөйлемді жаңарту” [17, 185 б.].

Қажым Жұмалиев осы тұста Абайдың тарихи ұлы еңбегі орыс тілі, орыс әдебиетін үлгі етіп қазақтың әдебиет тіліне жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылысын кіргізгендігі емес, оның өзі енгізген жаңа сөздері мен “мен сынық жан”, “ауру жүрек ақырын соғады жай”, “жалтаңдаған жас жүрек”, “қонады бір күн жас бұлт, жартастың төсін құшақтап”, “жас жүрек жайып саусағын” дегендей жаңаша сөйлем құрылысы, жаңаша сөз қалаулары дейді.

Соның мысалдары: жаңа сөз – алқайды, тақыл, кекіді, кезнесіп, т.б.

– жалғау, жұрнақ арқылы жаңартылған;

құ-былға, өкімдеп, долығы, т.б. бұрын;

құ-тылу, өкім, долы.

жай сөз алдына жаңа эпитет, теңеу қою – кер өсек, желкек шал, хаттай таныр.

метафора – талаптың тұлпары.

метонимия – ауру жүрек.

кейіптеу – күнді уақыт көтеріп…

Қажым Жұмалиев Абай орыс әдебиетінен үйрене отырып, Абайлығын сақтап қалды дейді. Абайдың сөз өрнегіндегі көп үлгі, сөз жоқ, орыс әдебиетінің нәрінен дарыған. Аударма Абай тілін дамыта байыта түскен фактор болды.

Абайдың жұмбағына көп үңілген Тәкен Әлімқұлов Абайдың көбіне Лермонтовтың бір өлеңін екі нұсқада аударып, өз шеберлігін өзі жарыстырып отырған тұстарын көрсетеді.

“Ысылған реалистік” аударма дәстүрі қазақ топырағында Абайдан басталатынын, аударма мәдениеті де сол Абайдан басталғанын Т. Әлімқұлов өзі сан қырынан саралаған. Абайдың аударма шығармаларының бар сыр, бар қуатын, ақындықтың өзгеше болмысын сезініп сезінтіп отырып желілейді. Аударма өнерінің теориялық негіздемесін таратады.

…Абай аудармаларының тексті өте-мөте нығыз, тығыз, шымыр келеді, ішті дүниелер; поэзиялық аударма – екі тілдің жарысы, ойдың, сезімнің, образ жүйесінің жиынтығы сомдалып шығуға, аударушының қанымен қайнап шығуға керек; аудармашы – автор түпнұсқасымен бәсекеші, аударма құты – қашпас қазына. Абай ширатып аударады. “Әсіресе поэзиялық аударма түпнұсқасымен жарыса, жұтына, құйқылжи шыққанда іштей толысып, сырттай түлейтінің бар” [90, 107 б.].

Абай аудармаларынан Т. Әлімқұлов асқан үлгілік, шынайылық, нәрлілік, жаңашылдық, қым-қуыт қиыншылық көреді.

Т. Әлімқұлов Абайдың шығармашылық сырына қатысты көп-көп қисынды, тосын, анық тұжырымдар жасайды. Құр таңырқаудан, құрғақ тамсанудан туған долбар емес – сөз дәмін сезіп, сезінтіп, ақынның жүрек соғысын нәзік аңдап, барлап айтқан құнарлы сөз. Осыдан 40 жылдай уақыт бұрын абайтанудың өзекті-өзекті мәселелерінің көкжиегін көп кеңіткен, дерек, дәйегі мол, тың, сұңғыла талдау.

Абай шығармаларына орыс әдебиетінің ықпалын көп таратып айтқан зерттеушінің мына бір тұжырымы елеулі. Терминдік мәні бар ұғымды алға тартады. “Орыс әдебиетінен сын (астын сызған біз Қ.М.) реализмнің дәстүрін қабылдады” [90, 110 б.]. Байқайсыз ба критический реализм – сыншыл реализм емес – сын реализмі. Сыншыл – критичный болса керек.

Тәкен Әлімқұлов қазақ топырағында ысылған реалистік аударма дәстүрі Абайдан басталады. Аударма мәдениеті де сол Абайдан тарайды деп жазды. Зерттеуші аударманың мәселесін қозғауында да Абайдың ақындық жойқын қуатын тым нақты, дәл ашады.

“…Орыс өлеңі ырғақ, екпін үйлесіне қарай құрылады да, буын мөлшерінің бірдей болып отыруын шарт қылмайды. …Буын мөлшерінің біркелкілігіне құралатын қазақтың силлабикалық жырына Абай батыл жаңалық енгізгенде, сол орыс поэзиясынан үйренгенін көреміз. Әрине, Абай ол дәстүрді қалай болса солай қолдана салған жоқ. Өз халқының рухына мейілінше жатық етіп қолданды. Екі тәжірибені білген ол орыс поэзиясының ішкі ырғағын, десте-десте екпінін қазақтың ежелден келе жатқан халық жырының серіппелі бума-бунақтарына ұластыра, бауырластыра түсті. Осының нәтижесінде қазақ өлеңінде тың да, келісті де ырғақ, ұйқас туды, бір сөзбен айтқанда жаңа форма пайда болды… [90, 37 б.].

Мысалы: “Сен мені не етесің” өлеңін келтіріп, талдайды.

Ұйқас: а б б в г г – а-а 8

Өлең құрылымы: 4

2

7 буын.



Осы бағытта ол өлеңнің ішкі формасына көбірек ден қойды.
Сайрай бер, тілім,

Сарғайған соң бұл дерттен

Бүгілді белім,

Жар тайған соң әр серттен.
Шерлі сезімнің толқынына ұқсас осынау шалыс шумақ жолдың басынан да, аяғынан да ұйқасады. Тегеурінді серпінмен берік ұйқасады. Екінші жолдың басы “сарғайған соң” болса, соған шалыс жолдың басы “жар тайған соң” боп, үйіріле үйлеседі. Осы сияқты “қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман” деп басталатын өлеңде де ішкі ырғақ басым. Он бір буынды жолдар дестеленіп, екпіндеп, төңкеріліп жатады. Бұны орысша “стопа” дейді. Орыс өлеңімен өлшер болсақ, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арманда” төрт стопа (ырғақ) бар. “Евгений Онегин” “төрт-бес” стопалы ямбомен жазылған”.

Т. Әлімқұлов Пушкинде де, Лермонтовта да етістік сөздердің тым аз қолданылғанын, сол екеуінен “мейілінше баулынған”. Абай да етістікке бара бермейтінін атап көрсетеді. Оның ұйқастары кейде атау түрінде, кейде бұйрық рай түрінде қиын да күрделі келетінін көрсетеді. Т. Әлімқұловтың өлеңдегі ұйқас үлгісі жайлы мына бір анықтамасының да Абай өлеңінің жаратылыс сырына қатысы аз болмаса керек. …Орыс поэзиясында “еркек ұйқас”, “әйел ұйқас” бар. Әдетте, екеуі айқас түсіп, ырғақ толқынын құлаққа жағымды қондырады. Қазақ поэзиясында ондай ұйқас жоқ. Бірақ айқас нақышқа балама бар. Абайдың шеберлігі осыған саяды. Осының қабатында ол орыс өлеңінің жетім ұйқасына қазақ өлеңінің жетім ұйқасын жымдастырып жібереді.

Абай мұрасын зерттеушілердің ол жаңадан 17 форма жасады дегеніне тоқтала келе Т.Әлімқұлов “асылы бұл өлеңнің сыртқы формасы болса керек. Соған Абай поэзиясының үнділік, оралымдылық, қарапайымдылық жаңалықтарын қоссақ, форма байлықтары шексіз ұлғая түспек” [90, 87 б.].

Абай белгілі бір ережеде орыс әдебиетіндегі өлең жасаудың құрылымдық әдіс, тәсілін де үлгі етті. Сөзжасамда да бағдар жасады. Абай орыс әдебиетінен реалистік әдебиеттің белгілі бір кезеңдегі болмыс жаратылысын, бағыт, ағымын көрді. Эстетикалық талғам, талап, ұстанымын ұштауға да орыс әдебиеті ықпалы болды.

Т. Әлімқұлов Абай шығармаларын поэтикалық тұтастықта қамтып, түйіндеп, оның ақындық болмысына төрелік айту қолынан келген зерттеуші.

Т. Әлімқұлов Абайдың қайсыбір ән өлеңдері орыс романстарының аудармасы деп, нақтылы салыстыруға барған. “Айттым сәлем, қаламқас” – “Кари глазки”, “Сұрғылт тұман дым бүркіп” – Глинка “Не осенний маленький дождичек”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” – А. Рубинштейн, “Разбитое сердце” (“Я видел березку”).

Бұл үрдіс Абайдың Лермонтовтан аудармаларында тіптен кең өріске қанат жайғанын айқындауда абайтанушылардың әуелгі пікірін айтқан – М. Әуезов.

“Лермонтовтан Абай жасаған аудрмаларды тексергенде, аударушы ақынның сол аудару арқылы қазақ поэзиясына кіргізген жаңаша поэзия мәдениетін айрықша ескеріп бағалау қажет. Көп жерлерде Абай Лермонтовты дәл аударғанда, оның өз жырындағы көркемдік өзгешеліктен басқа жаңа бір жарастық қоса тұрғанын көреміз. Сонда Лермонтов ақындығының сұлу сыр, нәзік сезімдерін жеткізу талабымен Абай қазақтың өлеңінде бұрын әсте қолданылмаған тың жаңалық табады. Қазақтың өз сөзімен өлең құрып отырса да, сол сөздердің қатысуы, кейде жеке сөздердің Абайша шебер ізденгіштікпен өзгеруі өзіне бөлек баға, сын тілейді” [90, 158 б.].

Бұл өзгешелікті кейінде Қажым Жұмалиев, Зәки Ахметов нақты үлгілерден көрсетіп отырды.

Т. Әлімқұлов Абай шығармашылығын көбіне орыс, Батыс әдебиетімен байланыста қарастырған зерттеуші еді. Осы уақытқа шейін жанрлық түр өзгешелігі әрқилы ұғындырылып келе жатқан қарар сөздерін “күнделік” дейді (Европалық ұлы ақындардың көбісінде “күнделік” болған). Абайдың “күнделігі” – оның қарасөздері.

Дәл Батыстан енген үрдіс демегенімен, Шығыстық үлгі еместігін айту арқылы да Абай шығармашылығындағы мына бір даралықты Т. Әлімқұлов Батысқа қарай бұрыңқыраған. Ол – Абайдың табиғат көрінісін сезінткен сыршыл лирикасындағы даралық.

“Абай мұрасының әр тарауы дербес еңбектерге татиды. Осы мұраның ең тереңі, ең бағалысы, ең баяндысы – сыршыл лирика. Бұған азаматтық сарын, көңіл сазы, табиғат толғауы, махаббат жыры жатады. Абайдың өмір сырына қанықтығын, қилы пиғылға, мінез-құлыққа сұңғыла сыншылығын, сүйініш-күйінішін былай қойғанда, туған табиғатты көре, сезе, сезіне білуінде қаншама құдіретті нәзіктік жатыр. Бұл ретте Абайдың:



Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса.

Сұрғылт тартқан бейуақта,

Төмен қарап мұңдасар

Ой жіберіп әр жаққа! –

деп келетін дәріпті өлең дүние жүзі поэзиясына ұялмай қосылатын бұлбұл лирика. Абай табиғаттың шырайлы да мұңды тұсын бейнелеп, соған өз көңіл-күйін ұластырады. Басы ұзарған көлеңке, қызарып батқан күн, кешкі арай, сұрғылт тартқан бейуақыт ақынның ішкі дүниесімен үндесе сыр шертіседі. Өмірдің осынау кештей өткінші екенін пайымдаған ойлы пенде, алғыр ақын әрі мұңая, әрі толықси толғанады. Ой мен сезімді жалаң бермей, сиқыр суретпен жымдастырады. Мұндай суреттер шығыс поэзиясында көбінесе теңеу түрінде келуші еді. Абай оған соқпай, шымырлаған сезімге, пікірдің тереңдігіне бойлайды, шеберліктің мәдениетін көздейді” [90]. “Сөздің сыртқы сұлулығына қызықпай, ішкі мағынасына үңілген Абай екінші бір өлеңінде:



Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көгеріп күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып

Бас ауырып, іш жанар.

Қандай тұтас, қандай жұмыр, қандай сыршыл шумақ! Жаңбырдан кейін күн ашылып, жер көгерген. Көз жастан кейін бас қаңғырып, іш жанбақ. Мінсіз өлең. Еуропалық мәдениетте туған өлең!

Т. Әлімқұлов Абай поэзиясын ғалымдық салқын сабырға қоса ақындық құштарлыққа өртеніп отырып аялайды, ашады.

Абайдың қайсыбір ғашықтық өлеңін Тәкен “жүректің ыстығы қайтпаған салқын сөз” деп, өлеңнің ынтық, үздік күйін үдете түседі. “Сыпайы сыр, ынтық сөз” деп тебіренеді. “Мәдениетті әдебиет үлгісі”, “реалистік әдебиеттің сөзі” деп салмақты баға береді.

Т. Әлімқұловтың “Жұмбақ жандағы” Абай әлемін аралауында орынды оралым, әсерлі тіркес, ақындық ынтық жүректен сығылып шыққан сиқыр сөз аса мол. Біріне бірі сәулесін түсірген (Ғ. Мүсірепов) сөз асылы Абай ақындығының алымына қарай ұмтылады…

Т. Әлімқұловтың Абайды ашуы өзгеше бір құштарлық, ақындықтың жойқын табиғатын ашудағы танымпаздық, өзгеше шабыт дүниесі. Өрісті, таза талғамның сөзі.

Т. Әлімқұловтың абайтанудағы назар аударарлық қисынды бір пікірі Абайдың “Масғұт”, “Ескендір”, “Әзім әңгімесі” шығармаларына байланысты.

Т. Әлімқұлов бұл шығармаларды поэманың жанрлық үдесінен шықпаған, дәстүрлі шығыстық дастан үлгісіндегі шығармалар дейді. Абайдың бұл шығармаларын Абайдың ақындық мүмкіншілігінен төмен шығармалар деп, ақынның поэмаға бармау себебін бірнеше жайға бағындыра қарастырды.

“Осы жолда ол үш дастан (поэма емес) жазды. …Мың бір түннен өлеңге көшірген “Әзім әңгімесінің” аяқталмай қалуында сүрлеуден қайтқан көңілдің, торыққан шабыттың селқостығы жатады” [90 б.].

Ғалымның “Масғұт” туралы мына бір ойы қисынды. Осы дастан Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында “Түргеневтен” деп көрсетіліпті.


И.С. Тургеневтің “Восточная легенда” атты шағын әңгімесінің сюжеті “Масғұттың” алғашқы шағына ұқсайтыны рас. Бірақ екеуі бір емес (88-бет) дейді. Абай көшірмегенін айтады. “Ескендірде” дәстүрлі мадақ емес, тарихи шындық жөнінен келуін Дрэпердің “История умственного развития Европы” еңбегімен үндестік дейді. “Абайдың байырғы бай лирикасымен терезесі тең түсерлік поэма жазбауы неліктен?” дегенге төрт түрлі себеп атайды.

1. Абай дәуірінде қазақ топырағында заманның сипатын, қоғамның ішін танытарлық релистік поэма жоқ-ты.

2. Абайға дәуірлік, шежірелік қатпарлы үлгі керек болды.

3. Шығыста бұл үлгі жоқ.

4. Ғақлияға отырды. Қуаты қашқан ақындық қара сөзге бастады.

ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде еуропалық үлгідегі поэма жанры болмағанымен, дәстүрлі тарихи жырдың өзгеше сапасы болғандығын есте ұстаған жөн. Мәселен, Нысанбай жыраудың “Кенесары-Наурызбай” жырын кезінде Сәбит Мұқанов (1942 жылы) поэма, реалистік шығарма деп бағалады.

Т. Әлімқұлов – Абай шығармаларын түр, үлгі, жанрлық жақтан білгірлікпен жинақтап, жинақтаудың ғылыми үрдісін ілгерілетуде абайтанудағы Әуезов жолын жалғастырған зерттеуші. “Байырғы нәшірияты жоқ заманда қазақтың жазба әдебиетін профессионалдық әдебиеттердің дәрежесіне көтерген Абай кейінгі ұрпақтардың үлесіне сан-салалы сыбаға қалдырды. Бұл дербес формада жазылған ойшыл, шыншыл, түйсікшіл проза. Бұл түп нұсқа мен терезесі тең көркем аударма. Бұл парасатты дастандар. Бұл – алуан өрісті өлеңдер”, – деп, Абай шығармашылығының ұлттың рухани тарихындағы орнын көздей отырып, Тәкен Әлімқұлов ХІХ ғасырдағы әдеби ағым, бағыттардың түп төркінін, өзгешелігін тарихи-әлеуметтік жағдай, қоғамдық өмір көрінісінен шығарып зерделейді. Орыс отаршылдығын кезең-кезеңімен қарастырады. Абай заманының ащы мұңын, ақиқатын айқын ашады… Шортанбай, Бұқар жыраулардың зарлайтын “кер заманынан”, отарлау процесінің алғашқы кезеңінен Абай дәуірінің және бір өзгешелік күйін, ендігі жаңаға бұрылған беталысын, астар, қатпарын саралайды.

Абайдың ақындық стилінің табиғатында Шығыстың да, Батыстың да өз сәулесі қалды. Бұл мәселе абайтануда әріден қозғалып келгенімен, теориялық негізде өрісін жайып, нақтылы түйін, тұжырымдармен жинақталып қарастырылуы Айгүл Ісімақованың қазақ прозасының теориялық мәселелеріне арналған зерттеу еңбегінің “Классический стиль Абая Кунанбаева и его роль в зарождении казахской художественной прозы” тарауында беріледі.

Стиль, шығармашылық дара стиль жөнін қозғай отырып ғалым былай дейді: “По мнению специалистов, стиль вырабатывается, воспитывается, совершенствуется, по-своему “учится” у действиельности, у культуры, у своих предшественников, у того материала, на который он обращен. При этом стиль, конечно, опирается на дарование, талант, личные качества художника, его жизненный, духовный и художественный опыт, на процессы его развития, которые, разумеется, не являются лишь стихийными” [135, с. 61].

А. Ісімақованың қай әдебиетте болмасын әдеби дамуды мүлде жаңаға бастаған ұлттық сана мен озық мәдениетті тұтас баураған ұлттық классикалық стильге айналған дара стильдің айрықша орын алатындығын, оның ендігі көркемдік дамудың классикалық үрдіс-үлгісін қалыптастыратындығын Абайдың шығармашылық жаратылысымен айғақтауы абайтанудағы “белгілі” көрінетін жайдың беймәлім қисындарына нақтылы, “суық” теорияға суарылған салқын ақылмен барған ғылым сөзі. Кеңестік кезеңдегі, әсіресе өткен ғасырдың сексенінші жылдарына шейінгі абайтануда Абай және орыс әдебиеті мәселесі мейілінше, көп жайды қамтып отырып зерттелген арнаға айналды.

Абайдың орыс әдебиетіне көз салып, құлаш ұруының тарихи себептері жайы да абайтануда аз айтылған жоқ. Алайда, бұл жөнде қайсыбір әлеуметтік алғышарттар ұзақ жылдар бойы, кезінде айтылғанына қарамастан, қағаберіс қалды. Мәселен, Абайдың орыс әдебиетіне баруының мынадай алғышарттары кезінде Ахмет Байтұрсыновтың, басқа да зерттеушілердің еңбектерінде аталып өтіп отырғанымен, кейінде “ұмыт” болды.

“Әдебиет танытқышта” Ахмет Байтұрсынов ХІХ ғасырдағы дін саясаты, оның зардап, салдарлары, ел әдебиетіне ықпалы жайлы былай деп жазады: “Қазақ діні шығып жетпеген шала мұсылман халық, мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай” деген пікірмен, орыс үкіметі қазақ пен ноғай арасына жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін, араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Европа жұртының әдебиеттерімен танысады.

Бұрын қазақта жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін тыңдайтын сөздер шыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: діндар дәуір, ділмар дәуір [12, 434 б.].

Абай осы дәуірде ғұмыр кешті…

Абай Батыстан не алды дейтін ауқымды айналымның және бір белгілі де беймәлім сырын кейінгі кезеңдегі абайтану өресінжаңа өлшемдермен өсіре түсіп жүрген залымның бірі Бақытжан Майтанов бұлтартпай ұстайды.

“Абайдың ілгері-кейіндегі, қатарындағы сөз иелерінен алабөтен ашу сыр, түйіткілі көп күмбір күй шертуге қымсынбай, батылдықпен кірісуінде Батыс мәдениетінен ауысқан ашық ойлау дәстүрін (астын сызған бізҚ.М.) ықыластана игеріп, тың өрнек қосар нәзік түсінігі, аса сезгір назары елеулі қызмет атқарады” [146, 13 б.].

Абайтану айдыны жаңа бір ағысты арналардың толқынды екпінін қай кезеңдегіден де аңсай тосатындай...


жүктеу 1,9 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау