211-бап. Қосымша (қайта) жауап алу
Қосымша (қайта) жауап алу осы Кодекстің 210-бабында көзделген қағидаларды сақтай отырып, мынадай:
1) осы Кодектің 209-бабында көзделген жауап алу ұзақтығы жауап алынатын адамның істің өзіне белгілі болған барлық мән-жайлары туралы айғақтар беруге жеткіліксіз болған;
2) жауап алынған адам бұрын берген айғақтарын толықтыруға немесе өзгертуге ниет білдіргенде не тергелетін істің мән-жайлары бойынша өзінің бұрын берген айғақтарын нақтылау немесе толықтыру қажеттігі туындаған;
3) бұрын жауап алынған адамға іс үшін маңызды жаңа сұрақтар туындаған жағдайларда жүргізіледі.
212-бап. Жауап алу хаттамасы
1. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып жасалған хаттамада көрсетiледi.
Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Сұрақтар мен олардың жауаптары жауап алу кезiндегi ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам қабылдамаған сұрақтары да немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтар да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың себептерi көрсетiле отырып, қамтылуға тиiс.
2. Бірінші жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, оның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күні мен жерi, азаматтығы, ұлты, бiлiмi; отбасылық жағдайы, жұмыс орны, қызмет түрi немесе лауазымы, тұрғылықты жерi, сондай-ақ осы Кодекстің 199-бабының төртінші бөлігінің қағидаларына сәйкес істің мән-жайлары бойынша қажетті болуы мүмкін басқа да мәлiметтер көрсетiледi.
Кейiнгi жауап алуларда жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның тегін, атын, әкесінің атын көрсетумен шектелуге болады.
Күдіктiден жауап алу хаттамасында бұрын сотталғандығының бар-жоғы көрсетiледi.
3. Жауап алынып отырған адам схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiркеліп, онда бұл туралы белгi қойылады.
4. Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адамдар көрсетіледі. Олардың әрқайсысы хаттамаға, сондай-ақ оған жасалған барлық толытырулар мен нақтылауларға қол қоюға тиіс.
5. Еркін әңгімелесуден кейін жауап алынып отырған адам өз айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазғаннан және оларға қол қойғаннан кейін сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам толықтырушы және нақтылаушы сұрақтар қоюы мүмкін.
6. Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнiшi бойынша дауыстап оқылады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгiзу туралы талабы мiндеттi түрде орындалуға тиіс.
7. Айғақтармен танысу фактiсi және олардың жазылуының дұрыстығын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне де қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзiнің қолтаңбасымен куәландырады.
8. Егер жауап алынып отырған адам дене бітімі кемiстiгiне немесе өзге де себептердің салдарынан хаттамаға өзi қол қою мүмкіндігінен айырылса, оның өтiнiшi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi қойылады.
9. Егер жауап алуға аудармашы не сурдоударма дағдыларын игерген адам қатысса, онда олар да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Ол жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.
213-бап. Техникалық құралдарды пайдалана отырып, бейнебайланыс режимінде жауап алудың (қашықтықтан жауап алу) ерекшеліктері
1. Жәбірленушіден, куәдан техникалық құралдар пайдаланыла отырып, оны өзі аумағында болған не тұратын ауданның не облыстың сотқа дейінгі тергеу органына шақыру арқылы бейнебайланыс режимінде жауап алу (қашықтықтан жауап алу) жүргізілуі мүмкін. Қашықтықтан жауап алу барысында іс жүргізу әрекетіне қатысушылар тікелей трансляциядан жауап алынып жатқан адамның айғақтарын тікелей қабылдайды.
Қашықтықтан жауап алу:
1) адамның денсаулық жағдайы немесе басқа да дәлелді себептер бойынша қылмыстық істі тергеу жеріндегі (қарау) қылмыстық процесті жүргізетін органға тікелей келуі мүмкін болмайтын;
2) адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болатын;
3) жасы толмаған немесе кәмелетке толмаған куәдан, жәбірленушіден жауап алу жүргізілген;
4) осындай шараларды қолдану сотқа дейінгі тергеу мерзімінің сақталуын қамтамасыз ету қажет болған;
5) жауап алу қиындатылатын немесе артық шығындармен байланысты болатынына негіздер беретін себептер болған жағдайларда жүргізіледі.
2. Қашықтықтан жауап алуды жүргізу туралы шешімді сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам өз бастамашылығымен немесе тараптың немесе қылмыстық процеске басқа да қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе прокурордың нұсқауы бойынша, осы Кодекстің 188-бабының тәртібімен тапсырма жібере отырып, қабылдайды.
Қашықтықтан жауап алған кезде техникалық құралдар мен технологияларды пайдалану сурет пен дыбыстың тиісінше сапасын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
3. Бейнебайланыс режимінде жүргізілетін тергеу әрекетінің барысы мен нәтижелері осы Кодекстің 199-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу органы жасайтын хаттамада көрсетіледі. Қашықтықтан жауап алу хаттамасында оның көмегімен тергеу әрекеті жүргізіліп қолданылған техникалық бейнежазба құралдары туралы белгі қойылады.
Жауап алынатын адамның хаттамаға толықтырулар мен нақтылаулар енгізу туралы талаптары міндетті орындалуға тиіс.
Хаттама оған қол қойылғаннан кейін істі тергеуді жүзеге асыратын адамға жіберіледі.
4. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында адамнан оның өтінішхаты бойынша оны тануды болдырмайтын сыртқы келбеті мен дауысы өзгертіле отырып, бейнебайланыс режимінде жауап алынуы мүмкін.
214-бап. Куәдан және жәбiрленушiден жауап алудың ерекшелiктерi
1. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын тұлға бір іс бойынша жауап алу үшін бірінші рет шақырылған куәлар, жәбірленушілер жауап алу басталғанға дейiн өзара сөйлеспейтiндей шаралар қолданады.
2. Жауап алу алдында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам куәнiң, жәбiрленушiнiң күдіктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға iс жүргiзу құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақтар беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам куәнің, жәбiрленушiнің өзiнiң, жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының, қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін, сондай-ақ дiни қызметшiнің тәубе үстiнде оған (оларға) iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куә, жәбiрленушi көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледі.
3. Егер куә жауап алуға заң көмегін көрсету үшін шақырылған адвокатпен бірге келсе, онда адвокат жауап алу кезінде қатысады. Жауап алу аяқталғаннан кейін адвокат ескертулер беруге және жауап алу хаттамасына енгізілуге тиіс жауап алудың мәні бойынша өтініш білдіруге құқылы.
4. Қалған жағдайда куә мен жәбiрленушiден жауап алу осы Кодекстiң 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.
215-бап. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алу ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысуы үшін, ал сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның қарауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбірленушіден жауап алуға қатысуы үшін педагог және/немесе психолог шақырылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбірленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы.
2. Он алты жасқа дейінгі куәлар мен жәбiрленушiлерге айғақтар беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн жауаптылық туралы ескертілмейді. Осындай куәлар мен жәбiрленушiлерге іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіру кезінде оларға тек қана шындықты айту қажеттігі көрсетіледі. Кәмелетке толмаған куә мен жәбiрленушiге оның өзiнiң немесе жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін айғақтар беруден бас тарту құқығы түсiндiріледі.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған жауап алуға қатысушы адамдарға хаттамаға енгiзiлуге тиiс жауап алынып отырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы ескертпелер беру, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен жауап алынып отырған адамға сұрақ қою құқығы түсiндiрiледi. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам қойылған сұрақты қабылдамауға құқылы, бірақ оны хаттамаға енгізуге және қабылдамаудың себебiн көрсетуге тиіс.
216-бап. Күдіктiден жауап алу ерекшеліктері
1. Жауап алудың алдында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам күдіктіге оның қандай қылмыстық жазаланатын әрекетті жасады деп күдік келтіргенін хабарлайды, сондай-ақ айғақ беруден бас тарту құқығын қоса алғанда, оған осы Кодекстің 64-бабында көзделген құқықтарды түсіндіреді.
2. Күдіктіге оған келтірген күдіктің мәнін түсіндіре отырып, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін өзін толық немесе ішінара кінәлі деп мойындайтынын не өз кінәсін мойындамайтынын анықтайды.
Күдіктінің жауап беруден бас тартуы оның өз кінәсін мойындамағаны ретінде бағаланады.
3. Жауап алу күдіктiге келтірген күдік жөнінде және iс үшiн маңызы бар барлық басқа мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.
4. Осы Кодекстің 69-бабы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, осы Кодекстің 67-бабында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы міндетті.
5. Қалған жағдайларда күдіктiден жауап алу осы Кодекстің 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.
217-бап. Тергеу судьясының жәбірленушіден, куәдан жауап алу ерекшеліктері (айғақтарды депонирлеу)
1. Прокурор, күдікті немесе іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокаты тергеу судьясының жәбірленуші, куә болып табылатын адамнан жауап алу туралы, егер сотқа дейінгі тергеу не сот отырысы барысында олардан неғұрлым кешірек жауап алу объективті себептерге (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұруы, шетелге шығуы, ауыр денсаулық жағдайы, қауіпсіздік шараларын қолдану), байланысты мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ психикаға әсер етуді болдырмау үшін кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында өтініш білдіруге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам прокурордың алдына айғақтарды депонирлеу туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселені қоюға құқылы. Өтінішке сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам жәбірленушінің, куәнің айғақтарын депонирлеу қажеттігін растайтын қылмыстық істің материалдарын қоса береді.
Ұсынылған материалдарды қарап, прокурор бір тәулік ішінде айғақтарды депонирлеу туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселені шешеді.
2. Тергеу судьясы өтінішхатты ол алынған кезден бастап үш тәулік ішінде қарайды және оның нәтижелері бойынша өтінішхатты қанағаттандыру немесе оны қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелді қаулы шығарады. Өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда тергеу судьясы алғаш мүмкіндік болған кезде жауап алу уақытын белгілейді, бұл туралы прокурорға, күдіктіге және іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокатқа хабарлайды. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағымдануға және наразылық білдіруге болады. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуы, айғақтарды депонирлеу туралы өтінішхатты сотқа жіберу негіздерінің болуын көрсететін мән-жайлар туындаған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың қайта жүгінуіне кедергі келтірмейді.
3. Тергеу судьясының жәбірленуші мен куәдан жауап алуы олардың айғақтарын депонирлеу туралы өтініш білдірген адамдардың қатысуымен жүргізіледі. Егер күдіктінің жауап алуға қатысуы жәбірленушінің, куәнің қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, күдікті жауап алуға шақырылмайды. Айғақтарды депонирлеу кезінде сот отырысына қатысу үшін адамдардың келуін қамтамасыз ету тергеу судьясына өтініш берген адамдарға жүктеледі. Күдіктінің қорғаушысы адамды шақыру үшін тергеу судьясының алдына адамның жауап алуға келуін қамтамасыз етуге көмек көрсету туралы өтініш білдіруі мүмкін.
Шақыру қағазын алған күдіктінің келмей қалуы жауап алуды жүргізуге кедергі келтірмейді. Егер шақыруды алған прокурор немесе қорғаушы дәлелді себеп бойынша келмей қалса және сотқа бұл туралы алдын ала хабарлаған болса, жауап алу жүргізілмейді. Егер жауап алуды жүргізу туралы өтініш білдірген процеске қатысушы жауап алуға келмеген немесе одан жауап алу туралы өтініш білдірген адамды тергеу судьясына алып келмеген болса, онда жауап алу жүргізілмейді, бұл туралы судья қаулы шығарады.
4. Тергеу судьясының жауап алу мен жауап алу хаттамасын жүргізуі осы Кодекстің 347, 369, 370, 371-баптарының қағидаларын сақтай отырып, жүргізіледі.
5. Жауап алынатын адам айғақтарын тергеу судьясы депонирлеп тіркеген сот отырысының хаттамасына судья мен сот отырысының хатшысы қол қояды. Айғақтарды депонирлеу кезінде процеске қатысушылар сот отырысы хаттамасының көшірмесін алуға және оған өздерінің ескертулерін білдіруге құқылы, оларды тергеу судьясы дәл сол күні қарап олардың қабылданғаны немесе қабылдаудан бас тартылғаны туралы қаулы шығарады. Осыдан кейін сот отырысының хаттамасы, егер хаттамаға ескертулер жасалған болса, оған ескертулер және судьяның оларды қарау туралы қаулысы іс жүргізетін прокурорға қылмыстық іс материалдарға қосу үшін жіберіледі.
218-бап. Беттестіру
1. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам бұрын жауап алынған екi адам арасында, егер олардың айғақтарында елеулi қайшылықтар болса, осы қайшылықтардың себептерін анықтау үшiн беттестіру жүргізуге құқылы.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда беттестiруге қорғаушы, педагог, дәрiгер, аудармашы және жауап алынып отырған адамның заңды өкiлi қатыса алады.
3. Беттестiруді бастау алдында беттестiрiлiп отырған адамдардың бiрiн-бiрi бiлетiн-бiлмейтiндiгi және олардың арасында қандай қарым-қатынас бар екенi анықталады. Куә мен жәбiрленушiге айғақтар беруден бас тартқаны, айғақтар беруден жалтарғаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, сондай-ақ жауап алынатын адамдарға, өзiне, жұбайына (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына қарсы, ал дiни қызметшiлерге – тәубе үстiнде оларға iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
4. Беттестiруге шақырылған адамдарға анықтау үшiн беттестiру жүргiзiлiп отырған iстiң мән-жайлары туралы айғақтар беру кезек бойынша ұсынылады. Осыдан кейін сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам сұрақтар қояды. Беттестiруге шақырылған адамдар сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен бiр-бiрiне сұрақтар қоя алады.
5. Беттестiру жүргізу кезiнде сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам iске қоса тіркелген заттай дәлелдемелер мен құжаттарды көрсетуге құқылы.
6. Беттестiруге қатысқан адамдардың алдыңғы жауап алудағы берген айғақтарын жариялауға олар беттестiруде айғақтар бергеннен кейiн және олар хаттамаға енгiзiлгеннен кейiн рұқсат етіледі.
7. Беттестiрудiң барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 199-бабында көзделген қағидалар бойынша жасалатын хаттамада көрсетiледi.
8. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам беттестiруге қатысқан адамдарды хаттаманың мазмұнымен таныстырады. Жауап алынған адамдардың хаттамаға түзетулер мен толықтырулар енгiзудi талап етуге құқығы бар. Беттестiру хаттамасына сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам және жауап алынған адамдар қол қояды. Әрбiр жауап алынған адам өз айғақтарына және хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды.
27-тарау. Қарап тексеру
219-бап. Қарап тексеру
Қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерiн және өзге де материалдық объектiлердi табу және анықтау, сондай-ақ оқиғаның жағдайын және iс үшiн маңызы бар болған мән-жайларды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам жердi, үй-жайларды, заттарды, құжаттарды, көзi тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды қарап тексеруді жүргізеді. Қарап тексеруді жүзеге асыратын адамның нұсқаулары осы тергеу әрекетiне барлық қатысушылар үшiн мiндеттi.
220-бап. Қарап тексеру жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Қарап тексеру бұған қажеттiлiк пайда болған кезде, әдетте, кейiнге қалдырылмай жүргiзiледi.
2. Жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар ала отырып, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам оқиға болған жерге дереу келуге және қарап тексеру жүргiзуге міндетті.
3. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам уақытылы келе алмаған жағдайда, қарап тексеруді анықтаушы немесе арыз немесе хабар келiп түскен анықтау органының өзге қызметкері жүргiзуге міндетті.
4. Анықтау органының қызметкерлерi қарап тексеру жүргiзу кезінде жәрдемдесуге және сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның тапсырмасы бойынша оқиға болған жердi күзету, көрген адамдарды анықтау, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтап табу және ұстау, зардап шеккендердi көшiру, қаза болғандарды тасымалдау, жалғасып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу және қайталануының алдын алу және оқиғаның өзге зардаптарын жою жөнiндегi қажеттi іс-шараларды жүргiзуге мiндеттi.
5. Қарап тексеру оның барысы мен нәтижелерін бекітетін техникалық құралдарды қолданумен, ал осы баптың он екінші және он үшінші бөліктерінде көзделген жағдайда куәгерлердің қатысуымен жүргізіледі.
6. Қажет болған жағдайда қарап тексеру күдіктiнiң, жәбiрленушiнiң, куәнiң, сондай-ақ маманның қатысуымен жүргiзiледi.
7. Анықталып табылған iздердi және өзге де материалдық объектiлердi қарап тексеру тергеу әрекетi жүргiзiлетiн жерде жүзеге асырылады. Егер тексеріп қааруға ұзақ уақыт талап етілсе немесе қылмыс анықталған жерді қарап тексеру елеулi түрде қиындатылса, объектiлер ол жерден алып қойылып, буып-түйiлiп, мөрмен бекiтiлiп және бүлiнусіз қарап тексеруге ыңғайлы басқа жерге жеткiзiлуге тиiс.
8. Қарап тексеру кезiнде анықтап табылғанның және алып қойылғанның барлығы куәгерлерге, қарап тексерудің басқа да қатысушыларына көрсетiлуге тиiс, бұл туралы хаттамада белгi қойылады.
9. Іске қатысы бар объектiлер ғана алып қойылуға жатады. Алып қойылған объектiлер буып-түйiледi, мөрмен бекiтiледi және сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам мен куәгерлер тартылған кезде олардың қол қоюы арқылы расталады.
10. Қарап тексеруге қатысушы адамдар сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның назарын өз пiкiрлерiнше iстiң мән-жайларын анықтауға ықпал ететiн барлық мән-жайларға аударуға құқылы.
11. Қажет болған жағдайларда тексерiп қарау кезінде тексерілетін объектiлерге өлшеу жүргiзiлiп, олардың жоспарлары мен схемалары жасалады, сондай-ақ суретке түсiру және өзге құралдармен түсіріп алу жүргiзiледi, бұл туралы хаттамада белгi қойылып, оған көрсетілген материалдар қоса тiркеледі.
12. Адамды қарап тексеру оның киген киімдерін және денесінің ашық бөліктерін көзбен шолып тексеру, сырттай қарап тексеру нысанында жүргізіледі, оның барысы мен нәтижелері тергеу әрекетінің хаттамасында көрсетіледі.
13. Тұрғын үйдi қарап тексеру тек онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келiсiмiмен немесе прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiледi. Егер онда тұратын адамдар кәмелетке толмаған адамдар болса немесе психикалық немесе өзге ауыр науқастардан зардап шегетiнi белгiлi болса немесе қарап тексеруге қарсы болса, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам прокурордың санкциясы алынуға тиiс мәжбүрлеп қарап тексеру туралы қаулы шығарады. Прокурор санкция беруден бас тартқан жағдайда қарап тексеру жүргiзiлмейдi.
14. Егер тұрғын үй оқиға орны болса және оны қарап тексеруді кейiнге қалдыруға болмаса, онда тұрғын үйдi қарап тексеру сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның қаулысы бойынша жүргiзiлуi мүмкiн, бiрақ кейiннен прокурорды оның заңдылығын тексеру үшiн жүргiзiлген қарап тексеру туралы бiр тәулiк мерзiмде хабардар етіледі. Көрсетілген хабарламаны алғаннан кейiн прокурор жүргізілген қарап тексерудің заңдылығын тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Жүргізілген қарап тексерудің заңсыз екенi туралы шешiм қабылданса, оның нәтижелері iс бойынша дәлелдеме ретiнде жiберiле алмайды.
15. Тұрғын үйдi қарап тексеру кезiнде онда тұратын кәмелетке толған адамның қатысуы қамтамасыз етiлуге тиiс. Оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның өкiлдерi шақырылады.
16. Ұйымдардың үй-жайлары мен аумағындағы қарап тексеру олардың әкiмшiлiгі өкiлдерiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
17. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайлардағы, сол сияқты дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды қарап тексеру тек дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оның орнындағы адамның өтiнiшi бойынша немесе оның келiсiмiмен және оның қатысуымен жүргiзiледi. Дипломатиялық өкiлдiң келiсiмi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер Министрлiгi арқылы сұратылады. Қарап тексеру жүргiзiлген кезде прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер Министрлiгi өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
18. Егер қандай да бiр себептер бойынша бiрiншi қарап тексеру кезінде объектiнiң бөлiктерi зерттелмеген болса, оларды қосымша қарап тексеру жүргiзiледі.
19. Дәл сол объектіні қайта қарап тексеру:
1) бірінші қарап тексеру жағдайлары объектіні тиімді қабылдау үшін қолайсыз болса;
2) егер бірінші қарап тексеруден кейін жаңа мәліметтер алынуы мүмкін болса;
3) егер бірінші қарап тексеру сапасыз жүргізілген болса өткізілуі мүмкін.
221-бап. Заттай дәлелдемелердi қарап тексеру және сақтау
1. Оқиға болған жердi, жерді немесе үй-жайды қарап тексеру кезiнде анықталып табылған, тiнту, шығарып алу, тергеу экспериментi немесе басқа тергеу әрекеттерiн жүргізу кезiнде алып қойылған не сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның талап етуi бойынша ұйымдар және азаматтар берген заттар осы Кодекстiң 220-бабының қағидалары бойынша қарап тексеруге жатады.
2. Көрсетілген заттар қарап тексергеннен кейiн осы Кодекстiң 118-бабының қағидаларына сәйкес заттай дәлелдемелер деп танылуы мүмкiн. Затты заттай дәлелдеме ретiнде тану және оның iске қоса тiркелуі туралы сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам қаулы шығарады. Осы қаулыда заттай дәлелдеменi iспен бiрге қалдыру немесе оны иесiне немесе өзге адамдарға немесе ұйымдарға сақтауға өткiзу туралы мәселе шешiлуге тиiс.
3. Егер заттарды ауқымды болуына немесе өзге де себептерге байланысты қылмыстық iспен бiрге сақтау мүмкін болмаса, олар суретке түсіру немесе бейнежазба құралдарымен түсiрiп алынуға, мүмкiндiгiнше мөрмен бекiтiлуге және тергеушi көрсеткен орында сақталуға тиiс. Iске заттай дәлелдеменің үлгiсi қоса тiркелуi мүмкiн. Заттай дәлелдеменің жатқан жерi туралы iсте тиiстi анықтама болуға тиiс.
Заттай дәлелдемелерді алу, сақтау, табыстау және жою тәртібін, сондай ақ тергеуді жүргізетін орган алып қойған ұлттық және шетел валютасындағы ақшалай қаражаттың сақталуын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Тез бұзылуға ұшырайтын заттай дәлелдемелер, егер оларды иесiне қайтару мүмкін болмаса, жергілікті атқарушы орган айқындайтын тиiстi ұйымдарға мақсатына сай пайдалану үшін не алынған сомаларды сотқа дейінгі тергеуді жүргiзетін органның депозитiне сала отырып, өткізуге тапсырылады. Сақталуы елеулі материалдық шығынды талап ететiн заттай дәлелдемелер, егер иесiне тиісті түрде хабарланғаннан кейін алты ай өткен соң қайтарып берiлуi мүмкiн болмаса, ал иесі анықталмаған жағдайда – заттарды заттай дәлелдемелер деп таныған кезден бастап сол мерзімде осы Кодекстің 205-бабының үшінші бөлігінде көзделген талаптар сақтала отырып, алынған соманы сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін органның депозитiне сала отырып, заңнамада белгiленген тәртiппен өткізіледі. Негiздер болған жағдайда пайдаланылған немесе өткізілген заттай дәлелдемелер иесіне сол сияқты және сондай сападағы заттармен қайтарылады немесе соңғысын сот шешімі бойынша мемлекеттік бюджет есебінен олардың құны төленедi.
Әрбір атауы (түрі) бойынша аса ірі мөлшерге жатқызудың белгіленген шегінен асатын мөлшердегі есірткі, психотроптық заттар сот сараптамасы жүргізілгеннен кейін, заттай дәлелдемелер деп танылып, іске үлгі ретінде қоса тіркелгендерді қоспағанда, прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органы қаулысының негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жойылуға тиіс.
Оларды қылмыстық іске қоса тіркеу үшін сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам прокурормен келісілген тиісті қаулының негізінде маманның міндетті түрде қатысуымен және бейнежазбаны қолданып, алып қойылған есірткі, психотроптық заттардың жалпы көлемінен әрбір атауы (түрі) бойынша тиісті есірткі, психотроптық заттар үшін заңда белгіленген аса ірі мөлшерге тең шамасында үлгілер таңдап алуға тиіс.
5. Анықтау органы iстi сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамға, немесе бір анықтау органынан басқа анықтау органына не сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын бір адамнан екiншiсіне берген кезде, сол сияқты iс прокурорға және сотқа жiберiлген кезде заттай дәлелдемелер осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, белгiленген тәртiпке сәйкес бiрге жөнелтiледi. Заттай дәлелдемелер буып-түйiлген және мөрмен бекiтiлген түрде оларды даралайтын белгiлерi көрсетiліп қамтылған тiзiмдемемен қоса берiледi.
6. Қылмыстық іс қысқартылған кезде заттай дәлелдемелердің және мұндай деп танылмаған заттардың жағдайы туралы мәселе осы Кодекстің 118-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша шешіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |