194-бап. Тергеу, жедел-тергеу тобының сотқа дейінгі тергеуді жүргізуі
1. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу ол күрделi немесе оның көлемі үлкен болған жағдайда тергеушiлер және анықтау органы қызметкерлерінің тобына (тергеу, жедел-тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл туралы шешiмдi сотқа дейінгі тергеу органының бастығы қабылдауға құқылы. Қаулыда тергеу жүргiзу тапсырылған барлық тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері, оның iшiнде топ жетекшi – тергеушi көрсетiлуге тиiс.
Күдіктi, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері тобының тергеу туралы қаулысымен танысуға тиiс және оларға осы топ жетекшісінен, сондай-ақ топ құрамындағы кез келген тергеушiден, анықтау органы қызметкерінен бас тарту құқығы түсiндiрiледi.
2. Топқа сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын тергеушілер, анықтау органының қызметкерлері кіруi мүмкiн. Мұндай топты құру туралы шешiм прокурордың нұсқауы бойынша да, қылмыстық қудалау органдары бастықтарының бастамашылығы бойынша да қабылдануы мүмкiн. Мұндай шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып шығарылатын бiрлескен қаулымен ресiмделедi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар айрықша жағдайларда тергеудің толық және объективті болмау фактілері анықталған кезде, істің күрделілігі мен маңыздылығына қарай прокурорлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын бір немесе бірнеше органның тергеушілері мен жедел қызметкерлері арасынан топ құра алады, бұл ретте прокурорды осы топтың жетекшісі етіп тағайындап, бұл шешімді өз қаулысымен ресімдейді.
195-бап. Топ жетекшiсiнiң өкiлеттiктерi
1. Топ жетекшiсi өз қаулысымен iсті өз іс жүргiзуiне қабылдайды, топ жұмысын ұйымдастырады, басқа тергеушiлер мен анықтау органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттерiне басшылық жасайды.
2. Қылмыстық істі толығымен немесе оның бөлігін қысқарту, сотқа дейінгі тергеу материалдарын бiрiктiру және бөлу, сондай-ақ сот санкция беретін бұлтартпау шараларын қолдану және оларды ұзарту туралы шешiмдердi топ жетекшiсi ғана қабылдайды.
3. Тергеу нәтижелері осы Кодекске сәйкес топ жетекшісі қол қоятын іс жүргізу актісімен ресімделеді.
4. Топ жетекшiсi басқа тергеушiлер жүргiзетiн тергеу әрекеттеріне қатысуға, қылмыстық іс бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен тергеу әркеттерін жеке өзi жүргiзуге және шешімдер қабылдауға құқылы.
5. Жетекшi болып тағайындалған прокурор тергеушiнiң осы Кодексте көзделген барлық өкiлеттiктерiн пайдаланады.
196-бап. Анықтау органдарының алдын ала тергеу жүзеге асырылатын iстер бойынша қызметi
1. Алдын ала тергеуді жүзеге асыру қажет болған қылмыс белгiлерi болған жағдайда анықтау органы сотқа дейінгі тергеуді бастауға және қылмыс iздерiн анықтау және бекiту бойынша кейінге қалдырылмайтын тергеу әрекеттерін: қарап тексеруді, тiнтудi, алуды, куәландыруды, күдіктілерді ұстау мен олардан жауап алуды, жәбiрленушiлер мен куәлардан жауап алуды және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізуге құқылы. Анықтау органы анықталған қылмыстық құқық бұзушылық пен сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы прокурорды дереу хабардар етеді.
2. Кейінге қалдырылмайтын тергеу әрекеттерін орындағаннан кейiн, бiрақ сотқа дейінгі тергеу басталған күннен бастап бес тәулiктен кешiктiрмей, анықтау органы тергелу тиесілігі туралы мәселелер болмаған кезде бұл туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорды жазбаша хабардар ете отырып, iстi дәл сол органның тергеушiсіне беруге мiндеттi. Қалған жағдайларда қылмыстық іс прокурорға тергелу тиесілігін айқындау үшін беріледі.
3. Iстi тергеушiге бергеннен кейiн анықтау органы ол бойынша тергеу әрекеттерін және жедел iздестiру шараларын тек тергеушiнiң тапсырмасы бойынша ғана жүргiзе алады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтау мүмкiн болмаған iстi тергеушiге берген жағдайда, тергеушiні нәтижелері туралы хабардар етумен анықтау органы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтау үшiн iздестiру шараларын жүргiзуге мiндеттi.
197-бап. Тергеу әрекеттерін жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам заңмен көзделген адамдарды тергеу әрекеттеріне қатысуға тарта отырып, олардың жеке басын анықтайды, оларға құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзудiң тәртiбiн түсiндiредi.
2. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекетін түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде техникалық құралдар қолданылуы және қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерi мен заттай дәлелдемелердi анықтаудың, бекiту мен алудың ғылыми негiзделген тәсілдері пайдаланылуы мүмкiн.
4. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптаулар, күш қолдануға, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды қолдануға, қатыгез іс-әрекеттерге сол сияқты оған қатысушы адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызуға жол берiлмейдi.
5. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының басқа да қызметкерлерiн тартуға құқылы.
6. Осы Кодекстің 255-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, 220-бабының он үшінші және он төртінші бөліктерінде, 252, 255-баптарында көзделген тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлерді тарту міндетті болады.
Қалған жағдайларда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде барысы мен нәтижелерін бекітетін техникалық құралдар міндетті түрде қолданылады.
Техникалық бекіту құралдары болмаған немесе оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлер тартылады.
Барысы мен нәтижелерін бекітетін техникалық құралдарды қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
198-бап. Сотқа дейінгі тергеу барысында шығарылатын қаулылар
Сотқа дейінгі тергеу процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр iс жүргiзу шешiмiн қабылдау кезiнде сотқа дейінгі тергеудi жүзеге асыратын адам қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, тегі және лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнi мен негiздерi, қаулының осы Кодекстiң қай баптарына негiзделiп шығарылғаны көрсетiледi.
Қаулының көшірмесі жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорға жіберіледі.
199-бап. Тергеу әрекетінің хаттамасы
1. Тергеу әрекетінің хаттамасы тергеу әрекетiн жүргiзу барысында немесе тікелей ол аяқталғаннан кейiн жасалады.
2. Хаттама қолмен жазылуы, машинкамен не компьютермен басу тәсілі арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс және бейнежазба немесе өзге де техникалық құралдар қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс және бейнежазба материалдары немесе өзге ақпарат хаттамаға тіркеліп, жеткізгіш iспен бiрге сақталады.
3. Хаттамада: тергеу әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiн дәл; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты көрсетiледi.
Хаттамада iс жүргiзу әрекеттерi олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу кезінде анықталған iс үшiн маңызы бар мән-жайлар, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.
4. Осы Кодекстің 97-бабы қолданылған жағдайда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам тергеу әрекетінің хаттамасында жәбірленушінің жеке басы, оның өкілі, сондай-ақ куәлар (куәгерлер) туралы деректерді келтірмейді, қорғалатын адам өзі қатысатын тергеу әрекеттерінің хаттамаларында таңдайтын адамның бүркеншек аты мен қолтаңбасын қолданады.
5. Егер тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс және бейнежазба немесе өзге де техникалық құралдар қолданылса не iздiң көшiрме бедерi мен таңбасы жасалса, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану талаптары мен тәртiбi, бұл құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған қоса ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi көрсетiлуге тиiс.
6. Хаттама танысу үшiн тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертпелер жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертпелер, толықтырулар, түзетулер ескертiлуге және осы адамдардың қолтаңбаларымен куәландырылуға тиiс.
7. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық өзге де адамдар қол қояды. Тергеу әрекетінің хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 123-бабының сегiзiншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Хаттамаға тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, өзге ақпарат жеткізгіштер, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң көшiрме бедерлерi мен таңбалары қоса тiркеледi.
9. Егер тергеу әрекетін жүргiзу барысында маман өз зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, бұл құжат хаттамаға қоса тiркеледi, бұл туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады.
200-бап. Қылмыс жасауға және басқа да заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыным
1. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыным енгізуге құқылы.
2. Ұсынымдар қолданған шаралар туралы міндетті түрде хабардар етумен бір ай мерзімде қаралуға тиіс.
201-бап. Сотқа дейінгі тергеу деректерiн жария етуге жол бермеу
1. Сотқа дейінгі тергеу деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеу мүдделерiне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.
2. Сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа да адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы аталған адамдардан жауаптылық туралы ескертумен қолхат алынады.
25-тарау. Адамды күдікті деп тану және күдікті әрекетінің
саралануын айқындау
202-бап. Адамды күдікті деп тану туралы жариялау
1. Адамның қылмыс жасағанын көрсететін деректер болған кезде, соның ішінде 128-бабы екінші бөлігінің 1) – 4) тармақтарында көзделген мән-жайлар болған кезде сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 139-бабын қолдану кезінде адамды күдікті деп тану туралы қаулы шығарады.
2. Адамды күдікті деп тану туралы қаулыда:
1) оның жасалған уақыты мен орны, қаулыны кім жасағаны; күдікті деп танылатын адамның тегі, аты және әкесінің аты, оның туған күні, айы, жылы және туған жері;
2) оны жасаған уақыты мен орны көрсетіле отырып, күдік келтірген адам жасаған қылмыстың қысқаша сипаттамасы;
3) осы қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетілуге тиіс.
Кәсіби және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған адвокатты, прокурорды, тергеушіні, анықтаушыны, тергеу бөлімінің бастығын, анықтау органының бастығын күдікті деп тану туралы қаулыны прокуратура басшысы бекітеді.
Адамды күдікті деп тану туралы қаулы сол адамға жарияланады. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам өзіне қатысты күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған адамға бұл туралы қаулыда белгі жасап, күдіктінің құқықтарын түсіндіруге және оған сол қаулының көшірмесін тапсыруға міндетті.
3. Адамды күдікті деп тану туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорға жіберіледі.
203-бап. Күдікті әрекетінің саралануын айқындау
1. Адамның қылмыс жасағаны туралы күдікті растайтын оған қатысты жеткілікті дәлелдемелер болған кезде прокурор, сотқа дейінгі тергеуді түзеге асыратын адам күдіктінің әрекетін саралау туралы дәлелді қаулы шығарады.
Кәсіби және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған адвокаттың, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының, тергеу бөлімі бастығының, анықтау органы бастығының әрекетін саралау туралы қаулыны прокуратура басшысы бекітеді.
2. Прокурор, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы жарияланатын күн туралы хабарлайды және бір мезгілде оған қорғаушы шақыру не оның қатысуын қамтамасыз ету туралы өтініш жасау құқығын түсіндіреді.
3. Осы Кодекстің қағидаларына сәйкес қорғаушының қатысуы міндетті істер бойынша прокурор, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам, егер қорғаушыны күдіктінің өзі, оның заңды өкілі не оның тапсырмасы немесе оның келісімі бойынша басқа да адамдар шақырмаған болса, оның келуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады.
4. Күдікті әрекетінің саралануын айқындаған кезде іс материалдарына, егер ол бұрын жасалмаған болса, прокурор, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам куәландырған жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса тіркеледі.
5. Күдіктінің, айыпталушының жеке басын куәландыратын құжаты болмаған не жоғалған, оны жоғалтқан жағдайда, оны құжаттаудың тәртібі сотқа дейінгі тергеуді жүргізуге уәкілетті органдардың бірлесіп айқындалған бұйрықпен уәкілетті орган жүргізеді.
204-бап. Күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы
1. Күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда:
1) оның жасалған уақыты мен орны, хаттаманы кім жасағаны; күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты, туған күні, айы, жылы және туған жері;
2) оның жасалған уақыты мен орны, сондай-ақ осы Кодекстің 113-бабына сәйкес дәлелдеуге жататын өзге де мән-жайларды көрсете отырып, адам жасады деп күдік келтірген қылмыстың сипаттамасы;
3) адам жасады деп күдік келтірілген қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетіледі.
2. Бірнеше қылмыс жасады деп күдік келтірген кезде күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда қылмыстық заң баптарының (бөліктерінің, тармақтарының) әрқайсысы бойынша нақты қандай әрекеттер (әрекетсіздік) жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.
3. Күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорға жіберіледі.
205-бап. Күдіктінің келу мiндеттiлiгi
1. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмаған күдікті жазбаша хабарлама-шақыру қағазы арқылы жауап алуға шақырылады. Хабарлама телефонограмма немесе жеделхат арқылы да берiлуi мүмкiн.
2. Шақыру қағазында кiм, қайда және кiмге шақырылатыны, келетiн күні мен сағаты, сондай-ақ келмей қалуының салдары көрсетiлуге тиiс .
3. Шақыру қағазы күдіктіден қолхат алып тапсырылады, ал ол уақытша болмаған жағдайда күдіктіге беру үшiн жауап алуға шақырылып отырған күдіктіге шақыру қағазын беруге мiндетті кәмелетке толған отбасы мүшесiне тапсырылады немесе тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе тұрғылықты жерi бойынша әкiмшiлiкке не жұмыс орны бойынша әкiмшiлiкке берiледi. Күдікті басқа да байланыс құралдарын пайдалану арқылы да шақырылуы мүмкін. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және сотқа дейінгі тергеу органдарына келуден жалтарған жағдайларда, хабарлама республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қол жетімді телекоммуникациялық желілерде, ал оның тұрып жатқан жері белгілі болған жағдайда, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
4. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмаған күдікті сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның шақыруы бойынша белгiленген мерзiмде келуге мiндетті.
5. Күдікті белгіленген мерзімде келмей қалу себептері туралы және дәлелді себептер болғанда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамды хабардар етуге міндетті.
6. Дәлелсiз себептермен келмей қалған жағдайларда күдікті күштеп әкелінуі мүмкін.
7. Күзетпен ұсталған күдікті қамау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.
206-бап. Күдіктіге оның әрекетін саралау туралы қаулыны жария ету тәртібі
1. Күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша міндетті болса немесе бұл туралы күдікті өтініш білдірсе, қорғаушының қатысуымен және қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей жария етіледі. Күдікті немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда қаулы жиырма төрт сағат өткеннен кейін де жариялануы мүмкін.
2. Күштеп әкелінген күдіктіге қаулы ол күштеп әкелiнген күнi жарияланады. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.
3. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам күдіктінің жеке басын анықтағаннан кейін және қорғаушының қорғауды жүргiзу тапсырмасын тексергеннен кейiн күдіктіге және оның қорғаушысына күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыны жариялайды.
4. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам күдіктіге күдік келтірудің мәнiн түсiндiруге мiндеттi.
5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындау күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау күнi мен сағаты көрсетіле отырып, күдіктінің, қорғаушының және тергеушiнiң қолтаңбаларымен куәландырылады.
6. Күдікті қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырған адам және егер, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезінде қатысқан болса, қорғаушы күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда күдіктіге қаулы мәтінінің жарияланғанын куәландырады.
7. Күдіктіге күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулының көшiрмесi тапсырылады.
8. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және қылмыстық қудалау органдарына келуден жалтарған жағдайда – сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам, ал қорғаушы келген жағдайда қорғаушы да, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болуына және сотқа дейінгі тергеу органдарына келуден жалтаруына байланысты күдікті жариялау мүмкін еместігін куәландырады.
Егер күдіктінің тұрып жатқан жері белгілі болса, қаулының көшірмесі оған байланыс құралдарын пайдалану арқылы, оның ішінде почта арқылы да жіберіледі. Қажет болған жағдайда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қол жетімді телекоммуникациялық желілерде күдіктінің әрекетін саралау туралы хабарламаны жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
207-бап. Күдіктінің әрекетін саралауды өзгерту және толықтыру
1. Егер сотқа дейінгі тергеуді жүргізген кезде күдікті әрекетін саралауды өзгерту және толықтыру үшін негіздер туындаса, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 204-бабының талаптарын сақтай отырып, күдіктінің әрекетін саралау туралы жаңа қаулы жасауға және оны осы Кодекстің 205, 206-баптарында белгіленген тәртіппен күдіктіге жариялауға міндетті. Күдікті әрекетінің түпкілікті саралануы соңғы қаулының шығарылған күні бойынша айқындалады.
2. Алдын ала тергеу барысында жария етілген күдік қандай да бір бөлігінде расталмаса, тергеуші өзінің қаулысымен осы бөліктегі қылмыстық қудалауды қысқартады, бұл туралы қабылданған шешімнің көшірмесін табыс ете отырып, күдіктіні және процестің басқа да қатысушыларын хабардар етеді.
26-тарау. Жауап алу және беттестіру
208-бап. Жауап алуға шақыру тәртiбi
1. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырған адам куә, жәбiрленушi, күдіктiні жауап алуға шақыру қағазы арқылы шақырады.
Шақыру қағазында жауап алуға шақырылатын адамның тегі, аты, әкесінің аты, шақыратын адамның тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, жауап алуға келетін мекенжай мен уақыты бойынша шақыртылатыны, жауап алуға келетiн уақыт (күнi, сағаты), адвокат шақыру құқығы, сондай-ақ дәлелсiз себептермен келмеудiң салдары көрсетiледi.
Шақыру қағазы жауап алуға шақырылатын адамға одан қолхат алып тапсырылады не байланыс құралдарының көмегімен беріледі. Жауап алуға шақырылатын адам уақытша болмаған жағдайда, шақыру қағазы оның кәмелетке толған отбасы мүшесiне не жергiлiктi атқарушы органның өкiліне, оның жұмыс орны бойынша әкімшілікке немесе сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның тапсырмасы бойынша шақыру қағазын жауап алуға шақырылатын адамға беруге міндетті өзге адамдар мен ұйымдарға тапсырылады.
Жауап алынатын адам өзге байланыс құралдарын пайдалана отырып, шақырылуы мүмкiн.
Күзетпен ұсталған күдіктi жауап алуға ол күзетпен ұстау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.
2. Жауап алуға шақырылатын адам белгіленген уақытта келуге не келмей қалу себептері туралы сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамды алдын ала хабардар етуге міндетті. Жауап алуға шақырылатын адам дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда күштеп әкелінуі мүмкін не оған осы Кодексте көзделген өзге де іс жүргізетінлік мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.
3. Он сегіз жасқа толмаған адам жауап алуға оның заңды өкілдері арқылы, ал олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы орган арқылы не оның жұмыс немесе оқу орны бойынша әкімшілігі арқылы шақырылады.
4. Әскери қызметші жауап алуға әскери бөлім командованиесі арқылы шақырылады.
209-бап. Жауап алу орны, уақыты мен ұзақтығы
1. Жауап алу алдын ала тергеу жерінде жүргiзiледi. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам қажет деп тапқан жағдайда жауап алуды жауап алынатын адам тұратын жерде жүргiзуге құқылы.
2. Жауап алу кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда, күндiзгi уақытта жүргiзiледi.
3. Жауап алу үзiлiссiз төрт сағаттан артық жүргiзiлмеуге тиiс. Жауап алуды демалу мен ас iшуге арналған кемiнде бiр сағат үзiлiстен кейiн жалғастыруға жол беріледі, бұл ретте жауап алудың бiр күн iшiндегi жалпы ұзақтығы сегiз сағаттан аспауға тиiс. Медициналық айғақтар болған жағдайда жауап алудың ұзақтығы дәрiгердiң жазбаша қорытындысының негiзiнде белгiленедi.
4. Кәмелетке толмаған адамнан жауап алу тәуліктің күндізгі уақытында жүргізіледі және үзіліссіз екі сағаттан артық, жалпы алғанда күніне төрт сағаттан артық жүргiзiле алмайды. Кәмелетке толмаған адам қатты шаршаған жағдайда, жауап алу осындай кезең өткенге дейін үзілуі мүмкін.
210-бап. Жауап алуды жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Жауап алудың алдында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам жауап алынатын адамның жеке басын анықтауға тиiс. Егер жауап алынатын адамның iс бойынша iс жүргiзiлiп отырған тiлдi білетін-білмейтіні күмән келтірсе, оның айғақтарды қай тiлде бергiсi келетiнi анықталады.
2. Жауап алуға шақырылған адамға одан кiм ретiнде, қандай қылмыстық iс бойынша жауап алынатыны хабарланады, осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы хаттамаға белгi қойылады.
Бір іс бойынша шақырылған адамдар басқа жауап алынатын адамдардан бөлек жауап береді. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам бір іс бойынша жауап алуға шақырылған адамдардың жауап алу басталғанға дейін бір-бірімен сөйлесе алмауы үшін шаралар қолданады.
3. Жауап алу жауап алынатын адамға iстің өзiне белгiлi болған мән-жайларын айтуды ұсынудан басталады. Егер жауап алынатын адам iске мүлде қатысы жоқ мән-жайлар туралы айтатын болса, оған бұл туралы ескертiлуге тиiс.
4. Еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн жауап алынып отырған адамға айғақтарды нақтылауға және толықтыруға бағытталған сұрақтар қойылуы мүмкiн. Жетектеушi сұрақтар қоюға тыйым салынады.
5. Егер айғақтар цифрлық деректермен немесе есте сақтау қиын өзге де мәлiметтермен байланысты болса, жауап алынатын адам өзiнiң өтiнiшхаты бойынша немесе оның келiсiмiмен хаттамаға қоса тiркелуi мүмкiн құжаттар мен жазбаларды пайдалануға құқылы.
6. Егер жауап алу барысында жауап алынып отырған адамға заттай дәлелдемелер мен құжаттар көрсетілсе, басқа тергеу әрекеттерінің хаттамалары жария етілсе, аудио және (немесе) бейнежазба, киноға түсiру материалдары тыңдатылса, онда бұл туралы жауап алу хаттамасында тиісті жазба жасалады. Бұл ретте хаттамада жауап алынып отырған адамның оған көрсетілген дәлелдемелер, жария етілген хаттамалар, тыңдатылған тергеу әрекеттерінің аудио және бейнежазбалары, киноға түсiрілгендер бойынша берген айғақтары көрсетіледі.
7. Мылқау немесе саңырау куәдан, жәбiрленушiден, күдіктiден, айыпталушыдан жауап алу сурдоударма дағдыларын игерген адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Мұндай адамның жауап алуға қатысуы хаттамада көрсетiледi.
8. Жауап алынатын адамның психикалық немесе өзге ауыр науқасы болған кезде, одан жауап алу дәрiгердiң рұқсатымен және оның қатысуымен жүзеге асырылады.
9. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның шешімі бойынша, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, куәнің немесе жәбірленушінің өтініші бойынша жауап алу кезінде аудиодыбыс және бейнежазба қолданылуы мүмкін. Мұндай аудиодыбыс пен бейнежазбаның қолданылғаны туралы жауап алынатын адам жауап алу басталғанға дейін хабарланады.
10. Аудиодыбыс және бейнежазба жауап алудың барысын толығымен көрсетуге және жауап алынатын адамдардың айғақтарын толық қамтуға тиiс. Жауап алудың бiр бөлiгiн аудиодыбыс және бейнежазбаға түсiруге, сондай-ақ сол жауап алудың барысында берiлген айғақтарды жазып алу үшiн арнайы қайталауға жол берiлмейдi.
11. Жауап алу аяқталғаннан кейiн аудиодыбыс және бейнежазба толығымен жауап алынып отырған адамға тыңдатылып көрсетіледі. Жауап алынып отырған адамның аудиодыбыс– және бейнежазбаға жасаған айғақтарын толықтырулары да фонограммаға және бейнеграммаға енгiзiледi. Аудиодыбыс және бейнежазба жауап алынатын адамның олардың дұрыстығын куәландыратын мәлiмдемесiмен аяқталады.
12. Жауап алу барысында аудиодыбыс және бейнежазба қолданылып алынған айғақтар жауап алу хаттамасына енгiзiледi. Жауап алу хаттамасы сондай-ақ аудиодыбыс және бейнежазба қолданылғаны және бұл туралы жауап алынып отырған адамға хабарланғаны туралы белгiнi; техникалық құралдар, аудиодыбыс және бейнежазба жағдайлары мен оны тоқтата тұру фактiлерi, тоқтатудың себептерi мен ұзақтығы туралы мәлiметтердi; жауап алынып отырған адамның аудиодыбыс және бейнежазбаны қолдану себебі жөнiндегi мәлiмдемесiн; жауап алынып отырған адамға аудиодыбыс және бейнежазбаның тыңдатылғаны туралы белгiнi; жауап алынып отырған адамның және сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның хаттаманың және аудиодыбыс және бейнежазбаның дұрыстығын куәландырғанын қамтуға тиiс. Дыбыс жазба мен бейне жазба iспен бiрге сақталады және сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейiн олар мөрмен бекiтiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |