222-бап. Адам мәйiтiн қарап тексеру
1. Адам мәйiтiн ол табылған жерде сыртынан қарап тексерудің жалпы ережелерін сақтай отырып және сот медицинасы саласындағы маман дәрiгердiң, ал оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда – өзге дәрiгердiң мiндеттi түрде қатысуымен жүргiзiледi. Адам мәйiтiн қарап тексеру үшiн басқа да мамандар тартылуы мүмкiн.
2. Адам мәйiтiн қосымша немесе қайталап қарап тексерген жағдайда сот медицинасы саласындағы маман дәрiгердiң қатысуы мiндеттi.
3. Танылмаған адам мәйiтiн суретке түсiру, оған дактилоскопия жасау, сондай-ақ сараптамалық зерттеу жүргізу үшін үлгілер алу міндетті болып табылады.
4. Адам мәйiтiн сырттай қарап тексеру сот-медициналық сараптаманың жүргiзiлуiн алмастырмайды және жоққа шығармайды.
5. Мәйiттi қарап тексеру барысында азаматтардың қайтыс болған адамды тану туралы мәлiмдемелерi кейiннен мәлiмдеушiден куә ретiнде жауап алынып, сол тергеу әрекетінің хаттамасына енгiзiледі, бұл адам мәйiтін басқа адамдарға тану үшiн көрсетудi жоққа шығармайды.
223-бап. Куәландыру
1. Адам денесiндегi ерекше белгiлердi, қылмыстық құқық бұзушылық iздерiн, денсаулыққа келтiрілген зиянның белгiлерiн анықтап табу, мас болу жағдайын немесе iс үшiн маңызы бар өзге де қасиеттер мен белгiлердi анықтау үшiн, егер бұл үшiн сараптама жүргiзу талап етiлмесе, күдіктiге, жәбiрленушiге, куәға, арыз берушіге және арыз беруші қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адамға куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Куәландыру жүргiзу туралы сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам күдікті, айыпталушы үшін, сондай-ақ арыз беруші қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адам үшін міндетті болып табылатын қаулы шығарады.
Жәбiрленушiнi, куәнi, арыз берушіні мәжбүрлеп куәландыру прокурордың санкциясымен жүргiзiледi.
3. Куәландыруды сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам дәрiгердiң немесе басқа маманның қатысуымен жүргізеді.
4. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам егер куәландыруда адамның денесi жалаңаштандырылатын болса, онда жынысы басқа адамды куәландыру кезiнде қатыспайды. Бұл жағдайда куәландыруды сот медицинасы саласындағы маман немесе дәрiгер жүргiзедi.
224-бап. Қарап тексеру хаттамасы
1. Қарап тексерудің барысы мен нәтижелері тергеу әрекетін жүргізетін адам жасаған хаттамада осы Кодекстiң 199-бабының талаптарын сақтай отырып, көрсетіледі.
2. Хаттамада қарап тексеру кезiнде жүргізілген барлық іс-әрекеттер, сол сияқты қарап тексеру кезінде барлық анықталғандар ол жүргiзiлген ретпен және қарап тексеру кезiнде анықталғандар қандай күйiнде байқалса, сол күйiнде сипатталады. Хаттамада қарап тексеру кезiнде алып қойылған барлық объектiлер атап көрсетiледі және сипатталады.
3. Бұған қоса хаттамада: қарап тексеру қай уақытта, қандай ауа райы кезінде және жарықтың түсуi қандай болғанда жүргiзiлгенi; қандай техникалық құралдар қолданылғаны және қандай нәтижелер алынғаны; көрсетілген тергеу әрекетiн жүргiзуге кiмдер тартылғаны және олардың қалай қатысқаны; қандай объектiлер және қандай мөрмен бекiтiлгенi; қарап тексеруден кейiн iс үшiн маңызы бар заттардың қайда жiберiлгенi көрсетiлуге тиiс.
28-тарау. Эксгумация
225-бап. Эксгумация жүргізу үшін негіздер
1. Адамның мәйiтiн жерленген жерiнен қазып алу (эксгумация) егер мыналар:
1) адам мәйiтін қарап тексеру, оның iшiнде қосымша немесе қайталап қарап тексеру;
2) тану үшiн көрсету;
3) сараптамалық зерттеу үшін немесе сараптама үшін үшін үлгілер алу, сараптама жүргізу;
4) іс үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау талап етiлгенде жүргізіледі.
2. Эксгумация сот санкция берген сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның дәлелді қаулысы негізінде жүргiзiледi. Эксгумация жүргізу туралы қайтыс болған адамның туыстарының біреуі хабардар етіледі.
Эксгумация туралы қаулы жерлеу орны әкiмшiлiгi үшiн мiндеттi болып табылады.
226-бап. Эксгумация туралы қаулыға санкция беру тәртібі
Эксгумация жүргізу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның сот алдында эксгумация туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді.
Қаулыға эксгумация жүргізу қажеттігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
2. Ұсынылған материалдарды қарап, прокурор өтінішхатты қолдау не оны қолдаудан бас тарту туралы дәлелді қаулы шығарады. Өтінішхатты қолдаған кезде прокурор шығарылған қаулы мен материалдарды сотқа жібереді.
Прокурордың өтінішхатты қолдаудан бас тартуы осындай өтінішхатпен қайталап жүгінуге кедергі келтірмейді.
3. Эксгумация жүргізуге санкция беру туралы өтінішхатты тергеу судьясы тараптардың қатысуынсыз материалдар сотқа түскен кезден бастап үш тәулік ішінде жеке-дара қарайды.
4. Өтінішхатты және ұсынылған іс материалдарын қарап, тергеу судьясы эксгумация жүргізуге санкция беру не санкция беруден бас тарту туралы қаулы шығарады. Қаулы прокурорға және эксгумация жүргізу туралы қаулы шығарған қылмыстық қудалау органына орындау үшін жіберіледі.
5. Эксгумация жүргізу немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым берілуі, наразылық білдіруі мүмкін.
227-бап. Эксгумация жүргізу тәртібі
1. Эксгумацияны жерленген жердiң әкімшілігі сот медицинасы саласындағы маманның қатысуымен жергілікті эпидемиологиялық қызметке алдын ала хабарлай отырып, жүргізеді.
Эксгумацияны жүргізген кезде эксгумация жүргізу туралы қаулы шығарған сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам қатысады.
2. Адам мәйiтін тану мен қарап тексеру, үлгiлер алу эксгумация жасалатын жерде жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Эксгумациядан жүргізілгеннен кейiн адамның мәйiті өзге зерттеулердi жүргiзу үшiн медициналық ұйымға жеткiзiлуi мүмкiн.
4. Анықтау органдары сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамға эксгумация жүргiзуге жәрдемдесуге мiндеттi.
5. Эксгумация жүргізудің барысы мен нәтижелері осы Кодекстің 199-бабының талаптары сақтала отырып, жасалатын хаттамада көрсетіледі.
Хаттамада:
1) тергеу әрекетiн жүргiзу күнi, уақыты мен орны;
2) сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
3) эксгумация жүргізуге қатысқан сот медицинасы саласы маманының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты;
4) қайтыс болғанның қатысқан жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, айы, күні, туған жері;
5) эксгумация жүргізуге қатысқан өзге де адамдар туралы мәліметтер;
6) суретке түсіру, аудиодыбыс- және киноға түсіру немесе өзге де жазып алушы техникалық құралдардың пайдаланылғаны туралы белгі;
7) жерленген адамның тегі, аты, әкесінің аты, қайтыс болған күні, және эксгумация жүргізу кезiнде анықталған ретпен барлық анықталғандар;
8) тергеу әрекетіне қатысушы адамдардың ескертпелері;
9) эксгумациядан кейін адам мәйіті жіберілген мекеме не іс үшін маңызы бар, осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде анықталыпа табылған өзге де заттар көрсетіледі.
6. Эксгумация туралы хаттамаға тергеу әрекетінің барлық қатысушылары қол қояды. Егер хаттама бірнеше бетте жасалса, тергеу әрекетіне қатысушылар оның әрбір парағына қол қояды.
Егер эксгумация жүргізу кезінде суретке түсіру, бейне– және киноға түсіру немесе өзге де жазып алушы техникалық құралдар пайдаланылған болса, онда фотосуреттер, таспалар немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қоса беріледі.
7. Егер мәйітті тану, қарап тексеру, үлгілер алу басқа жерде жүргізілген болса, бұл туралы жеке хаттама жасалады.
228-бап. Адам мәйiтін эксгумация жүргізгеннен кейін жерлеу
Эксгумация жүргізгеннен кейін және кейiнгi iс жүргiзу әрекеттерiнен кейін адам мәйiтін жерлеудi қаулысы бойынша эксгумация жүргізілген адамның қатысуымен жерлеу орны әкiмшiлiгi жүргiзеді. Адам мәйiтін жерлеу туралы хаттама жасалады.
29-тарау. Тану
229-бап. Тану үшiн көрсету
1. Бұрын байқалған адаммен немесе объектiмен ұқсастықты немесе айырманы анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам тану үшiн куәға, жәбiрленушiге, күдіктiге адамды немесе затты көрсете алады. Тану үшiн мәйiт те көрсетiлуi мүмкiн.
2. Танушы адамдардан тиiстi адамды немесе затты қандай жағдайда байқағаны туралы, қандай белгiлерi мен ерекшелiктерiне қарай тани алатыны туралы алдын ала жауап алынады.
230-бап. Тану үшiн көрсету тәртiбi
1. Танылуға тиiс адам танушы адамға жынысы бiр, сыртқы пiшiнi мен киiмiнде айқын айырмасы жоқ өзге адамдармен бiрге көрсетiледi. Тану үшiн көрсетiлетiн адамдардың жалпы саны кемiнде үш адам болуға тиіс. Бұл ереже адам мәйiтін тану үшін көрсетуге қолданылмайды.
2. Тергеу әрекетіне олардың арасында танылуға тиiс адам болған өзге адамдардың қатысуы тек олар ерiктi түрде келiскен кезде және танушы адам олармен бұрын таныс болмаған жағдайда ғана мүмкiн болады.
3. Әдетте мәйiт жеке-дара көрсетiледi. Апаттар туралы iстер бойынша және құрбан болғандардың саны айтарлықтай болған басқа да iстер бойынша мәйiтті тану үшiн көрсету жалпы қаза болғандармен бiрге жүргізілуі мүмкiн. Қажет болған жағдайларда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның нұсқауы бойынша танушы адамға мәйiттi көрсетудің алдында маман мәйiтке грим жағады (киіндіреді). Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның жатқан жерiндегі адам мәйiтінің сақталуын қамтамасыз ету туралы нұсқауы тану үшiн көрсетуді жүргізу үшін қажеттi уақыт кезеңiнде орындалуға мiндетті.
4. Егер танушы адам куә немесе жәбiрленушi болса, оған тану үшін көрсетудің алдында айғақтар беруден бас тартқаны үшiн, көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, оған өзiне, жұбайына (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына, ал дiни қызметшiге – тәубе үстiнде өзiне iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
5. Тану үшін көрсетуді жүргiзудiң алдында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам танылуға тиiс адамға өзге адамдардың арасында кез келген орынды таңдап алуын ұсынады, бұл хаттамада көрсетiледi.
6. Адамды тану үшін көрсету мүмкiн болмаған кезде тану үшін көрсету сыртқы пішіні танылуға тиіс адаммен мүмкіндігінше ұқсас, бір мезгілде кемінде үш басқа адамның фотосуреттерімен бірге көрсетілетін оның фотосуреті бойынша жүргізілуі мүмкін.
7. Зат кемiнде үш бiртектес зат тобында көрсетiледi. Затты тану үшін көрсету кезінде соған ұқсас объектiлердi таңдап алу мүмкiн болмаған немесе қиын болғанда тану үшiн көрсету жалғыз көрсетілген дана бойынша жүргiзiледi.
8. Танушы адамға өзi ол туралы айғақтар берген адамды немесе затты көрсету ұсынылады. Жетекшi сұрақтар қоюға жол берілмейді.
9. Егер танушы адам оған көрсетiлген адамдардың немесе заттардың бiрiн көрсетсе, оған бұл адамды немесе затты қандай белгiлерi немесе ерекшелiктерi бойынша танығанын түсiндiру ұсынылады.
10. Тану үшiн көрсету оның барысы мен нәтижелерін бекітетін техникалық құралдар қолданыла отырып жүргiзiледі.
11. Танушы адамның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ дауыс, сөйлеу, жүрiс ерекшелiктерi бойынша тану кезiнде адамды тану үшiн көрсету танылуға тиіс адамның танушы адамды көзбен шолып байқауын болдырмайтын жағдайларда жүргiзiлуi мүмкiн. Танушы адамға тану үшiн көрсетiлген адамдарды жеткiлiктi көзбен шолып байқау мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
12. Тану үшін көрсетiлген адамды сол белгiлерi бойынша танушы адамның қайталап тануы жүргiзiле алмайды.
13. Тану үшiн көрсету туралы осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып, хаттама жасалады. Хаттамада танудың шарттары, барысы, нәтижелерi көрсетiледi және танушы адамның түсiнiктемелерi мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Егер адамды тану үшiн көрсету танылуға тиiс адам танушы адамды көзбен шолып байқауын болдырмайтын жағдайда жүргiзiлсе, бұл да хаттамада көрсетiледi.
30-тарау. Жасырын тергеу әрекеттері
231-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің түрлері
1. Осы тараудың ережелеріне сәйкес мынадай жасырын әрекеттер:
1) адамды немесе орынды аудиобақылау және (немесе) бейнебақылау;
2) электр (телекоммуникациялық) желілері бойынша берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу;
3) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы туралы ақпаратты жасырын алу;
4) компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтау және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу;
5) почта және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау;
6) жасырын өту және (немесе) жерді зерттеу;
7) адамды немесе орынды жасырын бақылау;
8) жасырын бақыланбалы жеткізілім;
10) қылмыстық ортаға жасырын ену және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау жүзеге асырылады.
232-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу шарттары мен негіздері
1. Егер ашық тергеу әрекеттері арқылы қылмыстық процесте дәлелдеуге жататын мән-жайларды анықтау мүмкін болмағанда, мүдделерін қозғайтын қылмыстық процеске тартылған адамдарға хабарламай, фактілер туралы мәліметтерді алу қажет болғанда, осы тарауда көзделген жасырын тергеу әрекеттері жүргізіледі.
2. Почта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қоспағанда, жасырын тергеу әрекеттерін сотқа дейінгі тергеу органының тапсырмасы бойынша құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органының уәкілетті бөлімшесі жедел іздестіру қызметінің нысандары мен әдістерін пайдалана отырып, жүргізеді.
3. Осы Кодекстің 231-бабының 1) – 6) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттері, тәртібі осы Кодекстің 234-бабында белгіленген прокурордың санкциясымен ғана жүргізіледі.
4. Жасырын тергеу әрекеттері:
1) оларды жасағаны үшін санкциясы бір жылдан және одан да жоғары мерзімге бас бостандығына айыруды көздейтін қылмыстар туралы істер бойынша;
2) қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстар бойынша жүргізіледі.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және ашу үшін осы Кодекстің 231-бабының 7) – 10) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттері ғана жүргізілуі мүмкін.
6. Жекелеген адамдардың өміріне, денсаулығына, меншігіне қатер төнген жағдайда сотқа дейінгі тергеу органының қаулысы негізінде қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорды міндетті түрде хабардар ете отырып, осы Кодекстің 231-бабының 1) және 2) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге рұқсат етіледі.
7. Егер үшінші тұлғаның іс үшін маңызы бар ақпаратты алатыны немесе беретіні туралы мәліметтер болса, үшінші тұлғаға қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізіледі.
8. Кәсіби көмекті жүзеге асыратын адвокаттарға қатысты олар қылмыс жасауға дайындалып жатыр немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп есептеуге негіздер болған жағдайларды қоспағанда, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге тыйым салынады.
9. Осы Кодексте көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге, сондай-ақ оларды жүргізу барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.
10. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
233-бап. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы
1. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылған органның уәкілетті лауазымды адамы осы Кодекстің 198-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс қаулы шығарады.
Қаулыда:
1) оның жасалған орны мен уақыты;
2) қаулы шығарған адамның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты;
3) қаулыға санкция беретін уәкілетті прокурордың тегі, аты, әкесінің аты мен лауазымы;
4) соның шеңберінде жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу болжанып отырған қылмыстық істің нөмірі;
5) соның негізінде қаулы шығарылған осы Кодекстің баптары;
6) сотқа дейінгі іс жүргізу фабуласының қысқаша сипаттамасы;
7) жасырын тергеу әрекетін жүргізу қажеттігінің негіздемесі;
8) өзіне қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізу жоспарланып отырған адам, орын немесе зат туралы мәліметтер;
9) жасырын тергеу әрекетін жүргізу мерзімі;
10) жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылатын орган туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
2. Объектіге қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілуге тиіс оның шарт белгісінің ашылуын болдырмау мақсатында қаулыда нақты сауалнамалық деректердің орнына бүркеншік атты көрсетуге жол беріледі. Сотқа дейінгі тергеу органы құпиялылық талаптарын сақтай отырып, сауалнамалық деректерді өзгерту туралы прокурормен келісілетін тиісті қаулы шығарады.
234-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге санкция беру
1. Сотқа дейінгі тергеу органының қаулысы бойынша жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыс прокурорлары және оған теңестірілген прокурорлар береді.
Санкция тек осы Кодексте белгіленген тәртіппен тіркелген қылмыстар туралы хабарлар мен арыздар бойынша ғана беріледі.
2. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы қол қойылғаннан кейін жиырма төрт сағаттың ішінде оның жүргізілу негізін растайтын материалдармен бірге уәкілетті прокурорға беріледі.
Прокурор қаулының заңдылығы мен негізділігін тексеріп, жиырма төрт сағаттың ішінде оған санкция беру немесе санкция беруден бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті.
Қосымша материалдарды сұрату қажет болған жағдайларда қаулыны белгіленген мерзімнен аса, бірақ жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімде қарауға жол беріледі.
Шығарылған қаулы негізсіз болған жағдайда, прокурор оған санкция беруден бас тартады, ол мұндай шешім қабылдаудың себептері көрсетіле отырып, қаулыны санкция бермей қайтару туралы ілеспе хат жазумен ресімделеді.
2. Тергеу әрекетін жүргізу нәтижелері туралы ол аяқталған күннен бастап екі тәуліктен кешіктірілмей оны жүргізуге санкция берген прокурор хабардар етіледі.
235-бап. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу
1. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда, прокурорды жиырма төрт сағаттың ішінде хабардар ете отырып және кейіннен осы Кодекстің 234-бабының тәртібімен санкция ала отырып, осы Кодекстің 232-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу жол беріледі.
2. Прокурор ұсынылған материалдарды зерделей отырып, жүргізілген жасырын тергеу әрекетінің кейінге қалдыруға болмайтынымен келіскен жағдайда, жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыға санкция береді, ал келіспеген жағдайда – оны қысқарту және алынған нәтижелерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтіні туралы қаулы шығарады.
236-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдері
1. Санкция алынуға тиіс жасырын тергеу әрекеті отыз тәуліктен аспайтын мерзімде жүргізіледі.
2. Ұзарту қажет болған кезде, жүргізілу мерзімі өткенге дейін үш тәулік бұрын ұзарту туралы қаулы шығарылады, ол прокурордың санкциясы алынғаннан кейін уәкілетті органға орындау үшін жіберіледі.
3. Облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор жалпы жүргізу мерзімін алты айға дейін ұзартуы мүмкін. Іс-шараны жүргізуге алты айдан астам мерзімге санкция беру мәселесін тек Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасарлары ғана шешеді.
4. Жасырын тергеу әрекеті тәуліктің кез келген уақытында және оның бүкіл жүргізілу мерзімі ішінде үздіксіз жүзеге асырылуы мүмкін.
237-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу нәтижелерін ұсыну
1. Іс-шара аяқталғаннан кейін оны жүргізу барысында алынған іс үшін маңызы бар барлық материалдар құпиялылықты сақтай отырып, ілеспе хат арқылы сотқа дейінгі тергеу органына беріледі.
2. Сотқа дейінгі тергеу органы кез келген уақытта құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органының уәкілетті бөлімшесінен ол жүргізіп жатқан іс-шараның нәтижелерін зерттеу, бағалау және тергеу материалдарына қоса тіркеу үшін сұратуға құқылы.
238-бап. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу нәтижесінде алынған ақпаратты зерттеу және оны дәлелдемелер ретінде пайдалану
1. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу нәтижелерін зерттеуді сотқа дейінгі тергеу органы осы Кодекстің 47, 124-баптарының талаптарын сақтай отырып, қажет болған кезде анықтау органының маманы мен қызметкерін тарта отырып, жүргізеді.
Зерттеу нәтижелері туралы осы Кодекстің 47 және 199-баптарында көзделген талаптары сақтала отырып, хаттама жасалады, онда жүргізілген жасырын тергеу әрекетінің нәтижелері көрсетіледі.
2. Тергеуге қатысы бар нақты деректер хаттамаға қоса тіркеледі.
239-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін бағалау және дәлелдеуде пайдалану
1. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері осы Кодекстің 25, 125-баптарында көзделген қағидалары бойынша бағаланады.
2. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу хаттамалары, дыбыс жазбалары мен бейнелердің жазбалары, фотосуреттер, техникалық құралдардың көмегімен бекітілген, басқа да нәтижелер, алып қойылған заттар мен құжаттар немесе олардың көшірмелері дәлелдеуде тергеу әрекеттерінің нәтижесінде дәлелдемелермен бірдей пайдаланылады.
3. Егер дәлелдеуде қандай да бір адамның құпия алынып бекітілген сөз сөйлеуі немесе әрекеттері пайдаланылса, ол адамнан бұл туралы міндетті түрде жауап алынуға тиіс. Адамның оған айтпастан алынған нақты деректермен танысуы кезінде, бұл адамға жүргізілген жасырын әрекет туралы олар қаншалықты сол адамға тікелей қатысты болса, сол шамада хабарланады және мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етуді болғызбайды.
240-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларына қоса тіркелмеген материалдармен танысу
1. Сотқа дейінгі тергеу органы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері тергеу материалдарына қоса тіркелмейді және құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінде бөгде адамдардың олармен танысу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін сақталады, содан кейін тиісінше акт жасала отырып жойылады.
Сотқа дейінгі тергеу органы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері жойылатын күнге дейін екі ай бұрын бұл туралы тиісті прокурор хабардар етіледі.
2. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамның тергеуге қоса тіркелмеген мәліметтермен мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияның жария болуын болдырмайтын шекте танысу туралы өтініш беруге құқығы бар.
3. Прокурор немесе судья арызды материалдардың қылмыстық процесте ықтимал маңызын және адам құқықтарының жол берілген шектеулерін ескере отырып бағалайды, егер бұл қылмыстық процеске тартылған қандай да бір адамның өміріне, денсаулығына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі қауіп төндіре алатын болса немесе егер ол үшінші тұлғаның жеке өмірінің құпиясын қозғайтын болса, бұл ретте прокурор іске қоса тіркелмеген материалдармен танысу мүмкіндігін қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
4. Іске қоса тіркелмеген материалдармен танысқаннан кейін адам оларды қылмыстық істің материалдарына қоса тіркеу туралы өтінішхат жасай алады. Өтінішхатты прокурор қарайды.
5. Сот талқылауы кезінде іске қоса тіркелмеген жасырын тергеу әрекеті материалдарымен танысу туралы мәлімделген өтінішхат бойынша шешімді осы істі қарайтын соттың дәл сол құрамы қабылдайды.
241-бап. Қылмыстық процесте ақпаратты қорғау жөніндегі іс-шаралар
1. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу фактісі туралы мәліметтер және оны жүргізу нәтижесінде алынған ақпарат аяқталғанға дейін құпия болып табылады, оларды жария еткені үшін лауазымды адамдар немесе оны жүргізуге тартылған адамдар заңда белгіленген жауаптылықты көтереді.
2. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу әдістері, оларды жүргізетін адамдар, оның ішінде қызметін конспиративті нысанда немесе құпиялы негізде жүзеге асыратын адамдар туралы мәліметтер, мемлекеттік құпияны құрайды және жария етілмеуге тиіс.
3. Егер олар адамның жеке өмірінің құпиясын қозғайтын немесе өзге де заңмен қорғалатын жариялануы шектеулі ақпаратқа қатысты болса, сотқа дейінгі тергеу органы жасырын тергеу әрекеті негізінде алынған мәліметтердің таратылуын шектеу үшін заңмен қорғалатын барлық құралдарды пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |