146-бап. Үй қамағына алу
1. Үй қамағы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен судья белгілеген шектеулер қолданыла отырып, қоғамнан оқшаулау болып табылады.
2. Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үй қамағы қолданылған кезде бір немесе бірнеше шектеулер:
1) тұрғын үйден барлық уақытта немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;
2) осы бөліктің алтыншы абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефонмен сөйлесуге, хат-хабар жіберуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
3) белгілі бір адамдармен араласуға және кімді болса да үйінде қабылдауға тыйым салу;
4) электрондық бақылау құралдарын пайдалану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;
5) бақылау телефоны қоңырауларына немесе өзге де бақылау белгілеріне жауап беру, анықтау органына немесе күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының жүріс-тұрысына бақылауды жүзеге асыратын өзге де органға телефон шалу немесе белгілі бір уақытта келу міндетін жүктеу;
6) күдіктіге, айыпталушыға немесе оның тұрғын үйіне байқау орнату, сондай-ақ оның тұрғын үйіне немесе оған тұрғын үй ретінде берілген үй-жайға күзет қою;
7) күдіктінің, айыпталушының өзін дұрыс ұстауын және оқшаулануын қамтамасыз ететін өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.
Қажет болған кезде күдіктінің, айыпталушының жүріс-тұрысын қадағалау орнатылады.
Қамауға алынған адамның тұрғын үйден шығуына белгіленген шектеулерді сақтауын қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстық процесті жүргіз орган тәуліктің кез келген уақытында оның түрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен артық және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның күзетпен отырған адамның түрғын үйінде болуына осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және ол отыз минуттан аспауға тиіс.
3. Соттың үй қамағы туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетiледi.
4. Үй қамағының мерзiмi, оны ұзарту тәртiбi осы Кодекстiң 151 және 549 – 553-баптарында белгiленген қағидалармен айқындалады.
5. Үй қамағын қолдану тәртібі, сотқа дейінгі тергеуді жүргізуге уәкілетті органдардың бірлескен бұйрықпен айқындалады.
147-бап. Күзетпен ұстау
1. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және заңмен кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Ерекше жағдайларда, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан бой тасалауға тырысса немесе бой тасаласа;
5) ол ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6) оның бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болса,
7) оның қылмыстық әректті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, бұл бұлтартпау шарасы заңда кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты қолданылуы мүмкін.
2. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес соттың алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішті қозғау жөнінде қаулы шығарады. Қаулыға өтініштің негізділігін растайтын, қылмыстық істің куәландырылған көшірмесі қоса беріледі.
Осы бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы, соттың алдында оған қоса берілген барлық материалдармен оны қолдануға санкция беру туралы өтініш ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға табыс етілуге тиіс.
3. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның өтінішін қолдау туралы, күзетпен ұстауға санкция беру туралы мәселені шешкен кезде прокурор күзетпен ұстау үшін негіздерді қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті және күдіктіден, айыпталушыдан жауап алуға құқылы. Прокурор табыс етілген барлық материалдарды зерделеп:
1) өтінішті қолдау және бұлтартпау шарасына санкция беру туралы мәселені шешу үшін материалдарды сотқа жіберу туралы;
2) өтінішті қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қолдануға негіздің болмауына байланысты күдіктіні күзетпен ұстаудан босату туралы;
3) өтінішті қолдаудан бас тарту және қылмысты жасады деген күдіктің расталмауына байланысты күдіктіні босату туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті қолдаған жағдайда прокурор қылмыстық қудалау органының қаулысына келісімін білдіреді. Бас тартқан жағдайда прокурор дәлелді қаулы шығарады. Прокурор тергеу судьясына өзге бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті жібеуге құқылы.
Күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішті қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстаудан босату туралы қаулы мүдделі адамдарға жіберіледі. Аталған қаулыға сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам не өзінің немесе білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар жоғары тұрған прокурорға осы Кодекстің 106-бабының тәртібімен шағымдана алады.
4. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішін қолдау туралы, күзетпен ұстауға санкция беру туралы прокурордың қаулысын, сондай-ақ оның негізділігін растайтын материалдарды прокурор ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он екі сағаттан кешіктірмей тергеу судьясына беруге тиіс, ол туралы мүдделі тұлғалар хабардар етіледі.
148-бап. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхаттарды қарауы
1. Күзетпен ұстауға санкция беру құқығы аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) тармағында көзделген жағдайларда – облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
2. Тергеу судьясы осы Кодекстің 56-бабында белгіленген тәртіпті сақтай отырып, прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының қатысуымен сегіз сағат ішінде күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті қарайды. Сот отырысына заңды өкіл мен өкіл де қатысуға құқылы. Сот отырысының орны мен уақыты туралы сот уақтылы хабарлаған жағдайда процеске аталған қатысушылардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
3. Күзетпен ұстауға санкция беруге байланысты мәселелерді шешкен кезде тергеу судьясы аталған бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты істің материалдарын зерттеумен шектеледі.
Қажет болған жағдайда судья қылмыстық істі талап етіп алдыртуға құқылы.
4. Күдікті, айыпталушы жоқ болған кезде тергеу судьясының күзетпен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті қарау күдіктіні, айыпталушыны іздестіру жарияланған немесе ол Қазақстан Республикасынан шегінен тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі. Ұсталған жағдайда күдікті, айыпталушы таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігін қарау үшін тергеу судьясына жеткізіледі.
5. Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтініштің қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ретінде таңдаудың қажеттігін негіздейді, бұдан соң күдікті, айыпталушы және сот отырысына келген басқа да адамдар тыңдалады.
Прокурордың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішін қарау барысында күдікті, айыпталушы және оның мүддесін қорғаушы үй қамағына алу немесе кепіл түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану туралы өтініш жасауға құқылы.
6. Прокурор қажет болған жағдайда, тергеу судьясы күзетпен ұстауға санкция беруден бас тарту туралы қаулыны жария еткеннен кейін, өзі оған осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен наразылық беруді орынсыз деп санаған жағдайда күдіктіге, айыпталушыға қатысты үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішті тікелей мәлімдей алады. Тергеу судьясы үй қамағына алуға, кепілге санкция беруден бас тарту туралы қаулы шығарған жағдайда прокурор оған осы Кодекстің 107-бабында белгіленген қағидалар бойынша наразылық білдіруге құқылы.
7. Тергеу судьясы айыпталушыны, күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті қарау нәтижесі бойынша күзетпен ұстауға санкция беру туралы не одан бас тарту туралы қаулы шығарады. Тергеу судьясы күдіктіні немесе айыпталушыны күзетпен ұстауға санкция беруден бас тартқан кезде үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беруге не кепілді қолдануға құқылы.
8. Тергеу судьясы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулы шығарған кезде осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделгеннен басқа жағдайларда, күдіктінің, айыпталушының осы Кодекстің 140-бабының үшінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындауын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын кепіл мөлшерін айқындауға міндетті.
Тергеу судьясының, соттың қаулысында кепіл салынған жағдайда күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 140-бабында көзделген міндеттердің қайсысы жүктелетіндігі, оларды орындамаудың салдары, кепіл мөлшерін таңдау негізділігі, сондай-ақ оны қолдану мүмкіндігі көрсетіледі.
Күдікті, айыпталушы не басқа адам кепілді кез келген уақытта тергеу судьясының, соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулысында белгіленген мөлшерде салуға құқылы.
9. Тергеу судьясы, сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулыны шығарған кезде:
1) адам жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қылмыс жасаған деген күдік, айыптау;
2) адам қылмыстық топтың құрамында қылмыс, сондай-ақ өзге де террористік және/немесе экстремистік қылмыстар жасады деген күдік айыптау болған;
3) күдікті, айыпталушы іс жүргізуге кедергі жасайды немесе соттан не құғынудан жасырынады деп есептеуге жеткілікті негіздер бар болған;
4) күдікті, айыпталушы бұрын таңдалған кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын бұзған жағдайларда кепіл белгілемейді.
10. Өзіне қатысты тергеу судьясының қаулысы шығарылған адамға ол дереу тапсырылады, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, жәбірленушіге және күдікті, айыпталушы отырған күзетпен ұстау орнының бастығына жіберіледі және дереу орындалуға жатады.
11. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауға санкция беру туралы не одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым берілуі, наразылық білдірілуі мүмкін.
12. Аудандық немесе оған теңестірілген соттың күзетпен ұстауға санкция беруден бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда облыстық немесе оған теңестірілген соттың айыпталушыны, күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
13. Тергеу судьясы, сот аталған бұлтартпау шарасына санкция беруден бас тарту туралы қаулы шығарғаннан кейін, сотқа нақ сол қылмыстық іс бойынша белгілі бір адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен күзетпен ұстау қажеттігін негіздейтін жаңа мән-жайлар туындаған кезде ғана қайтадан жүгінуге болады.
14. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 135-бабында белгіленген тәртіппен бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылғаны туралы күдіктінің туыстарына хабарлауға міндетті.
149-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілерді ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілер тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстау тәртiбi мен шарттары заңнамамен айқындалады.
150-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталушыларды ұсталғандар ұсталатын орындарда ұстау
1. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны тергеу изоляторларына жеткізу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауына байланысты мүмкiн болмаған жағдайда немесе тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi сотта қарау қажеттігі туындаған жағдайда мұндай адамдар сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның прокурор не сот бекіткен қаулысымен отыз тәулiкке дейiн уақытша ұстау изоляторларында, ал әскери қызметшілер гаупвахтада ұсталуы мүмкін. Мұндай адамдарды күзетпен ұстаудың тәртiбi мен шарттары заңнамамен айқындалады.
2. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны және сотталушыны тергеу іс-әрекеттерін жүргiзу үшiн бiр тергеу изоляторынан басқа тергеу изоляторына ауыстыру (этаппен айдау) прокурордың қаулысы бойынша не сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын тұлғаның прокурор бекіткен қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
151-бап. Күзетпен ұстау мерзiмдерi және оларды ұзарту тәртiбi
1. Осы Кодексте көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеу кезінде күзетпен ұстау мерзімін екі айдан асыруға болмайды.
2. Тергеуді екі айға дейін мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою үшін негіздер болмаған кезде бұл мерзімді сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның аудандық (қалалық) және оған теңестірілген прокурормен келісілген дәлелді өтініші бойынша тергеу судьясы – үш айға дейін, ал тергеуді үш айға дейінгі мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және күдіктіні, айыпталушыны бұдан әрі күзетпен ұстау қажет болған кезде – сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен және олардың орынбасарларымен келісілген дәлелді өтініші бойынша тергеу судьясы – тоғыз айға дейін ұзартуы мүмкін.
3. Күзетпен ұстауды тоғыз айдан астам, бірақ он екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуды аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясы аса ауыр қылмыс жасады деген күдік келтірілген адамдарға қатысты істің ерекше күрделілігіне орай, тергеу бөлімі бастығының не қылмыстық iстi өз іс жүргізуіне қабылдаған прокурордың не тергеу, жедел-тергеу топтары басшысының облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен келісілген дәлелді өтініші бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топтың құрамында қылмыстар, сондай-ақ өзге де террористік және/немесе экстремистік қылмыстар жасады деген күдік келтірілген адамдарға қатысты күзетпен ұстау мерзімін он екі айдан астам мерзімге, бірақ он сегіз айдан аспайтын мерзімге ұзартуға ерекше жағдайларда, қылмыстық қудалау органының орталық аппаратының тергеу бөлімшесі басшысының не қылмыстық iстi өз іс жүргізуіне қабылдаған прокурордың, тергеу, жедел-тергеу тобы басшысының облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор бекіткен және Қазақстан Республикасы Бас Прокурормен, оның орынбасарларымен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясы жол беріледі.
5. Күзетпен ұстау мерзімін одан әрі ұзартуға жол берілмейді, күзетпен ұсталып отырған күдікті, айыпталушы дереу босатылуға жатады.
6. Күзетпен ұстау мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтініш келісу үшін аудандық (қалалық) прокурорға және оған теңестірілген өзге де прокурорларға күзетпен ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі және прокурор өтініш келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
7. Күзетпен ұстау мерзімін үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш келісім беру үшін прокурорға күзетпен ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он бес тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі және прокурор өтініш келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
8. Күзетпен ұстау мерзімін он екі айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш келісу үшін прокурорға күзетпен ұстау мерзімі аяқталғанға дейін жиырма тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі және прокурор өтініш келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
9. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішті қарап, прокурор сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның қаулысына келісім білдіреді және оны күзетпен ұстау мерзімін ұзартудың негізділігін дәлелдейтін қылмыстық істің материалдарымен бірге тиісті сотқа дереу жібереді немесе келісім беруден дәлелді түрде бас тартады. Прокурор күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішті қолдамаған жағдайда күдікті, айыпталушы күзетпен ұстау мерзімі аяқталғаннан кейін дереу босатылуға жатады.
10. Күзетпен ұстау мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтініш сотқа – қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін жеті тәуліктен кешіктірілмей, күзетпен ұстау мерзімін үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш он тәуліктен кешіктірілмей, күзетпен ұстау мерзімін он екі айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш он бес тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі.
152-бап. Тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қарауы және мерзімді есептеуі
1. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтініш тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына міндетті түрде прокурор қатысады. Отырысқа күдіктінің қорғаушысы да, заңды өкілі де, жәбірленуші де, оның заңды өкілі және өкілі де қатыса алады, өтінішті қарау уақыты туралы уақтылы хабарланған кезде олардың келмеуі оларды сотта қарауға кедергі болмайды.
Сот күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы мәселені қарауға, өзіне қатысты сол өтініш берілген адамды қатыстыру қажет деп тануға және тергеуді жүзеге асыратын органға оны сот отырысына жеткізуді жүктеуге құқылы.
2. Судья отырыстың басында қандай өтініштің қаралуға жататынын хабарлайды, келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, содан кейін енгізілген өтініш бойынша тараптардың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сол қалпында қалдыру қажеттігіне қатысты уәждерін тыңдап:
1) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандыру туралы;
2) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тарту және бұлтартпау шарасының күшін жою немесе неғұрлым жеңілдеуіне өзгерту және оны күзетпен босату туралы қаулылардың бірін шығарады.
3. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қаралуға жатады.
4. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы кінәліні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімі аяқталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей қылмыстық істі жүргізіп жатқан органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлауға міндетті. Егер күзетпен ұстаудың заңмен белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін күдіктіні, айыптаушыны босату туралы оны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оны өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағат ішінде қылмыстық істі жүргізіп жатқан органға немесе тұлғаға және прокурорға жолдайды.
5. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы осы баптың төртінші бөлігінің талаптарын орындамаған кезде заңда белгіленген жауаптылықта болады.
6. Күзетпен ұстау мерзімі күдікті күзетпен ұстауға алынған кезден бастап тергеу іс-әрекеті жүргізу аяқталғанға және қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығы түсіндірілгенге дейін есептеледі. Адамды күдікті ретінде ұстау уақыты, соттың шешімі бойынша психиатриялық немесе өзге де медициналық ұйымда мәжбүрлі түрде болу уақыты күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі.
Тергеу судьясы күдіктінің қылмыстық істің материалдарымен танысу кезеңінде күзетпен ұсталуына осы Кодекстің 149, 151-баптарында көзделген тәртіппен санкция береді және ұзартады. Күдіктінің, айыпталушының және оның қорғаушысының қылмыстық істің материалдарымен танысу уақыты осы Кодекстің 151-бабында көзделген күзетпен ұстау мерзіміне кірмейді.
7. Прокурор қылмыстық істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтарған жағдайда, күдіктіні күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, прокурордың дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясы күзетпен ұстау мерзімін бір ай шегінде ұзарта алады.
Сот осы Кодексте көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі прокурорға қайтарған кезде, егер айыпталушыны күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, сол сот күзетпен ұстау мерзімін істі прокурор алған кезден бастап бір ай шегінде ұзартады.
8. Күдікті, айыпталушы белгілі бір іс бойынша, сондай-ақ онымен біріктірілген немесе одан бөліп алынған қылмыстық іс бойынша қайталап күзетпен ұсталған жағдайда күзетпен ұстау мерзімі күзетпен ұсталған уақыт ескеріле отырып есептеледі.
9. Іздеудегі адамды шет мемлекет Қазақстан Республикасына берген жағдайда күзетпен ұстау мерзімі ол Қазақстан Республикасының аумағына келген күннен бастап есептеледі, ал адамды шет мемлекеттің аумағында экстрадициялық қамауға алу тәртібімен күзетпен ұстау уақыты жаза тағайындалған кезде жалпы күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі.
10. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстаудың осы бапта белгіленген мерзімін есептеу мен ұзарту тәртібі кассациялық немесе қадағалау кезеңінде іс жүргізудің нәтижесінде немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша үкімнің күшін жою кезінде де қолданылады.
153-бап. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту
1. Бұлтартпау шарасының қажеттігі болмай қалған кезде оның күші жойылады немесе осы Кодекстің 136 және 138-баптарында көзделген негіздер мен мән-жайлар өзгерген кезде қатаңдығы неғұрлым жеңіл немесе ауыр шараға өзгертіледі.
2. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту қылмыстық процесті жүргізетін органның дәлелді қаулысы бойынша жүргізіледі.
3. Прокурор санкция берген, қолданған, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында оның нұсқауы бойынша таңдалған бұлтартпау шарасы тек прокурордың келісімімен күші жойылуы немесе өзгертілуі мүмкін.
4. Қылмыстық қудалау органының бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою туралы қаулысына шағымдану, наразылық білдіру осы Кодекстің 100 – 106-баптарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
5. Тергеу судьясы санкция берген күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау, үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту осы Кодекстің 145-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органының дәлелді қаулысы негізінде жүргізіледі.
6. Кепіл, күзетпен ұстау немесе үй қамауында ұстау түріндегі бұлтартпау шараларының күшін жою туралы қаулыға шағымдану осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
154-бап. Қамқоршылық жасауға құқық және мүлiктi қарау
1. Ата-анасының немесе асыраушысының күзетпен ұсталуының, сол сияқты сотқа дейін тергеуді жүргізетін адамның басқа да iс-әрекеттерiнiң нәтижесiнде қараусыз, күтусiз және күнкөрісі қаражатынсыз қалған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ еңбекке қабiлетсiз адамдардың қорғаншылық жасалуына құқығы бар, оны аталған лауазымды адам республикалық бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның еңбекке қабiлетсiз адамдарды қарау, күту және мемлекеттiк әлеуметтiк көмек органдарына немесе медициналық ұйымға уақытша орналастыру жөнiндегi тапсырмасы қамқоршы және қорғаншы орган, сондай-ақ аталған ұйымдардың басшылары үшiн мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз адамдарға қамқоршылық жасауды туыстарына олардың келiсiмiмен сенiп тапсыруға құқылы.
2. Күзетпен ұсталуының, сол сияқты қылмыстық процестi жүргiзушi органның басқа да iс-әрекеттерiнiң нәтижесiнде мүлкi қараусыз қалған адамның өз мүлкiнiң және өзіне тиесiлi жануарларының қаралуда болуына құқығы бар, оны аталған лауазымды адам оның өтiнiшi бойынша және оның есебiнен бұл адамға қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның адамның мүлкi мен оған тиесiлi жануарлардың қаралуда болуын ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасы тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар үшiн мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған адамға немесе басқа да мүдделi адамға осы бапқа сәйкес қабылданған шаралар туралы кешiктiрмей хабарлайды.
Достарыңызбен бөлісу: |